Лекция тақырыбы: Кіріспе. Фольклор және фольклортану ғылымы туралы түсінік



бет2/21
Дата20.09.2022
өлшемі132.02 Kb.
#461001
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21
ХАӘ лекция

N

Айырмашылық негіздері

Фольклор

Әдебиет

1.

Әлеуметтік негізі

Халық арасы

Басқа әлеуметтік топ-тар

2.

Идеологиялық айырмашы-лық

Халықтық идеология

Халықтық емес идеология

3.

Стильдік айырмашылығы

Халықтық дәстүр

Әдеби дәстүр

4.

Дәстүр мен жаңашылдық-тың ара салмағы

Дәстүрдің басымдығы

Жаңашылдықтың басымдығы

5.

Шығармашылық табиғаты

Ұжымдық, ырықсыз, стихиялы

Даралық, теориялық сана-сезімге талаптану

6.

Авторлық туралы түсінік

Халықтық шығарма-шылық

Жеке шығармашылық

7.

Мәтіннің өмір сүру қалыбы

Көп нұсқалы

Тұрақты

Фольклор өзінің өмір сүруінде әдебиет сияқты заттық пішінге (кітап, қолжазба, баспа өнімдері) ие болмайды. Ол айтушының есінде сақталып отырады. Солай болғанмен фольклордың туынды мемлекеттік немесе діни цензураның өзін бақылауына мүмкіндік бермейді. Сол себепті ол жаңашылдық тұрғысынан әдебиетке ілесе алмағанмен халықтың белгілі бір дәуірдегі көңіл күйін, сұранысын дәл бейнелеуде өзінің артықшылығын көрсетіп отырған. Антогонистік таптық қоғамда езілуші халықтың әдебиеттен гөрі фольклорды жақын тұтуының бір сыры осында жатыр.


Фольклордың ең басты ерекшеліктерінің бірі – оның ұжымдық шығармашылық екендігі. Ол өте ерте замандарда, жеке адам бөлініп шыға қоймаған алғашқы қауымдық құрлыс кезінде-ақ қауымның дүниетанымын көрсететін бұқаралық шығармашылық ретінде пайда болған. Алғашқы кезде фольклорлық шығармалар адамдар тобы тарапынан жаратылып қоймастан орындалатын да болды. Кейіннен жекелеген орындаушылар мен айтушылар пайда болғанымен олар ұжымдық сұранысы мен дүниетанымы шеңберінен шыққан жоқ. Әрі фольклорлық туынды коллективтен тыс айтылмайды. Фольклор туыңдаушысының әдебиет оқырмандарынан ең басты айырмашылығы – ол шығарма қабылдаушы ғана емес, одан әрі дамытушы, жеткізушісі, тасымалдаушысы да. Ұжымдық шығармашылық әрдайым даралық шығармашылықпен бірлікте көрінеді. шығарма жекелеген орындаушылар тарапынан өзгеріске түсуі мүмкін. Алайда, ол орындаушылар ешқашан автор болып саналмайды. Өйткені, қандай шығарма болмасын халық арасында ұзақ өмір сүру барысында ғана өзіндік мазмұн мен пішінге ие болады. Фольклордағы жеке адамның шығармашылығы өзінен бұрынғылардың еңбегінен алып пайдалануға негізделеді.
Фольклорлық мұраның мәтіндері орындалу сипатында ұрпақтан-ұрпаққа берілуінде сюжеттің, образдың, көркемдік құралдың ұзақ уақыт бойы сақталуында дәстүрлілік ерекше орында болды. Мұндай дәстүрлілік шығарманың мазмұны мен пішінінің көркемдігінің халық эстетикасына сай келетіні сақталып, сай келмейтіні нәтижесінде пайда болды. Бұл дәстүрлілік жекелеген сюжеттің кейіпкерлер мен көріктеу құралдарының және жанрлар құрамымен, іпті, жалпы фольклордың сипатының үздіксіз өзгеруімен бірлікте болды. Фольклордағы өзгерістер қайта өңдудің, мәтінді толықтыру немесе қысқартудың нәтижесінде болуы мүмкін. Фольклордағы өзгерістер халық өміріндегі тарихи әлеуметтік жағдайдың, оның дүниетанымы мен көркемдік талғамның алмасуынан пайда болып отырады. Әдебиет және ақпарат құралдарының ықпалынан, жеке орындаушылардың шығармашылық қабілеті салдарынан пайда бола береді. Фольклордағы өзгерістер оның әр түрлі мезгілі мен мекендері әр түрлі орындаушылар тарапынан пайда болған көп нұсқаларда өмір сүріп келеді. Бұл көп нұсқалылық та фольклордың басты ерекшеліктерінің бірі. Соған орай фольклортану ғылымында “вариант”, “версия”, терминдері қолданылады.
“Вариант” термині әдебиеттануда да бір шығарманың көшірмелері немесе әр түрлі басылымның арасындағы мәтіндік айырмашылықтарын білдіретін атау ретінде жұмсала береді. Фольклортануда әрбір айтушыдан алынған мәтін “вариант” болып табыла береді. Бұл шығарманың әркелкі варианты әр түрлі айтушыдан ғана емес, тіпті бір айтушының өзінен де табылуы мүмкін. Өйткені уақыт өте келе әр түрлі себептерге байланысты айтушы мәтінді өзгертіп айтуы мүмкін. Мысалы, қырғыздың “Манас” эпосы Радлов нұсқасында Манысты “ақ патшаның досы”, - дейді. Вариант фран. varіante – “өзгермелі” деген мағынаны білдіреді. Алйда варианттар арасындағы өзгерістер шығарманың негізгі емес қосалқы элементі негізінде жүзеге асады. Варианттар арасында пішіндік айырмашылық болғанымен шығарманың негізгі құрамы ондағы идеялық түпкі ой өзгермейді. Мазмұн мен пішіннің негізгі компонентіндегі айырмашылықтарынан гөрі ұқсастық басым болады. Кейде ұзақ даму барысында шығарманың образдық, сюжетті, композициялық, стильдік функцияларымен бірге негізгі элементі де өзгеріске ұшырай бастайды. Сөйтіп шығармада “версия” пайда болады. Ол тек фольклортануда ғана емес, қоғамның басқа салаларында өнерге қатыссыз өмірлік салаларда да пайдаланылады. Мысалы, ол юристік термин ретінде тергеу үстіндегі белгілі бір қылмыстық істің тууы, жалпы сипаты табылатын айғақтарға қатысы жөніндегі болжамның әркелкі түрін атауға жұмсалады. Жалпы “версия” термині лат. versіo – “өзгерген түр, бетбұрыс” деген мағынаны береді. Бұл термин фольклортануда да қоғамның басқа саласындағы қолданысынан алшақ кетпейді. Фольклордағы версия бойынша шығармаға негіз болған оқиға немесе өмір шындығы түрлі мазмұн мен пішінде бейнеленеді. Варианттан ең басты айырмашылығы, мұнда шығарманың көркемдік идеялық түпкі ойы түбірімен өзгереді. Версия арасындағы сәйкессіздікті тақырыптың және сюжеттік детальдардан көруге болады. Вариант пен версия көбіне эпикалық шығармалардан айқын көрінеді. Алайда, лирикалық өлеңдерде де вариант пен версияны аз кездестірмейміз. Вариант пен версияда әрдайым осы мағына жұмсала бермейді. Әсіресе, версия атауын әркелкі қолдану ерекшелігі байқалады. Мысалы, біәр шығарманың туыстас халықтардағы нұсқаларын версия деп атау жиі кездеседі. Мәселен, “Алпамыстың” қазақ, өзбек, қарақалпақ версиялары. Бұлай атау көбіне тілдік айырмашылықтарға байланысты. Оның үстіне бір түбірден тараған, түрлі ұлттың бастарынан кешірген тарихи әлеуметтік жағдайы әркелкі болып, оның ізі сол шығарманың, сол ұлттағы нұсқаның түбірлі өзгеруіне себепші болады. Алайда, кейінгі дәуірде пайда болған кейбір шығарманың ұлттық нұсқаларының арасындағы өзгешеліктердің аздығы оларды бөлек версия ретінде қарауға мүмкіндік бермейді. Демек, фольклортанудағы версия терминінің қолдану аясындағы кейбір орнықпаған жайттардың бар екенін байқауға болады. Көп нұсқалылыққа қатысты кейде фольклортануда әдебиеттануға тән редакция термині де пайдаланылады.
Әдебиетте редакция деген мәтінді автордың немесе көшірушінің өз көзқарасына сай мақсатты түрде қайта өңдеу. Белгілі бір фольклорлық шығарманың нұсқаларында идеялық, тақырыптық, сюжеттік, композициялық өзгерістер болмайтын жеке сөздер мен жыр жолдарының айырмашылығы ғана кездеседі. Осындай нұсқаларды шартты түрде редакция деп атауға болады. Шартты болатыны фольклордағы мұндай өзгерістердің көбі мақсатты түрде емес, ырықсыз кейіпте жүзеге асады. Көп тілдерден алынған, “нұсқа” сөзі болса, “вариант”, “версия”, “редакция” атауларының барлығын қамтитын кең мағынада да, кейде олар синоним ретінде де жұмсала береді.
Фольклордың негізгі жаратушысы еңбекші халық екенін жоғарыда айтқанымызда, мұны таптық тұрғыдан қабылдамау керектігін ескерткенбіз. Фольклордың халықтығы, ең алдымен, оның дәстүрлілігінен көрінеді. Халыққа жат идеясы бар шығарманың ауызша дәстүр түзуі қиын. Ол дәстүрге айналған жағдайда да, халықтың шығармашылық елегінен қайта өтіп, өзгеріске ұшырайды. Жалпы халыққа танымал болмаған шығарма фольклор да болмайды. Фольклорлық дәстүр ұзақ тарихи даму барысында қалыптасады. Ол әуелде әлеуметтік өмір жағдайы мен тұрмысқа байланысты пайда болып, халық тарихының белгілі бір дәуірінде кейінгі дәстүр бұрынғыны тың мағынамен толықтырып отырғанымен, ол дайын поэтикалық қалыптан шығып кетпейді. Фольклор дәстүрі нақты тарихи-әлеуметтік жағдайға әрдайым тәуелді бола бермейтіндігін көрсетіп отырады. Бірақ, ол жағдайлар фольклордың даму барысында түзетуші, өңдеуші фактор ретінде роль атқарады. Фольклордың халықтығы – нақты тарихи ұғым. Еңбекші халықтардың жай-күйі әркелкі дәуірлерде ғана емес, бір дәуірдің өзінде де бірдей болған жоқ. Халық жағдайының өзгеруі әрдайым фольклорда өз ізін қалдырды. Сонымен бірге фольклордың халықтық сипаты да әрдайым өзгеріп отырды. Халық ауыз әдебиетін тек қана халықтың қоғамдық прогрессивтік мақсатының бейнесі деп есептеу, оны біржақты бағалау болып табылады. Ал, халық шығармалары тарихи жағдайдың кейбір өзгерісіне орай реакциялық сипат алуы да мүмкін.
Халықтың белгілі бір тарихи дәуіріндегі нақты бір қоғамдық құбылысқа деген көзқарасы келесі бір дәуірде оған мүлдем қарама-қарсы тенденцияда көрінуі мүмкін. Демек, ауыз әдебиетінің халықтығын таптық күрес тұрғысында бағалау дұрыс емес. Оның үстіне, қазақ халқы таптық қанау ерекше орынға шығатын құл иеленушілік, капиталистік сияқты қоғамдық-экономикалық, әлеуметтік жағдайларды басынан кешірген жоқ. Сан ғасырлар бойы халқымызбен бірге өмір сүріп келген феодалдық қоғамда таптық жіктелу болғанмен ерекше еңбек бөлінісі жоқ көшпелі өмір салты айрықша таптық қайшылықты туғыза қоймады. Сол себепті қазақ фольклорында жоғарғы аталған қоғамдық экономикалық формациялардан өткен өзге халық фольклорындай таптық күрес белгілері айқын көрініс таппады. Фольклордың бүкіл даму тарихында оның халықтығы әрі тұрақтылығы, әрі өзгермелілігімен сақталып отырады. Оның тұрақтылығы әлеуметтік таптық негізінде, яғни халық шығармашылығы екенінде. Ал өзгермелілігі нақты тарихи жағдайға байланысты бұқара тарапынан қайта өңделетіндігінде жатыр. Фольклордың халықтық сипаты – оның ең басты ерекшелігінің бірі.
Фольклор және оның дәстүрі халықтың сан ғасырлар бойы басынан кешірген тарихи-әлеуметтік жағдайы мен өмір салты негізінде қалыптасты. Сондықтан да онда халықтың тарихи-ұлттық болмысының ерекшеліктері көрініс табады. Ерте дәуірде пайда болған әр түрлі халықтардың фольклорлық үлгілеріне ортақ белгілер көп екеніне зерттеушілердің барлығы да көз жеткізген. Мұндай ортақ белгілер фольклордың алуан қырынан, жанрынан, сюжеттері мен мотивтерінен, кейіпкерлер кейпінен, көріктеу құралдарынан көрініс беріп отырады. Бұл – фольклордың қоғам дамуындағы жалпы заңдылықтарды бейнелеуші өнер екендігінен келіп шығатын ерекше құбылыс. Фольклордағы бұл сәйкестіктер фольклор типологиясы деп аталады.
Фольклор типологиясы әр түрлі тарихи-әлеуметтік себептер негізінде пайда бола береді. Түрлі жағдайда түрлі халықтар фольклордағы ортақ қасиеттердің көбі олардың этникалық-тілдік туыстығы негізінде пайда болған. Мұндай жақындық тарихи-генетикалық типология деп аталады.
Енді бір ұқсастықтар түрі әр алуан халықтардың ұзақ уақыт бойғы экономикалық-саяси байланыстарының немесе көркемдік тәжірибе алмасуының, бір-біріне тигізген шығармашылық ықпалының нәтижесінде жүзеге асады. Мұндай процестер халықтың бейбіт қатар өмір сүру кезінде ғана емес, бір-бірін жаулап алу тұсында да жүріп отырады. Осы арнадағы фольклорлық ұқсастықтар тарихи-мәдени ұқсастықтар деп аталады. Ал, бір-біріне мүлдем туыстық та, тарихи-мәдени байланысы болмаған халықтардағы фольклорлық сәйкестіктер олардың тарихи-мәдени ұқсастығынан туындайтыны ақиқат. Мұны тарихи-типологиялық ұқсастық деп атайды.
Осындай типологиялық белгілердің көптігіне қарамастан әрбір елдің фольклоры ұлттық ерекшеліктерге бай болады. Өйткені, әрбір ұлттың шығармашылық қиялын, оның ерекше тарихы, тұрмыс-салты, тілі, діні, дүниетанымы қалыптастырады. Осы негізінде өзіндік көркемдік түр пайда болды. Мысалы, қазақ фольклорындағы кейбір жанрлар, образдар өзге халықтарда мүлдем кездеспейді.
Фольклор қоғамдық, жалпы халықтық құндылықтарға ие. Оның халықтық арман тілегі, тұрмысы, дүниетанымы, күресі, өмірі жөнінде бай білім беретін танымдық мәні ерекше. Оның тәрбиелік мәні де зор. Кейіпкерді ұнамды, ұнамсыз етіп, олардың арасында өтетін оқиғаларды дәріптейтін немесе күлкі ететін халық шығармалары ұрпақтарды бірлікке, ізглікке тәрбиелеп, жамандықтан жирендіреді. Ол адамның рухани дүниесін кеңейтеді. Көркемдік толғамын өсіріп, сұлулыққа құштар етеді. Фольклор халық тарихымен, өмір салтымен тығыз байланысты болғандықтан, ол ұлттық мәдениеттің негізі болып табылады. Бір халықтардың ұлттық мәдениетінің қалыптасу кезеңінде оның әрбір саласында фольклордың ықпалы сөзсіз көрініп отырады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет