Ш.Уәлиханов - қазақтың тұғыш деректанушы ғалымы. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлыны деректанушылық ойлары. Қазақ зиялыларының ұлттық деректерді іздеп тауып табу және жинау мақсатында жасаған әрекеттері. Қазақтың кәсіпқой тарихшысы Е.Бекмахановтың деректанушылық көзқарастары. О.Сүлейменовтың “АЗиЯ”-сы және деректің түпнұсқалық проблемасы. Қазақтың деректанушы ғалымдары және олардың еңбектері. Қазақстан тәуелсіздігі және деректану ғылымы.
Төл деректерімізді ғылыми «сыннан» өткізу арқылы халқымыздың шынайы тарихын жазуға мүмкіндік беретін біртұтас және жүйелі деректанудың елімізде қалыптасып, тарих ғылымындағы өз орнын ала қоймағынымен қазақ ғалымдары барлық уақытта ұлттық деректерімізді «сыннан» өткізудің қажеттігін жақсы түсінген. Соған байланысты өз ойларын айтып, өздерінің деректанулық көзқарастарын білдірді. Тарих ғылымының маңызды саласының бірі болып табылатын деректанумен тікелей айналыспағандарымен, ұлтымыздың үлкен ғалымдары ғылыми сезімталдықпен белгілі бір дәрежеде деректанулық ойдың дамуына өз үлестерін қосты.
Осындай, өз ұлтының тума деректері туралы ғылыми негізделген ой айтқан қазақ ғалымдарының алғашқысы Шоқан Уәлиханов (1835-1865) болды. Деректану ғылымы тарихи деректерді іздеп табудан, оларды бір жүйеге келтіріп жариялаудан басталады десек, бұл ретте Ш. Уәлиханов қазақ-қырғыз халықтарының тарихына қатысты деректерді іздестіріп, оларды бір жүйеге келтіріп орыс тіліне аудару арқылы ғылыми айналымға қосу саласында үлкен істер атқарды. Ш. Уәлихановтың жинаған тарихи деректерінің маңызы, оның тарихшы ғалым ретіндегі орны, тарихи көзқарастарды көптеген тарихшылар еңбектерінде жан-жақты зерттелді. Бұл ретте, әсіресе ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның сіңірген еңбегі ерекше [1]. Дегенмен Ш. Уәлиханов тек тарих туралы ғана емес, сонымен қатар тарихи деректер туралы да өз ойын білдірген.
Ұлы ойшыл бабамыз өз халқының жүріп өткен жолын, сан асудан өткен бұралаң тарихын тануға көмектесетін деректерді аса ыждаһаттықпен жинап қана қойған жоқ, сонымен қатар ол ғалымға тән қасиетімен тарихи деректерді ой елегінен өткізудің, ғылыми талдау жасаудың (деректанулық сынның - Қ.А.) қажеттігін де жақсы түсінді. Осыған байланысты Шоқанның тарихи деректер туралы айтқан ойлары, әр түрлі деректер тобына берген бағасы, деректерді талдауда қолданған тәсілдері, сол арқылы деректерде сақталған ақпараттардың ғылыми құндылығын айқындауы деректану ғылымында бүгінгі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ. Мысалы, “Қазақ шежіресі” деген еңбегіндегі қазақ халқының даму ерекшелігіне сай, ел арасына кең тараған тарихи деректер тобына жататын аңыз-дастандар туралы осыны айтуға болады.
Қазіргі деректану ғылымының деректерді талдауда зерттеушілер алдында қоятын басты талаптарының бірі, ол тарихилық принципіне сай қандай деректі болмасын сол уақытпен, өзін қоршаған қоғамдық ортамен тығыз байланыстыра отырып талдау десек, ол туралы Шоқан Уәлиханов: “ХІІІ ғ. жүз жылдық шапқыншылықтың ауыр зардабы мен ішкі қырқыстың қайғылы заманы болды. Осы кезде туған аңыз-жырлардың (тарихи деректердің- Қ.А.) мазмұны қасіретті шерге толы. Мейірімсіз жау оларды атамекенінен ысырып, қазақ пен ноғайды екі айырды…. Қазақ пен ноғайлардың жылап айырылысуы, сол кездегі дүниеге келген аңыз-дастандарда, күйшілердің қобызында ойнаған күйлерінде өшпес ізін қалдырды” – дейді [2].
Сондықтан тарихи деректерде сол субъекттердің қолтаңбасы, әлеуметтік орыны, дүниеге көзқарасы т.б. сақталады. Ол туралы Шоқан: “Сол заманда туған-қазақ жыр-дастандары қаншалықты мұңды болса, қалмақ дастандары соншалықты көтеріңкі көңіл күйде айтылады”-дейді [3].
Әрине, қалмақ ақыны жеңіс тойлап, көңілі толып өздерінің бастапқы кезеңдегі жеңісін жырға қосса, қазақ ақыны, қазақ жырауы халқының басына түскен зұлматты, қайғы-қасіретті өз жырына, өз әніне қосып халқымен бірге зарлады. Оған дәлел сан ұрпақтың жүрегін сыздатқан “Елім-ай” әні.
Ауызша деректер тобына жататын аңыз-әңгімелер, жыр-дастандармен қатар Ш. Уәлиханов жазба деректер туралы да өз ойын айтып, олардың деректік маңызын көрсетті. “Күмән жоқ, қазақтар туралы ең алғаш дерек Березин бастырып шығарған “жылнамалар жинағында” кездеседі. (Казань, 1854 ж.) Осы басылым қазақтардың өткені туралы ең құнды, алғашқы жазба ескерткіш. Мұнда нақты тарихи деректер аз болғанымен, қазақ хандары мен сұлтандарының ата тегі бар” –дей келе, қазіргі қолда бар деректерді, ел ауызындағы аңыздармен, ноғайлармен қарым-қатынасы жайлы орыстың елшілік актылары Жалайридің “Жамиғ-ат-тауарихымен” салыстырған жөн” деп зерттеушілерге кеңес береді [4].
Деректану ғылымы үшін дерек авторын анықтаудың маңызды екенідігін ескерсек, ол туралы Ш. Уәлиханов: “Жылнама кітап авторының сөзіне қарағанда, ол Ораз Мұхамедтің жерлесі екендігі және автордың (тарақ таңбалы) Жалайыр руынан екендігі айтылады. Борис Феодоровичтің ханзадаға деген кішіпейіл ілтипаты мен мейірімі арқасында осы кітап дүниеге келді” – дейді автор. Автордың өзі туралы осы сөздеріне жүгінсек, оның Ораз-Мұхаммед сұлтанның жерлесі, шыққан тегі тарақ таңбалы, ең басты жалайыр руынан екенін білеміз”.- деп, өте дұрыс ғылыми қорытынды жасайды [5].
Ш. Уәлиханов өзінің ғылыми ойларын дәлелдеу мақсатында қазақ деректерімен қатар басқа да деректерді кеңінен пайдаланғандығына оның мына жазбалары дәлел: - “Қазіретті Иакинфтің (Н.Я. Бичуриннің - Қ.А.) Сібір қазақтары болмашы бір қалмақ ұрпағы болыпты деген пікірінің теріс екендігін дәлелдеп жатудың да қажеті жоқ. Қазақтардың едәуір күшті және жоңғарларға ешбір қатысы жоқ, мүлде басқа халық болғаны Сібір шежірелерінен айқын көрінеді”.
Тарихи деректердің әртүрлі топтарымен қатар Ш. Уәлиханов жеке деректерге де талдау жасап өз бағасын берді. Мысалы, қырғыз халқының асыл қазынасына, ұлттық мақтанышына айналған “Манас” туралы: “Алатау қырғыздарының поэзиялық ең басты және жалғыз десе де болғандай данышпандық халық шығармасы “Манас туралы” дастан екені күмәнсіз. “Манас” – бір кезеңге және бір адамның - Манас” батырдың төңірегіне топтастырылған барша халық ертегілерінің хикаялары мен аңыздарының, география, дін және салт-сана, әдет-ғұрып жөніндегі түсініктердің энциклопедиялық жинағы. “Манас” – бүтін бір халықтық шығармасы, соның көп жылдық творчествосының жемісі – Илиадасы десе де болғандай” – дейді [6].
Ш. Уәлихановтың “Манастану” ісіне қосқан үлесін қырғыз ғалымы И.Б. Молдабаев: “Одним из первых, кто специально обратил внимание на культуру киргизского народа, был славный сын казахского народа Ч.Ч. Валиханов, который не только записал отрывки из эпоса “Манас”, он и написал несколько квалифицированных работ…. Работы Ч.Ч. Валиханова не потеряли актуальности и сейчас” – деп, өте жоғары бағалаған [7].
Сонымен, қорыта айтқанда, жоғарыда келтірілген дәлелдер бізге Шоқан Уәлихановты тарихи деректерді деректанулық “сыннан” өткізудің қажет екенідігін түсінген, деректердің әр түрлі топтарының ерекшелігін, олардың ғылыми маңызын көрсеткен, деректерді ғылыми негізде кәсіпқойлық дәрежеде талдай білген қазақтың тұңғыш деректанушы ғалымы деп айтуға мүмкіндік берді.