Сюжеттік инвариант (типтік мотивтер):
І сюжет - батырға тән балалық және кейіпкердің үйленуі
(ішіне кіретіндер):
1. Ру, тайпа, ата-аналар;
2. Кейіпкердің ғажайып жаратылысы;
3. Батырға тән балалық шақ;
4. Алғашқы ерлік;
5. Қалыңдық туралы хабар;
6. Қалыңдықпен белдесу, сынға түсу. Күйеулер арасындағы бәсеке;
7. Жеңіс және батырдың қалыңдығымен оралуы.
ІІ-сюжет - Батырға тән ерліктер:
8. Жаудың шабуылуы туралы хабар;
9. Жорыққа аттану;
10. Батырдың белдесуі;
11. Жекпе-жек және кейіпкердің жеңіске жетуі;
12. Жеңіспен оралу.
ІІІ-сюжет - жаудан (құлдан, бақталастан) руды, тайпаны, қалыңдықты, туған-туысты азат ету.
13. Қалыңдық туралы немесе туған-туыстың, рудың тұтқынға түскені, қорлық көргені жөніндегі хабар (түс көру, белгі беру);
14. Кейіпкердің қалыңдығына дұшпанының немесе бәсекелестің үйленуді ниет етуі;
15. Қалыңдықпен жасырын кездесу немесе қалыңдықтың тойына бөтен адам болып келуі;
16. Күрес немесе жарыс үстінде кейіпкердің танылуы;
17. Жеңіске жету немесе бәсекелесті, құлдарды жазалау;
18. Той.
Бұл инвариант барлық батырлар жырында толық сақталына бермейді. Әсіресе, циклдық жырларда бірнеше ұрпақтың ерлігін суреттейтін болғандықтан, бұл мотивтердің біркелкі қайталануы тыңдаушыны да, айтушыны да жалықтырар еді.
Батырлық жырлардағы кейіпкерлердің де типтік сипаты байқалады. Мәселен, басты кейіпкер - батыр, олардың өмірлік серігі - жақсы әйел (“Алпамыс батырда” - Гүлбаршын, “Қобыланды батырда” - Құртқа, “Тарғында” - Ақжүніс т.б.). Сондай-ақ барлық батырлар жырында кездесетін кейіпкердің бірі - жүйрік ат. Көшпелілер тарихында соғыс кезінде аттың рөлі үлкен болған. Сол себепті батырлар жырынан тұлпарлар бейнесі берік орын алған. Олар әрқашан батырға серік, қолқанат.
Батырлар жырының өлең жолдары 7-8 буынды, ұйқасы шұбыртпалы, еркін ұйқас түрінде келеді.
Эпикалық шығармалардың бұл түріне жататын жырларды ғылымда «лиро-эпос», «ғашықтық эпос», «романдық эпос» деп атау қалыптасқан. Романдық эпос - стадиялық тұрғыдан қарағанда көне эпос пен қаһармандық эпостан кейін пайда болған жанр. Бұлардың өзінен бұрынғы эпикалық жанрлардан тақырыптық жағынан, сюжеттің күрделілігі жағынан әлдеқайда ауқымдырақ екені байқалады. Бұл шығармалардың бойында көне эпостарға да, қаһармандық эпостарға да тән белгілер кездесе береді. Бірақ мұнда көне эпостағыдай дүниенің жаратылысы және т.б. тылсым күштер жөніндегі, олардың себептері жөніндегі түсіндірулер орын алмайды. Сондай-ақ қаһармандық эпостың көтеретін проблематикасы басқа. Ал, мұнда жеке адамның тағдыры, мақсат-мүддесі бірінші орында көрсетіледі.
Романдық эпостың зерттелуі ертерек басталғанымен, оны жанр ретінде тұтастай сөз ету мәселесі Кеңес дәуірі кезеңіне жатады. Осы уақытқа дейін оны М.Әуезов, Ә.Қоңыратбаев, М.Ғабдуллин т.б. ғалымдар зерттеп келді. “Қазақтың лиро-эпосы” деген еңбегінде Ы.Дүйсенбаев бұл жанрды тұтастай алып, ғылыми тұрғыдан қарастырады. Одан соң бұл жанрды арнайы зерттеген ғалымдар қатарында Рахманқұл Бердібаевтың, Қыдырәлі Саттаров пен Бақытжан Әзібаеваның еңбектері бар.
Қазақ халқының төл туындысындай болып кеткен бұл жырлардың бір тобы - сюжеті шығыстан келген эпикалық туындылар. “Жүсіп-Зылиха”, “Ләйлі-Мәжнүн” т.б. жырларды көркемдігі жағынан қазақтың тұрмыс-тіршілігінен алынған жырлардан бөліп қарауға болмайды. Бүл жырлар біршама жинақталды. 1976 жылы Үшкілтай Субханбердина “Ғашықнаме” деген атпен осындай шығармалардың бір тобын бастырып шығарды. Шығыстан келген сюжеттегі жырларды “қисса-дастандар” деп атау да қалыптасқан. Мәселен, бұл топтағы туындыларды осылай атап, оны жазба әдебиетке қатысты мұра деп санайтын ғалымның бірі - А.Қыраубаева.
Ғашықтық жырлардың негізгі тақырыбы – жастардың бас бостандығы, ғашықтық, тұрақты махаббат. Мұнда салт-сананың, тұрмыстың көріністері көбірек көрінеді. Оны романдық сипатқа жақындататын осы қасиеті. Шығыстан келген ғашықтық жырларда діни ұғымдар көбірек араласады. Романдық эпос адамдар арасындағы достық пен қастықтың әр алуан жайын көрсетеді. Тіршіліктің проблемалы сұрақтарына жауап береді. Онда өмір қайшылықтарының шығу себебі көрсетілгенімен, әлеуметтік талдау жасалмайды.
Романдық эпостарда ауыз әдебиетінің түрлі жанрларының басы қосылып кетіп отырады. Мәселен, айтыс формасы көрініп отырады. Ғашықтық жырлары арқылы поэзиямызға мол көркемдік бейнелеу сөздері енді. Шығыстан келген жырларда шығыс поэзиясының өлең үлгілері жиі кездеседі. Ғазал, бәйіт т.б. шығыстық өлең формаларының өлшемдері қазақ өлең өлшемімен астасып келеді. Мәселен, “Бозжігіт” өлеңінде:
Ғашықтар зарлап өтер,
Тәңірден рахмет күтер.
Мұратқа бір күн жетер,
Сабыр қылса керек-ті,-
деген өлеңдегі ырғақ пен ұйқастың шығыс халықтары поэзиясына тән екендігі көрінеді. Романдық эпос сүйіспеншілікті жырлап, адамның асыл қасиеттерін дәріптеп, тазалыққа тәрбиелеумен ғана емес, көркемдік қасиетімен де аса құнды мұра. Мүның ауқымы кең. Онда фольклордың өзге жанрлары да сиып кете береді: жоқтау, естірту, қоштасу, жар-жар, айтыс жанрларының үлгілерін “Қозы Көрпеш - Баян сұлу” жырының бойынан көреміз. Кейіпкердің монологтары көбірек орын алады. Өйткені, ол ғашықтық эпостардың драмалық қасиетінен туындап отырады.
Қазақтың төл топырағында туған ғашықтық жырлардың қатарына “Назымбек-Күлше”, “Акбөпе-Сауытбек”, “Мақпал-Сегіз”, “Ер Тоқымбет”, “Ақбикеш-Қарабала”, “Нұрғайша” т.б. жырлар да жатады.
Қазақ эпикалық жырларының ішінде ХҮІІІ ғасырдан бері қарайғы оқиғаларды баяндайтын сюжетті жырлардың үлкен бір тобы бар. Бұл жырлар болған оқиғаның суымаған әсерін, ұмытылмағандығын көрсетеді. Олардың көбінің жырлану дәстүрі, тіл ерекшелігі өзінен бұрынғы эпикалық жырлармен ұқсас болып келеді. тарихи оқиғаларды, аңыздарды эпикалық дәстүрмен насихаттау ниетінен туған бұл жырлар ғашықтық, батырлық эпостар сияқты тарихи негізінен онша көп қол үзіп кете қоймаған. Бұл жырларда тарихи желі сақталып, белгілі адамдар сөз болады. Тарихта болған оқиға мен адамды ауызша тараған аңыз негізінде жырлау нәтижесінде туған тарихи жырларды өзінше бір аралық жанр деп атауға тура келеді. Одан көне эпостың, классикалық эпостың кейбір белгілері сақталғанымен, өзіндік ерекшеліктері де кездеседі. Кейде оқиғалар тарихи деректерге сәйкес баяндалса, кейде қиялдау, көркемдік жинақтау болып басым түсіп жатады. Тарихи жырларға “Абылай хан”, “Қабанбай батыр”, “Бөгенбай”, “Шақшақұлы Ер Жәнібек”, Олжабай батыр”, “Сырым батыр” т.б. жырларды жатқызуға болады. Бұл жырлардың ішінде суреттелетін оқиғалар, адамның барлығы дерлік тарихта болған, бірақ кейіпкерді бір жақты, мінсіз етіп көрсету, орталық қаһарманды биікке көтеру, соғыс кезіндегі оның ерекше қимыл-әрекеттерінің, батыр тұлпарының образ ретінде суреттелуі - көне эпос пен қаһармандық эпостың белгілерін сақтағандығын көрсетеді.
Эпикалық әсірелеу тарихи жырда да кездеседі. Мәселен, “Шақшақ ұлы Жәнібек” жырында Жәнібектің әкесі Шақшақ 5 жасында найза ұстап, 10 жасында халыққа билік айтқан делінеді.
Тарихи жырлардың енді бір тобында көне және қаһармандық эпикалық дәстүр кездесе бермейді. Бұл жырларда аңыздан гөрі тарихи фактілер басым болады. Олардың көбінде ХІХ ғасырдан бергі оқиғалар суреттеледі. Өмірді жырлау сипатына қарай мұндай шығармаларды тарихи-реалды эпос деп атаймыз. Мұндай жырларға “Кенесары-Наурызбай”, “Исатай-Махамбет”, “Бекет”, “Жанқожа”, “Досан” т.б. жырларды жатқызамыз. Кенесары, Наурызбайға байланысты жырлардың кейбіреуінің авторы белгілі, кейбіреулерінің авторы белгісіз. Тіпті Кенесарының қырғыздармен соғысатын сәтін суреттейтін жырдың бірнеше вариантының ішінде авторы белгісіздері де бар. Бұл жырдың ең алғашқы шығарушысы - осы көтеріліске қатысқан Нысанбай жырау. “Исатай-Махамбет” жырының авторы - Ығилман Шөреков “Досан” жырының авторы - Сәттіғұл Жанбағылов.
Тарихи жырлармен бірге әр түрлі тарихи оқиғалардан елес беретін тарихи өлеңдер де бар. Тарихи өлеңдердің кейбірі лирикалық түрде, кейбірі баллада түрінде шығарылады. Бұл - оның тарихи жырлардан басты айырмашылығы. Тарихи өлеңдер көп жағдайда басқа жанрлармен араласып жүреді. Олар аңыздар мен әпсаналардың құрамында кездеседі. Мәселен, Қара қыпшақ Қобландының Ақжол биді өлтірген оқиғадан туған аңыз Қодан тайшының “Қара қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным,” деген тарихи өлеңімен басталады. Тарихи өлеңнің көпке белгілі бір түрі - “Қаратаудың басынан көш келді”. Бұл өлең “Ақтабан шұбырынды” тұсындағы қазақтардың ауыр тұрмысы елестеді. Қазақтың тарихи өлеңі тақырыптық жағынан түрліше болып келеді. Оларда нақтылы тарихи оқиғаға деген халықтың түсінігі бейнеленген. Сонымен қатар 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліспен байланысты өлең-жырлар да көп. Көбінің авторы болғандықтан, бұл шығармаларға әдеби тұрғыдан қарау дұрыс. Поэзиялық фольклор үлгілерін жырлауда кейбір аймақтың тілдік ерекшеліктері байқалады. Кейбір жырлар, әсіресе, эпикалық жырлар Қазақстанның белгілі бір аймақтарында кең тараған, екінші аймақтарында мүлдем сирек айтылатын болған.
Достарыңызбен бөлісу: |