ӨМІРІНІҢ БАР ЕҢБЕГІ – ЭТНОЛОГИЯ ҒЫЛЫМЫ17
Гумилевтің өмірі мен мұрасы туралы баяндау бұрынғыларша айтқанда, «ізгілікті» оқырманға арналған. Тек солардың мүддесі үшін ғана мәтінді көптеген үзінділермен және ескертпелермен қиындатқым келмейді. «Қызыққұмар орыс буынының» көмегімен нені ойлап, нені негіздегенім туралы бөліссем деймін. Жұмысымды ағартушылық жұмыс деген дұрыс болар. Осы кіріспеден кейін оқырманның өзі түпнұсқаға, әсіресе, Лев Николаевич Гумилевтің қайталанбас прозасына назар аударады деп ойлаймын.
Гумилев – ол әрқашан жаңалықтардың алтын желісі және «Ойдан шығарылған патшалықты іздеуге», «Ежелгі Русь және Ұлы далаға», «Каспий төңірегіндегі мыңжылдыққа» қайта айналып келген сайын алғашқы жаңалық ашушыдан аттап кете алмайсыз.
Лев Николаевичтің орыс мәдениетінің ірі гуманитарлық тұлғасына сөзсіз жатқызылатыны оның тағдыры мен күрделі бағыттарын басқа атақты орыс гуманитарлары тағдырымен салыстыруға мәжбүрлейді. Мәселен, Киев университетінде кіші орыс тарихынан сабақ берген Николай Васильевич Гоголь. Жаңа бастаған жазушы кіші профессор лауазымында университет кафедрасында бір жыл ғана жұмыс істеді. Ұстаздық қызметінің қорытындысы академиялық сәтті карьера емес, өте тамаша «Тарас Бульба» тарихи повесінің жазылуы болды. Лев Николаевичте бәрі де керсінше.
Эйнштейн айтқандай, теориялық физикамен айналысу үшін адамға кітапхана, қағаз және қарындаш керек. Отандық және әлемдік тарих сабақтары туралы да тура осылай деуге болады. Айталық «Крестада», Белбалтлагта, Карлагта және Омскінің каторгалық түрмесінде ғылыми кітапхана туралы армандап керегі жоқ еді, оны былай қойғанда, қағаз бен «Кохинор» фирмасының қарындашы да табылмайтын. Гумилевтің алғашқы монографиясы барактарға балық орап әкелетін май сіңген картон қағаздарға жазылғанын еске түсірейік,
Мұндай қат жағдайдан ерекше есте ұстау қабілеті құтқарды. Лев Николаевич өлең жазды, тарих ағымдарын ойша шолып қалпына келтірді, баяғы замандарда өткен дүниелерді қайта құрып, ойға салып екшеді. Біліктілігі дұрыс бағыттарда қиялдауға көмектесті, соның нәтижесінде көптеген болжамдары үлкен монографиялар мен түбегейлі зерттеулерде ақиқат ретінде беки түсті. Ән мәтінінен бір сөзді де алып тастауға болмайтыны сияқты тіпті, қателіктер мен адасулар кездессе де Гумилев мәтінінің тұтастығы оның досы Толстойдың өсиеттеріне сәйкес келетін. Ол интеллектуалдық қуатты одан әрі іздестіруге оятып, көркемдік бастауларды ғылыми негізге айналдыратын мазмұнда болатын. Оның таңдауы нақтылықтың барынша қарсылық жолына айналды, ол пассионарлық құрбандық пен риясыздық жолы. Л. Н Гумилев пассионарлар туралы: Александр Македонский, Александр Невский, Жанна д.Арк, Шыңғысхан туралы көбірек жазған сайын өзі де солардай бола бастады десек артық айтқандық емес.
Қазіргі заманғы өздеріне өздері риза «оқымыстылар» Л.Н. Гумилевтің кітабын «Беллетрист!» деп жек көре лақтырып жатқанда, мен мынаны айтқым келеді: «Иә, иә. Пушкин, Достоевский және Томас Манн да сол деңгейде беллетристер болған, репрессиялық сын олардың әрқайсысына осындай сөздермен қызмет етті».
Лев Николаевичтің таңдап алынған пәні – этнология үшін қажетті нақты зерттеу әдеби буында таңғаларлық. Оның лайықтылығы айқын және дау тудырмайды. Алайда, осындай мінсіздіктің өзінде стилистикалық мәнер мәңгіліктің лебі сияқты еркін, кең және салмақты. Гумилев жыл өткен сайын өз кітаптарында «жаңалықты қалай аяқтау керек» дейтін жоғары міндеттер жиынтығының кілттер жүйесі мен құралдық әдістемелік қайнар көзі бар деп барынша көбірек бағалап жүрді. Дәуірлік маңызы бар гумилевтік жаңалықтарға пассионарлық қауырт суперэтникалық жүйені қосуға болады, бұл этнология ғылымының жартылай және толық жаңалығы. Мұнымен бірге аралас және бір-бірінен айтарлықтай бөлек ғылыми сала бойынша тарихты үздіксіз жалғастыруды және оның үйлесімді кестесін жасауды да ұлы жетістіктердің бірі деп қарастыру керек. Лев Николаевич өз еңбектерімен қалайда жоғары аттестациялық комиссия құрастырып, нөмірлеп берген ғылымға еш сыймайды, ол – қайта өркендеген титан сияқты аса ірі тұлға, ол – синтез ғұламасы. Оның замандастары ғұламаның өздерімен бірге жүргенін, кезекті диссертациясын қорғаған соң кафедралық банкетте құймақпен бірге шәй ішіп отырғанын, өзінің сүйікті «Беломор» темекісінің көк түтінін шұбалтып, кейде айлыққа дейін үш сом сұрап жүргенін мойындағылары келмейді.
«Авторға мүлде кінә арта бергім келмейді. Пікірталасқа да бармаймын, ондай болатын болса, алғысөздің орнына рецензия жазуға тура келеді, ал егер жоғарыда айтылғандарды назарға алатын болсақ, қалай дегенмен де олардың қайшылықты екенін мойындау керек. Адамға социумның бір мүшесі және этнос элементі ретіндегі Л.Н. Гумилев берген бағада әлі көп мәселе айқындала қойған жоқ» (Профессор Р.М. Итсаның «Этногенез және Жердің биосферасы» кітабына жазған алғы сөзінен).
«Гумилев кітаптарының күнгейі мен көлеңке тұсы бұған дейін айтылғандай, оның мақсатының екі қырына байланысты: бірде ол жеңіл ғана беллетристелген диссертация сияқты, бірде жоғары ғылыми және бәрібір танымалдығына аздап сын айтылатын кітап тәрізді» деп жазады Гумилев өмірбаянын бірінші болып қолға алған сол көзқарастағы С. Лавров. Осыған ұқсас сөздерді академиктер Д.С. Лихачев пен А.М. Панченкодан да оқимыз. Бұл оны жақтаушылар... Ал қарсыластары бұлғақтауды мүлде көтермейді.
Жоғарыда мен «Гумилевтің кітаптарында бәрі бірдей деңгейде емес» деп жаздым, бірақ мен оны сынға алайын деп отырғаным жоқ, себебі, бәрі бірдей тең дәрежеде оқылатын бір кітабы бар, оны көзі қарақты оқырман тіпті, бұрын баяндауымен таныс болса да, тиянақты оқып шығуы керек. Бұл кітап – «Аяқталу және тағы да басынан бастау». Кітап үш рет басылды, біріншісі, редакторлардың талап етуінен болуы керек, Гумилевтің көзі тірісінде «Тарихи кезеңдегі этнос географиясы» деп аталды. Қалған екеуі автордың өзі қалаған «Аяқталу және тағы да басынан бастау» деген атпен жарық көрді.
Кітап Гумилев жаңалық ретінде ашқан әдістеме ретінде құрылған, бұл жерде ол барлық уақыттағы халықтар тарихына үңіліп, синхрондық кестені таратады, өз жаңалығына деген сенімділігін байқатады. Кез келген этносқа этногенетикалық инструментарлық әдістемені қолданудың абсолютты мүмкіндігін көрсетеді, оның тарихына алғашқы пассионарлық кезден мемориалдық деңгейге дейін бақылау жасайды. Айта кету керек, «Аяқтау және басынан бастау» кітабының соңғы басылымында Гумилевтің кітаптары мен сөздері бойынша оның шәкірті О. Новикова құрған этногенез сызбалары берілген. Бұл тетікке қозғау салынды, ерте ме, кеш пе, басқа да көптеген суперэтностар үшін даму кезеңдері жүзеге асады.
Қазірше кеңес бере тұрайын. Ғалымның қолынан әртүрлі кезеңдерде шыққан бірнеше мақалаларының басын құрайтын «Қара аңыз» («Черная легенда») кітабына назар аударуды ұсынамын. Онда біз зерттеушінің көп жылғы еңбектерінің алғы шарттарымен танысамыз. «Дала трилогиясы», «Хунну», «Ертедегі түркілер», «Ойдан шығарылған патшалықты іздеу» кітаптарын оқуға даярлана отырып, «Ежелгі Русь және Ұлы дала» кітабын оқуға асықпай уақыт жұмсаймыз. Содан кейін «Ойдан шығарылған патшалықты іздеуге» кезек келеді. Ақыр соңында сіз өзіңіз оқыған «Каспий төңірегіндегі мыңжылдық», «Хазарияны ашу», «Этногенез және жердің биосферасы» кітаптарында айтылған ойларға қосыласыз. Сосын, мектепте оқыған жаңашылдық пен таланттарды тез қабылдайтын жылдарда «Русьтен – Ресейге дейін» кітабының қолыңызға түспегеніне өкінесіз...
Бәрін оқып шыққан соң этнология нақты ілім екендігіне, Гумилевтің орыс еуразияшыларының ғұлама ізбасары және қажетті оппоненті екендігіне еріксіз келісесіз. Ол туралы кітаптың «Әкелер мен балалар – еуразияшылар» бөлімінде тиянақты айтатын боламыз. Этногенез туралы ілім ұлттар мен халықтар туралы жалпы еуропалық ілімді ауыстырды және этносаралық оң және теріс пікірлер туралы ойлануға мәжбүрледі. Гумилев ұлттарды хирургиялық зертханаларда нақпа-нақ шектеу, қойды ешкіден, арийлықты басқадан айыру мүмкін еместігін дәлелдеді.
Халықтар мен ұлыстарды біріктіру оқиғасы қай жерде: Ұлы Қытай қорғанының ар жағында болса да, мұхиттар мен теңіздер қоршаған аралдарда болса да немесе адасқан суперэтностың қайнаған қазанында болса да атмосферада немесе ғарышта болатын энергетикалық процестер әсерімен өтеді. Суперэтностың өзге суперэтноспен бірге өмір сүруге ұмтылысы не химердің (Хазария), не симбиоздың құрылуына әкеледі (Алтын орда, Ресей империясы). Гумилев оң комплиментарлық кезінде симбиоз неғұрлым тұрақты құрылым деп есептейді. Тарихшыны орыс халқын ортақ шамаға келтіреді деп сынға алып, кінәлаушылар Гумилев ашқан жаңалықтарға дұрыс түсініктер жасаған жоқ. Лев Николаевич араласып кеткен ұлттардың өмір сүру жағдайы туралы, игілікті метисация туралы таза күйінде оның өзінде аса сирек реликттің сақталуы мүмкін еместігін жазады. Ал этнос – өмір құрылымының қуатты динамикасы бар жылжымалы субстанция. «Нәсіл тазалығы» туралы қызғанышпен қарсылық білдіретін сыншылардың барлығы Гумилевтің терминологиялық айқындауы бойынша «генетикалық материал дрейфтеледі және аймақ популяциясы бойынша тарайды» дейтін тәжірибеге тәсілденді. Бұл мол байлықпен қайтып оралған айбынды пассионарлық жауынгерлер өздерінің тұрған жерлерінің шектері бойынша байлығы мен ұрпақтарын қалдырады. Көріп отырғанымыздай, ғұлама ғалым өз мәтіндерін ірі «аттикалық тұзбен» түзеудің тамаша өнерін меңгерген. Дегенмен, өзінің басты жаңалығы – кез келген этнос үшін 1200-1500 жылды құрайтын кезең этногенез туралы Лев Николаевич үлкен салмақпен жазды.
Ол кең көлемді тарихи материалдарында этностардың даму және жойылу заңдылықтарын табиғат құбылыстарымен, «биосфералық тірі заттардың химиялық қуатымен» (В.И. Вернадский) байланыстыра отырып дәлелдеді. Мұндай түсінік тылсым күштердің қатысы туралы мәселені жоққа шығарды және тіпті, этнос дамуының жоғары деңгейін «акматикалық» деп атауға мүмкіндік берді. Бұл кішкене ерлігін Лев Николаевич орыс акмеизмнің негізін салушы әкесі мен анасының құрметіне арнады. Жалықпайтын саяхатшы, Еуропа тастарын бәрінен де қасиетті деп есептеген Николай Степанович әдеби-топтық терминнің мұндай қосымшасын табар ма еді? Ата-анасына бас ие отырып, Лев Николаевич Анна Ахматова өзінің шыққан тегін Алтын Орданың соңғы ханы Ахматтан алады деген сияқты аңыз жайлы соншалықты көркем және кешірімді ыңғайда ой білдірді. Лев Николаевич өзіне таңылған дворяндық атақтан бас тартқан жоқ – бастан өткен қайғыны ештеңемен де төмендетпеді.
Мұнымен бірге көп жылдар түрмеде отырған тұтқынның және каторжниктің айтарлықтай тыныштық сақтауы былай түсіндіріледі: Гумилев күнделікті мыңжылдықтар кезеңіндегі істермен жұмыс атқарды. Оның тұрақты ой-өріс кеңістігінде пассионарлық түсініктер, этногенездік фазалар, энергетикалық зарядтар, энтропия, табиғи катаклизмдер және жер болмысының басқа да ерекшеліктері мен сипаттары болды. Ол расизм мен еуропацентризмге қарсы шықты, ол қазіргі қалыпты этностардың буырқанған жастық кезеңі туралы жазды, ол «әр этностың өз мәдениетіне, өзінің ой құрылымына және өз идеалдарына құқы бар» екенін дәлелдеп өз сұрақтарына жауап берді. Оны былай қойғанда, этностың «мәдениетін» және «кейіндеп қалуын» айқындау кезінде пайдаланылған синхрондық кесте дұрыс емес деп есептеді. «Өркениетті еуропалықтар жасы ұлғайған барлық этностар сияқты ежелгі халық, сондықтан да өркөкірек, ал жас кезінде олар сол уақыттағы мәдениетті маврлардан құдайға құлшылық ету мен моншаға жуынуды үйренген жабайы «франкалар» мен «нормандар» болатын».
Ол ешқандай рұқсатсыз, миына толқындай соғып, марапат орнына ғылыми нәтиже күткен жеңілмес шабытты, музыканы таныған шын мәніндегі суреткер еді. Гумилевтің өзі айтқандай, бұл музыка нәтижеге жету үшін күніне 25 сағат жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Енді біз Лев Николаевич Гумилевтің ойлары мен идеялар құрылымын жан-жақты жақсы білеміз, оның неден күдіктенгенін аңғарамыз – ол ақиқатты соңғы инстанцияда шешуге ұмтылмады. Біз оның зерттеулері мен маңыздылығы бірдей жаңалықтары туралы әлі айтатын боламыз, қазірше баянымыздың келесі бөлігіне көшу үшін ең алғашқы аралық қорытындылар жасайық.
Лев Николаевич Гумилевтің ең басты жаңалығы – этногенез – уақыт пен кеңістік арасындағы этностар қозғалысы. Ғалым сондай-ақ құрамдас ғылыми пән – этнологияның (халық тану) мазмұнын айқындады. Этнология этнографияны, экономиканы, геологияны, археологияны, географияны, климатологияны, антропологияны және басқа да ғылымдарды біріктіреді.
Гумилевше айтқанда, этнос – нәсіл емес. Бірақ этностардың есепсіз санының бастауына алты нәсілдік типті қояды, этностар – адамзатты құрайтын қауымдастықтар. Соңғы уақытқа дейін ғылымда көбінесе «ұлт» термині қолданылып келді. Алайда Гумилев оны этникалық параметрлерді тысқары қалдыратын әлеуметтік-экономикалық сипаттағы термин деп есептейді. Этникалық сипат бірді-екілі емес, көп жағдайда дұрыс қабылданады. Этнос – бұл өмір сүрудің түрлі формасы, «монорасалық бірде бір этносты білмеймін» деп атап көрсетеді Гумилев. Бұған дейін «антропосфера» аталып келген барлық адамзат қауымдастығын ол «этносфера» атады.
Екінші жартылай жаңалық. Лев Николаевич Гумилевтің екінші жартылай жаңалығы – пассионарлық. «Менің қызым – пассионарлық» – дейді ол. Бұл құбылыстың екінші жартысын кім ашты? Бұл қалай болды? Оның мәні неде? Мұндай сауалдарды ұдайы қоя беруге болады. Осылардың бәріне бірден жауап беріп көрейік.
Телевизиялық хабарлардың бірінде Гумилев былай деді: «Ленинградтың «Крести» түрмесінде мен – тұтқынмын. Жауап алудан соң әл-қуатсыз, қозғалыссыз қаламын. Сосын, біртіндеп тірлік күші маған қайта орала бастайды, төбедегі тесіктен тұңғиық ғарыш көкжиегінен түскен жарық сәулені көремін. Бойымда өмірге деген құштарлық оянады. Міне, энергиялық қуат, биосфера дегеніміз осы! Күннің сәулесі»
Гумилевтің бұл сөзі көпке белгілі, бірақ ол кезде, түрменің сықырлаған орындықтарында аяқтарын айқастырып отырған тұтқындар арасында тас төселген еденде шалқасынан жатқан күйі күн шуағына үңілген сәтте ашқан жаңалығын өзі де білмеген. Тергеуші оған «ату жазасын» кестіруге уәде еткен. Осындай жағдайда ары мен абыройын сақтау үшін күш жинау керек болды, қазірше ол дінге сенетін адам ретінде, Ахурамаздадағы және өмір сыйлайтын оттағы дінге құлшылық етуші пенде сияқты ұғымда еді. Оны филологтардың бірі байқамай айтып үлгерген. Сол отыз тоғызыншы жылы Лев Николаевич Заратустраның қасиетті «Авеста» канонын оқыды деп ойламаймын, ол 1931 жылы Памирге жасалған оба экспедициясын зерттеді, бірақ «Заратустра осылай деген» тракт оған бұрыннан белгілі болатын. Ол «Ницше қаншалықты қателескенін» білу үшін ежелгі тәжік тілін де, парсы тілін де оқып үйренді. «Биосфера» аталатын ғылыми сөз айтарлықтай кейін келді.
Оның жердің энергетикалық аумағын зерттеуге байланысты пассионарлық теориясы қалай дегенмен ол жария еткенше ертерек рәсімделді. Қандай да бір күдігі болса, өз болжамдарын Владимир Иванович Вернадскийдің жер қабатын түзуші тірі заттар туралы еңбегі арқылы тексерді. Гумилевтің космизмі Вернадскийдің орыс космизміне ұқсамайтын. Вернадскийдің тірі заттар энергиясы туралы ілімімен белгілі бір нүктеде сәйкес келу Лев Николаевич үшін «пассионарлық жарылыс» тәрізді құбылысты ашуға керек болды, одан әрі қарай екі ғалым да өз мақсаттары бойынша жұмыс істеді. Біз жолымызды Гумилевтің мақсатына қарай жалғастырамыз.
Лев Николаевич Гумилевтің ХХ ғасырдың екінші жартысында миллиондардың санасын жаулаған ғарышқа көзқарасын түсіну үшін В.И. Вернадскийдің мұралары ғалым үшін қаншалықты маңызды болғанын еске түсіру қажет. Гумилевті оның рухани ұлы деп сеніммен айтуға болады. Ал Вернадскийдің өз баласы Георгий Владимирович тектен-текке тарихшы болған жоқ.
В.И. Вернадский биосфера туралы және оның ноосфераға эволюциялық өсуі жөнінде тұтас ілім қалыптастырды; осы ілімнің негізінде Гумилевтің ғылыми ізденістері жасалды. Вернадскийше айтқанда, биосфера – тірі зат, оның энергиясы жер қабатының да құрамына қосылады. Биосфераның ноосфераға айналуы – жер тіршілігін өзгертетін адамзат өміріне геологиялық процестерімен бірдей әсер етуші күш негізіндегі ақыл-ой кеңістігі. Гумилев үшін жер серіктерін ұшыру тәжірибесі және ғарышкерлердің белгілі «саяхаттары» тым прагматикалық әрекет болып көрінді, оны былай қойғанда этногенезбен айналысқан ол ғарыш кемелерін ұшыруды Вавилон мұнараларының библиялық түрі ретінде қабылдады. «Вавилонды есте ұста!» – міне, жасы ұлғайған кезде Гумилев осылай үн қатты. Құдайға әдепсіздікпен жақындау қаупі оны қатты алаңдатты. Оның өзі адамның ішкі жалғыздығы және ғарыш, микро және макро әлем туралы ойлай отырып – орыс космизмінің дәстүрі осындай – жақын ғарышта, биосфера мен ноосферада өтіп жатқан процестерге барынша қызығушылық танытты. Оны жұлдыздардың пайда болуы мен өшуі емес, этностардың тууы, жас кезі, қалыптасуы және жойылып кетуі қызықтырды. Халықтардың тарихы сан алуан, этногенездің жалпы заңдылықтарына бағынар кезде ол ерекше қайталанбас құбылыстар сипатына ие болады, кез келген тарихи маңызы бар кезең пассионарлық тұлғаның пайда болуымен көрінеді. Ол әр дәуір кезеңіне өзгелерден бөлек айырықша бет-бейне әкеледі.
Л.Н. Гумилев сұрақ-жауап негізіндегі мазмұндау түрін жақсы көрді. Оған сұрақтарды ойластырудың қажеті жоқ еді – ол ішкі жағынан немесе қияңқылықпен, тіпті әшкерелікпен қайталанып жататын. «Біздің пассионарлар адамнан жоғары емес пе?» деген сұрақ жиі қойылатын. Сәл кейінірек кең таралған осы сауалға айқындық беруге тырысамын.
Пассионарлық тұлғалардың пайда болуы ғасырлар мен елдер қатынасында тарихты «ілгері жылжытады». Алайда, Гумилевтің этногенездік теориясы бойынша «пассионарлық» жарылыстар терминдері физикалық немесе химиялық құбылыстар сияқты қатаң ғылыми негізде жазылуы керек. Пассионарлардың пайда болуы теория авторына түсініксіз және жұмбақ қалпында қалды.
«Бұл не қылған «жарқыл», бұл қайдан пайда болады, неліктен оны ұмытуға да, лақтырып тастауға да болмайды – білмеймін. Бар білетінім оның болатындығы, бұл жағдай басына түскен адамдар жер махаббатының қуанышына, тыныштығы мен қорқынышына ұмтылып, пайда көруді ескермейді».
Бұл сөздер жоғарыдағы тылсым күшті, құдайдың құдіретін мойындау емес пе, ғаламды жаратушы пассионарлық тетігін іске қоспай ма? – деп одан сұрады, қатаң сұрады. Сауалдың мазмұнында кеңестік тұрмыстық болмыспен сәйкес келмейтін құдайды іздеу мен құдай жасауды кінәлау, жария түрде өсектеу көрініс береді. Сұрақта әшкерелеу бар, ал өтініш білдіргендер шын жүректен «мойындап», «отставкаға» шығуы керек немесе көптің көзінше құдайдан бас тартуы қажет. Лев Николаевич мұндай «метафизикалық айтысты» қолдамады және былай деп жауап берді: «Құдайдың бұдан анағұрлым күрделі істері бар...». Әлемдік және христиандық православтық адам ретінде Л.Н. Гумилев шын мәніндегі пассионарлыққа үлкен іс-әрекет жасайтын, адамзатты өзгертетін адал адамдарды жатқызды. Зұлымдық пен мейірімділік категориясы өз теориясын барлық көлемде жаңартқан кезде (екінші докторлық диссертациясы «Этногенез және жердің биосферасы») ол үшін қолданбалы маңызға ие, өйткені, құбылыстың затын айқындау үшін ғасырлар керек болды, ал пассионарлар бірден және жылдам әрекет етті. «Мен бұл жерде тұрмын және басқадай істей алмаймын!» – деді Мартин Лютер, Галилей: «Қалай дегенмен де ол айналып тұр» – деп күбірледі, Мансұр әл-Халадж: «Мен – ақиқатпын» – деп айқайлады, ең соңында В.И. Вернадский дәптеріне мынандай сөздер жазды: «...биосфера жанды дүниесінің химиялық энергиясы».
«Аяқтау және тағы басынан бастау» кітабынан алынған бұл тізімді жалғастыра беруге болады және жалғастырамыз да. Лев Николаевич Гумилев: «Этнология – метеорология, сейсмография, геология және гидрология сияқты. Ол этногенез заңдылығын өзгерте алмайды, бірақ не бүлдіргенін білмейтін адамдарды сақтандыра алады».
Осы жерде тағы да Вавилон мұнарасын еске аламыз. Аса ауқымды ғимарат қирап түсті және үйіндіге айналды. Ғалымдардың адамдар мақтанышының қирауын құдайдың қаһарынан деп түсіндіруі жеткіліксіз. Мұнымен бірге, вавилондықтардан зардап шеккен иудейлер де жазды. Шын мәнінде Вавилонияның патшасы Навуходоносор ІІ біздің дәуірімізге дейінгі ҮІІ ғасырда Иерусалим қирағаннан кейін және қоныс аударған көп халықтардың бірі мен иудейлердің таралуына бастау болған Иудей патшалығы жойылған соң құрылысшы да болды. Соның патшалығы кезінде Вавилон мұнарасы және Семирамида (жеті қабатты пирамида) аспалы бағы салынды. Навуходоносор Мысыр патшайымына үйленіп, сарай жанында көптеген мысырлық челядилерді: егіншілерді, бақша және гүл өсірушілерді, геодезистерді, ғалым-жұлдызшыларды ұстады. Олар Тигр мен Евфрат өзендерінде сумен жабдықтаудың Ніл жүйесін енгізді. Вавилон Тигр өзенінің жанында тұрды. Мысырлықтарға жақсы болды, Вавилонға – керсінше. Құнарлы топырақты батпаққа айналдырып, өзгенің ақылнамасы тек Вавилон мұнарасын қиратып қана қоймай, Семирамида бағын да, жерді де, сол араны мекендеген этносты да, біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ мыңжылдықта өрлеп тұрған ұлы мәдениетті де жойды. Біздің дәуірімізге дейінгі VІ ғасырда парсылардың жаулап алуы және біздің дәуірге дейінгі ІV ғасырдағы Ескендір Зұлқайнардың шапқыншылығы Мысыр «данышпандары» еркіндікке жіберген су басқыншылығын соңына жеткізді.
Табиғи процестерге жабайы басқыншылық жасалды. Мұнара іргетасынан айырылды; ғасыр өткен соң археологтар болжаммен оның үйіндісін тапты. Енді қазір құтқарушы жабдықтар он қабатты үйдің биігіне әрең жетіп тұрған кезде неге жүз қабатты ғимарат тұрғызамыз деп сұраймыз. Тарих: «Қорғалмаған, алды-артын ойластырмаған дөрекілік адамдардың тіршілігі мен тұтас халықтар өмірі үшін аса қауіпті!» деп ескертеді. Қираған вавилондық қос мұнарадан енді не шығады? Мүмкін төрт мұнара тұрғызатын шығар. Көкке жабайы түрде шабуылдап жерден тірек таппаған халықтар үшін ортақ тіл табыла ма?
Енді «Пассионарлық адамнан жоғары тұрушы емес пе?» деген сұраққа нақты айқындық енгізейік. Фридрих Ницше туралы өз очеркінде Стефан Цвейг көп мағыналы эпиграф келтіреді: «Мен философты қаншалықты үлгілі қызмет ететін қабілетіне қарап сол деңгейде бағалаймын». Эпиграфтың астында автордың есімінің орнына «Мезгілсіз ойлар» деп жазылған.
1925 жылы, неміс философының өлгеніне жиырма бес жыл толуына орай жазылған Стефан Цвейгтің эссесі 1932 жылы жазушының жиырма томдық шығармалар жинағының оныншы томында жарияланды. Жас Лев Гумилев те адам тағдырын неғұрлым шабытты және терең талдап зерттеген прозаға және Ф. Ницшенің интеллектуалды мұраларына көз жұмып қарай алмағанына толық негіз бар.
Біріншіден, отызыншы жылдардың басында дұрыс көзқараста ойлайтын төңкеріске дейінгі интеллигенция ортасында Ницше туралы арийлық түбегейлі артықшылық императиві бар нацистік идеологияның себепкері ретінде ештеңе айтылмайтын. «Саз рухынан трагедияның тууы», «Адами, өте адами» философиялық карьерасын армандайтын кез келген адамның оқу шеңберіне сөзсіз енді. Бұл кезде «Also sprach Zarathoustra» мен «Mein Kampf» арасында салыстыру жүргізу үшін ешқандай алғышарттар жоқ еді. Ол уақытта «ұлы құрылыстар қарбаласында», «ғажайып отанның кең даласында шайқас пен еңбекте шынығып» трагедия туып жатқанын батылы жетіп айта алмайтын...
Екіншіден, Цвейгтің өзінің шығармалар жинағына отызыншы жылдары Томас Манн шығармаларына әсер еткені сияқты Манның «Сыйқырлы тауларын» және Ницше туралы очеркімен қатар Зигмунд Фрей туралы Цвейг еңбектерін аударған В.А. Зоргенфрейдің қатысы болды. Александр Блоктың жақын танысы баспагер, редактор, неміс әдебиетінің маманы В.А. Зоргенфрей «Командардың қадамына» өмірін арнаған, «Бүкіләлемдік әдебиет» маңындағы адам, яғни, Николай Степанович Гумилевтің көзқарасындағы маман. Зоргенфрейді отызыншы жылдардың аяғында атып тастады, оның барлық еңбектері арнаулы күзеттің қолына түсті немесе оны құртып жіберді. Бір сөзбен үйде сақтау қауіпті еді. Ницше мен «ницшешіл» орыс философтарының мәтіндерін Лев Николаевич Гумилевпен салыстыруға әлі ораламыз. Тек мұндай салыстыру не бір ғажайыптарды алға тартатынына сенім мол. Қазірше бұл тақырыпқа бірнеше сөзбен ғана тоқталамыз. Ницше ХХ ғасырдағы Еуропа философиясына сай келе кеткен адам өмірінің аполлондық және дионистік екі бастауы туралы пікірлерін білдірді. Ежелгі әлемнен ашық күндей тыныштық пен бүлікшіл жандырып, күйдіретін құштарлықтың салыстырылуын бөліп алып Ницше әрине, филологияны философияның бас шұлғитын құлына айналдырды. Базель университетінің өзіндік ерекше филология профессоры «Трагедияның тууынан» кейін «Заратустраны» жазды. Онда басты кейіпкер – адамнан жоғары тұратын пенде, бұл жерде бәрі де «Тек демонийстік түр ғана жанның жалындап ашылу ғажабын басынан өткізеді...» деген бас айналдырар формула белгісімен өтеді. Көзі қарақты оқырман Ницше айтқан «сверх» адам мен гумилевтік «пассионария» арасында белгілі бір ұқсастық барын құр жібермейді. Үнемі есте ұстайтын айырмашылық мынадай: Гумилев үшін пассионарлық тұлға биосфера қозғалысының планетарлық нышаны нәтижесінде қуатты тұлғаның туындау тетігінің өзі әлі белгісіз болса да, биосферада нақты тұлғаның пассионарлық өрлеуі туындайды.
Лев Николаевичке керемет батырлықтың «білтесі» ретінде адамгершілікті жаратпау, жалпы ницшешіліктің мизантропикалық төзімсіздігі, оның имморализмі мүлде жат. «Ақымақ Фридрих болса, бұл басқа шаруа. Ницше үшін адам ғаламның бір бөлшегі ретінде, тарихи процестерге қатысушы ретінде түкке де тұрмайтын кішкене нәрсе. «Сверх» адам туралы максималистік философема Ницшенің ілімінде әу бастан моноцентристік орында болды. Бәрінен де Заратустра «өз отаны – жалғыздық» екенін жақсы сезінеді. Адамзаттың объективті даму заңдылығына ол қаншалықты сәйкес келеді, философтың онымен ісі жоқ.
Мүмкін екі философтың еңбектеріндегі іс жағдайын салыстыру әдепсіздік болар?
Ницшенің басылған кітаптары ыңғайластырылып кесілмеген және түптелмеген қалпында жиырма жылда құрып бітті. Соңғы төртінші бөлігін – «Заратустраны» автор өз қаржысына қырық дана ғып бастырды, тек жеті адам ғана оны Ницшенің өз қолынан алды, автордың пікірінше, тек солар ғана оны түсінуі мүмкін. Қалғандарының оның философиясымен ісі болған жоқ.
Ал Гумилевтің «Этногенез және жердің биосферасы» түбегейлі трактаты туралы айтар болсақ, ол танысқысы келетін оқырмандардың көптігімен ерекшеленеді. «Л.Н. Гумилев және оның уақыты» атты мақаласында А. Куркчи ВАК бекітпей қойған және этнологиялық трактатқа айналып кеткен екінші докторлық диссертацияның тағдыры туралы былай дейді: «Парадокстың мәні мынада, академиктер оны басып шығаруға тыйым салды, бірақ ВИНИТИ-дің қолданыстағы ережесі бойынша, жұмыспен танысқысы келетіндер үшін қолжазба көшіріліп басылып беріледі. Жай кездерде нақты ғылым бойынша бес-он дана ғана көшірілетін. Бұл жолы тапсырыстар тым көбейіп кетті, ВИНИТИ елдегі ерекше байыған бірінші коммерциялық баспа орталығына айналды. Егер баспалар Гумилевтің кітаптарын бес немесе жеті мың данамен ғана шығарса, бұл жерде ВИНИТИ докторлық жұмысты жаппай таратушыға еріксіз айналды. Көшіріліп басылған еңбек бүкіл елімізге тарады және оның тиражы отыз немесе жүз мың данаға дейін барды. Үш жылдан кейін өзіне-өзі келген әкімшілік бұл істі тоқтатуға мәжбүр болды.
Басты баяндаудан енді сәл шегініс жасайық. Гумилевтің бірде-бір шаруасы кедергісіз өткен жоқ. Уақыт жайлы, оппоненттер туралы, автор үшін еңбекақының жоқтығы туралы қаншама ақпарат бар және мойындалмаған еңбектің оған қатысы жоқ адамдарға кемінде қандай пайда түсіргендері туралы келесі жолдан бастап оқуға болады.
Л.Н. Гумилев кітаптарының қазіргі таралымын оның қатысу қажеттігі мен Гумилевтің қазіргі заманғы интеллектуалдық ғарышта болуын көрсететін ғажайып құбылыс деп бағалауға болады. Ницшені өзі ұдайы айтып жүретін еуропалық мәдениеттің апатты жағдайы алаңдатты, мазасыздандырды. Мұндай пессимистік көзқараспен Гумилев келіспеді, трагедиялық филологиялық қорқынышқа мойын ұсынуды сезінбеді. Керісінше, бірде-бір этносқа үздік баға, классикалық мектеп «бестігін» қоймай, ол «Аяқтау және тағы басынан бастауға», туу мен өлуге, адамзат баласы мәңгілік өмір сүретін өзгерістерге барынша сенді. Өз кітаптарын ол этникалық шиеленістер мен қақтығыстардан аз зиян шегудің, биосфера энергиясымен өте тығыз байланысқан тарихи таным ретінде басшылыққа алды. Немістің тағы бір философ-тарихшысы Освальд Шпенглердің халықтың жанын көрсететін «тұйық ағза» ретіндегі мәдениет туралы ілімі Лев Николаевичке айтарлықтай жақын келеді. «Еуропа ымырты» кітабы тіпті, шығармашылық дамудың орнына «нәрсіздік пен жалаңаштық» әкелетін әлі де болса тұйықталған түрлі ұлттық мәдениет дамуының мыңдаған жылғы циклын көрсетеді.
«Еуропа ымырты» кітабын Гумилев мұқият оқыды. Жай қарағанның өзінде О. Шпенглердің этногенезге, этностардың құрылуына, өмір сүруіне және дамуына әсер ететін тербелмелі танымға тым жақын келгенін көруге болады. Екі «тұтқын»: біріншіден, ұлт туралы еуропалық ілім (мысалы ол қытай мәдениетін қытай ұлтының мәдениеті ретінде қарастырады, ал қытай мәдениетінің аясында 60-тан астам ұлт пен ұлыс біріккен) және екіншіден, Еуропаның келешегіне деген пессимистік көзқарас Шпенглерге Гумилев ашқан жаңалықты ашуға бөгет болды.
Ал Гумилев этностар генезисін ашты. Қалғандарының бәрі – өнертабыстың дамуы. Бұл қалай жүзеге асты? Ол – философ және тек философ қана емес. Ол бірнеше ондаған жыл бойы этнология ілімінің даму сатылары: материалдарды жинақтау, сұрыптау және ойға салып салмақтау сияқты жолдардан үлкен үзілістермен жүріп өтті.
Ол өз өнертабысын енгізіп те үлгерген жоқ, бірақ жемісін көру үшін еңбектерін пайдалану құқын бізге ықыласпен тастап кетті. Құдай бұл еңбектерді салмақтап ой қорытуға мүмкіндік берсін! Қазіргі таңда оның үлесін ойша салмақтап қана қоймай, соңына дейін түсінудің өзін тілге тиек ету қиындық тудырады.
Л. Гумилевтің айналасындағы тілектес адамдардың бірі, оның бірінші биографы С. Лавров Лев Николаевичтің өзін этнолог, ал академик Бромельді этнограф ретінде ажырата білуді сұрағанын жазады. Лавров түсінбей қалды: міне, қандай өш алу!
Л.Н. Гумилев өзінің айтқан сөзіне жауап берді: этнография – этносты суреттеу, бұл әлі ғылым емес, бұл – материалдарды жинақтаудың алдыңғы сатысы, ал этнология этнос туралы ілім. Бұл ілім бір ғана адамның күшімен аз ғана уақыттың ішінде, көптеген қарсылықтар мен қысымдарға қарамастан құрылды.
Қалай десек те, Л.Н. Гумилев «Вавилонды ұмытпа» деп жазғандай, кезінде «Кез келген жетістік, таным үшін алдыға жасалған кез келген қадам ерліктен, өзіңе-өзің қатал қарағандықтан, өзіңе-өзің адал болудан шығады» деп жазған Ницше жайында «Ницшені ұмытпа!» деп айтуға құқылымыз. Жас кезінде Лев Николаевичтің өзі Ницшенің: «Өзінің тұрақтылығына қарсы бүлік кезінде артық күшін барынша азайту үшін табиғатқа циклондар мен құйындар қандай керек болса демоникалық тұлғада да рух өзінің артық қуатын мораль қалыптылығы мен ой жиынтығына қарсы мезгіл-мезгіл аудару үшін қажет болады... Бірақ бүлікте де кейіпкер ғарыштық бейбіт құрылысшыдай қала береді: оның бірі өмірдің толық мәнін көрсетеді, екіншісі – көз жетпес кеңдігін танытады» деген сөзін игеріп алған.
Мүмкін Гумилев танымының биіктігін барынша тереңдікпен тану үшін бізге кейде асықпай Фридрих Ницшенің ақылсыздық шегіне жақын рухани бүлікпен алаулаған кітабын қайталап оқу керек шығар.
Достарыңызбен бөлісу: |