Қайталау-жинақтау сабағы практикалық жұмыс немесе әңгімелесу түрінде болады. Әңгімелесу орта буын оқушыларымен жиі қолданылады. Мұғалім оны алдын–ала ойластырылған жоспар бойынша жүргізеді. Жоспардың бір-бірімен тығыз байланысты әрбір пункті талқыланады. Талқылау жекелеген оқушылардың кеңейтілген жауабы түрінде өтуі мүмкін.
Кейде қайталау-жинақтау сабағына мектеп дәрісі мен саяхатты да қосады. Дегенмен, оларда оқушылар білімін жинақтау қиынға түседі.
Қайталау-жинақтау сабақтары оқушылардың ауызша жауаптарымен бірге жазбаша жұмыстарын да қамтиды: мәселе шешу, тапсырманы орындау, тест тапсыру, түрлі кестелер толтыру сияқты.
Қорытынды қайталау сабағы
Мақсаты мен талаптары. Қорытынды қайталау сабағы оқу жылының соңында өткізіледі. Ол талдау-жинақтау әңгімесі немесе мұғалім лекциясы түрінде өтуі мүмкін. Оның мақсаты-оқыған материалды жинақтап, қорыту, маңызды деректер туралы білімдерді байыту, негізгі үдерістерді басталуынан аяқталуына дейін қадағалау. Осылайша өткен тақырыптар хронологиялық бірізділікпен емес, өзекті мәселелер бойынша қайталанады. Оқушылар қисынды сұлба, кестелермен жұмыс барысында білімдері мен дағдыларын қолданады. Олардың жасаған қорытындылары мен тұжырымдарының мазмұнында жаңа білім элементтері көрініс табады. Талқыланған мәселелер мұғалімнің ой-түйінімен қорытындыланады. Қорытынды қайталаудың мазмұны курстағы маңызды әрі оқушылардың игеруіне қиын соғатын мәселелерді қамтуы тиіс. Қайталауда тақырыптық және мағыналық бірлік сақталып, қайталанар тақырыптардың тым көлемді болмағаны жөн.
Өткізу әдістемесі. Курстың проблемалары оны әлденеше рет қарастырған соң оқушыларға түсінікті болады. Оқу тоқсанының соңында мұғалім әр сынып үшін қорытынды қайталаудың жоспарын жасайды. Қайталау сабақ үстіндегі әңгіме немесе оқушылардың арнайы ғылыми әдебиеттер арқылы дайындаған баяндамасы түрінде өтеді. Сонымен бірге мұғалім қайталау сабағына қосымша әдебиеттерден деректер мен сандарды, дәйексөздер мен безендірулерді таңдап, жинақтайды.
Қорытынды қайталау сабағында оқушылардың түрлі мәселелердің сырын ашып, заңдылығын айқындайтын тақырыптық кестелермен жұмыс жасауының да маңызы зор.
Емтиханға дайындық. Бітіру емтихандарына дұрыс дайындалуға қойылатын талаптар жұмыстың нәтижелі болуына көмектеседі. Ол талаптар мынадай:
1. Курсты жақсы игеру үшін оқу жылы барысында өткен жылғы оқып-үйренген мәселелерді қайталау.
2. Жұмыс дәптеріне кесте, сұлба және басқа да жазба түрінде қайталау материалдарын жинақтау.
3. Пән курсының жеке сабақтарын жаңа материалдың тақырыбымен, ал жеке тақырыптарды жинақтау-қайталау сабақтарында тұтас бөліммен байланыста қайталау.
4. Қорытындылаушы оқу жылының соңындағы емтихан алдында маңызды мәселелерді қайталау.
5. Қайталауға дайындық барысында оқушылар үшін қандай сұрақтардың қиын болғандығы, өткен жылғы емтихандарда қандай кемшіліктер орын алғандығы ескерілуі тиіс. Бәрінен де бұрын емтихан билеттеріне енген сұрақтарды түсіндіруге көңіл бөлінгені жөн. Сабақта атқарылар жұмыс әртүрлі болуы мүмкін: оқушы жауабы, кеңейтілген жоспар, кесте түзу, оқу фильмін көру және т.б.
Қорытынды қайталау мұғалімнің оқушылар сұрағына дұрыс жауап беріп, барынша күрделі мәселелердің мәнін ашып, оқушыларды көбіне-көп орын алатын қателіктерден сақтандыратын емтихан алдыңдағы кеңесімен аяқталады. Онда мұғалім қайтарылар жауаптың үлгі-құрылымы, карта, құжаттарды қолдану туралы ұсыныстар береді.
Ойын және саяхат. Білімдерді қалыптастыруда ойындардың маңызы зор. Балалар ондай сабақтарға үлкен қуанышпен қатысады және олар тарапынан сабақтарды түрлендіріп өткізу деген қызықты ұсыныстар да көп болады.
Қорытынды сабақтарда түрлі ойын, викториналар қолдануға болады. Саяхат алдыңда оқушылар оның мазмұны бойнша сұрақтар мен тапсырмалар алады және саяхаттан соң қорытынды қайталау сабағында жауап қайтарады.
Оқытуды дербестендіру және саралау
Бұл категориялар туралы айтпас бұрын оқуға қабілеттілік деген ұғымды анықтап алуымыз керек. Оқуға қабілеттілік адамның көптеген ақыл-ой сапаларына, соның ішінде дербес ойлай алу, мағыналық есте сақтау, біртектес құбылыстардан қорытынды жасай алу, қысқа мерзімде күткен нәтижеге қол жеткізу дағдыларына тікелей қатысты. Оқуға қабілеттілік оқушылардың ойлауының даму деңгейіне, олардың қиялы, сезімі мен эмоциясы, есі мен сөзі, танымдық қызығушылығымен тығыз байланысты.
Ал таным материалдың күрделілігі мен оны игерудің қиындығына тәуелді. Дидактиктер күрделілік дегенді материалдың обьективтік сипаттамасымен-қисындық сұлбадағы буындардың және даму аспектілерінің санымен түсіндіреді. Игерудегі қиындық барлық кезде де субьективті, ал оқуға қабілеттілікке, яғни материал мазмұны оқушылардың білімі мен дағдысы, жеке сапаларына тәуелді. Игеру қиындығы әр оқушыда әр түрлі болады: а) ойлау әрекетінің қисынына бейімділік: б) талқылай білушілік: в) сырт көрініске ғана мән берушілік.
Материалдың күрделілігі мен игерудің қиындығын ескеруден оқытуды дербестендіру қажеттігі туындайды. Дербестендіру дегеніміз—әрбір оқушы-ның ерекшеліктері мен оқу мүмкіндігіне тәуелді болатын дербес жұмыс. Соған сәйкес әдістер таңдалып, оқыту ырғағы, мұғалім көмегінің көлемі анықталады. Қәзіргі жалпы білім беретін мектептерде оқытуды дербестен-діру әдісінің жекелеген элементтерін ғана қолдануға мүмкіндік бар.
Оқушылардың өздігінше жұмыс істеуі дегенде оқушы оқуының мақсат, нақты тапсырмамен белгілі бір нысанда іске асып, нәтижесі міндетті түрде тексерілетін әрекетін атаймыз.
Оқушылардың ұжымдық еңбегін ұйымдастыру кезіңде өздігінше жұмыс істеу қағидасы сабақтың тәрбиелік мүмкіндігін арттырып, оқытуды саралауға мүмкіндік береді.
Саралау дегеніміз - оқушыларды қабілеті мен қызығушылығы сияқты дара ерекшеліктерінің ұқсастығы негізінде топтастыру. Бұл жерде олардың дағдылары, білімдері, танымдық мүмкіншіліктерінің деңгейлес болуы да ескеріледі.
Топтық әрекет жалпы сыныптық әрекетпен әртүрлі жағдайда ұштасуы мүмкін: барлық топ бір тапсырманы орындайды, бірақ әр түрлі әдістерді қолданады: әр топ бірін-бірі толықтыратын тапсырмаларды орындайды: топтағы әр оқушы танымдық мүмкіндігіне сәйкес дербес тапсырма орындайды.
Достарыңызбен бөлісу: |