Лекция. № Лекция тақырыбы: ХҮ- xyii ғасырлардағы әдебиеттің даму сипаты, ерекшелігі. Лекция жоспары


Бұқар жыраушығармаларының көркемдік сипаты



бет72/109
Дата02.01.2022
өлшемі1.34 Mb.
#453482
түріЛекция
1   ...   68   69   70   71   72   73   74   75   ...   109
Хандық дәуір әдебиеті. Лекциялар мәтіні

5. Бұқар жыраушығармаларының көркемдік сипаты.

Бұқар толғаулары өзінің жанрлық формасы жағынан көбіне арнау, бірде ғибрат, философиялық толғау немесе элегиялық жыр болып келеді. Дін тақырыбына құрылған өлеңдері дидактикаға бейім.

Халық “Өнер алды-қызыл тіл” десе, Бұқар - бұл мақалдың даналығын әбден ұғынған адам. Ол сөз өнерінің қиындығын да, құрметтілігін де білген. Сондықтан да жырау:

Ел бастау қиын емес-

Қонатын жерден көл табылады:

Қол бастау қиын емес-

Шабатын жерден ел табылады.

Шаршы топтан сөз бастаудан

Қиынды көргенім жоқ -

дейді.


Бірде Абылай: ”Қазына қайда?”- деп сұрағанда жырау: ”Басы жеткен жігіттің екі езуі қазына: бір езуі - алтын, бір езуі - күміс, аузы - қазына”- депті.

Бұқардың өзі осы қазынаны – сөз өнерін жеріне жете меңгерген еді.

Жыраулардың көбіне әлеуметтік мәні бар үлкен нәрселерді тақырып етіп алып, сол жөнінде өз заманының салтына, тілек – мүддесіне сай сүбелі сөз, ұстамды билік, күрделі пікір айтатындығымен ерекшеленетіндігі белгілі. Олар өмірге үңіле қарап, зерттей келе өзінше қорытынды шығарады. Әдетте, жыр бойындағы сөйлемдерінің көбі нақыл сөз болып келеді де, бірнеше уақыттан кейін мақал–мәтелге айналып кетеді. Сөйлемдері құрылысы жағынан билер сөзіне ұқсайды. Сөздері толғау түрінде болып, өлеңдерінің әр жолдарының буын саны 7-8 болып келеді. Кей жерлерде ой толқынына қарай асып та кетеді. Бірақ, бұл онша көп кездеспейді және ондай жерлері айтайын деген пікірмен нық байланысты болғандықтан ерсі де болып көрінбейді. Жыр – эпостық жанрдың жай түрі, толғау – дидактикалық поэзия сипатына жатады. Бұл өмір құбылысын жай қалыпта ғана суреттеу емес, өмірді бақылай келіп, сол жөнінде айтылған қорытынды пікір.

Толғау поэзиясындағы Бұқардың екі түрлі жаңалығын атап айтуға болады. Біріншіден, ол эпос және билер сөзінің стилінде жаңа жанр туғызды. Оның толғаулары лирикалық поэзия үлгісі болып еді. Екіншіден, ол өз поэзиясында реалдық бейнелер жасады. Бұқардан басталатын толғау жанры мен стилін XIX-XX ғасырлардағы поэзия дәстүріне сүйенген ақындар түрлі мазмұнда қолданып келді. Бірақ оның формасы (өлшеуі мен тілі) көп заман бойы өзінің дәстүрлі табиғатында көрінді.

Бұқар толғауларының тілінде мақалдап сөйлеу мен эпос тілінің үлгісі басым. Жырау толғауындағы:

Жал-құйрығы қаба деп,

Жабыдан айғыр салмаңыз.

Қалыңмалы арзан деп...

деген сөздер мақал үлгісіне құрылған. Мақалдап сөйлегенде, Бұқар өлшеу, ұйқасқа айтарлықтай көңіл бөлмей, (ат болмас, ұл тумас), көбінек логикалық ойға жүгінеді. Мұны поэзияға енген билер сөзінің үлгісі десек болады. Мысалы:

Қара арғымақ арыса,

Қарға адым жер мұң болар.

Батпақты сайға су түссе,

Өткел бермес кешерге.

Қайырсыз итке мал бітсе,

Саумал бермес ішерге.

деген жолдарда өрнекті ой, көркем суретпен астасып кетеді.

Бұл,бұл үйрек, бұл үйрек,

Бұрылдып ұшар жаз күні.

дейтін ұқсату, тұспалдау пейзажға құрылған. Бірақ стилінде ауыз әдебиетінің үлгісі басым.

Бұқар эпос тіліндегі үлгілерді де мол қолданады. Мысалы, “Ақсаңнан биік тау” болмас деген өлеңінде жырау ойды табиғат бейнесімен тұспалдап айтады. “Етекті кессең, жең болмас, ежелгі дұшпан ел болмас” деп келетін ұйқас мақалға бейім.

Бұқар - жыраулар тобынан шыққан сөз шебері. Оның өлеңдері шешендікке толы. Шешендік сөздер қай елде болсын, мазмұнының терең, құрылысының көркем болуын талап етеді. Бұқар сөздері бұл жағынан шек келтірмейді. Бұқар жырау - өткен ғасырлардағы билердің, шешендердің сөздерін, шешендікке жататын мақал сөздерін де жақсы біліп, оларды мейлінше меңгерген. Бұл Бұқар өлеңдерін оқығанда ең алдымен көзге түседі.

Нақыл сөздер жырау жырларында жиі кездеседі. Оның қай сөйлемін алсақ та, мазмұны терең, түрі көркем болып келеді. Әр сөйлем шешендікке, билікке, ақыл айтуға лайықталып құрылған. Бұл – жырау сөздерінің негізгі ерекшелігі. Бұқар сөздеріндегі осы ерекшеліктерді кейінгі жыраулар өзіне үлгі етті. «Бұқар сарыны Бұқар үлгісі» болып әдебиет тарихынан орын алды. Бірақ, Бұқар өлеңдерінің ерекшеліктері нақыл сөздерде ғана емес, сонымен қатар, оның ақындық тілі де өз дәуіріне тән, кейінгі ақындардан ерекше. Мысалы:

Сен бұзау терісі – шөншіксің,

Мен өгіз терісі - талыспын –

деген метафоралар, сөз жоқ, Бұқардың өмір сүрген дәуіріне лайықты сөздер. Қазір бұлар архаизм - әйтсе де, тіл тарихын, тіл арқылы өткен өмірді зерттеушілер үшін мәні зор. Бұл сықылды сол өмірдің сәулесі болған жеке атаулармен қатар, Бұқар сөздерінде тамаша көркем эпитет, теңеу, метафора, не шеңдестіру тағы басқа да образды сөздер көптеп табылады.

Ақ иық бүркіт төмендер,

Екі қанат талғанда...
Төстен қашқан түлкідей,

Бұлаңдатқан жиырма бес...


Арыстанға ақыруға,

Бөденеде күш бар ма?


Ақ сұңқар құстай түледің,

Алыстан тоят тіледің –

дейді Бұқар.

Осы үзілістерінде көркем образдардың қайсысы болсын, олқы емес, айтайын деген ойына дәл, шебер түрде қолданылған.

Бұқар тілінде метафоризм көп. Ондай метафора бірде асқақ ойға, бірде сатираға қызмет істейді:

Адамзаттың баласы,

Атадан алтау тумас па?

Атадан алтау туғанмен,

Ішінде біреуі арыстан болмас па?

деген өрнектегі “арыстан”, “жамандар”- метафора.

Бұқар жырау поэзиясына фольклор әсері аз болмаған. Бірақ жырау эпос стилінде сөйлесе де, әрбір бейнелік кестені реалдық ойға құрал етеді.

Құбылып тұрған бәйшешек

Қурай болар солғанда

деген өлең жолдарындағы «бәйшешек», «қурай» сөздері терең ойды айту үшін қолданылған. Хан қарашасын тыңдамаса, қурайдай болып солады деген ой айтады. Мұнда бәйшешек - метафора.

Бұқар тілінің көркемдігі, өткірлігі әдебиетіміздің алға басуына әсерін тигізіп, өнеге көрсетті.

Арту-арту бел келсе,

Атан тартар бүгіліп.

Алыстан қара көрінсе,

Арғымақ шабар тігіліп.

Алыстан жанжал сөз келсе,

Азулы сөйлер жүгініп –

дейді жырау. Бұл үзіндінің әр тармағы бір дыбыстан ("а") басталуы өлеңнің көркемдік сипатын көтерсе, ал атан, арғымақ, азулы дегендер өзгеден артық сыны мен сыры бар жаратылыс екенін дәріптеп қастерлі мән беріп тұр. Бұл секідді образды көп кездестіруге болады.

Бұқар жыраудың қаншалық дәрежеде эпосшы болғандығын толық біле бермейміз. Әйтсе де кейбір шығармаларына қарағанда жыраудың XVIII ғасыр батырлары және Абылай жайындағы жырларды шығаруға қатысы барлығы аңғарылады. Алайда Бұқар нақылды, тақпақты жырларға, ойға, тебіреністерге толы толғауларға көбірек назар аударған. Негізінен:

Қартайсаң қарт бабаңды сыйлай бер,

Күндердің күні болғанда

Кімдер де кімнің дейсің белі бүгілмес, -

деген сияқты үгіт-насихат, үлгі айту тұрғысында, немесе:

Қара арғымақ арыса,

Қарға адым жер мұң болар,

Есіл көзден нұр тайса,

Бір көруге зар болар, -

деген сияқты нақылдар, афористік тебіреністер түрінде келгенмен де, Бұқар жырларына жалаң дидактика жат. Бұқар толғауларынан жыраудың өмірге, өзін қоршаған ортаға көзқарасы аңғарылады.

Ойымызды жинақтай айтқанда, Бұқар жырау толғаулары бүкіл бір тарихи дәуірдің көрінісін береді. Бұқар жырлары XV-XVIII ғасырларда туып дамыған жыраулық өнерге негізделген, авторлық орны бар поэзияның заңды жалғасы болды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   68   69   70   71   72   73   74   75   ...   109




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет