Лингвомәдениеттану лингвистикада өз алдына дербес сала болып қалыптасқанымен, әлі де болса ғылыми ұстанымдары мен межелері, тұжырымдамалары нақтылана қоймаған ғылым; екі ұдай түсінік тудыратын пікірлер әлі де өзі ізденісін қажет етер мәселелері де бар екенін мойындағанымыз жөн. Тіл мен мәдениеттің өзара қиысуының тілдегі көрінісін қарастыратын жағы ғылыми арнаның жекелеген мәселелеріне шолу жасауымыздың себебі – лингвомәдениеттану ғылымының көп мәселесін бірнеше тілдер материалдарын салыстыру және салғастыра зерттеу оңтайлы болатындығында, әрбір тілдік бірліктің мәдени-этникалық жүгінің қандай екені аудару процесінде де айқын белгі бертіндігіне.
Екі немесе бірнеше халықтың материалдық мәдениетінің (еңбек құралдары, үй-тұрмыс заттары, ұлттық киім-кешек пен тағам түрлері) және рухани мәдениетін (дүниетаным, адамгершілік, имандылық, тәрбие, білім, заң, т.б.) білдіретін тілдік бірліктерді аудару барысында салғастыру жеке адамның интелектуалдық ой-өрісінің кеңеюіне ықпал жасайды, халықтардың белгілі бір хронологиялық мерзімде бір-біріне жасаған саяси, әлеуметтік,эканомикалық және мәдени әсерінің деңгейін анықтауға септігін тигізеді және ең басты, бір тілдің лексика-грамматикалық, фразеологиялық жүйесі, бейнелік құралдары ауқымының қаншалықты екенін көрсетеді. Осы орайда, ғылым В.В.Воробьев: «Лингвистикалық аумақтарды салғастыру халықтардың ұлттық ерекшеліктерін танытуды жеңілдетеді, сонымен бірге оларды (ерекшеліктерді) бағалауға лингвистикалық негіз берді, айырмашылық қатарының кеңеюіне және қалыптасып үлгерген айырмашылықтарды орындай пайдалануға септігін тигізеді», -деп жазады [1,40].
Орыс тілінің фразеологиялық жүйесінің ұлттық менталитетке қарым-қатынасын зерттеген В.Н.Телия ұлттық мәдениетпен этностың ұлттық-танымдық сипатын тұрақты тіркестермен қатар, халық мәдениетінің рәсімдік нысандары, паремиолгиялық қор, образ этоландар жүйесі, символ сөздер, қанатты сөздер мен орамдар арқылы ажыратуға болатынын дәлелдеп көрсеткен [2,215].
Тіл қатынас құралы ретіндегі қызметін атқару үшін адамдар тілдік кедергіден (барьерден) өтуге тиіс. Бұл тұралы И.Ю.Марковин мен Ю.А.Сорокин ғылыми зертеулерінде мәдениетаралық кедергіні тудыратын мәдениеттің ұлттық ерекше компоненттері жан-жақты талданған. Сонымен, түрлі мәдениет өкілдерінің өзара қарым-қатынасы кезінде олардың мәдениетін құрайтын бөлшектердің ұлттық ерекшеліктері тілдік кедергі ретінде мәдениетаралық қарым-қатынас процесін қиындатады [3,11]. Осы орайда, тілдік белгілердің мәдени семантикасы тіл мен мәдениеттің байланыс негізінде пайда болып, коммуниканттардың (сөйлеушілердің) мәдени-ұлттық менталдығын бейнелейді. Сондай-ақ, мәдениеттің ұлттық ерекшілік бояуын арқалайтын бөлшектердің қатарына салт-дәстүрді, тұрмыстық мәдениетті, күнделікті әрекетті, «дүниенің ұлттық суреті», көркем мәдениетті жатқызуға болады. Сонымен бірге, авторлардың жоғарыдағы бөлшектерден бөлек коммуниканттың жеке басының да ұлттық мінез ерекшеліктерін, дүниені қабылдауы мен сезінуіндегі эмоционалдық-ұлттық өзгешеліктерді ескеру қажет дейтін тұжырыммен келіспеске болмайды.
Тіл ғылымында лингвомәдениеттану – лингвистика мен мәдениеттанудың түйіскен тұсынан туындап отырған, әрі этнолингвистика мен елтануды да ортақтастыратын жаңа ғылым.Сонымен, лингвомәдениеттану-ұлттық сипаты бар деп танылатын әлеуметтік, танымдық этикалық, эстетикалық, саяси, адамгершілік, руханилық, тұрмыстық қағидалар мен заңдылықтарды тілдік құралдар арқылы жеткізу үлгісін зерттейтін тіл білімінің бағыты. Осы тұрғыдан, лингвомәдениеттанудың ең негізгі мақсаты – ұлттық болмыстың тілдегі көрінісін, тіл фактілері мен халықтың танымдық, этика-эстетикалық категориялары арқылы рухани мәдениетін танытып, олардың қызметі мен орнын анықтау деп түйіндеуге болады.Осы ғылым саласының зерттеу нысандары мен пәні жайындағы орыс тіл біліміндегі көзқарастар В.Н.Телияның, В.А.Маслованың, Ю.С.Степановтың, Н.Д.Артюнованың, В.Шаклейннің еңбектерінде аталған.
Этнолингвист-ғалым Ю.С.Степанов «Жалпы тіл білімі негіздері» еңбегінде ұлттық тіл мен мәдениеттің өзара ықпалын қарастыра келіп, «ұлттық тіл өзінің даму сатысында мәдениет тілін қалыптастырады» деген тұжырым айтады [4,193].
Лингвомәдениеттану пәнінің зерттеу нысанының ауқымы ұлттық мәдениеттің және рухани құндылықтардың тілдегі көрінісі әдебиет, фольклорда, т.б. да берілуі арқылы кеңи түседі. Олай болса, бүгінгі қазақ тілі білімінде линвомәдениеттану ғылымы пәні ретінде жаңа қадам басып жаттқанымен, ұлттық мәдениет пен болмыстық ерекшеліктерді таныту, лингвомәдениеттану пәніне қатысты Ш.Уәлиханов, Ә.Марғұлан, М.Әуезов еңбектерінен бастау алады. Халық тілі мен мәдениеттің өзара байланысын ғылым-тілшілер І.Кеңесбаев, Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Е.Жанпейісов, Т.Жанұзақов, Н.Уәлиев, т.б. этнолингвистикалық тұрғыдан зерттесе, Ж.Манкеева, А.Алдашева, Г.Қажығалиева, Қ.Рысбергенова, Г.Смағұлова, А.Ислам, т.б. ғылымдар өз еңбектері арқылы қазақ тіліндегі лингвомәдениеттанудың қалыптасуына зор ықпал жасады. Қандайда болмасын жаңа ғылымға қатысты түйінделудің болжам айту, бағыт сілтеу тұрғысынан әр түрлі болатындығы сияқты, ұлттық тіл мен ұлттық мәдениет арасындағы байланысты, мәдениеттің тілге және тілдің мәдениетке әсерін пайымдайтын анықтамалық тұжырымдар да айтарлықтай көп. Алайда, осы ғылым саласының нысаны турасындағы тұжырым біреу, ол – ұлттық менталитеттің, ұлттық мәдениеттің және рухани құндылықтардың тілдегі көрінісі, тіл арқылы берілуі.
Этнолингвистика ғылымының кешенді сипатынан туындайтын және осы ғылыммен сабақтас этнос болмысының сан түрлі қырын зертейтін ғылымдарды академик Ә.Қайдар екіге бөледі:
1) этнос тіліне жалпы қатысты бар ( мәселен, мәдениеттану, энография, этнология, өлкетану, фольклористика, мифология, астрономия, педагогика, дидактика, т.б.) ғылымдар;
2 ) этнос тілінің тілдік табиғатын айқындауға тікелей қатысты ғылымдар (мәселен, этимология, терминология, лексикография, спецолингвистика, этнолингвистика, психолингвистика т.б.) [5,12]. Демек, бұл екі топтағы ғылым салаларын этнолингвистикамен байланыстарымен, этнос болмысын танытатын тілдік дерек көздерінен көреміз. Міне, осындай сабақтастықтың бірі-этностың мәдениетін таныту мүддесін көздеген мәдениеттанумен сабақтас-лингвомәдениеттану.
Ғылыми аяда «этнолингвистика» термині ең алғаш ғылым Б.Уорфтың идеясымен туындап, осы идеясының жалғасы Э.Сепирдің еңбектерінде көрініс тауып, белгілі «Сепир-Уорф болжамын» сай тілдік этнодеректер халық мәдениеті мен жеке индивид тұрғысында қарастырылған. Ғылым Э.Сепир өз зерттеулерінде: «халық дүниетанымында туған салт-дәстүр, мифологизм, наным, т.б. ұғымдар этнос болмысымен тығыз байланысты, олар тілдің символдық қызметі ретінде көрініс табады» деп көрсетеді [6,177].
Этнолингвистика ғылымының жеке бағыт ретінде қалыптасу XIXғасырдың жетпісінші жылдарынан бері Американың тіл білімінде Орталық Американың Үндіс тайпаларын зерттеумен байланысты өріс алып, жаңа дәстүрдің негізін салды. Этнолингвистика ғылымының негізі американдық ғалымдар Ф.Боас, Э.Сепир, Б.Л.Уорф т.б. еңбектерінен бастау алды.
Бұл ғылыми арнаның бастауы орыс тілі білімінде ресейлік ғалымдар Ф.И.Буслаев, А.Н.Афанасьев, А.А.Потебня еңбектерімен жалғасып, XIX ғасырдың сексенінші жылдарында фольклор аясында тіл мен мәдениетті сабақтастыра зерттеудің жаңа бағытын пайдаланған Н.И. Толстой, В. Иванов, В.Н.Топоров сияқты ғалымдардың этнолингвистикалық зерттеулері атаулы саланы ғылыми биік сатыға көтеріп жіберді. Ресейлік ғалымдар өз зерттеулерінде нақты бір тілдің тарихи сол ұлттың мәдениеті, тарихы, этнографиясымен тығыз байланыстыра қарастырған. Осы тұрғыда ресейлік тілші О.С.Ахманова: «Этнолингвистика – тіл мен халықтың арасындағы қарым-қатынасты және тілдің қызмет етуі мен дамуындағы лингвистикалық және этникалық факторлардың өзара қатынасын зерттейтін микролингвистиканың бөлімі»,- деп түсіндіреді [7,539]. Сөздіктегі бұл анықтама тіл мен халықтың арасындағы тікелей байланысты көрсетеді,ал оның басқа ғылым салаларының деректері арқылы зерттеу нысанының айқындалу жағдайы шет қалған.
Ғалымдардың бірқатары этнолингвистика ұлт тілінің жалпы сипатында танылады деп анықтайды. Мәселен, Н.И.Толстой: «Этнолингвистика-халықтың рухани байлығының, менталитетінің, шығармашылығының бір-бірімен байланысын,бір-біріне тәуелділігін, астарластығын зерттейтін тіл білімінің саласы. Ол халықтың ұлттық мәдениетінің көрнекті позициясындағы негізгі формалардың бірі болып табылады»,- деп тұжырымдайды [8,181-190].
Н.И.Толстой пікірімен мазмұндас анықтама лингвистикалық энциклопедиялық сөздікте төмендегіше берілген: «Этнолингвистика қандай тәсіл арқылы берілгеніне қарамастан, мәдениеттің, халықтық психологиясын және мифологияның «мазмұнын» лингвистикалық әдістер көмегімен зерттейтін кешенді пән» [9,597].
Этнолингвист-ғалым Е. Жанпейісовтың «Қазақ тілінің этномәдени лексикасы» еңбегінде М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясындағы мәдени бірліктерді тілдік әрі халықтықтық болмыс тұрғысынан зерттеуі қазақ халқының мәдеиетін тіл деректері арқылы танытуда қосқан зор үлесі деп білеміз [10].
Кез келген тілдік құбылыстың табиғатын оның тек тілдік заңды-лықтарына ғана сүйеніп емес,сонымен бірге халықтың дүниетанымына, салт-дәстүріне, ұлттық болмысына да қатысты қарастыру этнолингвистика мен лингвмәдениетттану пәндерінің ортақ заңдылығы деуге болады.
Профессор Қ.Жұбанов тіл арқылы халықтыктың тағлымдық мұраты этностың әр дәуірдегі ұрпақ өкілдеріне мәдени әрі тілдік мұра ретінде сақталатынын және тіл мен мәдениетті табыстыратын жаңа саланың дүниеге келетіні жөнінде ғылымыми тұрғыдан еңбектерінде болжам айтқан. Сондай-ақ, ғалымның пікірінше, халықтардың тұрмыс тіршілігі бір-бірінен ерекшеленетін болғандықтан, олардың әр затқа қоятын аттары да өзгеше болады. Тіл ұзақ уақыт бойы жасалады, бірден өзгермейді, оның өзгерісі тұрмысқа байланысты [11,290].
Акедемик Ә.Қайдар қазақ этнолингвистикасының негізін салып, аталған ғылым саласына мынандай тұжырымды анықтама береді: «Этнолингвистика – этностың (одан ұлыс, халық, ұлт) инсандық болмысынан туындап, санасында сараланып,тарихи жадындасақталып, тіл арқылы ғасырлар бойы қалыптасып, қорланып,рухани мәдени мұра ретінде атадан балаға, әулеттен нәсілге үзілмей ауысып келе жатқан дәстүрлі мирасты жаңғыртып, жан-жақты зерттеп, танымдық мәнін ашып, болашақ ұрпаққа ұсыну мақсатына байланысты дүниеге келген тіл білімінің құнарлы саласы» [12,495]. Осы тұрғыдан, этнолингвистикамен сабақтас энос болмысын сипаттайтын материалдық мәдениет пен рұхани мәдениеттің үндестігін буйнелейтін мәдени лексиканы арнайы зерттеген Ж.Манкеева өз зерттеулерінде этнолингвистиканы былайша қарастырады: «Халықтың материалдық, өндірістік деңгейі мен рұқани өрісін бейнелейтін ана тілінің байлығын,асылын барынша толық жиып көрсетіп, қыр-сырын анықтау этнолингвистиканың міндеті. Этнолингвистика халық туралы шынайы хабар беретін «ақпарат көзі» [13,5].
Сонымен этнолингвистика да, лингвомәдениеттану да халық мәдениетімен, халық тарихымен, халық тілімен тікелей байланысты. Бұл байланыстылық лингвомәдениеттанудың шеңберіне кіретіндіктен, профессор М.Копыленко этнолингвистика ғылымының өзіндік бағытын былайша көрсетеді: «Бұл бағыт этносты тіл арқылы зерттейді. Тіл басты және тікелей талдау пәні болатындықтан, мұнда (бағытта) пәндердің шоғырлануы байқалмайды. Этнология, мәдиеттану, тарих және басқа да лингвистикалық емес пәндер көмекші пәндер ретінде болады» [14,11]. Ал лингвомәдениеттану ұлттық тіл деректерінің бойынан мәдени нышанды тауып, қарастырып, сол атаудың ұлт мәдениетіндегі өзіндік ерекшелігін танытуға көбірек бағыт бұрады. Біз сөз етіп отырған лингвомәдениеттанымдылық және этнолингвистикалық ой тұжырымдардың негізіне сүйене отырып, халық өмірінің даналығы халық жасаған мәдениет, тіршілігі мен тұрмысын қалыптастырған көзқарастың тіл құдіреті арқылы тарих, мәдениет, әдебиеттің қат-қабат қойнауында сақталғаны ақиқат келеді.
Көне сөздердің табиғатын танытқан белгілі тілші-ғалым Р.Сыздық өзінің «Сөздер сөйлейді» т.б. еңбектерінде бүгінде жұртшылыққа таныс емес, бірақ ана тіліміздің қазынасында сақталған бірқатар сөздер мен сөз тіркестерінің (абжыландай толғану, кеше, жыға, бес жетім т.б.) тарихи-тілдік мағынасын ашып, «қазақтың ауыз әдебиеті мен өткен ғасырда өмір сүрген ақын-жырауларының тілінде,жырларда ескі салт-тұрмысқа байланысты бұл күнде ұмыт бола бастаған немесе мүлде ұмытылған, я болмаса мағынасы өзгерген сөздер мен сөз тіркестерінің кездесуі табиғи құбылыс» деп көрсетеді [15,5].
Тұрақты сөз орамдарының мәдени-ұлттық мазмұнын халық тілінің байырғы лексикасының сан алуан сырына байланысты көптеген нақты пікірлерді осы саланы зерттеп жүрген маман Н.Уәлиевтің еңбегінен табамыз. Автор: «Халық өзінің өткен дәуірлердегі наным-сенімін, түйсік-түсінігін, ой-қиялын, тыныс-тіршілігін аз сөздің аясына сыйдырып, әрі нәрлі етіп ерекше өрнектей білген. Түп төркіні беймәлім cөздердің сәті түсіп, кілті табылғандай болса, көп нәрсені баян етіп, халықтың өткендегі ой-қиялы, тыныс-тіршілігі, дүниетанымы туралы сыр шертіп тұрады» [16,12] дей келе, қасиетті жеті,он екі,тоғыз санымен тіркесті атаулардың ( жеті көк, жеті ғалам, жеті ғашық, он екі мүше, тоғыз сәлемдеме), уақыт өлшемдерінің халықтық атауларының (он екі сәт, сәске, тәулік, екінді, марқа туған т.б.) мәнін қазақ халқының күнделікті мәдени өмірімен біте қайнасып, тұрмыстық тәжірибесінен туған атаулар екендігін ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Осы аталған авторлар еңбектерінде сөз етілген ұлттық тіл деректерінің зерттелуін лингвомәдениеттану пәнінің зерттеу аясына жатқызуға болады.
Бүгінде лингвомәдениеттану ұлттық тілді танудың негізі екені соңғы кездегі біраз зерттеулерде (Г.Смағұлова, А.Алдашева, Г.Қажығалиева т.б. еңбектерінде) сөз болуы, назар аударылуы, лингвомәдениеттану ғылымының қалыптаса бастағанын байқатады.
Достарыңызбен бөлісу: |