Қаржы және еңбекке ақы төлеу. Қаржы еңбекке ақы төлеумен тығыз байланысты. Бағаның ізінше қаржылық бөлудің ішінде жалақы жұмыс істей бастайды. Қаржы жалақы қоры мен еңбекке ақы төлеудің басқа қорларының оқшаулануы үшін жағдайлар жасайды. Бұл категориялар жұмыс күшінің ұдайы толықтырылуы үшін алғышарттар жасайды, өзара іс-қимылда ұдайы өндіріс үдерісін ынталандырады. Материалдық өндіріс сферасында еңбекке ақы төлеу шығыстары (жалақы қоры) қаржының көмегімен өнімді өткізуден түскен табыстан бөлінеді. Бұл шығыстар өндірілген өнімнің көлеміне қарай, белгілі пропорцияда, қалыптасуы мүмкін. Шаруашылық практикада табыс категориясын пайдаланған жағдайда еңбекке ақы төлеу қоры қол жеткен қаржылық нәтижелермен тығыз байланысты үйлесімде қалыптасады.
Жалпы табыс өнімді өткізуден түскен түсім-ақша мен тура шығындар арасында айырма ретінде өзіне осы шығындардағы үнемді қабылдайды және сондықтан кешенді қаржылық ұғым ретінде сипатталады, ол ақшалай тұлғалануда қызметтің сандық және сапалық нәтижелері бойынша шаруашылық органның барлық күш-жігерін біріктіреді. Бұл жерде баға факторы да қатысады: жоғары сапалы өнімді өткізген жағдайда материалдық шығындарды үнемдеу де, өнімнің үлкен сандық көлеміне келетін амортизациялық аударымдар үлесінің азаюы түрінде болатын негізгі капиталды пайдаланудан алынатын салыстырмалы үнем де пайданы немесе табысты көбейтеді.
Сырттай қарағанда еңбекке ақы төлеу қорын анықтауға баға факторы тікелей қатыспайды деген пікір туады. Бірақ пайданы (таза табысты) бөлу арқылы оның әсері ақиқат көрінеді.
Рыноктық жүйеде бағаның еңбекке ақы төлеу қорына әсері бұрынғыдан да арта түседі.
Қызметтер көрсету сферасында жұмыскерлердің еңбекке ақы төлеу шығыстары елеулі дәрежеде бюджеттік қаражаттар есебінен қалыптасатындықтан және тиісті бюджеттің қаржылық мүмкіндіктерімен анықталатындықтан бұл сферадағы қаржы мен еңбекке ақы төлеудің байланысы көрнекі (айрықша) болады.
Барлық жағдайларда еңбекке ақы төлеу экономикалық категория ретінде жасалған өнімдегі әрбір жұмыскер үлесінің сәйкестігін, яғни жұмыскердің бөлудегі қатысу шегін анықтайды, ал қаржы жалақы қорын немесе еңбекке ақы төлеу жөніндегі қорды қалыптастырады.
Еңбекке ақы төлеу тұтыну стадиясында, яғни тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу жолымен пайдаланылады. Бір мезгілде оның белгілі бір бөлігі қаржылық әдістермен халықтың салықтарды, сақтандыру бойынша жарналарды төлеуі түрінде; кредиттік әдіспен – банктерге салынған салымдар, мемлекеттік қарыздардың облигациялары түрінде; акцияларды және басқа бағалы қағаздарды сатып алу жолымен жұмылдырылады.
Жалақы мен қаржының іс-әрекет етуінің айырмашылығы:
1) қаржылық бөлудің шекарасы анағұрлым кең; жалақы тек еңбек шығындарын өтеуге қатысты;
2) қаржы құнның біржақты қозғалысына қатысады, ал жалақы оның ыңғайласпа қозғалысына – еңбек құнына және оның ақшалай өтемақысына қатысты.
Жалақы көмегімен «V» толық және «m» ішінара бөлінеді, қаржының көмегімен қорлардың жиынтығы, ал жалақының көмегімен жалақы қоры мен сыйлықақы қоры қалыптасады. Олар еңбекке ақы төлеу қорын құрайды. Жалақы – салық төлеудің негізі. Жалақының көзі қаржылық ресурстар болып табылады, ал жалақы қоры оны үнемдеу кезінде өзі қаржылық ресурстардың көзі бола бастайды.
Сонымен бірге қарастырылып отырған категориялардың іс- әрекет сфералары мен іс-әрекет уәждері айтарлықтай ажыратылады. Қаржының іс-әрекеті бүкіл қоғамдық өнімге, ал еңбекке ақы төлеу әрекеті тек қажетті өнімге және қосымша өнімнің бір бөлігіне таралады. Еңбекке ақы төлеу өндірістің аса маңызды факторларының бірі – жұмыс күшінің әрекетімен байланысты, жұмсалынған еңбектің өтемақысының құралы қызметін атқарады, ал қаржы, бұдан басқа, өндіріс құралдарымен олардың тікелей қалыптасуы арқылы байланысты. Еңбекке ақы төлеу оның өнімділігінің өсуін ынталандырады, ал қаржы қаржылық механизмнің жүйесі арқылы оның дамуын жандандыра отырып, бүкіл қоғамдық өндіріске ықпал етеді.
Қаржы және кредит. Қоғамдық өнім құнын бөлуге кредит те қатысады. Әрі қайта бөлгіштік үдерістер кредиттік қатынастардың сферасында ағылып жатады. Қаржыдағы сияқты кредиттік қатынастарда да шаруашылық жүргізуші субъектілерді, халықты, мемлекетті ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді несиелендіру мақсаттары үшін кредиттік деп аталатын ақшалай ресурстар қалыптасып, пайдаланылады.
Екі категория да қоғамдық шаруашылықта қаражаттардың қалыпты, үздіксіз ауыспалы айналымы үшін жағдайлар жасауға бейімделген. Бұл категориялардың материалдық сферадағы кешенді ықпал жасауының объектілері өндірістік капитал болып келеді. Қаржы және кредит күрделі жұмсалымдар мен айналым қаражаттарын қалыптастырудың көздері болып табылады. Бірге үйлесе отырып, олар шаруашылық жүргізуші субъектілердің ақшалай қорларының айналымын ұлғаймалы негізде қамтамасыз етеді. Қаржылық әдіспен әдетте шаруашылық органдардың ақшаға деген тұрақты қажеттіліктері, кредиттік әдіспен олардың уақытша мұқтаждары қанағаттандырылады. Келешекте күрделі жұмсалымдардың көзі ретінде кредиттік ресурстардың рөлі артатын болады.
Кредиттік әдістің ұлғаюы ақшалай ресурстарды неғұрлым тиімді пайдалануға қосымша ынталандырмалар жасайды, оларды жұмсауды банк үнемі қадағалайды, бұл өндірістік-қаржылық қызметтің нәтижелері үшін шаруашылық жүргізуші субъектілердің шаруашылық есептегі жауапкершілігін арттырады. Қайтарылмайтын қаржыландыру қысқаруы тиіс.
Қаржы мен кредиттің өзара байланысы қаржылық және кредиттік ресурстарды қалыптастыру үдерістерінде анық байқалынады,онда екі категорияның іс-әрекеті өзара бағытталған – қаржының көмегімен банктің кредиттік ресурстары құрылады: шаруашылық органдардың қаражаттары, амортизациялық аударымдар, материалдық ресурстарды сатып алуға бірден бағытталмайтын, айналым қаражаттарын толтыруға арналған өнімді өткізуден алынған түсім-ақшаның бір бөлігі. Кредиттің көмегімен қаржылық ресурстар қалыптасады: кредиттер шаруашылық органдардың қаржылық ресурстарын толықтырады – өтеу мезетіне дейін; табыстан банктердің бюджетке төлемдері – олардың қызметінің нәтижелері бойынша және бірқатар басқа жағдайларда; мемлекеттің шығыстарын қаржыландыру үшін банктерден бюджеттік қарыз алу.
Сөйтіп, ұлғаймалы ұдайы өндіріс мұқтаждарын қамтамасыз етуде екі категорияның өзара бірін-бірі алмастырушылығы байқалып тұрады.
Сонымен бірге қаралып отырған категориялардың арасында белгілі бір айырмашылықтар да бар. Егер қаржы қоғамдық өнімді бөлетін және қайта бөлетін болса, кредит қаржы бастаған бөлуді жалғастыра отырып тек қайта бөлуге қатысады. Кредиттің объекті осы мезетте уақытша бос болып келетін құнның бір бөлігі болып табылады, бұл ақшаны қажетсініп отырған шаруашылық органдары мен халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін құнды несие қорына шоғырландыруға мүмкіндік береді.
Жинақталған ақшалай қаражаттарды пайдалану әдісі айтарлықтай айырмашылық болып табылады: қаржыландыру қаражаттарды өтеусіз және мерзімсіз тәртіппен бағыттауды шамаласа, несиелендіру қайтарымдылық, мерзімділік, ақылық жағдайларында жүргізіледі; кредиттің аса маңызды қағидаты – берілетін кредиттердің материалдық қамтамасыз етілуі.
Достарыңызбен бөлісу: |