Тарихи деректің мәнін ашудың негізінде бейнелеу теориясы жатыр. Болған тарихи құбылыстың деректе бейнеленуі, сол деректерде болған құбылыстардың әр түрлі образдарда көрінуі. Оқиға алдымен адамның сезімінде, түйсігінде, ойында және істерінде бейнеленеді, ал тарихи дерек болса сол бейнеленудің жемісі, қорытындысы, соның салдары ретінде пайда болады.
ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басындағы ірі орыс ғалымы, академик А.С. Лаппо-Данилевский: «Тарихи дерек дегеніміз-адам психикасының іске асқан жемісі» -деп жазды. Әрине, адам психикасы тарихи деректі жасау кезінде үнемі қатысады, бірақ ол деректің пайда болуының басты себебі, басты негізі емес. Ол тек объективті қабылдаудың, түйсінудің психологиялық ортасы ретінде сол сезімді, түйсікті тарихи деректерге енгізуге қатысады. Образдың бейнеленуші объектімен ұқсастық принципі – деректің объективтілігін көрсететін аса маңызды фактор, оның тарихи шындықты, тарихи оқиғаларды объективті бейнелей алатын қабілеттігінің белгісі. Екінші жағынан, нақты шындықты бейнелеу негізінде, адамның іс-әрекетінің барысында пайда болған объект ретінде, тарихи деректің өзі-нақты шындықтың бір құрамдас бөлігі (кез келген дерек материалды). Демек, нақты объективті шындық тек қана бейнеленіп қойайды, сонымен қатар тарихи дерекке енеді. Сондықтан объективтілік дегеніміз нақты шындықтың деректе бейнеленуі мен енуінің диалектикалық бірлігі болып табылады.
Дегенмен, сөз жоқ, әрбір тарихи дерек субъективті, өйткені ол адам санасының жемісі, субъектің дүниеге келтірген туындысы («Объективті дүниенің субъективті бейнесі»). Басқаша айтсақ, кез келген тарихи деректе оны жасаған жеке адамның өзіне тән (әлеуметтік не жеке) белгілері қалады. Сондықтан еш уақытта тарихи шындық пен тарихи дерек толық сай келеді деп айтуға болмайды.
Сонымен, тарихи дерек дегеніміз – объективтілік пен субъективтіліктің диалектикалық бірлігі.
Адам өзінің нақты іс-әрекет процесінің барысында жасаған және әр түрлі белгілермен, таңбалармен, сөздермен дерекке салған ақпарат тарихи деректің негізгі мазмұны болып табылады.
Ақпарат автордың белгілі бір мақсаты мен мүддесіне сай деректерге салынғандықтан, кез келген дерек объективтілікпен қатар субъективтілікті де өз бойында сақтайды.
Дегенмен, субъект нақты дүниені бейнелеу процесінде, тек өз мақсатына сай келетін нәрселерді ғана бейнелеп қоймайды, сонымен қатар «артық ақпараттар» да жасайды. Сондықтан дерекке тек қана саналы түрде салынған ақпарат (деректі тану процесінде оны айқын актуальды немесе көзге түсіп түрған ақпарат деп атайды) қана еніп қоймайды, сонымен қатар, жасырын ақпараттарда да енеді.
Бұл ақпаратты кейде құрылымды, байланыстырушы деп те атайды, өйткені ол құбылысқа байланысты мәліметтер береді. Сондықтан ақпараттың осы бөлігі біз үшін неғұрлы объективті, нақты шындыққа жақын, өйткені ол жасалу кезінде көп бұрмалаушылыққа ұшырамаған. Осыдан шыға отырып, тарихи деректердегі ақпарат байлығының шексіз мол екендігін байқауға болады. Демек, зерттеу тәсілдерін жетілдіру арқылы тарихи деректен үнемі жаңа ақпараттар алуға болады.
Тарих ғылымы белгісіз болған деректерді ғылыми айналымға түсіру арқылы ғана дамып қоймайды (экстенсивті жол), сонымен қатар бұрын ғылымға белгілі деректер мазмұнына терең үңілу арқылы ондағы жасырын ақпараттарды жаңа тісілдер көмегімен алу арқылы да дамиды (интенсивті жол).
Бүгінгі күні деректану гуманитарлық танымның ерекше методына айналып отыр. Гуманитарлық танымның мақсаты адам (оның феномен ретінде толық және тұтас) және қоғам (адамзат феноменін оның уақыттың және кеңестіктің бірлігінде) туралы білімді дамыту және жүйелеу. Деректану методы да жалпы мақсатқа қызмет етеді. Деректану өзінің методы мен танымдық қасиеттерін гуманитарлық танымның жалы эпистеомологиялық (теориялық-таным) принциптерімен сәйкес жетілдіреді және, өз кезегінде, адам және адазат туралы білімді өзіндік танымдық құралдармен байытады.
Деректану методологиясын тарих ғылымында қалыптасқан білім жүйесі құрайды. Ол теориялық постулаттар, дамудың тарихи – практикалық тәжірибесі және зерттеу методының бірлігінен тұрады. Деректану өзіндік ерекшелігі бар ғылым және объективті дүниені тануда ерекше методпен пайдаланады. Объективті дүниеде адам іс-әрекетінен тыс және одан тәуелсіз табиғи объектер де, сонымен қатар адамдардың мақсатты, саналы іс-әрекеттерінің нәтижесінде жасалынған мәдениет объектілері де өмір сүреді. Мәдениет объектілерін нақты бір практикалық мақсат көздеген адамдар жасайды, өңдейді, өз дәрежесіне жеткізеді. Дәл сол объектер өздерін жасаған адамдар туралы, сол мақсат қойып іске асқан қоғамдық ұйымдар типі, адамдар қауымдастығы туралы ақпараттар жеткізеді. Мәдениет объектерін адам және қоғам туралы ақпарат көзі ретінде зерттеу деректанудың басты міндеті.