Өнегенің тәрбиелік мәні өте зор. Өйткені, үлкендердің күнделікті мінез-құлқы балаларға үлкен әсер етеді. Өнегенің тәрбиелік пәрменділігі сонда, үлкендер балаларға ештеңені міндеттеп үйретпейді, балалар олардың көзқарастарын, қылықтарын өздері байқайды, оған қызығады, оны мінез-құлық үлгісі ретінде қабылдайды.
Мұғалім мен ата-аналар өнегесі балаларға аса зор ықпал жасайды.Олар мұны естен шығармай, өздеріне қатаң талап қоя білулері тиіс.
Жарыс – балалардың ұжымда іс-әрекетін ұйымдастыру және ынталандыру әдісі. Жарыс оқушылардың іс-әрекеттің алуан түріндегі белсенділігін арттырады, озаттарға теңелуге және артта қалғандарға көмектесуге жұмылдырады, осы негізде коллективтің жұмысында әлдеқайда жоғары көрсеткішке жетуіне жағдай жасайды.
Жарыс жеке ( олимпиада, конкурстарға қатысу ) және коллективтік ( спорттық, топтар арасындағы ) болады.
Мадақтау – бұл баланың жағымды мінез-құлқын ынталандыру құралы. Мадақтаудың сан алуан түрлері бар : ауызша мадақтау, алғыс айту, түрлі наградалар . Егер бала өзінің жетістігін және ұжым алдындағы жауапкершілігін сезе білсе, онда мадақтаудың құндылығы арта түседі. Орынсыз мадақтаудан балада мақтаншақтық, тәкаппарлық, дандайсушылық туады. Сондықтан мадақтау үшін жеткілікті мәліметтер керек.
Жазалау – бұл балаға қоғамдық талап қою, оның мінез-құлқында байқалатын теріс қылықтарды тежеу тәсілдері. Жазалау үшін оның шындығын толық білу, сонымен бірге ұжым пікірі жазалау жағында болғанда ғана баланы жазалауға болады. Күдіктеніп немесе ұжымның пікірінсіз жазалауға болмайды. Жазалауда жеке адамның абыройын төгіп, балағаттау, қорлау ешқандай моральдық нормаға сыймайды.
Тәрбие әдістерін таңдап алу шарттары. Тәрбие әдістерін жеке тұлғаның жан-жақты дамуына бағытталған. Тәрбие жұмысында әдістерді таңдап алу оқушылардың жас және дербес ерекшеліктеріне, өмір тәжірибесіне, педагогикалық ситуацияларға тәуелді. Мысалы, үйрету әдісі кіші мектеп жасындағы балалар тәрбиесінде жиі қолданылады. Үйрету әдісі арқылы балаларды мектепте, үйде әртүрлі іс-әрекетке үйретуге болады.
Тәрбие жұмысында әр баланың жеке даму ерекшеліктерін ескерген жөн. Мысалы, сангвинник бала қиыншылыққа кездессе, бастаған ісін аяғына дейін орындамайды. Сондықтан оны үздіксіз, яғни тұрақты әрекет жасауға, тапсырманы толық орындауға үйрету қажет.
Ұжымды қалыптастырудың алғашқы сатысында тәрбиеші талап қою әдісін қолданады. Ондағы мақсат – балаларды әлеуметтік тәжірибеге қатыстыру.Ұжым қалыптасқаннан кейін оқушылардың әдет-ғұрып, іскерлік, дағдысын қалыптастыру үшін үйрету, жаттықтыру әдістері қолданылады. Ұжым дамуының
ІІ-ІІІ сатысында қоғамдық пікір, тапсырма, пікірталас, өзін-өзі бақылау, өзіне-өзі баға беру т.б. қолданылады.
Әңгіме көбінесе кіші жастағы балалармен жүргізілсе, жоғары класс оқушыларымен диспут, лекция өткізіледі. Түрлі педагогикалық ситуацияларға байланысты этикалық тақырыптарға әңгіме, лекция пайдалану қажет. Мысалы, класта әдепсіздік, өзін ұстау нормалары бұзылған жағдайлар кездессе, адамгершілік тақырыбына әңгіме өткізген пайдалы. Сөйтіп оқушыларға дұрыс баға беруге, теріс көзқарастарды сынай білуге көмектескен жөн. Балалар арасында темекі тарту, ішімдікті қолдану құбылыстары кездессе, оларға никотин мен алкогольдің зияны туралы лекция оқып, кинофильм көрсетуге болады.
А.С.Макаренко тәрбиелеу әдістерін қолданған кезде мұғалімдерді қателіктердің үш түрінен сақтандырады. Олар: әдістерді іс жүзінде тексеріп алмай пайдалану, кейбір жеке әдістерді соқыр сезіммен қолдану, бір әдісті барлығына бірдей қолдану. А.С.Макаренко коллективтің даму деңгейін, тәрбиеленушілердің жас ерекшеліктерін және нақтылы педагогикалық жағдайды ескере отырып, түрлі әдістерді творчестволықпен қолданудың қажеттігін ұсынды.
Барлық тәрбие әдістері бір-бірімен өзара байланысты, өзара тәуелді. Олар бір-бірін толықтырады. Тәрбие әдістерінің көмегімен оқушылардың әртүрлі іс-әрекеттері ұйымдастырылады, мақсатқа сәйкес бағытталады, олардың адамгершілік тәжірибесі байиды, тәрбие әдістерінің көмегімен оқушылардың дүниеге көзқарасы қалыптасады, олар қоғамдық өмірге қатысады, тәрбиенің әлеуметтік мақсаты іске асырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |