Ашық экономикадағы жиынтық сұраныс
Валютаның нақты құнсыздануы шартында (е нақты айырбас бағамы артқанда) отандық тауарлар арзандайды, ал импорттық тауарлар қымбаттайды. Яғни экспорт артады, ал импорт қысқарады, нәтижесінде таза экспорт өседі. Ел ішінде өндірістің артуы импортты ынталандырады, ал сыртқы әлемдегі экономикалық белсенділік экспортты арттырады.
Ашық экономикада игіліктер нарығындағы тепе-теңдік:
Y = C(Y – T) + I(i) + G + NX(e,Y,Y*),
мұнда одан әрі «*» белгісімен сыртқы елге қатысты айнымалылар белгіленеді.
Бұл теңдеу Y–i диаграммасында көлбеуі теріс IS қисығын анықтайды. Мемлекеттік шығыстардың G, нақты айырбас бағамының e, шетелдегі шығарылымның Y* өсуі IS қисығын оңға, ал салықтардың T артуы оны солға жылжытады, және керісінше.
LM қисығы жабық экономикадағы сияқты, яғни оның көлбеуі оң және ол ақшаның нақты қалдықтары M/P өскенде оңға жылжиды.
Айырбас бағамы
Ел ішінде өндірілген тауарлар мен қызметтердің бағасын басқа елде өндірілген тауарлар мен қызметтердің бағасымен салыстыру үшін, оларды бір валюта арқылы көрсету керек. Экономистер екі түрлі айырбас бағамды ажыратады: атаулы айырбас бағамы және нақты айырбас бағамы.
Еуропалық жүйеде атаулы айырбас бағамы E шетел валютасының бір бірлігіне төлейтін отандық ақшалай бірліктерінің мөлшері ретінде анықталады.
Е айырбас бағамының жоғарлауы ұлттық валютаның құнсыздануын білдіреді, өйткені шетел валютасының бір бірлігіне көбірек отандық ақшалай бірліктерін беру қажет. Айырбас бағамының төмендеуі ұлттық валютаның қымбаттауымен пара-пар.
Айырбас бағамының негізгі екі тәртібі бар: тіркелген және құбылмалы немесе икемді айырбас бағамдары.
Тіркелген айырбас бағамы – бұл Ұлттық Банк немесе резерв жүйесі тіркелген бағамы болып табылады. Яғни, тіркелген айырбас бағамы жағдайында Орталық банк айырбас бағамын өзгеріссіз ұстап қалу мақсатында шетел валютасын тұрақты ара қатынаста сатуға және сатып алуға міндетті. Бірақ экономикада қалыптасқан жағдайға байланысты Орталық банк басқа айырбас бағамы деңгейіне ауысуы мүмкін. Бұл жағдайда Е жоғарлауы ұлттық валютаның девальвациясы, ал Е төмендеуі ұлттық валютаның ревальвациясы деп аталады.
Құбылмалы немесе икемді айырбас бағамының тәртібі бойынша Орталық банк айырбас бағамын белгілеу процесіне араласпайды. Айырбас бағамы валютаға сұраныс пен ұсынысы арасындағы ара қатынастың негізінде реттеледі. Бірақ Орталық банк ұлттық валютаны мүлдем «еркін сапар шегуге» жібермейді, ол валютаны кейде сатып немесе сатып алып, айырбас бағамының кенет өзгерістерін тежеп отырады.
Тіркелген және құбылмалы айырбас бағамы тәртіптерінің өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар.
Достарыңызбен бөлісу: |