Гомердің зерттеушілері.
«Илиада» және «Одиссея» поэмалары антикалық әдебиетте Гомер атты зағип ақынмен байланысты. Антикалық әдебиетте Гомерге байланысты сұрақ өте көп. Ол туралы ешқандай дерек сакталмаған. Гомер деген кім, қайда туып-өсті? Гомердің аты аңызға айналған, оның өмірбаяны да таласты. Гомердің туған жері де белгісіз. Антикалық әдебиетте Гомердің атамекені деп жеті қала аталған, соның ішінде Троя. «Гомер» деген сөздің өзі ерте заманда кішіазиялық гректерде «соқыр» деген мағына білдірген. Аңыздарда да Гомердің соқыр болғаны айтылған, сондықтан ежелгі мүсіншілер мен суретшілер оны қашанда да соқыр қария етіп бейнелеген.
Кейбір антик ғалымдарда «Илиада» мен «Одиссея» екі автордың шығармасы деген пікір болған. Ғалымдардың көпшілігі екі поэманы Гомердің атымен байланыстырады. Мұндай қарама-қарсы пікір «Илиада» мен «Одиссеяның» стиліне байланысты. «Илиаданың» стилі көтеріңкі де, «Одисеяның» стилі жайлы болып келеді. Оны зерттеушілер былай деп түсіндіреді: «Илиаданы» ақын жас шағында, ал «Одиссеяны» қартайған кезде шығарған. Поэмалардың әрқайсысы жеке ақынның қолынан шыққан дегенге ешкімнің күмәні жоқ. Тек «Илиада» мен «Одиссеяны» жазған бір адам деген пікір таласты болды.
Антикалық әдеби сынның қойған екінші сұрағы: поэмалардың сол алғашқы түрінде сақталуы. Гомер жазуды білмеген, сол себептен оның шығармалары ауызша, тек қана жыршылардың есінде сақталған. Писистраттың арқасында бөлек-бөлек өлеңдер жиналып біріктірілді (б.д.д.VI ғ.). Жазусыз заманда мұндай үлкен поэмаларды шығару мүмкін емес, «Илиада» мен «Одиссея» бөлек өлеңдердің жинағы деген пікір болды (Вольф). Вольфтың ойынша, поэмаларға кірген өлеңдердің көпшілігі бір жыршының шығарғанына жатады, ал қалған өлеңдер – кейінгі ақын-жыршылардың қосқандары.
Германның теориясы бойынша, «Илиада» мен «Одиссеяның» негізінде екі кішкентай эпос жатыр. Кейінгі жыршылар сол эпостарға жаңа материал қосып, оны ұлғайтты, дейді Герман.
В.Г.Белинскийдің айтуы бойынша, «Илиаданы» рапсодтардың жинағы деп қарауға болмайды, себебі оның көркемдік бірлігі соншалық. Сонымен қатар, Гомер эллиндік өнердің өмірі мен өнеріне мәңгілік ескерткіш тұрғызу үшін азды-көпті дайын материалды пайдаланды дегенге де сенуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |