1.4. Қолжазбаның ерекшеліктері
Қолжазбаның палеографиялық ерекшеліктері, мұқабасында жазылған кейбір мәліметтерді назарға алғанда «Қорқыт ата кітабының» жалпы хатқа түскен кезеңі шамамен ХV-ХІV ғғ. деп болжанады. Дегенмен, жырдың тілі ХІІІ-ХІV ғасырдың тілдік ерекшеліктерін де сақтап қалған. Сонымен қатар жырларда оғыздар мұсылман ретінде баяндалғанмен, олардың тұрмыс-тіршілігін баяндайтын тұстарда ислам дініне жат нәрселердің суреттелуі (оғыз бектерінің шарап ішуі, Делі Домрұлдың Әзірейілмен айқасы, т.б.), сондай-ақ моңғол тілінен енген сөздердің едәуір мөлшерде кездесуі, оқ дәрілі қарулар туралы еш баяндалмай, садақ, найза, жебе, гүрзі, сүңгі секілді көне қару түрлерінің ғана кездесуі бұл жырлардың ертеректе туып, қалыптасқанын көрсетеді. Сонымен қатар жырларда Қазылық (Қазығұрт) тауы, Көкшетау, Арқа бел, Алатау, Қаратау, Қарашық, Түркістан секілді Сыр бойы мен қазақ жеріндегі жер-су атауларын сақталып қалуы, олардың жырларда жиі аталуы осы пікірді қуаттай түседі. Негізінде бұл жырлар бір кездері оғыз-қыпшақ жұрты қатар көшіп-қонып жүрген ата қоныс – Сыр бойында туып, ғасырлар бойы жырланып, кейін оғыздармен бірге көшіп, жаңа сюжеттер, жаңа оқиғалар қосылып, толығып, түрленіп, Анадолыда хатқа түскен болуы тиіс. Жырдың баяндалу сипатының өзі көне жыраулық дәстүрді айқын көрсетеді. Әрбір елеулі оқиғадан кейін Қорқыт ата келіп сөз сөйлейді, жыр жырлайды, бата береді. Ал Делі Домрұл, Төбекөзге қатысты жырлар тіпті ертеректе шыққан тәрізді. «Қорқыт ата кітабының» Дрезден нұсқасы, жоғарыда айтып өткеніміздей, оғыз батырларының қаһармандықтарын дәріптейтін он екі жырдан тұрады. Бұл жырларда оғыз ерендерімен қатар, оғыздардың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрыптары, діни сенімдері және т.б. туралы мол мағлұматтар беріледі. Сақталып жеткен жалпы жыр саны он екі болғанымен, жырларда батырлық қасиеттері, ерекшеліктері айрықша сипатталып өтетін «ашуы келгенде, қара тасты күл-талқан қылған, қара мұртын желкесінде жеті жерден түйген, ерендердің аждаһасы» Қазан бектің бауыры Қара Гөне; «Дербенттегі темір қақпаны теуіп ашқан, алпыс тұтам ала найза ұшында дұшпанын бақыртқан» Қиян Салжұқ ұлы Делі Дұндар; «темір садақты Қыпшақ Мәлікке қан құстырған, астындағы аты алтын алқалы» Қара Гөне ұлы Қара Бұдақ; «алпыс мың кәпірге қан құстырған, ақбоз атының жалында қар тұрғызған» Ғапілет Қожа ұлы Шер Шәмседдин; «алпыс ісек терісінен тон тіксе тобығын жаппайтын, алты ісек терісінен құлақшын тіксе құлағын жаппайтын, қол-аяғы тіректей» Қазан бектің нағашы ағасы, ат жақты Аруз Қожа; «Пайғамбардың жүзін көрген, Оғызға келіп, сахаба болған, ашуы келгенде мұртынан қан шыққан, қанды мұрт» Бүгдіз Емен; «Айғыр Көздер суында ат жүздірген, елу жеті қамалдың кілтін алған, Сопы Сандал Мәлікке қан құстырған» Ейлік Қожа ұлы Алып Эврен (Өрен); «Үш күн жау көрмесе қан жылайтын» Тоғсын ұлы Рүстем; «Жердің бір шетінен екінші шетіне жетем деген» Соған Сары; «екі қамал мұнарасына атқан қайың оғы (жебесі) қайта келмейтін» Жауырыншы ұлы Ел Алмыш секілді оғыз ерлері туралы да әуелде жеке жырлардың болуы әбден ықтимал. Өкінішке қарай, олар туралы жырлар сақталмаған. Осы секілді мәселелерді назарға алғанда, бір кездері Сыр бойында қатар көшіп-қонған оғыз-қыпшақ тайпаларында ортақ жырланған осы бір жазба ескерткіштің Анадолы жеріне тек жұрнағы жетіп, хатқа түскен тәрізді. Жалпы Қазақстанда «Қорқыт ата кітабы» әдеби мұра ретінде зерттелгенімен, күні бүгінге дейін бұл жазба ескерткіш қазақ тіліне түпнұсқадан аударылмай келді. 1986 жылы фольклоршы-ғалым, профессор Ә.Қоңыратбаев пен М.Байділдаев «Қорқыт ата кітабын» орыс тілінен аударып жариялады (1986). Кейіннен Б.Ысқақов, Ш.Ыбыраев түрік тілінен аударды (1994, 1999). Әрине, бұл әдеби аудармалар жырлардың мазмұны, сюжеті, идеясы және т.б. мәселелер тұрғысынан көптеген зерттеуге арқау болған елеулі еңбектер болғанымен, тілдік тұрғыда түпнұсқаның бастапқы қалпын сақтай алмаған. Әсіресе, Ә.Қоңыратбаев пен М.Байділдаевтің орыс тілінен аударып жариялаған нұсқасында қазақ тілінде сақталып қалған көптеген түркілік элемент түпнұсқадан ауытқып, орыс тіліндегі аударманың ықпалымен жазба ескерткіштің тілі мен қазіргі қазақ тіліне ортақ бастапқы пішінін сақтамай, бұрмаланып аударылған. Тіпті кей жолдары еркін аударылған. Сондай-ақ жер атауларында да орыс тіліндегі аударманың ықпалымен бұрмалаушылықтар орын алған. Мәселен, түпнұсқадағы Қазылық тауы Кавказ деп аударылған. Ал Б.Ысқақов пен Ш.Ыбыраевтың түрік тілінен аудармасы түпнұсқаға жақын аударма болғанымен, жырдың кей тұстары ықшамдалып, аударылмай қалып кеткен, ал кейбір тұстары басқаша мағынада аударылған. Мысалы, кіріспе бөлімде (D.3а) Қорқыт атаның Осман әулетіне қатысты айтқан сөздері, қолжазбаның D.32b бетінің 11-жолы мен D.33а бетінің 6-жолы арасында ат жақты Аруз Қожа мен қанды мұрт Бүгдіз Еменді суреттеген сегіз-тоғыз жол аударылмай қалған. Сонымен қатар жырдың әртүрлі бөлімдерінде түпнұсқадан ауытқып, мағынасы басқаша аударылған тұстар да кездеседі. Қысқасы, «Қорқыт ата кітабының» қазақ тіліндегі аудармалары кітаптың орыс және түрік тілдеріндегі аудармаларын негізге ала отырып жасалған әдеби аудармалар болғандықтан, түпнұсқадан ауытқушылықтар мен бұрмалаушылықтарға жол берілген. Десе де, кейбір кемшіліктеріне қарамастан, бұл аудармалардың ұзақ уақыт үлкен қажеттіліктің орнын толтырған маңызды еңбектер болғанын атап өткен жөн. Жалпы алғанда, жазба ескерткіштің әдеби аудармасы оның мазмұнын, сюжетін, идеясын жеткізгенімен, бай тілдік материалын түпнұсқадағыдай нақты ашып бере алмайды. Сондықтан қандай да бір жазба жәдігердің транскрипциясы тілдің қалыптасып, даму кезеңдерін, тарихи грамматикасын, тілдік қорын т.б. зерттеу тұрғысынан ерекше маңызды. «Қорқыт ата кітабының» осы күнге дейін қазақшаланған нұсқалары, жоғарыда айтып өткеніміздей, еркін аударма сипатында болды. Ал еркін аудармалар тілдік зерттеулерге негіз бола алмайды. Қазақстанда «Қорқыт ата кітабының» күні бүгінге дейін транскрипциясының жасалып, басылмауы ‒ тіліміздің тарихи тереңдерінде тұнып жатқан мол тілдік деректер мен бай материалдың әлі де игерілмей жатқанын көрсетеді. Мысалы, «Қорқыт ата кітабында» жалпы алғанда сегіз мыңға жуық сөз бен сөз тіркесі кездеседі. Бұл – тұтас бір халықтың тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, наным-сенімін, бастан өткерген тарихын көрсететін мол тілдік материал деген сөз. Сондай-ақ жазба жәдігерде сақталған қыпшақ тілінің элементтері, жер-су атаулары, әдет-ғұрып, салт-дәстүр жөнінде мәлімет беретін сөздер мен тіркестер жырдың пайда болған географиясын анықтауда да маңызды рөл атқарады. Сондықтан, «Қорқыт ата кітабын» түпнұсқа факсимилесінен оқып, транскрипциясын жасау; алдыңғы транскрипцияларда басқаша оқылған күмәнді сөздерді қайта оқып, жаңаша түсініктеме беру; жырдағы қыпшақтық элементтерге баса назар аударып, ана тілімізге аудару, яғни қазақ тілінде жаңашалау, кітаптың сөздігін құрастыру тарихи-салыстырмалы тіл зерттеулері үшін ғана емес, сонымен қатар этнолингвистикалық, этнографиялық т.б. зерттеулер үшін де маңызды рөл атқарады. Өз басым Түрік қағанаты заманынан жеткен көне жәдігерлерімізді сонау 1960-жылдардан бері зерттеумен келемін. Сол ізденістерім мен зерттеулерімнің жемісі ретінде біраз еңбектер жарық көрді. 1967 жылы Б.Кенжебаев және Х.Сүйіншалиевпен бірлесе дайындаған «Ертедегі әдебиет нұсқаларында» көне түркі жазба ескерткіштеріне қатысты бөлімді жазып, Орхон жазба ескерткіштерінің транскрипциясы мен аудармасын бердім. 1969 жылы «Көне түркі әдебиет нұсқалары және олардың қазақ әдебиетіне қатысы» атты кандидаттық диссертациямды қорғадым. 1985 жылы қазақ әдебиетінің түптегі тұнық бастауларынан қазіргі әдебиетке дейінгі кезеңдерін қамтыған зерттеулерім ‒ «Асыл арналар» басылды. 2005 жылы Қ.Сартқожаұлымен бірлесе дайындаған, байырғы түркі ескерткіштерінің жаңа транскрипциясы, аудармасы мен түсініктемелері қамтылған «Орхон ескерткіштерінің толық атласы», 2013 жылы менің жетекшілігіммен «Батыс түрік қағанаты» атты көлемді еңбектер жарық көрді. 2018 жылы Халықаралық Түркі Академиясы менің «Ұлы дала әдебиеті» атты үлкен монографиямды жарыққа шығарды. Бұл еңбектер талай тілдік зерттеулерге негіз болып, ғылыми айналымға түсті. Осы тәжірибелеріме сүйене отырып, соңғы төрт-бес жылда «Қорқыт ата кітабының» Дрезден нұсқасын тұңғыш рет қолжазбаның факсимилесінен транскрипциялап, қазақ тіліне (PhD докторы Г.Шадиевамен бірге) жаңашалап шықтым. Қолжазба нұсқаны оқып, транскрипциясын жасау барысында Орхан Шаик Гөкйай, Мухаррем Эргин, Садеттин Өзчелик, Мустафа Качалин, Семих Тезжан мен Хендрик Бушотеннің еңбектері ескерілді. Кей тұстарда сол еңбектерге жүгіндік. Негізінен өз тәжірибемізге сүйендік. Бұл ескерткішті оқуда, жаңашалауда көбіне Орхон ескерткіштерін қазақшалаудағы тәжірибемді көп пайдаландым. Жалпы Дрезден нұсқасында қолжазба қателері айтарлықтай баршылық. Қолжазбада бір сөз кей тұстарда екіге бөлініп, ал кейде екі сөз бірігіп жазылған, сондай-ақ кейбір сөздер, соның ішінде жалқы есімдер де әр жерде әртүрлі жазылған, әріп қателері де жиі кездеседі. Бұларды қолжазбаның транскрипциясында, сондай-ақ сілтемелерде көрсетіп отыруға тырыстық. Қолжазбада осындай қателіктердің орын алуы, бірізді болмауы бұл нұсқаның дайын қолжазба нұсқадан емес, жыр жырлап отырған бір немесе бірнеше жыршының аузынан жазылып алынған болуы тиіс деген ойға жетелейді. Әрине, бұл мәселелерді анықтап, айқындау келешектің ісі. Бізде көне жәдігерлерді жоғары оқу орындарының шәкірттеріне түпнұсқадан оқытып талдату, тілдік зерттеулерде кеңінен пайдалану, ғылыми айналымға ендіру мәселесі кенжелеп келеді. Көне жәдігерлерді оқыту мәселесі оларды таныстырумен, мазмұны, идеясы, ерекшеліктері туралы жалпы мағлұматтар берумен шектеледі. «Қорқыт ата кітабының» түпнұсқадан тұңғыш рет аударылған бұл нұсқасы сол олқылықтардың орнын толтырар деген үміттемін. Осылайша, алғашқы жырлары біздің болжауымызша сонау VІІІ ғасырларда туып, ғасырдан-ғасырға ауызша жырланып, заманына сай өзгеріп, толықтырылып, түрік жұртымен бірге көшіп, Анадолы жерінде хатқа түскен «Қорқыт ата кітабы» елімізде тұңғыш рет түпнұсқадан оқылды. Қорқыт ата жырлары стилі, көркемдігі тұрғысынан әртүрлі. Соған қарағанда бұл жырлар кезінде бірнеше жыраудың аузынан жазылып алынған тәрізді. Кітаптағы қыпшақ тілінің ерекшеліктері де толық сақталды. Ендігі жерде «Қорқыт ата кітабының» транскрипциясы мен қазақ тілінде жаңашаланған нұсқасының ғылыми айналымға түсетініне және жаңаша талдау жұмыстарының жүргізілетініне, сөйтіп қазақ тілінің тарихи даму сатыларын айқындау, тарихи грамматикасын, тілдік қорын зерттеуге, жырды әдеби тұрғыдан тануда ықпал ететініне күмән жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |