4. Лекцияның мазмұны.
1. XV-XVII ғасырлардағы қазақ, хандығының саяси-әлеуметтік жағдайы мен әдебиеті.
Әдебиет тарихы – сол халықтың тарихының бір саласы. Сондықтан да әдебиет тарихын, әдебиеттің дамуын қарстырғанда халықтың тарихына соқпай өте алмаймыз. Алдымен қазақтың төл әдебиеті бастау алған Қазақ хандығының құрылуына тоқтала кеткеніміз жөн.
1428 жылы ұлыс билігі Жошының кіші ұлы Шейбанның ұрпағы Әбілхайыр ханның қолына өтті. Қарсы оппозиция басында Керей мен Жәнібек сұлтандар тұрады. Бұл күрес ақыры Көк Орда (Ақ Орда) мемлекетінің екіге жарылуына әкеліп соғады. 1456 жылы Шу өзені бойында құрылған жаңа хандық қазақ атымен аталады. Қазақ хандығын құраған рулардың Дешті-Қыпшақтан кетуінің бас себебі – ондағы өзара қырқыс, күн сайынғы атыс-шабыс, Әбілхайыр мен Барақ ұрпақтарының арасындағы қақтығыс еді.
Құрамында екі жүз мыңдай ғана халқы бар, жері де біршама шағын Қазақ ордасы біраз күш жинап, саяси жағдайын нығайтқан соң, …айналасы елу жылдың ішінде Жоңғар Алатауынан Еділдің төменгі ағысына, Сырдармиядан Есілге дейінгі аралықтағы кең байтақ территорияның бірден-бір қожасына айналды.
XVI ғасырдың бас кезінде Қазақ ордасындағы халықтың саны 1 миллионнан асады. Бұл – қазақтардың жаңа жерлер жаулап алуы, жергілікті халықты ассимиляциялауының нәтижесінде жүзеге асқан іс емес, ана тілі, ата салты, әдет-ғұрпы ортақ, туыстас рулардың өздерінің ата-мекен жерлерінде жаңа бір ұлыс құрамында қалыптасуы болатын. Этнограф С.А.Токаревтің сөзімен айтсақ: “Қазақ ордасының құрылуы – бұрынғы қалыптасқан этникалық бірліктің енді саяси тұрғыдан көрініс табуы еді”.
Көрнекті ғалым М.Мағауиннің жазып көрсеткеніндей, осы кезден бастап қазақтың өзіндік төл мәдениеті қалыптасып, дами бастады. XV-XVI ғасырлардан бастап қазақ халқы мәдениетінің де өзіндік беті айқындала түсті. Ол әсіресе, халықтың тілінен, әдебиетінен айқын сезіледі. Ендігі жерде қазақ атымен аталатын ұлттық мәдениет өркен жая бастады.
Қазақтың өзіндік төл әдебиетінің қалыптасу, даму сипаты қандай болды деген мәселеге келер болсақ, бұл кезде жалпы түркілік – ортақ арнадан бөлініп, қазақ халқының дербес төл әдебиеті қалыптаса бастады. Қазақ әдебиеті қазіргі Қазақстан жерін жайлаған тайпалар туғызған бай рухани қазынаның заңды мұрагері еді. Ол өзіне дейін ғасырлар бойы жасалған мол мұрадан нәр алды, ежелгі дәстүрлерді дамыту, тың тақырыптар игеру, соны соқпақ, сораптар қалыптастыру нәтижесінде кемелденді.
Қазақтың дербес тел әдебиетінің қалыптасуына тарихи оқиғалар негіз болды. Бұл кезде қазақ әдебиеті өз ерекшелігімен айкындала бастады. Ауызша сөз өнерімен қатар сол дәуірдегі түркі тілінде - қазақ тіліне жақын тілде Қадырғали би Қосымұлы Жалайыридың «Жамиғ-ат тауарих» («Жылнамалар жинағы») және Захреддин Мұхаммед Бабырдың «Бабырнаме», Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресі», Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» шежірелері, т.б. осы сиякты жазба еңбектер жазылды.
Қазақтың төл әдебиетінің қалыптасу, даму жолында жеке авторлық поэзия ерeкше орын алды. Әсіресе, шешен-билер, жыраулар мен ақпа-төкпе ақындар бұған көп үлес қосты. Халықтың рухани өмірінде жетекші орынға шыққан поэзия әлденеше ғасыр бойы қазақ әдебиетінің жай ғана көшбасшысы емес, ең басты жанр қызметін атқарды.
XV-XVIII ғасырлардағы қазақ жырауларының поэзиясы дидактикалық сарындағы түркі әдебиетінің жалғасы ғана емес, сонымен бірге, қазақтың өзіндік төл әдебиетінің бастауы да еді. Белгілі ғалым Х.Сүйіншәлиевтің жазып көрсеткеніндей “Жыраулар творчествосының көрінуі, белгілі авторы бар поэзияның пайда болуы жеке творчестволық стильдің қалыптасуына мүмкіндік туғызды. Поэтикалы тіл өрнектері кестеленіп, дәстүрлі мәдениетіміздің қалыптасуына жағдай жасады”. Жыраулық әдебиеттің әлеуметтік өмірге араласуы, қоғам мүддесін көтеруі күшейді.
Жырау – сөз шебері, өнерпаз. Жыраулар осы кезеңдегі (XV-XVIIІ ғасырлар) қазақ поэзиясының ең ауыр жүгін көтерген, сөз өнерінің жетекші өкілдері. Ол – ауыз әдебиетінің ежелгі өкілдерінің бірі, ірі қоғамдық мәселелерді қозғайтын толғау жырларды шығарып айтушы, ойшыл, ақылшы, көреген-сәуегей. Жырау өз жанынан өлең шығарушы және оны белгілі бір күй аспабымен орындаушы, яғни күй әуенін тудырушы – сазгер, қаһармандық жырлырды тудырушылар. Жырау поэзиясы – жауынгерлік эпос.
Х.Сүйіншіәлиев қазақ жыраулары туралы: «Қазақ жыраулары - XV-XVIII ғасырларда бүкіләлемдік мәні бар аса құнды әдеби мұра жасаған сөз шебері. “Араб тіліндегі: шағри-шайыр, ақын: шиғыр-тақпақ, тұспал, терме: шиғіри-поэзия деген ұғым беретін сөздердің қазақтың жырау, жыр, шайыр, термеші деген сөздерінің қалыптасуына ықпалы болады ма екен деген сұраудың ойландыратынын ескерте кеткіміз келеді”, - дейді.
Жырау сөз шебері болумен қатар – қоғам қайраткері. Ол өнерінің барлығын белгілі бір мақсатқа бағындырып отырады. Өз қоғамының, қазақ мемлекетінің ішкі-сыртқы жағдайларына – ел басқарған хандардың ісіне, көрші елдермен қарым-қатынас, саясатына, сырт жаулармен соғыста бірлік-елдік жайына бағыттайды. Ел ішінің бүтіндігі, тұтастығы, жеке адам тірлігіндегі дүние кезеңдері, ұрпақ тәрбиесі, тағы басқа мәселелер мен қоғамның моральдық, праволық, діни нормаларын айқындау, насихаттау, қалыптастыру ісіне белсене араласады. Елді меңгерген хан мен бектің ақылшы уәзірі. Хан шеше алмған түйінге шешуші сөз айтушы. Қысылшаң заманда жол табатын, бет нұсқайтын кемеңгер көреген. Жырау - алдымен елдің ақылшы кемеңгері, заманының сыншысы. Негізгі міндеті өлеңшілік емес, елге басшылық істеп, басалқы айту. Өз елінің биі не батагөйі.
«Жырау» термині «жырлау», «жыр айту» сөзінен келіп шыққан. «Жырау» сөзінің шығу төркіні «жыр», «жыршы» деген ұғымдармен астасып жатады. Бұл жөнінде алғашқы кезде ғалым Ш.Уәлиханов, В.В.Радлов, Л.З.Будагов еңбектерінде айтылса, бұл пікірді бүгінгі әдебиет зерттеушілері де бірауыздан қуаттайды. Осыған ұқсас тұжырымдар өзге туыстас елдер әдебиетшілерінде де бар.
Ш.Уәлиханов кезінде жырдың белгілі бір әуенмен қобызбен сүйемелдеу арқылы орындалатынын, батырлардың ерлік істерін дәріптеуге құрылатынын айта келіп: «Жырдың мазмұны ертеде өткен батырдың өмірі мен ерлік істері туралы болып келеді. Бір жәйт: батырдың өмірі мен ерліктеріне қатысты... бәрі қара сөзбен баяндалады, ал жыр поэма қаһарманы мен басты кейіпкерлерді сөйлету қажеттігі туған кезде ғана қолданылады», – деп жазған болатын. Ал В.В.Радлов жырды шумақа бөлінбейтін импровизация, қайғылы жыр, жоқтау деп жіктеп, ал жырауды – жыршы, көнені жырлаушы, алдын болжаушы (предсказатель) деп түсіндіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |