Тарихи роман туралы
Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романы – «Көшпенділер» тарихи трилогиясының бір бөлімі. Трилогия «Алмас қылыш», «Жанталас», «Қаһар» атты үш романнан тұрады. «Көшпенділер» трилогиясында қазақ халқының бес ғасырлық тарихы суреттеледі. XV–XIX ғасырлар аралығындағы ұзақ тарихи кезеңдегі Қазақ хандығының өмірі мен тарихи тұлғалар бейнесі сомдалған:
– «Алмас қылыш» романында Әбілқайыр хан, Жәнібек хан, Керей хандар арасындағы тартыс бейнеленеді. Алғашқы бөлімінде Әбілқайыр хан ұлысының екіге бөлінуін көрсетсе, екінші бөлімінде Қазақ хандығының ішкі, сыртқы жауларымен болған күрес үстінде қалыптасуы суреттеледі.
– «Жанталас» романында қазақ халқының басынан өткен жаугершілік замандар суреттеледі. Романда Қасым хан, Хақназар хан, Абылай хан, Бұқар жырау сияқты тарихи тұлғалар бейнеленген.
– «Қаһар» романында Кенесары хан, Наурызбай, Ағыбай, Иман, Төлебай, Басықара, Жанайдар, Бұхарбай батырлар бейнеленген. «Қаһар» романы – қазақ халқының еркіндігі үшін күресінің шежіресі. Кенесары хан бастаған азаттық үшін болған күрестің ірі кезеңін көркем бейнелеген тарихи шығарма.
Әдебиетіміздің арғы-бергі тарихында ұлы сахараның бірде құландай тулап, бірде ұлардай шулап қалған алмағайып тағдырын Ілияс Есенберлиндей азаматтық қажырмен, суреткерлік қуатпен толғаған жазушы болған жоқ. Егер шындыққа жүгінсек, жазушы ерлігіне берілген бағадан гөрі берілмек баға әлдеқайда салмақтырақ болуға тиісті.
Рымғали Нұрғали
СТИЛЬ – жазушының өмір шындығын танып-білу, сезіну қабілетін, бейнелеу шеберлігін, өзіндік суреткерлік тұлға-бітімін танытатын даралық өзгешелігі, жазу мәнері, қолтаңбасы. Көркемдік стиль жазушының өмірлік тәжірибесі негізінде, оның суреткерлік талантының табиғатына сәйкес қалыптасып дамыды. Стильді көбіне-көп сөз қолдану ерекшелігі, сөздік, тілдік ерекшеліктер деп қарау ара-тұра болса да бой көрсетеді. Жазушының стилі дегенде, біз оның өмір шындығын өзінше тани білу, сезіну, тақырыпты өзінше игеру, өзінше ой толғап, бейнелеп айту – міне, осындай маңызды сипаттар танытатын, басқаға ұқсамайтын суреткерлік шеберлігін, дара қолтаңбасын айтамыз.
ДАРАЛАУ – кейіпкердің өзіне ғана тән жеке мінез ерекшелігі. Кейіпкердің қимыл-әрекеті, сөйлеуі, киінуі, жүріп-тұруы даралауға жатады. Даралау арқылы кейіпкер мінезі жасалады. Даралау мінезге әкелсе, жинақтау арқылы типтік бейне жасалады. Екі категория – даралау мен жинақтау бірімен-бірі тығыз байланысты.
ЖИНАҚТАУ – көркем бейненің заманына, кәсібіне, атқарып отырған қызметіне сай іс-әрекет, мінез ерекшеліктерін беру. Кейіпкерлерді типтендіре жинақтау арқылы суреткер болашақ образдың немесе типтің жалпы бітімін, тұлғасын қалыптастыруымен қатар оның ішкі ерекшелігін ашып, мінезін даралайды. Әрбір әдеби тұлғаны өз ортасынан адам ретінде бөлек, оқшау танытып тұратын, оның тек өзіне ғана тән, өзгелерде жоқ және қайталанбайтын психикалық ерекшеліктері болуы шарт. Суреткердің өмір шындығын жинақтау әрекеті әрқашан оның адам мінезін даралау әрекетімен ұласады.
Зәки Ахметов
Достарыңызбен бөлісу: |