МӘден асылбек төреханұлы батыс Қазақстанның қала халқы: этнодемографиялық дамуын талдау



бет2/3
Дата25.02.2016
өлшемі436.73 Kb.
#19847
түріДиссертация
1   2   3

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Ұсынылып отырған диссертациялық жұмыс Батыс Қазақстандағы қала халқының 1897-1945 жылдардағы этнодемографиялық даму тарихына арналған алғашқы арнайы зерттеу болып табылады. Осыған орай, зерттеу жұмысында төмендегідей ғылыми жаңалықтарға қол жеткізілді:

- ретроспективалық әдіс арқылы аймақтағы қалалардың пайда болу заңдылықтары айқындалып, қала халқының қалыптасу көздері (әскери-казактік отарлау, шаруаларды қоныстандыру кезеңіндегі көші-қон, отырықшы қоныстарды славян тектес халықтармен толтыру, т.б.) талданды;

- жаңа дерек көздері арқылы қоныстандыру және көші-қон саясатының жүзеге асырылуы және оның қала халқының қалыптасуына ықпалы зерттелді;

- қала халқының 1897-1917 жылдардағы сандық, ұлттық құрамындағы өзгерістер және оған ықпал еткен факторлар айқындалды;

- салыстырмалы талдау әдісі арқылы аймақтағы қала халқының 1897-1945 жылдар аралығындағы этнодемографиялық даму кезеңдері айқындалып, олардың ерекшеліктері зерттелді;

- азамат соғысы және 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтың қала халқына тигізген демографиялық салдары талданып, бұл мәселелерге қатысты тың мұрағат деректері ғылыми айналымға енгізілді;

- қала халқының 1920-1930 жылдардағы демографиялық дамуы, оның сапалық көрсеткіштерінің өзгерісі және оған ықпал еткен факторлар (көші-қон, әсіресе, мәжбүрлі көші-қон, экономикалық өмірдегі жаңалықтар, 1930 жылдардың басындағы ашаршылық) жан-жақты талданды;

- жаңа мұрағат деректері мен статистикалық материалдар арқылы Отан соғысы жылдарындағы аймақтағы қала халқының этнодемографиялық дамуы, оның ішінде, қала халқының соғысқа тартылу деңгейі, көші-қон үдерістері, соғыстың әлеуметтік және демографиялық салдары зерттелді.



Зерттеудің практикалық маңыздылығы. Зерттеу барысында жасалған қорытындылар мен тұжырымдарды, жалпы диссертация материалдарын, қалалар және қала халқының тарихын жазуда, түрлі анықтамалық басылымдар дайындауда, өлке тарихын зерттеуде, жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арнайы курстар дайындауда пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

- қазіргі Батыс Қазақстан аймағындағы 15 қаланың пайда болуының өз заңдылықтары болды. Қалалардың көпшілігі (Орал, Атырау, Ақтөбе, Ембі, Темір, Форт-Шевченко) патшалық Ресейдің өлкені әскери отарлауы барысында тұрғызылған әскери бекіністердің негізінде өсіп шықты. Бұдан кейінгі уақытта көлік факторының әсерінен Орынбор-Ташкент темір жолының бойында Ақтөбе облысындағы қазіргі Шалқар, Қандыағаш қалалары сауда-өнеркәсіптік елді мекендер ретінде құрылды. Осы темір жол бойында 1912 жылы салынған №44 разъездің негізінде кеңестік дәуірде Алға қаласы құрылды. Сол сияқты Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласының іргетасы да көлік факторы негізінде қаланды. Қалалар келесі кезекте тау-кен және мұнай-газ өндірісінің ашылуының ықпалымен пайда болып, өркендеді (Ақтау, Хромтау, Жаңаөзен, Құлсары).

- батыс аймақта пайда болған алғашқы қалалардың (Орал, Атырау) тұрғындары ХІХ ғасырдың 60-жылдарына дейін негізінен әскери казактар болды. Жалпы, кеңестік кезеңге дейін аймақтағы қала халқын әскери-казактік отарлауға қатыстырылған әскерилер, 1880 жылдардан жаппай қоныстандырыла бастаған орыс-украин шаруалары, түрлі заң-жарлықтар арқылы отырықшы, оның ішінде, қалалық қоныстарға жіберілген түрлі сословие өкілдері (мещандар, дворяндар, көпестер, т.б.) қалыптастырды. Оның үстіне, 1900-1917 жылдар аралығында қоныстандыру қозғалысы сауда-өнеркәсіптік сипатта жүрген болатын;

- патшалық Ресей өкіметі әуел бастан қалаларды славян тектес халықтармен қоныстандырғандықтан, қалаларда кеңестік кезеңге дейін қазақтар саны өте аз болды. Дегенмен, ХІХ ғасырдың соңына қарай қалаларда қазақтар саны арта түсті, өйткені, осы уақыттан бастап әсіресе, қазақтардың кедей бөлігінің қалаға ағылуы күшейді. 1897 жылғы халық санағы бойынша қазақтар аймақтағы қала халқының 6,2 %-ын құрап, саны жағынан үшінші ұлт болды;

- 1897-1917 жылдар аралығында аймақтағы қала халқының саны 66 %-ға өсті. Қалалардағы халық санының өсуіне қоныстандыру қозғалысымен қатар, табиғи өсім, ондағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістер де ықпал етті. Соның негізгісі - сауданың дамуы болды. Сауда қала халқының әсіресе, ауқатты бөлігінің негізгі кәсібіне айналды. Қалалардың мұндай сауда-өнеркәсіптік, әкімшілік орталықтар ретінде дамуы қала халқының ұлттық құрамына өзгерістер жасады;

- Азамат соғысы мен 1921-1922 жылдардағы ашаршылық қала халқына үлкен әлеуметтік-демографиялық салдарын тигізді. Аталған бес жылда адам шығыны жоғары болып, табиғи өсім күрт қысқарды. Мысалы, соғыс болған үш жылда аймақтағы қала халқының саны әкімшілік өзгерістерді есепке алғанда 40,1 %-ға қысқарды. Ал, ашаршылық орын алған 1920-1923 жылдар аралығында аймақтағы қала халқы 13 352 адамға немесе 17,9 %-ға өскен. Бұл көрсеткіш қала халқының үлкен демографиялық тұралауға ұшырағандығының айқын дәлелі болып табылады;

- 1920-1930 жылдары аймақтағы қала халқының саны тұрақты өсіп отырды. Бұл үдеріс 1920 жылдардың ортасынан түпкілікті орнықты. Осы кезеңдегі халықтарды күштеп жер аудару, еңбектік қоныс аударту, тағы басқа көші-қон үдерістері қала халқы санының өсуімен қатар, оның ұлттық құрамының күрделенуіне ықпал етті. Аймақтағы қала халқында қазақтардың да саны артты. Олардың үлесі санақ қорытындылары бойынша 1926 жылы - 15,7 %-ды құраса, 1939 жылы – 32,1 %-ға жеткен. Соңғы көрсеткіш жалпы республикалық деңгейден (21,9 %) едәуір жоғары болды;

- Ұлы Отан соғысы жылдары аймақтағы қала халқында көлемді этнодемографиялық үдерістер орын алды. Соғыс уақытында қайтымсыз адам шығыны майдандағы және тылдағы өлім-жітімнен көрінді. Аймақтағы қазіргі төрт облыстың аумағынан толық емес мәліметтер бойынша 248 140 адам соғысқа алынған. Жалпы, 1938-1945 жылдары мобилизацияланған 252 869 адамның шамамен 94 830-ы немесе 37,5 %-ы қаза болған. Сондай-ақ, соғыс жылдары көші-қон қарқыны бірнеше есеге күшейіп, аймақтағы қала халқының көпұлтты сипатының қалыптасуына шешуші ықпал етті.



Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Зерттеу жұмысының негізгі нәтижелері Қазақстан Республикасының Білім және ғылым саласындағы Қадағалау және аттестациялау комитеті бекіткен журналдарда 5 ғылыми мақала түрінде, 8 халықаралық конференция (Алматы, Ақтөбе, Орал, Тараз) материалдарында баяндама ретінде жарық көріп, сараланды. Диссертация М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Қазақстан Республикасының тарихы кафедрасында талқыланып, қорғауға ұсынылды.

Диссертациялық жұмыстың құрылымы. Диссертациялық жұмыс ұғымдар мен қысқартулардан, кіріспеден, алты тараушаға бөлінген екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер мен деректер тізімінен, қосымшалардан тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Кіріспеде тақырыптың өзектілігі ашылып, оның зерттелу деңгейі, деректік негізі сараланды. Зерттеудің мақсат-міндеттері, пәні, нысаны, хронологиялық шеңбері, территориялық шегі, теориялық және әдістемелік негізі, ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдары мен практикалық маңыздылығы айқындалды.

«Батыс Қазақстандағы қала халқының қалыптасу көздері (1897-1917 жж.)» атты бірінші тарауда аймақтағы қалалық қоныстардың құрылу тарихы, ондағы ортақ заңдылықтар, қала халқының қалыптасу көздері, қоныстандыру және көші-қон үдерістерінің қала халқының 1917 жылға дейінгі этнодемографиялық дамуына ықпалы, 1897 жылғы санақ материалдары бойынша қала халқының сандық, жас-жыныстық, ұлттық, сословиелік құрамы талданып, оның 1897-1917 жылдар аралығындағы өсіп-өнуі, оған ықпал еткен экономикалық және саяси факторлар қарастырылады.

Қазіргі Қазақстанның батыс аймағын патшалық Ресейдің отарлауы барысында ХІХ ғасырдың 30-60 жылдары тұрғызылған әскери бекіністердің бірқатары 1869 жылы жаңа әкімшілік-аумақтық бөліністің енгізіліп, Орал, Торғай облыстарының құрылуымен қалалық қоныстарға айналдырылды. 1868 жылғы «Уақытша ережеге» сәйкес Калмыков станицасы, Ембі, Орал (Ырғыз), Орынбор (Торғай) бекіністеріне қалалық қоныс мәртебесі берілді. Орал қаласы Орал облысының орталығы болып белгіленді. Орал казак әскеріне қараған Гурьев қалысы да Орал облысының құрамына кірді. 1891 жылғы жаңа «Ереже» бойынша 1893 жылдың 1-қазанынан Қостанай және Ақтөбе қоныстары уездік қала мәртебесіне ие болды. [13, 323-324 бб.]. Түрлі деректер негізінде аталған қалалық қоныстардың құрылу тарихына, ондағы халықтың қалыптасу үдерісіне талдау жасау авторға бұл мәселеде ортақ заңдылықтардың барлығын айқындауға мүмкіндік берді.

Қала халқының қалыптасу көздерін қызметте болған әскери казактар, одан соң, негізінен түрлі сословиеден шыққан қоныстанушылар құрады. Қала халқының қалыптасуына ықпалы тұрғысынан қоныстандыру қозғалысын саралау, оның бірнеше кезеңдерін, ондағы ерекшеліктерді айқындауға мүмкіндік берді. Қоныстандыру қозғалысының әсіресе, 1900-1917 жылдарды қамтыған кезеңі жаппай әрі ұйымдасқан түрде, сауда-өнеркәсіптік сипатта жүріп, аймақтағы қала халқының қалыптасуында шешуші рөл атқарды.

Қалалық қоныстар бастапқыдан патша үкіметімен славян тектес халықтармен қоныстандырылды. Мысалы, 1849 жылы Орынбор казак әскерінен тәжірибе үшін Орынбор бекінісіне (Торғай қаласы) 10 отбасы қоныс аударылды. 1866 жылы олардың қатары 20 отбасыға дейін өсіп, 97 адамды құрады [17, 11-12 пп.]. Жайық, Торғай өңірімен қатар Маңғыстау өлкесі де отарланып, 1846-1856 жылдар аралығында Маңғышлаққа 49 отбасы қоныстандырылды [18, 45 б.]. Қоныстанушылардың қала халқын қалыптастырудағы рөлін 1878 жылы тамыз айында Торғай облысының қалалары мен бекіністеріндегі отырықшы халыққа жүргізілген бір күндік санақ мәліметтері айқындайды. Оның қорытындысы бойынша гарнизондарды қоса есептегенде отырықшы халық саны 2270 адам болған. Олар төмендегідей таралды: Ақтөбе бекінісі – 486, Қарабұтақ форты – 309, Торғай қаласы – 553, Ырғыз қаласы – 922 адам. Тұрғындардың жыныстық құрамы жағынан ерлер әйелдерден үш есеге арттыққа көп болды [19, 14 п.]. Ал, Орал облысындағы қала халқының саны осы жылы 30850 адамды құрады. Атап айтқанда, Оралда – 22302, Електе – 3537, Калмыковта – 1059, Гурьевте – 3952 тұрғын өмір сүрді. Облыста қала халқы жыныстық құрамы жағынан біркелкі таралған, тіпті, Елек, Гурьев қалаларында әйелдер үлесінің біршама басымдығы байқалады [20, 50 п.].

Кейінгі жылдары Торғай, Орал облыстарына және Маңғышлақ уезіне қоныстанушылар саны арта түсті. Нәтижесінде, 1887 жылы Маңғыстау түбегіндегі Николаев станицасындағы отырықшы халық саны 488 адамға, оның түбіндегі слободада – 336 тұрғынға жетті. Ал, Александровск фортында негізінен қызметкерлер болған 393 адам, Долгое елді мекенінде Ресейдің түрлі губернияларынан шыққан балық кәсіпшілігімен айналысатын 50 адам өмір сүрді [21, 55-78 пп.]. 1881 жылы Ақтөбенің қалалық жоспарын бекіткен Орынбор генерал-губернаторы Г.А.Крыжановский қалаға қоныстануға тілек білдірушілер санының артуына орай оларға жер беруді мақұлдады [22, 3 п.]. Осыған орай, Торғай облысының әскери губернаторы А.П.Проценконың (1883-1888 жж.) тұсында облысқа және оның ішінде, Ақтөбе бекінісіне келген қоныстанушыларды жерге орналастыру ісі басталады. Осында 1885 жылы Орынбор қаласы арқылы Ново-Николаевқа (Қостанай қаласы) 286 адамнан тұратын 43 отбасы, Ақтөбеге 44 адамнан тұратын 7 отбасы орналастырылуға жіберілген. Олардан басқа, Самара, Саратов, Воронеж және Астрахань губернияларынан Ақтөбеге 20, Ново-Николаевқа – 10 жер шолушы жіберіледі [23, 100-101 пп.]. Қоныстандыру қозғалысы ХІХ ғасырдың 80-90 жылдары шырқау шегіне жетеді. Бұл уақытта патша үкіметімен осы саясаттың тиімділігі мойындалып, ол түрлі арнайы заң-жарлықтар арқылы түпкілікті заңдастырылды. Зерттеу жұмысында осы мәселелер жан-жақты талданып, заң-жарлықтардың жүзеге асырылуы зерттелді, солардың негізінде қоныстанушыларға берілген жеңілдіктер мен артықшылықтардың мән-маңызы айқындалды.

ХІХ-ХХ ғасырлар қиылысындағы аймақтағы қала халқының санындағы қоныстанушылардың нақты үлесін 1897 жылғы бірінші бүкілхалықтық санақтың материалдары көрсетеді. Сонымен, санақ қорытындысы бойынша Александров фортының, Торғай және Орал облыстарының қала халқы 75907 адамды құрайды. Мұнда 38571 адам жергілікті тұрғындар, 4012 адам қалаларға облыстың басқа уездерінен келгендер ретінде тіркелген. Соңғы сан ішкі көші-қон деңгейін айқындауға мүмкіндік береді. Осы екі көрсеткішті қосу арқылы қала халқындағы жергілікті тұрғындар үлесінің 56,1 %-ды құрайтындығын анықтауға болады. Қалалықтардың қалған 43,9 %-ын нақты қоныстанушылар құрайды. Олар басқа губерниялардан келгендер және басқа мемлекеттерден келгендер болып жеке есепке алынған. Біріншісі жалпы қала халқының 43,6 %-ына (33158 адам) тең болса, екіншісі бар болғаны 0,2 %-ды (166 адам) құрады. Аймақтағы қалаларға қоныстанушылардың 60 %-ын немесе 19985 адамын Орал облысы қабылдады [24, 2 б.; 25, 2 б.; 26, 2 б.].

1897 жылғы халық санағы қарсаңында аймақта 10 қала болды. Олар: Закаспий облысының Александровск форты, Торғай облысының Қостанай, Ақтөбе, Ырғыз, Торғай, Орал облысының Орал, Елек, Гурьев, Калмыков және Темір қаласы. Осы 10 қалада 1897 жылғы санақ кезінде 75907 тұрғын есепке алынды. Бұл осы территориядағы жалпы халықтың 6,5 %-ын құрайды. Жыныстық құрамы жағынан ерлер үлесі басым болып, ол 51,8 %-ға тең болды. Қалалықтардың жастық құрамында Торғай және Орал облыстарында 1 жастан 9 жасқа дейінгі, ал, Александров фортында 20-29 жас аралығындағы тұрғындардың саны көп болды. Жалпы, жастық құрамды саралау қала халқы табиғи өсім жолымен қалыпты көбейіп отырған деген тұжырым жасауға мүмкіндік береді. Қала халқының сословиелер бойынша бөлінісінде шаруалардың үлесі басым болды. Олар жалпы қалалықтардың 35,6 %-ын құрады. Қазақтар басқа азиялық халықтармен бірге бұратаналар сословиесіне жатқызылды. Бұратаналардың үлесі – 6,4 %-ға тең болды. Аймақтағы қала халқының ұлттық құрамын санақ материалдарындағы тұрғындардың ана тілі бойынша бөлінісіне қатысты мәліметтер арқылы бағамдауға болады. Қалалықтардағы негізгі ұлт – орыстар болды және олар 74,9 %-ды құрады. Жергілікті ұлт – қазақтар жалпы қала халқының 6,2 %-на (4693 адам) тең болды. Қазақтарда ерлердің саны басым болды (65,5 %) [24, 25; 26]. Осылайша, зерттеу жұмысында 1897 жылғы санақ материалдары бойынша қала халқының жекелеген қалалар бойынша саны, жас-жыныстық, сословиелік, ұлттық құрамы, халықтың діни сенімі бойынша бөлінісі жан-жақты талданады. Бұл көрсеткіштер ерекшеліктерінің әсіресе, жекелеген қалалар бойынша көрініс табуын айқындауға баса назар аударылды.

1897-1917 жылдардағы аймақтағы қала халқының сандық өсуі мен ұлттық құрамының өзгерісіне қоныстандырудан туындаған көші-қон үдерістері, сондай-ақ, әлеуметтік-экономикалық факторлар ықпал етті. Аталмыш кезеңде шағын қалалардың ірілену үдерісі жүріп, халқы 10 мыңнан 20 мыңға дейінгі қалалар саны 3-ге жеткен. Аймақтағы ірі қала – Орал қаласының халқы одан әрі өсіп, 1917 жылға қарай 50 мыңдық межеден асады. Бұл уақытта сауда қалалардың дамуының айқындаушы факторы болды. Дегенмен, қала мен даладағы сауда негізінен қоныс аударып келген татарлардың қолына шоғырланды [27, 125 п.]. Қалалар мен қала халқының дамуында шағын кәсіпорындардың пайда болуы үлкен рөл атқарды. Олар негізінен ауыл шаруашылығының шикізаттарын өңдеді. Мысалы, Ақтөбеде 1901 жылы 3 су диірмен, 10 жел диірмен, 1 май өңдегіш және 1 дән масақтағыш жұмыс істеп, олардағы 26 адам 7300 сомның өнімін өндірсе [28, 76-77 пп.], 1915 жылы мұнда 1 ішек өңдейтін орын, 2 сабын қайнататын орын, 1 жел диірмен, 2 су диірмен, 1 бу диірмен, 5 мұнай диірмені, 1 дән масақтағыш, 1 май өңдегіш болды. Аталған өндіріс орындарда 143 адам еңбектеніп, 1415663 сомның өнімі шығарылды [29, 106 б.].

1897-1917 жылдар аралығында Торғай және Орал облыстарындағы қала халқы 75012 адамнан 124571 тұрғынға дейін өскен [24, 1 б.; 25, 1 б.; 16, 5-9 бб.], яғни, өсім 66 %-ды құрады. Аймақтағы қалалардың әкімшілік, сауда-өнеркәсіптік орталық ретінде дамуы, жергілікті халықтың өмір сүру салтының өзгеріп, қалаларға қоныс аудара бастауы қала халқының ұлттық құрамына өзгерістер жасады. Ұлттық құрамдағы бұл өзгерістерді Торғай облысының қала халқы мысалында бағамдауға болады. Мұндағы қала халқында қазақтар саны 1897 жылғы 1352 адамнан 1916 жылдың басында 1393 тұрғынға жетіп, саны жағынан орыс, татар, немістерден кейінгі төртінші ұлт болды. Жалпы қала халқындағы үлесі – 3,2 %-ды құрады [25, 39 б.; 29, 8 б.].

«Батыс Қазақстандағы қала халқының құрылу кезеңдері (1918-1945 жж.)» деп аталатын екінші тарауда азамат соғысы мен 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтың демографиялық салдары, индустрияландыру кезеңіндегі қала халқының саны, табиғи және механикалық өсімі, жас-жыныстық, ұлттық құрамы, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы этнодемографиялық үдерістер, көші-қон қозғалыстары, олардың қала халқының дамуына ықпалы зерттеледі.

Азамат соғысының нәтижесінде аймақтағы қала халқында 1918-1920 жылдары үлкен демографиялық өзгерістер орын алды. Ол ең алдымен қала халқы санының кемуінен көрінді. Қала халқы әкімшілік-аумақтық өзгерістерді ескергенде 1917 жылғы 124571 тұрғыннан 1920 жылғы 74540 адамға дейін қысқарған. Халық санының кему көрсеткіші 50031 адамға немесе 40,1 %-ға тең болды [16, 5,9 бб.; 30, 22-23 пп.]. Соғыс жылдары қала халқының жыныстық құрамы да өзгерістерге ұшырады. Мысалы, Орал қаласында 1920 жылғы санақта 33595 тұрғын тіркелсе, соның 60 %-ын (20156 адам) ересектер құрады. Ересектердің 8219-ы (40,8 %) ерлер, 11937-сі (59,2 %) әйелдер болды [31, 22 п.]. Сөйтіп, әйелдер үлесінің ерлерге қарағанда артық болуы соғыстың әлеуметтік-демографиялық салдарына байланысты еді.

Ашаршылық жылдары қала халқы азамат соғысы уақытындағыдан да зор шығынға ұшырады. Қазақстанның батыс губернияларында, әсіресе, Орал өңірінде ашаршылық жағдай 1920 жылдың қысынан орын ала бастады [32, 37 п.]. Ашыққан халық алдымен ауылдық елді мекендерден қалаларға ағылды. Дегенмен, мұнда да жағдай мәз емес-тін. Қалаларда ашаршылықтың басталысымен сауда-өнеркәсіптік сипаттағы мекемелер мен ұйымдардағы жұмысшылар саны қысқартылды [33, 13 п.]. Шағын қалаларда мұндай өндіріс орындары аштықтың кең етек алуымен мүлдем жабылып қалды, немесе оларға шикізат, сондай-ақ, отын-суы да жетіспеді. Осы жағдайлардың барлығы қалаларда ашыққандар санының үнемі ұлғаюына ықпал етті. Мәселен, 1921 жылы 16-қыркүйекте Орал қаласында барлығы 39565 тұрғын есепке алынып, олардың 7542-сі ашыққандар ретінде тіркелсе [32, 64 п.], қараша айының басында олардың саны 12037 адамға жетеді [34, 1 п.]. Орал қаласында қалыптасқан ахуал аймақтағы басқа қалаларға да тән болды. 1921 жылғы 10-қазандағы мәлімет бойынша Ақтөбе станциясындағы түрлі губерниялар мен уездерден келген ашыққандардың саны 2000 адамға жеткен [35, 25 п.]. Темір қаласында босқындарға арналған үй толық болды. Асханаға тамақтануға келгендердің саны күніне 20-25 адамға артып отырған [35, 42 п.]. Осылайша, қалаларға ашыққан халықтың үздіксіз ағылуы мұндағы азық-түлік тапшылығын одан әрі күшейтіп, оның салдары өлім-жітім деңгейінің өсуінен көрінді.

Тұрғындар бастапқыда тойып тамақ ішпеуден организмнің әлсіреуінен өліп жатты. Ашыққан босқындар қозғалысының өрістеуімен бұған түрлі індеттерге шалдығу да қосылды. Өлім-жітім деңгейі қыс айларында жоғары болды. Мәселен, Ақтөбе қаласында 1922 жылдың ақпан айына қарай 9500 мәйіт көмусіз қалған [36, 162 п.]. Орал қаласында да осындай жағдай қалыптасып, тек қаңтар айының 1-і мен 10-ы аралығының өзінде емдеу мекемелерінде 125 адам көз жұмады [37, 25 п.]. Өлім-жітім балалар арасында да өршіп тұрды. Сол Орал қаласында 1922 жылдың 1-10 сәуір аралығында 127 адам өлсе, соның 39,28 %-ын балалар құраған [37, 100 п.]. Ал, Ақтөбе қаласындағы №2 балалар үйінің өзінде 1921 жылдың 17-маусымы мен 17-қарашасы аралығындағы уақытта 94 тәрбиеленуші қайтыс болды [38, 53-54 пп.]. Балалар арасында өлім-жітім деңгейінің бұлайша жоғары болуына балалар үйлері мен уақытша қабылдау орындарының шектен тыс толық болуы, олардың санитарлық және гигиеналық талаптарға сай келмеуі, тәрбиеленушілерге көрпе-төсек, киім-кешек сияқты қажетті заттардың жетіспеуі, ең бастысы олардың дұрыс тамақтанбауы ықпал етті.

Сонымен, 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтың демографиялық салдарын 1920 және 1923 жылғы халық санақтарының қорытындыларын салыстыру арқылы бағамдауға болады. Аталмыш уақыт аралығында аймақтағы қала халқы 13352 адамға немесе 17,9 %-ға өсіп, 1923 жылы 90306 тұрғынды құрады [30, 22-23 пп.; 39, 6-7 бб.]. Бұл көрсеткіштен қала халқының үлкен демографиялық тұралауға ұшырағандығын байқау қиын емес. Көрсетілген шағын өсім тек ғана механикалық жолмен қамтамасыз етілді, яғни, ашаршылық жылдары қала халқында орын алған шығынды осында тұрақтап қалған босқындар мен қоныс аударғандар тез толықтырып отырды.

Батыс аймақтағы қала халқының этнодемографиялық даму үдерісінде өткен ғасырдың 20-30 жылдарының шешуші маңызы бар. 1920 жылдардың ортасынан қала халқының өсу үдерісі түпкілікті орнығады. Дегенмен, онда көші-қон қозғалысының ықпалы зор болды. Осы ретте, аймақтағы қала халқының этнодемографиялық даму бағыттарын 1926 жылғы бірінші Бүкілодақтық халық санағының қорытындылары айқындап береді. Халық санағы бойынша аймақтағы қала халқы – 97825 адамды құрады. Бұл жалпы халықтың 7,9 %-ы болатын. 1923 жылғы қала халқының санымен салыстырғанда 7519 адамға немесе 8,3 %-ға өскен. 1923-1926 жылдардағы санақ аралық кезеңдегі өсім деңгейінің бұлайша төмен болуына әкімшілік-аумақтық өзгерістер де әсер етті. Дегенмен, 1926 жылғы санақ мәліметтері қала халқының өсу үдерісінің жалғасып отырғандығының айқын дәлелі бола алады.

Жыныстық құрамы жағынан 1926 жылы қала халқында әйелдер үлесі сәл басым болды (51 %). Ұлттар бойынша бөлінісінде негізгі ұлт – орыстар. Олар жалпы қала халқының 63,9 %-ын құрады. Саны басым екінші ұлт – қазақтардың үлесі 15,7 %-ға тең болды. Қазақтардың жыныстық құрамында ерлер үлесінің (57,5 %) басымдығы байқалды. Үшінші кезектегі ұлт – татарлар (10,4 %), төртінші – украиндықтар (7,1 %) болды [40, 142-146 бб.].

1920-1940 жылдары аймақтағы қала халқының құрылуының негізгі көзі – табиғи өсім және ауыл халқының қалалықтарға айналуынан бұрын ең алдымен механикалық өсім болды. Аталмыш кезеңдегі қала халқының көші-қондық үдерістерінде мәжбүрлі көші-қон айтарлықтай орын алады. Халықтарды мәжбүрлі түрде көшіру 20-30 жылдары кеңес үкіметінің «кулактарды тап ретінде жою», «өнеркәсіпке жұмысшы күшін жинау», «ұлттық белгілері бойынша күштеп жер аудару» және тағы басқа қолдан жасалған саяси шаралары арқылы жүзеге асырылды. Бұл үдеріс 1940 жылдары Ұлы Отан соғысы уақытындағы халықты майданға жақын аудандардан көшіру, халықтарды күштеп жер аудару және еңбектік қоныстандыру шараларымен жалғастырылды.

Көші-қон әсіресе, аймақтағы ірі қалалардың демографиялық дамуына үлкен өзгерістер жасады. Мәселен, Гурьев қаласына 1933 жылы 3008 адам келсе, олардың 55,9 %-ы ауылдық жерлерден қоныс аударғандар еді. Келгендердің 2032-сі ерлер, 976-сы әйелдер болды. Ал, осы жылғы қаладан кеткендердің жалпы саны 801 адамды құрады [41, 1 п.]. Келесі 1934 жылы аталмыш қалаға 3802 адам келіп, бар болғаны 393 тұрғын қаладан кеткен. Нәтижесінде, оң айырым 3409 адамға теңелді. Сол сияқты Орал қаласына 1933 жылдың 1-желтоқсанында алынған мәлімет бойынша – 6912 адам келсе, кетушілердің саны 5827 адам болды. 1934 жылы бұл қалаға кеткен 5458 адамның орнына 7765 адам келіп, оң айырым 2307 адамға жетті [42, 3,5 пп.]. Көріп отырғанымыздай, әсіресе, ірі қалалардағы механикалық өсім жыл сайын арта түскен.

Аймақтағы қала халқының көші-қондық үдерістер есебінен өсіп, оның этнодемографиялық сипатының өзгеруіне халықтарды күштеп жер аудару саясаты да айтарлықтай ықпал етті. Осы саяси науқанның шеңберінде Қазақстанға 1936-1939 жылдары поляк, кәріс, әзірбайжан, күрді, түрік, армян, т.б. халықтар депортацияланды. Мысалы, 1937 жылы Қазақстанға 20530 кәріс отбасылары жер аударылды. Олардың 3107-сін Ақтөбе, Гурьев және Батыс Қазақстан облыстарына орналастыру көзделді [43, 10 п.]. Осы жолы Гурьев облысына іс жүзінде 1266 кәріс отбасылары әкелініп, оның ішінде, 654 адам Гурьев қаласының түрлі кәсіпорындарында жұмыспен қамтылған [44, 1 п.].

30-жылдардың екінші жартысындағы қала халқындағы демографиялық ахуалға қала халқы санының өсу үдерісі, көші-қон қозғалысының жоғарғы қарқындылығы тән болды. Дегенмен, әсіресе, ірі қалаларда халықтың табиғи өсімі төмен еді. Осындай демографиялық көріністің нақты көрсеткіштерін 1939 жылғы халық санағының қорытындылары айқындайды. 1939 жылы аймақтағы қала халқының саны – 249609 адамды құрады. Бұл жалпы халықтың 24,9 %-ы болатын. Қала халқының саны 1926 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 155,1 %-ға өскен. Әрине, 1939 жылғы халық санағының материалдары күмән туғызады. Соған қарамастан, бұл мәліметтер арқылы қала халқының этнодемографиялық дамуының бағытын саралауға болады. 1939 жылы қала халқындағы қазақтар үлесі – 32,1 %-ға тең болып, саны жағынан орыстардан кейінгі екінші ұлт болды. Қазақтар әсіресе, Гурьев және Ақтобе облыстарының қалаларында көптеп шоғырланды. Қазақтардың Гурьев облысындағы қала халқында саны басым бірінші ұлт болғандығын да атап өткен жөн [45, 76-77 бб.].

Аймақтағы қала халқының этнодемографиялық дамуының келесі кезеңі Ұлы Отан соғысы жылдары болды. Бұл уақытта негізінен соғыстағы қайтымсыз шығынға байланысты және тылдағы өлім-жітім нәтижесінде қала халқының саны қысқарды, табиғи өсімі күрт төмендеді, көші-қон қозғалысы қарқын алды, қала халқының ұлттық құрамы күрделене түсті.

Соғыс жылдарындағы халықтың даму тарихындағы орталық мәселе – әскерге алынған қала халқының санын анықтау болып табылады. Дерек көздері 1938-1945 жылдары батыс аймақтағы үш облыстан ең аз дегенде 252869 адамның мобилизацияланғандығын көрсетеді. Оның ішінде, Орал қаласынан 11015 адам әскер қатарына алынды. Ал, Атырау қаласынан шамамен 11302 адам майданға алынса, соның 4683-і шиіт болды. Атырау облысының құрамында болған Маңғыстау өңірінен соғыста 3415 адам қаза болады. Жалпы, аймақ халқының соғыс жылдарындағы әскери шығыны толық емес мәліметтер бойынша 94830 адамды құрады. Бұл барлық мобилизацияланғандардың 37,5 %-ы еді [46, 35-37 бб.; 47, 6 б.; 48, 22 б.; 49, 8 б.].

Аймақтағы қала халқының соғыс жылдары қысқаруына халықты еңбекке мобилизациялаудың да ықпалы болды. Тылдағы жұмыс кезінде еңбек ету және әлеуметтік жағдайдың күрделілігіне байланысты халықтың бұл тобының түрлі ауруларға шалдығып, өлу фактілері орын алды. Ауыр еңбекке тартылған халықтың өлім деңгейінің жоғары болуына азық-түліктің жетіспеуі де ықпал етті. Осылайша, қалалардағы халық санының қысқаруына соғыс жағдайында туындаған объективті факторлардың әсері болды. Дегенмен, соғыс жылдары қала тұрғындары эвакуацияланғандар, мүгедек болып соғыстан қайтқандар, ауылдан қалаға ағылғандар, депортацияланғандар есебінен тез толығып отырды.

Эвакуация барысында көпшілігі әйелдер мен балалардан тұрған түрлі ұлт өкілдері келді. Соғыс жылдары халықтарды күштеп жер аудару саясатының жалғастырылуы да қала халқының ұлттық құрамын күрделендірді. 1941-1944 жылдары республикаға немістер, поляктар, гректер, шешендер, ингуштар, қарашайлықтар, т.б. халықтар жер аударылды. Жергілікті мұрағат деректері бойынша Ақтөбе облысына 20248 шешен ұлтының өкілдері келген. Ақтөбе қаласына 1944 жылы келген 820 шешеннің 253-і жұмысқа орналастырылды, қалған 567-сі қарттар мен балалар болды. Оның ішінде, 381-і 12 жасқа дейінгі балалар [50, 7,15 пп.]. Ал, неміс ұлтынан Ақтөбе облысына 1941 жылдың өзінде 1750 отбасы қоныстандырылды [51, 45-46 пп.]. 1942 жылғы мәлімет бойынша Қазақстанда 103757 поляк ұлтының өкілдері болған. Оның 5992 адамы батыс аймақтағы үш облыста өмір сүрді [14, 141 б.].

Сонымен, 1940 жылдардың бірінші жартысындағы қала халқының санындағы өзгерістерді 1939 жылғы халық санағының қорытындыларын 1945 жылдың 1-қаңтарына тиісілі мәліметтермен салыстыру арқылы бағамдауға болады. Соғыс жылдары Ақтөбе облысының қала халқы 1939 жылғы 88823 адамнан 107700 адамға ұлғайса (өсім – 21,2 %), Гурьев облысының қала халқы – 93211 адамнан 111400 адамға дейін (өсім – 19,5 %), және Батыс Қазақстан облысының қала халқы – 67575 адамнан 70400 адамға дейін (өсім – 4,2 %) өсті [52, 6 б.]. Қала халқының бұл өсімі негізінен көші-қон есебінен қамтамасыз етілді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет