Пікірталас (дискуссия)
Пікірталас жанрының кең таралғандығы және танымалдығы қазіргі өмірдің стиліне және ақиқатты табу құралына айналған. Пікірталас латынша «дискуссия» зерттеу, қарау, талқылау деген мағына беретін телеэкрандағы тартымды жанр. Көрермен алдында болатын ой үрдісін, оның тууын, дамуын, мақсатқа жетуін көрсетеді. Әртүрлі пікірлердің тоғысуы телеаудиторияны қызығушылығын туғызып, интеллектуальдық қызметін арттырады, зерттеу үрдісіне жетелейді. Осыдан барып жанрдың жоғары танымдық потенциалы шығады.
Пікірталасқа құрылған бағдарламаларды дайындауда әдеби еңбек өте аз болады. Жүргізушінің алғашқы сөйлемінен бастап, адамдардың студияға пікірталасу үшін жиналғанын айтады. Пікірталас тақырыбы анкеталық сұхбатта қарастырылған талаптарға сай болуы керек. Таңдалған тақырыптың таласқа түсе алатындығы және көпшілікке қызықты, қоғамдық маңызы бар болуы шарт.
Әртүрлі көзқарасты жақтаушылар кейде әртүрлі үстелдерге отырғызылады. Жүргізуші аудиторияның өкілі, мамандар мен олар арасындағы арашашы болады. Бұл жанрға мысал ретінде «Хабар» арнасындағы «Сонымен солай дейік» бағдарламасын атауға болады. Сценарийлық жоспарға қарамастан, журналист импровизацияға дайын болу керек. Кез келген көрерменге мәселені шешуде қатыса алатын, сұрақ қоя алатын мүмкіндікті беретін студияда орнатылған телефондар пікірталас жанрының шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Пресс-конференция
Пресс-конференция – бірнеше интервьюерлердің белгілі бір саланы жақсы білетін бір, не одан да көп адамдарға сұрақ қоюы арқылы ерекшеленетін сұхбаттың түрі.
Брифинг - журналистерге айтулы оқиға туралы қысқа түсінік беріп, оның жалпы барысы туралы баяндап, талқылануға тиіс тақырыптарға тоқталып өтетін жиын. Егер тақырып жалпы халықтың қызығушылығын туғызатын болса, кез келген пресс-конференциясы бір уақытта телевизиялық бағдарламаға айналып шыға келуі әбден мүмкін.
Телевизияның талдамалы публицистикалық жанры ретінде пресс-конференцияны журналистердің өздері де өткізуі мүмкін. Мұндай телевизиялық пресс-конференциясы кейде дауға ұласып, көрермендерді еліктіре түседі. Мұндайда телеаудиторияның өзі шындықты бірлесе іздеуге қызу кірісіп кетеді. Телевизиялық пресс-конференциясына көбіне режиссуралық қысқартуларға түспейді. Кейде тікелей эфир арқылы таратылады. Бұл пресс-конференцияның да әрбір азамат сақтауға тиісті заңдылықтары болады.
Жүргізуші пресс-конференцияға қатысушыларды таныстырып, олардың аз-кем сөйлеуіне мүмкіндік туғызады. Кейде мәселе жалпыға бірдей түсінікті болған жағдайда бірден сұрақтарға жауап беруден басталады. Бірақ, сұрақ қою пресс-конференцияға төрағалық етуші адамның рұқсатымен жүзеге асады. Бұл жерде сұрақ қоюшы микрофон жеткенше шыдамдылық танытқаны дұрыс. Микрофон қолға тиген соң өзіңізді таныстырып, қай БАҚ-тан келгеніңізді айтып кеткеніңіз абзал. Сұрағыңызды жүйелі құрып, нақты, анық қоя білу де өнер. Бірнеше сұрақты бірінен соң бірін жаудыра берудің нәтижесі толымсыз жауап болмақ. Сондықтан, ой бір сұраққа сыйып тұрғаны абзал. Жауап берушімен жағаласып, жарысып сөйлеу – әдепсіздік.
Егер зал үлкен болса, сұрақты орныңыздан тұрып қойыңыз (бұл жауап беріп отырған адамның және камераға түсіріп жүрген оператордың сізді тез тауып алуына көмектеседі). Сіз жауап берушінің сөзін дұрыс тыңдамай немесе оның айтқандарын қасыңыздағы әріптесіңізге қабаттаса түсіндіріп тұрсаңыз, не отырған қонақтарға басқа да жағымсыз қылықтарыңызбен әдепсіздік көрсетсеңіз бұл ісіңіз жайсыз атмосфера қалыптастырады. Оның үстіне сіз бұл кезде камераның «қарауылында» тұрасыз.
Пресс-конференциялар (міндетті түрде) жалпы халықтың қызығушылығын туғызатын маңызды мәселелерге арналады. Пресс-конференция экономикалық, саяси, ғылыми мәселелерді терең қаузауға, жан-жақты талдауға құрылады.
Сырттай қарағанда журналистің пресс-конференцияға қатысуы қарапайым жұмыс. Ол отырады, тыңдайды, сұрақ қояды. Бірақ бұл телевидениедегі оңай жанр деп түсінуге болмайды. Себебі, журналист камера үлкен планда еркін ала алатындай қашықтықта отыруы керек. Еш нәрсені қалт жібермей мұқият тыңдау керек. Дұрыс сұрақ қою – бұл кез-келген адамға бірден беріле салмайтын шеберлік.
Колонка
Колонка – қазақ журналистикасының қайта құру кезеңіңде кең таралған жанр түрі. Баспасөз тәжірибесіне ол сараптаманы берудің батыстық үлгісімен бірге келді. Газет бетіндегі колонканы жеңіл табуға болады. Колумнистердің мәтіндері (батыста колонка авторларын осылай атайды, ағылшынның «column» деген сөзінен шыққан) үнемі бір бетте және сол орында шығып тұрады, тұрақты көлемі екі жүз жолды құрайды.
Жанрлық жағынан колонка өзінің бойына эссе ерекшеліктерін (колонкаға қойылатын басты жанрлық талап – «бір ғана көзқарасты ұстану, тек өзінің «пікірімен, стилімен сипаттау» [30,43-б],- деген пікір бар. Фельетон элементтерін де (колонканың ирониялық, сыни үлгісі) бойына топтастырады. Кейде колонка тұтастай талдамалы (рецензия, шолу, түсініктеме) немесе көркем-публицистикалық (эссе, фельетон) жанрында жазылған туынды ретінде көрініс табады.
Колонкадағы автор бейнесі жұртшылыққа колумнистің беделінің арқасында көрінеді. Батыста бұл рөл өте құрметті және тек редакциясының жетекші қызметкеріне беріледі, сондай-ақ саясаткерлерге, экономистерге, ғалымдарға, мәдениеттанушыларға, не болмаса, олардың таңдап алған типтік бейнесі арқылы қызғылықты болады.
Достарыңызбен бөлісу: |