О. Сүлейменовтың “Аз и Я”- сы және деректанудың түпнұсқалық проблемасы. Халықтар татулығы-еліміздің тағдыры үшін өмірлік мәні бар қағида. Мұны бұдан көп бұрын көре білген, сол татулықтың терең тамырларын сонау тарих қойнауынан іздеп, бұлтартпас айғақтармен дәлелдей білген ақын Олжас Сүлейменов – оның империя аспанында найзағайдай жарқ еткен. “Аз и Я”-сы еді.
Ғылыми еңбекке қарсы сол кездегі Одақтың айдарынан жел ескен ірі-ірі журналдарында: “Молодая гвардия”, желтоқсан, 1976-ж., “Русская литеатура”. № 1, 1976 – ж., “Москва”, № 3, 1976 ж., “Звезда”, № 6, 1976 ж. т.б. академик Д.С. Лихачев бастаған мамандардың сыны қарша борады. Жұмыс 1976-жылдың 13-ші ақпанында КСРО Ғылым академиясында арнаулы талқыланды. Оның стенограммасы “Вопросы истории” және “Вопросы языкознании” журналының 9-шы сандарында “Олжас Сүлейменовтың кітабын талқылау” деген атпен жарияланды. Ақырында кітапқа саяси баға берген, оның “қателіктерін” жан-жақты ашып көрсеткен Қазақстан Коммунистік партиясының 1976-жылғы 17-шілдедегі арнайы қаулысы шықты. Соңында , автордың өзінің айтуынша, еш уақытта жазбаған, өз “қателіктерін” мойындаған хаты жарияланды.
Өз уақытында үлкен шу көтерген кітап славян халықтарының ХІІ-ғасырда дүниеге келген жазба ескерткіші, жыр өнерінің інжу-маржаны, ғылым үшін аса құнды тарихи дерегі “Игорь жасағы туралы жырды” зерттеуге арналған. Автор тарихи деректану ғылымында деректерді зерттеудің ең бір күрделі тәсілі-тілді негізгі зерттеу объектісі ретінде ала отырып, сол арқылы “Жырдың” пайда болған уақытының ерекшеліктерін, сол кезеңде Русь пен Даланы мекендеген халықтардың санқырлы қарым-қатынасының дамуын, оладың бір-біріне тигізген табиғи әсерін көрсеткен.
“Тарихи мәліметтердің қайнар көзі – тіл. Ол -өткен дәуірдің ең сенімді, шежірелердің “өз көзқарасынан” мүлде ада. Құжат тіл-уақыт мүддесінен тыс, идеологиялық толқуларға бағынбайды, нағыз дәл дерек” [7]- деген қағидаға сүйенген автор “Жырдың” бүгінгі күнге дейін жеткен бірнеше тізімдерінің (Ипатьев, Лаврентьев тізімдері, әсіресе “Задонщина”) түпнұсқаларын, салыстыра отырып мынандай қорытындыға келеді. “Күтпеген жерден тіл куәлік береді екен. Христиан дәуіріне дейін славяндардың түркілермен бейбіт қатынаста болғанына тіл дәлел болады. Олар бірге мал бағып, жер жыртқан, кілем тоқып, киім тіккен, бір-бірімен сауда жасасқан, ортақ жауға бірігіп қарсы шапқан, ортақ әріптермен жазған. Бірге ән салып, ортақ аспаптарда ойнаған. Сенімді де ортақ болған” [8]. Оған дәлел “Жырдың” өзі – “Игорь жасағы туралы жырдың” тілі”.
“Жыр” авторы текске өз замандастарының күнделікті өмірде жиі пайдаланатын түркі сөздерін ғана емес, өмірде бар түркі атаулары мен сөз тіркестерін де табиғи түрде пайдалана білген. Ол шығармасын ХІІ-ші ғасырдың екі тілді оқырманына арнаған” [9].
Иә, бүгін біздің өмірімізде орыс тілінің, орыс мәдениетінің ықпалының зор екендігі қандай тарихи шындық болса, Х-ХІІ-ші ғасырларда славян халықтарының тілі, мәдениеті, дәстүрі үшін далалықтардың да ықпалының мол болғандығы сондай тарихи шындық. Оны О. Сүлейменов өзінің “Аз и Я”- сында бұлтартпас нақты деректермен дәлелдей білді.
Сонымен, бүгінгі күні елімізді мекендеген халықтардың жалпыұлттық татулығы тек бүгінгі күннің қажеттілігіне ғана емес, олардың ортақ тарихына, ортақ мүдделеріне де негізделген. Олардың татулығының, бірлігінің терең тамырлары туралы, ол татаулықтың тек еліміз үшін емес, жалпы Еуразия үшін маңыздылығы туралы Олжас Сүлейменов: “Мың жыл бұрынғы Еуразия тағдыр-талайын түркілер мен славяндардың өзара байланыстары, өзара тәуелділігі шешетін. Болашақта да славяндар мен түркілердің өзара қарым-қатынасы жер қыртысының алтыншы бөлігіндегі әлеумет тіршілігіне деген ықпалы үдей түскен”,- дейді [10]. Одан әрі ол: “Өмір тағылымын санамызда тұтпасақ, өзара туған-туыстығын танымайтын Иван мен Ахметше қазіргі өмірімізді де адасып өткізбекпіз” деп ескертеді [11].
Егер “Аз и Я” халықтар бірлігі туралы қасиетті құбылыстың негізін іздеуге арналған ғылыми-зерттеу жұмысы болса, онда ол неге саяси қуғынға ұшырады? Иә, автордың сөзімен айтсақ “Оған сол кзеңнің саясаты, уақыт, заман кінәлі болатын” [12].
Дегенмен, методологиясыз еңбек болмайды. Өзінің ғылыми бағыт-бағдары туралы О. Сүлейменов былай дейді: “Ғылымның игілгі жеке тайпа мен ру емес, күллі адамзат үшін ортақ болғандықтан жеке ұлттық физика, химия мен философия пәні болмағандықтан, мен кез-келген халықтың тарихнамасын тірі де тура организм деп танып, оны мүшелемей адамзаттың өмірбаяны деп қабылдаймын” [14]. Олай болса сонау 70-інші жылдардың өзінде дұрыстығына бәріміздің көзіміз енді жеткен методологияны автордың басшылыққа алуын, өз еңбегін жалпы адамзаттық құндылық тұрғысынан, ұлттық мүдде тұрғысынан жазуын ғылыми көрегенділік дейміз бе, жоқ әлде көзсіз ерлік дейміз бе?
“Аз и Я”-ның және оның авторының келесі күнәсінің бірі “басқаның бақшасына” түскендігі. “Жырды” тек өздерінің ұлттық мұрасы деп есептеген кейбір өркөкірек, ұлттық намысы қозғыштар оны тек орыстар ғана талдауға тиіс деп ұқты. Олардың түсінігінде көне орыс ескерткішіне басқа ұлт өкілдерінің, әсіресе далалықтың талдау жасап, пікір айтуы кешірілмес күнә еді. Ол туралы О. Сүлейменов: “Ал Игорь жасағы туралы жыр” қақында “бөтен” ешкімнің сөз айтуы мүмкін емес, бұл ұлы орыс халқының мұрасы болғандықтан тек орыстар ғана зерттей алады деген дүмбілез сенім мықтап қалыптасқан еді. Сондықтан да әлгіндей намысқой шамшылардың: “Қазақстанның бұл кітабын Ресей ешуақытта кешіре алмайды”, - деуі тегін болмаса керек” [15] - дейді.
“Жырды” көне орыс тілінен қазіргі тілге ондаған жазушылар мен оқымыстылар аударды. Осы тізімнің ең басына ХІ-ғасырдың көшірмешісінің атын қоюға болар еді”, дейді автор [16]. Одан әрі “ХІ- ғасырдың оқырманы секілді көшірмеші де ХІІ-ғасырдың түпнұсқасын бұзып қабылдады. Автор диалектісіне тән арнайы сөйлемдер мән-мағынасыз болып көрінді. Көшірмеші түсінгеніне орай олар нақты жүйеге түспеген болып саналады”,-дейді [17].
Демек, ХІ - ғасыр көшірмешісінің “Жырды” толық түсінбеуі түпнұсқа мәтінінің алғашқы бұрмалауға ұшырауына бастады.
Дегенмен, бұрмалаудың да бұрмалауы бар. Егер тарихи деректану ғылымының тұрғысынан келсек, ол өмірде жиі кездесетін қатардағы құбылыс. Әдетте көшірмеші әдеби шығарманы көшіру барысында оған өз ойын, өз түсінігін енгізбей қоймайды. Сондықтан көп жағдайда көшірмешілер тек тексті сөзбе – сөз аударушылар емес, белсенді түсіндірушілер кейде тіпті қосалқы автор да болып табылады. Тек зерттеуші бұл факторларды ескеруге тиіс. Сол арқылы түпнұсқаны қоспадан айырып алады.
Мәселен, Ипатьев жылнамасы Игорьдің толық жеңілісінен соң 15 орыс жауынгері мен одан да аз мөлшерде ковуйлер қалағанын хабарлайды. (“По наших Руси с 15 мужь утекшин, а ковуев менее”). Бұл сараңдау деректі Татищев былай жетілдіреді: “Токмо 215 человек Русских пробився сквозь половинцев в последнее нападение пришли в Русь, а ковуев хотя и много ушло, но мало спаслось”! [19].
Бәрінен қызығы, көзге ұрып тұрған осы сияқты сорақылықтарды орыс тарихшылары ғасырлар бойы “көрмеді”, көргісі келмеді. Керісінше, күні бүгінге дейін Татищев жылнамаларын орыс деректанушылары “таза алтын” деп қабылдап, оған басқаларды да сендіруге тырысуда [20]. Орыс тарихи деректану ғылымының жоғарғы дәрежеде дамығандығын, өзіндік тарихы бар тұтас бір деректану мектебінің қалыптасқандығын ескерсек, онда “Аз и Я” авторы айтқандай, “Татищев жылнамаларының” еш күмәнсіз қабылдана қалуының себебі неде? Осыншалық аумақты жалған жазбаның салиқалы құжаттар тізіміне енуіне не делік?” [21] деген сұрақ туады.
Иә, оған да кінәлі сол уақыт, сол заман. Ғалымдар заман талабын орындады. Ұлттық санадан туындаған қоғамдық сұранысқа жауап берді. Тарихқа мәңгі өзгермеген және өзгермейтіндей болып көрінген ХІХ-ғасыр мінберінен қарады. Сондықтан “Көшпелілердің… ХІХ-ғасырдағы шұрық-шұрық тесік, жамау-жамау киіз үйлерін, қайыршылық тұрмысын көргенде еуропалық ғалымдардың жиіркеніп, қапаланғаны соншалық, мына құладұз Дала мен Еуропаның арасында сонау көне замандарда мәдени байланыстар болуы мүмкіндігі туралы ойлаудың өзі күпірлік саналды”[22].
Уақыт өтеді. Бәрі де өзгереді. Кім білсін, бүгінгідей өтпелі кезеңнің ауырпалығын татулықтың, бірліктің арқасында бірге көтере білген, жеңе білген еліміздің халықтары (түрік тілділері де, орыс тілділері де) ХХІ-ғасырда өздерінің бірліктерінің, тату-лықтарының тамырларының сонау ХІІ-ғасыр қойнауынан бастау алатындығын мақтанышпен айтатын да, оған нақты тарихи дәлелдер келтіретін де күн туар. Сол кезде “Аз и Я” да өзіне лайықты бағасын алар.