Web-парақтар экранда ықшам түрде безендіріліп көрсетілгенмен, HTML тілі мәтіндерді пішімдеп (форматтап) көрсететін тілге жатпайды. Өйткені әрбір тұтынушы әр түрлі компьютерлерді пайдаланады. Сол себепті жаңа ғана зауыттан шыққан бір компьютердің Wіndows жүйесінде жұмыс істей алатын броузері бар болса, екінші бір тұтынушы компьютері тек MS DOS жүйесінде жұмыс істейтін ескі броузерді пайдалануы мүмкін. Бұл екеуінің көрсету мүмкіндіктері әр түрлі болғандықтан, бір файл екеуінде екі түрлі болып көрсетіледі.
Құжаттарды әрбір тұтынушының әр түрлі құрылғыларда және әр түрлі броузер программалармен көретіндіктерін ескерсек, HTML тілін мәтіндерді пішімдеу (форматтау) тәсілдерін жазуға арналған тіл деп айтуға болмайды. Ол Интернеттегі мәтін бөліктерінің атқаратын қызметін анықтап, соларды әрбір тұтынушыға бейімдеп жеткізе алатын құжатты функционалды түрде белгілейтін тіл болып табылады.
Мысалы, егер мәтін тақырыбын бейнелеу керек болса, онда HTML коды оны тақырып ретінде көрсетуге тырысады. Тақырыптың белгілеу коды алынған соң, оны броузер-программа өз мүмкіндігін пайдаланып, үлкейтіп ірі әріптермен жазуы ықтимал немесе тек экран жолдарының ортасына жылжытып қана көрсетуіне де болады. Ал егер бұл құжат мәтіні дыбыс синтезаторы арқылы берілетін болса, онда тақырып қаттырақ шығатын дауыс арқылы айтылып, одан соң аздап үзіліс жасалуы да мүмкін.
HTML тілінде мәтінді форматтау тәсілдерінің көптеген мүмкіндіктері бар, бірақ жалпы тұрғыдан алғанда құжаттың мәтіні мен оны безендіріп көрсету жолдарының айырмашылығы сақталып отырады. Мысалы, HTML тілінің соңғы [HTML 4.0] нұсқасында мәтінді форматтау командаларын пайдалану ұсынылмаған.
2.2 HTML командалары
HTML тілінің бастапқы берілген символдық мәтінді белгілейтін командалары белгі немесе тәг (tag) деп аталады. Тәг символдар тізбегінен тұрады. Кез келген тәг «кіші» (<) символынан басталады да, «үлкен» (>) символымен аяқталады. Осындай қос символ тізбегі бұрыштық жақшалар деп те аталады. Ашылатын бұрыштық жақшадан соң команда аты болып табылатын ағылшын тіліндегі түйінді сөз – тәг орналасады.
HTML тіліндегі әрбір тәг бір арнаулы қызмет атқарады. Тәгтің ағылшын тіліндегі аты оның қызметімен сәйкес келеді. Олардың жазылуында әріптер регистрі ешбір рөл атқармайды, бас әріпті де, кіші әріптерді де қатар қолдана беруге рұқсат етілген. Бірақ тәг атауларын мәтіннен айыру мақсатында оларды бас әріппен жазу қалыптасқан.
HTML тілінің бір тәгі әдетте құжаттың белгілі бір бөлігіне, мысалы бір азат жолқа ғана әсер етеді. Осыған орай керекті сөз тіркестерін қоршап тұрған екі тәг қатар қолданылады: бірі азат жолты – ашады, екіншісі – жабады. Ашатын тәг белгілі бір әсер ету ісін бастайды, ал жабатын тәг – сол әсерді аяқтайды. Жабу тәгтері қиғаш сызық символымен (/) басталуы тиіс.
Кейбір тәгтер өз жазылу орнына ғана әсерін тигізеді. Мұндайда жабу тәгі қажет болмай қалады да, тек жалқы тәг жазылады (мысалы, сызық жүргізу). Егер қате кетіп, тәг ретінде HTML тілінде қолданылмайтын түйінді сөз жазылып кетсе, онда оның ешбір әсері болмайды.
Броузер-программа арқылы құжат экранда көрсетілген шақта тәгтердің өздері бейнеленбей, тек керекті мәтін немесе суреттер көрініп, тәгтердің сол құжат мәтініне тигізетін әсері ғана білініп тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |