Лекция Кілт сөздер Дерек, сын, тарихи синтез, әдіс, әдіснама, деректану пәні


Лекция 2. Деректанудың қалыптасуы және дамуы



бет2/28
Дата14.12.2022
өлшемі178.99 Kb.
#467206
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28
Деректану лекция

Лекция 2. Деректанудың қалыптасуы және дамуы

Деректанудың ғылым ретінде пайда болуының және қалыптасуының алғышарттары.


Деректанудың ғылым ретінде қалыптасу тарихын зерттеу ХІІІ-ХІХ ғғ. Еуропаның барлық өркениетті елдерінде болып өткен түбегейлі қоғамдық өзгерістер салдарында ұлттық сананың оянуының, сол елдерде тарих ғылымының, оның ішінде деректанудың да пайда болып қалыптасуына алып келгендігін көрсетеді. Мысалы, қазіргі Германияда кезінде Пруссияның Наполионмен соғыстағы жеңілісі үкіметі либеральдық реформалар жүргізуге, герман мемлекеттерін біріктіруге ұмтылуға итермелеген. Ұлттық сананың қалыптасуында неміс халқының тарихи құжаттарын жинап жариялаудың да ролі өте үлкен болды. Бұл істің бастауында белгілі мемлекет қайраткері, либераль-реформатор Г.Ф Штейн тұрды. Соның ұйымдастыруымен 1819 жылы «Ежелгі тарихи деректерді зерттеу қоғамы» атты ғылыми ұйым құрылды.


Ұйымның негізгі міндеті герман тарихының қайнар көздерін-тарихи құжаттарды іздеп табу, жинау және сыни талдаудан өткізу арқылы жариялау болды. Деректерді жинаудың, ғылыми талдаудың және жариялаудың жалпы перспективалық жоспарын тарихшы Г.Г Пертец жасаған. Осылай, күні бүгінге дейін сәтті жалғасып келе жатқан атақты “Герман тарихының ескерткіштері” сериясының негізі қаланған. Бірінші басылым 1826 жылы жарық көрді. Басылым деректерді зерттеудің, оларды ғылыми талдаудың шын мәніндегі мектебіне айналды.
1830 жылы неміс тарихшысы Г. Вайцтің жетекшілігімен «Герман тарихының деректануы» атты библиографиялық еңбек жарық көрді. Еңбекте «деректану» деген термин бірінші рет қолданылды. Мамандар жоғары бағалаған бұл еңбектің толықтырылған оныншы басылымы 1980 жылы шықты. Еңбектің үздіксіз толықтырылып қайта басылып отыруы, оның ғылыми құндылығының жоғары екендігін көрсетеді.
Бір жағынан тарихи шығармаларға деген қызығушылықтың артуына, екінші жағынан Еуропа елдеріндегі ұлттық сананың өсуіне байланысты тарихи құжаттардың жаңа кешеніне ерекше көңіл аударушылық - ХІХ ғасырдың басында тарихи зерттеуге деген қажеттілікті едәуір арттырды. Тарихи зерттеу ісімен айналысатын мамандар даярлаудың қажеттілігі айқын көріне бастады. Сол уақыттағы жалпы типтегі университеттік білім бұл мақсатты іске асыруға жеткіліксіз болды. Сонымен қатар бұл проблема мұрағаттар алдында да тұрды. Бұған бәрінен бұрын Францияда көз жеткізді. Мұнда Ұлы француз буржуазиялық революциясының нәтижесінде әкімшілік аппаратында, меке-мелерде, саяси жұйелерде түбірлі өзгерістер жүргізілді. Ескі мұрағат мекемелерінің өмір сүруін тоқтатуына байланысты ұлттың меншігіне айналған жаңа орталықтандырылған мұрағаттар құру мүмкіндігі және қажеттілігі пайда болды.
Ескі типтегі тарихи білім жаңа міндеттерді атқаруға қабілетсіз болып шықты. Сондықтан Парижде мұрағатшылар және аса көп мөлшердегі орта ғасырлық Франция тарихының құжаттарымен жұмыс істей алатын мамандар даярлау мақсатында 1821 жылы Хартия мектебі ашылды. Осы Хартия мектебінде алғаш рет құжаттарды дерек көзі ретінде зерттеуге көмектесетін пәндерден дәріс оқытыла бастады. Хартия мектебінің ізімен, сол сияқты жоғары мектептер, ХІХ ғ. елуінші жылдарында басқа да Батыс Еуропа елдерінде ашыла бастады. Мысалы, 1854 жылы Вена қаласында неміс тарихшысы Т.фон Зиккель Австрия тарихи зерттеу институтының негізін қалады. Онда деректерді сыннан өткізу проблемасына ерекше көңіл бөлінді. Мұндай институттар 1856 жылы Мадритде, 1857 жылы Флоренцияда ашылды.
Деректанудың қалыптасу және дамуының негізгі кезеңдері.
Деректану тарихи зерттеу тәжірибесі барысында пайда болды. Алғаш жазба деректер тек нақты-тарихи фактілерді тануға көмектесетін құрал ретінде пайдаланылып зерттелді. Тарихи деректер қорының кеңеюі мен ғылыми айналымға жаңа деректердің біртіндеп енуіне байланысты, бір тарихи оқиғаның, құбылыстың не процестің әр түрлі деректерде әр түрлі дәрежеде, тіптен кейде қарама-қайшы дәрежеде бейнеленетіні көріне бастады. Сондықтан, ол деректерді зерттеу, бір-бірімен салыстыру, сол арқылы шындықты іздеу қажеттілігі пайда болды. Ұзақ жылдардағы зерттеу тәжірибесі барысында қолданылған әр түрлі тәсілдер негізінде деректерді зерттеу методикасы қалыптасты. «Дерек оқиғаны қалай бейнелейді?» деген сұрақ негізгі мәселеге айналды. Жазба деректер заттай деректерден (археологиялық) бөлек зерттеле бастады.
Ежелгі әдебиет авторының ойын, шығарма мәнін дұрыс түсінуге және оны дұрыс түсіндіруге (интерпретациялауға) деген ұмтылушылық деректану негізінің қалыптасуына алып келді. Мысалы, ежелгі орыс жылнамаларын зерттеуші А.Л. Шлецердің (1735-1809) «тазартылған Несторды» қалпына келтірмек болған әрекеті шығарма авторына, автор ойына деген ерекше көңіл бөлудің жарқын көрінісі болды. Август Шлецер - ұлты неміс, орыс тарихшысы және филологы, Петербург ғылым академиясының адьюнкті, кейіннен Геттенген университетінің профессоры «Бағы замандар хикаясының» тек Киев-Печерскі монастырының монахы Нестордың ғана емес, оның ісін жалғастырушылардың және хикаяны көшіріп жазушылардың да туындысы деген қортындыға келді [1].
Тарихи сынның дамуына неміс тарихшысы Б.Г. Нибур (1766-1831) үлкен үлес қосты. Ол тарихты зерттеудің ғылыми-сындық методының негізін қалады. Өзінің «Рим тарихы» деген классикалық еңбегінде Нибур тарихи мәліметтерді сыни талдау методын пайдалану арқылы Римнің ежелгі тарихының аңыз екенідігін дәлелдеді. Тағы бір неміс тарихшысы Л.фон Ранке (1795-1886) тарихты “Ол шындығында қалай болды” солай жазу үшін деректер мен фактілерді объективті сыннан өткізудің қажеттілігін жариялады. Басқа да көптеген неміс тарихшылары осы бағытта еңбек етті [3].
Француз тарихшыларының ішінде деректерді сынау проблемасына тарихшы-медиевист П. Дону (1761-1840) ерекше көңіл бөлді. Ірі мұрағатшы ретінде Дону ұлттық мұрағаттар құжаттарын сыныптау принциптерін жасаумен белгілі болды. Сонымен қатар, бірнеше жылдар бойы ол деректерді тарихи сынау курысынан дәріс оқыды [4].
Тарихи деректерді талдау методының дамуына ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы ірі ғылыми жаңалықтардың ашылуы да үлкен әсер етті. Олар көптеген тарихи деректерді зерттеуге және оларды сыни талдаудың методын жетілдіруге ықпалын тигізді. Сонымен, “Деректану” тарихи деректерді іздеп тауып жинау, зерттеу және жүйеге келтіріп жариялау нәтижесінде пайда болып қалыптаса бастады.
Дегенмен, Батыс Еуропада деректану ғылымының дамуы неміс тарихшысы Э. Бернгейм (1850-1942) мен француз ғалымдары Ш.В. Ланглуа (1863-1820) және Ш. Сеньобостың (1854-1942) аттарымен тікелей байланысты. 1889 жылы Грейсвиль университетінің профессоры Э. Бернгейм “Тарих ғылымына кіріспе” атты. 1898 жылы француз ғалымдары Ш. Ланглуа және Ш. Сеньобос “Тарихи зерттеуге кіріспе” атты оқулық жариялады. Оқулық ретінде дайындалған екі еңбек те бірнеше рет қайта басылып шықты және екеуі де орыс тіліне аударылды. Бір қызығы екеуі де пайда болған күндерінен бастап үздіксіз сынға ұшырап келеді. Дегенмен, содан бері бұл еңбектерге сілтеме жасалынбай бір де бір деректанушылық еңбек жазылған жоқ деп айтуға болады. Олар тарихтың позитивтік методологиясының, әсіресе тарихи фактілер мен оларды ғылыми еңбектерде пайдаланудың өзіндік эталонына айналды деуге болады. Көптеген жағдайда бұл еңбектер әлі де өз маңызын жойған жоқ.
Э. Бернгейм өзінің деректерді сыныптау принципін, өз сөзімен айтсақ: “фактіға жақындық дәрежесіне қарай” қарастырды [5]. Өсы өлшемге сай ол деректерді – тарихи қалдықтар және тарихи дәстүрлер – деп екі үлкен сыныпқа бөлді. Бернгейм бойынша тарихи қалдықтарға “сөздің өз мағынасындағы қалдықтар” (антропологиялық және “ас үйлік” қалдықтар) және “басқалар” [6] - адамдардың материалдық және рухани қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында жасалынған нәрселердің бәрі жатады. Ал тарихи дәстүрге Бернгейм өткен туралы белгілі бір дәрежеде мәлімет сақтаған тарихи материал болып табылатын – бейнелеу, ауызша, жазбаша деректердің бәрін жатқызды.
Бернгейм бойынша деректің шынайылық дәрежесін анықтауда деректің фактіға дайындық дәрежесі бойынша сыныптаудың маңызы үлкен. Оның ойынша тарих қалдықтары үшін олардың түпнұсқасын анықтау тәсілдерін қолданужеткілікті. Егер түпгұсқалық анықталса онда қалдықты сол өзі қалдығы болып табылатын фактіні зерттеу үшін пайдалануға толық болады. Тарихи дәстүр үшін керісінше, деректердің шынайылығын тексеру керектігін айтады. Себебі зерттеудегі факт тікелей жетпеген, басқа арадағы адамдардың айтуымен жеткен. Сондықтан олардың айтқанын тексеру қажет болады.
Деректерді осылай қалдықтармен тарихи дәстүрлер деп бөлу кейін де көптеген деректанушылық әдебиеттерде жиі қолданылып келді.
Ланглуа мен Сеньобостың кітабы-“Тарихты зерттеуге кіріспе” оқулық ретінде жазылғанымен, жоғарыда айтылғандай, тарихнамаға кеңінен танымал еңбек ретінде енді. Тарихи зерттеу методын ерекше тақырып ретінде қарастыру қажеттігі туралы өз көзқарастарын жан-жақты негіздей және дәлелдей келе авторлар бірнеше сұрақтар қойады. Өткенді қалай тануға болады? Құжат дегеніміз не? Тарихи шығармалар дайындауда құжаттарды қалай пайдалануға болады? Тарихи фактілер деген не? Оларды тарихи шығармаларда қалай топтауға болады? [7] Міне, осындай сұрақтарға Ланглуа мен Сеньобос жас тарихшылардың көңілін аударғысы келді. Бірақ іс жүзінде бұл сұрақтар тек жас зерттеушілерді ғана емес, бір ғасырдан аса уақыт бойы, жалпы барлық кәсіпқой тарихшылардың көңілін өзіне аударып келеді.
Кітап үш бөлімнен тұрады. Оларда: алғашқы мәліметтер, аналитикалық процестер, синтетикалық процестер қаралған. “Алғашқы мәліметтер” деген жалпы тақырыппен деректерді табу туралы анықтамалық материалдар, құжаттардың жинағы мен коллекциялары, көрсеткіштер мен каталогтар, библиографиялар туралы мәліметтер берілген. Сонымен қатар қосымша ғылымдар: эпиграфия, полеография, дипломатика т.т. туралы мәліметтер бар.
“Аналитикалық процестер” бөлімінде құжаттармен жұмыс істеу методикасы айтылған. Бұл бөлімнің маңызы өте үлкен. Себебі авторлық концепцияда құжаттарға ерекше орын беріледі. “Құжат – тарихи білімнің бірден бір қайнар көзі. Тарих құжаттар бойынша жазылады. Олар жоқ болса – тарих та жоқ” [8] -кітаптың басты тезистерінің бірі осындай. Құжаттар бір кезде өмір сүрген адамдардың іс әрекеттерінің, ақыл ойларының қалдырған іздері ретінде қаралады.
Бұл жерде авторлар жазба деректер, оның ішінде зерттеушілер жиі пайдаланатын нормативті құжаттар туралы айтып отырғандарын және өз методикасын солар үшін жасағандықтарын ескертеміз. Олардың ойынша ең бастысы құжат мәлімет жеткізіп отырған факті мен құжат арасындағы қатынасты анықтау. Бұл қатынастағы басты нәрсе - құжаттың дүниеге келуіне әсер еткен себепті анықтау. Зерттеушілердің пікірінше деректі зерттеудің екі кезеңі бар. Бірінші кезең -сыртқы сын. Оның міндетіне: мәтінді қалпына келтіру мен деректің пайда болуын сынау кіреді. Екінші кезең- ішкі сын. Оның міндетіне: деректің мазмұнын, оның шынайылығын сынау кіреді [9].
Құжаттың пайда болуын сынаудағы мақсат, құжат авторының еңбек еткен жағдайы туралы мәлімет алу, автордың шындықты қаншалықты айтқысы келетінін не келмейтінін немесе шындықты айта алатындығын не айта алмайтындығын және оның фактіні қаншалықты дәл бере алғындығын анықтау [10].
Ішкі сында екі негізгі ереже басшылыққа алынады: біріншісі-қаншалықты сенуге болатындығына көз жеткізу мақсатында әр бір мәліметті зерттеу, екіншісі-құжаттағы әр бір мәліметті жеке қарастыру [11].
Зерттеудің келесі кезеңінде деректің шынайылығын анықтау фактілерді бір-бірімен салыстыру арқылы жүреді. Осылай деректер мәлімет беріп отырған фактілердің бірімен бірінің сәйкестігі немесе бірімен бірі қарама қайшы келетіндігі анықталынады. Фактілердің сәйкес келуі мәліметтердің шынайылық дәрежесінің жоғары екендігін көрсетсе, керісінше бірін бірі жоққа шығаруы олардың шынайылығына күмән тудырады. Авторлардың айтуынша деректанулық талдау жүргізу қорытындысына, тексерілген, шындыққа жақын жекелеген тарихи фактілердің белгілі бір жиынтығы анықталуы керек [12]. Тарихи зерттеудің келесі кезеңі кітапта “Синтетикалық процестер”- деп аталғын. Бұл бөлімде тарихшы қалайша әр түрлі фактілердің басын біріктіріп біртұтас еңбек етіп шығара алатындығы туралы айтылған. Қарастырылған бұл еңбектер өз кезінде ғалымдардың көңілін тарихшылардың деректермен, тарихи фактілермен жұмыс істеу методының ортақ мәселелеріне аударды, тарихшының кәсіби еңбегінде деректану ғылымының қандай орын алатындығын көрсетті. Университет профессорлары дайындаған бұл кітаптар “дерек”, “құжат”, “деректану”, “деректерді сынау” сияқты түсініктерді ғылыми айналымға кеңінен ендірді. Тарихи құжаттарды сақтау орындары (ішінде мұарағат құжаттарын да), жазба, ауызша, заттай деректердің әр түрлері туралы мол мәлімет берді.
Ал соңғы жылдары шет ел ғалымдарының көңілін өзіне аударған еңбектердің ішінен, 1961 жылы Парижде жарық көрген, тарихи зерттеу методының қазіргі концепциясын көрсеткен “Тарих және оның методы” – атты арнаулы басылымды атауға болады. Ол әр түрлі бөлімдерін көрнекті француз ғалымдар жазған ұжымдық еңбек. Кітаптың дайындалып жарыққа шығуына басшылық жасаған академик Ш. Самаран еңбектің алғы сөзінде: «Біздің ғылымда да басқа тілде де әлі баламасы жоқ бұл шығармада тарихи түсініктерді талдауға және жете анықтауға, оларды мүмкіндігінше жүйелі доктринаға біріктіруге әрекет жасалынған» [13] - деп жазса кітапқа берілген бір рецензияда: «Кітап өзінің іргелілігі жағынан ескі Ланглуа мен Сеньобосты толығымен ауыстырады. Оны оқу талапты студенттің тарихшыға айналуының бастапқы қадамы болады» [14] - деп жазылған.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет