А. Байтұрсынұлы тарих және тарихи деректер туралы. ХХ ғасыр басында Шоқанның ғылыми ізденістерін, Абай ойын, Абай ісін үзбей жалғастырып алып кетушілердің бірі және бірегей Ахмет Байтұрсынұлы болды. А. Байтұрсынұлының Абайдан соңғы дәуірде еліне, ұлтына еткен еңбектері, сіңірген бейнеті туралы соңғы жылдары аз айтылған жоқ. Дегенмен, уақыт өткен сайын оның қызметінің кей қырлары өзін аша түсуді, маңызын тереңірек ұғынуды қажет етеді.
Осындай Ахмет Байтұрсынұлының ерекше назар аударуды қажет ететін қырларының бірі, оның тарих ғылымына, тарихи деректануға қосқан үлесі.
Өз халқының келешегін ойлаған ойшыл ретінде ол тарихқа қатысты өзінің ойларын білдірді, пікірлерін жазды. Қазақ тілінің жұрт мойындаған маманының, қазақ сөзін зерттеушісінің: “Сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы- тарих” – деп артында қанатты сөз қалдыруы, оның халық келешегінің халық жады-тарихпен тікелей байланысты екенідігін терең түсінгендгінің белгісі.
А. Байтұрсынұлының тарих ғылымы туралы, тарихи деректану туралы негізгі ойлары, оның 1926 жылы жазған “Әдебиет танытқыш” деп аталатын ғылыми – зерттеу еңбегінің “Әуезе түрлері” деп аталатын бөлімінде айтылған.
Бүгінгі күні-тәуелсіз Қазақстанның төл тарихының қалыптасу кезеңінде, өз бастауымызға көз салсақ, кезінде А. Байтұрсынұлының тарих туралы, әсіресе тарих ғылымының аса бір күрделі саласы, тарихи деректану ғылымы туралы айтқан ойлары, білдірген пікірлері өзінің дәлелдігімен, ғылыми құндылығымен ерекшеленетіндігін байқауға болады. Мысалы, тарихтың атқарар қызметі, оның ғылым ретінде алдында тұрған міндеттері мен мақсаттары туралы: “Тарихтың қызметі-бүтін адам баласының, яки бүтін бір жұрттың, я бір таптың өткен өмірін болған кұйінде айнытпай айту; тарихтың мақсаты – бүтін адам баласының өмірі нендей табиғат заңымен өзгеретінін білу” – деуі [18], тарих ғылымының белгілі бір табиғи заңдылықтарға негізделгені, оның жалпы адамзаттық құндылықты басшылыққа алған методологиялық бағдары туралы өте дұрыс, ғылыми негізделген пікір айтса, одан әрі тарихи деректану ғылымның негізгі принципті қағидаларының бірі – кез келген деректің деректанулық талдауды қажет ететіндегі туралы: “тарихшылар халық басынан кешкен түрлі уақиғалардың мағлұматын сымға тартқандай, сынға салып, мінсіз етіп, дұрыстап өткізеді” – деп [19], тарихшылардың өздеріне жеткен мағлұматтарды, яғни тарихи деректерді “сынға салып”, демек деректанулық талдаудан өткізіп, “мінсіз етіп”, яғни ғылыми құндылығын анықтап алатындығын айтады.
Ахмет Байтұрсынұлы тарихи деректердің табиғатта “таза” күйінде кездеспейтіндігі, олардың түрлері қоспалардан тұраттындығының себептері туралы: “Шежіре жазушылар естіген-білгенін сол қалпында, шикі түрінде тізеді.”- десе [20], ғылымның жай шежіре жазудан айырмашылығын “Тарихшылар құр естігенімен қанағаттанбай, рас, өтірігін тексеріп, расын ғана алады” – деп көрсетіп берді [21].
Тарих ғылымының негізін тарихи деректер құрайтындығын, деректерде салынған ақпараттарды алып, ғылыми еңбектерде пайдалану үшін тарихи деректану ғылымының қажеттілігін, “Шежіре, заман хат, өмірбаян, мінездеме-бәрі да тарихтың жемі есебіндегі нәрселер. Тарих олардың айтқанының бәрін ала бермейді. Аударып, ақтарып түрлі жағынан қарап, түрлі мағлұматтармен салыстырып, сипатталған мағлұматтарды ғана алады”- деп, [22] қарапайым ғана сөздермен, аса маңызды ғылыми проблеманың шешімін түсіндіре білді.
Бұл ретте қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымының докторы, профессор Ермұхан Бекмахановтың еңбегін ерекше айтуға болады. Ол 1947 жылы жарық көрген, сол үшін 1952 жылы 2 желтоқсанда 58 статья бойынша 25 жылға сотталған (ХХ съезден кейін ақталады) “Казахстан в 20-40 годы ХІХ века” – деген еңбегінде өзінің тамаша деректанушы екендігін көрсете білді.
Монографиялық зерттеудің кіріспе бөлімінде Е. Бекмаханов жұмысты дайарлау барысында пайдаланған деректерге кәсіби дәрежеде деректанулық талдау жасап, маңызды да қызықты ойлар айтқан. Ұлттық жәдігерлеріміздің түрлік ерекшеліктерінен шыға отырып деректанулық сынның әр түрлі тәсілдерін пайдаланған . Қазақ тарихшысы кәсіпқойлық дәрежеде деректану ғылымының талаптарына сай, Қазақстанның ХІХ ғасырдағы 20-40 жылдарындағы тарихынан мағлұмат беретін деректерді, өмір сүру формасына қарай әдеби деректер, мұрағат деректері және фольклорлық деректер деп үлкен үш сыныпқа бөлген.
Мұрағат деректерінің ішінде қазақтардың шаруашылық құрылымын және әлеуметтік қатынастарын зерттеуде ХІХ ғасырдың 40-шы жылдарындағы Орынбор әскери губернаторы Обручевтың тапсыруымен қазақтың би-сұлтандарынан арнайы жазылып алынған жазбалардың ғылыми маңызының үлкен екендігін айта келе Е. Бекмаханов “… бұл материалдар қазақтардың әдеттегі құқығының білгірі болып саналатын сол қазақтардың өздерінің айтуымен жазылғандықтан оларда хабарланатын фактілердің айна қатесіз дұрыстығына шек келтірмейсің. Сонымен қатар, өздерінің айтуымен жазылған жазбалардың бәрін сұлтандар мен билер оқып шыққан, сонан кейін мұның дұрыс-бұрыстығына қатаң жауапкершілікті мойынындарына алып, осы жазбалардың астына қолдарын қойған”- деп, бұл жазбалардағы ақпараттардың шынайылық дәрежесінің жоғары болуына әсер ететін факторларды атап көрсетеді [2].
Дегенмен, бұл материалдарды ғылыми тұрғыда пайдалану үшін “… әдеттегі құқық жазбаларына айрықша сыни көзбен қарау керек. Мұнда ең алдымен бұл жазбаны қашан, кім және кімнен есітіп жазғанын анықтау өте маңызды. Қазақ сұлтандарының, билері мен ақсақалдарының өздері жинаған жазбалары анағұрлы дұрыс болып табылады” [3]- деп, зерттеушілерге деректің пайда болуының субъективті факторларында да көңіл аударудың қажеттілігін ескертеді.
Әр түрлі мұрағаттарда сақталған деректердің бір бөлігін ресми құжаттардан тұратындығын, олардың деректік маңызын, қашан, қалай дүниеге келгендігін, кімдердің не мақсатпен жазғандығын айта келе ғалым: “Ресми сипаттағы бұл хат жазысулар Қазақстан туралы және Ресей самодержавиесінің отарлау саясатының мақсаттары жөнінде әрқашан объективті түсінік бере бермейді. Сөйтсе де бұларда патшаның отарлау саясатының шын сипатын суреттейтін құпия құжаттар жиі ұшырасады… Ресми хат жазысулар да патша отаршыларының қазақтарға көзқарасын көрсететін көптеген деректер бар”[4] – деп, өз пікірін нақты мысалдар келтіру арқылы дәлелдейді.
Мұрағат құжаттарының үлкен бір тобын қазақтардың дала билеушілерінің патшаға жазған хаттарынан тұратындығын, олардың деректік орнын көрсетіп тарихшы: “Өзінің отарлау саясатында патша өкіметінің сұлтандарға және ру шонжарлары- билерге арқа сүйегені белгілі. Бұл жағынан қазақ шонжарларының хаттары, көрсетінділері және өтініштері назар аудартады… Қазақ шонжарларынан түскен құжаттар қазақ және татар тілдерінде жазылған. Шекаралық Комиссияда бұл хаттар орыс тіліне аударылған, көбінесе мүлде қате аударылыпты.
Сондықтан бұл құжаттардың ведомстволық аудармаларын пайдаланған кезімізде біз оларды түпнұсқаларымен салыстырып шықтық”[5]-дейді.
Бұл, Е.Бекмахановтың кәсіпқой тарихшы ретінде зерттеу жұысының барысында деректану ғылымының тиімді тәсілдерін пайдалана білгендігін байқатады.
Сонымен, Ш. Уәлихановты қазақ халқының төл деректеріне ғылыми талдау жасаған қазақтың тұңғыш ғалымы десек, Ермұхан Бекмахановтың Қазақстанның ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы тарихының деректеріне байланысты айтқан ойларына деректанулық талдау жасау, оны қазақтың тұңғыш кәсіпқой деректанушы ғалымы деп айтуымызға мүмкіндік береді.