Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық



бет2/10
Дата10.06.2016
өлшемі10.69 Mb.
#126614
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

«Көп өтпей: «Бес жүз әскермен Бәделхан шығыпты», – деген хабар дүңкілдеп тұрды. «Біз – үш аудан елі соғыстан қорықпаймыз. Он жыл соғысып, соғыс дегеніміз әбден әдеттегі істерге айналып алған. Өлтіріп тұрсақ, өліп тұрсақ, ол біз үшін – қазылық пен шәйіттік», – деп қоятын едік. Бұл жердегі ең жаман іс мынау болды. Екі жағымыз да қазақ едік. Бауырдың – бауырды өлтіруі біздің санамыздан өтпеді. Оның ішінде менің санамнан тіпті өтпеді. Мен жатсам, тұрсам да: «Енді не істеу керек? Жау десе – жарғақ құлағым жерге тимейді. Жауды құртып, жеңіп болғанша тамақ ішпейтін әдетім бар еді. Мына жау деп отырғанымыз – қазақ еді. Қазақ ішінде өзімізбен абақ керейдің ұл-қызы еді. Япырай, орыс пен монғолдың өзімізді өзімізге салып кеткені неткен сқмдық еді! Неткен жәдігөйлік! Неткен аянышты тірлік! Неткен бақытсыздық! Неткен надандық! Неткен қараңғылық! Он жыл соғысып, қазақ үшін қан кешілгенде, енді бауырдың оғынан өлеміз бе?, – деген ойлардың бірі кіріп, бірі шығып, тынышымды кетіріп жатты. <...>... Сол қойнауда өзенге жақын тұрған ескі бір қорған бар екен. Сол қорғанның ор жағына біз барып, бұрын қарауыл орынын алып қойдық. Біз аз адам болғандықтан бір үлкен қорғанның ығына сыйып кеттік. Олар қалың әскер болғандықтан кішігірім жерге сыймайды. Қарауыл бізде болғандықтан елу атар пулеметтен төгіп-төгіп жіберіп едік. Бүкіл бір үлкен қойнау жарым сағат ішінде адам мен ат өлігіне үйіліп қалды. Қырылғаннан қалғаны қайта қашты. 80 адам өлген екен, 80 адамды тірідей қолға түсіріп алдық. ... Қазақ пен қазақтың соғысқаны, соншама қазақ жастарының қырылғаны менің идеяма сыймады. Мен Оспанға барып: « – Бәйтікке шығып кетелік», – деп едім. Оған көнбеді. Сұпты Күртіге қарай көшті. Мен елге: «Қош!», – айтып, өзіме қараған туыстарымды алып, Үрімжіге қарай көштім» (сонда, 147-148-беттер)», – деп еске алады.

Сөйтіп, Шығыс Түркістан ұлт-азаттық армиясының құрама полкінің көзі жойылады. Содан сескенген Нұрғожай батыр да Оспаннан іргесін ажыра бастайды. Мен бұл оқиғаның баянын оқығанда көп естіген, бірақ лақап ретінде қабылдаған бір сұмдық оқиғаның жайын Жағда Бабалық ұлынан сұрадым.



Жағда Бабалықұлы (әңгіменің жалғасы): Мені қинағаны да – 36 жас бозбала әскерді су жағасына апарып тізіп қойып, сөз сөйлеп: «Көтерілістің жолына шалынған құрбандық», – деп қасам қылуы еді. Қырғынның ішінде жүрген бізді де осы сұмдық оқиға қатты түршіктірген еді. Ол бозбалалардың нақты тізімі бар. Дегенмен де: мүмкін жалған лақап шығар, мүмкін кездейсоқ оқиға болған шығар, мүмкін соншама көп емес, бірер бозбала әскер шығар деп те ойлағамын. Сондықтан да қайталап сұрадым. Оспан қатты толқып барып, тұтығып, шарасыз қалды да құмығып тұрып:

Ол оқиғаның ішінде мен жоқ едім. Бір жас офицер бар еді. Соның білместікпен істегені, – деп қысқа қайырды.



Демек, шын болғаны. Иманы үйірілер алдында бұл оқиғаны жоққа шығара алмады. Бұл гоминдаңның офицерлері – «жаугандардың» жауыздығы болды онда. «Мен бұған қарсы болдым. Маған бұйырылған баланың құлағына сыбырлап, қашып кет дедім. Сөйтіп, обалын арқаламадым», – деген лақапты естігемін. Әкесімен пікірлес болғаным үшін өз өкіметім өзімді сегіз ай түрмеге қамаған Қалибек хакімнің баласы Хасен Оралтай мұны жоққа шығара уәж айтыпты. Мен ешкімді куәға тартпаймын. Қаза тапқандардың тізімін – «Армияның құрбандық кітабінің» есебінен қараса, шындыққа көз жеткізу қиын емес. Тек әлгі жас офицерлердің обалын кім көтереді? Әлемде не бір ауыр азаматтық соғыстың тарихында мұндай қасіретті оқиға болған емес. Оспан – елім деген батыр, еңіреп туған ер, найзағайдай намысты, иманы кәміл, бірақ бойындағы күшін мінезіне жеңдірген тағдыры қасіретті пенде. « Батыр – аңғал келеді» – дейді. «Бірақ тырнақпен кісі бауыздаған» (Нұрғожайдың естелігінде солай жазылған) жанкештілердің кейбір қатыгездігі шіміркендіреді. Оспанның осы оқиға үшін қабырғасы қатты қайысатынын аңғардым. Әрі қарай қинамай үшінші сұрағымды қойдым:

Сізден білгім келген үшінші жағдайым мынау. Сіз – батыр адамсыз, халық батырысыз. Өлімнен қорықпайсыз. Күш те, қуат та, мергендік те, қоянқолтық соғыстың тәжірибесі де бір бойыңызда бар. Астыңыздағы атыңыз да атысқа үйренген сыралғы. Сізде – сыралғы, қолыңызға оңтайлы, түзу бір мылтық бар. Ол от алмаса, қойныңызда оқталған қалта тапаншаңыз бар. Одан қалса – қылпылдаған қанжарыңыз бар. Жау қапылыста қоршағанда неге атыспай қаштыңыз. Сізді қуған он жеті-он сегіздегі, атқа шаба алмайтын, мылтық атып үйренбеген, әскер де емес, әскердің қазаншысы, бозөкпе қытай баласы екен. Ол атпен шауып келе жатқанда оқ ата алмаған. Атыңыз тайып жығылды дейік. Әлгі балада жалғыз-ақ мылтық бар. Оның өзі оқтаулы ма, жоқ па, белгісіз. Сонда жаңағы екі мылтықтың бірін, не қанжарыңызды пайдаланбай: «Қолыңды көтер!», – дегенде еш қарсылықсыз көтеріп, алдына түсіп, өңмеңдеп неге жүре бердіңіз? Сіздің мына азапқа түспейтіндей мүмкіндігіңіз бар еді ғой, – дедім.



Орынынан қозғалып барып, дауысы күңірене шығып, құмыға, шарасыздықпен:

Құдай қара бастырды-ғой. Құдай қара бастырды, – дей берді.



Оның өзінің жанын жеген де бір бөзөкпенің алдында есі шығып қалғаны болса керек. Ол бала – әскер де емес, жай қазаншы, әскер атысып жатқанда сытылып бара жатқан бір аттыны көріп, шабан атқа мініп, қопаңдап қуа жөнелген бозөкпе бала екен. Бірақ кейін: оның қазаншы екенін жасырып, кәнігі әскер, қытай армиясының батыры ретінде көрсетті. Міне, тағдырдың тәлкегі. Иә, Оспанның өзі айтқандай, құдай қара бастырды деген осы. Батыр басымен қазаншыға қолды болғанша, атысып өлсе – арманы жоқ еді.. Қазақтан құба жонда жортқан не бір арыстандар шықты ғой. Әттең қараңғылық, тоңмойындық-ай! Дәлелхан қаншама ақыл қосып, үгіт айтты десеңші. Соған мойынсынбады. Оспан үшін Дәлелхан – Шығыс Түркістан ұлт-азаттық армиясының бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор емес, он екі абақ керейдің шерушісінің Сүгірбайының ұлы ғана еді.

Түрменің жайы маған мәлім болғандықтан да іштей қамданып барғамын. Әңгімелесе отырып үсті-басын шолып шықтым. Көзіме түскені – тырнағы өсіп кеткен екен. Соны алып бердім. Іш киімі кірлеп кетіпті. Дамбалын ауыстырттым.

Бұдан әрі сөзді созудың реті де жоқ еді Екеуміз үнсіз бақұлдасып, мен ауыр-ауыр ой мен әсер арқалап, шығып кеттім. Оны көшеге шығарып атқан кезде мен ауырып жатыр едім. Үрімжіде, көшеде, қалың жұрттың көзінше атты. Онда ол өзін өр ұстады деп естідім. Бірақ жауының езгісінде қорланып өлді. Менің сол кездегі де, қазіргі де өзекті тырнаған өкінішім – Оспанның осы өлімі».
Дегбірсіз уақыт, діттеулі тіршілік, қағулы тізгін менің мұршамды ертеңге қарайлатуға жібермеді. Бірақ, ең басты сұрағымның бір куәгерінен жауап алдым. Сонда ойыма: «Тағдыр! Тағдырдың жазмышы бұл. Жазмыштан озбақ жоқ!», – деген халық сөзі есіме түсті. Өзім танысқан он томдық, өзім құрастырған осы үш томдық жинақтың түйіні – тағдыр деген қорытынды жасауға, менің сұрақтарымның жауабын – тарихи әфсаналардан емес, көркем шындықтан табатыныма көзім жетті.

Дүниедегі ең жанкешті, ең әділетсіз, ең қасіретті, ең опасыз, отаныңнан айырып, тозаққа бергісіз тағдыр кешуін басыңнан кешіртетін және ешқашанда тарихи шындығы ашылмайтын соғыс – азамат соғысы. Деген ауыр оймен мен де орынымнан көтерілдім.


ІІ.
Әлқисса: Шүлен тауының арғы беті тибет жотасы. Бір қызық оқиға айтайын. Тағдыр айдап «азаттық іздеген көшке» ілесе алмай» Гималайдың қолтығында қалған қандастарымызды сексенінші жылдары Үрімжіге, Ақсайға қоныстандырыпты. Олар жерсінбей Тибетке қайтып келсе, бұрынғы жерін өзгелер иемденіп алыпты. Тіпті тіркемейді де. Содан жиырма жылдан астам тау-тас кезіп, тағыланып кетіпті. Бір ұрпақ сауатсыз өскен. Осыдан екі жыл бұрын дүнгеннің Жаң шың жы атты атақты бір жазушысы барып, жергілікті әкімдермен жолығып жер алып беріп, дүнгендерді асарға шақырып, мешіт салдыртып, бастарын қосыпты. Әуеліде адамға жоламай әуре қылыпты. Сонау «әлем шатыры» Гималай мен Бұланайдың бауырындағы осынау шағын топтың тілі мен дәстүрі де өзгеше көрінеді. Мұрағаттағы жәдігерлер біртіндеп игерілер-ау, мені қатты алаңдататыны адамдардың бойындағы өздерімен бірге кететін құндылықтар. Біздің тарихи тамырымыздың бір тарамысы болғандықтан да ұмыт қалдырғанымыз елдігімізге сын болмақ.
13.04. 2013.

АЛАШ ҮНДІ АЗАМАТ ТУРАЛЫ АЗ СӨЗ


Әр адам өзінің кімге қандай сүйкімі бар екенін біледі. Оның ішінде ағайынды алыстан шалатын шырмауығы мен шырматуы бар, «қарға тамырлы» қазақтың бір бармағы басулы, бір күрмеуі ішінде жүреді. Танысуымыз ұзақ, табысуымыз тез болған Қалибек хакімнің ұлы Хасен Өралтай – мен үшін сондай әрі алыс, әрі етене тұлға болды. Мүмкін, кіндігі ежелден байласып, тағдырыдың бір жібінің ұшығы күрмеліп жатқандықтан да, ата-бабамыздың аңсары тоғысқан сарынның жаңғырығы болар, бірден төс түйістіріп, алғашқы екі ауыз сөз алмасқаннан кейін, әзіліміз жарасып, ымымыз ортақтасып кетті. Жалпы олардың бостандық іздеп, Аланай мен Бұланай асқан көшінің тағдырын ес білгелі естіп өскендіктен де, аңғарым бар болғанымен, «Азаттық» радиосы арқылы естілген дауысы мен астарсыз сөзі қайым ойдың қайымын қайырып, тегі жақын, естілуі таңсық «Азаттық» деген аңсарлы жүлгеге жөргеп жіберетін. Оның бүркіттің шаңқылындай таза дауысын алпыс тоғызыншы жылдың қарашасында көз байланған кезде Рымғали Нұрғалиұлының кішкене ғана үнтартқышынан естісем керек. Алаш үнді азаматтың алғашқы дауысы маған осылай жетті.

Тұрақты тыңдаушы болдым дей алмаймын, алайда зиялылардың өзара пікір алмасуынан, сексенінші жылдары Ғалым Ахмедов дегдарың айтуымен, «Азаттықтың» әр түрлі хабарлары мен пікірлерін естіп қалып жүрдім. Чернобыль мен желтоқсан оқиғасы туралы алғашқы шындықтан да сол дегдар арқылы құлағдар болып едім. Араға сегіз-тоғыз жыл салғанда Шығыс Түркістанның тағдырына етене қанығып, сол майданда болған Жағда Бабалықұлы, Балқаш Бафин, Бұқара Тышқанбаев, Қалдыбай Қанафин, Әнуарбек Төгісов, Ахметқали Бітімбаев, Сейіт Итмеміров сияқты майдан офицерлерінің әңгімесін тыңдап, Аланай мен Бұланай асқан Қалибек хакім мен Құсайын тәйжінің, Тәкіманның көші, Оспан көтерілісі туралы бір пара мәліметтерден тәп-тәуір мағлұматым болды. Жетпісінші жылдың аяғынан сексенінші жылдардың ортасына дейін Балхаш Бафиннің Қалибек хакіммен, Қамза Ұшармен жазысқан хаттарын оқып, Түркиядағы көшкен елдің тағдырынан хабардар болдым. Хасен ағамыздың жөнін де білдік.

Кейін Еуропаның әр қаласында Өралтаймен кездесіп, пікір алысқан адамдардың мінездеме беруінше, сымбатты, сырбаз, аңғарлы, сергек және өжет, нағыз күрескер әскери полковниктің кейпінде көз алдыма елес берді. Желтоқсан оқиғасы мен алаш туралы еңбектері жарияланды. Оның өзі келді, жұрт барды, Қабдеш Жұмәділұлымен, Мұхатр Мағауинмен, Рымғали Нұрғалиұлымен етене араласты, тіпті, біздің қатарластарымыз қарға тамырланып та кетті. Бірақ, бетпе-бет танысудың орайы келмеді. Мен ол кісімен оңаша, еш куәсіз және ашық сөйлескім келді. Неге екенін білмеймін, әйтеуір түркиялық қандастарымызбен етене танысудың, не араласудың орайы келмеді. Құрылтайлардың тұсында да ол кісілермен алыстан сыйластық. Тек Мысырдан қайтар жолда Станболдағы Бұхарбай атты елші азаматтың ырқыменен Мансұр тәйжінің шаңырағынан дәм татып шыққанымыз бар.

Содан Абайдың жүз елу жылдық тойынан қайтып бара жатқанда Күшікбайдың бұлағының басында ат шалдырып, сусап тұрғанда Рымғали Нұрғалиұлы таныстырды. Костюмін желбегей жамылған, кеудесін кере ұстаған, бәріміздің төбемізден қарап тұрғандай боп өзін паң ұстады. Рымғали ағаның еркінсіген сөзі әсер етті ме, жоқ, екеуміз екі түрлі көңіл-күйде тұрғандықтан ба, бір-біріміздің атымызды білетінімізді ғана айтып, сыпайы бұрылып кеттік. Сөз тоқтасатын жер емес, тойдың екпіні де мойын бұрғызбайды. Дегенмен, бір сөйлессем деген тілек бұрынғыдан көрі беки түсті.

Жылдар өтті. Астанаға ауыстық. Хасен ағаның мінезі мен жүріс-тұрысы, еңбегі, Ізмірдегі саяжайы, көзі тірісінде өзінің қабірінің орынын дайындап қойғаны, қымыз ұстаған, киіз үй тіккен түркиялық қандастар туралы Рымғали аға сүйсіне баяндап жүрді. Хасен аға да Астанаға бірнеше рет ат басын тіреді. «Елім-айлап өткен өмір» де қолға тиді, Рымғали аға оның Мюнхендегі архивін Ұлттық академиялық кітапхананың қорына әкеп өткізді. Сонда да жолымыз тоғыспады. Содан, ұмытпасам, осыдан үш жыл бұрын Астана қалалық тіл департаментінің бастығы Оразгүл бегім «Хабар» телеарнасында Хасен Өралтаймен бірге пікір алмасуға шақырды. Студияға кіріп келе жатқан өр тұлғасы есімде, ағамыз алғаш көрінгендей екпінді емес, өжет емес, басылып қалғандай. Сөйтсем, инфарк алып, сақтанып жүрген кезі екен. Енді шегінетін де, тосаңситын да жер жоқ, сәлемнен бастап, жөн сұрасқанға жетер-жетпестен, нағашылы-жиенді болдық та шықтық. Үш-төрт қайырымнан соң астарлай табысып, шым-шым шымшысып, жұмсақ та биязы әзілге көштік. Маған сол тұста ол сондай бір нәзік мінезімен көрінді. Жан жылуы сыртына шығып тұрғандай әсер берді. Мен: «Қазір тікелей эфирден өзіңіздің арманыңызды ашық айтыңыз», – дедім. Ол: «Мен шет елдің азаматы болғандықтан да, ішкі мәселе туралы пікір білдіргенім сыпайлыққа жатпас. Бірақ қазақ тілі мәселесі алаңдатады ... Тәуелсіздікті көрдім, енді «madeo jn kazahstan» деген өнімді көрсем, арманым жоқ», – деді әдеппен.

Сөйтіп, екеуміз студиядан қолтықтасып шығып, дәлізде жарты сағаттан астам оңаша сөйлестік. Арамызда ешқандай дық, түсініксіздік мәселе қалмасын деп келісіп алдық та, ұзақ жылғы жинақталған сауалдарымызды тез қойдық, ол да қысқа әрі түсінікті, шын жауапты берді. Сеніскен адамдардың арасында ғана айтылатын бір-екі мәселе жөнінде өзінің де қатысын білдіріп кетті. Ол жауаптарға мен сендім. Әрине, арасында «шымшыласып» отырдық. Мен Балқаш Бафиннің толық жинағын құрастырып шығарғанымды, соның ішіне ол кісінің Қалибек хакіммен, Қамза Ұшармен алысқан хаттарын жариялағанымды айтып ем, қуанып кетті. Жинақты Алматыдан, Балқаш ағаның жамағаты Никар апайдан алатынын білдірдім. Кейін Әбубәшәр жеткізіп берді. Сонда әкесінің туғанына жүз жыл толуына орай Алматыда конференция өткізіп, жинақ шығару туралы мәдениет министрі Мұхтар Құлмұхамедпен келіскенін, Шығыс Түркістандағы ұлт азаттық қозғалысы туралы үш том құрастырып жатқанымды біліп, соған орай арнайы бір басбаяндама дайындауымды өтінді. Соңына ала: «Атыңды оқып, затыңды естіп жүруші елім. Өзің бір ашық пікірлі, ертерек танысатын жігіт екенсің. Жаманнан да жақсы туады екен-ау»», – деді. Мен: «Сонау Ізмір мен Алтайгөйге сүйретіп тастамай жүрген киіз үй де ағашына тартады емес пе. Сүзіліп барып бір шыбықтың шыққан жерін қарамайсыз ба?», – дедім. Бұл сөздердің әдібін жазбай-ақ қояйын, әйтеуір, аяқ астынан нағашылы-жиенді болдық та қалдық.

Кетер-кеткенше, қайда болса да, қай үйде отырса да, шайтанқұлақпен хабарласып, бір-екі шымшып үлгереді. Кейде жауа беріп үлгерем, кейде үлгере алмай қаламын. Бірақ бір-екі сағаттан кейін тағы хабарласатынын біліп, «сыбағасын дайындап» қоямын. Ертіп жүргендер: «Хасекеңнің мұндай құрдасы жоқ сияқты еді. Кім екен?», – десіп Әбубәшәр сияқты інісінен сұрайды. Ол кезде бауырымызбен бауыр баса қоймаған кез, мені қайдан білсін... Қаржаубай Сартқожаұлы Хасекеңді Қояндыдағы қалың керейге алып барып, ондағы бесіктегі кезінде айттырып, ес білер-білместен көз жазып кеткен қалыңдығына жолықтырғанын, екеуінің дәстүр бойынша көріскенін білген соң, тілім қышып кетіп, шайтанқұлақтан: «Қалыңмалыңызға не қосайын?», – дедім. Сонда босаңсып кетіп: «Тағдыр ғой, тағдыр. Әкемнің бір аманат өмірі сияқты еді. Дәстүр бойынша әке, шешеме жоқтау айтты. ... Тағдыр ғой...», – деген босаңсыған дауысы әлі құлағымда. Екеуміздің әзілсіз қайырған бір сөзіміз осы болды-ау деймін.

Содан бастап ол кісі Түркиядан, Мюнхеннен он-он бес күнде бір «шайтанқұлақ» соғып тұрады. Екі-үш ауыз сөзден кейін: «Жә, бір керейсітіп тастадың ғой. Аман бол. Сенің шығының шықпасын, өзім хабарласып тұрамын», – деп байланысты үзеді. Хабарласудың да сырын біліп, бір рет өзім хабарласып, таң қалдырғаным бар. Сол жиі соғылған «шайтанқұлақтың» дені жоғарыда айтылған Халибек хакімнің туғанына жүз толуына орай өтетін конференция мен жинақтың төңірегінде болды. Тендер деген сол жылдары кешігіп шығатын еді де, әлгі жинақтың жоспарға енуі созылып кетті. Соның жай-жапсарын ашық түсіндіргенімде, жағасын ұстағандай боп таңдана сөйлейтін.

Ақыры іс жыл аяғына қарай сәтімен бітіп, Алматыда ғылыми конференция ұйымдастырылды. Ұйымдастырушыларға да, өзіме де конференцияға қатысуымды қатты қадағалап тапсырды. Конференция салтанатты, салихалы, мазмұнды өтті. Құран-хатымға, мәжіліске жиналған адамдардың саны өте көп болды. Қазақстанның, Түркияның, Қытайдың, Монғолияның, Германияның қазақтары басын қосқан алқалы алғасу деңгейінде өтті. Сол жолы түркиялық қазақтармен де, Хасен ағамыздың үйіндегі Хадиша жеңгемізбен, Ғалия апаймен, Әбуақап Қарамен, Мариям Қырымлымен, Шүкірәлимен, Әбубәшармен және өзге туыстарымен де, жеңге, келіндерімен жақындау таныстым. Бұл енді, емін-еркін алғасу, құшаққа тарту, бауырға басу, идіріп-тартып әзілдесу, ыммен де емеуірін араласқан жарасты күндер болды.

Хасекеңнің бір өжет мінезі сол конференцияда көрінді. Нәбижан жүргізіп отырды. Мәмбет Қойгелді жақсы баяндама жасады. Қабдеш ағамыз бен Мұхтар Шаханов сөйледі. Министрдің құттықтауы оқылды. Содан кейін әлдебір әнші әлдебір жаққа асығыс ұшып бара жатқандықтан да, конференцияны қысқартып, концертке орын берілетін болды. Әлгі асығыс әнші «Атамекенін» айтып болған соң Хасакең сақнаға шықты да: «Бұл – ғылыми конференция, концерт тыңдауға емес, жұрт пікір тыңдауға жиналды. Сондықтан асыққан әншілер кете берсін, бірінші ана Тұрсынға сөз беріңдер. Астанадан сол үшін келді...», – деді. Жұрт та қолдап, күнтәртібін тақырыпқа бейімдеді. Бізде кейде осындай еркінсу мен еркеліктердің жөнсіздікке бастайтыны да бар. Мен «Алаш идеясы және Шығыс Түркістан ұлт азаттық қозғалысы» деген тақырыпта баяндама жасадым, кейін оны жоғарыда аталған үш томдықтың алғысөзі ретінде жарияладым. Ондағы айтылған пікірге, көтерілген мәселеге көңілі толып, арқамнан қақты. Бұл енді білген адамға тәп-тәуір баға.

Конфернциядан кейін Мәдениет минситрлігінің Хасекең мен туыстарына арналған дастарханы бар екен. Әлдебір жақындығымызды байқап қалған Мәдениет министрлігі мен «Қазақ тілі» қоғамының жігіттері сол кешті жүргізіп беруді тапсырды. Сол мәзірді бейне бір мен ұйымдастырғандай, Хасекең мәз боп қалды. Жоғарыда аттары аталған, аталмаған түркиялық апа-жеңгелермен сонда етене таныстым. Бәрі де еркін әрі әдепті мінез көрсетті. Қазақы инабат, мұсылмандық ибаны сонда анық байқадым. Хасекең өзі қатарлас достарымен еуропалық дәстүрде еркін отырды. Сол кеште «әкелері дос болған» Балқаш ағаның жамағаты Никар бегім сөйлеп, көп өмірдің көмескі беттері ашылатындай болғасын, Хасен аға: «Біз ағаның үйіне міндетті түрде құран бағыштап шығамыз», – деді. Бұл енді бізге де бір жүктеулі міндет, құрметтей көрініп, уағдамен той тарқады.

Никар бегімнің дастарханы басында Хасен аға Башпай, Қалибек, Тәкіман, Оспан туралы көп әңгіме айтып, Балхаш аға Башбайдың хатын Құлжа қаласындағы Әлихан төреге әкелген жолғы әңгіменің ішінде Қалибек хакімнің де болғанын, сондағы уағдаластықтың соңы бостандық іздеген азаттық көшіне ұласқанын бәрімізге түсіндіріп берді: «Сондықтан да бұл үй Қалибек хакімнің де үйі, ата дастарханымыз. Сыйласып өтіңдер», – деп Ғалия апай бастаған туыстарына аманат еткендей болды. Бұл жолы Хасен ағамен кәдімгі бауыр ретінде сөйлескім келіп әзілден қашқақтай беріп ем: «Ей, қабырғалай салып қайқайып барасың ғой. Мұныңды қой. Бұрын да әзілді көп естігеміз жоқ, оған мүмкіндік болмады, енді ескі сөздер есіме түсе бастағанда, қайқаңды қой. Енді қашанғы сол сөзді естиміз», – деді. «Е, керей жапырақ, әлем тапырақты» сағынып қалған екенсіз ғой», – деп үйреншікті жорғамызға бастық. Үй-ішіміз де араласып, менің Назым атты қызымды кәдімгідей бауырына тартып, хабарласқан сайын атын атап, сәлем айтып жатады: «Екеуміз бір апталап, ай жатып оңаша әңгімелесуіміз керек екен. Мен сені өзім шақырамын. Түркияны да, Мюнхенді де аралаймыз. Ізмірде саяжайым бар, өзім хабарласамын», – деді қоштасарда.

Тағдыр содан кейін көрісуді жазбады. Бірақ айтқан уәдесінде тұрып, Түркияға шақыртып, өзі күніне үш рет хабарласып: «Әй, батыр... Мен шын ауырып қалдым. Дәрігер рұқсат етпеді. Сені күту үшін сонау Салихлыдан бауырыңды алдырдым. Еркін арала. Мұндай мүмкіндік қайтып бола бермес. Саған уәдемді орындап қалайын деп асықтым. Алдағы күннің нәсібі бір Алладан», – деді. Шындығында да бұл бір ғажайып сапар болды. Оны осы Түркістанда» жарияланған «Жолы болған жолаушы» атты күнделігімде барынша қанық әрі өзінің тірі кезіндегі лебі сақталғандықтан да, дүниеден өткеніне жыл толып қалған асыл азамат туралы Түркиядағы Қазақстан елшілігінің және зиялы қауымның ұйымдастыруымен халықаралық конференция өткізу жоспарланып отырғандығын қадари қауымға ескертумен еске алу рәсімін аяқтағым келеді.

Тұрсын Құдакелдіұлы ЖҰРТБАЙ,

Жоба жетекшісі, филология ғылымдарының докторы,

профессор.




БІРТҰТАС АЛАШ ИДЕЯСЫ ЖӘНЕ ШЫҒЫС ТҮРКІСТАН ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫ

(Алғысөз)

Дүние тарихы төңкеріліп түскен ХХ ғасырда империялық және ұлттық мүдделердің қақтығысы – әлем жағырафиясынан бастап, ұлттар мен ұлыстардың, жеке адамдардың тағдырына түбегейлі өзгерістер әкелді. Түсіндіріп болмайтын «түсінікті мүдделер» бүтін елді бұтарлады. бұтарланған жұртты бунақтады. «№ 453-Л» хаттама мен 1945 жылғы 11 ақпанда Ялтада өткен конференцияда И.Сталин, Ф.Рузвельт, У.Черчилль қол қойған «Үш ірі елдің Қиыр Шығыс мәселесі туралы бітімі» бойынша, Шығыс Түркістан Қытайдың құрамына беріліп, Сыртқы Монғолияның дербестігіне айырбасталды. Сөйтіп, олар тектік, діндік, тілдік негіздері мүлдем қабыспайтын ұлттардың құрамына біріктірілді.

Империялық «бөліп ал да билей бер» деген өктемдіктің кесірінен бүйрегі бүтін қазақ елі үшке бөлініп кетті.

Қазақстан үшін сондай мүдделі әрі ділгір, құпия да күрделі мәселе – әлмисақтан бергі ата қонысында отырған Шығыс Түркістандағы қазақтардың тарихи тағдыры.

Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы нүктесінің бірі болып табылатын, Империялық мүдделердің қақпақылына түскен Шығыс Түркістан Республикасының құрылуы мен таратылуы – ұлттық тұтастық пен ұлттық ыдыраудың тарихи, саяси, рухани және териториялық түйткілдері тәуелсіздік алғанға дейін өз тарихынан өзі жеріген қазақ тарихнамасында мүлдем зерттелмеді. Қазақ тарихшылары үшін ол бимағлұм күйде қалып келген тақырыпқа айналды.

Милллиондаған адамның тағдырын тезге салған бұл оқиға туралы қарама-қарсы мүдделер мен пікірлерді зейін қойып зерделеу – тек қана қазақтың ғана емес, сонымен қатар орыс, қытай, монғол, қырғыз тарихшыларының міндеті боп саналмақ.

Өкінішке орай, бүгінгі териториясы тиянақталған тұста да бұл оқиғалар Біртұтас алаш идеясы, яғни, тәуелсіз Қазақстан тұғырнамасы тұрғысынан ғылыми зерделеуден өткен жоқ. Зерделеуді былай қойып, қазақ шығыстанушылары мен тарихшылары Шығыс Түркістан атауынан бас тартып, империялардың отарлық пиғылын танытатын Синьцзян – Жаңа жер (игерілген тың, яни, бізге түсінікті целинный край) сияқты атауды «ғылыми негізді термин» ретінде таңдап алыпты. Тәңір тауды бөктерлей орналасқан тұтас жұртқа қойылған, саясатқа еш қатысы жоқ – Шығыс Түркістан, Орталық Түркістан, Батыс Түркістан, Солтүстік Түркістан деген жағырафиялық атаулар кезінде мұқым түркі елінің атын тарихтан өшіру мақсатында «түрікшілдік» деген атты ойлап тапқан еуропашыл және ұлыимперияшыл ғалымдардың өктемдігінен туған атау болатын. 1919 және 1922 жылғы түркі халықтарының астыртын құрылтайында қазіргі Қазақстан мен Башқортстанды «Солтүстік Түркістан» деп ресми атап, картаға енгізіп, ортақ туды бекіткен болатын. Бүгінгі тәуелсіз мемлекет тұсында да біздің ғалымдарымыз өзінің пікірін Петербургтегі, Мәскеудегі, Қиыр шығыстағы, Күншығыстағы ұстаздары мен астарлы пікірлі саяси тұрғыдан тағаланған оқымысты-мыстардың сызып берген сызығынан шыға алмай отыр.

Тарихи тәуелсіз ойлау жүйесі қалыптаспаған тарихшылар тарихи шындықты қалпына келтіре алмаса, ұлттық мемлекеттің тарихы мен ұлттық мүддесі, танымы мен тағдыры толық тұжырымдалмайды.

Ал біртұтас алаш идеясын кие тұтатын қазақтар үшін:

Шығыс Түркістан дегеніміз – көне түркінің «мәңгілік ел» идеясының аясында өмір сүрген түркі дүниесінің ата мекені.

Шығыс Түркістан дегеніміз – бөлшекке түскен қазақ жері.

Шығыс Түркістан дегеніміз – бөлінге түскен қазақ елі.

Осындай өксікті өкініштің өті жарылып, уыты таралмас үшін А. Байтұрсынов, М.Дулатов, Р.Марсеков, Қанағат Сүлейменұлы бастап барып, 1918 жылы 24 көкек күні Шәуешек қаласында кіші құрылтай өткізген болатын. Ондағы басты мақсаты


  1. «Алашорда» үкіметінің Шығыстағы эмиграциялық бөлімін ашу;

  2. Босып барған ел мен жергілікті қазақтардың басын қосып, Алашорда мемлекетінің азаматтары ретінде қытай үкіметіне ресми тіркету.

  3. Оларды жерге қолтықтаса орналастырып, дербес автономиялық басқару жүйесін құру болатын.

Алайда, мәнжу империясы күйресе де, империялық үстемдік пиғылы күйреген жоқ болатын. Сондықтан да олардың бұл талабы орындалмады. Үміті ақталмады. Бірақ та Алаш идеясы өзінің дәнін сеуіп, өнімін егіп кетті. Ұлттық газеттер мен мектептердің, мәдени ойын-сауық отауларының ашылуы ұлттық сананы оятып, ақыр соңында ұлт-азаттық қозғалысына алып келді. Ұлт-азаттық күрес қаһармандары мен жауынгерлері осы біртұтас Алаш идеясы үшін қолына қару алды. Жауымен жағаласты, жараланды. Қаза тапты.

Демек, біз оларды бүгін – «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің құрбандарын қалай қасиеттесек, оларды да солай құрмет тұтуымыз керек. Кеше, қызыл жауынгерлер мен қарт коммунистерді ардагер деп қалай әспеттесек, оларды да солай қадірлеу – парызымыз.

Егер де қазақты біртұтас ел деп танысақ, егерде Алаш идеясын біртұтас қазақ идеясы деп мойындасақ және сол мойындауымыз шын болса, онда әлемнің қай түкпірінде болмасын қазақ елінің азаттығы үшін күрескен әр жауынгерді, әрбір құрбанды – қазақтың біртұтас ұлт-азаттық күресінің ардагерлері деп тануымыз керек. Оларға көрсетілген құрмет – Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне көрсетілген құрмет пен жеңілдіктергетеңгерілуі тиіс. Әйтпесе, Мұстафа Шоқайдан бастап бүгінгі салтанаттың иесі болып отырған Қалибек хакімге деген мезіретіміз, Абайдың сөзімен айтқанда, «сарт мезірет» болып табылады.

Алаш идеясына деген адалдық пен сенім – бізден соны талап етеді.

Ал, қазақ үшін Алаш идеясынан, оның бес ұлы нысанынан артық мүдде болуы тиіс емес. Ол идея бүгін де өзінің мүдделі мақсатын жойған жоқ. Қайта тәуелсіздіктің тамыры тереңге кеткен сайын, алдымызға сұрақ болып шығып отыр. Ол идеялар мынылар:

Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».

Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әр бір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.

Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни, толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді.

Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек.

Бесінші, түпкі мақсат: ғылымға, ұлттық салт, дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді.

Бұл бес идея өзінің азаткерлік миссиясын әлі жойған жоқ. Жер үшін, жер мен аспан байлығы үшін, тәуелсіз экономика үшін, тіл мен діл үшін, дін үшін, қазақ ұлтының көзқарасы мен ар-ожданын қорғайтын, ұлтты сыйлауға мойынсындыратын тәуелсіз заң мен тәуелсіз ойлау жүйесін қалыптастыратын тәуелсіз ғылым үшін күрес жолы енді басталды. Демек, Алаш идеясы бүгін де, ертең де өзінің жалғасын табады. Ғаламдастыру дәуіріндегі рухани тәуелділіктен қорғайтын бірден-бір ұлттық бағдарлама, бюіздің пайымдауымызша, осы болып табылады.

Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық күресі де осы бес мақсатты жүзеге асыруға ұмтылған халықтық қозғалыс. Шығыс Түркістанның алты «Халық батыры» атағын алған – Оспан, Ғани, Акбар, Фатих, Дәлелхан, Қалибек батырлар да осы бес мақсат үшін күресті. «Етегімен су ішті, етігімен су кешті». Азаттық аңсаған көштің атойшысы болды. «Аланай асып арпалысты, Бұланай асып буырқанды». Алаш идеясын бойтұмар қып тағып, ар-иманымен қоса жүрегіне ұялатқан арыстармен бірге қазақ халқының бостандығының рухы болып Еуроазияны шарлап жүрді. Олардың бұл аңсары Дәлелхан Жаналтай, Халифа Алтай, Хасен Өралтай, Қамза Ұшар, Құсайын тәйжі сияқты қатарластары мен үрім-ұрпағы арқылы жалғасып, ауа толқындарымен туған еліне жетіп жатты. Солардың талып жеткен дауыстары біздің жүрегіміздегі алаш идеясының қоламтасын қоздатты. Үміт отын жақты. Бұл қолдауды, сіз бен біз сияқты жеклтоқсан оқиғасына дейін де, сол оқиға тұсында да, одан кейінгі кезеңде де жүргізген астыртын жұмыстарымыздың барысында сезініп отырдық.

Әрине, бұл өзегі басқа әңгіменің арқауы.

Өкінішке орай, (иә, тағы да таусылмайтын өкініштің бірі) Біртұтас алаш идеясы үшін күрескен, қазақ ұлтының біртұтас ұлт-азаттық қозғалысының бір бөлігі болып табылатын Шығыс Түркістандағы азаттық майданы туралы және оны «Алаш» партиясымен, «Алашорда» үкіметінің тағдырымен, жалпы қазақ күрескерлерінің тағдырымен байланыстыра зерттеген тұжырымды зерттеу жоқ. Ол туралы пікірлер де Қазақстаннан басқа әр мемлекеттің ұстанған саясатына байланысты қақпайланып жазылып келді. Тек Тұрсынхан Қайыркенұлының «Ұмытылған мемлекет» («Синьцзиян (Шығыс Түркістан) қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы. 1940–1949)» атты монографиясы бұл бағыттағы діттеген ділгір еңбек, осы тақырыптың алғашқы кіріспесі сияқты қанаттанды зерттеу болып табылады.

Шығыс Түркістанның күрделі тағдыры күні бүгінге дейін қаншама адамдарды әлі де ойландырумен келеді. Кездейсоқ тағдырға тап болған ұлт-азаттық күресі сыртқы ықпалды күштердің шешімімен тығырыққа тірелді. Шығыс Түркістан тарихы ежелден бері де осындай алмағайып, қарбаласты қарсаңмен тайталасып келді. Республика құлаған ең соңғы күнге дейін оның тұрғындары тәуелсіздіктен күдер үзген емес.

Тағдырдың жазуымен осы өлкеде ұйғыр, қазақ, монғол секілді түрлі ұлттардың өкілдері қатар өмір сүріп келді. Бұл бір есептен тағдырдың жазымышы да емес, тіпті сонау ертеден бар тарихи тамырластықтың нәтижесі еді. Шығыс Түркістан ежелден түркі халықтарының ортақ Отаны болды. Қытай мен Россияның Шәуешек пен Пекин келісімдерінің нәтижесінде Қытайдың құзырына мәңгі қарап қалды. Бұл Қазақ хандығының басынан бағы тайған тұс болатын. Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысы пайымдалған томдықтың бетін ашып отырған Т.Зәкенұлының „Ұмытылған мемлекет” атты монографиясы «ұмытылған мемлекет» туралы қазақ тарихнамасындағы алғашқы зерртеулердің бірі. Ғалым орыс, қытай, қазақ және ұйғыр тілдеріндегі деректер мен әдебиеттер арқылы сол кездің тарихи шындығы тәпсірленеді. Мұндағы көптеген деректер бұрын-соңды ғылыми айналымға түспеген. Олардың қатарында ұлт-азаттық қозғалысты өз бастарынан өткізген тарихи тұлғалардың мемуарлық, тарихи зерттеу сипаттағы еңбектері де бар. Сондықтан да „ұмытылған мемлекет” туралы бұл зерттеу бізе беймәлім Шығыс Түркістан мемлекеті жөніндегі тарихи танымға қатысты теориялық пайымдарды орнықтыруға негіз қалайды деп есептеймін.

Тарихи тақырыпты шығармашылығын арқау еткен, „Сергелдең” сияқты дилогиясында Оспан батырдың бейнесін сомдаған жазушы Жақсылық Сәмитұлының „Шығыс Түркістан республикасы” атты толғау-әфсанасы деректерге ой сала саралауымен, тосын тұжырымдарымен назар аударады. Мұнда қаламгер көркем ойды емес, тарихи көркем ойлау жүйесі мен ер кін пайымдауды желі етіп тартқан. Көтеріліс көсемдерінің арасындағы қарама-қайшылықтарды, тарихи оқиғаларды жеке өмірбаяндық деректерге негіздей отырып оларға бір жақты мінездеме беретін тұстары да бар. Оспан батырдың кейіннен Шығыс Түркістан республикасына қарсы күресуінің себебін бұл мемлекеттің кеңес одағына сүйенгендігінен іздейді. Онда, Оспан батырдың Монғолия арқылы тікелей Сталиннің нұсқауымен қару-жарақ, әскери күш алуын, кешегі дұшпаны гоминдаң үкіметімен одақтасуын қалай түсіндіруге болар еді? Бұл оқиға томдыққа кіргізіліп отырған баянөлгейлік көрнекті демократ қаламгер Сұраған Рахметұлының. «Шығыс Түркістан және Монғолиядағы ұлт-азаттық қозғалысы (Оспан батыр)» атты зерттеуінде тың деректермен баяндалады. Мұнда Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысының жалпықазақтық Біртұтас алаш идеясының аясында жүзеге асқаны дәлелденеді.

Осы орайда әр мемлекеттің ұстанған идеялогиясы мен саясатына бейімделген пікірлерді жинақтап, сол арқылы ой қорытуға, пікір түйіндеуге, деректерді нақты және байсалды түрде пайымдауға негіз қалайтын басылымдардың маңызы ерекше екенін атап өткім келеді. Әр мемлекет өз тарихын өзінің ұстанған ішкі-сыртқы саясаты тұрғысынан жүйелеуге, саралауға, тұжырым жасауға ерікті. Ал бұл тақырып Қытай Халық Республикасы ғалымдарының еңбектерінде барынша мол қамтылған. Ол зерттеулер: «Үш аймақ төңкерісі бүкіл Жұңго (орталық мемлекет – Т.Ж.) халқының демократиялық төңкерісі қозғалысының бір бөлегі»,– болып табылады деген Мао-цзе-дунның бағамдауы тұрғысынан пайымдалып жазылды. Сондықтан да бұл зерттеулердің қазақ руханиятының ту ұстар идеясы – алаш идеясымен ұштасып жатпауы әбден түсінікті.

Осы орайда Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысының тарихи шежіресі болып табылатын «Шыңжаңның үш аймақ төңкерісіндегі ірі істер (оқиғалар)» (Халық баспасы, Үрімжі, 1995), «Шыңжаңның үш аймақ төңкерісі тарихы» (Ұлттар баспасы, Бейжің, 2000) атты басылымдарды алдағы уақытта оқырмандар назарына ұсыну жоспарланып отыр. Бұл жинақтарда ұлт-азаттық қозғалысының әр күні шежіре ретінде хатталып, баға беріліп, жинақтала баяндалған. Сондықтан да олардың деректану тұрғысынан алғандағы маңызын ешкім де жоққа шығара алмаса керек. Ал ұлт-азаттық көтерілісінің бас қолбасшысының бірі Дәлелхан Сүгірбаевтің 1948 жылы «Ерікті Алтай» баспаханасында өзінің көзі тірісінде жарияланған «халық жиналысында сөйлеген баяндамасын», сондай-ақ Шығыс Түркістанда кезектесе құрылған, мақсат-мүдделері мүлдем қарама-қайшы үш мемлекеттің (Гоминдаңның, Шығыс Түркістанның, Қытай Халық Республикасының) үкімет басында болған күрделі тағдыр иесі, қоғам қайраткері Бұрхан Шаһидидің «Шыңжаңда өткен елу жыл» атты естелігінен үзінділерді, Ж.Бабалықұлы, Қ.Қанафин, Ғ.Нөкішұлы сияқты азаттық армиясының сардар жауынгерлерінің жазбаларын осы томға топтастырып берудегі мақсат – Шығыс Түркістанның тарихы туралы әр қырынан білдірілген пайымдаулардан мағлұмдар ету. Тарихи бір оқиғаның әр зерттеуде әр қалай тұжырымдалуының өзі Шығыс Түркістанның тарихына деген көзқарастың қалыптасуының күрделі екендігін танытады. Шындық – осы пайымдаулардың дүбарасында жатуы да мүмкін. Әрине, мұның ішінде Бұрхан Шаһиди марқұмның саясатқа ықтап:

«Уақыттық (уақытша –Т.Ж.) үкіметтің өзін «Шығыс Түркістан Халық Республикасы уақыттық үкіметі» деп атағаны адамды алаңдатады. «Шығыс Түркістан» деген ат ХІХ ғасырда дүниедегі белді елдердің Орта Азия аймағында отаршылдық, шапқыншылық әрекет жүргізуіне байланысты пайда болған болатын. Сол кезде батыстағы отаршылдар Орта Азияны және Шынжаң аймағын сыпыра «Түркістан» деп атады. Сондай-ақ Зарапшан өзенін шекара етіп, оның батысындағы аймақты – Батыс Түркістан, шығысындағы аймақтарды – Шығыс Түркістан деп атаған. Сөйтіп, бұл атауға тіл мен жағрапиялық тұтастық ұғымын берді. Кейін келе имперализм шапқыншылары мұнымен Қытайдың бірлігін бұзды. 1933 жылы оңтүстік Шыңжаңда бір мезет «Шығыс Түркістан Ислам Республикасының» жарыққа шығуы осының нақты мысалы бола алады. Енді, міне, Іле төңкерісшілері де «Шығыс Түркістан» деген желеуді көтеріп шығуы маған жағдай бәлкім күрделі болар дегенді аңғартты»,– деген пікірімен келісу қиын.

Өйткені жердің жаратылысына қарай қойылған – Таяу шығыс, Шығыс Еуропа, Батыс Еуропа, Орталық жазық деген жағырафиялық атаулар қандай қоғамдық құрылыста болсын өзінің атын өзгертпейтіні анық. Сол сияқты Шығыс Түркістан, Орта Түркістан, Батыс Түркістан, Солтүстік Түркістан деген атау да баршаға ортақ тарихи-жағырафиялық ұғым болып табылады. Бұдан саяси астар іздеу ойлы ғылымның өрісі емес. Өкініштісі, Түркістанға қаратылған мұндай өктем де астарлы көзқарас тарихи заңдылыққа айналып бара жатыр.

Егерде біз өзіміздің ұлттық тұтастығымызды дүние қауымдастығы алдында дәлелдеп, мойындатқымыз келсе, онда бұл мәселе ерекше назарға ілінуі тиіс. Бұл мәселеге тұсауы енді ғана кесілген талантты да батыл, көзқарақты тарихшы Бүркіт Аяған басқарған Президенттік Мемлекет тарихы институты ерекше ықылас қояды деп сенеміз.

Бұл ретте: Ғылым және Мәдениет министрліктері бас қоса отырып ауқымды Жоба жасаса – деген ұсыныс білдіреміз. Және бұл шара – мемлекеттігіміздің идеялогиялық саясатын тұтастандырып, іргесін бекіте түсуге негіз қалауға септігін тигізеді деп толық сеніммен айта аламыз. Осы орайда мынадай ұйымдастыру шаралары назарда ұсталғаны лазым сияқты:

Бірінші, «Біртұтас алаш идесы» деген терминді қалыптастырып, «Біртұтас ұлт-азаттық қозғалысы және Шығыс Түркістан» атты халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырып, оған тек қана қазақ ғалымдарын ғана емес, осы тақырыпты қузаған қытайдың, орыстың, американың, немістің, түріктің, ағылшынның, француздың, монғолдың, тай-бэйдің ұлттық ғалымдары мен Шығыс Түркістанның тағдырын шешкен әскери-дипломатиялық келісімдерге қатысқан мекемелердің өкілдерін қатыстыра отырып келелі кеңес өткізіп, істің бағыт-бағдарын ашып алса, дұрыс болар еді.

Екінші, осынау тағдырлы ұлт-азаттық қозғалысы туралы шығарылған дастандардың, қоштасулар мен жоқтаулардың, аңсарлы хаттардың, күнделіктердің, жолжазбалардың, естеліктердің, зерттеулердің, деректі құжаттардың басын қосып, көп томдық етіп жарияласа, руханиятымызға қосылған үлкен үлес болар еді. Бұл біздің тәуелсіздігіміздің тарихи беттерін түгендейтін құнды да, тағдырлы басылымға айналары сөзсіз. Мұндай қолжазба мұралар мен мұрағаттық деректердің біразы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығындағы бар. Ал олардың ұзын санының өзі жүзден асып жығылады екен. Әлі қолға түспегені қаншама.

Үшінші, Шығыс Түркістандағы, Монғолиядағы ұлт-азаттық қозғалысының құрбандарына бұл елдерде ескерткіш қойылмайтыны анық. Сондықтан да осы азаткерлердің тағдырына тікелей қатысты және олардың алғашқы әскерлері жасақталған (бұл құпия емес) шекаралық аудандарға (Жаркентте, Достық та, Мақаншыда, Майқапшағайда) ескерткіш орнатса орынды болар еді. Соның ішінде, Алаш әскерінің ең соңғы шешуші шайқасы өткен, Отыншы Әлжанов сияқты ту ұстаушы азаматты тірідей өртеген Мақаншыдағы бұрынғы «қызыл партизан Мамонтов» атындағы саябақ өте қолайлы жер болар еді деп ойлаймын.

Бұл да біздің біртұтас Алаш идеясына, біртұтас ұлт-азаттық көтерілісінің құрбандарына, тәуесіздігіміздің тарихына деген ұлттық тағзым болары сөзсіз.

Құрастырылып отырғын бұл жинақ та соның бір орайы болмақ.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор.
6 қараша, 2008 жыл.

ӨМІР ІШІНЕН – ӨЛІМ, ӨЛІМ ІШІНЕН – ӨМІР ІЗДЕГЕН...» ЖАНКЕШТІЛЕР


І.
Міне, ойға алған, Біртұтас алаш идеясының тарихи заңды жалғасы, қазақтың ұлт-азаттық көтерілісінің құрамдас бір бөлігі ретінде қарастырылған, Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысы туралы әуелде бес том ретінде ойластырылып, тіршілік талабына орай үш томмен беті қайырылып отырған басылымның да соңғы бетін жабуға тура келіп отыр. Әр қоғамның, әр ұлттың, әр мемлекеттің, әр түрлі көзқарас иелерінің мүддесі мен қарама-қайшы пікірлері тұрғысынан талданатын бұл тарихи оқиға қақындағы қағидалар мен тұжырымдардың барлығын қамту, әрине, мүмкін болмады. Соны түсіне отырып, осынау бір бақ-талайсыз, тағдырлы, «ұмытылған мемлекеттің» тарихына тікелей қатысты ұстаным тұспалы тоғыспайтын идеологияның ықпалымен, әр қилы көзқараста жазылған қазақ, қытай тарихшылары жүргізген ғылыми зерттеулер мен жылнамалар (хроника), ұлттық қозғалысқа тікелей қатысқан төңкерісшіл тұлғалардың естеліктері мен деректі жазбалары, саяси қайраткерлердің пікірлері мен жеке адамдардың күнделіктеріндегі ойлар оқырман назарына ұсынылды.

Ал осынау тағдырлы тарих пен азаттық аңсаған көштің жанкештілерінің тіршілік тауқыметі, арман-мақсаты, аңсары, «өмір ішінен – өлім, өлім ішінен – өмір іздеген» аңсары суреттелген көркем дастандар мен шежірелер, күнделіктер мен жазбалар арнайы жинақ ретінде екі том болып дербес дайындалып отыр. Оны тарихи пайымдауларға қоспай жеке жариялауды жөн көрдік. Зады ол күн де алыс болмаса керек. Сол туындыларда Шығыс Түркістан тарихынан орын алған 400-ден астам көтерілістің (Ж.Бабалықтың мәліметі) ұлт-азаттық бұлқынысының толайымы мен тәлейі, тауқыметі мен талайы, қасиеті мен қасіреті, өкінішке орай, біртұтас ұлт-азаттық майданнан азаматтық соғысқа айналып кеткен аласапыраны араласқан үмітті көз жасының айғыздалып кепкен сорасы, жанкешті ғұмыры барынша ащы шындықпен баяндалған. Зерттеулер мен жылнамаларда қамтыла бермейтін, бірақ кей тұстарда тарихи оқиғаның бетін оңды-теріс бұрып жіберген себептер мен салдарлар, мінез бен жағдай билеп кеткен бұлтарыстар мен қалтарыстар ашылады. Оларды бұл арада талдап жатудың реті бола қоймас. Тарихи оқиғаны көркем талдау – дербес тақырыптың аясы болса керек.

Алайда ұзын ырғасы он томнан асатын «ұмытылған мемлекеттің тарихы» туралы қазақ, қытай, орыс, татар, ұйғыр, монғол, ағылшын, түрік, өзбек, қырғыз тілдеріндегі зерттеулер мен мақалаларды, естеліктерді, мұрағат деректерін оқып шығып, басылымға іріктеп дайындау барысында және аяқтау тұсында, іздеген сұрақтарға жауап алудың орынына, қосымша және бұрынғыдан да терең әрі талқылы сұрақтар көңілімізде ұялап қалды. Бүгін елеусіз көрініп, ескерусіз қалғандай көрінген Шығыс Түркістанға қатысты геосаяси мәселені түптің түбінде Қазақстанның шүйіле зерттеуіне тура келетініне еш күмәнім жоқ. Осы өлкедегі ұлт-азаттық көтерілісіне тікелей ықпалы мен қатысы болған Қытай, Ресей, Америка, Жапон, Монғолия, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Индия, Пакстан, Түркия мемлекеттерінің де саяси көзқарастары қорытылып, 1945 жылғы – Америка, Англия, СССР – үштігі мен сол жылғы 14 тамыздағы СССР мен қытайдың Чан кайши үкіметі арасындағы келісімдерінен бастап, 1949 жылғы ұлт көсемдерінің ұшақ апатынан қаза табуына дейінгі аралықтағы талай құпиялардың ашылатынына сенемін. Өйткені тарихтың шығыршығы бұл оқиғаны еске түсіретіндей кеңістікке заманнан заман озғанда қайта айналып оралатыны анық. Сол тұста тарихшылардың ой екшеуіне мүмкіндік берсе – жоба мақсатының орындалғаны.

Ал әзірге айтарымыз, тарихи тұжырым мен қорытынды пікірді кейінгі толқының еншісіне қалдыра отырып, өзіміздің көңіл ауанымызда көлеңкесі қалған кей тұстарға ғалым ретінде емес, жазушы ретіндегі алған әсерімді баяндай кеткім келді. Онсыз бұл басылым аяқталмай тұрғандай сезілгенін жасырғым келмейді.

Діттеген мақсат жүзеге асырылғандай болған тұста неге мұндай сауал сарсаңына түстім? Мәселе өзгеде емес, тура менің өзімнің өмір жолымда, яғни, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап құшақтарына кіре араласқан осынау тұйық көтерілісті басынан кешірген, жоғарыдағы үш томдық жинақта аттары аталған жанкешті адамдардың тағдырында екен. Бесігімді тербетпесе де, көңіл бесігін тербетіп, маған беймәлім ұлт тағдырына қатысты өмір есігін айқара ашқан бұл адамдардың түгелі де Шығыс Түркістан ұлт-азаттық көтерілісінің ұйытқысы мен қормалы еді. Қайын атам – Сейіт Дүрімбайұлы Итемір осында айтылған партизандардың қатарында болған, Алтайдағы арпалыстың ішінде елу алтыншы жылға дейін болған орман технигі, ал енеміз – Күлғасыл Әлімғазықызы мен осы жинақтарда көтерілісті ұйымдастырушылардың қатарында аталатын қайын ағамыз Балхаш пен Закария Әлімғазыұлы Бафиндер – Баспай Шолақұлы Бафиннің немерелес туыстары еді. Ұлт-азаттық көтерілістің Тарбағатайдағы көсемі ретінде танылған Дубек Нұртазаұлы Шалғынбаевтің де кіндігі бізден алыс емес болатын. Ақын, аяулы аға Нүкеш Бәдіғұл мен Несіпбек Айт, Нұрғазы мен Сәмед ағаларым құдалықтың тізгінін ұстағаннан бастап Шығыс Түркістан деген сөздің олар үшін құдіретті де қасиетті, киелі ұғым екенін терең сезіне бастадым. Менің де ойыма ұлт-азаттық идеясы сіңіп, соңы шығармашылық ауаныма айналды. Олар орайына қарай Алматыдағы Совет және Талғар көшелерінің қиылыс қалтарысындағы бір жылдары Ұзақбай Құлымбетов тұрған жатаған екі бөлмелі үйде жиі бас қосатын.

Олар: Шығыс Түркістан армиясының полковниктері мен подполковниктері, прокурорлары мен сот төрағалары, әкімдері мен оқу-ағарту қайраткерлері – Жағда Бабалық, Балқаш Бафин, Қалдыбай Қанафин, Абдолла Тұрлыбаев, Ахметқали Бітімбаев, Мұсылманбек Төгісов, мәдениет министрі Бұқара Тышқанбаев, ұлт-азаттық армиясының аррмиясы бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Зұнұн Тайыпов, атақты монғол атты полкінің командирі, халық батыры Ерде, көтеріліс ақыны Юсупбек Мухлисов, Қабанбайдың тұқымы Перішше Сүлейменов, жауынгер-қызметкерлер Шаяхмет Тойкин, Шәуен Мәсәлімов, Қадыр Сәменов, Әнуар Төгісов, Ақас Садықов, Жәудет Мұхамед-Рахимов, Жүнісқали Сүлейменов, Ғалым Нөкіш, Жексембай Еділов, Баязит Ахметов, Құсайын Хиссамединов, капитан Найль Юсупов, жастар ұйымының жетекшісі Тұрсын Киізбаев, «Іле» газетінің редакторы Құрманбай Толыбаев пен кино сыншысы, қаламгер Аяған Сағаев, әнші Дәнеш Рақышев, Шығыс Түркістанның алғашқы жауынгер қыздары Сара Таңжарыққызы мен Карима Хафизқызы, уәли мекемесінің кеңсе хатшысы Райса Төгісова, Фаузия Садыри, Шаһадат абыстай, әнші Әмина Нұғыманова, Ғарифа апай, әйелдер қозғалысының қайраткері Фатима Ниқанбаева, Шәуешектегі алғашқы астыртын ұйым құрылған үйдің иесі Әубәкір Бабалық, алғашқы партизан ұйымы құрылған үйдің иелері Закария мен Сейіл Әлімғазыұлдары, Басбайдың ұлы Құрманқажы, қызы Самархан, күйеу баласы Масғұт Шафиғи, елуінші жылдары атылған Таңғыт үкірдайдың (аға сұлтан дәрежелі) ұлы Мейірхан мен Айыпхан, отызыншы жылдардағы Қашқар көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі, сол үшін ауыр жазаға бұйырылған Шәріпбайдың ұлы Зуфар Шәріпбаев, Іле көтерілісінің ұйымдастырушыларының бірі Жабықбай ақалақшының (аға сұлтан дәрежелі) келіні Фарида және Мүтән Абдуллин, жазушы Қабдеш Күдеріұлы Жұмәділ, тарихшы Лұқпан Бәдауанов, күйші Уәли Бекенов, қаламгер Ғалым Тыныбаев, сондай-ақ Ташкенттен, Фрунзеден (Бішкектен) анда-санда ат басын соғатын, Шығыс Түркістан қозғалысын қаржылай қолдаған атақты көпестер Шәнішевтің қызы – Ғарифа Шәріпбайқызы Шанышева мен Ыбырайым байбатшаның ұлы – Талғат, Рафхат Саиди, Хасен Хайбуллин, Құрбанғали Халидидің ұлы Масғұт Құрбанғалиұлы Халиди, Райхана Мұхамеджанқызы Халиди тағы басқалар еді.

Жадымда сақталмаған және ауызекі әңгімелескен қарапайым жауынгер адамдар қаншама десеңші.

Жасымыз бен жолымыз кіші болғандықтан да біз жанекшті сарбаздардың сырын босағада отырып тыңдайтынбыз. Әңгіме әзіл-қалжыңмен басталып, бірте-бірте тереңдеп, Шығыс Түркістанға ауысып, Уәли Бекенов пен Абылай Түгелбаевтің ән мен күйге, Әнуар Төгісовтің мандолиініне қосылған Райса апай мен Зуфар әбзидің жырларына ұласатын. Жағда Бабалықтың «Ер Тарғын» операсындағы ариясымен аяқталып, тұнжырап барып тарқасатын. Сол аралықта Шығыс Түркістанның әр оқиғасын талқыға салып, таразылайтын. Маған соның барлығы елес сияқты көрінетін.

Осы үш томдықты дайындау барысындағы деректермен таныса отырып, олар еске алып отыратын оқиғалардың шындығына көзім жетті. Оларға да қауіпсіздіктің мекемесінің тыныштық бермегені түсінікті. Тіпті менің өзімді де салпаңқұлақ еткісі келген пиғылдары да болды. Әйтеуір, ділімізге сеніп ол тұзаққа түспедім. Өкініштісі, айтылған жайлардың жаңғырығы ғана жадымда сақталып, ол естеліктердің барлығы нақтылап айтуға дерексіз әфсанаға айналып кетіпті. Енді оны орынына келтірудің орайы жоқ. Ол ағалардың денінің қабіріне топырақ салдым. Енді «дүниенің кезегі келіп», біз де төрге шығыпппыз. Әр кеш Жәркен Бөдештің сөзіне шығарған Абылай Түгелбайдың шеру екпінімен айтылатын:

Арылмай сор мен қырсықтан,

Жөргекте жатып тұншыққан.

Арманым болдың бұл күнде,

Аяулы Шығыс Түркістан!
Көз жасқа толы шарасың,

Қайғылы қайсар анасың.

Аңғалдық қылған батырсың,

Аңқаулық қылған баласың.


Сарбазың отыр түрмеде,

Егеудей тілі күрмеле.

Бұлбұлың отыр қапаста,

Жауларың сенің іргеде.


Арыстанмен алысқан,

Жолбарыспен жұлқысқан.

Қасіретім сенсің бұл күнде,

Көзімнің жасын ыршытқан,

Аяулы Шығыс Түркістан!, –

деп келетін «Шығыс Түркістан» әнімен аяқталатын.

Бұдан кейінгі көңіл-күйді айтпай-ақ түсінуге болады. Жазушы, баспагер Дидахмет Әшімханұлы Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық күресі туралы көп томдық басылымды дайындауды ұсынғанда ғылыми жобаға лайықтап, оны жүзеге асыруға келіскенімнің басты себебі де осы жайлар еді. Аздаған ғылыми дайындығым болса да іс барысында өте күрделі сұрақтарға тап болдым. Бұрынғы анық жайлардың тарихи астары қатпарланып, тереңдеп сала берді.

Ал көтеріліс туралы жазбалардың маған – жауабы мүлде күрделі де ауыр, жауапсыз сұрақтарды ұсынуы заңды еді. Түйсікпен түйгенімнен көрі астарлы мағыналар көбейіп кетті. Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық көтерілістің шығу себептері, қарулы көтерілістің тууы, дамуы, азат республика атануы, ұлттық армияның құрылуы, оның жеңіске жетуіне дейінгі қозғалыстың барысы Нұрғожай батыр жазғандай:




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет