ӘОЖ 82-1/-9
МАҢҒЫСТАУЛЫҚ ЖАС АҚЫНДАР ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ТАҚЫРЫПТЫҚ-
ИДЕЯЛЫҚ НЫСАНЫ
Асан С., Аманқұлова А.
Ғылыми жетекшісі: Қабылов Ә.
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг
университеті, Ақтау қ., Қазақстан
Аңдатпа. Мақалада маңғыстаулық жас ақындардың туған жер, махаббат, адам мен
табиғат арақатынасы, отаншылдық, ұлттық рух, тәуелсіздік тақырыптарындағы өлеңдері
талданадаы.
Түйін сөздер: Тәуелсіздік, поэзия, жас ақындар, Маңғыстау өлкесі. Табиғат және
адам, бірлік пен ынтымақтық.
Тәуелсіздіктің ақ таңы атқаннан бері елімізде үлкен өзгерістер орын алғаны белгілі.
Әсіресе, әлеуметтік саладағы, рухани жаңғыру бағытындағы іргелі істердің орны бөлек.
Кеңестік саясаттан, коммунистік идеологиядан құтылып, еркіндік алғаннан кейін
әдебиеттегі цензура да жойылып, ұлттық мұраларымызға тереңдей үңіле бастадық.
Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері ашылып, күні кеше айтуға тыйым салынып, шығармалары
алты құлыптың артында жатқан рухани мұралар дүниеге қайта келіп, халқымен қуана
қауышты.
Өтпелі кезеңнің қиындықтарына қарамастан, әдебиет пен өнерде айтарлықтай
серпіліс болды. Көрнекті ақын жазушыларымыз тың тақырыптарға қалам тартып, жаңа
белестерді игеруге кірісті. Тыйым салынған тақырыптардың шымылдығы алынып, халық
тарихының жабық жатқан қабаттарына сүрлеу салынды. Елді елең еткізген жаңа
шығармалар туып жатты. Әдебиеттің көркемдік сапасы да артып, бұрынғыдай тақырып
қуып, насихаттық мақсатты ғана көздейтін кезең артта қалып, көркемдік сапасы жоғары,
жаңа әдеби әдіс-тәсілдерге негізделген заманәуи шығармалар дүниеге келе бастады.
Кезінде көрнекті ақын Т.Медетбеков өзінің «Алтынкөпірліктер» деген көлемді
мақаласында Тәуелсіздік бастауында әдебиетке келіп, ұлттық поэзияның өрісін кеңейткен,
оқырмандар көңілінде үлкен үміт сәулесін оятып және сол үдеден шыға білген талантты
жастар шығармашылығына оң баға берген болатын: «...Ол толқын сол бiр сапырылысы да,
алыс-жұлысы да көп, бүкiл ел тауқыметтi, таршылық заманды басынан өткерiп жатқан
тұста, көп ақын-жазушыларымыз не iстерiн бiлмей абдырап, дағдарып, қаламы мен
қағазынан көз жазып қалғандай болған кезеңде ұлы Мәртебелi поэзияның кешегi
жағалауын ертеңге, яғни бүгiнгi жағалауға қосқан көпiр мiндетiн атқарды. Шын мәнiнде
алтын көпiр бола бiлдi»,
– деп жазған еді ол [1,197
].
Маңғыстаудай таланттарға бай өлкеде Тәуелсіздік жылдарында ақындардың тұтас
бір буыны өсіп жетілді. Олардың алды қырықтан асып, бірлі-жарым жинақтарын да
шығарып үлгерді. «Жас ақындар» деген атауымыздың да өзі шартты түрде болмақ. Өйткені,
ақынның шеберлігі мен жетілуі жаспен өлшенбесі белгілі. Сондықтан жоғарыда атап өткен
Сабыр, Светқали, Рахаттардан кейінгі әдебиетке келген толқынды осы санатқа қосып,
солардың шығармаларын қарастыруды, олардың поэзиясындағы шығармашылық
ізденістерге өзімізше баға беруге талпыныс қылып отырмыз.
64
Маңғыстау өлкесіндегі қазір көпшілікке танылып, болашақ үлкен ақындық жолда
жүрген, алды тұңғыш кітаптарын шығарып, тіпті бірлі-жарым шығармашылық кештерін де
өткізіп үлгерген, поэзиясындағы жарқын үндерімен үлкен үміт күттіріп келе жатқан жас
ақындар баршылық. Олардың қатарында Ә.Бимағамбетті, С.Құдайбергенді, Н.Маулинаны,
А.Жаңбырбайды,
Ж.Демесінді,
А.Қонарбаевты,
Ш.Түйешиеваны,
Ф.Мусаевты,
А.Талысованы, А.Алтайды, М.Сүйітовті, С.Шортанованы, Г.Дәуітбаеваны, Н.Мусаевты,
Б.Жайлауды т.б. атауға болады.
Маңғыстау өңіріндегі қазіргі жас ақындардың алды, жұртшылыққа ақындығымен
танылып қалған Сұлтанбек Құдайберген өлеңдері өмірге ынтық жастың іңкәр сезіміне
толы. Ол туған жер, жастық шақ, іңкәр сезім, адам мен табиғаттың үйлесімі мен бірлігі,
тарихи тұлғаларға арнау, адамның кейбір мінездері туралы өлеңдерінде алған тақырыбына
өзінше барып, айтар ойын ерекше сыршылдықпен жеткізуге шебер.
Сұлтанбек өлеңдерінде тарихқа бойлап, елге еңбегі сіңген тұлғалармен рухани
тілдесу арқылы олардың есімін ұлықтау, елге өнеге етіп ұсыну – ақындық шабыттың
қайнары болып келеді. Ж.Досмұхамедовке арнаған «Жаһандық аңсар» өлеңінде:
Ерлерімнің елі еді хақ арманы,
Таусылғанша жан азық, татар дәмі.
Атар таңды нұсқадың
Отардағы,
Қазақ деген жалғызға жаһандағы!
Білдім, көкем, бостандық таңы атарын...
Азат күнді мен қазір жаратамын?
Хан-жиында кеңсеге басым шұлғып,
Ал, жырымда... сені іздеп баратамын! [2,11] –
деп ұлы тұлғаның болмысына қарата мінәжат етеді. Ал «Ақұнмен тіл қатысу» деген
О. Тұрмағамбетұлына арнаған өлеңінде:
Қызылды-жасыл шаһарда тұрмын,
Әруақтар мұнда көз ілген.
Мен-дағы бүгін саһарда тұрдым,
Тілдескім келіп өзіңмен...
...Қызылда-жасыл шаһарда тұрмын,
Көңіл – пітінә, діл тапшы.
Мен бүгін тағы саһарда тұрдым,
Сахардан маған үн қатшы! [3,13] –
деп, ахун рухымен тілдеседі. Атақты дін ғұламасының елдің иманын оятып,
имандылыққа тәрбиелеу жолындағы істерін айтып, бүгінде ұрпағының соның жолымен
азат елде өмір сүріп жатқанын танытады.
Сұлтанбек өлеңдерінде адам мен табиғаттың бірлігін параллель суреттеу, әсіресе,
жастық көңілдің тылсым сырларына табиғаттың ғажайып суреті арқылы еніп, уақыт пен
кеңістіктің сабақтастығында ойға шому жиі кездеседі. Мысалы, «Құм қызына» деген циклді
жырларында жастық шақтың іңкәр тілегін табиғатты суреттеу жолымен, сол табиғат
аясындағы атакүлдік, құмды ауыл, жыл мезгілдері аясында әдемі суреттейді:
Ақша бұлттар аспанда Күнді орайды,
Қалқам жайлы іздеймін жырды орайлы.
Басқан ізін қалқамның менен бүркеп,
Жыңғылдыда сары мамық құм борайды...
...Қытығым кеп, тұра алмай ұшқалақтап,
Құшағыма қалқамды қысқам аппақ.
Қара түннің сиясы түгесіліп,
65
Таң да кірді Шолпаннан ұстап аттап [4,4].
Махаббат лирикасы – классикалық поэзия үрдісінен бері жалғасып келе жатқан көне
жанр. Ақын ғашықтық сырды құм қызына деген іңкәрліктің қысқаша тарихын баяндай
отырып, нәзік лирикалық мақаммен дамыта баяндайды. Ақындық жүректің тылсым
сырларын байлап, шағын оқиғаны кірістіре келе, ғашық жанның өлең өріміндегі кейіпкерге
бағытталған риторикалық сұрақпен әрлей түседі:
Адасандай басымның бағы мұнда,
Осыны ойлап берілем тағы мұңға.
Тыртық-тыртық жүректің беттерінен
Құмның қызы, өзіңді таныдың ба?
Шағын бес бөлімнен тұратын оқиғалы-лирикалық өлең шымыр ширатылып, әр
бөлімінің айтар ойы, жұмбақ сырлары лирикалық кейіпкердің ішкі тынысымен сабақтасып
жатыр. Өлеңдегі сол бір тұрақты кеңістік (құмды ауыл) жыл мезгілдерінің алмасуымен
өзгеріп отырса да, лирикалық кейіпкердің құм қызына деген сезімінің өзгермейтін
тұрақтылығымен сабақтасып жатыр. Шағын ауылдағы қыз бен жігіттің арасындағы нәзік
сезім ауылдастарының арасында аңыз болып, жұмбақ тудырса да, оның шешімін
таптырмайтын құпиялығымен қымбат.
Күз де келді далама – сары ала күз,
Жаңбыр шашын бұлттың тарап ағыз.
Хиуадан жол тартқан керуенмен
Біздер жайлы барады тарап аңыз.
«Махаббатқа жарасқан тұрақтылық / Тұрақтылық – бұл өзі сынақты үміт» деп
келетін поэзиялық тұжырым өлеңнің поэтикалық-мазмұндық арнасынан ауытқымай, ақыры
махаббаттың жұмбақ сырын сағынышқа айналдырады:
Жапырағын теректің сарнатпай күз,
Жолығып ек... Тағы сол жолды аттаймыз.
«Ағанікі жөн сөз», – деп алдымнан шық,
«Жемелегің желге ойнап», бармақтай өыз!
Әнуарбек Бимағамбет те жыр додасына ерте араласып, мектепте оқып жүрген
кезінен өлеңдерімен көзге түсе бастады. Оның өлеңдерінде адамгершілік пен имандылық
мәселесі басты орында тұрады. Ата-баба жолына адалдық, ел тарихына құрмет, ана тілі мен
ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу секілді тақырыптар Әнуардың қаламына тән өршіл
ырғақпен, сырлы бояумен ерекшеленеді. Діни таным арқылы дүние сырларына көз жіберіп,
адамдық пен адалдық ұстындарын шабыттана жырлайды. Мысалы, «Зиярат» өлеңінде:
Ай, кешегі жауынды...
Айғыз-айғыз езіп кетті тауымды.
Әулиені зияраттап қайттым мен,
Жарылқап бір құран оқып қауымды.
Сайрап жатыр...
Жайрап жатыр тас мола.
Тас молада жатыр білем жас бала...
«Мен байқамай тастап кеттім өмірді,
Сен асықпа», – дейді маған, –
Тастама!..
...Өмір осы...
Басы қара...
Соңы аппақ..
Өлім де хақ,
Өте алмайсың оны аттап.
Құйтақандай зұс баласы шырлап тұр
66
Құлпытасқа тұнған суға қонақтап... [3,94].
Отан мен отаншылдық, ұлтшылдық пен елшілдік – Әнуарбек шығармаларындағы
басты тақырыптардың бірі. Қазақтың кешегісіне құрметпен қарап, бүгінгісіне ой жүгірту,
болашағына жақсылық тілеу – ақын қаламының айнымас қағидасы болып келеді. Ақын
үшін «қазақ» пен «Қазақстан» егіз ұғымдай өріледі. Оның болашағы бірлік пен татулықта
деп біледі. Сондықтан елжандылық, ұлтшылдық – дамудың алғышарты. Отанды шын
сүймей тұрып, ел мен жер, оның тағдыры туралы ойлану, сол үшін өзіңнің жауапкершілікті
сезініп, қызмет ету мүмкін емес. «Қазақ сүю» деген өлеңінде ақын былайша жырлайды:
Қазақ сүю – сарғайған күзді сүю!
Сізді сүю!
Сіз үшін Бізді сүю!
Қазақ атты қара шал басып кеткен
Бабақұмның бетінен ізді сүю!..
Ұмыттырып тозақтай азабымды,
Тұнық қылып қазақтай таза ұғымды;
Қазақ сені сүйеді,
Сүйген мәңгі...
Қазақстан,
Сүйші, сен,
Қазағыңды?! [3,99].
Ақынның туған жер туралы жырларында ұлтты ұйыстырушы бірлік пен
ынтымақтың орны қашан да жоғары тұрады. Сонымен қатар, автор кеңестік жылдардағы
солақай саясаттың салдарын, халыққа сенімсіздік көрсетудің лаңын да сыншылдықпен
әшкерелеп, бір халықтың арасына сына қаққан, рушылдық тудырған жайттарды сынға алып
отырады. «Маңғыстудағы мұңаза» өлеңінде:
...Ар едім,
Жігер едім,
Намыс едім!
Алаштың ырысы едім, табысы едім.
Кіл жендет қырып салды айдап келіп,
Адайдан кетті білем тағы сенім.
...Адайым, нар едің ғой, сабыр сақта...
Қайғыға көрт шыдамас, нар шыдасын.
Ақ таңы ақиқаттың аз-ақ қалды,
Жазған-ай, сәл шыдашы, сәл шыдашы! –
деп Маңғыстаудағы адай елінің басынан өткен қиын кездерді, жауласушылықтың
салдарынан батырлығымен аты шыққан халыққа патша өкіметінің, кейін орыс билігінің
сенімсіздік танытқанын, сол салқын ызғардың әлі күнге дейін сақталып келе жатқанына
назаланады. Бұл жерде, мәселе бір руға баға байланысты емес, елді жік-жікке бөліп,
ағайынның арасын суытып, бірін-біріне айдап салып, «Бөліп ал да, билей бер!» деген
принцип ұстаған солақай саясатты айыптап отыр.
Әнуарбектің «Оғыланды жырлары» – ерекше қасиет иесі, Адай руының ұраны
болған Пір Бекеттің аруағына арналған өлеңдердін тұрады. Автор Атаның қасиеттерін еске
түсіріп, рухына тағзым жасайды.
Ата,
Сені пенделері ақырдың
Жоқ дегенде абыз қашты, би тайқып,
Жіберші өзің осыны айтқан кәпірдің
Аузы-мұрнын қисайтып, –
деп Атаның қасиетін мойындамай, аруағына тіл тигізген жердегі пенделердің
әрекетіне налиды. «Атыңды атап жер қорғаған батыр да, Атыңды атап ел қарғаған байғұс
67
та», – деген жыр жолдарымен жақсыға да, жаманға да дем беріп, қамқоршы болған қасиет
иесінің алдында кішіпейілдікпен кешірім сұрап, аруағына бас иеді. Осы топтамадағы екінші
бір өлеңде:
Мен ол жерге шөлдеп барам,
Қаталап,
Таппай қалып жүрегімнен нұр түк те.
Жер бетінен мен іздеген махаббат
Тамшы болып шығар сонда кірпікке [3,34], –
деп, Атаның басына тәу етіп, мешітіне келетіндердің атынан әулиенің аруағына
деген құрметін паш етеді. Қазақтың ұлттық танымындағы аруақтарды құрметтеу, қасиет
иелерін мойындау, ата-бабалар аманатына адал болу, салт-дәстүрге беріктік Ә.Бимағамбет
жырларында маңызды орын алады.
Маңғыстаулық дарынды ақын қыздардың бірі Гүләйім Дәуітбаева өлеңді жүректен
шығарып жазуға тырысады. Ол үшін не болса соны өлең қылу – өнер емес, шынайы поэзия
жазбасыңа қоймайтын дүние сырларын өзектен өткізіп барып жазу керектігін жақсы
ұғынады. «Өлең патшалығына бас ұру» өлеңінде әуелі өлең өлкесін барлап, поэзия деген
ұлы өнердің жалын ұстауға тайсақтаған жандай еміне енген көңілін Мұқағалиша мақаммен,
Фаризаша мәнермен:
Поэзия!
Сен мен үшін аңыз ең,
Қонар деп басқа сенбеппін.
Мың толғансам да сен жайлы
От құшағыңа енбеппін, –
дей келіп, бірте-бірте өлең құдіретін түсініп, қаламы ұшталып, жыр додасына
енгеннен кейінгі күңіл күйімен әсерленіп:
Поэзия!
Жартысы болшы жанымның,
Жаршысы болшы ар-үннің.
Жүрегім – сенің баспанаң,
Билігім сенде, бағындым! –
деп поэзиямен туысып кеткенін паш етеді әрі осы өлкеден жаны жай тауып, әрі
өлеңнің алдындағы жауапкершілігін сезінген поэзия жауынгерінше адалдыққа ант беріп,
музадан медет сұрайды.
Гүләйім – қашан да поэзияға адалдықты жоғары қоятын, сондықтан да өзіне талап
қоя білетін ақын. Оның «Қаламға табыну», «Қоңыр өлең», «Жыр-дәрі», «Жырым – менің
жан айнам» сияқты өлеңдерінде өлеңмен тілдесе отырып, көңілдегі қуанышы мен күдігін,
сыры мен мұңын бөлісуге әзір екенін білдіреді. Мысалы, «Қаламға табыну» деген өлеңінде:
...Көңілге кірлі жат салмақ толып,
Күлуге мүлдем жарамай барам.
Жүректің шерін ақтармақ болып,
Жығылдым саған, сәуегей қалам? [5,60] –
деп шын сырын ақтарады.
Гүләйімнің жастық шақ, махаббат туралы толғанысты жырларында, «Қыз дегенің –
өмір сәні құлпырған», «Жүрек үні», «Жастық шақты аңсау», «Жылама, құрбым» сияқты
өлеңдерінде жастық шақтың алуан сырлы күйлері, сәулелі сәттері мен мұңды шақтары
түрлі поэтикалық реңкпен, өзіндік өрнекпен жырланады.
Гүләйім – қоғамдық-саяси тақырыптарға да еркін қалам тартатын ақын. Ел
өміріндегі елеулі оқиғаларға үн қосу, тарихтың кейбір ұтырлы кезеңдері мен оның ел есінде
қалған іздері туралы жазған өлең, баллада, поэмалары бар. Оның туған жер тақырыбына
жазылған «Тәуелсіздік жыры», «Астанаға», «Ақтау», «Қара маржан», «Отпанда» сынды
өлеңдері бүгінгі тәуелсіз еліміздің қарыштап дамуын, азаттық жылдардағы ел өміріндегі
68
өзгерістерді, туған дер мен атакүлдік мекенге деген перзенттік махаббатты паш етіп, өзіндік
мәнерімен тебірентеді.
«Бұғау. Желтоқсан. Азаттық» өлеңінде 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне
қатысып, шейіт кеткен батырлар рухына арналған. Ақын желтоқсан көтерілісінің
себептерін берідей алмай, өткен ғасырда жүргізілген отаршылық саясаттың әлі тоңы
жібімеген ықпалынан іздейді. Өлеңнің басында келтірілген тарихи құжаттан алынған
цитата осыны меңзейді. Түркістан өлкесіндегі отаршылдықты қалына келтіруге
байланысты қазақтардың үштен бірі қырылғанын еске ала отырып:
Соңында шұбырынды жолым қалып,
Қырылды қынадай боп момын халық.
Қазақтың кең даласын еркін жайлар
Кешегі азат тірлік жойылды анық, –
деп өткен күндерге көз жібере отырып, кеңестік кезеңнің көбесін сөгіп, алып
империяны ыдыратып тынған кезеңнің айтулы оқиғасы – желтоқсан көтерілісіне
қатысушылардың рухына жырмен тағзым етеді:
Желтоқсан – айдың аты ызғары бар,
Сен десе, жүрегімнің сыздары бар.
Кешегі көтеріліс бесігі өзің,
Және сен – Тәуелсіздік, ұжданым, ар!
...Күн алтын гүл елімді көмкереді,
Бұл – кеше біз аңсаған ертең еді.
Бастауы азаттықтың сол алаңнан,
Ал сендер – бар қазақтың Бәйтерегі [5,74].
Ақынның «Махамбет» өлеңінде ер Махамбеттің рухымен сырласа отырып,
халықтың бүгінгі өмірімен байланысты іздейді. Батырдың ел үшін «ерулі атқа ер салып,
егеулі найза қолға алып», теңдік іздеп жорытқан заманы мен бүгінгі тәуелсіздік алып,
азаттыққа жеткен кезеңнің айырмашылығы болса да, қараша халықтың Махамбетше ойын
батыл айтып, теңдік сұрайтын қауқары болмай отырған қазіргі халына пұшайман болады.
Әуелі:
Қайырылып мойын бұрмаған,
Қазақты тыңдап тұр ғалам.
Текті ұлды туып тамсанттың
Құрсағы құтты сұр далам, –
деп құтты далаға мінәжар етіп, Махамбеттік ерлік жолдарын еске түсрііп алады да,
соңында:
Сен өлдің жаудың қолында,
Намыс пен ардың жолында.
Біз бықсып барып сөнерміз,
Айналып тәлкек-ойынға.
Жүрегім болды мұң-таспа,
Қаһарман ата, Сіз басқа.
Көңкілдеп өтер күндері
Шерменде болған біз – қасқа, –
деп тұжырымдайды.
Ақын Жандос Демесіннің өлеңдері өзінің мазмұндық байлығымен, тақырыптық әр
алуандығымен, автордың өзіндік ізденіс-қарымымен ерекшеленеді. Ақын өлеңдерінде
пәлсапалық ойлар, бейнеленген құбылыстың астарынан сыр іздеп, оны дүние-табиғат
сырларымен, адамның танымдық ойларымен сабақтастыра қарау тән. Мысалы,
«Жұлдыздар аққан түн» өлеңінде «Әр жұлдызда адамның ғұмыры бар, жұлдыз аққан сайын
69
бір адам өмірмен қоштасып жатады» деген ел аузындағы әңгімеге орай, өзіндік жорамалын
топшылайды:
Мына түннің түсінбей тіліне түк,
Қарап қоям жанымның мұңы жетік.
Жұлдыздар-ай ғұмыры түгесілген,
Түнгі аспанды ағады тіліп өтіп.
...Жан бар ма екен ұйқысыз бүгін мендей,
Мына түннен бір қауіп білінгендей.
Үш айтуға «жұлдызым жоғары» деп,
Осы түнде отырмын тілім келмей [3 ,85].
Жандостың балалық шақ, ана, достық пен махаббат тақырыбандағы жырлары да
оқырман көңілін жылы шуаққа бөлейді. Баланың анаға деген шексіз махаббаты («Қымбат
емес алтын тәжі хандардың, Ана, сенің аппақ орамалыңнан»; «Қара жер мен көк аспанның
арасын, Мейірім мен нұрға бөлеп жүресің»), ғашық жанға деген іңкәр көңілдің назы («Сен
тұрғанда өзге жанмен ісім не, Мұң түсірмен сендей сұлу мүсінге»; «Арнадым өзіңе тағы
жыр, Қиналған жанымның зары бұл»), бақытты балалық шақты аңсау («Сақа-уақыт атылып
енді өзіме, Балалықтың шығарды шеңберінен»; «Балалығы – адамның бақыты екен, Есейіп
ержеткен соң соны ұғындым») секілді әсерлі сезімдер ақын жырларында ерекше
жылылықпен өріліп отырады.
Жандос түрлі тақырыптарға қалам сілтеп, оны әр қырынан, тіпті адам күтпеген
қырынан жырлай алады: «Ескендірдің соңғы сөзі», «Қазақтың басы», «Мендік өмір»,
«Далалық пен қалалық», «Мұстафа Шоқай неге жылады?», «Маскүнем жайлы жыр»,
«Залымдық пен заңғарлық» секілді өлеңдерінің тақырыптары әр түрлі болса да, оларда
автордың мазмұнның тура мәнімен қатар, астарына бүккен терең ойы бар. Мысалы,
«Ескендірдің соңғы сөзі» өлеңінде жарты әлемді тітіркенткен Ескендір Зұлқарнайынның
өлер алдындағы соңғы сөзін келтіре отырып, дүниеде шексіз билік жүргізіп, жарты әлемнің
байлығын жиса да, бұл өмірден құр қол кетіп бара жатқанын мысалға келтіре келіп:
Тәмамдасам осылай хақ жырымды,
Өлім солай жеңді патша ғұмырды.
Болса деймін бұл бір өлім шын үлгі,
Елді билеп тұрғандарға бүгінгі, –
деп, қазіргі ел билеушілердің көзі тоймайтын тоғышарлығын, елдің бүкіл байлығын
ұрлап, кем күндік байлығына мастанып, халықтың қарғысын арқалап жүрген масқара
кейпін әшкерелейді.
«Қазақтың басы» деген өлеңінің өзегінде де жүректі өртер ащы шер бар. Кешегі
қатыгез қиын кезеңдерде де, бүгінгі азат, бейбіт заманда да қазақтың басының құнсыз кетіп
жатқанын өкінішпен жырға қосады. Жәңгір ханның өкімімен Ықылас сұмның Махамбеттің
басын кесіп алғаны сияқты, қаншама ғазиз қазақтың басы жендеттің қолынан шабылып
кетті!? Осылайша «қазақтың басы қара бақырға татымай қарақшылардың қолынан» үзіле
бере ме? Өлеңнің түйінінде осындай өксікті өкініш, зарлы сұрау бар. Ақынның елжанды
жүрегі, ұлтшыл болмысы осындай өзекті сұраққа жауап іздейді:
...Неліктен шындық ақырып тіл қатпайды екен,
Неліктен заман жасырып бұлғақтайды екен.
Фәни базарда бағасыз қазақтың басы
О дүние жаққа барғанда қымбаттай ма екен?
«Қалалық пен далалық» өлеңінде өмір бойы шопан боп мал баққан Берденнің сол
еңбегі үшін кешегі күні еленіп, талай атақ-марапатқа ие болғанын, сол даңқ биігінде
өмірден өткеннен кейін оның аманаттап кеткен малын келін-баласының сатып, ақша
қылғанын, енді қалаға көшіп кеп, жайлы тұрмысын түзеп, қалалық боп шыға келгенін
айтады. Сол баланың «далада өскен» қыр баласы екенін ұмытып, енді біреулерді
«қойшысың» деп мазақтап жүргенін жазады:
70
...Ол шопанның баласы еді, міне, енді,
Қалаға кеп, төбе көкке тірелді.
Кеше көрдім Берден шалдың баласын,
Қойшысың деп мазақтап жүр біреуді [3,96].
Жинақтап айтқанда, Маңғыстау өлкесінде қазақ поэзиясын өз үлестерімен байытуға
талпынып жүрген жастар баршылық. Әрине, олардың барлығын бір деңгейге қойып,
көркемдік шеберлікке жету мен тақырыпты игеру, өзіндік машық пен шығармашылық
шыңдалу орайын теңестіруге болмайды. Олардың алды ақындығымен мойындалып, бірлі-
екілі кітаптарын шығарып, тіпті шығармашылық кештерін өткізіп, елге танылып үлгерсе,
енді бірқатары жазу өнеріне деген талабымен енді-енді көрініп, өлең өлкесіне бет алған
талапкерлер. Алайда оларды біріктіретін – өлеңге құштарлық, жүректен жарып шыққан
шуақты ойларын поэзияға айналдыруға машықтана бастаған сәтті қадамдары. Сондықтан,
«бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, мұндай таланттарға назар аударып, шығармаларын
бағалай білу парыз деп білеміз.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Медетбек Т. Алтынкөпірліктер // Жұлдыз. № 9, 2019.
2. Маңғыстау мақамдары. Маңғыстау облысы жас ақындарының жыр жинағы. –
Алматы. Дәстүр, 2013.
3. Жастар жырлайды. Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы. – Алматы.
ҚАЗақпарат, 2013.
4. Құдайберген С. Бәну көктем. – Алматы. Жазушы, 2007.
5. Айнахан Есет. Гүлнар Науырша. Гүләйім Дәулетбаева. Маңғыстау ақын-
жазушыларының кітапханасы. – Алматы. ҚАЗақпарат, 2013.
Достарыңызбен бөлісу: |