ТЕРІСКЕЙ ТИЕК
ТҮРІК
Түріктердің арғы аталары Пиңляңда тұрған кірме хулар еді. Олар-
дың əулет есімі – Ашына. Соңғы Уей əулетінің патшасы Тəй-у
сақаларды жойғанда, Ашына 500 отбасымен нөнелерге кірімтал болды
да, Алтынтауды мекендеп темір қорытумен шұғылданды. Алтынтау-
дың пішіні дулығаға келіңкірейді. Дулыға «түрік» деп те аталады.
Сондықтан бұл олардың аты болып қалды. Былай деп те айтады: олар-
дың арғы аталары Батыс теңіздің жоғарғы жағында мемлекет құрып
еді. Кейінірек оны көршілес мемлекеті талқандады да, адамдарын ер-
əйел, кəрі-жас демей түгел қырды. Тек бір ер баланы өлтіруге қимай,
аяқ-қолын кесіп иен далаға апарып тастады. Бір қаншық қасқыр үнемі
ет əкеліп беріп тұрды, соны өлжал еткен бала өлмей аман қалды.
Кейін келе ол қасқырмен жақындасып, оны буаз қылды. Көршілес
мемлекеттің ханы бұл баланы өлтіруге қайта жіберген адамы баланың
қасынан шықпайтын əлгі қасқырды байқап, оны да өлтірмекші болды.
Сол тұста əлгі қасқыр құдіретше қалықтап отырып теңіздің шығыс
жағына келіп тоқтады да, бір тауға келіп түсті. Бұл тау Гаучаңның
солтүстік-батысына тура келуші еді. Қасқыр оның астындағы үңгірге
кіріп, онда аумағы 200 лидей келетін шалғынды кең жазыққа кезікті.
Осыдан кейін қасқырдан 10 ұл туды. Солардың біреуінің əулет есімі
Ашына еді. Өте ақылды болғандықтан, елі оны хан көтерді. Тегін
ұмытпайтындығын білдіру үшін ол бөрі басы айшықталған туын
қақпасына іліп қойды.
Ақын шад деген адам өз ұлысын бастап, таудағы үңгірден шығып
нөнелерге бағынды. Тай Ябғұның заманына келгенде бұлардың тұ-
қымы мықтап күшейді. Соңғы Уей əулетінің ақырғы кезінде Елетміш
қаған əскерлерімен телектерге жорық жасап, оларды күйрете жеңіп,
50 мыңдай отбасын өзіне қаратып алды. Сонан кейін нөнелерден қыз
айттырмақшы болып араға жаушы салды. Бұған бұлқан-талқан бол-
ған нөнебасы Анагүй елші жіберіп, оған тіл тигізді. Елетміш қаған
бұл елшінің басын алып, жасақтарымен нөнелерге қарсы аттанды.
Нөнелер жеңіліс тапты. Елетміш қаған өлген соң, оның орнына
інісі И қаған таққа отырды. Кейінірек ол да аурудан қайтыс болды.
Оның орнына баласы Шатуды емес, інісі Сідіні таққа отырғызды. Ол
Мұқан қаған деп аталды. Мұқан қаған батыр да ақылды адам еді. Ол
нөнелерге тағы да шабуылдап, оларды жойды. Батыста абдалдарды
талқандап, шығыстан қытандарды қуды. Солтүстіктегі нұмдар мен
тиектер оған түгел бағынды. Осылайша олар Кіндік қағанатпен үзеңгі
қағыстырды. Кейінірек Батыс Уеймен күш біріктіріп, Шығыс Уейға
шабуыл жасап Тəйюанға дейін келді.
Олардың салты: мал шаруашылығымен шұғылданады, тұрақты
қонысы болмайды, судың тұнығын, шөптің сонысын қуып көшіп оты-
рады. Күмбез пішінді киіз үйлерде тұрады. Шаштарын жайып, шапанын
солға қарай түймелейді. Ет жеп, ақ ішеді. Теріден тігілген, жүннен
тоқылған киім киеді. Қарттарды сыйламайды, қару-қайраты барларды
қадірлейді. Ұлықтарының үлкені – ябғұ, одан кейін гісі – шад-тегін,
одан кейінгісі – елтебер, одан кейінгісі – тұдынбер. Барлығы төменгі
шенділермен қосқанда 28 дəреже. Олар бұл шенге мұрагерлікпен
ие болады. (Қару-жарақтан) мүйіз нақышты садақ, ысқырма оқ,
сауыт, найза, қылыш, семсер бар. Атқа мықты, садақ тартуға ше-
бер. Таби ғаты – жауыз. Жазуы жоқ. Ағашқа кертілген белгі куəлік
етіледі. Жорыққа немесе барымтаға шығу үшін айдың толуын күтеді.
Олардың заңында бүлік жасағандар, кісі өлтіргендер өлім жазасымен
жазаланады. Зинақорға ақтау жазасын жəне белін үзу жазасын
бұйыра ды. Көз шықса, айыпты қызын береді. Егер қызы болмаса,
бір əйелдің құнын төлейді. Ал дененің басқа бір мүшесін зақымдаса,
онда жылқы төлейді. Ұрлаушы сол ұрлаған нəрсесінің құнын 10 есе
етіп қайтарады. Өлген адамның мəйіті киіз үйге жайғастырылады.
Үй ішіндегілер мен жақын туыстары құрбандыққа мүйізді ірі қара,
жылқы шалып, дауыс сала үйді айналады. Теміртекпен беттерін
жыртады, қан мен жас қосыла төгіледі. Жоқтау рəсімін жеті реттен
кейін аяқтайды. Содан кейін күннің сəтін таңдап, мəйітті атының
үстіне қойып өртейді де, сүйек күлін жиып алып жерге көмеді. Қабір
басына белгі ретінде қада орнатылады. Оның үстіне үй тұрғызылып,
(үйдің) ішіне өлген адамның бейнесі жəне оның тірі кезінде өткерген
шайқастары баяндалған суреттер салынады. Ол бұрын бір адам
өлтірген болса, онда бір тас қойылады. Кейбіреуінде ондай тастар
жүзге, тіпті мыңға жетеді. Əкесі, ағасы қайтыс болса, баласы, аға-
бауырының баласы, бауырлары шешелеріне, жеңгелеріне үйлене
береді. Мамырдың ортасында құрбандыққа көп қой жəне жылқы
шалады. Ерлері чупу дейтін ұтысты, əйелдері доп ойнағанды ұнатады.
Қымызды мас болғандарынша ішеді, дəурігіп өлең айтысады. Жын-
шайтан дегендерден қорқады, əруақты сыйлайды, бақсыға сенеді.
Соғыста өлгенді – даңқ, ауырып өлгенді намыс санайды. Олардың
салты жалпы ғұндармен бірдей.
Мұқан (қаған) 20 жыл ел биледі. Ол өлгеннен кейін орнына баласы
Төремен емес, інісі Таспар қаған деген лауазыммен таққа отырды.
Таспар қаған Шатуға Нұр қаған деген атақ беріп, мұқым шығыс
жақты билетті. Өзінің інісі Нұқтан қағанның ұлын Бөрі қаған етіп
тағайындады, ол батыс тарапта тұрды. Сол кезде Таспардың қол
астында бірнеше жүз мың оқшысы бар еді. Кіндік қағанат олардан
шынымен именуші еді. Сондықтан Жоу, Чи əулеттері олармен құда-
андалық қатынасты сақтау жағында бірінен-бірі кейін қалғысы
келмей, өздерінің қазынасын сарқып бітті. Таспар бұған насаттанып,
қол астындағыларға: «Күнгейдегі екі ұлым маған адалдығынан ай-
нымаса, еш нəрседен кемдік көрмеймін» деп мақтанушы еді. Чи пат-
шалығында Хүйлин дейтін шырамана бар еді. Түріктер оны тұтқын
116
117
ретінде елдеріне алып барды. Ол Таспарға: «Чи мемлекетінің бай əрі
күшті болуы олардың будданың жолын ұстануынан», – деді. Оның
үстіне ебеп-себеп, випака сияқты адамгершілік қағидаларына саятын
діни тағылымдарды ұғындырды. Таспар оның уағызына иланды да,
самгхарама салғызды əрі Чи патшалығына елші жіберіп, «Жиңмиң»,
«Нирвана», «Хуаян» сияқты дестірлер мен «Ондық тыйымдарды» сұ-
ратты. Таспар ауыз бекітіп, тыйымдарды орындады, самгхараманы
айналып тауап етті, тіпті кейде ішкергі өлкеде тумағанына өкінді.
10 жыл елін билеген Таспар ауруы асқынып өлер шағы болғанда,
баласы Əміреге: «Туыстық жақындықта əке мен баладан артығы
болмайды деп естуші едім. Ал менің ағам жақыным деп өзінің ба-
ласына тартпай, тағын маған беріп кетті. Мен өлсем, сен Төременге
жол бер», – деді. Таспар өлген соң, орда біліктері тақты Төременге
ыңғайлады. Бірақ оның шешесінің қара тегі халықтан болғандықтан,
ел-жұрты оған мойынсал болмай, шешесінің ақсүйектен шыққанын
ескеріп, Əміреге көбірек ықылас танытты. Шату бəрінің соңынан
келіп, орда ұлықтарына: «Егер Əмірені таққа отырғызсаңдар, онда аға-
бауырларыммен бірге оған қызмет етемін. Ал егер Төременді таққа
отырғызсаңдар, онда мен өз шекарамды сақтап, қымы өткір найзаммен
оған төтеп беремін», – деді. Шату өте абыройлы əрі батыр адам еді.
Ұлықтар оған қарсы келе алмай, ақырында Əмірені таққа отырғызды.
Таққа қолы жетпеген Төремен Əміреге мойынсал болмай, əр кез оған
адам жіберіп, тіл тигізіп, қарадай соқтығып тұрды. Оны бағындыра
алмаған Əміре тақты Шатуға берді. Орда біліктілері: «Төрт қағанның
ұлдарының ішіндегі ақылдысы – осы Шату» деп, оны Ел Күлік шад
Баға Ышбара қаған деген лауазыммен таққа отырғызды. Ышбара қаған
деп те атады. Ол Түкен тауды мекендеді. Əміре мəртебесі төмендетіліп,
екінші қаған деп аталды да, Тоғла суының бойын қоныстанды. Төремен
Ышбараға барып: «Мен де өзіңдей қағанның баласымын. Екеуіміз де
əке мұрасына ие болуға хақылымыз. Ал қазір сен шексіз құрметке ие
болдың, мен ғана мəртебе ала алмадым. Бұл қалай?» – деді. Ышбара
онан қауіптеніп, оны Аба қаған етіп тағайындады. Ол (еліне) қайтып
барып қарасты қауымын биледі.
Ышбара батырлығы арқасында халқынан зор қолдау тапты. Теріскей
рейлердің барша жұрты оған бағынды. Гаузу таққа отырған соң,
Ышбараға салқын қарай бастады. Теріскей рейлер бұған ызаланды.
Дəл сол кезде Йыңжоу дуанбасы Гау Бауниң бүлік шығарды. Ышбара
оның əскерімен бірге Линюй бекінісжайын басып алды. Патша олардан
сақтану үшін шекара бекіністерін жөндеуге жəне Ұлы Қорғанды
биіктетуге жарлық шығарды əрі белді қолбасыларын Южоу, Биңжоу
дуандарына аттандырды. Ышбараның əйелі Юйуын Жаудың қызы
Мыңділда ханша елі жойылып, төркінінің оты өшкеніне қайғырып,
Сүй əулетінен қайтсем кегімді аламын деп ертелі-кеш Ышбараның
құлағына ызыңдай берді. Осылайша ол бүкіл халқын аттанысқа
шақырды да, жалпы 400 мыңдай əскерді соғыс күйіне келтірді. Соған
орай патша баған Фың Юйды Ібір көліне барып орналасуға, Лəнжоу
төбенайы Чыли Чаңчаны Линяуды қорғауға, баған Ли Чұңды Южоуға
орналасуға, Даши Жаңруды Жоупəнды қорғауға жарлық шығарды.
Бірақ бұлардың бəрі лулардан жеңілді. Осылайша Ышбараның жасағы
Мушя, Шымын бағыттарынан кіріп, У-уей, Тяншұй, Əндиң, Жиңчың,
Шаңжюн, Хұңхуа, Ян-əн аймақтарын шауып, тігерге тұяқ қалдырмай
барлық малын айдап кетті. Көктің ұлы бұған бек қапаланып мынадай
жарлық шығарды:
«Кешегі Уей əулетінің құлдыраған тұсында дүкірт пен зобалаң
толассыз кезігіп тұрды. Жоу əулеті мен Чи əулеті өзара қырқысып,
хуашялықтардың топырағын бөлшектеді. Түрік лулары осы екі мем-
лекетпен де қарым-қатынас орнатты. Жоулықтар шығыс тарапынан
алаңдап, Чи əулетінің олармен тым тату болып кетуінен қауіпсінді.
Чилықтар батыс жағындағы жауынан қауіп қылып, Жоу патшалығының
олармен қарым-қатынасының тым жиілеп кетуінен қорықты. Əр
екеуі түріктердің қалауы өз мемлекеттерінің амандығына саяды деп
есептеді. Əр екі жақтың да қастарындағы үлкен жаудан алаңы болса
да, бір жақтың шекарадағы қорғанысын азайтуды көкседі. Халқының
күш-қуатын арадағы барыс-келіске тауысты, қазынадағы бар байлығын
шөл далаға шашты. Хуашя топырағынан берекет кетіп, пəлекет басты.
Бірақ мұнымен олардың тұрлар мен бекіністерімізге бағыттаған
шапқыншылығы толастамады. Олар ұлықтарымыз бен халқымызды
қырғындамаған ай мен жыл жоқ дерлік. Бұл қылмыстар жинала келе
тіптен шектен шығып кетті. Бұл əсте бүгінгі таңда ғана болып отырған
іс емес.
Мен Тəңірдің бұйрығымен күллі халықты баласындай бағып-
қаққан жарылқаушы ретінде қарашаларымның көрген қиянатына
аяушылық істеп, бұрынғы келеңсіздіктердің тамырына балта шап-
пақпын. Халықтан салықты мол жиып, онымен жыртқыштарды жа-
рылқау да жөн емес. Бұлай істеген жақсылыққа олар рақмет айтпайды,
қайта халыққа қастығы күшейеді. Мұның өзі көк пен жердің қалауына
қайшы. Патшаның да дұрыс жолы емес. Былайғы жерде салтымызды
негізге алып, үнем тəртібін қолдану, қазынаны бет алды шашпау,
ақысыз тегін еңбек істетуді азайтып, халықтан алынатын салықты
жеңілдету, мемлекетке неғұрлым ірку керек. Сондықтан мұнан былай
қарақшыларға беріп келген заттарды қолбасшылар мен шеріктерге
бергіземін. Əрі-бері сандалған халықты тыныштандырып, егінші-
лік пен, тоқымашылықпен шұғылдандырамын. Шекараны аластап,
жеңіске жетудің межесі көңілімізде сайрап тұр. Жауыз жауларымыз
топас, нырайлар болғандықтан, біздің арғы мақсатымызды түсініп
жете алмайды. Қазіргі мына мейлінше орныққан күндерді олар əлі
де кезіндегі өзара қырқысып жататын алты бақан, ала ауыз кездерге
санайтын сияқты. Олардың кешегі өктемдігі, міне, бүгін көкірегімізде
кек болып байланып жатыр. Таяуда олар апандарынан өріп шығып,
солтүстік шекарамызға шабуыл жасап бақты. Мен оларды бір жолда
118
119
жою үшін əскерімді бөлек-бөлек орналастырып, əр жерге тосқауыл
қойып, оларды ішкергі өлкелеріміздің жеріне бойлатыңқырамақшы
болып едім. Қиыр шекаралық бекіністерде тұратын қосалқы бөлім-
деріміздің өзі-ақ оларға сілейте соққы беріп, жеткізбей желкесін қиды.
Осылайша оңтүстікке аяқ басуға үлгермей, қайта солтүстікке қашты,
сол барыста тең жартысынан астамы оққа жем болып, найзаға ілінді.
Жау жақтың атаманы бесеу. Олар – аға-бауыр, əке-көке ара бақталас.
Қайшылықтарын сыртқа өздерінше жасырмақшы болады. Ішкі жақта
берекесіз. Оның үстіне жəбіршіл қатыгез жандар. Шығыс рейлерді
құрап отырған тайпалар оларға ызалы, батыс нұмдар да көптен бері
кекті. Ал түріктердің солтүстігіндегі қытандардың бұларға тіпті арыдан
азуы басулы. Олар қалайда өздеріне тиімді сəтті күтеді. Тарду қаған
Жючюанға шабуыл жасағанда Ұдұн, Парсы, Абдал – үшеуі бірдей бір
мезгілде бүлік шығарды. Ышбара таяуда Жоупəнға шабуылдаған да
оның қол астындағы бақа, шоғырла ұлыстары да көтеріліс жасады.
Өткенде Ликей шадты корейлер мен мүркеттер тас-талқан етті. Саби
шад та Қыршы қағанның қолынан қаза тапты. Мұнан (Түрікке) көршілес
елдердің барлығының да патшалығымыздың оларды жазалауын құп-
тайтындығын байқауға болады. Олардың билігіндегі бейкүнə халық,
барша милат қайғыдан жүректері қан жылап, зұлымдықтан жандары
түршігіп, зығырданы қайнауда. Жұмыр басты, екі аяқты пенделердің
мұндай тіл бірлігі, діл бірлігі дəл менің көкейімнен шығып отыр.
Олардың жерін жұт жайлап, елін қырсық шалғалы қашан, шамасы
бір мүшел межесі болса керек. Аң-құс адамша сөйлепті, адам əулиеше
сəуе көріпті, олардың барлығы (түріктердің) мемлекеті жойылады
дейді екен де, ғайып болып кетеді екен. Əр қыста күн күркіреп, жай
түсіп өрт шығады. Барша тіршіліктің су мен шөпке сүйенетіндігі
мəлім. Ал былтыр жыл он екі ай бойына олардың жерінде тырс етіп
ылғал тамбады. Шегіртке қаптап, шөп күйіп кетті де, жұттан жəне
індеттен мал-жанының тең жартысы қырылды. Көне мекендері тулақ
сүйрегендей тақырға айналды. Сосын Дешті құмның күнгейіне
көшіп барып, біраз уақыт жан сауғалады. Оларды Тəңір қарғаған.
Ажал құрығы олардың қыл мойнына ілінді. Қазір Тəңір тілеуімізді
беріп отырған ең орайлы сəт. Сондықтан қолбасшыны таңдап, əс-
керді машықтандырып, азық-түлік, қару-жарақты мол дайындап,
жауынгерлерімізді жігерлендіріп, батырларымыздың кегін тасытып,
оларды жаудың күлік хандарының басын алып, тəңірқұттарының
жонынан таспа тілетін шабытқа келтіруіміз керек. Бұлар торлаған
бұлттай тұтаса жөңкілсін, сандарына сан жетпесін. Шығыста теле-
гей теңізге, батыста Құмды шөлге дейін жеңімпаз армиямызды
аттандырып, көлденеңді 10 мыңдаған ли келетін аумақ бойынша
оларды жердің түбіне дейін сиырып тастау лағзым. Бұл – бейне, Уаң
Хүй айтқандай, іріңді жараға садақ тартқандай етсек, қандай жау
кедергі болады, алыстағы қандай елдер бағынбайды десейші.
Бірақ патшалардың ескі ізі Юдуға ғана барып тіреледі. Онан
арғы қағыр даланың бізге қажеті шамалы. Жерін алсаң – мекендеуге
болмайды. Халқын алсаң – бəрі-бəрін өлтіруге дəтің шыдамайды.
Мүмкіндігінше шығынсыз соғыс салып, теріскейдегі теңізден бергі
қиыр аймақты қарата алсақ та жарар еді. Қолбасшыларымыздың
бұдан кейінгі əрекеті əділеттілікпен, тəрбиелік мəнмен жүргізіліп,
бағынғандары болса – қабылданады, қарсы келгендері болса – табан
астында көзі жойылады. Бөтен жер, бөгде салт демей, бізді қолда-
ғандардың бұрынғы өз салтында қалуына жол беріледі. Шекараны
мейлінше кеңейтіп, бекіністерді қатаң басқарып, оларды оңтүстікке
көз салуға батылын барғызбай, тегеурінді жазамыздан мəңгі айбы-
натын ету қажет. Осылайша шекарадағы тұрлардың отын өшіріп,
соғыс дабылын тоқтатуға мүмкіндік туады. Осылай істегенде уа-
қытша бейнет тартқанымызбен, түбегейлі рахатқа қолымыз жетеді.
Рейлер мен тиектерді тежеудің жолы – осы ғой. Сонда олардың өз
ұлдарын сарайға ақ үйлі аманатқа беруінің, Уейчяу көпірінде тағзым
салтын жасап əуреленуінің қажеті қалмайды. Осы жарлығымды елге
жариялаңдар, халқым менің ойымды білсін».
Осыдан кейін Хыжян ханы Яң Хұң, баған Ду Лужи, Доу Рұңдиң, сол
қол атарман Гау Жюң, оң қол атарман Юй Чиңзы – бəрі бас қолбасшы
болып тағайындалып, əрқайсысы өз əскерімен Ұлы Қорғаннан шығып,
түріктерге лап қойды. Бұларға Ышбара екі қағанын – Аба жəне Тамған
қағандарын бастап қарсы тұрды. Бірақ жеңіліп кері қашты. Осы кезде
олардың арасында аштық басталып, астық орнына сүйек талқанын
ішті. Оның үстіне індет таралып, көп адамы сонан қырылды.
Ышбара батырлығы мен қырбаттығы үшін Абаны қызғанышпен
жек көрді. Сол себепті бұрынырақ қайтып, оның ел-жұртын тұтқиыл-
дан шауып,тас-талқанын шығарды да, анасын өлтірді. Қайтып оралған
Аба өзіне тұрақ таба алмай, батыстағы Тарду қағанды паналады. Тарду
есімі бойынша Темкіт, (əкесі жағынан) Ышбараның немере ағасы
болып келуші еді. Ол бұрын батыс тараптың қағаны болатын. Ол бұл
іске қатты ашуланып, Абаға əскер беріп, оны шығысқа аттандырды.
Абаға бұрынғы өз ұлысынан 100 мыңдай атты əскер келіп қосылды.
Осылайша бұлар Ышбарамен арадағы соғысты бастап жіберді. Мұнан
тыс, Тамған қаған бұрыннан Абамен тату еді. Ышбара оның ұлысын
тартып алып, лауазымын жойғанда, ол да Тарду қағанға қашып
барды. Ышбараның немере інісі Тегін шад жеке ұлысты басқаратын.
Ол да Ышбарамен араздасып, өз ел-жұртымен Абаға барып қосылды.
Осылайша тараптар арасында соғыс толассыз жүріп жатты. Екі тарап
та сарайға елші жіберіп бітім жəне көмек сұраумен болды. Патша
олардың əр екі тарапының да тілегін қабыл алмады.
Осы кезде Мыңділда ханша патшаға датнама жолдап, өзін баласы
ретінде қабылдауға өтініш білдірді. Гаузу патша Ышбараға ордагер
Шюй Пиңхыны елші етіп жіберді. Осы кезде əскерімен Биңжоуда
тұрған Жин ханы Яң Гуаң (түріктердің) берекесіз кезін пайдаланып
қалуды ұсыныс етті. Патша оның бұл ұсынысын қабылдамай тастады.
120
121
Ышбараның елшісі əкелген датнамада былай делінген: «Ұлу жылының
оныншы қыркүйегінде Тəңірден болмыш Ұлы Түрік əлемінің данасы
мен ардақтысы Көктің ұлы Ел Күлік шад Баға Ышбара қаған Ұлы
Сүй патшасына хат жолдайды. Елшіңіз ордагер Шюй Пиңхы бізге
келді. Оның айтқандарын естідім. Екі бөтен ел болсақ та, туыстық
ұғым, кісілік сезім барша адамға ортақ. Арамыздағы қазіргі қат-қабат
жегжаттық қатынас ұрпақтан-ұрпаққа, мың-мың жылдарға жалғаса
бермек. Осы əзірден бастап менің мемлекетімдегі қой мен жылқының
бəрі – патшаның малы, ал сіздердің торғын-торқаларыңыз біздің осы
аранікі болсын. Арамызда айырма болмайды». Гаузу патша оған
мынадай жауап хат жазды:
«Ұлы Сүй патшалығындағы Көктің ұлы ұлағатты Түріктің Ел
Күлік шад Баға Ышбара қағанына хат жолдайды. Хатыңнан бізге
деген зор ықылас ниетіңді аңғардым. Ышбараның əйелінің əкесі
болғаным үшін, оның өзін де ұлым деп есептеймін. Сондықтан ежелгі
туыстығымызды ескеріп, əдеттегі елшінің үстіне мəртебелі ұлығым
Юй Чиңзыны онда қызымды көруге əрі Ышбарамен дидарласып келуге
жіберіп отырмын». Ышбара əскерін қатарға тұрғызып, асыл заттарын
тізіп, (Юй) Чиңзыны отырып қабылдады. Сырқаттығы себепті орны-
нан тұра алмайтынығын айтты, оның үстіне «Əкем мен көкемнен
бермен ешкімге тізе бүгіп көрмегем» деп қоса ескертті. Юй Чиңзы оны
күстаналап, жөн-жосықты түсіндіруге тырысып еді. Мыңділда ханша
Юй Чиңзыға: «Қаған қасқыр кібі, көп талассаңыз талап тастайды», –
деп сыбырлады. Жаңсүн Шың насихаттап иландырғаннан кейін Шату
жарлықнаманы жерге бас қойып қабылдап төбесіне көтерді. Сонан
өзі едəуір ыңғайсызданды. Оның маңындағы дүбірлері бір араға
ұйлығысып дауыс шығара жылап жіберді. Юй Чиңзы оған тағы да
«чын» деп айтуды бұйырды. Ышбара маңындағы дүбірлерінен «чын»
деген сөз не мағынаны білдіреді деп сұрады. Олар «Сүй патшалығына
чын болу деген сөз біздегі құл болу дегенмен бірдей» деп жауап берді.
Ышбара: «Ұлы Сүйдің көк ұлына Юй атарманның арқасында ғана
құл бола алдым», – деді. Сонан Юй Чиңзыға 1000 жылқы сыйлады əрі
өзінің немере қарындасын қосты.
Бұл кезде Ышбараны бір жағынан Тарду қыспаққа алса, екінші
жағынан оған қытандар қауіп төндірді. Сондықтан ол арнайы елші
жіберіп, өз жағдайының күрт қиындап кеткенін патшаға хабарлап,
қарауындағы елдің Дешті құмның күнгейіне табан аударып,
Ақбелдеу аңғарына барып уақытша қоныстануына рұқсат сұрады.
Рұқсат етілгені жөнінде жарлық шықты. Жин ханы (Яң) Гуаң
əскерін бастап оған көмек берді. Оларды азық-түлік, киім-кешекпен
қамдады, күйме, дабыл жəне сырнай сыйлады. Бұдан кейін Ышбара
батысқа жорық жасады, Абаны күйрете жеңіп, оның өзін тұтқынға
алды. Осының арасында Абар елінің адамдары Ышбараның ордасы
иен қалған орайда, оның бүкіл үй ішін тұтқынға түсірді. Шахналық
қосын Абарларды талқандап, соғыс олжасын түгелімен Ышбараға
сыйлады. Бұған Ышбараның бөркі қара қазандай болды. Осылайша
келісім шартта Шөлді шекара деп белгіледі. Ол өзінің датнамасында
былай деді:
«Ұлы Түрік Ел Күлік шад Ышбара Баға қаған боданыңыз Шату дат
айтады: бас елші, санаттың оң қол атарманы Юй Чиңзы бізге келді.
Жарлықнамаңызды табыс етіп, шарапатты пəрменіңізді жеткізді. Ұлы
ағзамның шапағаты мен инабатының уақыт өткен сайын айқындала
түскенін ой көзімен аңғарып отырмын. Бар жақсылығыңызды
көңілмен біле тұра, оны толық ақтай алмай жатырмын. Жүгіне ой
жүгіртсем, Ұлы Сүй патшалығы төңіректің төрт бұрышын иеленіпті,
мұның өзі аспанда Тəңірдің қалауына, жерде халықтың тілегіне
сайма-сай келеді. Қазір аспан асты мен жер үстіндегі, көкте жеті
жарық нұрландырған ұлан-байтақ өңірдегі елдердің билеушілерінің
өз балаларын ақ үйлі аманатқа бермеген бірде-бірі жоқ, барлығы сізге
бағын болып, қайырыла сарайыңызға бетін беруде. Тақсыр, сіздің
түмен ықылымнан бергі бірінші əулие затты ағзам екеніңізді, 1000
жылдықтар мүмкіндігіне ғана саятын, əлмисақтан бері көз көріп,
құлақ естімеген аса дарқан заманымызда жасап отырғанымызды
əбден тұшындым.
Тəңірдің қалауымен Түрік қағанат құрғалы, міне, 50 шақты
жыл болды. Сонан бері шөл далада қиыр қонып, шет жайлап қаған
атанып келеміз, иелегіміз түмен ли жерді алып жатыр. Мал-жанымыз
құлты (100 миллион) бойынша есептелінеді. Барша нұм-рейлерді
тегеурінмен бағындырып, Хуашямен үзеңгі қағыстырып келеміз. Нұм-
рейлерде бізден құдіретті ел болған емес. Жуырдағы жылдары ауа
райы жайлы, жауын-шашын мезгіл ретіне лайықты болып келгеніне
қарап, мұны қалайда Кіндік қағанаттан əулие затты ағзамның
шығу нышаны болар деп жорып едім. Енді, міне, шарапатыңыздың
кəусарынан жанымыз сусындап, мейірлі саясаттарыңыз ділімізді
бағындырып, салиқалы салттарыңыз сарайдан жалпақ жұртқа дейін
игі əсерін тигізуде. Меніңше, аспанға екі күннің жараспайтыны
сияқты, жер бетінде де екі ең жоғары билеуші болмауға тиіс. Мен,
Ұлы Сүйдың патшасы, өзіңізге нағыз патша деп табынам. Ендеше, жер
қиындығын пайдаланып, жасақ құрап қағанмын деп құжырлануыма
қайтіп болады? Қазір қауғана салиқалы салттарыңыз менің көңілімді
біржола əділеттің ақ жолына ынтықтырды. Дана патша өзіңізге тағзым
етіп бас ием, мəңгі боданыңыз болуға пейілмін. Құзырыңызға қол
тапсырып барып қайтуға жер арқасы қиян шалғайда жүрмін. Солай
да əрменелік салттан айнымай, ақ үйлі аманатқа ұлымды жіберуді
өзіме парыз санадым.
Əр жылы көпшір ретінде сəйгүліктер жіберіп тұрамын. Ертелі-
кеш құлдық ұрып, əміріңізді екі етпеуге тырысамын. Ал ескіден келе
жатқан əдетімізге байланысты киім кию, бұрым қою салттарымыз
бен əн-əуендерімізді өзгерте алмадық. Қазір бір топ ел боп көңіліміз
тоғысып отыр. Енді өзгертпесек, рақметімізді білдірмесек жөн болмас.
122
123
Рұқсатыңызды ала алсақ, қуанышымызда шек болмас еді. Жетінші
балам Құтғымчынды жəне басқаларды датнамамды табыс етуге
жібердім, хабарлы болғайсыз». Осыған орай Гаузу патша былай деп
жарлық шығарды: «Ышбараның Дешті құмның солтүстігін билегеніне
талай жылдың жүзі болды. Барша жат қауымдар ішінде бұлардан
мықтылар болған емес. Бұрын арамызда келісім жасалмағанымен, екі
ел болып келгенбіз. Енді біріміз – билеуші, біріміз – боданбыз. Демек,
бір тұлғаға біріктік. Олардың датнамасында білдірілген ықылас-пейіл-
деріне ризамын. Мен көктегі Тəңірдің рақым-шапағатымен сыртқы
аймақтарды бағындырдым. Бұл қалай ғана менің шарапатым болсын.
Жауапты басқармаларға осы іс бойынша көк тəңірі мен жер тəңіріне
жəне ата-бабаларға арнап тасаттық беруін орналастырып, бүкіл ха-
лыққа салтанат ретінде жариялауын бұйырамын». Осыдан бастап
былайғы уақытта айырмашылық болу үшін жарлықнама мен іске
қатысты жауаптарда Ышбараның аты аталмайтын болды да, оның
Жоу əулетінен шыққан қатұн мəртебелі жұбайы Мыңділда ханшаға
Яң науғысы лайықталып, есімі патша жұрағаттары тіркелген кітапқа
енгізілді əрі Көшелі ханша деген атақ берілді. Патша Құтғымчынға
баған деген лауазым жəне Əн ел-сұлтаны деген атақ берген үстіне
гарем сарайда кең мол дастарқан жайып патшайыммен таныстырды
жəне мол тарту-таралғы тартты. Мұндай ықыласқа мейлінше риза
болған Ышбара былайғы жерде сарайға тіпті үзбей тарту-таралғы
жіберіп тұратын болды.
7 жылы (587) басқы айда Ышбара өзінің ұлын тарту-таралғымен
сарайға жіберіп, Хыңжоу, Дəйжоу дуандарының жерінде аң аулауға
рұқсат сұрады. Патша бұған рұқсат етіп, Ышбараға сый-сыбаға
ретінде шарап жəне ет тағамдарын апаруға елшілерін аттандырды.
Ышбара патша сыйлығын бүкіл ұлысымен тағы да тағзым жасап
қабыл алды. Ышбара бір күнде тек өзі ғана 18 бұғы атып, олардың
құйыршығы мен тілін кесіп алып, сарайға жөнелтті. Қайтар жолда
ол Қызылсу бекінісіне соқты. Осы арада оның шатыры өртеніп кетті.
Мұны Ышбара жамандыққа жорыды. Содан бір айдан аса уақыт өте
қайтыс болды. Осы қазаға байланысты патша сарай зияратын үш
күнге тоқтатты. Аза жұмысын басқаруға жөрелгі уəзірді жіберді əрі
бата оқырға 5000 топ торғын бергізді.
Алғашқыда Шату өзінің баласы Оңғылдың мінезін тым бобадам
деп ұнатпай, орнына өзінің інісі ябғұ Чориғаны таққа отырғызуға
бұйыратынын өсиет қып айтты. Сол сөз бойынша Оңғыл Чориғаны
адам жіберіп шақыртып, таққа отырғызатын болды. Чориға: «Біздің
түрікте Мұқан қағаннан бері аға өлсе – іні мұрагер болып келеді.
Бəйбішенің баласы отыратын тақты тоқалдың баласы тартып алу
ата-баба заңына қайшы. Мұндайда ілтипат та, инабат та болмай
қалады. Таққа сіз отыруға лайықсыз, мен қашан да қасыңыздан
табыламын», – деп сəлем айтты. Оңғыл Чориғаға тағы адам жіберіп
былай деді: «Көкем мен əкем бір тамырдан нəр алған бір теректің
екі
бұтағы, мен сол бұтақтың жапырағымын. Ендеше, менің жапырақ
бұтақтан бұрын болды, ата тұрғыласқа əмір өткіземін дейтін жөнім
жоқ. Оның үстіне бұл əкейдің өсиеті. Оны өзгерту менің қолымнан
қалай келеді? Сондықтан көкемнің бұл ретте күдікке берілмеуін
сұраймын», – деді. Осылайша бес-алты рет жауаптасқан соң Чориға
таққа отырып, Ябғұ қаған атанды. Оңғыл ябғұ болды. Чориға елші
жіберіп, жағдайды сарайға хабарлады. Патша оған дабыл, сырнай
жəне байрақ сыйлады.
Чориға ат жақты, дөң жауырын, өткір жанарлы, ержүрек, ойсаулы
кісі еді. Ол Сүй əулетінен байрақ пен дабыл алған соң, Абаға жорық
жасап батысқа шеру тартты. Жау жақ бұларды Сүй патшалығынан
көмек алды деп ойлап, көпшілігі берілді. Аба тұтқынға алынды.
Абаны өлтіру керек пе əлде өлтірмеу керек пе деген мəселе жайында
патшаға датнама жолданды. Патша оны өз ұлықтарының қарауына
берді. Сол қол атарман Гау Жюң: «Туысқандардың бірін-бірі өлтіруі
– мағрипатқа тəрбиелеу жосынына қайшы аса зиянды əрекет. Оны
тірі қою арқылы (патшамның) шапағатын əйгілейік», – деді. Патша
«Рауа!» деп қабыл алды. Шарап тостағаннан көтерген Гау Жюң
патшаға жақындап келіп: «Шюанюан заманынан бері хұнүктер
талай рет шекарамыздың берекесін алып еді. Қазір олардың бəрі
сонау Солтүстік теңізге дейін боданымызға айналды. Заманнан
заман мұндай дарқандықты естіген емеспіз. Сондықтан тағы бір рет
тағзым етіп, ұлы патшам, денсаулығыңыз үшін ішіп қоюға рұқсат
етіңіз!» – деді.
Осыдан кейін Чориға тағы да батысқа жорық жасады да, сонда
қаңғырған оқ тиіп өлді. Халқы Оңғылды Хыргас Дана Толұм қаған
деген лауазыммен таққа отырғызды. Оңғыл сарайға елші жіберіп,
сыйлыққа 3000 топ кездеме алды. Сонан соң сарайға жыл сайын
елші аттандырып көпшір төлеп тұрды. Осы кезде Яң Чин деген бір
кезбе осы Түрік еліне келіп, Пың ел-сұлтаны Лю Чаң мен Юйуын
əулеті ымыраласып көтеріліс жасағалы жатыр деген қауесет жайып,
Көшелі ханшаға шекараға шабуылдау туралы тілек білдірді. Толұм Яң
Чинды тұтқындап, бұл істі сарайға дереу мəлімдеді əрі бобу, шылым
желім тарту етті. Оның інісі Кеми шадтың ұлысы бұл тұста өте күшті
еді. Толұм күншілдік істеп, шабуыл жасады да, соғыста оның басын
алды. Сол жылы ол емелдес інісі Нұқтан тегінді сарайға жіберіп,
патшаға Ұдұнның қастасы (нефрит) асасын сыйлады. Сыйға – сый
ретінде патша оны баған əрі Каң ел-сұлтаны етті. Келесі жылы Түрік
ұлыстарының билеушілері бірінен соң бірі елші аттандырып, сарайға
көпшір ретінде 10 мың жылқы, 20 мың қой, 500 түйе, 500 сиыр
өткізді. Осының артынан олар шекарада Кіндік қағанатпен айырбас
сауда жасау үшін базар ашуын сұрады. Патша мұны мақұлдады.
Чын əулетін бағындырғаннан кейін патша Чын Шубаудың
көсегесін Көшелі ханшаға тарту етті. Бұл істен нəумез ханша көсегеге
арнау өлең жазып, көңіл қаяуын былай бейнеледі:
124
125
«Құлдырайды əркім-ақ дəуірлеу жоқ бір ыңғай,
Баяны жоқ бағыдан шыр айналған дүние-ай.
Салтанатты сəттерің сақталмайды санассаң,
Шалқып жатқан жан едік біз де арнаға бір сыймай.
Дарқаңдығың қайда деп қарадан қарап налимын,
Мөлдіреген шараптан сананың сызын танимын.
Тамылжыған сазды əуен селт еткізбес жанымды,
Марғауланып өмірге өңімде ылғи қалғимын.
Беу, күндерім кешегі, ханның қызы аталған,
Далалықтың үйінде түрім мынау маталған.
Бар медетім жалғыз-ақ мен емеспін пəниде,
Жаужюн ханша күйіне елітіп қайғы қата алған».
Бұл өлеңді естіген патша оны жақтырмай, ханшаға берілетін
сыйлықтың мөлшерін азайтты. Ханша Батыс түріктің Нири қаға-
нымен бірікті. Ханша бұлғақ бастар деген қауіппен патша оны
өлтіруді ұйғарды. Дəл осы кезде ханшаның өзінің қол астындағы
бір хумен көңілдес болғаны жария болып қалды да, патша жарлық
шығарып, оның ханшалық мəртебесін қуатсыз етті. Бірақ бұған Толұм
нарау болар деп қауіптенген патша оның көңілін аулау үшін төрт наз
наушаны қосып, Чижиң сұлтаны Ню Хұңды оған елші етіп жіберді.
Бұл кезде Төле қаған атанған Ышбараның ұлы Намған солтүстікте ел-
жұртымен тұрушы еді. Ол сарайға елші жіберіп, өзіне патшалықтан
қыз айттыруды талап етті. Патша Пей Жюй деген адамды жіберіп,
оған «Егер Көшелі ханшаны өлтіре алса, онда патшалықтың қызын
айттыруына рұқсат» деп сəлем айтты. Төле қаған бұл шартты қабыл
алып, ханшаның үстіне өсек таратты. Мұны естіп ашуланған Толұм
қаған Көшелі ханшаны шатырының ішінде өлтірді. Толұм мен Тарду
қаған араздаса келе өзара бірнеше рет шайқасып та қалды. Ақырында
патша екеуін қайта табыстырды да, əрқайсысы өз əскерлерін кері
қайтарып алып кетті.
17 жылы (597) Төле қаған қалыңдығын қабылдау үшін елшісін
жіберді. Патша оны Жөрелгі мекемесіне тапсырып (патшалықтан
қыз алудың) алты жосыны бойынша жатықтырды. Содан кейін өз
əулетінің бір қызын Салиқалы ханша деген атпен ұзатты. Патша
солтүстіктегі нұмдардың арасына іріткі салу мақсатында сыйлықты
əдейі мол беріп, Ню Хұң, Су Уей, Хулюй Шяучиндерді бірінен соң
бірін (Төле қағанға) елші етіп жіберді. Түріктер де сарайға қол тап-
сыруға ілгерінді-кейінді 370 адамды елші етіп жіберді. Төле қаған
бұрын солтүстік жақта тұратын, ханшаға үйленген соң оңтүстікке
қоныс аударып, ескі Түкен бекініс жайына келіп орналасты. Сарай
тараптан сыйлық құйылып тұрды. Бұған Оңғыл: «Мен тай қаған
бола тұра Намған құрам болмағаным ба» деп бұлқан-талқан болды.
Осыдан кейін ол сарайға тарту-таралғы жіберуді доғарып, шекараны
жиі мазалай бастады. 18 жылы патша жарлық шығарып, Шу ханы (Яң)
Шюға оларға шабуылдау үшін Лиңжоудан аттануды бұйырды. Келесі
жылы тағы да осы мақсатпен Хəн ханы Яң Ляңды бас сардар етіп
тағайындады. Сол қол атарман Гау Жюң бастаған сеңүн Уаң Ча жəне
аға баған Жау Жұңчиндер өз əскерімен Шожоудан, оң қол атарман Яң
Су бастаған Ли Чы жəне Хəн Сыңшоулар өз əскерімен Лиңжоудан,
аға баған Яң Рұң өз əскерімен Южоудан шығып, оларға шабуыл
жасады. Оңғыл жəне Темкіт тізе қоса отырып Намғанға шабуылдады
да, оның аға-бауырларын, балаларын, немере інілерін түгел қырып
тастады. Сонан кейін Сарыөзеннен өтіп Уейжоуға кірді. Намған бес
салт атты серігі жəне Сүй патшалығының елшісі Жаңсүн Шыңмен
түнделетіп сарайға ат басын тіреді. Патша Намғанға Оңғылдың елшісі
Енту тегінмен дауға түсуді бұйырды. Намғанның сөзі дəлелді болды
да, патша Намғанды қамқорлығында ұстады. Оңғылдың інісі Түселі
бала-шағасын тастап, Төле қағанмен бірге сарайға кірімтал болды.
Оны өзінің қолында ұстау үшін қасақана біраз бағалы бұйымдарды
оған ұтқызды.
Маусымда Гау Жюң, Яң Сулар Темкітке шабуылдап, оны ойсырата
жеңді. Намғанға Елтынды Қымын қаған деген атақ берілді. Бұл
қытайша «ижыжян» (ақылды да ержүрек) деген мағынаны береді.
Қымын датнама жазып патшаның қамқорлығына алғыс айтты. Ол
былай деді: «Пақырыңыз мен өзіңіздің шапағатыңыздың арқасында
таққа отырдым. Лауазымым да көтерілді. Өткен күнгі азғындықтың
бəрі нен арылдым. Қай жұмысқа болса да құрметпен қараймын. Заңға
қайшылық жасауға ендігəрі батылым бармайды». Патша оның келіп
қоныстануына арнап Шожоу дуанында Дали қаласын салғызды.
Осы кезде Салиқалы ханша қайтыс болды да, өз əулетінің тағы бір
қызын Мерейлі ханша деген атпен Намғанға қосты. Сонан ұлысының
адамдары оған көптеп қайтып келе бастады. Оңғыл оған тағы да
шабуыл жасады. Осыған байланысты патша Намғанға шекарасының
ішіне кіріп тұруға рұқсат етті. Оңғыл шапқыншылығын тоқтатпады.
Сондықтан Қымынға Сарыөзеннің оңтүстігіне қоныс аударып,
Шяжоу, Шыңжоу дуандарының аралығына келіп орналасуға да ерік
берілді. Бірнеше жүз ли жерге созылған ор қазу үшін жұмысшылар
жіберілді. Осылайша Сарыөзенге дейінгі шығыстан батысқа қарайғы
кең алқап Қымынның мал өрісіне айналды. Толұмға шабуыл жасау
үшін Юе ел-сұлтаны Лиңжоудан, жорық төбенай Хəн Сыңжоудан,
Тəйпиң сұлтаны Шы Уəнсүй Янжоудан, тайсеңүн Яу Бян Хыжоудан
аттандырылды.
Қосын шекара шенінен шықпай, Толұмды өзінің қол астындағылар
өлтірді де, Тарду өзін Бөке қаған деп жариялады. Олардың елі əбден
былықты. Соған байланысты Тəйпиң сұлтаны Шы Уəнсүй оларға
Шожоудан шабуылдауға жіберілді. Бұлар Тардумен Дажин тауында
кездесті. Бірақ лулар соғыспай тайып тұрды. Соңынан қуа соққан
бөлім олардың екі мыңдай адамын шығындады. Жин ханы Яң Гуаң
Лиңжоудан аттанғанда Тарду тіпті шығандап қашты. Ұзамай Тарду
өзінің інісінің ұлы Елтеберді Қымынға шөлдің шығысынан соққы
беру үшін жіберді. Патша Қымынға маңызды қатынас жолдарын ұстай
126
127
тұруы үшін қол ұшын беріп əскер жіберді. Сонан Елтебер амалсыз
шегініп, шөлге қайта кірді. Қымын осыған орай патшаға: «Ұлы Сүй
əулетінің əулие затты ағзамы Бағуар қаған халыққа бүкіл жер бетін
көмкерген аспандай, барлық ауырлықты көтерген қара жердей қамқор
бола білді. Барлық ұлыстар айбатыңыздан именіп, шапағатыңызға
алғыс айтып шын жүрегімен берілді. Əулие затты қаған деп бүкіл
ұлысымызбен қолтығыңызға кіріп отырмыз. Кейбіріміз Ұлы Қор-
ғанның күнгейіне көшіп бардық, кейбіріміз Ақбелдеу шеніне қоныс-
тандық. Басымыз өсіп, малымыз мыңғырып келеді. Ал мен, Намған,
қуарып қалған ағаш едім, бүршік жарып қайта көктедім, семіп
қалған сүйек едім, қайта жанданып ет пен терім жетілді. Сондықтан
ұрпақтан-ұрпаққа Ұлы Сүй əулетінің қойы мен жылқысына мəңгі
бас-көз боламын» деп алғыс айтты.
Рыншоудың 1 жылы (601) Дəйжоудың төбенайы Хəн Хұң Хың-əн
деген жерде лулардан жеңілді де, мансабынан алынып, жай бұқара
болды. Патша Яң Суға Юнжоу бағытының жорық сардары ретінде
Қымынды бастап солтүстікке жорық жасауды бұйырды. Сол тұста
Қымынға таяуда ғана берілген Қоқсыр сияқты арыстар қайта жалт
берді. Яң Су Сарыөзеннің солтүстік бетіне келіп жайғасты. Осы кезде
түріктен Емселік іркін деген адамдар Сарыөзеннің оңтүстігіне өтіп,
Қымынның ер-əйел болып алты мыңдай адамын тұтқындап, 200
мыңдай малын барымталап кетті. Яң Су аға тайсеңүн Ляң Момен
бірге оны қуып, алпыс лидей жерді айнала ұрыс салып, іркінді
күйрете жеңіп, адамы мен малын Қымынның өзіне тартып алып берді.
Яң Су əскер беріп аттандырған баған Жаң Диңхы, қолаға тайсеңүн
Лю Шың басқа жолмен барып, тұтқиыл шабуыл жасады да, оларды
ауыр шығындап, көп олжамен кері қайтты. Қосын Сарыөзеннен өткен
орайда қарақшылар Қымының ұлысын қайта шапты. Алайда Яң Су
шығауыл Фəн Гүйды ертіп, Құрқыт аңғарының оңтүстік-шығысында
оларды тосқауылдап, тағы талқандады. Сонан 80 лидей жерге дейін
қуа соққылады. Осы жылы Нири қаған мен Ябғұ телектерден жеңіліс
тапты. Ұзамай Бөке лердің де берекесі қашты. Қай, Сеп сияқты
бес ұлыс ішкергі жаққа ауды. Бөкенің өзі тұйғұндарға барып бас
сауғалады. Оның халқын өз қарауына қосып алған Қымын нағыз
билеуші ретінде тарту-таралғымен сарайға елші аттандырды.
Да-йеның 3 жылы (607) сəуірде Яңды патша Юйлинге келді. Қымын
мен Мейірлі ханша патшаның уақытша сарайына келіп оған амандасты.
Ілгерінді-кейінді 3000 жылқы сыйға тартты. Бұған айрықша риза бол-
ған патша оларға 12 мың топ торғын-торқа бергізді. Қымын мынадай
датнама тапсырды: «Марқұм болған əулие затты патша Бағуар қаған
көзі тірісінде мені мейіріміне бөлеп, Салиқалы ханшаны маған қосты.
Мені еш нəрседен тарықтырмады. Əулие затты ағзам бүкіл əулетіме де
сондай қайырымдылық жасап, қамқор болды. Сол кезде менің барар
тау, басар жерім қалмады, басымды көтерсем – аспан, тұқырсам жер
ғана көрінді. Əулие затты ағзамның «Жан сауғаласаң – панаңмың»
деген бір ауыз сөзі əлі есімнен шықпайды. Əулие затты ағзам мені көріп
аяп, үлкен шапағат етті, жанымды алып қалды, сонан бұрынғыдан да
күшейе түстім. Мені тай қаған етіп таққа отырғызды. Түріктердің
өлгендерінен басқасы түгел менің төңірегіме топтасып, бұқарам
болды. Шектен тыс құдірет иесі Сіз де, əулие затты сол ағзамдай,
сегіз қиыр шар тарапты билігіңізде ұстап, мені жəне Түрік халқын
асырап отырсыз. Шынында да ештемеден шолпы тартып отырған
жоқпыз. Шексіз мəртебелі тақсырдың маған тағы да қайырымдылық
етіп, ұлы патшалықтың барша жосыны бойынша киім-салым, шаш
қою, заң-ереже сияқты істердің бəрінде хуашялықтармен ұқсас болуға
мүмкіндік беруіңізді жалына өтінемін». Патша олардың бұл өтінішін
қол астындағылардың қарауына берді. Абыздар мен уəзірлер келісім
беруге болады деп шешті. Бірақ патша былай істеуге болмайды деп
мынадай жарлық шығарды: «Қағанат құрған патша бабаларымыздан
бері рейлер мен хуашялықтардың салты екі басқа болып келді. Дег-
дарлар басқаларды тəрбиелегенде олардан əдет-ғұрпын өзгертуді
талап етпейді. Халықтар өз таби ғатына қарай бірі шашын қияды,
бірі денесіне өрнек салады, бірі үстіне киізден паналдырық кисе, бірі
шөптен лыпа жамылады. Олар өздерінің таңдаған салтын малдана
берсін. Мұндай жағдайда дұрыс жетелеудің өзі əділеттің өрге
басуына мүмкіндік береді. Тəрбиелейміз деп етегін кесіп, ұзын бау
таққызудың қажеті не, осының өзі кісілік дейтін жөншілікке жанаса
ма? Өз аясында алуандықа орын беретін керқана кегеншіктің де тəсілі
емес қой. Киім-салымның түрліше болуы ежелгі тарихи деректерде
ұлықтарды бір-бірінен айырудың айқын белгісі деп жазылған, ол
он сегіз мың ғаламды аясына сыйғызған əлем ұлағатының да кемел
айғағы есепті». Осыдан кейін Қымынға да жауап хат жазып: «Шөлдің
солтүстігінде əлі тыныштық орнаған жоқ. Əлі де жорық жасауымызға
тура келеді. Ізгі көңілмен шындап берілсеңдер, соның өзі – жеткілікті,
киім-кешекті өзгертудің қажеті не?» – деді.
Патша 1000 адамдық үлкен шатыр тіккізіп, Қымын қағанды 3500
атақты адамымен сонда күтті. Бұларға 200 мың топ торғын-торқа
бөліп, жіктеріне қарай сыйлықтар берді. Сосын мынадай жарлық
шығарды: «Ақылағы озат патша аялы аспан мен зүриятты жер секілді
құзыры жеткен алқапты алаламай барлығын көмкереді, ауырлығы
болса көтереді. Əлем патшасына жете қабыл қызмет атқарып, өз беделі
жəне тəлімі арқылы барша дəркерлікке көмек атайды. Сондықтан,
құй, баспаның жəрдемімен өрмелеп шығатын таудағылар болсын, құй,
кеменің көмегімен аяғы жететін телегей теңіздің шеніндегілер болсын,
сарайдың біртұтас күнтізбе есебін қабылдасын, бастарына хуашя
үлгісіндегі жыға-бөріктер киіп, бұрымдарын ағытып шаш түйсін,
сөйтіп Ұлы сүй патшалығы қарашасы бейнесінде көрінсін. Сондықтан
ежелгі дəстүрлердің бірі «Шахналық алмандар» деген кітапта бодан
елдердің салық төлеу міндеті айқын жазылған. (Деректе) Қағания
тəңірқұттың сарайға əрмене болып қол тапсырғаны, Хəн əулетінің
128
129
оған аса жоғары құрмет көрсеткені де айтылады. Түрікте Елтынды
Қымын қаған аса ойламдылық танытып, табанды түрде əрменелік
борышын талай жылдар адал атқарды. Бұрынның өзінде азғындарға
қарсы көтеріліп, жамандықтан аяғын ерте тартып, ізгілікке талпынды.
Алдымыздағы əулет оған осы адалдығы үшін ұлықтап қаған деген
лауазым берді, құдіретті жасақ құрауына, торғайдай тозған ұлысының
қайтадан ел болып бірігуіне көмек қолын созды. Жойылып шаңырағы
ортасына түскен елдің отының қайта маздауына, өмір сүрудің өзі
қиындаған өлкеден жаңа мұрагер билеушінің шығуына жағдай
жасады. Бұл əділетке қормал болғандықтың, ізгілік шапағатының кəу-
сарымен жапандағы сусаған жандарды сусындатқандықтың даусыз
айғағы. Мен де шарапатты патша ретінде бабалар ұлағатына үлкен
ізетпен қарап, ата əруағына даңқ əперу жолында патшалығымыздың
атақ-абыройын алыс аймақтарға тарату ісіне ықтияттай толғанумен
келемін. Сондықтан солтүстіктегі далалық аймақтарды көзбен көріп,
əрмене жұрттың көңілін аулауға ден қойып отырмын. Қымын қаған
патшалығымызға деген адалдығын көрсетіп сарайыма қол тапсырды,
тіпті бүкіл ұлысымен келіп құзырыма бас қойып тағзым жасады.
Оның осынау ізгі көңіліне бек ризамын. Оны құрмет тұтуымызға
əбден болады. Сондықтан Қымынның атақ-абыройын, дəрежесін
көтеру керек, соның үшін оған сыйлық ретінде күйме, мініс ат, дабыл,
сырнай жəне байрақ берілсін. Қол тапсыру салты кезінде оның аты
төте аталмасын, мəртебесі барша хан-бектерден жоғары қойылсын».
Патша Юннейға жасаған саяхаты кезінде Алтынғол өзенін өрлеп
шығысқа жүріп, солтүстікте отырған Қымынның ауылына соқты.
Қымын патша ағзамның денсаулығы үшін тост көтеріп, аса зор
құрметпен тізесін бүгіп тағзым етті. Бұған патша қатты риза болып
мынадай өлең шығарды:
«Ұлы Қорған үстінде желбіреп ту етті дүр,
Зырлап күймем көтерілді шаң үлдір.
Айқарыла қақпасы күнге қарап күмбез тұр,
Табынып ед қол қусырып Қағания,
Дөкей ханы бағына,
Бұрымдылар əкеліп ет тағамын сабыла,
Тондылар да шарабын көтереді табына.
Көк ұлы қандай Хəн əулеті кешегі,
Ие болған иен қалған тəңірқұттын тағына».
Сосын патша Қымын мен ханшаға бір-бірден алтын құмыра,
киім-кешек, жамылғы көрпе, жамбас көрпе жəне жібек кездемелер
сыйлады. Тегіннен төмендегілер де жіктеріне қарай сыйлықтар
алды.
Осының алдында Қымынның ордасына корейлерден жасырын
елші келді. Қымын шет жұртпен байланысын жасырып қалуға бат-
пай, оны сарайға алып келді. Ню Хұңға мына жарлықнаманы оларға
жариялауға бұйрық берді: «Қымын патшалығымызға баянды түрде
адал болып, шынайы ықылас танытқандықтан, оның ордасына өзім ат
басын тіредім. Келер жылы Жожюн аймағына баруға тиіспін. Қайтып
барған соң билеушілеріңе айтарсың, ол сарайымызға əлдеқашан
зиярат етіп келуге тиіс еді. Өз-өзінен қуыстанып қаймығуының
жөні жоқ. Оған да Қымынға қалай қарассам, солай қарасамын. Егер
зияратқа келмесе, онда Қымынды бастап сендердің жерлеріңе із
салатын боламын». Корей елшісі қатты састы. Осылайша Қымын
патшаны шығарып сала шекаралық бекініс шенінен өтіп, Диңшяңға
келді. Осы арада оған өз иелігіне қайту туралы нұсқау берілді.
Келесі жылы ол Шығыс астанадағы сарайға қол тапсырып, мол
сыйлықтар алды. Сол жылы ол аурудан қайтыс болды. Оның орнына
баласы Түркіт шад Шібір қаған деген лауазыммен таққа отырды. Ол
бұрынғы ханшаны өзіне қарату туралы рұқсат сұрады. Осылайша
елдің əдет-ғұрпымен санасу керектігі жөнінде жарлық шықты. 11
жылы (615) қаған Шығыс астанадағы сарайға келді. Бұл жылы патша
ыстықтан қашып Фыняң сарайына кеткен еді. Тамыз айында Шібір
өзінің жасақтарымен шабуыл жасап, патшаны Янмында қошауға
алды. Аймақтардың Янмынға қарай жаппай əскер аттандыруы
туралы жарлық шықты. Жетіт бөлімдер келгенде Шібір кері қайтып
кетті. Осыдан кейін ол сарайға көпшір жіберуін доғарды. Келесі
жылы Ма-иға тағы да шабуыл жасады. Бірақ Таң сұлтаны оларды
қайта қуып тастады.
Сүй əулетінің соңғы кезінде ел іші олқын-толқынды болды. Кіндік
қағанаттың ел-жұртынан түріктерге бағынғандар қисапсыз көп болды.
Осылайша олар мықтап күшейді, Кіндік Хуашя жерін басып алуды
көкседі. Оның үстіне бұлар Шяу патшайымды қабылдап, Диңшяңға
орналастырды. Шюе Жюй, Доу Жянды, Уаң Шычұң, Лю Ужоу,
Ляң Шыду, Ли Гүй, Гау Кəйдаулар биліктерін асыра пайдаланып,
мəртебелерін өз төтелерінен көтергенімен, Шібір қағанға кірімтал
ретінде оның билігін қабылдады. Елшілер бірінен соң бірі толассыз
қайшыласып тұрды.
Достарыңызбен бөлісу: |