Лекция 5. Деректанудың методологиялық негізі Тарихи деректанудың қосалқы тарихи пәндермен және арнайы тарихи курстармен арақатынасы. Тарихи деректердің анықтамасы. Деректану реальды дүниені тану құралы. Адамдар қолымен жасалынған мәдениет құндылықтары – фольклорлық туындылар, заттар, жазбалар, құжаттар – деректану ғылымының зерттеу объектісі.
Тарихи деректанудың жалпы тарих ғылымындағы алатын орнын анықтау үшін біз оның қосымша тарихи пәндермен және басқа да тарихи зерттеулермен ара қатынасына тоқтайық.
а) Қосалқы тарихи пәндермен ара қатынасы.
Тарихи деректерді зерттеумен көптеген қосалқы пәндердің айналысатыны белгілі. Олардың жалпы саны 30-дан асады:
- эпиграфика–тастағы, металдағы, сүйектердегі, ағаштардағы
жазбалар;
- нумизматика – теңгелердегі жазулар;
- сфрагистика – мөрлердегі жазулар;
- геральдика – ел таңбаларындағы жазулар;
- полиография – жазу материалдары мен құралдарын, жазу ерекшеліктерін зерттеу;
- папирология – папирустардағы жазуларды зерттеу;
- текстология - әдеби ескерткіштердегі мәтіндер тарихын зерттеу;
- дипломатика – заң актілерін зерттеу;
- хронология – тарихи оқиғалардың уақытын анықтау;
- метрология - өлшем жүйесін тарихи дамуында зерттеу;
- география тарихы - өткеннің географиялық тарихын зерттеу;
- генеалогия-адамзаттың, жеке адамдардың шығу тегін зерттеу
т.б. Бұл пәндердің даму барысында олардың зерттеу шеңбері де кеңіп отырады. Дегенмен, қосалқы тарихи пәндердің қай-қайсысы болсын өзінің зерттеу объектісі жағынан да, тәсілі мен шеңбері жағынан да деректанудан әлдеқайда тар.
Деректану деректердің тек кейбір түрлерін, типтерін немесе топтарын (теңгелер, актілер, жылнамалар, заманхаттар т.б.) ғана зерттеп қоймайды, ол барлық тарихи деректердегі салынған ақпараттарды қоғам дамуының заңды жемісі ретінде зерттейді. Сондықтан оның шеңбері барлық жағынан қосалқы тарихи пәндерден әлдеқайда кең.
ә) Нақты тарихи зерттеулермен ара қатынастары.
Екінші жағынан, деректануды нақты тарихи зерттеулермен, жалпы тарих ғылымымен шатастыруға да болмайды.
1) Тарихи зерттеу өз міндетіне тарихи деректер кешені негізінде тарихи процестер заңдылығын тануды алады.
2) Деректану өз міндетіне деректі қоғамдық өмірдің жемісі ретінде, басқаша айтқанда тарихи процестің бір бөлігі ретінде тануды алады.
Демек, деректану шеңбері тарихи зерттеу шеңберінен тар.
Сонымен, деректану дегеніміз – тарих ғылымында өзіндік орны бар арнаулы ғылыми пән болып табылады. Деректанудың міндеттері аса кең де жан-жақты. Ол негізгі екі аспектіде қаралады. Олар: “Дерек және шындық”, “Дерек және тарихшы”.
Бір жағынан, деректің пайда болуының және деректер қорының даму тарихын қоғам дамуымен тығыз байланысты заңды процесс ретінде талдау. Екінші жағынан, деректердегі салынған қоғам өмірінде болған барлық оқиғалар, құбылыстар және процестер туралы ақпараттарды ала білу, оның сенімділігін, ғылыми маңыздылығын анықтау, оны пайдалана білу.
Методологиялық мәселелерді ашу деректерге шолу жасаумен қатар жүргізіледі, бұл жағдайда көңіл негізінен деректер жеткізген фактілер мазмұнына емес, әр түрлі деректердің ақпараттар беру ерекшелігін көрсетуге бөлінеді.
2. Деректанудың өзекті категориясы – тарихи дерек. Дәл сол тарихи дерек зерттеу объектісі мен (тарихи шындықпен) субъектіні (тарихшыны) жалғастырып тұрған буын.
Тарихи дерек деген түсініктің мәнін дұрыс ұғану тарихи танымның өзінің объективтілік мәселесін дұрыс шешуге көмектеседі.
Сонымен, “деректану дегеніміз реальды дүниені тану методы болып табылады”. Бұл ретте объект болып адамдар жасаған мәдениет объектері-шығармалар, заттар, жазбалар, құжаттар т.б. танылады. Адамдар шығармалары мақсатты түрде жасалғандықтан, шығармаларда сол мақсаттар мен соған жету тәсілдері және белгілі бір уақыт пен кеңістіктегі адамның шығарма жасаған жағдайындағы қолындағы мүмкіндіктерді де бейнелейді. Сондықтан, шығармаларды зерттей отырып, соларды жасған адамдар туралы көп нәрсе білуге болады және адамзатты танудың бұл тәсілі кеңінен қолданылуыда. Демек, деректанулық зерттеу: адам-шығарма-адам жүйесі арқылы жүреді. Яғни, зерттеуші басқа адаммен ол жасған және оның әлеуметтің тұлғасы бейнеленген шығармалар арқылы қатынас жасайды.