15 ЛЕКЦИЯ
Тақырыбы: Қазақ фольклорының зерттелу тарихы
Қазақ фольклортауының қалыптасу кезеңі.
ХІХ ғасырдағы қазақ фольклорының зерттелуі.
Қазақ фольклорының Кеңес дәуірінде зерттелуі.
Қазақ фольклортануының қазіргі жайы.
Қазақ фольклорын ХҮІІІ ғасыр аяғы мен ХІХ ғасырдың басынан зерттегендер, негізінен, орыс және Батыс Европа Еуропа ғалымдары мен саяхатшылары болғандықтан, Еуропа фольклортануында қалыптасқан мектептердің көрінісі қазақ фольклорын зерттеу еңбектерінен көрініп отырды, себебі бұл зерттеулер батыс ғылымының зерттеу әдістеріне сүйенді.
ХІХ ғасырдың басында Гегельдің идеалистік философиясы дүниеге келген болатын. Гегельдің бұл философиясы фольклордағы мифология мектебін қалыптастырды.
ХІХ ғасырдың орта шенінде ертедегі поэзия үлгілерін зерттегендер - ориенталистер ағымы өріс алды. Бұл ағымның өкілдері поэзиялық шығармалар, әсіресе эпикалық шығармалар бір халықтан екінші халыққа ауысып отырады деп түсіндірді. Ориенталистер фольклорда миграция теориясын қалыптастырды.
Э.Тайлордың (ағылшын ғалымы) ХІХ ғасырдың екінші жартысында “Первобытная культура” деген еңбегі фольклорға жаңа ағым алып келді. Ол еңбекте әр халықтың фольклорлық туындылары өз жерінде ғана туады деп түсіндіреді. Осы кездегі психологизм мектебі діншілдік бағыттағы мектеп болды.
ХІХ-ХХ ғасырлар аралығында тарих мектебі пайда болды. Оның негізін қалаған В.Ф.Миллер болатын. Бұл мектептер мен ағымдардың барлығы ХҮІІІ-ХІХ ғасырда қазақ фольклортануында өз ізін қалдырды.
Сондай-ақ материалистер іліміне сүйенген ағартушылар да болды. Соның бірі - өз халқымыздың перзенті Ш.Уалиханов. Шоқанның әдеби-ғылыми пікірлері ол кезде жазба әдебиеті дами қоймағандықтан, көбінесе фольклорлық шығармалар мен ауыз әдебиеті туралы болды. Ол қазақ эпостарын жіктеп, оны халық тарихымен тығыз байланыстырды. Оның фольклордағы үлкен еңбегі - “Манас” эпосын зерттеуі. Шоқанды “Қазақ фольклористикасының атасы” деп атайды.
Ыбырай Алтынсариннің қазақ фольклоры жөніндегі арнайы зерттеуі болмаса да халық мақалдарын, т.б. фольклор үлгілерін педагогикалық жағынан сұрыптап, “Қазақ хрестоматиясына” бастыруын ғылыми еңбек деп қарастыруымыз керек.
В.В.Радлов - қазақ халқының тұрмысын, тарихын, әдебиетін зерттеген ғалым. Ол “Түрік тайпалары халық әдебиетінің нұсқалары” деген атпен 10 томдық жинағын жариялаған. Оның үшінші томында қазақ фольклорының үлгілері қамтылған. В.В.Радлов “Қозы Көрпеш - Баян сұлу” жырын зерттеп, оны басқа нұсқаларымен салыстырған.
Г.Н.Потанин - Орта Азияны мекендеген көптеген халықтың фольклорын зерттеп, жарияланған саяхатшы. Оның зерттеушілігінің ерекшелігі - фольклорды қазақ халқының тарихымен, өзге өнер түрлерімен, рухани мәдениетімен байланыстырып қарағандығы.
Ә.Диваев - қазақ фольклорының барлық жанрын жинаған зерттуші. Ә.Диваев ауыз әдебиеті үлгілерін өзінше жүйелеген және түркі халықтарының ауыз әдебиеті нұсқаларын өзара салыстырып, зерттеген.
ХІХ ғасырдың аяғында және ХХ ғасырдың басында Ж.Шайхысыламұлы, А.Сабалұлы, Ә.Тәңірбергенов сияқты көптеген кітаби ақындар Қазан, Ташкент қалаларындағы баспалардан эпикалық жырларды жарыққа шығарды.
Кеңес дәуірінде қазақ фольклортануы әрқилы дамыды. 20-жылдары қазақ фольклорын жинау, зерттеу, жариялау істері жүйелі жүргізілді. 1922 жылы Ә.Диваев Ташкентте батырлар жырын бес бөлім етіп бастырып шығарды. 1926 жылы Мәскеуде Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсынов “23 жоқтау” деген жинақты бастырды. Зерттеу ісі де біршама жақсы жүрді. Х.Досмұхамедовтың “Қазақ халық әдебиеті” атты баяндамасы (1922 жылы), А.Байтұрсыновтың “Әдебиет танытқыш” (1926 ж.), М.Әуезовтің “Әдебиет тарихы” еңбектері (1927 ж.) негізінен фольклорлық шығармаларды жіктейді. Бұл зерттеулерде фольклорлық шығармалар көркем әдебиет деп есептелген.
Қазақ фольклорын жинау, жариялау 1930 жылдары да жақсы жүргізіле бастады. “Қобланды батыр”, “Алпамыс батыр” жырлары орыс тіліне аударылды. 1945 жылы Мәскеуден А.С.Орловтың “Казахский героический эпос” деген еңбегі, 1948 жылы қазақ фольклорына арналған “Қазақ әдебиеті тарихының” бірінші томы жарыққа шықты.
1940 жылдардың ІІ жартысы мен 1950 жылдардың ІІ жартысында қазақ фольклорында елеулі кемшіліктер орын алды. Көптеген батырлар жыры кеңестік идеология тарапынан қуғынға ұшырады. Бұл кемшілік - батырлық жырлардың басты кейіпкеріне, оның іс-әрекетіне тарихи тұрғыдан ғана қарау және шығармалардың идеясынан социалистік ұғымдарды іздеуден туындады. Кеңестік саясат Ер Тарғын, Едіге, Орақ, Мамай, Шора т.б. адамдарды тарихта Ресейге қарсы шыққан батырлар болған деп, сол қаһармандарға байланысты жырларды жоймақ ниеттегі әрекетін бастады.
1955-1956 жылдары СССР Ғылым академиясы және М.Горький атындағы Әдебиет институты СССР халықтарының эпосына арналған ғылыми конференциялар өткізді. 1955 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің халық мұрасын немесе шығармашылығын дұрыс игеру жөніндегі қаулысы қабылданды. Бұл қаулылар халық шығармалырын қайта қарауға мүмкіндік берді. 50 жылдардың басындағы кемшіліктер жойыла бастады. 60 жылдары халық шығармаларын тарихпен байланыстыу ісі кең өріс алды. Көне әдеби мұралар мен фольклорлық шығармалардың ара қатынасын зерттеу ісі де дұрыс жолға қойылды. Б.Кенжебаев, Х.Сүйіншалиев, М.Мағауин, М.Жолдасбеков, А.Қыраубаева т.б. ғалымдар осы бағытта жұмыс істеді. Ескі әдеби мұраларда сол кездегі халықтың ауызша сөз өнерінің үлгілерін көптеп кездестіреміз. Бұл ғалымдардың зерттеу ісіне қарап отырып, көне дәуірдегі фольклорлық шығармаларымыздың қандай сипатта болғанын көреміз. 70 жылдары фольклортану елеулі биіктерге көтерілді. 1979 жылы “Қазақ фольклористикасы”, 1988 жылы “Қазақ фольклористикасының тарихы”, 1990 жылы “Фольклор шындығы” сияқты фольклордың ерекшелігін жан-жақты қамтыған ұжымдық еңбектер шыға бастады.
Қазіргі кезде жекелеген жанрларды және жанрлық түрлерді зерттеу ісі тереңдеп дамып келеді. Кеңес дәуірінде фольклорлық шығармаларды зерттеу ісімен түбегейлі айналысқан ғалымдар: М.Әуезов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, М.Ғабдуллин, Қ.Жұмалиев, Р.Бердібаев, О.Нұрмағанбетова, Н.Смирнова, С.Садырбаев, С.Қасқабасов, Е.Тұрсынов, Б.Әбілқасымов, Ш.Ыбыраев, А.Сейдімбеков, Б.Әзібаева т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |