Мектеп алды оқУ Әрекеті барысында бастауыш сынып оқушыларының танымдық процесін қалыптастырудың дидактикалық негіздері



бет5/21
Дата15.04.2024
өлшемі248.14 Kb.
#498768
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21
Мухамбетамин Ж

Мотивациялық (себепкерлік) компонент танымдық қажеттіліктер мен оқу-танымдық мотивтерден тұрады, яғни, жаңаны үйренуге деген ұмтылыс, жаңа тәсілдерді меңгеру, жаңа білімді іздеу жолын анықтау және т.б. Оқу-танымдық мотивтің пайда болуы тек мотивациялық сфераны белсендіріп қана қоймай, өзіне және басқаларға «мен, міндетті шешу жолын өзім анықтай аламын» деген ниетін дәлелдеуге талпыныс туғызып, жаңа білімді іздеуде табандылық танытатын-еріктік сферасы мен өзін-өзі реттеу сферасына тікелей әсерін тигізеді.
Мазмұндық компонент білім алушылардың оқу-танымдық түрткілеріне бағытталған жалпы тәсілдерден тұрады.
Іс-әрекеттік (операциялық) компонент оқу міндетін шешуге негіз болатын оқу қызметінен тұрады. В. В. Давыдов, Д.Б.Эльконин және басқалар психологияда оқу қызметін келесі бағыттарда қарастырады: қойылған оқу міндетінен проблеманы бөліп алу; оқу міндетін шешудегі жалпы тәсілдерді анықтау; оқу материалына жалпы қатысты мәселені және оны шешудің жалпы тәсілдерін жобалау; оқу әрекетінің барысын және нәтижесін бақылау; оқушының оқу міндетін шешу барсын және нәтижесін бағалау.
Оқу әрекетіне А.В. Петровский анықтама беруге тырысады: «Кез келген әрекет – практикалық болсын, сөйлеу жүзінде болсын қайсы бір физикалық әрекеттер жиынтығы, - дей келіп, - демек, оқу да адамның түрлі әрекеттер жасауы, қимылдары, жазуы, сөйлеуі т.б. арқылы жүзеге асады» [106].
Ал, О.С.Гребенюк, Т.Б.Гребенюк оқу әрекетін оқу үрдісінің бір бөлігі ретінде қарастыра отырып, мектеп түлектерінің жалпы білім беру ортасында білім мен іскерлігі ғана ерекшеленіп қоймай, сонымен қатар орындалғалы отырған әрекет мақсатын түсіну іскерлігі, өз мақсаттарын өзі анықтауы ерекшеленуі тиіс. Осы іскерліктерге баланы мектепте үйрету маңызды, бала өз бетімен жаңа тақырып пен бөлімді игеріп, білім алу талаптарына бағдар, еркін таңдаулар жасап, шешімдер шығарады» - дей келіп, «өз әрекетін құра алатын адам, - ешкімге бағынбайтын және өз ісіне өзі жауапты адам» - деп тұжырым жасайды [107].
Оқу әрекеті компоненттерін біріктіріп төмендегідей береді: оқу әрекеті =қажеттілік + мотив + мақсат, (оқу тапсырмасы)+оқуға әрекет ету + өзін - өзі бақылау +нәтиже. Сондай-ақ, оқу әрекетін қалыптастыру проблемаларына тоқталады. Қазіргі кезең талаптары оқу әрекетін қалыптастыру проблемасын жеке тұлға проблемасымен бірлікте қарастыруды қажет ететіндігін айтады. Оқу әрекетін қалыптастыру – бұл әрекеттегі субъект ретіндегі, жеке тұлғалық және индивидуальдық даму үрдісі деген қорытынды жасайды.
Көптеген, педагог – психологтар оқу әрекетінің ерекшелігін төмендегідей береді:
- оқу әрекетінің негізгі қызметі материалдық немесе басқа нәтижелерді алу емес, оқушылардың дамуына бағытталады;
- оқудың негізгі мазмұны тапсырманы шешуде әрекет етудің жалпы тәсілдері болуы тиіс, себебі оқушылар әрекеті осы жалпы тәсілдерді игеруге бағытталады;
- оқу әрекетінің тағы бір жалпы ерекшелігі оқушылардың саналы және өз бетімен әрекеттің бағдарлы негізін құру бойынша адам әрекет етеді;
- оқу әрекетін қалыптастыру үрдісі мазмұнды жалпылау қағидасына негізделеді. Бұл дегеніміз кез келген бір бөлімді оқуға оқушылар жалпы, абстрактылы білімнің негізімен танысуы тиіс.
- оқу әрекетінің маңызды ерекшелігі ғылыми теориялығында;
- оқу әрекеті - әмбебап, себебі ол кез келген әрекетті игеруге негіз болады.
Сонымен, осындай күрделі оқу әрекетіне байланысты оқушылардың ойлау қабілеті қалыптасады. Ойлау сөйлеумен тығыз байланысты. Ол белсенді сөйлеу әрекеті арқылы іске асады. Бұл жөнінде бірқатар қазақстандық ғалымдардың оқу әрекетіне берген пікірлерінен анықтауға болады.

Кесте 1 - Оқу әрекеті туралы қазақстандық ғалымдар берген анықтамалар





Педагог-психологтар

Оқу әрекеті анықтамалары

Ш.Х.Құрманалина

Оқу және оқудан тыс әрекет оқушылардың ой өрісін кеңейтіп, дүниені танудың маңызды құралдарының бірі білім алуға, өздігінен білім алуға ынталандырып, ақыл – ойдың дамуына, ғылыми білімдерді жүйелі меңгеруге көмектеседі.

Ж. Әбиев, С. Бабаев, А. Құдиярова

Оқу әрекеті – қоғамды қалыптастыру мен іс - әрекетті ұйымдастыру тәрбие процесінің түбірі деп қарастырылады. Тәрбие, оқу әрекеті арқылы талапқа сай тұлға қалыптастыруы керек.

Ә. Алдамұратов

Оқу әрекеті – белгілі мақсатты орындауға бағытталған қимыл. Ол қимыл – қозғалыс арқылы орындалатын сыртқы және ақыл -оймен орындалатын ішкі әрекет болуы мүмкін.

С.А. Мұсаева
Т.Б. Бегалиев

Оқу әрекеті – қоғамның толыққанда өмір сүруіне, ұрпақтардың жалғасын табуға мүмкіндік. Оқу әрекеті ұрпақтардың арасындағы көпір. Сол көпір мықты болса, болашақ ұрпақ өмірден көп нәрсені оқып үйренеді. Олай дейтін себебіміз оқу біздің болашағымыздың кілті, өміріміздің тірегі. Оқу әрекеті – белгілі бір мақсатқа бағытталған, оқушының қимыл әрекеті.

С.Е. Қаңтарбай



Оқу әрекеті – адамзат баласы жаратылғаннан бүгінге дейінгі білім, іскерлік, дағдыны оқушының игеруі, яғни өмірде өзін көрсете алатындай субьектінің іштей өзгеруі.

Кесте 1 бойынша, қазақстандық ғалымдардың берген анықтамаларының ортақ мазмұны, оқу әрекеті белгілі мақсатты көздеген тұлғаның іс-қимылы, әрекеті деген қорытынды жасауға болады.


Ғылыми әдебиеттерге талдау жасай отырып, оқу әрекетіне төмендегідей анықтама беріп отырмыз: Оқу әрекеті дегеніміз – оқушының оқу тапсырмаларын талдау негізінде, мақсатты игерілген білім мазмұнына сүйеніп, жоспарлы түрде әрекет етіп, өзін - өзі тексеруге, бағалауға, өз кемшілігін көре білуге үйрететін әрекет.
Оқу әрекеті - оқушы мен мұғалімнің өзара бірлесіп жасайтын әрекетінен құралатын күрделі әрекет. Оқыту мұғалімнің білім берудегі жетекші әрекеті болса, оқу - оқушының өзінің танымдық, тәжірибелік әрекеті. Оқыту қалай болса солай жүрмейді, жоспарлы ұйымдасқан түрде жүзеге асырылады. Оқытудың мазмұны, өзіне тән әдістері, ұйымдастыру формалары мен нәтижесі болады. Ол оқушыға білім беру мен дағдыны меңгертуді көздейді. Оқушы оқу әрекетінде өзінің танымдық қабілеттерін арттырады. Оқу баладан ойлау әрекетімен қатар, басқада психикалық үрдістерді: сезімдері мен эмоцияларын, мотивтері мен қызығуларын, жігері мен қабілеттерін т.б. жеке бастың қасиеттерін қажетсінеді деуге болады.
Сонда оқу әрекетінің мазмұны мен құрылымы қандай болуы керек?
Оқушының оқу әрекеті мазмұнына: ғылыми ұғымдар мен ғылыми заңдарды түсіну және тәжірибелік міндеттерді шешуге бағытталған ойлаудың жалпы амал-тәсілдерін меңгеру кіреді. Осыған орай, оқушының ғылыми білімді және дағдыларды меңгеруі олардың оқу әрекетінің негізгі мақсаты мен нәтижесі болып табылады.
А.Н.Леонтьев әрекеттің жалпы педагогикалық теориясына сәйкес оқу әрекетінің құрылымын төмендегідей [108] береді: Қажеттілік- оқу мақсаты- оқу міндеті- оқу әрекетінің мотиві -оқуға әрекет ету және операциялар.
Оқу әрекетінің қажеттілігі – оқушының берілген пән бойынша теориялық білімді меңгеруге ұмтылуы болып табылады.
Оқу мақсаты – оқушылар оқу тапсырмасын орындау кезінде жаңа тәсілдерді табады, меңгереді. Оқушының алдына оқу міндетін қою дегеніміз – бұл мәселені шешуде жаңа тәсілдер табатын ситуация жүргізу.
Оқу міндеті - бұл тек қана оқушыға сабақта не үйде орындауға берілген міндет емес, бұл оқушыға проблема түрінде берілген әрекет ету, мақсатқа жетудің тәсілдерін меңгеруге қойылған мақсат. Оқу міндетінің нақты – практикалық міндеттерден айырмашылығы сол, оның бірінші мақсаты берілген тапсырманы шешуде оқушының жалпы тәсілдерді меңгеруі, екіншіден нәтиже – жауап алу.
Оқу әрекетінің мотиві – оқу әрекетінің мотивінде оқушылардың ұмтылысы тапсырманы шешуде жалпы тәсілдерді меңгеруге бағытталғанда оқу әрекетінің қажеттілігі нақтыланады.
Оқуға әрекет ету және операциялар – көптеген түрлі оқу операцияларының көмегімен оқу міндеттерінің шешілуі. Бұл үшін оқушы оқу әрекетінің орындалу тәсілдерін меңгеруі тиіс және алдымен осы тәсілдерді орындауы керек.
Н.Ф.Талызина, [83] оқу әрекетінің мотиві сыртқы және ішкі болып бөлінеді деп қарастырады. Сыртқы мотив білім игеру мен әрекетті орындаумен тығыз байланысты емес. Бұл жағдайда оқушылардың басқа мақсаттарға жетуге жағдай жасайды. Мысалы, оқушы математиканы жақсы көрмейді және психолог болуды армандайды. Бірақ математикалық білімсіз психология факультетіне түсу мүмкін емес. Міне, психолог болу үшін математиканы жақсы оқуға тырысады. Ішкі мотивке бір пәнмен байланысты танымдық қызығушылық жатады. Бұл жағдайда алынған білім қандай болмасын басқа мақсаттардың жетістігіне жетуге қызмет етеді. Оқушы қажеттіліктерін қанағаттандыруы үшін оқиды. Оқушыда білімге деген қажеттілік болмаса, бұл мақсатқа жетудегі нәтиженің мәні жоқ.
Оқу әрекетінің құрылымы өзінің элементтерінің әрекеттестігімен ерекшеленеді. Оқу әрекетінің элементтерінің негізі құрылымына қатысты педагогикалық осы уақытқа дейін бірыңғай пікір жоқ.
В.В.Давыдовтың пікірінше оқу әрекетінің құрылымына мыналар кіреді [96]:
- оқу ситуациясы (оқу тапсырмасы);
- тапсырманы орындау (оқуға әрекет ету);
- бақылау;
- бағалау.
М.М.Мұқанов оқу әрекетінің құрылымын былай [59] береді:
- берілген тапсырманың шартымен танысу;
- оны орындау;
- осының қалай (дұрыс, не бұрыс) орындалғанын тексеруінен.
Берілген тапсырманың шартымен танысу дегенді, кейбір ғалымдар оқу ситуациясы деп атайды (В.В. Давыдов). Себебі бала үшін тапсырма өзінше проблемалық ситуация болатындығын анықтай айта түеді.
Ал, Г.И.Вергелес былай бөледі [97]:
- тапсырманы талдау;
- оқу міндеті;
- оны шешуге қажетті, білімінің актуализациясы;
- шешу жоспарын құру;
- тапсырманы шешудегі бақылау мен бағалау;
Д.Б.Эльконин еңбектерінде оқу әрекетінің құрылымын төмендегідей береді [96]:
- оқу – танымдық мотив;
- оқу міндеттері және мазмұны;
- оқу операциялары;
- бақылау;
- бағалау.
Осы құрылымның орталығы оқу міндеті мен мазмұнын белгілейді. Ал қалғаны көмекші деп көрсетеді.
Оқу – танымдық мотив – бұл ғылыми ұғым ортасында әрекеттің жалпылау тәсілдерін игере алса, (пән бойынша жаңа білім мен іскерлікті игергені), онда олар оқу әрекетін орындағаны, яғни психологияда адам тәртібінің өзгеру тәсілі секілді анықталады.
Оқу міндеті – оқу әрекетінің негізгі бір бөлігі.
Оқу тапсырмаларының басқа тапсырмалардан негізгі ерекшелігі
- оқу міндеті (немесе тапсырмалары);
- оқу тәсілдері (оқушының қолданатын нақтылы практикалық және ой тәсіл – амалдары);
- бақылау (оқушыларың өзін - өзі қадағалап, тексеріп отыруы);
- бағалау (мұғалімнің және оқушылардың өзіне - өзі берген бағасы).
Әдебиеттерге теориялық талдаулар нәтижесінде, оқу әрекетінің қалыптасуы оқушының алғашқы мектепке қабылданған кезінен ғана басталады, егер, оқу әрекетін дәл осы шақта бастамаса, орта сыныптарға көшуде оқушылардың оқу үлгерімі төмендейтіндігін байқауға болады. Сондықтан, мектептің бастауыш сатысының оқыту үрдісінде тапсырмалар жүйесіне талдау, мақсатты анықтауға бағытталған талаптар керек деген тұжырым жасауға болады.
Оқу әрекетінің негізгі бірлігі - оқу тапсырмалары болып саналады. Тіршілік ету барысында оқушының алдынан туындайтын мәселе, оқу тапсырмалары мен әр түрлі практикалық тапсырмалардың қатаң түрде айырмашылығы неде? Осы оқу тапсырмаларының басқа тапсырмалардан негізгі айырмашылығы, оның мақсаты мен нәтижелілігі, яғни субьектінің нәтижеге жетуге белгілі тәсілдермен қарулануы.
Г.И. Щукина өз еңбегінде, танымдық қызығушылық оқытудың құралы ретінде, мотив негізінде және жоғары деңгейде тұлғаның қасиеті бола алатынын [100] көрсеткен.
Бұл зерттеушілер танымдық қызығушылықтың орнын құрал ретінде қарастырады. Дидактикалық негізі көрінбейді.
Оқу әрекеті құрылымының басты бір бөлігі – оқу-танымдық мотивтер. Олар бастауыш сыныптардан бастап қалыптастырыла бастайды. Адам әрекетінің субъективтілігі оның әрекеттегі іріктеушілік, бағыттылық қызметтерді анықтайтын ішкі қажеттерімен, эмоцияларымен, мотивтерінің бірлігінен көрінеді. Бұлар адам белсенділігінің де деңгейін танытады. Әртүрлі әрекет формаларындағы субъективтілік оның субъект үшін мәнін айқындайтын мотивтерге тікелей байланысты. Өзі үшін маңызды әрекетті орындаудағы адамның табанды болуы да оған итермелейтін мотивтердің мазмұны мен сипатына байланысты болып, ол түпкі мақсатқа жетудің жолдарын саралауға да көмектеседі. Осы жолда кездескен қандай қиындықтарды жетілдіруге ұмтылдырады.
Оқу мотивтері болсын, әлеуметтік мотивтер болсын оқушының жеке басының дамуымен, өсуімен байланысты болуға тиіс. Егер оқыту мазмұнына сай мотивтер тәрбиеленсе, оқушы үшін оның әрекеті мәні жоғары құбылысқа айналады. Оқушының позициясы мұндайда тек мектепке келіп, мұғалімнің тапсырмасын екі етпей тиянақты орындаумен шектелетін адамның әрекеті түрінде емес, өзінің әрекетінің түпкі мақсат, міндетін түсінетін адамның көзқарасын танытады. Осы оқу-танымдық мотивтер арқылы, оқушы білім алумен бірге, сол оқу пәні негізінде берілетін еңбек тәсілдерін де игере алады. Себебі, оқытудың басты мақсаты оқушыларға белгілі бір білім туралы мағлұмат беру емес, ең бастысы оның бойындағы қабілеттерін дамыту: оқушыға қандай материал беру емес, оны бақылауға, ойлауға үйрету маңыздырақ, оқушыға белгілі бір білім жиынтығын меңгертуден гөрі, сол білімді үйрену, алу тәсілін меңгеруге қажетті қаблетін дамыту қажет.
Оқу әрекеті – жеке адам белсенділігінің арнайы формасы. Оқушылардың көңілін оқу әрекетінің құрылымы бір – бірімен байланысты екенін, оқу әрекетінің құрылымын меңгеруде оқушыда жеке тұлғаға тән қасиеттердің қалыптасатына назар аудару керек.
Оқу әрекетінде танымдық қызығушылық маңызды роль атқарады. Оқушы оқу әрекетінің субьектісі ретінде танымдық қызығушылықтың түрлі механизмдерін игереді. Міне сондықтан оқушы әрекеті ойланған, белсенді, бағытталған болады, оқу-танымдық тапсырмаларын орындап, оқуға деген ішкі сезім пайда болады, танымдық қызығушылықтың негізгі бөлінулерін өзіне қосады:
- ойлау әрекеті процесінің күрделенуі белсендіріледі (логикалық ойлау, жалпылылық, болжамдық, жаңалық);
- білім актуализацияланады (қозғаушы ой, дәлелдеу фактілері);
- керектілерін жүйелеп алу, көптеген істерді істей алуы, түрлі тапсырмаларды шешу тәсілдері пайда болады.
Бұндай жағдайда барлық әрекет оқушы үшін өте керек, «жаңалықтарды ашуда» таң қаларлық жағдайда алға жылжуы, өзінің жаңалықтарынан рақат алуында (үйренді, істей алды, білді, басқаға көмектесті, қиындықтардан өтті) болады.
Сол себепті оқушылардың жеке тұлға ретінде қалыптастырудың тиімді жолдарын іздестіру - бүгінгі және болашақтың талабы. Ол мұғалімнің педагогика, психология ғалымдарының соңғы жаңалықтарын мектеп өміріне жедел енгізуді талап етеді. Әсіресе, бастауыш сынып мұғалімдері оқу әрекетінің табиғатын теориялық және практикалық тұрғыдан жете, терең меңгеруі және оқушылардың психологиялық – педагогикалық ерекшеліктерін білуі қажет.
Келесі бөлімде бастауыш сынып оқушыларының педагогикалық ерекшеліктеріне сипаттама бере отырып, оқу әрекетіндегі танымдық қызығушылықтың мәні мен маңыздылығына тоқталамыз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет