Лекция : 30 сағат Практика: 15 сағат обсөЖ : 45 сағат Барлық сағат саны : 135 сағат



бет5/11
Дата14.06.2016
өлшемі1.13 Mb.
#135924
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

2. Майлы Шығыс әдебиетімен танысып қана қоймай, оны қазақ тіліне аудару әрекетін де істеген. Діни қиссалар сюжетіне дастан жазумен де айналысқан. «Зархұм» үлгісінде «Абдолла бала» жырын шығарған. «Тотынаманы» өзінше, қысқаша толғаған.

Майлы өлеңдерінің біразы қазақтың би, болыстарын сынауға арналады дедік. Мысалы, ол өзінің «Ескі мырза, манаптар, бегі, салы» атты бір өлеңінде үстем тап өкілдерін өлтіре сынайды. Олардың ұрылар жұмсап, арамнан жеп, халықты аяусыз тонап жатқанын әшкерелейді.

Ақын түсінігінше, әйелдің өмірдегі орны өзіне бөлек. Оларды ескермеуге болмайды. Үй құты, өмір көркі, семья сәні, жігіт қызығы – жақсы әйел. Әр үйдің ырысын молайтатын да, ер азаматтың даңқын зорайтатын да сол шаруаға жақсы, сыпайы, көркіне сай жан жары болмақ. Бірақ әйелдердің де «жақсы», «жаманы» бар. Олар да ерлер сияқты екі топқа бөлінеді. Әйелдің жақсылығы тек көркінде ғана емес, ісінде, адамгершілігінде, ақылы мен өнерінде. Жақсы әйел жігітке шын серік, сарқылмас ырыс.

Ақын өзінің «Не жүйрік өтті дүниеден» өлеңінде тіршілік өмірдің баянсыздығын, дүниеге келген адамның өлмесі де қақ болатынын түсіндіре келіп, санаулы күнді босқа өткізіп алмауға, мүмкін болғанынша оны маңызды, мазмұнды, қызғылықты өткізе білуге шақырады.

Дүние, өмір туралы Майлы өлеңдерінен көрінетін тағы бір шындық – ол ақынның өмірден түңілмейтіндігі. Ол өлімді күтіп жатып алуға қарсы. Тіршілік қамы әр кезде де керек. Ол – адамды ілгері жетелеп отыратын күш.

Ақын өзінің «Ажал бір келмес болсайшы» өлеңінде өлімге қарсы тіршілікті, жастық жігерді қоя жыр шертеді.

Майлы шығармалары - өлеңге қойылатын биік талаптарға жауап беретіндей әрі мәнді, әрі сәнді жырлар. Ақын негізінен нақыл термелер шығарып, өлеңнің осы бір түрінен шеберлік танытады. Өзі тұстас оқушылары мен тыңдаушыларына мәтелдеп, мысалдап, нақылды сөз айтып, өз ойын тайға таңба басқандай анық білдіруді мақсат етеді.

3. Майлықожаның кейбір толғаулары баспа бетін ерте көрген. 1883 жылы Ташкент қаласында басылған «Қырғыз хрестоматиясы» атты жинақта Майлықожаның бірнеше ұзақ толғаулары басылады. Олар – «Райымқұлға», «Қасқыр», «Ноғай мырзаға», «Үш жігіт» деп аталады. Ақының бұл өлеңдерінің жалпы мазмұны адамгершіл ұғымдағы ғибрат сөздер.

«Қасқыр» атты өлеңінде ақын өзі тойса да, көзі тоймайтын қасқыр мінезді жыртқыштар тобын сынайды. Қызғаншақтық пен ашкөзділік мінездерді әжуалайды.

Оңай байлыққа жетуді аңсау, қанағат қылмау – адамның бойындағы ең жаман қасиеттер деп ұққан ақын өзінің «Үш жігіт», «Аққу мен қу» толғауларында осы жұғымсыз мінездерді сынайды.

Майлының «Тотынама» толғауы да мысал сөз үлгісіндегі шығарма. Майлы шығармалары халықты адал еңбекке үндеуден жалықпайды. Ол адам өмірін жан-жануарлар тіршілігімен ұштастыра мысалдап жырлайды. Мысалы, «Бұлбұл» өлеңінде ақын еңбек үшін табыс тауып, қыс қамын жасар шақ жаз күндерін босқа қызықтап өткізіп алмаудың керек екенін қатты ескертеді.

Майлықожа елдің ауыр тұрмысын, халықтың басына түскен қиыншылықтарға, жұт болған ауыр жылдар қасіретіне көптеген өлеңдер арнаған. Әсіресе, қоян жылғы аштық пен қиыншылық, шаруалар күйзелісі ақынды мықтап толғантады.
Әдебиеттер

1.Қоңыратбаев Ә.. Қазақ әдебиетінің тарихы - А. 1994.

2.Сүйіншәлиев Х.. XIX ғасыр әдебиеті . - А. 1992.

3.Сүйіншәлиев Х.. Қазақ әдебиетінің тарихы - А. 1997.

4.Бес ғасыр жырлайды. 2-томдық. –А.,1989.

5.Омаров Б. Зар заман поэзиясы. –А.,2000.

6.Ай, заман-ай, заман-ай! Жинақ. – А., 1992

7.Айтыс. 3-томдық .- А.,1965-1991.

12- Лекция.

Тақырыбы: Базар Оңдасұлы (1839-1911)

Жоспары:

1.Өмірі туралы мәлімет.

2.Толғау-термелерінің тақырыптық- идеялық мазмұны.

3.Жырау шығармаларындағы бейнелілік пен суреттілік.

1. Қызылорда облысының Қазалыға қарасты Көшербай болысы, 6-аулында туып өскен. Базардың өлеңін жинаушылардың бірі Әлқуат Қайнарбаевтың деректеріне қарағанда ақын 1839 жылы туып, 1911 жылы қайтыс болған (бейіті Қызылқұмның Жалпақтау деген жерінде). Шыққан тегі кедей. Тек 16 жасынан бастап өнер жолына түскен Базардың ұрпағы Өзбекстанның Бұхара облысы, Тамды ауылы, Қосбармақ деген жерінде тұрады. Базар өз бетімен оқып, сауатын ашқан. Ер жеткен шағында діни кітаптарды, қолына түскен шығыс әдебиет үлгілерін бас алмай оқып жүрген. Өзі – белгілі суырып салма ақын. Базар өлеңдері кеңес дәуірінде ғана жинала бастады.

Ә. Диваев, С. Сейфуллин, Ә. Марғұлан ақын өнеріне алғаш назар аударып, жазып алушылар болды. 1925 жылы Ташкент қаласында басылған «Терме» атты жинақта жыраудың бір топ өлеңдері тұңғыш рет басылып шықты. Кейін 1931 жылы С. Сейфуллин оның заман туралы толғауларын (көлемі 200 жолға жуық) «Қазақ әдебиетінің ескі нұсқалары» жинағына енгізді.

Базар өлеңдерінің бір қатары «XVIII-XIX ғасырлар ақындары шығармалары» (1962) мен «Үш ғасыр жырлайды» (1965), «Бес ғасыр жырлайды» (1989) жинақтарына да енді. Ақынның тұңғыш шығармалар жинағы 1986 жылы жарық көрді.

Базардың аты қазақтың көп жеріне таныс. Арқа мен Сыр бойында оның сөздерін білетіндер көптеп кездеседі. Мысалы: Жұмақымет, Сүйкімбай сияқты жыраулар Базар жырларын жақсы жырлайды.



2. Базардың өлеңдері алуан салалы. Ақын өзінің жеке басына байланысты мәселелерден бастап, ел жайын, батырларын, өткен кеткенін, жақсы жаманын, жастар жайын кең толғайды. Солардың ішінде «Халық үшін туған қайратты ер», «Жігіттік», «Жиырма бес», «Назекеңе», «Ғашық жарым», «Дүние», т.б. өлеңдерінің мәні ерекше.

Ерлік дәстүрді жоғары ұстап халық қамы үшін жауға қарсы тайсалмай шабатын батырды ол ерекше ардақтайды.

Жігіт жауға шаппай ма, Халық үшін туған қайратты ер

Толғаулы найза, бір атпен. Айырмайды жақынын,

Күдері баулы көк шыбық, Бірдей көріп жырақпен

Сыпырма қылыш қынаппен.

Базар адамның қуатты шақтарын қартайған күндеріне қарама-қарсы қойып, жастарға ақыл айтады. Ақыл мен қуатты ұштастырып, өркенді іс қыла білуге үндейді. Ақын атаулы соқпай кеткен атақты «Жиырма бес» туралы Базар да өзінше толғанады:

Екі ауылдың арасын

Қиқулатқан жиырма бес,

Бұғалықсыз асауды

Құр-құрлатқан жиырма бес...

Базардың кейбір арнаулары өзінің жеке адамдарға деген көңіл-күйін танытады. «Сүйген жарыма», «Назарға» атты толғаулары – осындай өлеңдер.

Жыраудың өлеңдері - суретті. Ер азаматтың жолдасы болған атты бейнелеген мына бір өлеңі оған айқын мысал бола алады:

Жал, құйрығы өрілген,

Өлшеммен от-су берілген.

Бастырық жабу, жемменен,

Байлауда тұрып семірген,

Шын жарауы түскенде,

Жабуын алсақ жануар

Сілкініп дүр-дүр керілген.

Ұлы дүбір болғанда.

Базар өлеңдеріндегі негізгі пікір – жоғары адамгершілікті уағыздау. Ол адам мен атқа тән әділ, адамгершілік іс қыла білуге үндейді. Адамның артықшылығы сол адамгершілігімен, кең пейілді қарасқыштығымен өлшенуге тиіс. «Әр нәрсенің нарқы бар» өлеңінде ақын бұл пікірлерін ашық баяндайды.

Мырза менен сараңды Ғалым менен наданды –

Өлшестіріп қарасаң, Салыстырсаң білерсің,

Ылди мен зәулім асқардай. Дария шіреп тасқандай.

.

Базар – негізінен жыраулар дәстүрін берік ұстаған төкпе ақын. Оның поэзиясына жыраулық сарын – тән құбылыс.



3. Ақын өлеңіне бейнелілік пен суреттілік тән. Ол неше бір поэтикалық тілдерді (әсірелеу, теңеу, эпитет, метафораларды) қолданады. Адам тұлғасын, сырт пішін, кескін-келбетін суреттеуде болсын, ақындық шабыт, әсем тіл айшықтары белес береді. Мысалы, қыс қысымынан құтылып, жадырап жаз шыққан шақты былай суреттейді:

Жоғарыдан төменге

Жүйесін тауып су ағар.

Жағытұрым болғанда,

Жердің бетін су алар,

Жадырап күн, көк шығып,

Жан-жануар қуанар.

Ақын өлеңінде метафоралар да көп кездеседі. Ауыстыруларды ақын, әсіресе, өзі туралы айтқан өлеңдерінде көбірек қолданады. Мысалы мұны «Өлеңнің аққан көзі едім» өлеңінен айқын аңғаруға болады.

Қайыңның қатты безі едім,

Өлеңнің аққан көзі едім.

Сөйлер сөзге келгенде

Шебердің құрған тезі едім

Базар өзіне дейінгі өз кезінде жасаған қазақ ақындарын жақсы білген. Оның ішінде Шернияз, Шыман, Өтеген сияқты Ақтөбе ақындарын, Қарадос, Өске сияқты Қостанай ақындарын, Сералы, Садыр, Орынбайлардай Арқаның атақты ақындарын өз елінің өлеңдеріне қосып отырады.

Мысалы:


Шайыр өлмес дер едім, Сералы, Садыр, Орынбай,

Сайраған қызыл тіл берген. Ақкетенің ішінде,

Алжаспай сөзді ағызып, Шернияз, Шыман, Өтеген,

Есебін тауып үлгірген. Солардан да өткен сұм дүние, -

Қарадос, Өске, Бұдабай,

деуі бұған дәлел бола алады.

Жыраудың өлеңдерінде Дулат, Шортанбай ақындар сарыны, тіпті кейде Махамбет сарыны да байқалып қалады.

Базар – сөз жоқ, өз кезінің белді ақыны, дәуірінің әлеуметтік мәселелеріне үн қоса білген, кең тынысты жырау.

Әдебиеттер:

1.Қоңыратбаев Ә.. Қазақ әдебиетінің тарихы - А. 1994.

2.Сүйіншәлиев Х.. XIX ғасыр әдебиеті . - А. 1992.

3.Сүйіншәлиев Х.. Қазақ әдебиетінің тарихы - А. 1997.

4.Бес ғасыр жырлайды. 2-томдық. –А.,1989.

5.Омаров Б. Зар заман поэзиясы. –А.,2000.

6.Ай, заман-ай, заман-ай! Жинақ. – А., 1992

7.Айтыс. 3-томдық .- А.,1965-1991.


13- Лекция.



Тақырыбы: Мұрат Мөңкеұлы (1843-1906).

Жоспары:

  1. Мұраттың өскен ортасы мен ақындығы.

  2. Мұраттың толғау-дастандары мен жыршылығы.

  3. Айтыстары.


1. Мұрат - жезтаңдай шешен-жырау, төгілген ақпа ақын. Мұсылманша сауатты, дәуірінің алдыңғы қатарлы азаматы. Кең тынысты керемет шабыттың иесі. Халқының басына түскен замана ауыртпалықтарын көре де, көрсете де білген шынайы поэзия өкілі: елі, жері, халқы үшін қасірет шеккен саналы суреткер. Ел тарихын емірене жырлап, аруағы асқан ержүрек батырларының образдар галлереясын қалдырған шын мәніндегі эпик. Табан асты тамаша сөз тапқыш ақпа-төкпе, нағыз профессионал импровизатор. Заманасы артқан ауыр жүгін елімен бірге арқалаған ғажап қайрат иесі.

Ақын 1843 жыл Қазақстанның батыс өлкесіне қарасты Қызылқоға жерінде, Қарабау жайлаған беріш елінде дүниеге келді.Әкесі Мөңке - өз еліне аты мәлім дәулетті адам. Тайсойған, Қарабау жерлерін мекендеген Қаратоқай ұлыстарының белді биі. Мұраттың әкесі ерте өліп, ол ағаларының қамқорлығында өмір кешіп, ер жетті. Кейінірек Мұрат елі жұтқа ұшырап, өзі адай ағайындарына барып, жан сақтаған.

Мұрат - өзі өмір сүрген дәуірінің перзенті. Өскен орта, жасаған заман - қай ақынға да болсын алтын бесік, ұшар ұя, ол талант талғамын, өнер өрісін, шығар биігін белгілейтін негізгі факторлар.

Мұраттың ақындық ортасын сөз еткенде, оны өсірген қоғамдық құрылыс, әлеуметтік тұрмыс, туған ел жұртының салт-санасы, өмір құбылыстарын қарастыра зерттеу керек.

Ата-баба дәстүрі мен ата мекенде өмір сүру, кең жайлау мүмкіндігі құрып бітіпті. Ақынның заман өзгерістері туралы түйіні осындай. Бұл қорытындыны Мұрат терең толғаныспен жырлай білді. Айтар ойын ашық та анық, әсерлі де әсем өлең жолдарымен кестеледі. Ақын шығармалары мәңгілік көркем туындылар қатарында кең тарап, қанша қысым көрсе де, ұмытылмай ел аузында сақталды. Ақын шығармалары кішігірім жинақ ретінде 1924 жылы Ташкент қаласында “Мұрат ақын сөздері” деген атпен Халел Досмұхамедұлының бастыруымен жарық көрді.

Мұраттың өлеңдерінде патша үкіметінің қазаққа жұмсаған саясаты айқын байқалады. Жақсы жерлерді тартып алып, ел қамын жегендердің қамалғаны, өлтірілгені анық айтылады.

Ақын қалдырған мұраларға көз салсақ, оның творчествосы кең арналы, сан-салалы білімді ақын тұрғысын танытарлық келеді. Оның шығармаларындағы негізгі сарын-таза халықтық әуен. Мазмұн жағынан бастан-аяқ ел мұңын, халық тірлігін көтерсе, түр, стиль жағынан фольклорлық сарынды сақтайды. Ақынның бала жастан алған тәлімі, көрген білгені, өмірден жіпке тізіп түйгендері-бәрі өзі өскен қазақтың қақ ортасынан тарамдалады. Бала жастан ел ақындары дәстүрінде тәрбиеленіп, халық ақындары қатарлы өсіп жетіледі. Халық творчествосы, ақындар поэзиясы болашақ ақынның талант көзін ашады.

2. Мұрат шежіре-тарихқа жетік, өткен ғасырлардағы жыраулар мен батырлар жырларын жатқа білген. Әсіресе, Қазақстанның Батыс өлкесінің өткен-кеткені, жер, су мекені, атақты адамдары, шешен-жыраулары, тілінен бал тамған өнер иелері, ел қорғаған батырлары, бай-мырзалары, жақсы деген азаматтары – оның туындыларының алтын арқауы. Сыпыра, Асан, Қазтуған, Шалгез, Жиенбет, Доспамбет, Махамбет, Шернияз, т.б. тарихи адамдардың шығармалары бізге осы Мұраттың айтуы арқылы жеткен. Ескі ел тарихынан естіген, білген, түйгендерін шашау шығармай әсерлі де мәнді эпостық шығармаға айналдырып, өзі көзін жұмғанша халқы алдында сайрап өткен. Еңсесі түскен туған елінің көңілін көтеріп, ойын сергіткен. Мұрат сөздерін ел-жұрты сүйсіне тыңдап, бірі көзіне жас алып қасірет шексе, екінші тобы, бойларын жиып, ертедегі ер азаматтары ісіне қайран қалып, оларға еліктеп, ат арқасына қонып, тәуелсіздік ұранын көтерген. Сондықтан Мұраттың шығармалары-өз кезіндегі тарихи маңызы зор, халқының мұңын көтерген, тәлім-тәрбиелік қызмет атқарған туындылар.

Мұраттың толғаулары мен дастандарына тоқталсақ, олар:”Үш қиян”, “Сарыарқа”, “Қазтуған”,”Өттің бір қапы дүние”-өзара байланысты, әуендес, мазмұндас, сарындас шығармалар. Мұнда қазақ халқының отаршылар тарапынан көрген ауыр зауалдары бейнеленді. Қысымға шыдамаған ел-жұрттың зар-шері, көңіл-күйі шертіледі. Халық басынан өткізген жұт жылдары сабақтаса суреттеледі.

Мұрат ақын шығармаларының ішіндегі ең көлемдісі “Қарасай-Қази” жыры. Бұл – нағыз эпостық поэма. Орақ батыр мен оның балалары Қарасай, Қазилардың жалғасып жатқан батырлық дәстүрлерін ардақтайтын ерлік эпос. Жыр сюжеті шағын желіге құрылған. Ата жолын қуған ұлдардың перзенттік парыздарын өтей білулері, нағыз ел қорғандары мен арам ниет ездердің екіжүзділіктерін әшкерелейтін ұтымды оқиғалар, көркем көріністер жинақталған.

Мұраттың ақындық мұраларының құнды бір саласы, оның лирикалары-арнау, хат, сын-сұқбат, ақыл-нақыл сарындас туындылары. Бұл салаға жататындар, негізінен, ақын өмір сүрген кезеңнің шындығын, дәуір адамдарын, олардың мінез-құлық, іс-әрекеттерін бейнелейді.

Мұраттың “Айжарыққа”, “Есенғали болысқа” , “Есентемір Тұрабай болысқа”, “Қарақожа болысқа” т. б. өлеңдері-қазақ еліндегі болыстық билікке, патшалық сайлауға наразылық ниетіндегі туындылар.

Мұрат шығармаларын тізбектей жіктеп, талдау соңында айтарымыз-оның тілге шешен, тапқыр да алғыр ақын болғандығы. Оның шығармалары қамтымаған кезінің шындығы кемде-кем. Кең тынысты эпик, нәзік жанды лирик, жүлде алған жүйрік, сан қырлы саңлақ.



3. Мұрат айтысқа тым ерте, 15-16 жастар шамасында түседі. Алғашқы айтыстары, басқа да көптеген дүниелері бізге түгел жеткен жоқ. Баспа бетін көріп жүргені тек бес-ақ айтыс: Жаскелең, Балаораз, Жантөле, Тыныштық, Ізім ақындармен айтыс, тіл қағыс, дидарласу сөздері. Осылардың ішіндегі ең мәндісі-Мұраттың Жантөлі қызбен айтысы. Бұл-екі ақынның әлеуметтік мәселені қозғаған жақсы диалогтары, өзінің тіл ұстарту үлгісімен де елеуге тұрарлық, ақындардың сөз тапқыш, ұтқыр, шешендіктерін таныта аларлық туынды.

Мұраттың Жантөлі қызбен айтысында Жантөлі Сара ақын сияқты күйеуінің кемтарлығы себепті Мұраттан жеңіледі.

Мұраттың айтыстары негізінен қайымдасу түрінде келеді. Қайым өлеңдердің жолдарын қайыра қолданады. Өзінің жаңа ойын соған жалғай салады. Қайым айтыс формасы, көбінесе, әзілдесу, қалжыңдасу, пікірлесу ретіндегі диалогтар. Мұратпен айтысқандардың біразы айтыстың осы бір халықтық түрін ұнатқан сияқты.

Айтыс жанрындағы Мұраттың шығармалары – оның ақындық өнерге дағдылану жолын танытарлық және суырыпсалма ақпа жырау болғандығына куә боларлық туындылар.

Әдебиеттер

1.Қоңыратбаев Ә.. Қазақ әдебиетінің тарихы - А. 1994.

2.Сүйіншәлиев Х.. XIX ғасыр әдебиеті . - А. 1992.

3.Сүйіншәлиев Х.. Қазақ әдебиетінің тарихы - А. 1997.

4.Бес ғасыр жырлайды. 2-томдық. –А.,1989.

5.Омаров Б. Зар заман поэзиясы. –А.,2000.

6.Ай, заман-ай, заман-ай! Жинақ. – А., 1992

7.Айтыс. 3-томдық .- А.,1965-1991.


14- Лекция.



Тақырыбы: Әбубәкір Кердері Боранқұлұлы (1868-1905)

Жоспары:


  1. Әбубәкір - өз өмірбаянын өзі жырлаған ақын.

  2. Ақын шығармаларындағы әдептілік, имандылық мәселелері.

  3. Әбубәкір поэзиясының көркемдік ерекшелігі.


1. Әбубәкір жастай оқыған, оқығанда Алланы бір, пайғамбарды хақ, құранды шын деп, дін оқуынан бастаған. Зерек те алғыр жас сабақты әжептеуір меңгеріп, ислам қағидаларын тереңдеп үйренген. Ол өз аулында бала кезінде молдадан дәріс үйренеді. Артынан Орынбор, Троицк шаhарларында оқуын жалғастырып, мектеп, медреселерді тәмәмдайды.

Ақынның туған жері Жайықтың маңындағы Теректі деп аталатын елді мекен. Ата тегіне келетін болсақ - Кіші жүздегі Жетіру, оның Кердері тайпасы.

Осы күнге дейінгі зерттеушілер Әбубәкірдің әкесінің атын „Шоқан ” деп келген, бұл әкесінің есімі емес, оған жанама қойылған аты екен. Ақын өз өмірбаянын өзі жырлапты, тіпті қай жаста не істеді, кімнен қандай қарым-қатынаста болды, нені сүйді, неден жиіркенді, бәрін де қолмен қойғандай толғапты, ол:

Әуелі туғаннан соң бірге жеттім,

Еңбектеп екі жаста төрге жеттім.

Үш пенен төрт жасымда тілім шығып,

Шүлдірлеп ата-анамды ермек еттім.

Келген соң бес жасымда ойын білдім,

Ойыннан қалғанымды уайым білдім.

Алтыда балалармен асық атып,

Ойынның неше түрлі жайын білдім.

Жеткен соң жеті жасқа айла білдім,

Сегізде залал менен пайда білдім.

Айтса да бөтен қазақ жас бала деп,

Телегей өзімді-өзім дария білдім.

Он бір мен он екіде түркі білдім,

Ғылымды зерек жанның мүлкі білдім.

Шығарған Мүсәннәфтар назым қылып,

Түркіні тәмәм тілдің көркі білдім.

Әбубәкір Кердері өзінің бір жасынан бастап жиырма жеті жасына дейінгі бүкіл өмір жолын санамалап, термелеп жырлапты, жақсымен дос болғанын, парасатты да ақылман жандардың батасын алғаны, көлденең көк аттыға тізгін бермей, өзі әділ деп тапқан сара жолмен жүргенін өлеңмен толғапты. Өзі он төрт жасынан бастап өлеңге әуестеніпті, көңілге түйген ойлары мен әсерлерін қағазға түсіріп отырған. Сонымен бірге, он беске келгенше медреселерде дәріс алса, одан кейін оқуын бір жола тоқтатып, ел ішінің ісіне араласыпты. Ақын бұл жөнінде өзін халайық-қауымға қызық таныстырады.

Алтынды жерге төктім уыстаған,

Ерліктен ғылым артық ту ұстаған.

Тап болдым он алтымда бір мінезге,

Топ көрсе жеті мүшем құрастаған.

Еліміздің тарихында өз өмір жолын өзі жырлаушы ақындардың мол болғанын айта келіп, М. Әуезов: «Қазақ әдебиетінде, өмірбаянын бір жастан бастап, дәл бүгінгі тоқтап тұрған жеріне тізбектеліп, жалпылап санап шығу жалғыз Әбубәкір туғызған түр емес, бұның бір түрі ауызша айтылған „Тарғын” жырында да бар. Бірақ соны Әбубәкір пайдаланғанда жаңағы түрлі бас сырларын ашып, содан ғибрат туғызам деген мақсұтпен айтады».

Ал Қожа Ахмет Иасауи бір жасынан бастап алпыс үшке дейінгі аралықты кеңінен толғап жырлаған. Екі ақын да өмір сүрген ортасын, кешкен ғұмырын, қандай іспен айналысқанын барынша шынайы жырлаған, айырмашылығы әрқайсысының өзіндік ұстаған жолы - бір жасынан Алланы бір, пайғамбарды хақ, құранды шын деп ұғып, екінші, кәдімгі қарапайым тірлікпен күн кешіп, бірте-бірте мұсылманшылық жолына түскенін өлеңмен толғайды.



2. Әбубәкір Кердері жан-жақты талант иесі - жыршы, шежіресі әрі айтыскер ақын. Осы себепті ақын туындылары әр кездегі баспасөз бетінде жарияланып тұрды, атап айтқанда, „Айтыс” (1965), „Үш ғасыр жырлайды” (1965), „Бес ғасыр жырлайды”(1969) кітаптарында басылса, сонымен бірге „Әдебит майданы” (1935ж.) (№10-11), „Әлем” (1991ж.№1), „Жұлдыз” (1991ж.№5) журналдарында, „Қазақ әдебиеті”, „Ақтөбе”, „Жұмысшы” секілді бірнеше республикалық, облыстық газеттерде де басылым көрген болатын.

Бүкіл жан дүниесімен Алланы бір деп таныған Әбубәкір Кердерінің кез келген өлеңін оқысаңыз шариғат жолын барынша терең, барынша нәзік жырлайды. Ақынның шығармаларын оқып отырып, оның дін қағидаларын жақсы меңгергені анық байқалады:

Қараңғы көрге кіреді,

Ажал жетіп, ер өлсе.

Періште келер сұрауға.

Бұдан әрі ақын әдептілік пен имансыздықтың қандай күй кешетінін, олардың кескін- келбеті ахиретте қандай болатынын толғай келіп:

Инабат- ердің дәулеті,

Өсер басының әулеті.

Инабатсыз ерлердің,

Итке ұқсар келбеті.

Ұқсағаны емей немене,

Кем болған соң құрметі.

Инабат-діннің бүтіні,

Пайдасына керекті.

Біздіңше, Әбубәкір Кердері ислам дінінен, шариғаттан, Мұхаммедтің (ғ.с.) хадистерінен де хабардар болған секілді. Оның әр түрлі жолдарымен, ішкі жақтарымен де таныстығы бар сияқты. Әбубәкір Кердері жасынан жоғарыда айтқанымыздай, дін ісімен айналысқан, бала оқытады, „бала молда” атанып жаназа шығарып, кейін кемеліне келген соң болыс пен елбасылардың хатшысы да болып қызмет атқарған. Ақын жиырма жеті жасында „біреулердің тілі тиіп ауырады”. Ол ақыры осы аурудан айыға алмай, дүние салыпты. Сүйегі Ақтөбе облысының Алға ауданына қойылыпты.

3. Әбубәкір Кердерінің поэзиясы шебер жазылған, ақын он бір буынды қара өлеңмен де, жеті-сегіз буынды жыр өлеңмен де толғаған. Ұйқастары да әртүрлі, бірде дәстүрлі түрді бұзбай ырғақ, екпін, буын, бунағын қатаң сақтаса, бірде шұбыртпалы ұйқаспен ағындап кетеді.

Ақын поэзиясынан теңеу, салыстыру, эпитет, метафора, метонимия, синекдоха, символ, аллегория, ирония, гипербола, литота сияқты көркемдегіш тропаның барлық түрін кездестіруге болады.

Ақын ауыл атқа мінерлерінің қасында жүріп, ел аралап, жер көріпті, бірнеше қалаларды да көрген, бір сөзбен айтқанда, ащының да, тұщының да дәмін татқан. Тіпті сол кездегі ел мен жерді дүрліктірген ақ патшаның қызметіндегі оқалы киім кигендермен де аралас-құралас болған. Сөйтіп, нәзік жанды Әбубәкір Кердері өзі сезген, өзі түйген келелі мәселені келістіре жырлаған, ол:

Әкімдіктен не пайда,

Әділ үкім етпесе?

Арам менен адалға,

Ақыл мен ойы жетпесе,

Залымдарды мұқатып.

Жүзінің суын төкпесе,

Жаны қас деп айтамыз,

Пара жеуге ептесе.

Ақын қай өлең-толғауында болсын, әр азамат халыққа қызмет етсін, ел-жұртына пайдасы тимеген кісілік емес, өз қара басын ойлау адамдыққа жатпайды деген пікір айтады. Ол мұндай ұлағатты ойларын, әсіресе, әкімдерге арнапты.

Ақынның тағы бірнеше туындылары Алланың ақ жолымен жүрмеген кесапат-кесірлерге арналыпты. Атап айтсақ, „Бір қатынға насихат қылып айтқаны”, „ Бір саудагерге айтқан насихаты”, „Қожасының тілін алмаған қызметкерге айтқаны”, „Бір насыбай атқан адамға айтқаны”, „Бір ұрыға насихат қылып айтқаны”, „Бір биге айтқаны”, „Бір қарт қажының қатыны ерімен араз болғанда, насихат қылып айтқаны”, „Қатындарға айтқан насихат сөздері” деп келетін толып жатқан өлеңдері мен толғаулары елдің ішін бірлікке, ағайын арасын татулыққа шықаратын туындылар.

Әдебиеттер

1.Қоңыратбаев Ә.. Қазақ әдебиетінің тарихы - А. 1994.

2.Сүйіншәлиев Х.. XIX ғасыр әдебиеті . - А. 1992.

3.Сүйіншәлиев Х.. Қазақ әдебиетінің тарихы - А. 1997.

4.Бес ғасыр жырлайды. 2-томдық. –А.,1989.

5.Омаров Б. Зар заман поэзиясы. –А.,2000.

6.Ай, заман-ай, заман-ай! Жинақ. – А., 1992

7.Айтыс. 3-томдық .- А.,1965-1991.

15- Лекция.



Тақырыбы: Біржан сал Қожағұлұлы (1834-1897).

Жоспары:

1.Өмірі, ақын ретінде қалыптасу жолы.

2.Біржан – лирик ақын.

3.Біржан мен Сара айтысының эстетикалық-көркемдік тағылымы.
1. XIX ғасырдағы қазақ халқы мәдениеті тарихынан елеулі орын алатын ірі ақындардың бірі – Біржан.

Біржаннан қалған мұралар – салмағы, қадір-қасиеттері, шынайы өнер туындыларына лайық, шын мәнінде ғажайып туындылар. Қандай күшті өнерпаз болмасын, ол өзін өнердің бірер саласында ғана тыңдата алса керек-ті. Ал қазақтың бұл тұстағы бірнеше өнер иелері дәуірі ұсынған өнердің барлық түрлерін игеріп, соның әрбір салаларынан өздерінің талант-күштерін көрсете біліпті.

Ол - қазақ поэзиясына зор үлес қосқан табан асты өлең нөсерін ағылтар ақпа ақын, халқымыздың ақындық өнерінің шебері(импровизатор).

Біржанның бізге дейінгі өмірбаянында, оның туған-өлген жылдары туралы екі-үш дерек ұсынылып келеді. Біржанның басына қойылған ескерткіште оны 1835-1897 жылы жасаған деп көрсеткен. Ал өзі Теміртас деген баласымен бақұлдасқан (қоштасқан) сөзінде 65 жасқа келгенін айтқан: “Жасына алпыс бестің келгенімде, құдайым берді науқас ғаріп басқа”,- депті. Сол сияқты қолда бар деректі зерттеу үстінде, біз Біржан 1831-32 жылдары туып, 1897 жылы қайтыс болды деген пікірлерді қостаймыз. Ол Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданы, Степняк қаласының тұрған жерінде, ата-мекені – Қожағұл бұлағында туыпты. Біржанның өз әкесі Тұрлыбай - момын, шаруа болған. Ал, атасы - Қожағұл дәулетті адам. Біржанды жас шағында бауырына басып, өз тәрбиесіне алған, оның маңдайынан қақпай, масайрата еркін өсірген, жасынан ауыл молдасына беріп, оқытып, өзі жиған өмір тәжірибесін үйреткен осы беделді шешен-би – Қожағұл болса керек.

Біржан - өзі жасаған заманының перзенті, өзі өмір сүрген дәуірдің өнерпазы: ақыны, әншісі, композиторы. Өнер адамының өрге жүзуі өз бойындағы творчестволық күшке, өзі өскен ұлттық ортаға, өнер-білім дәмін сепкен жанға рухани азық беріп, ой-қиялын дамытқан туысқан халықтардың озық адамдарының ізгі ықпалдарына тығыз байланысты. XIX ғасырдың екінші жартысында жасаған революцияшыл - демократтар идеясына сүйенген орыстың бай классикалық әдебиеті, өнері. Шоқан, Ыбырай, Абайларды туғызған әдеби орта қандай десек, Біржан, Ақан т. б өнерпаздардың жетістіктері де, сол қауымға ұштасады. Ұлы Абай қазақ поэзиясына жаңалық жаршысы болып оның реалистік бетін ашса, музыка өнерінің қазақ топырағындағы жаңа бағытын Біржан мен Ақан бастап келеді. Біржан да өз бетімен ізденіп, өнеріне жаңа ырғақ, әуен тауып, оны халқының жүрегіне жұмсайды. Көршілес елдер, халықтар өмірімен танысқан. Қызылжар, Көкшетау, Семей, Омбы, Орынбор сияқты қалаларда болды. Көп нәрсені көріп білді. Өзінің дер шағындағы талант табыстарын түгел дерлік жас ұрпаққа арнап, солардың жүректерін тебірентер тамаша туындылар жасады.

Біржан поэзиясының асыл арнасы қазақ халқының бай ауыз әдебиетінде, музыкалық фольклоры қазынасында жатыр. Жасынан ел аралап ділмар шешендермен кездесіп, сөз сымбаттарын үйреніп шешендік дәстүрлерін игереді. Төкпе ақындар өнеріне де жетік болып, талай айтыстарға қатысады. Олардың табан асты өлең шығару әдістерін, сергек қабілеттерін меңгереді. Әсіресе, Шөже мен Орынбай сияқты төселген төкпе аға ақындармен дидарласуы әсерсіз болмаса керек. Біржан творчествосының дұрыс бағыт ұстануы оның ұлы Абаймен кездесуін зерттеушілер жоғары бағалайды.

Біржанның “Тентек”, ”Жаймашуақ”, “Айтбай”, “Ләйлім Шырақ”, “Бурылтай”, т.б. әндерінің шығу жағдайларын А.Жұбанов зерттеуші автордың өмірімен ұштастыра жеткізе түсіндірген. Оларға тән дыбыстылық, әуен ырғақтары талданып, ән бойындағы дыбыс қуаты жастық жалынға сәйкес келетіні көрсетілген.

Біздің баса көңіл аударғалы отырғанымыз – Біржанның музыка салаларындағы туындыларынан гөрі, оның ақындық еңбектері - өлең, толғау, айтыс ретінде жеткен жырлары, жалынды лирикалары. Оның әдебиетіміз тарихындағы орнын таныту.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет