Тақырыптың зерттелу деңгейі. Мұсылмандық қозғалыс жөніндегі алғашқы ой-пікірлер ХХ ғасыр басындағы мұсылман басылымдарында, атап айтқанда И.Гаспринскийдің «Тәржіман» («Аудармашы») газетінде және бірқатар татар тіліндегі мерзімді баспасөздерде көрініс тапты. Бірінші орыс революциясы жылдары «Үлфәт» («Достық»), «Вакыт» («Уақыт»), «Тәржіман» газеті беттеріндегі мақалаларда [2] мұсылмандық қозғалыс Ресей империясы қол астында ұлттық езгінің ауыр тауқыметін кешіп жатқан мұсылман халықтарының мүддесін, құқын қорғау жолындағы әрекет ретінде сипатталады. Сондай-ақ аталмыш баспасөздерде мұсылмандық қозғалыстың жарқын көріністері іспетті бүкілресейлік мұсылман съездерінің өткізілуі «Ресей мұсылмандары одағы» және Мемлекеттік думаға мұсылман фракциясының құрылуы жоғары бағаланады. Алайда сол кездің өзінде социал-демократиялық бағыттағы «Урал», «Азат халық» (Азат халық) секілді татар газеттері мұсылмандық қозғалысқа «таптық» тұрғыдан қарап, «Ресей мұсылмандары одағын» үстем тап өкілдерінің ұйымы ретінде көрсетіп [3], мұсылмандық қозғалыстың азаттық жолындағы сипатына мән бермеді.
Біз қарастырып отырған мәселе арнайы зерттелмеген тақырып. Бірақ мұсылмандық қозғалыс жайлы, сондай-ақ оған қазақ қоғамының қатысы туралы сипаттамалар ғасыр басында-ақ жарық көрген кейбір еңбектерде кездесіп отырады. Қазақ зиялыларының көшбасшысы Ә.Бөкейханов 1910ж. жарық көрген «Қырғыздар» («Қазақтар») атты әйгілі мақаласында [4] қазақ елінде өрбіген азаттық қозғалыстың екі саяси бағыты қалыптасып келе жатқандығын, оның бірі батысшылдар, яғни қоғам дамуында батыс дәстүрін үлгі тұтушылар, ал екіншісі қазақтарды бүкіл мұсылмандармен біріктіруге ұмтылған ұлттық-діни, түрікшіл бағыт екендігін атап көрсеткен-ді. Өз ойын қорыта келіп, Ә. Бөкейханов патша өкіметінің орыстандыру саясатының нәтижесінде батыс мәдениетіне күмәндана қарайтын түрікшілдер қазақ даласында белсенді топтың көпшілігін құрап отыр деп жазған болатын. Ал 1914 жылы өзі қатысқан бүкілресейлік мұсылман съезінің шешімдері жайлы Ә.Бөкейханов «Қазақ» газеті «Мұсылман съезі» атты мақала жариялады. Оның қазақ депутаттарының пікірлерін сынға алып, бұдан былай мұсылман съездерінде көтерілетін қазақ мәселесі алдымен елдің өз ішінде талқылануы тиіс деп көрсетті.
Орталық езгідегі мұсылман халықтарының азаттық күресі барысында бүкілресейлік мұсылман съездерінің өткізілуі, «Ресей мұсылмандары одағының» құрылуы мен Мемлекеттік Думалардағы мұсылман фракциясының қызметі Ф.Туктаров пен М.Бигиев секілді татар зиялыларының еңбектерінде қарастырылған. Ф.Туктаровтың «Бірінші, екінші және үшінші Думалардағы мұсылман депутаттары һәм олардың қызметі» атты кітабында мұсылман фракциясының мүшелері қатарында қазақ зиялылары Ш.Қосшығұлов, А.Бірімжанов, Б.Қаратаев, У.Алдабергеновтің де суреттері беріліп, олардың қоғамдық-саяси қызметіне шолу жасалған. Мәселен, 1906 ж. «Ресей мұсылмандар одағы» Орталық Комитетінің мүшесі болған Ш.Қосшығұловты алдына биік мақсат қойған күрескер ретінде сипаттайды. Аталмыш еңбекте мұсылман депутаттарын тек дәріптеу ғана емес, олардың қызметіндегі кемшіліктерге сын көзбен қарау да орын алған. Сондықтан да бұл еңбек кезінде Думадағы мұсылман депутаттарын «келеке етуші кітап» деп бағаланған-ді [5].
Белгілі татар ғалымы Ғ.Ибрагимов «Ресей мұсылмандары одағының» «жанды хаттамасы» [6] деп атаған М.Б эигиевтің «Ислахат әсаслари» (Реформа негіздері) атты еңбегі тарихнамалық қана емес, дерекнемелік тұрғыдан да құнды. Себебі, М.Бигиев Ресей мұсылмандары съездерінің барлығына дерлік қатысып, мұсылмандық қозғалыстың бел ортасында болды. М.Бигиев мұсылман съездерін Ресей мұсылман халықтарының қоғамдық-саяси белсенділігінің көрінісі ретінде бағалайды.
ІV Мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясының жанындағы бюрода қызмет еткен, кейіннен 1917 ж. Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесінің төрағасы болған А.Салихов «Құрылтай жиналысында мұсылман фракциясын құру туралы» атты татар тілінде жарық көрген кітабында [7] мұсылмандық қозғалыстың даму кезеңдеріне тоқталып өтеді. А.Салихов мұсылмандық қозғалыстың 1905 жылдан өрлеу алғандығын айта келіп, Ресей империясының төрт бірдей Мемлекеттік думаларында мұсылман фракциясының құрылуын ірі тарихи оқиға ретінде бағалайды. Мұсылмандарды Құрылтай жиналысы кезінде де бір фракцияға бірігуге шақырған аталмыш кітап А.Салиховтың 1917 жылы Қазанда өткен бүкілресейлік екінші мұсылман съезінде жасаған баяндамасы негізінде даярланған болатын.
Л.Мартов, П.Маслов және А.Протесовтың редакторлығымен 1909-1912жж. аралығында жарық көрген «Общественное движение в России в начале ХХ века» атты көп томдық жинаққа енген К.Залевскийдің еңбегінде [8] де мұсылмандық қозғалыс мәселесі көтерілген. Онда мұсылмандық қозғалыста Еділ бойы татарларының белсенділік танытқандығы, сондай-ақ оған басқа да мұсылман халықтарының соның ішінде қазақтардың да атсалысқандығы аталып көрсетілген. Зерттеуші К.Залевскийдің ұлттық езгідегі мұсылман халықтары өздерінің талап-тілегін, саяси мүддесін бір мұсылман одағына бірігу арқылы білдіруге ұмтылды, «Мұсылмандар одағы» ислам дініне сенетін халықтардың ұлттық қозғалысының дамуына өзіндік игі әсерін тигізді деген пікірі орынды айтылған. Бірақ К.Залевский «Мұсылмандар одағының» ыдырайына таптық мүдде бойынша жіктелу себеп болды деп, оның шынайы мазмұнын аша алмаған.
Патша өкіметі тұсында отаршылдық пиғылда жазылған еңбектерде, мұсылмандық қозғалыстың антиресейлік сипатына басты назар аударылып, оны «панисламшылдық» көрінісі ретінде суреттеу орын алды. Осы кезеңде көптеген «европалық ислам танушылар панисламшылдықты діни фанатизм негізінде бірігіп, европалық өркениет пен бүкіл христиан әлемін жоюды мақсат еткен ілім» деп түсінді [9].
Кеңес өкіметі кезінде мұсылмандық қозғалыс жайлы жазу ресми саясатқа тікелей тәуелді болды. «20-30 жылдары И.В.Сталин тарихғылымына өз монополиясын орнатуға толық құқылы екендігін бекітіп алды. Ендігі жерде тарих ғылымы оның бүкіл билігін тарихи негіздеу жолында қызмет етті» [10]. Осы кезеңде ұлт-азаттық қозғалыс қайраткерлерін қуғындау «М.Х.Сұлтанғалиевтің ісі» деген саяси процесстен соң ресми сипат ала бастады. И.В.Сталиннің ұғымындағы «сұлтанғалиевшілдік-пантүрікшілдік», «панисламшылдық» секілді ұғымдармен сабақтас болып шықты [11]. Сол кезеңде Кеңестер Одағындағы мұсылман халықтарының жауапты қызметтегі азаматтарын «антисоветтік» пиғылдағы «пантүріктік» ұйымдарымен байланысы бар деген желеумен айыптау процестері жүрді. Міне осы тұста «сұлтанғалиевшілдіктің» түп-тамыры сонау патшалық заманда-ақ пайда болғандығын дәлелдеуге талпынған А.Аршаруни мен Х.Габидуллиннің еңбегі жарық көрді.
Бұл еңбекте ғасыр басындағы мұсылмандық қозғалыстың азаттық күрестегі алатын орнына назар аударылмай, оның өңі бұрмаланып діндар үстем тап өкілдерінің реакциялық сипаттағы іс-әрекеті ретінде көрсетілді. Осылайша онда мұсылмандық қозғалыстың өмірге келу себептері мен оның тарихының әртүрлі кезеңдеріне оъективті баға берілмеді.
Жарты ғасырдан астам уақыт бойы тарих ғылымы алдымен сталиндік жосықсыздардың, содан кейін волюнтаризм мен субъективизмнің тоқырау идеологиясы мен психологиясының шырмауында болып келді [12].
Соған орай, 30-жылдардан 80 жылдардың соңына дейін жарық көрген еңбектерде [13] мұсылмандық қозғалыс тек қараланумен шектелді.
Орта Азия және Қазақстан халықтарының кеңестік дәуірге дейінгі тарихының аса маңызды мәселелері 1955ж. Ташкентте өткен Біріккен ғылыми сессиясында қаралды. Оның күн тәртібіне қойылған бес мәселесінің бірі «Панисламшылдық пен пантүрікшілдіктің реакциялық мәні және сатқындық ролі» деп аталды. Сессияның шешімдері Орта Азия мен Қазақстанның ғалымдарының зерттеулерінен кейінгі кезеңде де өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Оның бір айғағын Б.Сүлейменовтің 1905-1907жж. революцияға арналған еңбегінен аңғаруға болады. Автор «Иттифақ» (Ресей мұсылмандарының одағы») ұйымы жайлы былайша пікір білдіреді: «Халық тілегіне қайшы келетін «Иттифақ» ұйымы Еділ бойын, Орта Азияны, Қазақстанды және басқа шеткері аймақтарды Ресейден бөліп алып, оны империялистік Англияның қолдауына сүйенген Түркияға қосуды мақсат етті. Мұндай ұйымдар татар буржуазиясымен Семейде, Петропавлда, Ақмолада, Верныйда және басқа да қалаларда құрылды» [14].
Дегенмен Кеңес өкіметі тұсында мұсылмандық қозғалыс туралы орынды ой-пікір айтуға деген талпынушылық та байқалады. Мәселен, белгілі ғалым С.З.Зимановтың: «Қазақ интеллигенциясы өмірден туындап отырған бірқатар мәселелерді түсінуі және оны шешу тәртібі мен жолдарына көзқарасы 1914 жылы Петербургте Ресей мұсылмандарының съезінің шақырылу кезінде анық, әрі айқын көрінді. Бұл съезді ұйымдастырушылар... елдің мұсылман жұртшылығына зәру мәселелерді талқылап, Мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясына нақты ұсыныстар жасауды ұйғарды. «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті съезге біршама әзірлік жұмыстарын жүргізді және оған өз өкілдерін жіберді» [15], - деген пікірі көңіл аудартарлық. Әсіресе кеңетікимперияның ыдырау кезеңінде жазылған Г.З.Қожахметовтің зерттеу жұмысындағы «мұсылман фракциясы шеткері аймақтардың қоғамдық-саяси өмірінде оңды роль атқарды және жергілікті бұқара халықты азаттық алу үшін ашық күрес деңгейіне көтереді» [16], - деген пікір орынды айтылған.
Соңғы жылдары тарих ғылымының қатаң таптық, партиялық принциптен арылуы мұсылмандық қозғалысты жаңа көзқарас тұрғысынан зерттеуге жол ашты. Бүгінгі таңда мұсылмандық қозғалыс ХХ ғасыр басындағы саяси-әлеуметтік өмірді және ұлттық интеллигенцияның қоғамдық-саяси ролін көрсетуге арналған еңбектерде [17] көрініс тауып, оңды бағаларға ие болуда. Мұндай зерттеулер қатарына М.Қозыбаев, К.Нұрпейсов, М.Қойгелдиев, Ө.Әбдіманапов еңбектерін атауға болады [18]. Бұл еңбектерде біз қарастырып отырған тақырып жете зерттеуге арқау болмаса да, өте құнды мәліметтерге толы. Мәселен, белгілі ғалым К.Нұрпейісов әлеуметтік тегі әркелкі қазақ интеллигенциясы бірінші орыс революциясы кезінде саяси күрес арнасына шыққан либералдық-демократиялық партиялар мен топтардың жағында болумен қатар сол уақытта қоғамдық-саяси қозғалыс ретінде пайда болған ресейлік мұсылмандардың саяси қызметіне де тікелей араласты деген құнды тұжырым айтады. Ал алаштық интеллигенцияға жаңа көзқарас қалыптастыруда үлкен үлес қосқан зерттеуші М.Қойгелдиевтің жуырда жарық көрген «Тұтас Түркістан идеясы және Мұстафа Шоқайұлы» атты еңбегінде: «1905 жылғы ресейлік төңкерістен соң өрлеу алған жалпыресейлік мұсылмандық қозғалыс біріншіден, Мемлекеттік дума деңгейінде түркі және басқа мұсылман халықтарының ең өзекті саяси және әлеуметтік мәселелерін қойып, оларға отаршыл биліктің назарын аударуға мәжбүр етсе, екіншіден, татар, қазақ және басқа мұсылман елдерінің жас, балғын ұлт-азаттық қозғалысының аяғынан тұрып, ержетіп есеюіне қолдау жасап, дем беріп отырды» [19], - деуі аталмыш тақырыпқа жаңа көзқарастың, соны пікірдің қалыптасып келе жатқандығын аңғартады.
Ғасыр басындағы мұсылмандық қозғалыс мәселесі шетелдік тарихнамадан да орын алған. Бұл орайда билікпен келісе алмай шет елдерге кетуге мәжбүр болған зиялы қауым өкілдерінің мұсылмандық қозғалыс жайлы мол мәлімет беретін еңбектерін ерекше атап өтуге болады. Кейінгі кезде олардың кейбірі орыс және қазақ тілдеріне аударылып жарық көре бастады [20].
Кеңестің дәуірге Ресейдегі мұсылман халықтарының тарихы, атап айтқанда олардың азаттық жолындағы қозғалысы поляк ғалымы С.Зенковский еңбегінде қарастырылған. Зерттеуші 1905-1917 жылдары Ресей мұсылмандарының саяси қызметінің нәтижелі болуына исламшылдық өзіндік үлес қосты деп тұжырымдайды. Алайда аталмыш еңбектің «1905 жылғы Қазақстан» деген бөлімінде қазақ өкілдері бірінші және екінші бүкілресейлік мұсылман съездеріне қатыспады, тек үшінші съезге Бөкей Ордасынан Ш.Қосшығұлов қатысты, бірақ оның өзі солтүстікте және шығыста тұратын қазақтардың қалың бұқарасымен байланыста болмады деген жаңсақтыққа жол берген. Шетелдік ғалымдардың еңбектеріндегі мұндай жайттардың жиі кездесуін дерек көздерінің тапшылығы туындап отырса керек.
Тақырыпқа қатысты шетелдік зерттеушілердің ой-пікірлері жайлы мәліметтерді К.Л.Есмағамбетов, М.Т.Лаумулин және Б.М.Сужиков еңбектерінен табуға болады [21]. Соңғы кезде батыс ғалымдарының еңбектерінің аудармалары қазақсатқындық басылымдарда беріле бастады [22].
Ұлыбританияда 80 жылдардың бас кезінде құрылған Орталық Азияны зерттеу қоғамы мұсылмандық қозғалысқа қатысты құжаттар жинаған орыс тілінде бастырып шығарды [23]. Бұл жинақтарға бүкілресейлік мұсылман съездерінің қаулы-қарарлары, «Ресей мұсылмандары одағының» жарғысы мұсылман фракциясының бағдарламасы енген. Жинақтарда берілген алғы сөздерде мұсылмандық қозғалыс шектері аймақтардың мүддесін, құқын қорғау жолындағы азаттық қозғалыстың бір көрінісі ретінде бағаланған. Жалпы батыс зерттеушілері мұсылмандық қозғалысты орыс-проваславиелық империясының үстемдігіне қарсы ұлт-азаттық қозғалыстың формасы деп түсіндіретіндігін өзінің шетелдік тарихи концепцияларды талдауға арналған еңбегінде ғалым Г.Р.Балтанова да атап көрсетеді [24].
Біз қарастырып отырған мәселенің ғылыми әдебиетте баяндалу тарихына жасалған шолу тақырыптың арнайы зерттеу объектісі болмағандығын аңғартады. Осы уақытқа шейін мұндай мәселені арнайы қарауға қажет алғы шарттар да қалыптаса қойған жоқ-тын. Ондай қолайлы жағдай енді ғана туып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |