Мазмұны досмұхамедов Халел 49 бет Ермеков Әлімхан 67-бет Қолжамқұлов іо.Әлиханов


Біләл Сүлеев, Даниал Ысқақов, Әбдірахман Мұңайтпасов және басқаларды айыпқа тартқан №2370 тергеу ісі (кейінгі қайта тіркеу бойынша №06610 іс). 3 том



бет9/10
Дата01.07.2016
өлшемі0.93 Mb.
#169780
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Біләл Сүлеев, Даниал Ысқақов, Әбдірахман Мұңайтпасов және басқаларды айыпқа тартқан №2370 тергеу ісі (кейінгі қайта тіркеу бойынша №06610 іс). 3 том.

ҚАШҚЫНБАЕВ ИСА


ҚАШҚЫНБАЕВ Иса Таумышұлы, 39 жаста, (анкета 1930 жылы 12 қазанда толтырылған), Ташкент қаласы Обуховенная, 53 үйде тұрады. Орал облысының Тай(пақ) ауданында туған, бөлімше дәрігері болған, ОАМУ-нің медицина факультетінің ассисенті, білімі жоғары, әйелі бар. Әскерге міндетті.

2 том, 377-385 беттер. Машинкаға басылған. Тұтқындардың ішіндегі көрсетінділері өзгелерден өзгеше мәтіндер осы Иса Қашқынбаевтікі. Мұнда ұйым туралы ойдан шығарылса да орайласатын ойлар бар. Егерде мұның барлығы жалған не жала болған жағдайда да тергеушілердің қиялы мен қисынына көз қырын салудың реті келіп тұрғанда пайдаланып қалуды жөн көрдік. Шындығы салыстыру барысында екшелетіні анық. Мұнда 1922-жылғы ұйым туралы айтылған.

«8/ -30 жыл. 22-жылы біздің мақсатымызды табыспен жүзеге асыру үшін ұйымға көрнекті коммунистеді тарту керек деп шешілді. Күзге қарай Түркістан республикасы халық комссарлар кеңесінің төрағалығына тағайындалған Рысқұлов Ташкентке келді. Рысқұловпен жолығу үшін Әділев және Әуезов (мүмкін) жіберілді. Әңгімелерінің анық – қанығын білмеймін. Бірақ Рысқұловтың: біздің көзқарасымызды бөлісетінін, қал-қадерінше көмектесетінін, қолдайтынын мәлімдегені шындық. Алайда ол: өзбектермен байланыс жасамауды, Қожановтың (Хожаевтің болуы да мүмкін – Т.Ж.) тар ұлтшылдығы оған жарамайды – депті. Қожановқа Испулов және Әділев (мүмкін) жолықты ғой деймін. Соңғы адамға Қожанов: мұнда рысқұловшылдықтың иісі шығып тұр. Мұның барлығы арандату. Кеңес өкіметінің аясында қазақ ұлты өркендей алады. С –ондықтан да сендерді қолдай алмаймын – депті. Екеуіне бұл мақсаттың нақты орындалуы емес, ұйымды кімдер, қалай құратынын білу керек болды. Рысқұлов еңес өкіметінің арасында жікке бөліну бар екенін айтыпты. Олардың әр қайсысы біздің топты өзіне тартуға тырысты. Өйткені ұйымның қазақтары өте сауатты еді, сондықтан да пайдаланып қалуға тырысты. Біздің мақсатымыз олардың өздерін пайдалнуға тырыстық. Ол езде 22-жылдың соңғы маусымында кеңес өкіметін құлатуды армадау да мүмкін емес болатын. Сондықтан да мәдениет майданын қолға алу, шаруашылықты игеру міндеті қойылды. Қызметке орналастыру үшін біздің топтың тізімі Рысқұловқа берілді. Өкіл ретінде Рысқұловқа Әділев және мен бардым. Берілген тізімнің ішінде менен басқалары оны толық қанағаттандырды. Мені еркімнен тыс оқу-ағарту комиссариятының коллегиясының мүшелігіне ұсынылған болатын. Мен Рысқұловқа: бұл қызметтің маған қол емес екенін, мені медициналық қызметке жіберуін өтіндім. Ол ашық бас тартқан жоқ...».

Иса Қашқынбаевтің көрсетіндісінің жалғандығы барған сайын айқындалып келеді. Өйткені Тынышбаев пен Дулатов және аталары аттас Досмұхамедовтер араға әлі саяси жұмыста ысылмаған Әділев пен Қашқынбаевті кадр мәселесін шешуге жұмсай қоймаса керек–ті. Мүмкін олар өздеріне қызмет сұрап баруы әбден мүмкін. Сонда –ақ логикалық тұрғыдан да қиыспай жатыр. Қожанов пен Рысқұловтың арасындағы ауызекі айтылып жүрген сөздерді малданып отырғаны анық. Бірақ та тергеу шындығына көз жеткізу үшін қажет жауаптар. Өйткені осыған қарсы уәж айтқандардың сөздері түсініксіз болып қалуын ескеріп, ішінара үзінділер келтіріп отыруға мәжбүр болдық. Осы көрсетіндіде И.Қашқынбаев мына бір мәселеге барынша тоқталған, тергеушілердің де қадалып сұрап отырғаны сол сияқты:

«22-жылдың күзінде Рысқұлов үкімет басына қайтып келгенде Қожанов екеуінің арасындағы араздық біздің ісімізге кедергі келтіруі мүмкін екенін ескеріп, екеуін татуластыру керек депт шештік. Олар менің пәтерімде кездесті. Олар көп ешкімнің болмауын тапсырды. Сондықтан да оған Х.Досмұхамедов және мен ғана қатыстым. Рысқұлов пен Қожанов ұзақ уақыт өзара айтысып, бірін – бірі: ұлт мүддесін сатқаны және жалған солшылдығы үшін айыптады. Рысқұлов ұлт дегенді бүкіл шығыс жұртына қарата қоданды, ал Қожанов: оның қате екенін, қазақ пен өбектің арасындағы қарама – қайшылық қоныс аударған орыстар мен қазақтардың арасыдағы қарама –қайшылықтан кем емес екенін дәлелдеді. Біз оларға:» Сендердің көзқарастарыңның айырмашылығы неде?» - дкп сұрағанымызда олар нақты жауап бере алмады. Рысқұлов: «Жер реформасымен Қожанов келіспейді, ал мен оның қан төгісіне қарсымын» – деді. Ал Қожанов: «Мен ешкімді атқамын жоқ» – деп еді Рысқлов оған: «Мен өз қлыңмен өлтірдің деп отырғамын жоқ» – деді. С – өйтіп олардың көзқарастарының арасында айырмашылық жоқ болып шықты. Татуласу мынадай негізде жүзеге асты:

Қазақтың мүддесі мен қазақ аудандарына қатысты мәселелерді, қазақ қызметкерлерін тағайындауға байланысты шараларды Рысқұлов Қожановтың келісімінсіз шешпеуге, ал жалпы мәселеде Қожанов Рысқұловты қолдап отыруға, орынсыз сынап – мінемеуге келісті. Бұл келісім шілде айына дейін, яғни Москвадағы кеңесте Сұлтанғалиевтің мәселесі талқыланғанша күшін сақтады. Осы кеңестен кейін Қожанов Рықұловтың беделі әлсірей бастағанын сезіп шабуылға көшті. Айтпақшы Рысқұлов маған: «Сталин жолдас маған телефон шалып: Сұлтанғалиевтен хат алғаның рас па? – деп сұрады. Мен бір рет хат алғанымды айттым. Сталин жолдас қатты тойтарыс беріп тастады. Содан кейін оның маған деген қатынасы суи бастады» –деген болатын.

Бірде 20-жылы Рысқұлов мні өзіне шақырды (менің қасымда тағы біреу болды), істің жағдайынан мағлұмдар етіп, қандай саясат қолдану керектігін сұрады. Оның бұл сөзінің астары мынадай: Орта Азия халықтары бірігуі керек...Жеке-жеке күйінде олар өмір сүре алмайды. Өзінің стратегиялық орналасуы жағынан Қырғызстанға қиынға соғады, сондықтан бұған ерекше назар аудару қажет. Ұсақ ұлтшылдықты доғару қажет. Бұл халықтардың өркендеуі тек кеңес өкіметі жағдайында ғана мүмкін. Кеңес өкіметінен бөлініп кетуді немесе оны құлатуды көз алдына елестете да алмайды. Менің жақтастарым отаршылдықпен күресетін болады, шет жұрттың мүддесін Москва үнемі ескере бермейді.кейде керісінше түсініп қалады. Сондықтан да Москваның назарын аудару үшін халықтың қарсылық қозғалысы аса қажет. Бұл бағытта «Алашорда» тобы белсенді түрде іске кірісуі тиіс» – деді. Мен бұл мәселені Жаһанша Досмұхамедовке айтып едім, ол: «Пысық бала екен, біреудің қолымен от көсемек. Бұдан мансаптың иісі шығып тұр» – деді. Бұл мәселе жөнінде екеуара әңгіме қайталанған жоқ. Сөз арасында Рысқұлов маған: Менің мақұлдауыммен Жанұзақов басмашыларға қосылып кетті. Ол өте жігерлі адам екен, қырғыздар мен өзбектерді татуластырды, Әндіжан өлкесіндегі басмашылардың басын қосты – деді.

1923 жылдың ақпан айында қатты ауырдым. Сәуірдің аяғына дейін ес – түссіз жаттым. Жазға қарай бетім бері қарады да 15 қыркүйекте қызметке шықтым. Бұл аралықта не істелгенін білмеймін. Сол жылы күздегі кеңестердің құрылтайында Рысқұлов қызметтен кетті. Біздің топ бұған қатты өкініп, Қожановты кінәлады. Құрылтайдан кейін Рысқұлов Москваға кетті, естуімше ол «Алашордалықтарды» сыбап жүрген көрінеді. Қожанов мәлімдеме жазыпты деп естідік. Сенбедік. Жылдың соңында мынадай жағдай болды.

Рысқұлов бір жас жігіттен беріп жіберген бе, жоқ, почтамен жолдаған ба, әйтеуір Сарымолдаевқа хат жіберіпті. Ол хат Жаһанша Досмұхамедовтің үйіне келеді (Жаһанша Досмұхамедов аен Рысқұлов бажа болатын). Жаһанша Досмұхамедов хатты ашып оқиды. Онда ол өзінің жақтастарына «Алашордашылармен» ауыз жаласудың қажеті шамалы, қайта олардың үстінен айғақтар жиып, ГПУ – ға хабарлау керек. Қожановты ұлтшыл деп әшкерелеуге тырысыңдар – деп жазыпты (Өз басым ол хатты оқығамын жоқ). Жаһанша Досмұхамедов хатты Халел Досмұхамедовке көрсетіпті. Соңғысы хатты Тынышбаевқа оқыту үшін өзімен бірге алып кетіпті. Сол кезде Әділев те қайтып оралды. Үшеуі ақылдаса келіп хатты Қожановқа көрсетіпті. Соңғысы хатты өзімен алып кететіндігін және Жаһанша Досмұхамедовтің үйіне тінту жүргізетінін, оны оған хабарламауын тапсырыпты. Халел Досмұхамедов мұны Жаһанша Досмұхамедовке айтыпты. Жаһанша Досмұхамедов пен Қожанов Халел Досмұхамедовтің үйінде кездесіпті. Қожанов қасарысып көнбепті. Келесі күні тінту жүргізіп, хатты ГПУ –шілер алыпты. Сол кезден бастап бөліну басталды: бізбенен Рысқұловтың арасында, Халел Досмұхамедов, М.Тынышбаев пен Жаһанша Досмұхамедовтің арасында жік пайда болды. Біздің ұйым мүшелерінің аты аталғандардан басқа сол кезде Ташкентте тұрғандар: мен, Исполов, Әділев. Мен және Испулов екеуміз Жаһанша Досмұхамедовті жақтадық, Әділев өзін қорланған адамдай сезінді. Х.Досмұхамедов пен Тынышбаев: Рысқұловшылардың тыңшылық әрекетінен ертерек сақтандырайық деп ойладық. Сондықтан да Қожановты қостық – деп өздерін ақтауға тырысты. Жаһанша Досмұхамедов: жеке бас пайдасы үшін және Қожановқа жағыну үшін Халел Досмұхамедов мені пайдаланды – деп кінә тақты.

Бір сөзбен айтқанда, осы оқиға Ташкенттегі ұйымның тарқап кетуіне себепкер болды. Алайда оған дейін де ұйымның аты өшіп тынған болатын. Жаһанша Досмұхамедов пен Халел Досмұхамедов екеуі 25-жылы қараша айында менің әйелім қайтыс болғанда көңіл айтуға келгенде татуласты.

...Қожанов пен біздің қарым-қатынасымыз өте жақсы болды (біздің арамыздағы Жаһанша Досмұхамедовті жақтырмады, сондай-ақ әділевті үнемі мазақтап отыратын), алайда одан: бізді сатып кетеді деп емес, бізді өзінің мүддесі үшін пайдаланы мүмкін немесе әр қайсымызды әр жаққа қызметке бөліп жіберуі мүмкін – деп сескенетінбіз. Бір мысал келтірейін: 22- не 23- жылы ма, әйтеуір С.Өтегенов маған және бірнеше адамға келіп, қоныс аударушыларға қарсы күресу үшін құмның ішінде қарақшылық топ құрайық – деп ұсыныс айтты. Біз үзілді-кесілді бас тарттық, бізді Қожанов айдап салып отыр деп түсіндік...».

Көрсетіндінің бұдан арғы мазмұны өзгелердің жауаптарында қамтылған жайларды қайталайды. Сарымолдаевқа жолдаған Рысқұловтың хатын оқығанын Жаһанша мен Халел Досмұхамедов те, Тынышбаев та мойындайды. Рысқұловтың «Алашордашылардың» үстінен жазған мағлұмдамасы Сталинге арналған. «Ақ жол» газетінің жабылуы мен (Алаш ісінің басталуына ықпалын тигіген. Кейін өзі де ақталып айғақ жазды.

1 том. 420=422 беттер.

14/Х- жүргізілген тергеудегі айыпталушы Иса Қашқынбаевтің қосымша көрсетіндісі. Жауап алған ОО ПП ОГПУ-дің бастығының көмекшісі Волохов.

«1). Ұйымның құрылуы. Ұйымды құруға сыртқы интервенциялық күштердің басып кіру қаупінің төніп келе жатуы, сөйтіп Ресейді ықпалдың аудандарға бөлшектеніп кетуінің мүмкіндігі ықпал жасады. Ресеймен қоса қазақ ұлты да бөлшектеніп кетпеу және орыстың қанауынан құтылу үшін, Батыс Еуропаның алдында қазақ халқының өкілдігі бар екендігін көрсету үшін ұйым құру қажеттігі туды. Орыстың құлдығынан құтылып, тәуелсіз өмір сүргіміз келеді. Біздің бұл тілегіміз интервенттердің де мүддесінен шығады, сөйтіп бізді азат етеді деп үміттендік. Мәжілісті кімнің шақырғаны есімде жоқ. Жаңылысыспасам, бірінші мәжіліс Дулатовтың бөлмесінде өтті. Сонда жиналғандар ұйым құру туралы ұйғарымға келді.

2). Саяси орталығы туралы. Түркістандағы ұйымда саяси және ұйымдастыру құрылымдары болған жоқ. Орталығы Орынбор бола ма, жоқ, Ташкент бола ма, ол мәселе ашық қалды. Ташкенттегі ұйымға: Әділов, Жәленов, Битілеуов, Бірімжанов, Ж.Досмұхамдов, Досмұхамедов Халел, Болғамбаев, Испулов, Кақынбаев, Тынышбаев, Ахмед-сафа (фамилиясы есімде жоқ), Омаров Уәлихан, Омаров Әшім мүше боп кірді. Орынбордағы ұйымның толық құрамын білмеймін, бірақ өзгелерден естуімше Байтұрсынов, Дулатов (қоныс аударған), Сәдуақасов, Омаров Елдес бар көрінеді.

3). Ұйымның құрылымы. Ташкенттегі ұйымның жұмыстары жалпы жиналыста шешілді, онда бөлімдік құрылымдар болған емес.

4) Біздің ұйымның бағдарламасы есімде жоқ, бірақ та негізгі мақсаты мынаған келіп тіреледі: Қазақстан Президент пен парламент билейтін тәуелсіз демократиялық республика болуы тиіс. Өнеркәсіп саласында жеке меншікке жол беріледі. Ал жер мәселесі қалай шешілуіге тиіс болғаны есімде сақталмапты. Тек жер жеке меншікке берілмейтіні анық...»

Бұдан кейін өкімет басна сайлау арқылы келу, қарулы көтерілісті қолдамайтындары, өзбектердің діни қайраткері Мінуар-қари Әбдірәшевтің, Заки Валидовтің ұйымдарымен байланыс орнатуға ұмтылғандары баяндалады. Тергеуші сұрақтың өзін бағдарламаның баптарына сәйкестендіріп қойғандықтан да хатқа да солай түскен.

«Біздің ұйымымыздың жұмыс істейтінін Рысқұлов білген сияқты. Ал Қожанов пен Сәдуақасовтың білген-білмегені жөнінде ештеңе айта алмаймын. Ұйымға тарту үшін барған біздің адамымызға Рысқұлов: біздің көзқарасымымызбен келісетінін, ұйымды қолдайтынын айтты. Ал Қожанов үзілді-кесілді бас тартып, мұны арандату, саяси екіжүзділік деп бағалады» - дей келіп 1921-1922 жылдардағы саяси оқиғаларға тоқталады. Иса Қашқынбаевтің көрсетіндісінде өзге тұтқындардың жауаптарындағы пікірлер барынша жинақы берілгендіктен де ішінара толықтау келтіреміз.

«Болашақ үкіметтің құрамы туралы. Бұл мәселе бірде-бір рет талқыланған емес. 1924-жылғы жер межелеу кезінде өзбек ұйымының өкілдері Мінауар қари Әбдірашидовпен, Ғұбайдолла Хожаевпен және Миржалиловпен бірінші және соңғы рет бас қостық. Мәжіліске Тынышбаев және мен қатыстым. Ол кезде біздің ұйымымыз таралып кеткен, оны мойындауға өзбектердіңалдында батылымыз бармады. Мінуар қари бізге Қазақстан туралы мәліметтерді беруді ұсынды, ал олар шетелдіктермен парсы елшілігі арқылы байланыс жасап отыр екен. Біз мағлұматтарды беруге келістік, ал өзбектерге қаржылай көмек көрсетуден бас тарттық, ешқандай қаржымыздың жоқтығын айттық. Әрине кейін оларға ешқандай мағлұмат берілген жоқ (маған солай сияқты).

Аталған үшеуінен басқа өзбек ұйымының мүшелерінің ешқайсысын білмеймін.

Біздің ұйымда ешқандай қаражат болған емес. Бірақ Әділев пен Бірімжановтың Бұқара барғандығы жол қаражатынан басқа шығын да болған емес. Бірімжанов арнайы іссапардың қаражатын пайдалануы мүмкін, ал Әділев ешқайда жұмыс істемегендіктен де жолақыны қайдан алғанынан мағлұматым аз.

Біздің отырыстарымызда қандай мәселелердің талқыланғанын еске түсіру қиын. 1921 жылдан бастап 1922 жылдың аяғына дейінгі отырыстар қыста өткізілді. Жазда бәрі жан-жаққа тарқап кететін. Негізгі тақырып: кеңес өкіметі мен ақ эмигранттарға көзқарас, жер реформасы болатын.

Алғашқы мәселе жөніндегі бастапқы пікірлеріміз бірдей болатын: кеңес өкіметінің күні санаулы, мәңгілік отырмайды, ерте ме кеш пе, әйтеуір соғыс басталады, ол СССР-дің жеңілісімен аяқталады – дестік. Біздің мақсатымыз ұлттың негізгі ұйытқысын қырғынға ұшыратпай, аман сақтап сақтап қалу. Айтпақшы, төңкеріс бола қалған жағдайда, орыс шовинистері бізді қырып тастамас үшін қырға шығып кету керек дегенге келістік. Кеңес өкіметіне ашық қарсы тұрудан бас тарттық. Бұл шешім жағдайдың өзгеруіне байланысты бірде алай, бірде былай ауытқып отырды. Заки Валидов саясат сақнасына шыққанда олармен байланысқа шығып, дипломатиялық амалдау бағыты ұсталды. Ешқандай белсенді әрекетке бармау керектігі айтылды. Заки Валидов оған қанағаттанбай, нақты көмек көрсетуді талап етті. Егерде біздің ұйым оған көмектеспесе, не көмектескісі келмесе, онда қазақ халқына басқаша жол табатынын жариялады. Бұл біздің ұйымның мүшелерінің көпшілігін сескендірді, белсенді түрде араласуға уәде етісті. Бәрі сөз жүзінде қалды. Не қаражат жоқ, не күш жоқ. Валидовті түстікпен қамтамасыз етуге тура келді. Валидовке нақты қолдау көрсетілмеді. Кейіннен бізге, әсіресе Досмұхамедовке келісімді бұзғаны үшін қатты-қатты сөздер айтты.

Мынадай сөздер: кеңес өкіметі қазақ халқының мәдениетін дамытуды қолға алып жатыр, кеңестік платформаны сөзсіз мойындау қажет, мүмкіндігі барлар партияға өтіп алуы керек – деген сөз жиі айтылып жүрді. Бұл мәселе бірнеше рет талқыланды. Кейіннен партияға өтуден бас тартуға ұйғарылды. Тек біздің халқымыздың игілі үшін жасалған шараларды ғана белсенді түрде қолдау міндеттелді.

Кеңес өкіметінің Жетісудағы жер реформасын толықтай қолдады (бұл: ұлтаралық қарым-қатынастың шиеленісуіне алып келуі мүмкін – дегендер де боды).Бұл салада қызмет істегендер қорыққаннан емес, ар-ожданымен жұмыс істеді».

Көрсетіндінің алдын-ала дайындалған мәтін негізінде қағазға түскені түсіндірмесіз-ақ аңғарылады. Әр сұрақ пен жауаптың мәтіндері араласа жазылып, оның өзі бағдарламаның баптары мен тараулары сияқты әсер қалдырады. И.Қашқынбаев кеңес өкіметінің өзінің жүргізіп отырған шараларын да «ұйымның атына тели» баяндайды. Бұл мысқыл ма, жоқ, шарасыздық па, қалайда жауап беріп құтылудың амалы ма, кім білсін. Әйтеуір бір ризасыздық, ықылассыздық бар. ==============================================================



І том. 429 бет ЖАҺАНША ДОСМҰХАМЕДОВ

Тергеудің хаттамасы. Алматы. 1930 жылғы 7 желтоқсан. Мен, ОО ПП ОГПУ-дің КССР-дегі І бөлімінің бастығы Попов айыпталушы Досмұхамедовтен сұрақ алдғанда, мыналар анықталды: Жаһанша Досмұхамедов 43 жаста, тұратын жері – Москва қаласы, Шаблово –Ховский пер., 11үй, 25 пәтер. Туған жері –Орал округі Жымпиты ауданы, партияда жоқ. Ақпан төңкерісіне дейін сот мекемелерінде қызмет етті. Қазан төңкерісіне дейін әр түрлі қоғамдар мен мекемелерде істеді. Қазір Москвадағы «Скотовод» басқармасында қызмет етеді. Білімі – жоғары, Москва университетін бітірген. Үйленген. Күн көрісі – қызмет табысына байланысты. Әке-шешесі жоқ, диқан болған.

3 том, 430 бет. Ж.Досмұхамедовтің 1930 жылғы 5 қараша күнгі көрсетіндісі.

Мен Москвадан Ташкентке 1920 жылдың қазан айында келдім, қазақтардың сол жылғы да, келесі 1921 жылғы да бас қосқан ешқандай отырысын білмеймін. 1922 жылы көктемде кешке жақын «Ақ жол» газетінде істейтін біреу: бүгін кешке «арқалықтар» (солтүстіктің қазақтары) бас қосып, бір мәселе жөнінде ақылдасатынын айтты. Не туралы екенін сұрағанымда: келген соң білесің – деді. Сол күні кешке жақын менің үйіме 7-8 қазақ келді. Қазір есімде сақталғаны Халел Досмұхамедов, Дулатов, және Бірімжанов, қалғандары есімде жоқ. Олар: Қазақ қайраткерлерінің бұрынғы «Алаш» бағдарламасы ресми бекітілген жоқ, кезінде дұрыстап ойдағыдай етіп жетілдірілмеді. Бұрынғы «Алашорда» қайраткерлерінің саяси мәселелер жөніндегі толысқан саяси тұжырымдары тиянақталуы үшін соны жетілдіру керек – десті. Мен:Біз алашордашылар қазір әр түрлі саяси ұстанымда жүрміз, саясаттың кейбір мәселелері жөніндегі көзқарастарымыз сай келмейді. Бұрын бізді тек ұлттық белгіміз ғана біріктіріп келген. Қазір біз саясаттан мақұрымбыз. Сондықтан да аталған мақсатсыз бағдарламаны қайта жаңғырту бізге төтенше мекемелер тарапынан тек қана зиян әкелуі мүмкін – деп мұндай жөндеуге мүлдем қарсы болдым.

Алайда, қызу пікір таласынан кейін саяси бет-беделімізді сақтап қалу үшін қалайда бағдарламның керектігі мақұлданып, сол арада оның жобасы жасалды. Бағдарламаны Орынборға жіберіп, ондағы бұрынғы «Алашорданың» қайраткерлерінің келісімін алу мақсатымен жобаны «Ақ жол» газетінің бір адамы алып кетті. Содан кейін мен Түркпромсюздың және Ашаршылыққа көмек комитетінің тапсырмасымен Пржевальскіге (Қарақолға) кеттім, ол жақтан 3 айдан соң ғана Ташкентке қайтып келдім. Сол екі аралықта менің балдызым Надежда Константиновна Рысқұлов жолдасқа күйеуге шығып алыпты. Сол кезде Рысқұлов Ташкентке Түркістан республикасының халкомының төрағасы қызметіне ауысып келіпті. Сөйтіп, мен оның үйінде, ол менің үйімде жиі болып тұрдық. Содан бері жоғарыда аталған адамдардың не істеп, не қойғанынан, жобаны не істегенінен хабарсызбын.

Қызылордаға барғанда мен олармен аталған бағдарлама жөнінде бір ауыз сөз айтқамын жоқ, оны мүлдем ұмытып кеттім, өз ісіммен ғана айналыстым, партия мүшелері мен еуропалықтардың ортасында жүрдім. Мен бұл мәселені бірінші тергеуде айтпаған себебім, біріншіден, менің көзқарасым бойынша жоғарыдағы іскерсінген әрекет қазақтың «Еріккен сарт енегін уқалайды» дегенінің кері деп есептедім, екіншіден, маған өзге адамдардың аттарын атау сондай қиынға соқты. Мен бұрын да, қазір де: кеңес өкіметін құлата алатындай күш СССР-де бұрын да болған емес, қазір де жоқ – деп есептеймін. Сондықтан да ешқашанда кеңес өкіметіне қарсышыққан емеспін. Қазір де, міне,10 жылдан бері адал қызмет етіп келемін, өз мамандығымды ған білемін.

Сіз маған: қазақтың әлдекімі әлде қайда Ташкенттен сырт қалаға барды ма – деп сұрақ қойып отырсыз, ол туралы мен ештеңе білмеймін. Өз басым ондай жолдыбайшылыққа жүргемін жоқ».

Сот пен тергеу ісін, іс жүргізу хаттамасын білетін кәсіпқой заңгердің жауабы нақты әрі сенімді. «Алашорданың» ескі бағдарламасын естелік үшін жаңғыртып жобаға түсіру мен астыртын ұйымның арасындағы айырмашылық үлкен, оларға қолданылатын заң баптары да мүлдем басқа. Алғашқы жауап пен соңғы көрсетіндінің арасында қандай айырмашылық бар? Шамалы. Тек өзгелердің көрсетінділерінде ғана: Ж.Досмұхамедов Ташкенттегі астыртын ұйымның бағдарламасын жасады – делінеді.

Бұл томдағы тергеу ісіне тартылғандардың бәріне тағылған айып пен қаулы мәтіні бірдей. Тек қана аты –жөндерін ауыстыра салса болды. Сондықтан да Ж.Досмұхамедовке шығарылған үкімді толық келтіреміз.

«№2370 іс. І том. 435=а бет. Мен, ОО ПП ОГПУ-дің КССР-дегі І бөлімінің бастығы Попов тергеуге алынған №2370 іс бойынша жауапқа тартылған Жаһанша Досмұхамедовтің қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымына қатысы және соған байланысты кеңес өкіметіне қарсы әрекеттері толық дәлелденгенін ескере отырып ҰІК-нің 128-бабына сәйкес ҚАУЛЫ етемін:

Осы іс бойынша Досмұхамедов Жаһаншаны мына қылмыстық әрекеттері үшін айыпкер ретінде тергеу астына алынсын, ол: 1). 1921жылы айыпкерлер М.Тынышбаевпен, Х.Досмұхамедовпен бірге Ташкент қаласында қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымын құрған, ол ұйымның бағдарламасын жасауға қатысқан, ұйымды кеңейтіп, оның бағдарламаларын тарату үшін ұйымға жаңа адамдар тартқан, мысалы 1922 жылы Алматы қаласында айыпкер Біләл Сүлеевті ұйымға тартқан.

2). Ұйымның жетекші мүшелерінің бірі ретінде Бұқарадағы басмашылардың құрбашы Заки Валидовпен байланыс орнатқан, сондай-ақ 1927 жылы Сарысу ауданындағы Әділевтің бандысымен астасып, Ақмола млициясының бастығы мен тағы бір милиционерді 1923 атып өлтіргені үшін ұсталған бандының бастығы Әділев Байсейітті Қызылордадағы түрмеден босатып жіберуге қатысқан.

3). Астыртын ұйымның жетекші мүшесі ретінде партия мен кеңес өкіметінің жер саясатын бұрмалауға бағытталған науқанға белсене қатысты, сондай-ақ 5 партконфернция мен Қазақстандағы кеңестің 5-сьезінде жерге орналастыру мәселесінің шешілуіне қысым жасады, астыртын ұйымның бағдарламасының талабы бойынша «Алқа» астытын үйірмесінің әдеби бағдарламасын жасауға қатысты, яғни: ҚК-нің 58-7, 48-10, 58-11 және 57-3 баптары мен тармақтары бойынша жауапқа тартылсын.

Төтенше өкіл – Попов. «Келісемін»: ОО бастығы үшін – Волохов».

Осы қаулының үстін бастыра: «Осы қаулы маған оқылды, бірақ та қаулыда негізделген материалдар маған толық көрсетілген жоқ. Ж.Досмұхамедов. 25/Х -31» – деп қол қойған.

Бір түсініксіздігі, тергеуші кәсіби заңгермен бетпе-бет келіп отыр. Сонда Ж.Досмұхамедовке мүлдем қатысы жоқ Д.Әділевтің қылмысты ісін қалай қосақтар отыр? Жерге орналастыруға, телімге бөлуге, «Алқа» үйірмесіне қатысты өзге көрсетінділерде де оның аты аталмайды. Қалайда сауатты айып тағып, түрмеге қамауды мақсат етсе керек.

Кейбір айыпталушылардың үстінен жүргізілген тергеу ісін тоқтату туралы Қаулы:

1931жыл, 29 қазан. Алматы қ.

ПП ОГПУ-дің КАССР бойынша ерекше бөлімнің төтенше өкілі Попов:

№2370 іс бойынша тергеуге алынған мына азаматтардың: Мангелдин Алдабектің, Кенесарин Әзімханның, Исаев Әбілдің, Қашқынбаев Исаның, Бүркітов Кенжеғұлдың, Сәрсенов Дәлелдің, Ақаев Серікбайдың, Қоджиков Қоңырқожаның, Қияқов Жүністің, Тоқин Халидтың, Түркебаев Еспердің, Алимханов Фазыл – Ағзамның, Ақбаев Қажымұраттың, Нұрымов Ғаббастың, Қадырбаев Қалмұқамедтің, Ордабаев Рамазанның, Сұлтанқұлов Досмұхамедтің, Өтегенов Садықтың үстінен қозғалған істе сотқа тапсыруға жеткілікті айғақтар болмағандықтан да Қаулы етемін:

Жинақталған айғақтардың жеткіліксіздігіне байланысты бұл адамдардың үстінен жүргізілген тергеу ісі тоқталсын, бұл туралы ГПУ мекемелеріндегі тергеу ісін бақылайтын прокурорға хабарлансын.

ПП ОГПУ –дің ерешет өкілі – Попов.

«Келісемін» ОО ПП бөлім бастығы – Волохов». 3 – том – 119 бет.

3-томның 163- бетінде аса маңызды қатынас қағазы бар. Онда үш жылдан астам уақытқа созылған тергеу ісінің аяқталғанын білдіретін мағлұмат берілген. Онда:



« ОГПУ-дің 1924-жылғы №172 бұйрығына сәйкес бұл тергеу ісі соттан тыс қаралуы үшін ОГПУ коллегиясының жанындағы ерекше бөлімнің қарамағына жіберілуі тиіс

Анықтама: Осы ісбойынша тұтқындалғандардың барлығы Алматы қаласындағы түрмеде қамақта отыр және көрсетілген іс ОГПУ коллегиясының қарамағына жолданды.

ПП ОГПУ-дің ҚССР-дегі ереше бөлімінің бастығы – Хворостян.

Төтенше өкілі – Попов.

«Келісемін»: ПП ОГПУ –дің жанындағы прокурор ...(қолы танылмады).

21/ХІІ -31».



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет