іі М. Әуезовтің «Абай жолы» романындағы есімді сӨйлемдердің түрлері, қызметі
2.1 Есімді сөйлемдер, зат есімді есімді сөйлемдер
М. Әуезовтің «Абай жолы» романы әдеби жағынан мол зерттелінгенімен, тілдік жағынан әсіресе синтаксистік жағынан аз зерттелінді. Жалпы «Абай жолы» романындағы есімді сөйлемдер басқа көркем әдебиеттер мен салыстыру барысында өте мол. Оның өзі тарихи роман болуында демекпіз. Өйткені осы күнгі романдардың көбінде етістікті сөйлемдер басым болса, «Абай жолы» романында керісінше. Өйткені мұның фактісі ғасыр салтына сай ерте заманғы оқиғаға мол. Мұның өзі тіліміздегі сөз таптарының қалыптасуына да әкеліп соғады. Бұл жөнінде тілшілер арасында қимыл не заттың пайда болуы туралы көзқарастармен байланысты ойлануға тура келеді.
Қазақ тіл білімінде академик Н. Сауранбаев «Қазақ тілі» еңбегінде есімді сөйлемдер туралы пікір қозғамаса да, етістік баяндауыштар және есім баяндауыштар деп бөліп қарастырған. Автор: «Сөз таптарының қай-қайсысы да жоғарғы айтылған тұлғаларда тұрып баяндауыш бола береді. Бірақ, көбінесе, баяндауыш болатын етістіктер, одан кейін есім сөздер (зат есім, сын есім, сан есім, есімдіктер және үстеулер). Етістіктердің баяндауыш болуы мен есім сөздердің баяндауыш болуы арасында белгілі өзгешеліктер болады. Осымен байланысты, баяндауыштар екі түрлі болады: етістік баяндауыштар, есім баяндауыштар». Есім баяндауыштар туралы: «Есім сөздер де (зат есім,сын есім, сан есім, есімдіктер) және үстеулер де баяндауыш бола береді» (Н. Сауранбаев) - деп есім баяндауыштарға үстеулерді де қосып, сондай-ақ, мұндай баяндауыш болған есімдерге, есімдіктерге, үстеулерге жіктік жалғаулары жалғанатынын атап өтеді. Академик Н. Сауранбаев есім баяндауыштарды мына мысалдар арқылы көрсеткен: «Тас көмір – отын. Айдарбек – оқушы. Денсаулық – зор байлық. Өзі тоқ, көлеңкесі жоқ. Хор бастаушы – мен, қосылушы – сендер, тыңдаушы – көпшілік» [78,60]. Автордың осы еңбегінің «Жай сөйлемнің түрлері» деген тараушасында да зат есімді есімді сөйлемдерді кездестіреміз: «-Кімсің? –Мен, Төлеген Тоқтаров.
-Ә, Төлегенбісің? Тағы кім бар?» -деген толымсыз сөйлемдерде баяндауыштары Төлеген Тоқтаров жалқы есімнен жасалса, Төлегенбісің жіктік жалғаулы жалқы есім арқылы сөйлемді тиянақтап тұр.
-Атаулы сөйлемдерде: «Күзгі түн. Қараңғы. Айналамызда ештеме көрінбейді.Тым-тырыс. Тек жер. Аспан. Аспандағы жұлдыз ғана (Ғ. Мүср.)» [79.190-192].
Осы сөйлемдердің баяндауыштары түн, жер, аспан, жұлдыз ғана зат есімдерінен болса, ал қараңғы, тым-тырыс сын есімдерінен жасалған.
Зат есімді есімді сөйлемдердің ерекшелігі туралы профессор М. Балақаев: «Зат есімдер түрлі тұлғада, тіпті кейбір септік жалғауларында тұрып та, баяндауыш қызметінде жұмсала береді.Ондай зат есімдерден болған баяндауыштар бастауыштың, негізінде, заттық сапасын – кім, не екенін – білдіреді: Түнергенде – түнмін, күлгенде – күнмін. Сөзім – шекер, тілім – бал, лебізімнен алған нәр (Ғ. Мұстафин). Ән шырқаған –жылқышы қыз (М. Иманжанов). Автор: «Бұл мысалдардан мынаны байқауға болады: түнмін, күнмін – жіктік жалғаулары арқылы зат есімдерден болған баяндауыштар. Ал жіктік жалғаусыз III жақта баяндауыш болған зат есімдер шекер, бал, жылқышы қыз) сөйлемде тұрған орнына қарай, ерекше әуенмен айтылу арқылы сол қызметте жұмсалған. Олардың көбінің мағыналары бастауыштармен теңдес келеді. Сондықтан бұл екі мүшені көп жерде еркін орын ауыстырып айта беруге болады.
Бұлардың мағыналары да бірдей емес: зат есімдерді бастауыш етіп айтудан гөрі баяндауыш етіп саралап айтудың мағыналық әсері ерекше болады. Сондықтан ондай есімді сөйлемдер әдебиеттерде ойды ықшамды түрде дәл айтудың ерекше стильдік тәсілі ретінде жұмсалады. Сонымен қатар көркем әдебиетте жоғарғыдай есім баяндауыштар метафоралық теңеу қызметін атқарады» [80,33].
Орыс тіл білімінде В.В. Бабайцева: «Внимание к именному типу предложения, к именному сказуемому, к именной части сказуемого – не случайно. Предикативность как основное свойство предложения связывалось обычно с глагольными формами, а в русском языке много именных предложений. Как показывают исследования последних лет, богаты и разнообразны схемы именных преложений, специфичны оттенки в языковой и речевой семантике и т.д.» [81, 95] - деп, соңғы уақытта зерттеулер нәтижесі бойынша есімді сөйлемдердің көбеюін және олардың өзіндік ерекшелігі мен семантикаға қатысын да сөз етеді. Осы еңбегінде автор әсіресе зат есімді есімді, сын есімді есімді және есімді сөйлемдердің кейбір есімшелер арқылы жасалатыны туралы сөз қозғайды, бірақ сан есімді есімді, есімдікті есімді сөйлемдер жөнінде ештеңе айтпайды.
Қазақ тілінде бастауышы да, баяндауышы да зат есімдерден жасалатын сөйлем түрін бинаминативті сөйлемдер деп атаған Ұ.К. Мұсабаева оларды зерттеудің қажетті бірнеше факторларын ұсынады:
«1 Жалпы лингвистикалық тұжырымдамаға сүйенсек, зат есімдер – сөйлемдердің мазмұнының темасын атау ретінде, яғни бастауыш ретінде жұмсалуға бейім сөйлемдер. Биноминативті структураға түскен зат есімдер бастауыш- баяндауыштық қатысқа түскенде қалай талғанатынында мән болуға тиіс. Осы заңдылық та байқалады.
2 Зат есімдер сөз баяндауыш қызметінде жұмсалған соң, предикативтік мағына беретін формаларға ие болуға тиіс. Етістік сөздер баяндауыш қызметінде жұмсалуға бейімделгендіктен, предикативтік мағына беретін амалдар сол етістіктерге телініп, солардың морфологиялық құрамы ретінде қалыптасқан. Сондықтан зат есім сөздер предикативтік қызметке өзінше бейімделеді.
3 Үшінші анықталатын мәселе - биноминативті сөйлемдердің семантикасы. Бұл құрамда қалыптасқан сөйлемдердің пропозициялық мағынасын анықтап алып, жалпы пропозициялық мағынаның нақты көріністерін ашу – биноминативті сөйлемдердің функционалдық статусын танудың басты шарты. Бастауышы зат есім – баяндауышы етістік типті сөйлемнен семантикалық айырмашылығы бар екені анық. Сол айырмашылық нақты аталуға тиіс. Биноминативті сөйлем бастауышы зат есім- баяндауышы сын есім типті сөйлемдерден де өзгеше семантикаға ие.
4 Тағы бір көңіл қоятын мәселе – биноминативті сөйлемдердің құрылымдық потенциалы. Осы типті сөйлемдердің базистік ұйытқысын атап, соның негізінде өрбіген түрлерін байқау. Тілдің синтаксистік жүйесін толығырақ тануға себеп болатыны сөзсіз. Биноминативті конструкциялардың базистік типтен бастап былайғы өрбуі тілдің структуралық дамуы мен ой жұмысының дамуы арасындағы арақатынасты көрсететін ұтымды тұс» [82, 91-93].
Көп ғалымдардың пікірінше алдымен зат пайда болып, адамдар көбіне осы тектес заттардың әрі сөйлемді тиянақтауы арқылы есімді сөйлемдердің пайда болғандығын негізге алады. Біз де осы пікірді қолдай келіп, «Абай жолы» романындағы есімді сөйлемдер, соның ішінде зат есімді баяндауышты сөйлемдердің жасалуын сөз етуді жөн көрдік.
Әрине, басқа да көркем шығармаларда да есімді сөйлемдер баршылық. Сонда «Абай жолы» романындағы зат есімді сөйлемдердің айырмашылығы неде деген де сұрау туындайды. Негізінде ғылыми әдебиеттерде баяндауыш, оның жасалуын есімді, етістікті, құрама баяндауышты деп беретіні белгілі. Бірақ осы күнге дейін бір шығармада осы үш түрлі баяндауышты сөйлемдердің мөлшері анықталмаған мәселе. Ал «Абай жолы» романында осы түрлі баяндауышты сөйлемдердің есімді, құрама баяндауышты сөйлемдері барынша мол. Соның ішінде зат есімді, есімді сөйлемдерге қарағанда тіпті көп.
Зат есімді синтаксистік қызметі жағынан бастауыш, толықтауыш болуға тиіс. Бұл олардың табиғи қасиеті десек, енді зат есімді сөйлемде анықтауыш та, пысықтауыш та, тіпті баяндауыш қызметінде жұмсалып, есімді сөйлем жасауға негіз болады. Негізінде зат есімдер баяндауыш қызметінде нөлдік, көптік, тәуелдік, жіктік, септік жалғаулар арқылы келетіні белгілі. «Абай жолы» романындағы зат есімді баяндауыштардың дені осы тұлғаларда келеді. Бірақ романдағы осы тұлғалы зат есімді сөйлемдер, біріншіден, көп, екіншіден, қазақтың нағыз байырғы сөздері арқылы жасалуы басым. Оның үстіне автордың қолданыс шеберлігіне қарай олардың дара түрімен бірге күрделі түрлері де мол.
Сол сияқты автор зат есімді сөйлемдердегі тек дербес мағынасы бар зат есімдер арқылы ғана бере қоймай, негізігі сөздерге түйдектелген көмекші сөздер арқылы да беруі мол. Бұл автордың өзіндік бір ерекшелігі.
М. Әуезовтің «Абай жолы» романындағы жай сөйлемдердің өзі өте күрделі. Ондағы сөздер саны бірнеше сөзге жетеді. Сондықтан да сөйлемді талдауда сөйлемдердің жігін нақтылау барысында ғана оның есімді предикаттың субъектісін айқындау, ондай кездегі олардың байланысында мағыналық жағы басым екенін білеміз. Енді соларды жеке-жеке көрсетелік:
- Баяндауышы жалқы есімді есімді сөйлемдер. Мұнда сөйлемдердің баяндауыштары жалқы есім болып келеді. Ондай жалқы есімдер ономастикалық та, топонимикалық та атаулар болады. Эпопеяның тілін зерттеп жүрген Е. Жанпейісовтің есептеуінше, «Абай жолында» тікелей кейіпкер ретінде қатысқан төрт жүз елудей адамның аты, ...230-дан аса топоним кездеседі екен. Мұның үстіне романда кездесетін этнонимдерді (ру, тайпа, халық атауларын) қосу керек болады. Сонда роман сөздігінен орын алған антропоним, этноним, топонимдердің жалпы саны 1019 сөз болып шығады [83, 11-12.].
- Жалқы есімдердің өзі баяндауыштық қызметте әр түрлі тұлғада келеді.
1. Атау тұлғалы ономастикалық атаулар арқылы жасалған сөйлемдер: Араларындағы үлкендері Абай мен Тәкежан. Ол жатқан Пушкин мен Лермонтов. Оның бірі - жеңге, бірі - Тоғжан.
-Осы іспетті топонимикалық атаулар баяндауыш қызметінде жұмсалады. Бұл Бөкенші мен Борсақтың көші. Барлық атшабар, старшын, билер де бүгіндер Бақанас бойында. – Уай, жағалай жұртым! Керей – Найман елім!
2. Жалпы есімді сөйлемдер.
-Түбір тұлғалы зат есім сөйлемдер: Олардың бәрін еліктіріп, аса қыздырған – жалғыз бір шырқаған асқақ үн ол - ән. Ұлжан тартымды болумен қатар, сыншы да ана. Түбі, бәрінің де бағатын таразысы – ел. Ол мінезі жеңіл, білімге шолақ адам. Осы малды бағарлық бұтарттары бір ғана қоңыр ат. Ол да еңгезердей мықты жігіт.
3. Жіктік жалғаулы зат есімді сөйлемдер: Тоғжанбысың сен? Жасаған-ау, Абаймысыз? – Уәй, Манаспысың? – Жатақ деген бір тайпа елміз. «Біз – бай ауылымыз, сен – күңге лайық кедейсің, – Мен Ибрагим Құнанбаевпын. Халықтан шыққан жұпыны кісімін, – деді. Сүгір – бай, мен кедеймін.
4. Көптік жалғаулы зат есімді сөйлемдер: Ол – ақындар. Бұлар – қазір төрдің дәл ортасында, жағалай көрпе үстінде, үлкен ақ жастықтарды шынтақтаған сал серілер. Абай жақсы ұғынатын шағатай, түркі кітаптарымен қатар, тілін Абай қиналып түсінетін араб, парсы және олардан көрі де әлі ауырырақ тиетін орыс тіліндегі кітаптар. Осы отырған бес-алты адам дәл қазіргі күйінде пәлен үй. Тобықтының талай түйін, шытырман жайларын осы араға жиып әкеп отырған адамдар.
5. Көптік және тәуелдік жалғаулы зат есімді сөйлемдер: Құнанбайдың жан күйер жақындары. Ол Найманнан келетін Бөжейдің нағашылары. Тегіс өзіне мәлім ағайын, туысқандары. Ол Бөкенші руынан Сүйіндік, Сүгірдің көштері.
6. Тәуелдік жалғаулы зат есімді сөйлемдер: Нұрғаным Бердіқожа дейтін қожаның қызы. Бақанас, Байқошқар - бұл өңірдегі Тобықтының ең үлкен өзені.
Зат есімдер - нікі,-дікі,-тікі қосымшасы арқылы: Шетінен кішкене шағын қоңырқай үйлердің орта тұсында тек сырты ғана бүтін жеңіл үй Базаралынікі. Бұйрық ұлықтікі. Құнанбай мен Майбасардікі...
7. Септік жалғаулы есімді сөйлемдер: Менің талабым – талап, өрісім алдымда.
Сөйлеуде бірнеше заттардың байланысына не бірнеше құбылыстарға негізделген ойлар өзалды тұлғалық тиянақтылықтағы жеке жай сөйлемдердің мағыналық, грамматикалық қатынаста іргелес келіп жұмсалуымен де беріледі. Мұндай жай сөйлемдердің бірқатарында баяндауыш, септік формалы зат есімнен болатыны сияқты, барыс, жатыс, шығыс, көмектес те формалы зат есімнен жасалады.
Түркі тілдерінде баяндауыштардың жасалуында көбінесе жатыс жалғаулы сөздер туралы көбірек сөз болады да, ал басқа септіктердің ондай кездегі қызметі онша елене бермейді. Ал қазіргі әдеби тіл материал баяндауыш қызметінде барыс, шығыс кейде көмектес жалғаулы сөздердің де жұмсалатындығын көрсетеді. Әрине, баяндауыштардың жасалуындағы бұл мәселе өзіндік бір күрделі мәселе. Дегенмен барыс, жатыс, шығыс және көмектес жалғаулы сөздер сөйлем ішінде қолданылып, меңгеріле байланысқан сөз тіркестерінің бағыныңқы сыңары ретінде қолданылуға бейім болғанмен, енді ондай сөздердің өздері, біріншіден, сөйлемнің соңында қолданылып, екіншіден, сөйлемде тиянақтау дәрежесіне, яғни предикаттық қасиетке ие болғандығын көруге болады. Жатыс септігінде, ондай процесс бұрыннан бар құбылыс болса, ал басқа септіктердің де ондай қызметте жұмсалуы соңғы кездің жемісі [84, 148-149].
Достарыңызбен бөлісу: |