12.4. Корпоративтік табыс салығы
Корпоративтік табыс салығы салықтық түсімдерде және мемлекеттік бюджет кірістерінде едәуір орын алады ( тиісінше 25,8% және 19,5%-ға жуық (2010 ж). Бұл салықты мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңи тұлға-резиденттері, сондай-ақ Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын немесе Қазақстан Республикадағы көздерден табыс алатын заңи тұлға-бейрезиденттер төлейді. Оңайлатылған мағлұмдама негізінде арнаулы салық режімін қолданатын заңи тұлғалар көрсетілген режім шеңберінде салық салынатын табыстар бойынша корпоративтік табыс салығын есептейді және төлейді.
12.4 сызба. Корпоративтік табыс салығын есептеу және өндіріп алу
Мыналар: салық салынатын табыс, төлем көзінен салық салынатын табыс және Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын заңи тұлға- бейрезиденттің таза табысы корпоративтік табыс салығы салынатын объектілер болып табылады.
Салық салынатын табыс Салықтық кодексте көзделген түзетулерді ескере отырып, жылдық жиынтық табыс пен салықтық шегерімдер арасындағы айырма ретінде айқындалады.
Жылдық жиынтық табыс (ЖЖТ) әр түрлі көздерден алынған заңи тұлға-бейрезиденттердің жылдық табысы болып табылады.
Заңи тұлға-резиденттің ЖЖТ-сы Қазақстан Республикасында және одан тысқары жерлерде салық кезеңі ішінде алынуына жататын (алынған) табыстарынан тұрады. Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын заңи тұлға-бейрезиденттің ЖЖТ-сы салық заңнамасына сәйкес анықталады, оған тұрақты мекеменің қызметіне байланысты табыстардың барлық түрлері жатады. Заңи тұлға-резиденттің Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көзден алынған табыстарына белгіленген тәртіппен салық салынады.
ЖЖТ-ға салық төлеушінің табыстарының барлық түрлері кіріктіріледі: өткізуден түсетін табыс; құн өсімінен түсетін табыс; туынды қаржылық құралдар бойынша табыс; міндеттемелерді есептен шығарудан түсетін табыс; күмәнді міндеттемелер бойынша түсетін табыс; банктердің және лицензия негізінде банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың құрылған провизияларының (резервтерінің) мөлшерлерін азайтудан түсетін табыс; сақтандыру, қайта сақтандыру келісімшарттары бойынша сақтық, қайта сақтандыру ұйымдары құрған сақтық резевтерін азайтудан түсетін табыс; талап ету құқығын басқаға беруден түсетін табыс; кәсіпкерлік қызметті шектеуге немесе тоқтатуға келісім бергені үшін алған табыс; тіркелген активтердің* шығып қалуынан алынатын табыс; табиғат ресурстарын геологиялық зерттеуге және өндіруге дайындық жұмыстарына арналған шығыстарды, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың басқа шығыстарын түзетуден түсетін табыс; кен орындарын әзірлеу салдарын жою қорына аударымдар сомасының кен орындарын әзірлеу салдарын жою жөніндегі іс жүзіндегі шығыстар сомасынан асып түсуінен алынатын табыс; бірлескен қызметті жүзеге асырудан түсетін табыс; егер бұрын бұл сома шегерімге жатқызылмаса, негізсіз ұсталып, бюджеттен қайтарылған айыппұлдардан басқа, таңылған немесе борышкер таныған айыппұлдар, өсімпұлдар және басқа санкция түрлері; бұрын жүргізілген шегерімдер бойынша алынған өтемақылар; өтеусіз алынған мүлік түріндегі табыс; дивидендтер; депозит, борыштық бағалы қағаз, вексель бойынша сыйақылар; ислам жалдау сертификаты; Бағамдық айырма сомасы халықаралық қаржылық есептеме стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептеме туралы заңнамасының талаптарына сәйкес анықталады. Оң бағамдық айырма теріс бағамдық айырма сомасынан асып кетуі; ұтыстар; әлеуметтік сфера объектілерін пайдалану кезінде алынған табыс; кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатудан түсетін табыс; ислам банкінде орналастырылған инвестициялық депозит бойынша табыс; сенімгерлікпен басқару келісімшарты бойыша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысы немесе сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушы алатын (алынуға жататын), мүлікті сенімгерлікпен басқарудан түсетін таза табыс; бірқатар басқа табыстар, түсімдер.
Егер табыстардың бірнеше баптарында бір және сол табыстар көрсетілуі мүмкін болатын жағдайда, көрсетілген табыстар жылдық жиынтық табысқа тек бір рет кіріктіріледі.
Алынған ЖЖТ түзетілуі, яғни салық төлеушілердің бұл табысынан белгілі бір сомалар алып тасталуы тиіс.
Түзету кезінде тәуекелдік инвестициялаудың жабық пайлық инвестициялық қорлары және тәуекелдік инвестициялаудың акционерлік инвестициялық қорлары төлейтінді қоспағанда, дивидендтер; жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым алған банктердің міндетті күнтізбелік, қосымша және төтенше жарналарының сомасы; Сақтық төлемдеріне кепілдік беру қоры алған сақтық ұйымдарының міндетті, қосымша және төтенше жарналарының сомасы; жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым мен Сақтық төлемдеріне кепілдік беру қоры өздерінің өтелген депозиттер мен төленген кепілдікті және өтемақылық төлемдер бойынша олардың талаптарын қанағаттандыру тәртібімен алған ақшалардың сомасы; Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес алынған және дара зейнетақы шоттарына бағытталған инвестициялық табыстар; Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес алынған және Әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қорының активтерін ұлғайтуға бағытталған инвестициялық табыстар; Қазақстан Республикасының секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес секьюритилендіру мәмілесі бойынша арнаулы қаржы компаниясы алған, борышты талап ету құқығын басқаға беруден алынған табыстар және басқалары алып тасталынады.
Достарыңызбен бөлісу: |