43
жобасын дайындауға атсалысқандар ішінде тағы кімдер болуы мүмкін? М. Жолдасбеков,
Ш. Мұртаза, А. Сейдімбек, Т. Әбдік, С. Абдрахманов, Қ. Көшербаев, Ж.
Қуанышев, Т.
Боранғалиев... Ал бұған қатысты ізгі ниетті оқырмандардың пікірлерін, өздері білетін тың
деректерін күтеміз. Жалпы кімдер жазса да, осы жұмысқа жетекшілік етіп, қаламгерлердің
бұл бағыттағы қызметін дербес үйлестірген – Ә. Кекілбаев деуіміз қисынды. Бұл
жинақтарға енген жазбалардың кемінде бір экземпляры ҚР Президентінің мұрағатында
сақталған болуы мүмкін. Зерттеушілер оны да ескеріп, басқа да қайнаркөздерді қарауы
керек.
Осы орайда Әбіш Кекілбайұлының педагогикалық пікірлерін зерттеуші ретінде
оның өзі туралы да ойымызды ортаға салсақ. Болмысынан гуманист адам кім-кімді де
бәтуалы сөзімен ыңғайына бұрып, пікірін қалыптастыруға оң ықпал етері сөзсіз. Өзі қандай
болса, өзгені де сондай болуға бейімдейтіні белгілі.
Керісінше, кеңесшілік қызметте сөзі
өтімді, бірақ бейадекват, пиғылы бөтен біреу болса, ондай кісілердің қолынан көзқарасты
кері бағытқа бұру да келетінін ескеруіміз керек. Ол екі қасиетке ие екі түрлі адамдарға
ізгілікке сендіре білу де, зұлымдыққа көндіре білу де қиын емес. Бұл тұрғыда Әбіш
Кекілбайұлының ұстамдылығы – үлгі, ұстанымы – ұлағат. Эмоцияға жеңдірмей, басшы
көзқарасын
құрметтей отырып, қиыннан қиюластырып, өз ойларын тігісін жатқызып,
майдан қыл суырғандай жеткізе білген. Оның Елбасы атынан жазылған көптеген мәтіндері
қанатты сөзге айналып, кең қолданысқа еніп кетті. Абайдың гуманистік концепцияларын
қағида қылған қаламгер:
«Сөзіне қарай кісі ал,
Кісіге қарап сөз алма», –
деген нақылын әрекетімен орындаған. Ол Президенттің де, өзінің де жауапкершілігін
жақсы сезінген. Сондықтан әр сөзін парасатпен пайымдаған, жанашырлықпен дайындаған.
Біреудің атынан ойланып-толғанып, біреудің атынан жазу – классик қаламгер үшін
жанқиярлық болмаса да, жан қинарлық жұмыс.
Бұл пікірлеріміз
біржақты қабылданбасын деп, сегіз жыл бұрын «Ана тілегі
адастырмайды» атты мақала жариялап, Тұңғыш Президент тұлғасы туралы да зерттеуге
қызығушылық танытқанымызды айта кеткеніміз жөн
(«Егемен Қазақстан», 01.12.2014).
Өзіміз Елбасымен бірнеше рет кездестік, тілдестік. Сол арқылы қалыптасқан пікірлерімізді
жазып жүрміз. Оппоненттеріміз тарапынан: «Бұл туралы Н. Назарбаев Президент болып
тұрған жылдары неге айтпадыңыз?» – деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Идеямыз бұрыннан
ойымызда жүргенімен, нақты және ресми дереккөздерге енді қол жеткізіп отырмыз.
Дүдәмал
дақпыртқа емес, дұрыс дәйекке сүйенуіміз керек.
2019 жылғы 10 қазан күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау сапарында
жазушы Әбіш Кекілбайұлы ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысып сөйлеген сөзінде:
«Әбіш Кекілбаев – ғұлама жазушы ғана емес, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері.
Елбасының сенімді серігі ретінде Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалауға қосқан үлесі
орасан зор. Еліміздегі жоғары лауазымдарда қызмет істеп, халықтың ықыласына бөленді...
Әбіш Кекілбай Тәуелсіздігімізді қорғауға және нығайтуға атсалысқан аса көрнекті қоғам
қайраткері болғанына ешқандай күмән жоқ. Өйткені ол қазақтың ой-санасын жаңғыртқан
ұлы өзгерістердің басы-қасында жүрді. Көрнекті қайраткер егемен еліміздің тарихи
шежіресінде өз қолтаңбасын қалдырды... Қазіргі жастарымыз Әбіш Кекілбаевтың
қоғамдық-саяси көзқарастарын танып-білуі керек. Біз оны ел мүддесін жоғары қойған нағыз
патриот деп санаймыз. Әбіш Кекілбай – отаншылдықтың жарқын символы», – деп ізетті
ілтипатпен, лайық бағалады.
Екі Президентіміз де еңбегіне әділ баға берген жазушы Ә. Кекілбайұлының еріксіз
еліктіріп әкететін әңгімелеріндей, спичрайтер ретіндегі жазбаларына қоғамдық пікірді
байқау үшін, кіріспе ретінде жалпылама шолу жасадық. Біз бұл бағыттағы ой-пікірлерімізді
университетте өзіміз оқытатын «Сөз өнері», «Әбіштану» пәндерінде іздене жүріп
қалыптастырдық. Алда «Таңдамалы сөздердегі» басты тұлғаның сөз саптасына қарай