Лекция: 30 Практикалық: Семинар: 8 Лабораториялық: обсөЖ: СӨЖ: 97


Оғыз мемлекетінің құрылуы және оның әкімшілік-саяси құрысы



бет5/14
Дата29.02.2016
өлшемі1.64 Mb.
#31631
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

2. Оғыз мемлекетінің құрылуы және оның әкімшілік-саяси құрысы.

ҮІІІ ғ. орта кезінде түргештер мұрасы үшін қарлұқтармен болған күресте оғыздардың едәуір бөлігі Жетісуды тастап, тау баурайлары мен Шу алқабына кетіп қалған болатын. Осы арада олардың «Көне Гузия» деп аталатын ордасы бар-тұғын. ІХ ғ. бас кезінде оғыздардың көсемдері қарлұқтармен және қимақтармен одақтасып, қаңғар-печенег бірлестігін күйретеді, сөйтіп Сырдарияның төменгі жағы мен Арал өңірі даласына басып алады. ІХ ғ. соңғы кезінде олар хазарлармен одақ құрып, печенеггерді жеңеді де, Орал мен Еділ арасын қоластына қаратады. Осылайша Оғыз мемлекеті құрылады.

Оғыз тұрақтары мен бекіністерінің шекарасы Оңтүстік Арал мен Төменгі Еділ бойына дейін жетеді. Оғыздар жер иеленетін отырықшы облыстармен, Хорезммен, Мауараннахрмен және Хорасанмен шектесіп жататын. Х ғ. сонау Хазарияға дейін созылып жататын ұлан дала, сол сияқты оғыздар тығыз қоныстанған Сырдарияның орта және төменгі ағыстары бойы, Арал маңы, Қызылқұм даласы, Маңғыстау, Каспийге дейінгі жерлер араб деректерінде «Мазаффат әл-Ғузз» деп аталады.

Оғыз мемлекетін «жабғу» басқарған, билік мұрагерлікке қалып отырған. Жабғудың «инал» атты мұрагері болған. Оларды арнайы сайлап қойған «атабектер» тәрбиелеген. Оғыздарда жабғу әйелдері де мемлекеттің саяси істеріне араласып отырған. Олар «қатын» атаққа ие болған. Оғыз мемлекеті әскери демократияға сүйенген. Сондықтан да «сюбашы» деп аталатын әскер басыларының қоғамдағы ролі жоғары болған. Жабғудың «Күл еркіндер» деп аталатын кеңесшілері болған. Тарихи деректерге қарағанда «халық жиналысы» болған, бірақ ол феодализмнің дамуына байланысты біртіндеп шақырылудан қалып, оның орнына Күл-еркіндердің кеңесі (қаңқаш) шақырылатын болса керек.

Ал кейіннен Оғыз мемлекетінде ел басқарудың ең жоғарғы орны ұлы және кіші құрылтай жиналысына айналған. Мәселен, «Оғызнамеде» «Оғыз қаған ұлұғ құрылтай чақірді» деген хабар бар. Ұлы құрылтайда мемлекеттік маңызды істер қаралса, ал кіші құрылтайда кішігірім жұмыстар қаралатын сияқты. Ұлы құрылтайда Оғыз қаған өзінің ұлдарын боз оқ, үш оқ деп екі топқа бөліп, боз оқтарды оң қанатқа, үш оқтарды сол қанатқа отырғызған. Қаған сайлауда бозоқтардың артықшылығы болған.

3. Оғыздардың саяси тарихы.

Оғыздар Сырдарияның орта және төменгі ағысы мен Арал бойына орын тепкен соң, өзінің батыстағы шекарасын да кеңейте түседі. ІХ ғ. аяғында хазарлармен келісімге келіп, Еділ мен Жайық аралығындағы печенектерді біржолата жеңіп, олардың жерін өзіне қаратады. Еділ бойындағы бұл шайқас «Оғызнамеде» «Итіл өзені» деген бір өзен бар еді. Итіл өзенінің жағасында Қаратау маңында ұрыс басталды. Жойқын ұрыс болды. Итіл өзенінің суы қып-қызыл сіңгірдей болды» деуі оғыздардың печенектерді ойсырата жеңгенін дәлелдей түседі. Х ғ. аяғында орыс деректерінде оғыздардың Киев князы Святославпен келісім жасап, Хазар қағанатын да ойсырата жеңген. Бұл көрініс те «Оғызнамеде» біршама суреттелген. Мұнда «Урусбек оғлы Сақлаппен татулыққа, келісімге келді» дегенде Святославты айтып отырғандығы белгілі.

Оғыздардың жер үшін ұрыстарының көп жағдайда сәтті болуы олардың саяси беделін де көтере түскен. Орыс шежірелерінің хабарлары бойынша, князь Владимир 985 жылы түркі-оғыздармен келісе отырып, Еділ, Кама бойындағы бұлғарларды талқандаған.

Алайда ұзақ жылдарға созылған соғыс, соғыс үшін алынған алым-салық оғыз тайпаларының әр жерден бас көтерген наразылықтарын туғыза бастайды. Сөйтіп, Х ғ. аяғы – ХІ ғ. басында Әли ханның басқаруы кезіндегі оғыз мемлекетінің жағдайы нашарлай бастайды. Осы кезде Жент қаласының маңында пайда болған салжұқтар оғыздардың ішіндегі әлеуметтік қиын жағдайды пайдаланып, Жент қаласын басып алады. Деректерге қарағанда салжұқтар көп ұзамай қаланы тастап шыққан. Оғыз мемлекеті Әли ханның мұрагері Шахмәліктің кезінде біраз уақытқа қайта көтеріле бастайды. Ол 1041 жылы Хорезмді жаулап алған. Бірақ та Шахмәлік те көп ұзамай, оғыздарға қарсы қайта көтерілген салжұқтардың қолынан Хорезм түбінде қаза табады. Оғыз мемлекеті өз ішіндегі талас-тартыстардан әлсірей бастайды. Көрші жатқан қыпшақ тайпалары оларға ауық-ауық шабуылға шығып тұрған. ХІ ғ. екінші жартысынан бастап күшейе бастаған қыпшақтар оғыздарды Сырдария, Арал бойынан біржола ығыстырады. Қыпшақтардың қысымына шыдамаған оғыздардың бір бөлігі Еуропаның шығысына, Кіші Азияға қарай жылжыса, кейбір бөліктері Қарахан әулетінің қарамағында қалды, біраз бөлігі Хорасан салжұқтарының қол астына кірсе, қалғандары қыпшақтардың қарамағында қалып, олармен сіңісіп кетеді.


Бақылау сұрақтары

1. Оғыз этимологиясының пайда болуы.

2. Оғыздардың шығу тегі.

3. Оғыз тайпаларының этникалық құрамы.

4. Оғыздардың қаңғар-печенег тайпаларын бағындыруы.

5. Оғыздар мемлекетінің құрылуы.

6. Оғыз мемлекетінің аумағы. «Оғыздар даласы».

7. Оғыз мемлекетінің астанасы, оның геосаяси жағдайы.

8. Оғыз жабғуының билігі.

9. Оғыз жабғуының мұрагерлері және оның тәрбиешілері.

10. Күл –еркіндердің қызметі.

11. Оғыз мемлекетіндегі сюбашының алар орны.

12. Қаңқаш. Ұлы және кіші құрылтай.

13. Оғыздардың Хазар қағанатын талқандауы.

14. Оғыздардың Еділ Бұлғариясын талқандауы.

15. Әли жабғу кезіндегі Оғыз мемлекеті.

16. Шахмәлік тұсындағы Оғыз мемлекетінің жағдайы.

17. Қыпшақтардың оғыздарды ығыстыруы, қыпшақтардың батысқа көшуі.


7 лекция.



Тақырыбы:

Қимақ қағанаты (ІХ-ХІ ғ. басы)

Жоспары:

1. Қимақтардың пайда болуы және этникалық құрамы.

2. Қоғамдық құрылысы.

3. Қимақтардың ішкі-сыртқы саяси жағдайы.



Лекция мақсаты:

Студенттерге қимақтардың пайда болуы, этникалық құрамы, қоғамдық құрылысы

және қимақтардың ішкі-сыртқы саяси жағдайы туралы түсіндіру.

Лекция мәтіні

1. Қимақтардың пайда болуы және этникалық құрамы.

Қимақтардың жеке тайпа болып құрыла бастауы, тарих сахнасына көтерілуі Батыс Түркі қағанатының шығыс бөлігінің 656 ж. ыдырай бастаған кезі. Қимақтар туралы алғашқы деректер б.д.б. қытай жылнамаларында кездеседі. Қытай тарихнамасының негізін қалаушы Сыма Цыянның жазуы бойынша солтүстік Монғолия жерін мекендеген тайпалардың ішінде қимақтардың құрамына кірген қыпшақ этнонимі болған. Күлтегін ескерткішіндегі «татаба» тайпасы қимақ тайпасы деген пікір орын алып жүр. Кейбір зерттеулер бұл пікірдің негізсіз еместігін растайды. Қимақтар туралы басты хабарлары ІХ-ХІ ғғ. араб-парсы деректерінде көп кездеседі. Сондай негізгі деректің бірі, ІХ ғ.І-жартысында өмір сүрген араб тарихшысы Абул Валид Мухаммад Әл-Азракидің «Меке қаласының жылнамасы» атты еңбегі. Бұл еңбекте Отырар аймағындағы қарлұқ жабғуының қимақ еліне қарай қуып жіберілгендігі хабарланған. Бұл хабардан Отырар аймағына арабтардың келе бастағандығы байқалса, екіншіден қимақ елінің VПІ ғ. өзінде белгілі бола бастағандығын білдіреді. Қимақ, қыпшақтар туралы мұндай хабарларда Тамим ибн Бахар, Әл-Джахиз, Ибн Хордадбех, Әл-Истархи, Ибн Хаукал сияқты т.б көптеген мұсылман авторлары қалдырған.

Қимақтар ІХ.ғ. бастап өз алдына жеке мемлекет болып өмір сүрген. «Худуд Әл-аламның» хабары бойынша, Қимақ мемлекетінің орталығы - Имақия қаласы. Жазба деректердің хабарына қарағанда қимақтардың екінші орталығы - Алакөлдің шығыс жағындағы Қарантия қаласы.

Қимақ сөзінің этимологиясы турлы ғылымда белгілі, тиянақты пікір қалыптаспаған. Бірақ та оның түрік сөзі екендігіне күмән жоқ.. Сөздің түпнұсқасы түрікше «құм» деген ұғымды білдіретін тәрізді. Деректерде қимақ, имақ (имек) болып әрқалай кездеседі. Атақты түрік тілінің маманы М. Қашқаридың еңбектерінде де имақтар деп жазылған. Әрине, мәселе бұл сөздің пайда болуында емес, басты мәселе ІХ-ХІ ғғ. қимақ тайпаларының этникалық құрамының пайда болуында, олардың бірігуі, ыдырауы, ең соңында бұл тайпалардың қандай халықтардың құрамдарына енуінде.

Қимақтардың этникалық құрамы туралы алғашқы мағлұмат Гардизидің «Зайнә-л-акбар» атты еңбегінде аңыз түрінде кездеседі. Онда «Татар хан» өліп, артында оның екі ұлы қалған. Үлкені әкесінің бар байлығына ие болса керек. Кішісі Шад қызғаныштан, ағасына қастандық жасайды. Қастандық сәтсіз болып, өз басына қатер төнген Шад бір күңімен қашып кетеді. Олар орман-тоғайы, аңға толы, жан-жануары мол бір үлкен дарияның жағасына орналасады. Кейіннен бұларға сол татар хандығынан 7 адам келіп қосылады. Олар: Ими, Имақ, Татар, Байандар, Қыпшақ, Ланиказ, Ажлад. Бұлар Шадқа бағынышты болып, оның қарамағында өмір кешкен. Міне осы жеті адамның аты келешектегі қимақ тайпаларының бірлестігін құрған тәрізді. Бұл мезгіл қимақ тайпаларының VІІ ғ. ортасында Солтүстік Алтай мен Ертіс өзенінің аралығына келіп орын тепкен кезі. Ал Гардизи бұл тайпалар жөнінде ешнәрсе ашып жазбаған. Аңыздың пайда болған мерзімі де белгісіз. Егер Ибн Хордадбектің түрік тайпаларының жазған тізімі шын мәнінде VІІІ ғ. болып табылса, онда қимақ тайпаларының бұл кезде белгілі болғандығына ешбір шек келтіруге болмайды. И. Марквартта қимақ тайпаларының бірлестігінің құрылған мерзімі VІІІ ғ. алғашқы кезі. Бірақ та И. Марквартт пікірі бойынша қимақтарды монғол тұқымдас тайпа деп көрсетеді.

Келтірілген аңыздағы хабар мен тарихи деректер қимақ тайпасының құрылған мерзімін шын мәнінде VІІ ғ. ІІ-жартысы деген ой туғызады. Шындығында, мұсылман т.б. деректерде, аңызда келтірілген 7 адамның аты, тайпалардың аты есебінде қимақ тайпаларының бірлестігінде кездесіп отырады. 840 ж. Ұйғыр қағанаты құлаған соң Эймур, Баяндыр, Татар тайпалары қимақтарға келіп қосылған. Ал аңыз бойынша бұл тайпалар бұрыннан-ақ бар.



2. Қоғамдық құрылысы.

ІХ ғ. «Худуд Әл-Алам» мен әл-Идрисидің хабарларына қарағанда, Ертіс пен Жоңғар Алатауының арасында 12 қимақ тайпаларының бірлестігінен Жаңа Қимақ мемлекеті құрылған. Мемлекеттің жоғары билігі хақаның қолында болған. Ол мұрагерлікке қалып отырған. Хақаннан кейінгі билік қимақ мемлекетінің құрамына енген тайпалар бірлестігін басқарған жабғулардың қолында болған. Олардан кейінгі жеке-жеке ру-тайпаларды шад-түтіктер билеген. Сонда мемлекетті басқару жүйесі хақан – жабғу - шад-түтік. «Худуд әл-аламның» хабары бойынша, қимақ ханының 2 нәмеңгері (орынбасары) болған. Бұлардың үлестік биліктері де, үлестік жерлері де мұрагерлікке қалып отырған. Қолбасшылар әрбір бірлескен 8 иеліктен әскер жасақтаған.

Басқарудың жоғарыда жүргізілген жүйесі қимақ мемлекетіндегі патриархтық феодализмнің дамуынан келіп пайда болған.

3. Қимақтардың ішкі-сыртқы саяси жағдайы.

ІХ ғ. аяғындағы тарихи-жағрафиялық еңбектерге қарағанда қимақ мемлекеті өзінің территориялық жағынан ұлғайғандығын көрсетеді. Қимақ тайпаларының бірлестігі Орал тауының қыраттарынан Арал теңізінің далалы аудандарына дейін, Орталық және Шығыс Қазақстан мен Жетісудың солтүстік-шығыс аудандарының арасындағы ұлан-ғайыр кең алқапты алып жатқан. Алайда бұл көрсетілген территорияның барлық жерінде таза қимақ тайпалары біртұтас тығыз тұрған деген ой тумауы керек. Жазба деректер қимақтардың негізгі тығыз тұрған жерлері деп Ертістің орталық ағысы мен Жетісудың солтүстік-шығыс аудандарын көрсетеді. Соңғы кездердегі археологиялық зерттеулер қимақтардың Жетісудың көрсетілген жерлерінде тұрғандығын теріске шығаратын тәрізді.

Қимақтардың жоғарыда көрсетілген кең-байтақ жерді алып жатқандығын арабтың атақты саяхатшысы Тамим ибн Бахрдың еңбектерінен толық байқауға болады. Оның хабары бойынша Тараз қаласынан қимақ патшасы тұрған ордаға дейін атты адамның 80 күн жол жүретінін жазған. Бұл жол Талас, Шу, Мойынқұм, Бетпақ, Сарысу, Нұра, Есіл, Тобыл, Ертіс арқылы жүрген. Әл-Идриси қимақтарға баратын үш жолды көрсетеді:

1. Тараз-Банжар (қимақтардың қаласы) 36-37 күндік жол.

2. Ферғананың орталығы Ахсикенттен - Қарантияға дейін 24 күндік жол. Бұл оңтүстік- шығыстан солтүстік-шығысқа қарай жүретін жол.

3. Туфаннан Қарантияға дейін 7 күндік жол. Бұл оңтүстіктен солтүстік-батысқа қарай Гардизидің хабары бойынша Жаңакентті басып қимақтарға бағытталады.

Араб-парсы деректеріндегі қимақтарға баратын жолдардың мұндай құнттылықпен жазылып, жол бойындағы қалалар мен қыстақ-кенттердің арасы қандай қашықтықта екендігі сондай тиянақты көрсетілуінің өзі, Қимақ мемлекетінің Орта Азиядағы елдер мен шығыстағы атақты мемлекеттермен қарым-қатынастың едәуір жақсы болғандығын көрсетсе керек.

Қимақтар бұл кездегі мәдени жағынан болсын, әлеуметтік-экономикалық жағынан болсын, саяси бірліктері де ұқсас, өздерімен терезесі тең мәні-мазмұны жағынан бірдей қырғыз, ұйғыр, қарлұқ, оғыз, қарахан мемлекеттерімен тек іргелес көрші болып қоймай, олармен де тікелей қарым-қатынаста, байланыста болды. Оған басты дәлел - жоғарыда көрсетілген жолдар болса, екіншіден, олар бірінің жеріне бірі көшіп-қонып араласып жатқан. Сондықтан да олардың әдет-ғұрпы, салт-санасы, тілі, діни наным-сенімдері де бір-біріне ұқсас. Х ғ. аяғында Қимақ мемлекеті біраз әлсірей бастайды. Басты себебі, жаңадан құрылған басқару апаратының әлі де болса нашарлығы, оның ішкі қай- шылықтардың бетін дер кезінде ашып, оған тойтарыс берілмеуі. Мезгіл өткен сайын ақсүйектердің көбеюі, күшеюі, кең-байтақ жерлерге иелік етуі, жалдамалы әскерлерінің болуы, даланың жаугер көшпенділермен байланысты болуы. Бұл көрсетілген қайшылық Азиядағы феодалдық қатынастағы қайшылықтың ең бастысы, ең негізгісі. Мұндай қайшылықтар бір ғана қимақтарда ғана болып қойған жоқ.. Қазақстанда өмір кешкен басқа қағанаттардың бәрінде болған. Қимақтардың нашарлауына, тіпті ыдырауына әкеп соққан екінші бір басты себеп, ХІ ғ. І-жартысынан бастап Орталық Азиядан батысқа қарай кейбір тайпалардың жылжи бастауы.



Бақылау сұрақтары:

1. Қимақтар туралы деректер.

2. Қимақтардың этникалық шығу тегі.

3. Қимақ қағанатының құрылуы.

4. Қимақ қағанатының аумағы.

5. Қимақ қағанатының астаналары.

6. Қимақ сөзінің этимологиясы.

7. Қимақтардың этникалық құрамы.

8. Қимақ қағанының билігі.

9. Қимақ жабғуы және шад-түтіктер.

10. Қимақ қағанатының саяси тарихы.

11. Қимақ қағанатының әлсіреу себептері.

12. Қимақтардың шаруашылығы.

13. Қимақтардың мәдениеті.

14. Қимақтардың діни наным-сенімдері.

8 лекция.



Тақырыбы:

ҮІ-ІХ ғғ. отырықшы және көшпелі мәдениет, олардың өзара әсері.

Жоспары:

1. Жартылай көшпелі және отырықшы мәдениеттердің өзара әсері.

2. Архитектура және өнер.

3. Түріктердің рухани мәдениеті.



Лекция мақсаты: Студенттерге ҮІ-ІХ ғғ. Қазақстан аумағындағы жартылай көшпелі және отырықшы мәдениеттердің өзара әсері, архитектура және өнер, түріктердің рухани мәдениеті жөнінде таныстыру.

Лекция мәтіні

1. Жартылай көшпелі және отырықшы мәдениеттердің өзара әсері.

Қазіргі зерттеулер көрсеткендей, Қазақ өркениеті – қала мен дала мәдениетінің синтезі болып табылады. Археологиялық зерттеулерге қарағанда, ҮІ-ІХ ғғ. Қазақстанның оңтүстік және Жетісудың оңтүстік-батыс аймақтарында қалалық мәдениет дамыған. Мәселен, Қытай жылнамаларында Исфиджаб қаласының аты кезігеді. Бұл қала Махмуд Қашқаридің жазуына қарағанда, Сайрам деп аталған. Қала қазірде де осылай аталады. Оңтүстік Қазақстанда отырықшылық мәдениет орталығы Отырар, Йасы, Сауран, Сығанақ, Құлан сияқты т.б. қалалар да болған. Ал Жетісу аймағында Тараз, Талхир, Алмалық, Қойлық қалаларының болғаны белгілі. Қалалар және олардың аймағындағы қыстақтар далалы аудандардағы көшпелілермен тікелей байланыста болған.

Қалалардың құрылыс жүйесі үш бөліктен тұрған. Мұның өзі қала тұрғындарының әлеуметтік теңсіздігін көрсетеді. Қаланың орталық бөлігі – қамал (цитадель) деп аталып, онда бай-шонжарлар тұрған. Орталық бөлікті қоршай орналасқан екінші дәрежелі үйлерде тұрмысы орташа қалыптағы қала тұрғындары, қолөнер шеберлері орналасқан. Үшінші бөлік екіншінің сыртынан қоршай орналасады. Мұнда егіншілер, кедейлер тұрған.

Тұрғын үйлердің ішінен күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар табылған. Олар - әр түрлі көзелер, қол диірмендер. Кейбір бөлмелерден астық салатын күбі, көзелер, тамақ жасауға, сақтауға, ас ішуге ыңғайлы құмыралар мен қыш ыдыстар көптеп табылды.

Қала мәдениетіне ұқсас құрылыс жүйелері: қыстақ-кенттер, қорған-қамал сияқты бекіністер. Қыстақ-кент тұрғындары негізінен егін шаруашылығымен айналысқан, қосымша мал өсірумен және қолөнермен шұғылданған.

2. Архитектура және өнер.

Өнердің бір саласы – архитектура (сәулет өнері). Бұл сөз латынша «құрылысшы» деген мағына береді. Тараз, Қызылөзен, Құйрықтөбе, Баба-ата, Қостөбе қалаларына жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде, бұл жерлерден іргетасы ғана сақталған еңселі тұрғын үйлердің архитектуралық құрылыс жүйелері табылған.

Дегенмен ҮІІ-ҮІІІ ғғ. арасында басталып, бітпей қалған Ақыртас ғимаратының тастан қаланған іргетасы белгілі. Бұл ескерткішті Тасақыр деп те атайды. Ол бүгінгі Тараз қаласының шығыс жағынан 40 км жерде орналасқан. Ақыртас аталу себебі, құрылыс материалына пайдаланылған тас блоктардың бір жағы ақыр сияқты ойылған. Ірге тасының ұзындығы – 160 м., ені 140 м. болып келеді. Ақыртас ғимараты тұрғын үйге арналған. Құрылыс жүйесі негізінен үш бөліктен тұрады. 1. Оңтүстік бөлігі. Ақыртас иесі мен қонақтар тұратын үй-жай. 2. Солтүстік бөлігі. Күзетшілер мен қызметшілер тұратын үй мініс ат-көліктердің қора-жайы. 3. Орталық алаң. Мұнда ойын-сауық, той-думан, діни рәсім өткізілетін болған.

Ақыртастан кішілеу сәулет өнері туындыларының бірі – Білеуті ғимараты. Ол Қазақстан ман Қарақалпақстан шекарасы арасында орналасқан. Қазақстанда керуен жолдарының бойында және көші-қон бағыттарында жолаушылардың жол тапшылығын көрмеуі үшін қазылған күмбезді ескеткіштер сақталған. Мұндай ескерткішті парсыша «сардоба» деп атайды. Ол құдық үстіне салынған ескерткіш дегенді білдіреді. ҮІ-ІХ ғғ. салынған екі сардоба белгілі. 1. Бір күмбезді және көп күмбезді Мырзарабат сардобасы. 2. Якка сардоба ғимараты.

ҮІ-ІХ ғғ. Қазақстанда дами бастаған сәулет өнерінің бір сипаты діни сенімге байланысты. Ислам дініне дейінгі қазақ жеріндегі сәулет құрылысының бір түрі – киіз үйге ұқсас Дың ескеткіштері. Оның қабырғасы берік тастан қаланады. Ғимараттың бұл түрі ҮІІІ ғ. Қимақ қағанаты мен Қарлұқ қағанаты кезінде басым болған. Құрылыстың бұл түрінің көп сақталған жерлері: Орталық Қазақстан, Жетісу, Тарбағатай, Маңғыстау.

3. Түріктердің рухани мәдениеті.

Ежелгі түрік тайпалары түрік тілінде сөйлеп, көне түрік жазуымен жазған. Көне түрік әліпбиі 35 әріптен тұрады. Түріктердің әліпбиі өздерінің ру-тайпаларының негізінде жасалған. Сондықтан да көне руналық (руна сөзі ескі, көне деген ұғымды білдіреді) жазу – түріктердің төл жазуы. Бұл пікір тарихта осы күнге дейінгі, түрік жазуы соғды жазуының негізінде жасалған деген пікірді жоққа шығарады.

Жерімізде түрік жазуының пайда болған мерзімі туралы жаңа пікірлер туды. Егер осыған дейін көне түрік жазы б.з. Ү ғ. пайда болған деген пайымдау орын алып келсе, соңғы кезде бұл пікірдің де дұрыс еместігі дәлелденіп отыр. Оған басты дәлел Алматы, Павлодар облыстарының жеріндегі сақ тайпаларының обаларынан түрік тіліндегі жазулардың табылуы. Бұл жазулар жерімізде жазудың пайда болған кезін 1000 жылға тереңдетіп қана қоймай, сақ тайпаларының түркі тілдес болғанын да айқындайды.

Жалпы көне түрік тілінде 200-ден астам жәдігерлер табылды. Олардың мән-мағынасы ертедегі түріктердің өмірі туралы мағлұмат береді. Жазу өнерінің дамуына байланысты ҮІІІ ғ. түріктердің жазба әдебиеті өмірге келді.

Түрік жазба әдебиетінің көне ескерткіштері – «Күлтегін» және «Тоныкөк» жазулары. Бұлар – нағыз тарихи дастандар. Мұнда Түрік қағанатының құрылуы мен дәуірлеуі, ақырында күйреуі жайында айтылады. Дастандағы тарихи суреттер әдеби-көркемдік тәсілдермен өрнектермен өрнектелген. Бұл алғашқы әдеби туындылар сол кездегі халықтың мақал-мәтел, жоқтау сияқты ауыз әдебиеті жанрларына бай. Мәселен, «Өлімнен ұят күшті», «Жұқаны таптау оңай, жіңішкені үзу оңай» деген сияқты тіркестерді кездестіруге болады. Жоқтауда: «Алып Ер Тоңа өлді ме? Опасыз дүние қалды ма? Енді жүрек жыртылар...» деген жолдар бар. Мұндай мақал-мәтелдер мен жоқтаулар қазақ халқының ауыз әдебиетінде осы күнге дейін сақталған.

ҮІІІ-ІХ ғғ. жататын әдеби шығармалар – «Қорқыт ата» кітабы мен «Оғызнама» дастаны. Бұл шығармалар алғаш ҮІІІ ғ. ауызша айтылып, ел ішінде кең таралса, тек ІХ ғ. бастап қағазға түсе бастаған. «Қорқыт ата» кітабы 12 жырдың қосындысынан тұрады. Бұл шығарма аты аңызға айналған атақты ақын, қобызшы Қорқытқа байланысты. Қорқыт есімі түрік тілдес халықтар арасында кеңінен таралған. Қызылорда облысы Қармақшы ауданында Қорқыт күмбезі деген ескерткіш бар. Бұған қарағанда, ол – Қазақстанда туып-өскен адам. Тарихи деректер бойынша оның шешесі – қыпшақ тайпасының қызы, ал әкесі оғыздың Қамы деген атасынан. Кітаптың мазмұнына қарағанда, Қорқыт айтты деген нақыл сөздер жиынтығы көне түрік ауыз әдебиетінен жинастырылған. Кітап жастарды тәрбиелі болуға, жерін, елін қорғауға, батыр да батыл болуға шақырады.

Ертедегі орта ғасыр әдеби ескерткіштерінің бірі – «Оғызнама». Біздің дәуіріміздің ІІ ғ. тарихи оқиғаларға байланысты туған бұл шығарма ҮІ ғ. парсы тіліне, ІХ ғ. араб тіліне аударылған. «Оғызнаманың» ескі нұсқасын ХІІІ ғ. алғаш жазып қалдырған – тарихшы Рашид ад-Дин. Одан кейін оны ХҮІІ ғ. толықтырып жазған Әбілғазы хан. Шығарманың идеясы ерлікті, бірлікті уағыздайды. Мазмұны қазақ халқының эпос жырларымен сарындас келеді.
Бақылау сұрақтары

1. Қазақ өркениеті – қала мен дала мәдениетінің синтезі.

2. Оңтүстік Қазақстанның қалалары.

3. Оңтүстік-батыс Жетісудың қалалары.

4. Солтүстік-шығыс Жетісудың қалалары.

5. Ортағасырлық қалалардың құрылыс жүйесі.

6. Ақыртас ғимараты.

7. Білеуті ғимараты.

8. Мырзарабат және Якка сардобалары.

9. Дың ескерткіштері.

10. Көне түрік жазуларының пайда болуы.

11. Көне түрік жазуларының зерттелуі.

12. Көне түрік жазылған жәдігерлер саны мен сипаты.

13. «Күлтегін» жазуы.

14. «Білге қаған» жазуы.

15. «Тоныкөк» жазуы.

16. «Қорқыт ата» кітабы.

17. «Оғызнама» дастаны.

9 лекция.

Тақырыбы:

Қарахан мемлекеті

Жоспары:

1. Қарахан мемлекетінің құрылуы.

2. Қоғамдық құрылысы.

3. Мемлекеттің саяси тарихы.



Лекция мақсаты: Студенттерге Қарахан мемлекетінің құрылуы, оның қоғамдық құрылысы және мемлекеттің саяси тарихы туралы түсіндіру.

Лекция мәтіні.

1. Қарахан мемлекетінің құрылуы.

Х ғ. орта кезінде Жетісу аймағы мен Шығыс Түркістанның бір бөлігінде Қарахан мемлекеті құрылды. Орталығы Баласағұн қаласы болды. Мемлекеттің негізін Білге Күл Қадыр-ханның немересі Сатұқ Боғра-хан (915-955) қалады. Ислам дінін қабылдаған Сатұқ Боғра хан саманилерден қолдау тауып, өзінің туысы Оғулшақты жеңіп шығады. Ол билеп отырған Тараз бен Қашқарды да бағындырады.Сөйтіп, бірыңғай бір орталыққа бағынған Қарахан мемлекеті құрылады. Қарлұқ қағанатының ыдырауына байланысты батыста Жетісудан Испиджабқа және Шығыста Қашқарға дейінгі Қарлұқ жерлері Қарахан мемлекетіне қарады.

Қарахан мемлекетінің этникалық құрамына жікіл, яғма, қарлұқ, оғыз, қаңлы, үйсін сияқты тағы басқа да түрік тілдес тайпалар кірген. Әсіресе, мемлекеттің құрылуында басты рөл атқарған - қарлұқ тайпасы. Одан кейін негізгі билеушілер яғма тайпасының арасынан шығып отырған. Хандардың Арыслан хан, Боғра хан деген атаулары жікіл тайпасының тотемі – арыстан, яғма тайпасының тотемі - бура болуына байланысты қойылған.

2. Қоғамдық құрылысы.

Жоғарғы өкімет билігі қағанның (хан) қолында болған. Билік мұрагерлік жолымен беріліп отырды. Билік иелері қатарына ханның ұрпақтары - тегіндер, ілік хандар, бектер, нөкерлер жатты. Билік иелігінде үлестік жерлер болды. Басқару жүйесі осы үлкен және шағын екі бөлікке бөлінетін үлестерге қарай жіктелді. Хан кеңесшісі ролін уәзірлер атқарды. Бұлар қарлұқ қағанаты кезіндегі «көл-еркіндерге» ұқсас еді. Махмұд Қашқаридің жазуына қарағанда, «көл-еркін» көл-көсір, ұшан-теңіз ақыл-ой деген мағынаны білдірген.

Ханның мемлекеттік саяси-әкімшілік іс жүргізетін орны орда деп аталған. Онда сарай қызметкерлері тұрған.

Қарахан мемлекетінің қоғамдық құрылыс жүйесі мұның алдындағы Түрік қағанатының басқару жүйесіне қарағанда өзгешелеу болды. Ол басқару тәртібіндегі жер иелену түрлерінен, алым-салық жинау жүйесінен байқалды.

Жер иеленудің бір түрі «иқта», ал иеленушілер «иқтадар» деп аталған. Арабша ондай жер иеленушілерді «муқта» деп атаған. Алайда иқта заңды түрде, түпкілікті бекітіліп берілмеген. Ал муқталар өздеріне берілген иқтаны түпкілікті иеленуге тырысқан. Иқтаның мәні – оны алған адамдар ол жерде отырған қарапайым халықтан алым-салық жинап, ханға әскери қызмет етуге міндетті болды.

Дінбасыларға, діни мекемелерге ірі жер иеленушілер, көшпелі әскербасылар өсиет етіп қалдырған жерлер де болған. Оларды вақфтық жерлер деп аталды. Вақфтық жерлерден салық алынбады. Отырықшы аудандарда шаруаларды қанаудың бір түрі – олардың үлеске алған жерлерінен алым-салық жинастырып отыру. Араб, парсы деректерінде ондай үлескерлерді музари немесе барзигар деп атаған. Қарахан мемлекетіндегі қанаудың бір түрі коммендация болды. Оның мәні мынадай еді: әлсіз адам өз үлесіндегі жерді күштінің қамқорлығына береді, ол (күшті адам) әлсіз адамды қорғауы тиіс. Әлсіз өзінің шамалы жерінен алған өнімін отбасын қорғағаны үшін күштіге (ірі жер иесіне немесе билік басындағыларға) салық төлеген. Төлемнің басқа да түрлері болған. Мәселен, кейбір шаруалар жауынгерлік қызмет үшін адам берсе, енді біреулері өздерін қорғаушылардың (феодалдардың) жұмысын тегін істеп берген.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет