М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
″ЭТНОЛОГИЯ″
пәні бойынша
ЛЕКЦИЯЛАР ТЕЗИСТЕРІ
Лекция сағаттары - 15
Құрастырған: Сейткулова Ж.М.
Тараз 2020
№1. Лекция тақырыбы: Кіріспе. Этнология ғылымы, пәндік мақсаты мен міндеттері және салалас ғылымдармен байланысы
1. Этнология ғылымының даму тарихы.
2. Этнология пәнінің мақсаты.
3. Этнология пәнінің әдістемесі
4. Этнологияның өзге ғылымдармен байланысы
Әрбір ғылым адамзатқа қажетті тәжірибе негізінде дамыған. Этнология ғылымы да адамзаттың даму тарихын зерттейтін қажеттіліктен туындаған ғылым саласы екені даусыз.
Бұл мәселелерді қарастыруда түрлі теориялар, концепциялар, ғылыми бағыттар мен мектептер дамып, өз пікірлерін алға тартып, бірте – бірте халықтар туралы жеке ғылымға трансформацияланып, этнологияны әкелді. Этнология ғылымның термині грек тілінен алғанда « ethnos » – халық, « logos » – ілім деген сөздерден құралған, халықтар туралы ілім деген мағынаны білдіреді. Алғаш антикалық кезеңде ежелгі гректер «этнос» ұғымын тілі, мәдениеті, әдет - ғұрыптары мен салт – дәстүрлері өзге халықтарды атауға қолданған. 1784 жылға дейін «этнология» ұғымы ғылымда айтылмады. Алғаш этнологияны ғылымға енгізген неміс ғалымы А.Шаван болды. Ол кезеңде немістер этнологияны «Volkerkunde» деп атады. Ал, А.Эдварс пен француз ғалымы Жан Жак Ампер этнологияны дамытты. Ж..Ж..Ампер гуманитарлық ғылымдарды топтастыра келе, солардың ішінен этнологияны ғылым ретінде бөлді. Бұл үрдіс Еуропадағы ірі мемлекеттерде кең қолдау тауып, дамыды. ХІХ ғ. ортасында Ресей ғылымында да этнология дами бастады. 1839 жылы Париждің этнологиялық қоғамы құрылып, мұнда пәннің ғылыми – теориялық негізі, бағыттары, мақсаты мен міндеттері туралы тартысты түрде пікірлер туындады. 1842 жылы АҚШ – та «Американдық этнологиялық қоғам» ұйымдастырылды. Оның негізін қалаушы Генри Льюис Морган және 1850 жылы ғылыми тар негізде дамытушы Франц Боастар болды. Бұл кезеңдерде ғалымдар этнологияның пәндік ғылыми құрылымына антропологияны да (гр. antnopos – адам, logos - ілім) қосады.Ал, ХІХ ғасырдың ортасында ғалымдар этнологияны тек халықтар туралы ілім, ал антропология адамның физиологиялық, нәсілдік ерекшеліктерін зерттейтіндігін алға тартып, оларды жеке қарастыру керек деген қарсылық тудырады. Осының негізінде 1864 жылы Германияда «Антропология, этнология және тарихқа дейінгі қоғам ілімі» пайда болады. 1871 жылы Италияда «Италияндық антропология және этнология бірлестігі» де дамиды. Бұл позиция, яғни антропология мен этнологияның бір – бірімен байланысы туралы 1875 жылы Париждегі Халықаралық географиялық конгрестегі антропология, этнология және археология секциясында алғаш рет ғылыми дәрежеде талқыланады.Э. Дюркгейм шәкірттерінің бірі К.Леви – Стросстың пікірі бойынша алғаш рет олардың зерттеу объектілері мен бір – бірінен ерекшелігі айтылады. К.Леви – Стросс этнография, этнология және антропология үш үлкен бағыттас ғылым деп бөледі. Этнология - адамзаттың даму ерекшеліктерін, мәдениетін теориялық негізбен география, тарих, өзге де ғылыми бағыттармен синтезделе зерттесе, антропология – адамды жалпы тануға (адамның шығу тегін, эволюциясын, биологиялық даму заңдылықтарын зерттейді), этнография халықтардың мәдениетін далалық мәліметтерді жинастырып, топтастырып, анықтамалап мән – мағынасын ашып қарастыратындығын алға тартты. Бұл бағыт қазіргі кезеңдерде дәл осылай дамуда. Соныменен К.Леви – Стросс пікірінше этнография, этнология және антропология ғылымдары зерттеу бағыттары өзгеше, бірақ негізгі нысаны адамзат қоғамы, бірінсіз – бірі алшақтай алмайтын салалар екендігін дәлелдеді.Осылай бола тұрса да, этнология ғылымы әр мемлекеттерде түрлі бағыттарда дамыды. Мысалы, Ұлыбританияда этнология антропологияның құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады. Ағылшындар антропологияның шығуын биологиялық ғылымилығын 1596 жылы О.Гасманның адамзат табиғатына арналған кітабының шығуымен байланыстырады. Антропология Англияда ХVІІІ ғасырда отарлау саясатының дамыған кезеңдерінде түрлі нәсілдер мен демографиялық үрдістердің ерекшеліктеріне көңіл аударудан алға басты. ХІХ ғасырда түрлі антропологиялық қоғамдар құрылып, олар алғашқы қоғамдық құрылыстың қалдықтарын зерттеумен айналысты. Сол кезеңдерде неондерталецтердің бас сүйектері мен скелеттерін қалыптастыру ісі қолға алынды. Міне, антропологияның дамуымен жаңа әлеуметтік антропология пайда болып, оның негізін ағылшын этнологы Джеймс Фрезер қалап, 1906 жылы өз зерттеулерін этнологиялық бағытта деп атады. Бұл бағытта сол кезеңдерде зерттеулер жүргізген Эдвард Тайлор оны мәдени антропология деп атайды. Ағылшындардың әлеуметтік, мәдени антропологиясы «этнологияның» синонимі ретінде қазіргі кезеңде де осылай аталып, өз зертеулерін жүргізуде.
1934 жылы Халықаралық антропология және этнология ғылымдары одағының конгресіне жиналған ғалымдар бұл саланың анық бағытын құрады. АҚШ – та этнология өзге дамыған Еуропалық мемлекеттерге қарағанда кеш дамыды. Американдық этнология ғылымының негізін қалаушы адвокат Генри Льюис Морган (1818-1881)) этнология ғылымына қосқан үлесі мол. Жас кезінің өзінде Морган ирокез тайпа өкілдерімен достасқан, ал 1847 жылы ол өз достарының жерге деген қүқығын сотта саудагерлер компаниясының алаяқтығынан қорғап, оларға зор көмек көрсеткен. Бүған ризашылық білдірген ирокездер Морганды салтанатты түрде сенека тайпасының толық құқықты мүшесі етіп қабылдады.1887 жылы оның "Ежелгі қоғам" кітабы жарық көреді.
Ресей ғылымында этникалық мәселелерге қызығушылық XVII ғ. ІІ жартысында пайда болды. Этнология ғылымы 1846 жылы Орыс географиялық қоғамының құрылуымен басталады. Сол жылы этнография бөлімінің төрағасы болған К.М.Бэр өзінің бағдарламасында «Ресейдегі этнографиялық зерттеулер туралы, оның жалпы ерекшеліктері» атты баяндамасында бөлімнің жан – жақты зерттеулері жайлы баяндайды. Онда Ресейдің географиясы, табиғат байлықтары мен халықтары және мемлекеттің тапсырысымен Сібір, Қиыр Шығыс, Орта Азия, Кавказ халықтары жайлы да мәліметтер баяндалады. К.М.Бэрдің идеяларын, кейінгі төраға Н.И. Надеждин жалғастырып, күрделендіреді. Ол өзінің 1846 жылы «Орыс халқын этнографиялық талдау туралы» баяндамасында мыналарды:
1) Тұрмыс заттары;
2) Әдет – ғұрып;
3) Тілі, тағы да басқаларды жазуды алға тартады.
Кеңестік дәуірлерде этнология ғылымы ұлтаралық қатынастарды зерттеудің бағыты ретінде қарастырылады. Кеңес өкіметінің саяси идеялогиясы негізінде халықтар лабороториясына айналған, тек «Кеңес адамын» тәрбиелеу болғандықтан әрбір ұлттың генезисін терең зерттеуге, төлтума дүниетанымдық көзқарастарын діни, философиялық бағыттарымен сипаттауға мүмкіндік болмады. Орыс ғылымында этнография мен этнология синоним ретінде (халықтану) қарастыру әдеті бар. ХІХ ғасырдың соңында да, Ресейде «этнография» теориялық және сипаттау тұрғысында дамыған. 1920 жылдардың аяғында Кеңес этнографиясында этнологияға қарсы бағыт дамып, этнология термині ығыстырылды. Ғалымдардың зерттеулерінде этнология мәселелері, этнологиялық дүниетаным, этникааралық қақтығыстар, этностардың психологиясы, этногенетикалық үрдістер назардан тыс қалды. Сонда да болса, көптеген этнолог ғалымдар ғылыми тұрғыда өз зерттеулерін дамытты. Олар: В.Г.Богораз, П.Ф.Преобреженский, С.П. Толстов, Б.А.Куфтин, С.И.Руденко, Н.Н.Чебоксарев, С.А.Токарев, Ю.Б. Бромлей және т.б. Осындай зерттеушілердің жұмысы нәтижесінде әрбір аймақтар бойынша олардың шаруашылық – мәдени түрлерін тарихи – этнографиялық бағытпен зерделеудің негізі қалыптасты. ХХ ғ. 70-80 жж. Ресей этнологиясында жаңа толқын этногенез концепциясымен этностардың дамуы мен пайда болуы механизмін Л.Н.Гумилев алға тартып, зерделеді. Қазіргі таңда Ресей этнология ғылымында негізгі ғылыми – зерттеу орталығы Ресей Ғылым Академиясының ішіндегі этнология және антрополгия институты болып табылады.Ал, Қазақстанда 1946 жылы Қаз.ССР ҒА-ның құрамында Тарих, археология және этнография институтының құрылуына байланысты этнография ғылымы толық дами түсті. Этнограф ғалымдар И.В.Захарова, Н.Сабитов, В.Востров, Х.Арғынбаев, М.Мұқанов, Ү.Қыдыралин, У.Шалекенов, Ә.Марғұлан, Ә.Т.Төлеубаев тағы басқалары қазақ халқының этнографиясын жан-жақты зерттеді. Бүгінде этнология ғылымының негізгі зерттеу орталығы Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |