Күзгі орманның көріністері
Мен орман ішін аралап жүрмін. Төңірегіме тесіле қараймын. Бұл не ғажап! Орман мүлде өзгерген. Жаздағы жап-жасыл түсі сұп-сұр бола қалған. Тек шырша мен қарағай ғана жазғы өңін өзгерте қоймаған.
Аяқ астына қарай қалсам, жерге сары кілем төселген секілді. Жер жүруге ыңғайлы, жұп-жұмсақ. Әр жерден ағараңдап қайың көрініп қалады. Бірақ ол жапырақсыз. Оның қалың бұтақтарының арасынан көгілдір аспан көрініп тұр. Ағаштардың бұтақтары желдің ығына қарай теңселіп, қозғала түседі.
Е. Сыздықова
Сұрақтары:
Орманнан қандай өзгерістер байқалады?
Қандай ағаштар түсін өзгерпейді?
Жер бетін неге теңейді?
Ағаш бұтақтары қандай?
Балалық шақ
Абайдың жасы он үшке толған еді. Басқа балалардай емес, үйден көп шықпайды.
Ол әжесі Зере мен шешесі Ұлжанның қызық әңгімелерін тыңдайды. Абай әңгіме,ертегі аңыздарды жалықпай, ынтыға тыңдауға бар. Оның әжесі шебер әңгімеші еді. Әңгімесін қызықтырып айтады.
Абай әжесі шаршаған кезде шешесіне әңгіме айтқызатын. Анасы Ұлжан ұзақ жырларды, айтыстарды, өсиет,әзілдерді жатқа айтатын.
М.Әуезов
Сұрақтар:
Абай он үш жасында қандай болған?
Зере әжесі әңгімені қалай айтатын?
Ұлжан анасы қандай әңгімелерді айтушы еді?
Жасырынбақ
Қалтарысқа тығылып,
Жасырынбақ ойнадық.
Бір тұрып, бір жығылып,
Ойынға біз тоймадық.
Жүзге дейін санасам,
Бәрі бұғып алапты.
Сарайды ашып қарасам,
Сара ұйықтап қалыпты.
Р.Наурызбаева
Күнді сүйген
Бақша ішінде жүрген Айнұр бірде:
- Ата, мына бір өсімдік кеше кешкілікте басын былай бұрып тұрған. Ал бүгін басқа жаққа бұрыпты. Мұнысы несі? – дейді.
Атасы оның күнді ерекше сүйетінін түсіндірді. Айнұр бақшаға кірсе болды, әлгі күнбағыстың жанына жүгіріп барады. Кішкене шелегімен арықтан су тасып, түбіне құяды. Күн сүйетін өсімдік жақсы өссін! Мұрнының ұшы тершіп, шашы көзіне түсіп, құнжыңдап жүргені.
Ата, күн сүйетін өсімдікті жеген адам қандай болады? – деп сұрады Айнұр.
Күн - өмір. Күн сүйген өсімдікті жеген адам өмірлі болады. Гүлдей жайнап жүреді, - деді атасы.
Қ. Шынбатыров
Жанашырлық
Ел жайлаудан түсті. Сәкен жүкті түсіріп, ауылды аралап кетті. Іңкәрбектің балалары Сәкенді қоршап алды. Олар жаз бойы не істегендерін айтып жатыр. Іңкәрбек кедей адам болатын. Жазда ел жайлауға көшкенде, бұл олардың қыстауын күзетіп қалатын. Сәкен амандасты.
- Өмір – жасың ұзақ болсын, Сәкен қарағым! Келіп сәлем бергеніңе рахмет. Мен Омар байдың қысқы шөбін дайындап бердім. Бірақ ол ақымды төлемеді, - деді.
- Ренжімеңіз, ағай, еңбегіңіз өтеледі, - деді Сәкен. Ертеңіне Іңкәрбек үйге келіп, Сәкенге алғысын айтады. Ол ақысын алған екен.
М. Сәбитұлы
Сұрақтар:
Жылдың қай мезгілі деп ойлайсың?
Сәкен кімдермен амандасты?
Сәкенге Іңкәрбектің балалары не жайында айтты?
Іңкәрбек жайлауға неге бармай қалды.
Сәкен қандай көмек көрсетті?
Достарыңызбен бөлісу: |