Мәдениет — қоғамдық құбылыс
Адам, қоғам және мәдениет — бұл үшеуі бір-бірінен ажырағысыз, тұтас дүние. Мәдениеттің қоғамдық құбылыс ретіндегі мәні оның ешқашан жеке адамның қолымен емес, тек қоғамның күшімен жасалатынынан көрініс береді. Өйткені, кез келген адамның жетістігі оның жеке өзінің жетістігі бола алмайды.
Мысал:
Жазушы роман жазғанда өзгелердің қолымен жасалған материалдық игіліктерді (қағаз, қалам, үстел, киім, тамақ, үй, т. б.) пайдаланады, таза шығармашылық еңбегі үдерісінде де мектептен алған білімін, ата-анадан алған тәрбиесін, өмірден алған тәжірибесін, өзгелерден үйренген жазу үрдістері мен амалдарын, өмір бойы жинақтаған көркемдік құралдар мен тәсілдерді, архив материалдарын пайдаланады.
Демек, кез келген көркем туынды сол көркем туындының авторының ғана емес, қоғамның жетістігі болып табылады. Көркем туындыны қоғамдық құбылыс ретінде қарастыруымыздың бір себебі осында. Барлық жағдайда мәдениеттің дамуы мен қоғамның дамуында сәйкестік болып, олар бір-біріне тікелей ықпал етіп отырады.
Мәдени даму - қоғам дамуының мәнді бір саласы. Егер қоғамды тұтас бір дене десек, мәдениет оның бір жанды ағзасы болып шығар еді. Қоғам дамуындағы саяси, экономикалық және әлеуметтік өзгерістер мәдениеттің дамуына да тікелей әсер етіп отырады. Егер экономика қарыштап дамыса, елдің әлеуметтік жағдайы жақсы болып, саяси тұрақтылық болып тұрса, онда осының барлығы мәдениеттің дамуына да игі ықпал етеді. Мұндай жағдайда шығармашылық жұмыстармен айналысатын адамдар да өз еліндегі болып жатқан өзгерістерді көркемөнер тілімен бейнелеу мүмкіндігіне ие болады.
Адамзат тарихында мәдениеттің дамуына, білімнің, ғылымның, көркемөнердің қарыштап алға басуына игі ықпал ететін басқа да факторлардың болғандығын атап өту керек. Бұл жерде халықтың саяси белсенділігі, күрескерлік құлшынысы, төңкерістік және ұлт-азаттық идеялары, қоғамның өзінің ішіндегі саяси-экономикалық өзгерістер мен реформалар жасауға ұмтылысы мәдениеттің баға жетпес туындыларын тудыруы мүмкін. Тарихта мұндай жағдайлар да аз болмаған. Материалдық өндірістің мәдени дамумен бір-біріне сай келмейтін кездері, басқаша айтқанда, материалдық-экономикалық жағдай нашар болып тұрғанда да мәдени даму қарыштап алға басатын кездер болып тұрады. Мұндай құбылыстар жекелеген елдерде де, кейде өңірдегі топ елдерде де ұшырасуы мүмкін. Мысалы, XIX ғасырдағы Ресейде сол кездегі Еуропаның алдыңғы қатарлы елдеріменен салыстырғанда, қай жағынан болсын, әсіресе экономикасы жағынан артта қалып келе жатқан ел бола тұра, мәдени-рухани даму жағынан жоғары деңгейде ілгерушілік болған еді. Ресей мәдениет қайраткерлері көркем өнерде, соның ішінде әдебиетте теңдесі жоқ туындыларды, әлем алдында мақтана аларлықтай көркем шығармаларды дүниеге әкелді. Көркем әдебиетпен қоса классикалық музыка өнері де, ғылым да қарыштап алға басты. Бұл ғасыр Ресейдің "мәдениеттегі алтын ғасыры" деп аталды.
Достарыңызбен бөлісу: |