Постмодернизм
Постмодернизм мәдени ағым ретінде: философия, эстетика, өнер және гуманитарлық ғылымдар. Постмодернизмнің философиялық-эстетикалық негіздері. «Постмодернизм» терминінің тарихы. Постструктурализм философиясы негізінде концептуализацияланған жаңа дәуір адамының ерен өмірлік сезімі, дүниеге деген көзқарасын білдіретін бағыт атауы – постмодернизм терминінің тарихы ұзақ. Ол сөз тұңғыш рет 1914 ж. Рудольф Панвицтің “Еуропалық мәдениет дағдарысы” (“Кризис европейской культуры”) деген кітабында пайдаланылады. Постмодернизм ұғымына жалпылама, уақыттан тысқары түсініктеме беретін болсақ, онда, Умберто Эко айтпақшы, "әр мәдени кезеңнің өз постмодерні бар", демек, ол мәдени кезеңдердің түбегейлі өзгеріске ұшырауының қай-қайсысын болмасын атайтын көрінеді. Ал дәл мағынасында, ол – модерннен кейінгі, қазіргі заман дегенді білдіреді. “Қазіргі заман” ұғымының нақты бір анықтамасы жоқ. Жаңа дәуір рационализмі, Ағартушылық дәуірінің ағымы, сондай-ақ, ХІХ ғ. екінші жартысы, ХХ ғ. басындағы авангард та қазіргі заман ретінде қаралуы мүмкін. Сол себепті, осы дәуірден кейінгінің бәрін постмодернизм деп атайды.
Постмодернизм термині 1914 жылдан бастап қолданысқа енгенімен, оның кең таралуы мен терең түсінілуі 60-70-ші жылдардан басталады. 1979 жылдан бастап, Ж.-Ф. Лиотардың “Постмодерн күйі” (“Состояние постмодерна”) [138] деген еңбегінен кейін постмодерн философиялық категория мәртебесіне көтерілді. Қарап отырсақ, постмодерн қазіргі дәуірдің менталдық ерекшелігін бекіткен өзіндік категория болып шықты. Философиялық шығармалар тұрғысынан анықталған постмодернистік мәтінтудырушылар классиктеріне Р. Барт, М. Бланшо, Ж. Бодрийяр, Дж. Виттимо, П. Вирилио, Ж. Делез, Фр. Джеймсон, Ф. Гваттари, Ю. Кристева және т.б. жатқызамыз.
Лиотардың нұсқасындағы постмодернизмде сөз (слово) бен айтылған сөз (речь) бөлінісінің болуы ойдың сөз бен айтылған сөзге тәуелділігін танытады. Сөз бен айтылған сөз ойдың жеткізілу, айтылу процесін емес, тәмамдалған, сыртқы әлемге жеткен түрін ғана таныта алады. Сөзде, ұғымда, тілде объективацияланған білім “ұлы метаәңгіме”, “метабаяндау”, “метанарратив” болып шығады. Сол бір логиканың ережелеріне сай құрастырылған, жүйеленген метанарративтер біздің шындық туралы түсінігімізді қалыптастырып, біздің жинақтаған білімімізді заңдастырады, қисынды етеді. Ол наррациялар М. Бахтин идеология деп атайтын мәдени-әлеуметтік себептілікпен байланысты ұғым деп топшылауға да болады.
Лиотар постмодернизм туралы пікірталасты философия мен мәдениет аймағына да таратты. Постмодернизмнің негізгі сипаттамасы ретінде Лиотар қазіргі заманның метанарративтерінің (метабаяндауларының, метаәңгімелерінің) бұрынғыдай заңдастыру (легитимді ету) күшінен айырылып қалғандығын қарастырады. "Ұлы метабаяндаулар" мен "метаәңгімелер" деп ол адамзаттың басты-басты деген жалпыға ортақ идеяларын атайды: прогресс идеясы, тұлғаның азаттығы (эмансипациясы), ақыл-ойдың өсуі, білімнің еркіндікті кеңейтуі және т.с.с.
“Ұлы наррациялар” әрбір мәдениеттегі нарративтілік практикаларының семантикалық шекараларын береді, демек, сол уақыттағы дискурсты анықтайды. Лиотар "постмодернизм Освенцимнен басталды" дегенде "Освенцимді" террордың жинақталған бейнесі ретіндегі сөз-рәміз ретінде алып отыр. Батыстық ойлаудың өзегін құрайтын бинарлық оппозиция бір-біріне сәйкес келмейтін жақтарды қарама-қарсы жағдайға бөле қарастырады. Ондайда әлгілердің бірі – басым, екіншісі – бағынышты күйде болуы міндетті. Демек, Освенцим бір дискурсты келесі біреуінің басып-жаныштауының қаншалықты қауіпті екендігін көрсету үшін пайдаланылады. Лиотардың түсінігінде жаппай бас изеп, бір ұстаныммен ғана келісім танытудан гөрі алуан пікірдің болуы, келіспеушіліктің болуы ұтымдырақ болса керек. Сондықтан, постмодернизм белгілі бір парадигманың үстемдігін жоққа шығарып, орталықсыздандыру принципін орнықтырды.
Философияда постмодернизм онтология мүмкіндіктерінің сарқылғандығын түсіну ретінде қалыптасады. Ал мәдениеттануда постмодернистік эстетиканың принциптері – лабиринт пен ризома принциптері жемісті болып табылады. Постмодернизм Батыста индустриалдық қоғамның орнына келген, жаңа постиндустриалдық қоғамның серігіне, соның идеологиясына айналды деу ақиқат.
"Сөздер заттардан мықты берік болып шықты: әлем сөз торына түскен (сөзбен шартталған)" – “Слова оказываются крепче вещей: мир пойман словом (об-у-словлен)” [35, 226 б.]. Постмодернистік теория түсінігінде "мәтіннен тысқары ештеңе жоқ" (Ж. Деррида) бұл әлемде адамның өзі туралы және айнала қоршаған ортасы – әлем туралы білімі толығымен тілде шоғырланған. Ендеше, "Мәдениет мәтіні" (Ю. Лотман), "Өмір мәтіні" (Р. Барт) деуге де толық қақымыз бар.
Достарыңызбен бөлісу: |