Мектептегі оқыту процесінің тәрбиелік бағыттылығын дамыту


Шетел білім беру ұйымдарындағы оқыту процесінің тәрбиелік аспектісін күшейту тәжірибесі



бет5/6
Дата03.07.2016
өлшемі0.64 Mb.
#175288
1   2   3   4   5   6

3.2 Шетел білім беру ұйымдарындағы оқыту процесінің тәрбиелік аспектісін күшейту тәжірибесі
Бүгінгі таңда өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен оқытуды қоса санағанда қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы проблемаларды әлемдік тәжірибеге сүйенбей шешу мүмкін емес.

Дүниежүзіндегі мектептік-педагогикалық тәжірибені зерттеу тәрбие проблемасына қатысты анағұрлым мақсатты және келешекке арналған идеялар мен көзқарастар меңгерілетін ашық педагогикалық ойды қалыптастырады. Әлемдегі тәрбиені дамыту – ауқымы мен нәтижесі айтарлықтай маңызды, көпжақты процесс.

Заманауи білім берудің басты міндеті – оқушы тұлғасын дамыту барысында отандық дәстүрлерге сүйеніп, өткен дәуірлердің тәрбие дәстүрлеріне қатысты сабақтастықты сақтай отыра, мектепте оқытылатын әрбір пәннің мүмкіндіктерін пайдалану. Бұл проблемаға Қазақстанмен көршілес мемлекеттердің, сол сияқты алыс шетелдердің білім беру ұйымдарында зор көңіл бөлінеді.

Жапонияда білім туралы заңда көрсетілгендей, мектепке әлем және адамгершілік мұраттарын көздеген ұлт қалыптастыру міндетін атқару жүктеліп отыр. Бұл құжатта мектептегі тәрбие берудің негізгі мақсаттары: толыққанды тұлға қалыптастыру; бейбіт сүйгіш мемлекет пен қоғам құрылысшыларын, шынайылық пен әділдікті, жеке бостандықты, еңбекті сүйетін, жауапкершілік пен тәуелсіздік рухы бар адамдарды тәрбиелеу; оқушыларды ынтымақтастық, өзара түсіністік және тәуелсіздік рухында тәрбиелеу; дәстүрлі және заманауи түсініктерді дамыту; күнделікті өмірдегі бідліктерді қалыптастыру; рух пен денені бақытты және үйлесімді жеке өмірдің негіздері ретінде нығайту анықталған.

Жапония мектебі басты нормативтік актілерден бөлек, тәрбие бағдарламасы нақтыланған құжаттарды басшылыққа алады. Білім берудің Орталық кеңесі «Мінсіз жапондықтың бейнесі» деген еңбекті жариялады, онда анықталған он алты сәйкес қасиеттер төрт топқа бөлінген:

− дербес қасиеттер: еркін болу, дербестікті жетілдіру, тәуелсіз болу, өз тілектерін басқару, сыпайгершілік сезімдерінің болуы;

− үй иесіне тән қасиеттер: өз үйін сүйіспеншілік, демалыс және тәрбие орнына айналдыруы;

− қоғамдық қасиеттер: өз ісіне берілу, қоғамның әл-ауқатына ықпал ету, шығармашыл жан болу, әлеуметтік құндылықтарды бағалау;

− азаматтық қасиеттер: патриот болу, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, ең жақсы ұлттық құндылықтарды меңгеруі.

Жапония Білім беру министрлігі нұсқауларына сәйкес, белсенді қоғамдық тұлға қалыптастыру – басты міндет болып саналады. Айталық, бала бес парызды қолдануы тиіс:

− мінез-құлық нормаларын қалыптастыруы;

− өмір салтын түсінуі;

− мінез-құлық, ой, сезім, дербес және жауапты қылықтардың қабілеттерін талдау дағдыларын қалыптастыруы;

− топтық іс-әрекет кезінде тәрбиелеуі;

− топтың проблемасы мен қызығушылығын жеке басыныкіндей қабылдауына ерекше назар аударуы тиіс.

Орта мектептерге арналған ресми құжаттарда адамгершілік тәрбие бағдарламасы «Мінез-құлықтың негізгі ережелерін үйрету», «Күнделікті өмірде қоғамдық тәртіп нормаларын сақтау», «Адамға лайық өмір сүру қажеттілігін сезіну» деп аталатын параграф-нұсқаулардан тұрады. Барлық осы құжаттарда мектеп тәрбиесі рухани бай тұлғаның өсуіне ықпал етуі тиіс деп көрсетілген.

Ұлыбританияның білім беру бойынша Ұлттық комиссиясы баяндамасында мектеп өскелең ұрпаққа шыншылдық, өзгелерге құрмет, қоғам алдындағы азаматтық борыш сезімі, адамдарға қамқорлық, сонымен қатар, мәдени мұра сияқты құндылықтарды жеткізуі тиіс делінген. Сонымен қатар, балалардың демократиялық қоғам азаматтары болып өсуі, олардың өз құқықтары мен міндеттері қалай жұмыс жасайтынын білуі, төзімділік пен бостандық рухында тәрбиеленуі маңызды екендігіне баса көңіл бөлінген. Баяндамада білім беру – тек білімді тасымалдау ғана емес, сонымен бірге, моральдық, адамгершілік және рухани күшті иеленуді білдіреді делінген.

Франция Білім беру министрлігінің нұсқауларында, оқыту процесінде шынайылық, адамның ақыл-ойына сену, жауапкершілік сезімі, өзіндік құндылығы, өзге адамдарға құрмет, ниеттестік, нәсілшілдікті жеккөрушілік, түрлі мәдениеттердің әмбебаптығын түсіну, Бостандық, Теңдік, Бауырластық сезімдерінен жеке қарастырылмайтын Францияны сүюге ұмтылған өркениетті және демократиялық қоғам тұлғасын тәрбиелеу қажеттілігі көзделген.

Әр елде тәрбие проблемасы өздерінің міндеттері мен басымдықтарын ескере отыра қарастырылады. Америка Құрама Штаттарында «Америка – 2000: білім беруді дамыту стратегиясы» құжаты мектепті өркениетті қоғам дамуын қайта құруға қабілетті орталық ретінде пайдалануды көздейді. Адамгершілік тәрбие бағдарламасын діни құндылықтар мен принциптерге негіздеу ұсынылуда. Алдыңғы орынға адалдық, тұтастық, дұрыстық, ұқыптылық, жеке жауапкершілік шығарылады. Балаларда қалыптасуы тиіс мінездің басты 60 қасиеті (ержүректілік, байсалдылық, шешімділік, табандылық, рақымдылық, төзімділік және т.б. ) сипатталған.

Ірі мектептерде қатар сыныптардың өзінше деканаты болады, мысалы, оқу және тәрбие жұмысымен айналысатын IX сынып әкімшілігі. Сонымен қатар, барлық мектептерде деңгейлері мен тағайындалуы әртүрлі лауазымды тәрбиешілер бар үйірмелердегі, спорт секцияларындағы, қызығушылықтары бойынша құрылған клубтардағы сыныптан тыс жұмыстар кең тараған. Мектеп қызметкерлерінің бұл кезде оқушыларды ұзақ күнге көлемі шамалы үй тапсырмаларымен ғана емес, сондай-ақ түрлі тәрбиелік, әлеуметтік, танымдық, көңіл көтеретін және сауықтыру шараларымен барынша жүктеуі байқалады.

Америкалық мектептеріндегі оқу сабақтарында кеңестік дәуірден кейінгі білім беру ұйымдарына тән зияткерлік қарбаластық жоқ. Оқу процесі көбінесе, оқушы мұғалім түсіндіруінің тек енжар тыңдаушысы ғана емес, керісінше оқу процесінің белсенді қатысушысы болатындай құрылған. Бұған мұғаліммен сұхбаттасу және педагог тарапынан оқушыға сұрақ қоюына «мәжбүрлеу», немесе оқушылар жұмысын шағын топтарда ұйымдастыру және олардың шығармашылық тапсырмалар орындауы арқылы қол жеткізуге болады.

Түрлі оқыту экскурсиялары мектептегі тәрбие жұмысында маңызды рөл атқарады. Америкалық мұражайларда балаларға арналған түрлі жәдігерлер бар, ал ең жақсы мұражайларда еркін кіруге болатын балалардың қызығушылығын тудыратын танымдық интерактивті ойындар, викториналар мен тесттер бар компьютерлер орналасқан. Тәрбиенің қоғамға бағыттылық принципін іске асыра отыра, шетелдік педагогтер тәрбиеленушілерімен практика-дәлелді іс-әрекеттерге қол жеткізді.

Бұл кезде олар ұранды педагогикадан, көпсөзділіктен бас тартады, себебі пайдалы іс-әрекет процесінде тәрбиеленушілер арасындағы қатынас қалыптасу үшін мінез-құлық пен қарым-қатынастың құнды тәжірибесі жинақталған кезде үлгі арқылы тәрбиелеу жүзеге асады. Мәселен, АҚШ-тың кәдуілгі мектебінің бірінші сыныпқа арналған оқулықтарының әрбір бетінде «Бұл − менің Америкам», «Менің Америкамның туы», «Менің Америкамның рәміздері», «Менің Америкамның ұлы адамдары», «Менің Америкам дамып келеді», «Менің Америкам ән салады», «Менің Америкам...» деген сөздер жиі кездеседі. Ал, екінші сыныпқа арналған оқулықтардан «Америкам − менің үйім», «Біздің ұлттық мерекелеріміз», «Американың негізін қалаған адамдар», «Американың пионерлері», «Американың ковбойлары» деген сөздер жиі кездеседі. Үшінші сыныпта 20 ұлы адамның өмірбаяны негізінде америкалық мұраны оқып-үйрену көзделген. Тұлғаның патриоттық сана-сезімін және азаматтық бағытын қалыптастыру мен дамытуда әсіреқызыл әрі ұрандатылған шаралар емес, қайта, осындай нақты жұмыс керек.

Азаматтық тәрбие идеялары мен тұжырымдамасын іске асырудың тиімді жолдарының бірі – бұл арнайы мектеп пәндерін кіргізу және басқа мектеп пәндерін сәйкес мазмұнмен толтыру. Мысалы, ұзақтығы екі аптадан бірнеше айға созылатын «Елдер арасындағы қарым-қатынастар», «Әлеуметтік проблемалар» және т.б. қысқа курстар. Көрнекті мамандар «Заң және америкалық қоғам» (IX–XI сыныптар), «Жоғарғы соттың атақты процестері» (VII–VIII сыныптар), «Конституцияның маңызды баптары» (XI сынып) және басқа да көптеген оқу құралдарын әзірледі. Бірнеше оқулықтан тұратын «Заң және қала», «Жер иесі және жалгер», «Заң және тұтынушы», «Кедейшілік және өркендеу», «Қылмыс және әділеттілік» және т.б. тақырыптық сериялар жарияланады.

Америка мектептерінде қоғам мен мемлекеттің тартымды бейнесін қалыптастыруда, оның мұраттары мен құндылықтарына оң қатынас орнатуда көп шаралар атқарылады. Қоғамдық процестерге әр адам бала кезінен қатысады. Сондықтан да азаматтық тәрбие жас кезінен басталады. Мұғалімдер әлеуметтік қасиеттерді қалыптастырудың барлық кезеңінде берілетін білімнің оқушы жасына және дамуына сәйкестігі туралы ойлайды. Мектептің бірінші сатысында-ақ балалар «конституция», «билік», «бедел», «заң», «жауапкершілік» «үкімет» және т.б. түсініктерді меңгереді, егер олар нақты мысалдар арқылы қалыптастырылған жағдайда практикамен дәлелденіп, бекітіледі. Мектептің екінші және үшінші сатысы тәрбиеленушілерді шынайы әлеуметтік процестерге қатыстыра отыра, қажет білімді бекітеді, дамытады, сенімді тәрбиелейді, азаматтық қасиеттерді қалыптастырады [21].

Қазіргі кезде Ресей азаматын рухани-адамгершілік дамыту осы елді жаңғыртудағы маңызды факторлардың бірі болып табылады. Дүниежүзіндегі барлық елдердегі сияқты, адам тәрбиелеу, оның өмірге кызығушылығын, өз еліне сүйіспеншілігін, жасау мен жетілдіруге деген қажеттілігін нығайту – Ресейдің ойдағыдай дамуының маңызды шарты. Және мұғалімнің басты рөлі – адамды кәдімгідей бақытты етуде өз ісімен және қызығушылығымен табысты айналысуына мүмкіндік беретін, балаға өмірлік сабақ беру. Бұл орайда қостілді және көптілді оқыту (ана тілі, басым этностың тілі, шет тілдері) Ресейде жетекші орында қала береді. Осыған байланысты филологиялық білім берудің мәдениеттанушылық бағыттылығына ерекше көңіл бөлінеді. Ғалымдар шет тілдері тек қана қарым-қатынаста ғана емес, сонымен қатар түрлі ойлау, сезіну, мінез-құлық, басқа да адамдық құндылықтарға қатысуда қызмет етеді деп есептейді.

Көпмәдениетті тәрбие көппәнді екенін атап көрсету қажет. Оны іске асыруда тілден басқа гуманитарлық, эстетикалық, жаратылыстану-ғылыми циклдары пәндерінің кең жиыны оқытылады.

Орыс емес халықтар өкілдерін ерекше оқыту тек қана ұлт республикалары мен білім беруінде ғана емес, сол сияқты олар ықшам тұратын басқа өлкелерде де ұйымдастырылады.

Көпмәдениетті тәрбиелеудің ерекше тәжірибесі Мәскеу қаласында жинақталған. Қазіргі күні Ресей астанасында ұйымдасқан түрде 100-ден артық ұлт қауымдастығы жұмыс істейді. 2011 жылы Мәскеуде этномәдениет бағдарламасымен жұмыс жасайтын мектепалды мекемелер, мектептер мен мәдени-білім беру орталықтарының саны 60-қа таяу болды. Бұлар мемлекеттік және жеке мекемелер. Солардың бірі № 1650 оқыту-тәрбие беру кешені. Мектепте тек қана стандартты оқу бағдарламаларымен оқымайды. 2011-2012 оқу жылында мұнда авар, абазин, адыгей, ассирия, армян, башқұрт, болгар, бурят, грек, еврей, кабардин, корей, ингуш, латыш, литва, поляк, татар, украин, шешен, эстон, сыған т.б. 22 бөлімі болды. Әр бөлімде оқушылар сенбі және жексенбі күндері негізгі бағдарламаға қосымша өз халқының тілі, тарихы, діні, фольклоры және тұрмыс салтымен қатар спорттың, аспаздықтың, билер мен мерекелердің ұлттық түрлерін зерттейді. Бұлардың бәрін тіл және мәдениет тасымалдаушылары оқытады [22]. Бұдан басқа, 2011 ж. 30-ға таяу ұлт мектептері (армян, грузин, еврей, корей, татар, чуваш және т.б.) болды.

Ресей оқу орындары бағдарламаларында көпмәдениетті тәрбиенің арнайы курстары жоқ. Осыған ұқсас мәселелер пәнаралық деңгейде: тілдерді, тарихты, жаратылыстану-ғылыми, көркем-эстетикалық циклдары пәндерін оқытуда қарастырылады. Оқытуда орыс және аз халықтар мәдениетінің, жалпыресейлік және әлемдік мәдениеттің өзіндік ерекшеліктерімен олардың ортақ және ерекше сипаттарына көңіл аудара отыра таныстыру көзделеді.

Соңғы жылдары Тверь қаласындағы № 17 жалпы білім беру мектебінде көпмәдениетті тәрбиені ұйымдастыру бойынша қызық эксперименттер өткізілуде. Мектепте көпмәдениетті тәрбиенің кейбір әдістері, көрсеткіштері мен деңгейлері, бағалау тәсілдері тексерілді. Көпмәдениетті орта туралы білім, осындай ортаның шынайылығы мен өкілдеріне эмоциялы қарым-қатынас, ондағы тәртіп көпмәдениеттілікке даярлықтың көрсеткіштері ретінде қарастырылды. Көпмәдениетті тәрбиеліліктің үш деңгейі (жоғары, орта, төмен), оларды өлшеу тәсілдері құрастырылды. Жоғары деңгейге қол жеткізу үшін қоғамтану бағдарламасына «Мәдениеттің көптүрлілігі және мен» курсы қосылды, тарихты оқытуда тақырыптарына жекелеген өркениет пен мәдениеттің жетістіктері туралы мәлімет қосылған модульдер пайдаланылды. Оқыту процесінде оқытудың дәстүрлі және салыстырмалы жаңа әдістері: сұхбат, әңгіме, рөлдік ойын, өзге мәдениет өкілдерімен кездесу және т.б. қолданылды [23].

Украинада тәрбиенің заманауи мектептік жүйесі оқушылардың әлеуметтік белсенділігін ұйымдастыруда жобалық жұмыстарға көп көңіл бөледі. Мектептегі түрлі пәндердің және сыныптан тыс шаралардың тақырыптарына азаматтық тәрбие компоненттерін, сол сияқты мектеп өмірінің тұрмыс салтын сәйкесінше ұйымдастыруды қосылған.

Украинаның педагогикалық практикасында азаматтық тәрбие көп жағдайда мектептегі білім берудің жүйесі немесе моделі ретінде түсініледі. Ол оқу процесін пәндік мағынада ғана түсіндірмейді, осы түсінік кең мағынада мектеп қызметінің пәнүсті саласы болып табылады. Бұл білім беру процесіне қатысушылардың барлығында демократиялық азаматтық құндылықтар мен мінез-құлқын тәрбиелеуіне ықпал етеді. О. Сухомлинская атап көрсеткендей, жалпы білім беретін мектептің практикасында азаматтық тәрбиені іске асыру «оқыту мен тәрбие берудің барлық аспектілеріне, олардың түрлі ұйымдастыру, мазмұндық, қызметтік, коммуникативтік деңгейлеріне қатысты оқу процесін» ұйымдастыруды көздейді [24].

Мектептегі оқу бағдарламасы мен елдегі қоғамдық қызмет үйлесімді және жүйелі түрде біріккен кезде оқушылардың азаматтық-мәдени деңгейі өседі. Тәрбие процесінде тұлғаның өз еркімен таңдаған парыз, бастамашылық, тәртіптілік, дербестік, талап қоюшылық, принциптілікке негізделген мінез-құлқын көздеген азаматтық тәрбиенің түрлері қолданылады.

Оқу-тәрбие жүйесінде мектептегі және оқушылардың өзін-өзі басқаруын іске асырудың оқушылар кеңесі, оқушылар конгресі, мектептік БАҚ, оқушылардың қоғамдық қабылдауы, мектептік республика, мектеп әкімшілігінің баспасөз конференциясы, мектеп банкі және т.б. түрлері кең тараған.

Оқу процесінің азаматтық бағыттылығы сабақта, сонымен қатар, сыныптан тыс жұмыста оқушы жастардың нақты өмірлік ұстанымдарының қалыптасуына шынайы мүмкіндік береді, оның қабілеттерін айқындау ауқымын арттырады, мектеп түлегінің әрқайсысының қоғамда лайықты орын алу және өзінің саналы азаматтық белсенділігін айқындау мүмкіндігін арттырады. Білім беру ұйымдарындағы оқыту процесінің басты міндеттерінің бірі – балаларда әлемнің ғылыми-пәндік және құндылықты картинасы туралы тұтас түсінік қалыптастыру және оларды алған білімдерін практикалық өмірде қолдануға үйрету. Мұғалім және оқушылардың бірлескен күш салуы арқылы басқалары сияқты жеке ғылымдардың – физика, химия, биология және тұтас алғанда қоршаған әлем жұмбақтарын шешуге ұмтылғанда ғана осыған қол жеткізуге болады.

Шет елдер бойынша зерттелген және талданған материалды қорытындылай келе, бірқатар идеяларды анықтаймыз, оларды іске асыру оқу процесінің тәрбиелік әлеуетін айтарлықтай арттырады және тәрбие міндеттерін ойдағыдай шешуін қамтамасыз етеді.

Оқу материалының тәрбиелік әлеуетін күшейтуде көзделеді:

– оқытылатын материалдың өмірмен, баланың келешектегі жеке және кәсіби жоспарларымен байланысы;

– оқытылатын пәннің вариативтік бөлімін аймақтың, нақты социумның мүддесі мен қажеттілігін, балалардың қызығушылығы мен қажеттілігін, ата-аналардың әлеуметтік тапсырысын ескере отыра анықтау;

– оқу материалының мазмұнын аксиологиялық тұрғыдан іріктеу, оның құрамдастарының құндылықты және адамгершілік аспектілеріне көңіл аудару;

– оқу міндетін шешуде өз елінің, қаласының, ауылының тарихи және мәдени мұра материалдарын және деректерін пайдалану;

– пәнді оқытуда өлкетану материалдарын қолдану, жергілікті дәстүрлер мен мәдени құндылықтарды ескеру;

– сәйкес тақырыпты қарастыру процесінде елдің өзекті проблемаларын, жергілікті проблемаларды шешуге және талқылауға оқушыларды тарту.
3.3 Заманауи мектептің оқу-тәрбие процесінде көпмәдениетті тұлғаны калыптастыру
Мемлекет басшысының 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметі 2012 жылғы 29 маусымдағы № 873 Қаулысымен «Барлық білім беру ұйымдарында оқыту процесінің тәрбиелік құрамдасын күшейту жөніндегі үлгілік кешенді жоспарды» бекітті. Кешенді құжатта патриотизмді, мораль мен парасаттылық нормаларын, этносаралық және қоғамдық келісімді, заңға мойынұсынушылықты, сондай-ақ өскелең ұрпақтың дене және рухани дамуын қалыптастыруды жас ұрпақтың санасында еліктеуге үлгі ретінде табысты қазақстандық адамның бейнесін жасау көзделген [5].

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының келесі басым бағыттарын бөліп көрсетуге болады.



Азаматтық-патриоттық тәрбие Отанымыздың тағдыры үшін жауапты Қазақстан азаматы мен патриотының тұлғасын; әр оқушыда белсенді азаматтық позициясын; қазақстандық демократиялық қоғамда азаматтық құқықтар мен міндеттердің тұтас кешенін белсенді, жауапкершілікпен және тиімді іске асыруға жауапты даярлық пен қабілеттіліктің жиынтығын; өз білімі мен білігін практикада саналы қолдануды қалыптастыруы және дамытуы тиіс.

Мектептің оқу-тәрбие процесі білім алушыларда патриоттық құндылықтарға саналы оң қарым-қатынасты, белсенді азаматтық ұстанымды іске асыруға ұмтылуды қалыптастыру, Отанды, Қазақстанның мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрлерін сүюге және құрметтеуге тәрбиелеу, мемлекеттік рәміздерді білуді насихаттау және елдің жетістіктері үшін жауапкершілік пен мақтаныш сезімін дамыту арқылы патриоттық сананы қалыптастыруы керек.



Рухани-адамгершілік тәрбие адамгершілік сана, адамгершілік идеалдар, адамгершілік және этикалық құндылықтар, нормалар мен қасиеттер қалыптасуын, діни құндылықтарды игеруді, оқушыларды ана тілін, мемлекеттік тіл – қазақ тілін, төл мәдениетін, басқа ұлттардың да мәдениетін, дәстүрлері мен тілін құрметтеу және сыйлау рухында тәрбиелеуді болжайды. Білім алушыларда дәстүрлі көзқарас пен дүниетанымды қалыптастыру, қоршаған әлемнің көптүрлілігін, қарама-қайшылығы мен күрделілігін таныту, адам өмірінің құндылықтарын және әр адамның ерекшелігін түсіну, өз өміріне ұқыпты қарауға тәрбиелеу көзделеді.

Ақыл-ой тәрбиесі білім алушылардың стандартты емес шешім қабылдау қабілетін, тұлғаның зияткерлік әлеуетін дамытумен, ойлау қабілетін, оқу-танымдық қызметінің функционалдық сауаттылықты меңгеру процесінде ақпараттық мәдениетке дағдылануымен анықталады.

Еңбек және кәсіби тәрбие еңбекке жоғары құндылық ретінде дұрыс қатынас орнатуды тәрбиелейді, технология пәндерінің тәрбиелік әлеуетін іске асыруды, шығармашылық еңбекке деген қажеттілікті дамытуды, еңбек мәдениетін тәрбиелеуді жүзеге асырады.

Эстетикалық тәрбие білім алушыларында көркемдік-эстетикалық сана, эстетикалық талғам және сезім, көркем-эстетикалық қажеттіліктер мен қабілет қалыптастыруды көздейді.

Экологиялық тәрбие ғаламдық экологиялық дүниетану мен табиғатты қорғаудың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруды, оқушы жастардың экологиялық мәдениетін, табиғатқа теңдессіз құндылық ретінде және туған ел табиғатына деген құрмет пен қастерлеу қатынасын тәрбиелеуді болжайды.

Дене тәрбиесі және салауатты өмір салтын қалыптастыру балалар мен жастарда өз денсаулығына жауапкершілік қатынас орнату дағдысына негізделген, кәсіби қызмет үшін функционалдық, әлеуметтік бейімделу және психикалық орнықтылықты қамтамасыз ететін тұлғалық қасиеттердің қалыптасуын іске асырады, салауатты өмір салты, ағза ерекшеліктері туралы білім жүйесін қалыптастырады, дене тәрбиесі және спортқа баулу негізінде қайраттылық және салауатты өмір салтын дамытуды қалыптастырады.

Құқықтық тәрбие тұлғаның құқықтық санасын, саяси белсенділігі мен мінез-құлқын қалыптастыруға, заңға мойынұсынатын және заңды білетін ғана емес, сонымен қатар, оларды саналы түрде орындайтын азаматты, оның ішкі еркіндігі мен өзіндік қасиетін тәрбиелеуге бағытталады.

Барлық білім беру ұйымдарында оқыту процесінің тәрбиелік құрамдасын күшейту жөніндегі үлгілік кешенді жоспардың басты міндеттерінің бірі ретінде жалпы адамзаттық қасиеттердің негізінде көпмәдениетті тұлғаны қалыптастыру мәселесі аталады [5].



Тұлға — жеке адамның өзіндік адамгершілік, әлеуметтік, психологиялық қырларын ашып, адамды саналы іс-әрекет иесі және қоғам мүшесі ретінде жан-жақты сипаттайтын ұғым. Aдамның әлеуметтік қасиеттерінің жиынтығы, қоғамның даму жемісі және белсенді қызмет ету мен қарым-қатынас орнату арқылы жеке адамды әлеуметтік қатынастар жүйесіне енгізудің жемісі.

Ғалым педагог- психологтардың талдауларын басшылыққа ала отырып, оқушылардың тұлғалық қасиеттерін дамытудың педагогикалық психологиялық негізін сызба арқылы көрсетуімізге болады (2-сурет) [25]:





Оқушылардың тұлғалық қасиеттерін

дамытудың педагогикалық- психологиялық негізі






Педагогикалық жақтары Психологиялық жақтары

1. Сана – сезімін жетілдіруге 1. Оқушы тұлғасының дамуы

2. Адамзаттық өркениетті сіңіру. 2. Қарапайым дағдылар, ептіліктердің

3. Өзін -өзі тәрбиелеуге қатыстыру қалыптасуы

4. Оқыту әдістерінің жүйесі 3. Оқу- танымдық мотивтері

5. Тәрбие әдістері: сендіру, 4. Моральдық қасиеттері.

жаттықтыру, ынталандыру, 5. Тұлғалық әлеуеті.

жағымды үлгі өнеге көрсету 6. Танымдық өнегелік

мадақтау 7. Табиғи күш пен қабілеттерінің

6. Адамгершілік сезімін дамыту. дамуы.


2-сурет − Оқушылардың тұлғалық қасиеттерін дамытудың педагогикалық- психологиялық негізі


Көпмәдениеттi тұлға деп өз мәдениетi арқылы өзге мәдениеттерге бағыт ұстаған адам ұғынылады. Төл мәдениеттi терең бiлуде ол өзге мәдениеттерге қызығушылықтың iргетасын қаласа, көп мәдениетпен танысу − рухани баю мен дамудың негiзi болады.

Елімізде көпмәдениеттілік туралы ойлар ұлы ғалымдар мен ағартушылар әл-Фараби, Ж. Баласағұн, М. Қашқари, М.Х. Дулати, Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев, А. Байтұрсыновтың тәлім-тәрбиелік мұрасынан бастау алады.

Көпмәдениеттілік білім беру идеясын алғаш көтергендер қатарында ғалым-философтар М.М. Бахтин, Н.А. Бердяев, Н.О. Лосский болды. Қазақстанда бұл мәселе тәуелсіздік алған кезден бері кеңінен зерттеле бастады, ғалымдар
М.А. Абсатова, М.Х. Балтабаев, Р. Башарұлы, Қ.Б. Бөлеев, Б.А. Жетпісбаева,
К.Ж. Қожахметова, Ш.М. Мұхтарова, С.У. Наушабаева, В.В. Сергеева, С.А. Ұзақбаеваның және т.б. еңбектері жарық көрді. Көпмәдениетті білім берудің теориясы мен практикасына шетелдік ғалымдар В.С. Библер, Дж. Бэнкс,
Р. Гарсия, К. Грант, Д. Голлник, А.Н. Джуринский, Г.Д. Дмитриев, В.А. Ершов, Л.В. Колобова, М. Коул, Д. Ли, В.В. Макаев, З.А. Малькова, Л.Л. Супрунова, Е.Ф. Тарасов, В. Фтенакис, Ф. Чинн, А.В. Шафрикова үлкен үлес қосты.

Бүгінгі таңда әлемде кең өріс алып отырған көпмәдениетті білім берудің басты мақсатын айқындауды ғалымдар бірнеше тұрғыда қарастырады. Америкалық ғалымдар, мысалы, ең бастысы − америкалық қоғамның әрбір мүшесі өздерінің нәсілдік, ұлттық, әлеуметтік, гендерлік, мәдени және діни айырмашылықтарына қарамастан, білім берудің барлық деңгейінде сапалы білім алуы деп санайды. Ресейлік зерттеушілер мұндай білімнің негізгі мақсаты өскелең ұрпақты мәдени өзгешеліктерге құрметпен қарауға тәрбиелеу және көпмәдениетті ортада өмір сүруге даярлау деп есептейді.

Отандық ғалым-педагогтар көпмәдениетті білім берудің басты мақсаты: ұлттық құндылықтарға (ана тілі, төл мәдениеті, тарихи жады, салт-дәстүрлері және т.б.) ұқыпты қарауға тәрбиелеу; тұлғаның өзін-өзі дамытуы үшін жағдайлармен қамтамасыз ететін мәдени ерекшеліктерге деген оң қарым-қатынасқа тәрбиелеу; әлем мәдениетінің негіздеріне бейімдеу және басқа халық өкілдеріне құрметпен қарауға тәрбиелеу; оқушылардың ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру деп есептейді. Тағы бір ерекшелік: Қазақстанда көпмәдениетті тұлғаны қалыптастыру мен дамыту міндеттерін көпмәдениетті білім беру жүйесімен қатар, этностық-мәдени бiлiм беру саласы да атқарады.

Көпмәдениеттi тұлғаны қалыптастыруға бiлiм беру жүйесi арқылы барынша тиiмдi қол жеткiзуге болады. Бұл міндетті орындауда көпмәдениеттi білім және этностық-мәдени бiлiм жүйелері үлкен рөл атқарады.



Көпмәдениеттi білім беру − жалпы білім берудің этносаралық интеграцияға бағытталған, мәдени-білім құндылықтарын игеруді қарастыратын, этностық және ұлттық ерекшеліктерді тәрбие жұмысының ең маңызды факторы деп есептейтін маңызды құрылымы.

Көпмәдениетті білім беру міндеттері:

− оқушылардың өзге мәдениеттерге кірігудің міндетті түрдегі шарты ретінде өз халқының мәдениетін терең де жан-жақты меңгеруі;

− оқушыларда адамзат прогресіне ықпал ететін және тұлғаның өзіндік іске асыру шарттарына жауапты әлемдегі және Қазақстандағы мәдениеттің көптүрлілігі туралы түсінік қалыптастыру, мәдени айырмашылыққа оң қатынас тәрбиелеу;

− оқушыларды басқа халықтардың мәдениетіне кіріктіру үшін жағдайлар жасау;

− өзге мәдениет өкілдерімен өзара тиімді іс-әрекет етудің біліктері мен дағдыларын қалыптастыру және дамыту;

− оқушыларды бейбітшілік, төзімділік, гумандық ұлтаралық қатынас рухында тәрбиелеу;

− этнотолеранттылықты дамыту;

− оқушыларда ұлттық өзіндік сана, өз халқының тарихына қызығушылық сезімін қалыптастыру;

− оқушы тұлғасының қазақстандық мәдениетке қатысты саналы, жағымды құндылықты бағдарларын қалыптастыру;

− тұлғаның өзге мәдениет элементтерімен өзара іс-әрекет үшін негіз болатын этнопедагогикалық ортаны пайдалану;

− оқушылардың тұлғалық, мәдени өзіндік анықталу қабілеттерін қалыптастыру.



Этностық-мәдени бiлiм − төл мəдениет пен ана тілін əлемдік жəне жалпы мемлекеттік құндылықтармен қоса игеру арқылы жеке тұлғаның, ұлт пен мемлекеттің этностық-мəдени сəйкестілігін сақтап, дамытуға бағытталған білім [26].

Бұл білім беру жүйесінің негiзгi мiндеттерi ретiнде мыналар ұсынылады:

− көпмәдениеттi тұлғаны тәрбиелеу: тұлғаның өзiнiң төл мәдениетiне сай болуына және өзге мәдениеттердi игеруіне жағдайлар жасау. Мәдениеттер алмасуына, олардың бiрiн-бiрi байытуына бағдар ұстау;

− көп тiлдi жеке адамды қалыптастыру: ана тiлiнде, мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде еркiн ұғынысуға қабілеттi, шетел тілін белгілі бір дәрежеде меңгерген азаматтарды даярлау.

Аталмыш екі білім беру жүйелерінің мақсат-міндетінің негізінен ортақ екендігіне байланысты ғылыми-педагогикалық әдебиетте «этно- көпмәдениетті білім» ұғымы да қолданылады.

Бiлiм беру ұлттық сананы қалыптастырудың, мәдени-тiлдiк мүдделердi жүзеге асырудың құралы ретiнде мынадай басты төрт функцияны атқаруға тиiс:

− таратушылық (этностық-ұлттық қоғамдастықтың тұтастығы мен жаңғыруын қамтамасыз ету);

− дамытушылық (ұлттық сананы қалыптастыру және дамыту);

− саралаушылық (адамның, этностық топтардың ұлттық-мәдени қажеттiлiктерiн айқындау);

− ынтымақтастырушылық (мәдениеттердiң өзара бiрлiгiн, өзара кiрiгуiн, өзара байытуын, жеке тұлғаның әлемдiк және ұлттық мәдениет жүйесiне бойлауын қамтамасыз ету).

Бiлiмдi адам ғана тарихи және мәдени дәстүрлердi ұстана алады. Ол өзiнiң белгiлi бiр қауымдастық пен халыққа қатыстылығын сезiнедi, оның бойында мәдени қажеттiлiктер: адамгершiлiкке, ойлы iс-әрекетке, сұлулыққа, жоғары-рухани бастауларға құлшыныс қалыптасады.

Бiлiм берудiң тағы бiр талабы – өзге мәдениеттi түсiну және қабылдай бiлу. Мәдениеттердiң өзара байланысы, бiр-бiрiне ықпалдастығы жағдайында ғана әрбiр жекелеген мәдениеттiң принциптерi мен ерекшелiктерi айқын танылады.

Көпмәдениеттілік және этностық-мәдени бiлiм идеясын қабылдау – мәдени және лингвистикалық плюрализм идеясына негiзделген, бiлiмдi техникалық және ақпараттық жағынан байытудың әлемдiк деңгейiн дәстүрлi мәдени құндылықтармен үйлестiретiн оқыту мен тәрбиелеудiң ұлттық жүйесiн құруды бiлдiредi.

Білім беру – ұлттық сананы қалыптастыру мен дамытудың, мəдени-этностық, тілдік мүдделерді қанағаттандырудың бірден-бір құралы. Мектеп – қай халықтың болмасын ұлт ретінде жойылып кетуден қорғаны, төл мəдениеті, тілі мен салт-дəстүрін сақтап, одан əрі дамытудың алтын көпірі.

Қазақ мектебі халқымызды басқаларға сіңісіп кетуден сақтау, тіліміз бен ділімізді қорғап, дамытумен қатар жалпыадамзаттық құндылықтардың төл мəдениетімізден көрініс табуына, ұлттық асылдарымыздың əлемдік өркениетті байытып, оған ерекше қазақы рең қосуына қызмет етуі керек.

Ендеше Қазақстан үшін білім мазмұнын жаһандану мен ақпараттық өркениеттің талаптарына лайықтап, жаңа педагогикалық технология мен инновациялық қызметтің əлемдік деңгейін қамтамасыз ете отырып, оны қазақ халқының ұлттық рухани құндылықтарымен үйлестіре оқытып, тəрбиелейтін этностық-мəдени білім жүйесін дамыту бүгінгі күннің келелі мəселесі екендігі түсінікті.

Білім беру жүйесінен тікелей оқу орындарына көшетін болсақ, қазақ мектебі де аса маңызды төрт қызметті атқаруы керек:

Дидактикалық қызмет. Халқымыздың мың жылдан асатын философиясын, тарихын, мəдениеті мен əдебиетін жас ұрпақ ең алдымен оқу процесінде игеруі керек, бұл мəселелерді үйірмелік не сыныптан тыс жұмысқа жүктеп қоюға болмайды. Бізге, ең алдымен, сапалы білім керек.

Тəрбиелік қызмет. Арнайы жүргізілмегеннің өзінде де жақсы тəрбие ұлттық тəлім береді. Дегенмен, ұлттық сана-сезім, қазақы мінез-құлық, діл мен рухты оқушылар бойына сіңіру, жүрегіне ұялату арнайы ұйымдастырылған, кешенді əрі жүйелі түрде жүретін тəрбие жұмысын қажет етеді.

Бұл жердегі алтын арқау – мəдениеттің дəстүрлі құндылықтары. Көп жұрттан оқ бойы алда тұрған жапондықтардың өзі мектептеріне рухани биіктік пен мəдени тереңдік керек деп есептейді.



Əлеуметтік-мəдени қызмет. Қазақстанда қазақ мəдениетінің дамуына баса көңіл бөлінуі тиіс.

Біздің қазақ мəдениеті – халқымыздың мыңдаған жылдар бойғы асыл қазынасы, тыныс-тіршілігінің жəне өмір нəрінің қайнары. Əрине, оқыту мен тəрбиелеу сапасы ұлттық мəдениеттің даму дəрежесіне тəуелді, бірақ мектеп дидактикалық жəне тəрбиелік қызметтерін күшейте отырып, елдің əлеуметтік-мəдени өміріне де оң ықпал ете алады. Ол үшін ұзақ жылдар бойы идеологиялық құралға айналдырылған оқу-тəрбие орыны мəдениет институтына айналуы қажет.



Ағартушылық қызмет. Ұлтымыз бен жеке тұлғаның этностық-мəдени сұраныстарына педагогтік қолдау көрсету керек. Мектеп – əрбір ауыл, елді мекен мен қала ықшам аудандарының мəдениет ошағы. Ата-аналар да, басқа тұрғындар да өздерінің тілдік-мəдени мүдделеріне негізінен

мектептің ағартушылық қызметі арқылы қол жеткізеді. Бұл жұмыстың Қазақстан халқы бірлігін, еліміздің гүлденуін қамтамасыз етуде де маңызы зор.

Ұлттық мəдениетті сақтаудың кепілі ретінде қазақ мектебінің алдында тұрған аса зор жауапты міндет төл мəдениетіне уызынан қанған, өзге мəдениеттерді танып, əлемдік құндылықтарды игеру арқылы рухани баю мен дамуға бағыт ұстаған көпмәдениетті тұлғаны тəрбиелеу болып табылады.

Көпмәдениеттi тұлға, ең алдымен, тұтас дүниетанымға ие болуы қажет. Бұл мұндай тұлғаның дүниедегi, әлеуметтiк орта мен мәдениеттегi байланыстары мен қатынастарының күрделi, өзара байланысты және өзара астарлас сипатын көрсетуге мүмкiндiк беретiн бiлiмi мен бiлiгiнiң жүйеге қалыптасқанын бiлдiредi. Тұтастық – жоғары дамыған және тиiмдi оңтайланған дүниетанымның өлшемi.

Көпмәдениетті тұлға төл мәдениетін игеру шарт. Ол ұлттық тәрбие арқылы беріледі. Әр адамның жалпы адамзаттық құндылықтарға, әлемдік мәдениетке құштарланғанда табан тірер тұғыры − төл мәдениеті, өзгелердің өркениетіне тәнті болғанда − мақтаныш ететіні де ұлттық рухани қазына.

Ұлт мəдениетсіз өмір сүре алмайды. Мəдениет те ұлтсыз болмайды. Жойылып кеткісі келмеген қай ұлт болмасын ең алдымен мəдениетін сақтап, дамытып, туындатып отыруы керек. Төл мəдениетін қорғамайтын ұлт – ертеңін ойламайтын ұлт.

Мəдениеттің де басты қызметі – этносты қорғау, сақтап қалу. Себебі мəдениет − этностың қуат өрісі, панасы, бар болмысы, тыныс-тіршілігі. Айналып келгенде, этносты қанша көп болса да адамдар емес, мəдениет қана сақтай алады. Мəдениет арқылы халық өзінің тарихи тағдырынан тамырын үзбейді. Ұлттық мəдениет − этностық құндылықтар, рəміздер мен наным-сенімдердің, мінез-құлық үлгілерінің құр əшейін жиынтығы емес, сол ұлттың рухани өмірінің басқаларға ұқсамайтын кескін-келбеті.

Көпмәдениетті тұлға болу үшін тілдік сана қажет. Тіл – дүниеде адамзатқа ғана тəн баға жетпес қасиет. Онсыз адам хайуанмен тең. Ана тілі – əр адамның өз ұлтының жан-дүниесі мен мəдениетінен, ғасырлар бойы жиған рухани азығынан нəр алатын кіндік тамыры. Онсыз адам – мəңгүрт.

Ұлттық тіл – əр халықтың өзіндік ой-санасы мен парасатын, бүкіл болмыс-тіршілігі мен сезім-түсінігін ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін күретамыр. Онсыз халық – аты бар да, заты жоқ тобыр.

Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы [27].

Ана тілін, мемлекеттік және шетел тілдерін білу ғана дүниенің бар құбылысын, бояуын, әуенін санаға құюға мүмкіндік береді.

Тілдік сана негізінен әдебиет арқылы қалыптасады. Әуелі қазақ әдебиетін, сонымен қатар әлемдік әдебиетті білудің маңызы ерекше болмақ. Әлемдік әдебиет қазақ тіліне толық аударылып болмағаны белгілі. Ол қазынамен таныс болу үшін алдымен орыс тіліне жүгінетініміз сондықтан. Соңғы жылдары классикалық әдебиетті, дәуір қаламгерлерінің шоқтығы биік шығармаларын қазақ тілінде меңгеруімізге қажетті жағдайлар жасалып келеді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағ­дарламасы бойынша әлем әдебие­тіндегі көркем шығармалардың жүзге жуық озық үлгілері қазақ тілінде жарыққа шықты. Егер әлем әдебиетімен таныс болу парасатты, мәдениетті, тәлімді адамды тәрбиелеуге ықпал етсе, қазақ әдебиетін білу мұның сыртында ұлтжандылық пен ұлттық мақтаныш сезімін асқақтататынын ұмытпауымыз керек.

Анасының әлдиімен айтылған бесік жыры – жас сәбидің құлағына шалынатын алғашқы әдеби нұсқа. Әжесі айтатын ертегі арқылы балдырған ауыз әдебиетінің үлгілерін санасына сіңіреді. Сол бесік жыры, сол ғажайып ертегі ұл-қызымызға қай тілде жетті, өз ұлтының қазынасы ма, мәселе осы арада. Ана тілінде бесік жырын естімей өскен адам этносының әдебиетіне де жете мән бермейді.

Бесік жыры – ұлт әдебиетіне баспалдақ болса, ұлт әдебиеті –әлемдік әдебиетке бастар жол. Қазақтың кейінгі ұрпақтары бесік жырын ана тілінде естімей өскендіктен кезінде мәңгүрттікке ұрынды. Асанқайғыдан бастап, Сұлтанмахмұтпен аяқталатын бес ғасырлық жыр дастан дүлдүлдерінің туындыларын окымай өскен ұрпақтың бойында ұлттық сезім кемшін түсіп жатты. Абайды әлемге енді танытып жатырмыз, ал өзіміз танып болдық па? Ендеше, тілдік сана көпмәдениеттіліктің бір белгісі екен.

Көпмәдениет иесі – тарихи сана белгілерін мол меңгерген адам. Айналып келгенде, тарихи сана – этностық және жалпы мемлекеттік сананың негізі. Ұлттық ой-сана, этностың мыңдаған жылдық аңыз-әфсанасы, бейне-белгілері, наным-сенімдері халықтың тарихын білу арқылы ғана ерекшеленеді. Туған жердің, онда өмір сүріп отырған халықтардың, бір кездегі жасаған мемлекеттердің шежіресін білу тарихи сабақтастықты, тамыр тереңдігін, талай жылдардан бері іргелес қоныстанған халықтар тағдырының ортақтастығын білдіреді.

Тарихты тану дәрежеміз, бұған дейін қалай болғаны белгілі. Әлемдік тарих бізге мәдениеттердің өзара ықпалының, этносаралық байланыстардың тарихы, сәулет пен қолөнердің тарихы ретінде емес, қанды шайқастардың, мемлекеттер қақтығысының, таптар күресінің тарихы күйінде оқытылып келгені өкінішті. Бір ғана мысал, жүйелеп оқысақ, «Ұлы Жібек жолы» тарихының өзі бізге талай өркениеттерден мағлұмат берер еді.

Осындай өркениеттердің ізі болып табылатын төл тарихымызды оқығанда ең алдымен мәдениет тарихына ерекше маңыз берілуі тиіс. Бұл пән әзірге орта мектеп бағдарламасынан орын ала алмай келеді. Жоғары оқу орындарына соңғы жылдары енгізіле бастаған ол көп мәдениетті тұлға қалыптастыру міндеттерін шешуге септігін тигізбек. Пән мәдениеттер тарихын, әлемдік және ұлттық философия, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар тарихын оқытудан бағытын жазбаса, рухани дамыған, сан қырлы мәдениетті меңгерген, әрі бағалай білетін адам-дарды тәрбиелеуге едәуір ықпал етпек.

Тарихи сананы қалыптастыру тарихи танымның дұрыс қалыптасуына тәуелді. Ал тарихты тану қазіргі деректерді білу ғана емес сол тарихи оқиғалар мен деректерді талдау арқылы ақиқатқа жету. Осы тұрғыдан келгенде Қазақстан тарихы әлі де болса толық танылмай жатыр десек, артық айтқандық болмаса керек. Бұған тарихты идеологияның құралына айналдырған кешегі кеңестік жүйенің негізгі себеп болғаны белгілі.

Жалпыадамзаттың асыл қазынаның ішінде ерекше мəн беріп, құрметпен аталуға тиісті – діни құндылықтар. Дін – халық рухының ажырамас бөлігі, этнос құраушы күретамыры, ұлттық мəдениеттің мəйекті бұтағы. Ол, сайып келгенде, ұлтжандылықты, ұлтішілік жəне елішілік бірлік пен ынтымақты уағыздайтын тəлім-тəрбие көзі. Дінге тек соқыр сенім немесе құлшылық ету түрінде қарау – үлкен қателік, себебі дін, ең алдымен, рухани құбылыс, адамгершілік-имандылық жəне эстетикалық тəрбиенің алып діңгегі.

Діни құндылықтардан ажырап, не айырылып қалған халықтың білімі шала, тəрбие ісі кемшін болады. Діни мəдениет інжу-маржандарын мансұқ еткен, не олардан хабары болмаған адамның тұлға ретінде, ұлтжанды, өнегелі адам ретінде толыққанды өсіп, дамуы қиын. Дін, діни сенім мəселесінде талай жыл теперіш көріп, рухани жұтаңдыққа əбден бой алдырған қазақ халқы үшін мұны ескермей болмайды. Тəуелсіздікпен бірге дініміз де оралды, мұсылмандық парызын өтеуге ұмтылушылар саны күрт өсті, ислам дінінің имандылық-əдептілік, тəлім-тəрбиелік оң əсері күшейді. Əрине, Қазақстанда мектеп діннен бөлек, бірақ ол мейірбандық, кішіпейілдік, имандылық сияқты ізгі қасиеттердің өтпелі кезеңдегі қоғамымызда көбейіп кеткен адамзатқа жат қылықтардың жолын кесіп, ар-ұят, обал-сауап, адал-арам т.б. мұсылмандық нормалардың төрден орын алуына қызмет етуі, сөйтіп, өзіне тəн, əрі заңды жолдармен жеке тұлғаның діни санасының қалыптасуына өз үлесін қосуы – үлкен əлеуметтік-мəдени міндет.

Дінді саясаттандыруға болмайды. Балалар мен жастардың бойында елімізге сырттан енуші түрлі радикалды ағымдарға қарсы әрекет ете алатын дағдылар қалыптастыру – маңызды міндет. Ислам фундаментализмі деген мен діни экстремизмге берік тосқауыл қою аса маңызды, олардың нағыз ислам дініне үш қайнаса сорпасы қосылмайтындығын түсіндіре де, көрсете білу керек. Бұл істе де мектептің рөлі зор. Ислам – адамзат рухани əлемінің кəусар бұлағы.

Ерекше мəні бар тағы бір мəселе – жастардың əлемдік дін тарихын білуі. Ол елімізді мекен ететін көптеген халықтардың адамгершілік мүдде-мақсатының, рухани ұмтылыстарының, əдептік-əсемдік талғам-талаптарының ортақтығын көрсетеді. Өзара түсіністік пен төзімділік мəдениетін құқықтық жəне имандылық тұрғыдан қамтамасыз ету, қоғамда əр түрлі діни сенімді ұстанушыларға байсалды көзқарас қалыптастыру – білім беру саласы мен ұйымдарының маңызды ісі.

Əлемдік қоғамдастықтардың тұтастығы ұлғайып, жаһандану процесі бел алып, ұлттар мен этностардың əлеуметтік-мəдени өмірін үйлестіру процесі қарқынды жүріп отырған қазіргі таңда жан-жақты мəдениетті тұлға айқын географиялық санамен, ғаламдық, экологиялық санамен, сонымен бірге туған өлке, кіші отан, туған жер, туған шаңырақ санасымен қарулануы тиіс. Отбасы – этностың бірден-бір əлеуметтік тиянағы, туған ел – алтын бесігі, Отан – анасы.

Шын мәнінде көпмәдениетті адам болу үшін планеталық, ғаламдық, экологиялық саналар деңгейіне самғаумен бірге, кіндік кескен жер, туған өлке, Отан, өз шаңырағын қастерлеу сезімімен қатар тыныстау парыз. Халық «Жеріңнің аты – тарихтың хаты» деп тегін айтпаған. «Ұлытау», «Ордабасы», «Орбұлақ», «Оқжетпес» деген сөздерге селт етпейтін, оларды тек жер-су атаулары ретінде ғана қабылдайтын қазақты, тіпті ол Ниагара сарқырамасының биіктігін, Па­нама каналының ұзындығы мен енін, Оймяконның ең төменгі температурасын жатқа айтып тұрса да, қалай ғана мәдениет иесі дерсің?

Егемендік алғаннан бері бабалар жерінің байырғы атауларын қайтару үшін көп жұмыс тындырылды. Бір кезде елімізге қоныс аударғандар өздері үдере көшкен мекенінің атауларын да қазақ жеріне «көшіріп әкелді», кешегі тың төсіне қадалған әрбір қададағы жат атаулар кезінде жергілікті жұрттың келісімінсіз республика картасын мүлдем өзгертіп жіберді. Компартия көсемдері мен қайраткерлерінің есімі берілмей қалған ауданды, ауылды табу қиын еді. «Бәленбайыншы партсъезд», «КСРО-ның түгенбайыншы жылдығы» деген бір қалыптан шыққан елді мекендер қаптады.

Ақмола мен Ақтау, Атырау аттарын қайтару, Ермак атынан арылу үшін айтыс ұмытыла қойған жоқ. Тарихи атауларды қайтарып алып жатырмыз. Ақиқатына келсек, бұл жөнінен ешбір талас болмауы тиіс. Әрбір этнос өкілдері мектеп партасында отырған кезінен елдің, жердің тарихын, байырғы атауын біліп өссе, мұндай түсінбестік орын алмас та еді. Өкінішке орай, мектепте ұстаздар, отбасында ата-аналар ұл-қызға мұндай тәрбие беруге аз көңіл бөледі.

Жұмыр жердегі еліңнің, ел ортасындағы туған жеріңнің орнын, қасиетін, шежіресін білу – географиялық сана ұғымының негізі болмақ. Географиялық сана елтану, этнография, экология пәндері арқылы да дариды. Аталған пәндер этнос пен мәдениет проблемаларымен өрістес болғандыктан, мәдени-этностық оқыту мен тәлім-тәрбие ісінде ерекше маңызға ие.

Рухани әлемі бай адам ғаламдық экология мен Қазақстан экологиясын табиғи ұштастыруға бейімді. Әрбір отандасымызға туған жерді – ортақ үй, Қазақ елін ортақ Отан ретінде сезіну, атамекен мен ел табиғатын аялап, қызғыштай қорғау қасиеттерін дарыту мақсатында жаратылыстану ғылымдарын оқыту мәселесіне көңіл бөлу керек. Бұл пәндерден дәріс беруде елімізге қатысты құбылыстарға баса назар аударып, осы ғылым салаларын дамытудағы қазақстандық ғалымдардың үлесіне ерекше тоқталудың пайдасы айтарлықтай. Шынайы ұлтжандылық, халық үшін мақтаныш сезімдері осыдан туындайды.

Бұл сананы география ғана емес, сонымен қатар елтану, этнография, экологиялық пəндер де қалыптастырады, өйткені бұлар мағыналық бағыттылығы жағынан этнос пен мəдениет проблемаларымен, этностық-мəдени білімге тəн сақтау қорғау дəстүрімен өзектес болғандықтан да ерекше маңызға ие. Əңгіме ғылым мен білімнің мəдениет экологиясы, этнос экологиясы, адам экологиясы, жан дүние экологиясы, адамгершілік экологиясы, тағы сол сияқты жаңа бағыттары туралы болып отыр. Экологиялық сана өмірге, қоршаған орта мен табиғатқа, жалпы биосфераға құрметпен қарау, оларды қорғау арқылы қалыптасатын болса, тұлғаның этностық экологиялық санасы отбасының, қауымдастықтың, социумның, əсіресе мектептің əрбір ұлттың тілдік-мəдени ерекшеліктерін қастерлеп, сақтап, дамытуға бағытталған əрекеттері нəтижесінде тəрбиеленеді.

Экология – кеңінен алғанда тіршілік иелері мен əр түрлі қауымдастықтардың қоршаған ортамен қарым-қатынасы туралы ғылым, олар үшін залалы мол техникалық-техногендік процестерге қарсы ұстаным болса, этнос экологиясы – жеке тұлға мен біртұтас халықтың тілдік-мəдени ерекшеліктерін сақтап, дамыту туралы ғылым, халықтың бүгіні мен ертеңі үшін зардабы мол бір ұлттың басқа ұлттарға сіңісіп кетуі, мəңгүрттенуі, немесе басқа əлеуметтік-мəдени ортадан оғаштануына жол бермеуге бағытталған іс-əрекет жиынтығы. Жеке тұлға өзін ең алдымен өз халқының бір бөлшегі, содан соң Қазақстан азаматы, бұдан кейін əлемнің азаматы ретінде сезінетін болуы тиіс.

Көпмəдениетті тұлға барынша айқын көркемдік-эстетикалық сананың иесі де болғаны дұрыс. Оған ұшқыр қиял мен нəзік сезімнің, əсемдікке құштарлық пен əдемілікті бағалай білетін қасиет, шығармашылық қабілет жат болмауы керек. Ұлттық тұрмыстың, кәсіптің, мереке-мейрамдардың, киім-кешектің, салт-сананың өзіндік бітімі мен құдіретін ұғынуы да қажет.

Тұлғаның сондай-ақ дүниені көркемдікпен игеріп, дамытуға бағытталған рухани-тəжірибелік қызметінің ерекше санасы болып табылатын өнерге бейімделуінің маңызы зор. Оның ішінде халықтың танымын, мінез-құлқын, салт-дəстүрін, жан дүниесі мен тұрмысын бейнелейтін ұлттық өнерге құрсақтағы кезінен бастап қанығып, терең бойлауы қажет. Қазақтың, басқа да қазақстандық этностар мен этностық топтардың ұлттық мəдениеті мен өнерін терең ұғыну, қадірлеп-қастерлеу тұлғаның əлемдік құндылықтарды игеруіне, рухани баюына жол ашуы өте маңызды.

Мектеп оқушының көркем талғамын, өнер туындыларын түсіне алатын қабілетін тəрбиелеуі керек. Олар, бірінші кезекте, саз-әуен мен кескіндеме пәндері, күнделікті өмірдегі театр, кино, теледидар, компьютер мен көркем әдебиет, көркемөнерпаздар үйірмелері арқылы дариды. Көркемдік-эстетикалық сананың ерекшелігі – оның өз болмысын əдетте көркем шығармашылық дағдыда: саз аспаптарында ойнағанда, əн шырқап, сурет салғанда, т.б. сəттерде айқын көрсетуінде. Сондықтан, ол этно-көпмəдениетті білім мақсаттарына барынша сай келеді. Оның қалыптасуы тұлғаға өз халқының мəдениетіне тікелей қатыстығын сезінуге мүмкіндік береді, ұлттық сəйкестілікке ерекше рең қосады.

Мектеп жан-жақты мəдениетті тұлғаны кемелдендіруші сананың бірі – оқушының құқықтық санасын қалыптастыруға тиіс. Оның негізгі бастауы –Қазақстан Республикасы Конституциясының əлеуетін барынша пайдалана білу аса маңызды. Тұлғаның құқықтық санасы Қазақстан заңдарын, сонымен қатар басқа нормативтік-құқықтық актілерін сақтау мен қолданудың бүкіл тəжірибесінен, сол секілді азаматтардың осы негізде бекітілген құқықтары мен бостандықтары сақталуының нақты жағдайынан туындайтынын да естен шығармау керек. Оқыту мен тəрбиелеу процесінде Конституциямыздағы құқық, əділеттілік жəне гуманизм идеялары кеңінен қолданылуы шарт.

Білім алушылардың құқық нормаларын, қоғамның құқықтық жүйесінде орын алатын заң мен процестердің талаптарын, өзінің құқықтары мен міндеттерін білуді, құқықты қамтамасыз етудегі жеке рөлін, заң бұзушылықпен күрестің тәсілдері мен құралдары туралы түсініктері болуы керек. Өзінің құықтық білімін күнделікті өмірдің нақты жағдайларында пайдалана білу дағдылары мен іскерліктерін қалыптастыру қажет.

Көпұлтты, көпконфессиялы елімізде жеткіншек ұрпақ ұлтжанды, отансүйгіш болып өсуі, мемлекеттің зайырлылығын жете ұғынып, оны қорғай білуіне қол жеткізген абзал. Олардың əр түрлі діни секталар мен діни экстремизмге заңды түрде қарсы тұра алатындай құқықтық даярлығы болуы қажет. Мектеп оқушыны қандай шиеленісті, күрделі мəселе болмасын конституциялық тəртіп шегінде, демократиялық жолмен шешуге тəрбиелеуге тиіс. Мұның əсіресе, Қазақстан халқының достығын нығайту мен мемлекеттің тəуелсіздігін бекітуде, көпмәдениеттілікке тəрбиелеуде маңызы зор.

Сонымен, патриоттық және азаматтық санасы жоғары, адамгершілікті, толерантты, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды меңгерген, салауатты өмір салтымен өмір сүретін, шығармашылық қабілетін жүзеге асыратын көпмәдениетті тұлғаны қалыптастырудың нәтижелі жолының бірі − оқу процесіндегі тәрбие компонентінің әлеуетін арттыру болып табылады.

Қорытынды
Әлемдік әлеуметтік-тарихи тәжірибе тәрбиенің басты мақсатын – қазіргі қоғамда ынталы әлеуметтік және кәсіби қызметке даяр, оның құндылықтарын қосуға және көбейтуге қабілетті, үйлесімді және жан-жақты дамыған тұлға қалыптастыру ретінде анықтауға мүмкіндік береді.

Тәрбие, оқытумен қатар, білім беру процесінің маңызды компоненттерінің бірі болып саналады. Бірін бірі толықтыра отыра, оқыту және тәрбиелеу бір мақсатқа – оқушы тұлғасының біртұтас дамуына қызмет етеді.

Оқушыны нақты пәнді оқыту процесінде тәрбиелеу проблемасы ешкім үшін жаңалық емес екендігі мәлім бола тұра, соңғы кездері біздің педагогикада қызу талқылануда.

Тәрбие – білім берудегі маңызды басымдық ретінде оқыту мен дамытудың ортақ процесіне кіріктірілген педагогикалық қызметтің табиғи құрамдасы болуы тиіс.

Осы әдістемелік ұсыныстар сабақтың тәрбиелік, дамытушылық және дидактикалық әлеуеттері білім берудің жаңа мақсаттары мен мазмұны тұрғысынан қарастырылады.

Білім берудің тұлғалық парадигмасына сәйкес кез-келген пәнді оқытудағы тәрбиелік мақсат – оқушылардың зерттелетін білімдерге жеке қатынас құндылықтарын тәрбиелеу және мазмұнынан адамгершілік құндылықтарын бойына сіңіру. Оқыту процесінде тәрбиелеу білімге мағынаны қоса беру қабілеттерін дамытуға бағытталған мұғалім мен оқушының бірлескен әрекеті ретінде қарастырылады.

Кез-келген сабақтың үлкен тәрбиелік әлеуеті бар, сондықтан балаға тәрбие беруде мұғалімге зор жауапкершілік жүктеледі. Әдістемелік тұрғыда дұрыс құрылған сабақтың әр кезеңі тәрбиелейді, материалды өзекті, талап етілген, қызықты етуге мүмкіндік береді.

Авторлар сабақ – бір жағынан, оқытудың психологиялық-педагогикалық заңдылықтарына, екінші жағынан, білім беру стандарттары талаптарына сүйенетін мұғалім шығармашылығы деген қорытындыға келді. Мұғалім сабақта оқушылардың шығармашыл, өзіндік оқу әрекетін ұйымдастыруы және оқытудың «белсенді» әдістері мен түрлі әдістемелік тәсілдерді, арнайы ұйымдастырылған қарым-қатынасты қолдану арқылы меңгеру процесіне жетекшілік жасауы тиіс. Оқу материалы әр оқушының белсенді ойлау және практикалық іс-әрекетінің нысаны болған жағдайда ғана білім тиімді игеріледі.

Әдістемелік ұсыныстарда педагогикалық процестің құрамдас бөлігі ретінде тәрбиенің маңызды рөлі көрсетілді, оқу пәндерінің мазмұнында тәрбиелік компонентін күшейтудің психологиялық-педагогикалық мүмкіндіктері ашылды. Жалпы білім беретін мектептердің тәрбие әлеуетін дамыту және іске асыру деңгейінің көмегімен анықталған және бағаланған өлшемдер мен көрсеткіштер әдебиеттерді талдау, білім беру саласындағы нормативтік-құқықтық құжаттарды зерттеу, оқушылар мен ата-аналардың педагогикалық іс-әрекетін зерттеу, жалпылау және диагностикалау негізінде анықталды (Б қосымшасы).

Қазақстан мектептеріндегі оқу-тәрбие процесін зерттеу және талдау негізінде қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық циклдары оқу пәндерінің тәрбиелік бағыттылығын күшейту бойынша нақты ұсыныстар әзірленгенін атап көрсетуге болады. Заманауи мектептегі оқу процесінде тұлғаның патриоттық сезімін, адамгершілік-эстетикалық және құқықтық мәдениетін қалыптастыру бойынша әзірленген ұсыныстар берілген.

Сонымен, ресми құжаттардың, ғылыми-педагогикалық және әдістемелік әдебиеттің, Қазақстан Республикасы білім беру ұйымдарының зерттеу проблемалары бойынша жұмыс тәжірибесінің талдау мектептердегі оқу процесінің тәрбиелік бағыттылығын күшейту үрдісін бөліп көрсетуге мүмкіндік берді:

– қазақстандық білім беру жүйесінде және қоғамда тәрбиенің әлеуметтік мәртебесін көтеру;

– мазмұндық, құрылымдық, технологиялық деңгейлерде тәрбие процесін жаңарту және сапалы жетілдіру;

– оқу процесін даралау және біріздендіру;

– тәрбиелеу мен оқыту процесінде демократиялық стильді дамыту және т.б.

Тұлғаның қалыптасуында оқу орындары жетекші рөл атқарады. Әрбір оқушы ұзақ уақыт бойы оқу және тәрбиемен қамтылған. Бұл оның ержету және әлеуметтену кезеңі. Бұл жерде оқу процесі маңызды орын алады. Дегенмен, қазіргі социумда тұлғаның әлеуметтенуі үшін ғылым негіздері бойынша білімімен қатар, белгілі бір сапалар да қажет. Бұл сапаларды қалыптастыруда оқу процесі тәрбие компонентінің маңызы зор. Сондықтан, ұсынылып отырған әдістемелік құралда оқу процесінің тәрбиелік әлеуетін көтеру жолдары қарастырылды.



Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Назарбаев, Н.Ә.: «Қазақстан – 2030: барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» Қазақстан халқына Жолдауы/ Н.Ә. Назарбаев // Егемен Қазақстан. – 1997 жыл.

2. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы // Егемен Қазақстан. – 2007 жыл. – 27 шілде.

3. Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы» Заңы // Егемен Қазақстан. – 2002 жыл. – 8 тамыз.

4. Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жастар саясаты туралы» Заңы // Егемен Қазақстан. – 2004 жыл. – 7 шілде.

5. Барлық білім беру ұйымдарында оқыту процесінің тәрбиелік
құрамдасын күшейту жөніндегі үлгілік кешенді жоспары / Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 29 маусымдағы № 873 Қаулысы // ресми мәтін. – Астана, 2012.

6. Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасы / Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің


2009 ж. 16 қарашадағы №521 бұйрығы // ресми мәтін. – Астана, 2009.

7. Назарбаев, Н.Ә.: «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» Қазақстан халқына Жолдауы/ Н.Ә. Назарбаев // Егемен Қазақстан. – 2012 жыл – 27 қаңтар.

8. Степанов, Е.Н. Лузина Л.М. Педагогу о современных подходах и концепциях воспитания. – М.: ТЦ Сфера, 2003. – С. 51-61.

9. Кусаинова, Ж.А. Проблемалық оқыту – оқушылардың ойлау қабілеттерін дамытудың тиімді жолдары. /Ж.А.Кусаинова.// rusnauka.com/3_ANR_2013/Pedagog.

10. Назарбаев, Н.Ә.: «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Қазақстан халқына Жолдауы/ Н.Ә. Назарбаев // – 2007 жыл – 28 ақпан.

11. Тулеутаева, Г.Қ. Қазақ әдебиеті пәніндегі шығармалар арқылы патриоттық сезімді қалыптастыру./ Г.Қ. Тулеутаева.// collegy.ucoz.ru/publ/54-1-0-564


12. Мүтәлі, Ә.Қ. Шет тілін оқыту үдерісінде оқушыларды елжандылыққа тәрбиелеу./ Ә.Қ. Мүтәлі. // Түркістан. // kk.convdocs.org/docs/index-11.html k.

2008.


13. Сейтақов, А.С. Өзін-өзі тану пәнін оқыту ерекшеліктері./
А.С. Сейтақов.//bobek.kz.

14. Арғынов, А.Х. Балаларға арналған кітаптар мен анимациялық фильмдердің сюжеттері мен кейіпкерлерін қолдану арқылы жасалған бала құқықтарын оқыту жөніндегі әдістемелік нұсқаулық. / А.Х. Арғынов,


Р.А. Жұмақанова. – Алматы: Азаматтық білім берудің ғылыми-ақпарат орталығы. – 2009.

15. Тарихты оқыту әдістемесі пәні бойынша 050114 «Тарих»мамандығына арналған қолданыстағы оқу бағдарламасы: 2009-2010 оқу жылы / ҚМПИ. // kspi.kz›files/umo/tarih_.

16. Кондрашова, Е.А. – М.: ГБОУЦО №1830 / Е.А. Кондрашова.// E.Kondrashova 72@ mail.ru.

17. Қазақстан Республикасының 2004-2015 жылдарға арналған экологиялық қауіпсіздігі тұжырымдамасы // Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 3 желтоқсандағы №1241 жарлығы // Егемен Қазақстан. – 2003 ж. – 10 желтоқсан.

18. Аверина, Е.В. Антинаркотическое воспитание в школе// Е.В. Аверина. – Педагогика, 2002. №1. – С.56-60.

19. Айсмонтас, Б.Б. Педагогическая психология/сборник лекций. Московский городской психолого-педагогический университет/Б.Б. Айсмонтас/[http://www.ido.edu.ru/psychology/pedagogical_psychology/index.htm].

20. Оржековский, П.А. Обучение химии, ориентированное на выполнение требований нового образовательного стандарта основной школы. / П.А. Оржековский, Г.Л. Маршанова. – Сб.научных трудов, МИОО. 2009.

21. Джуринский, А.Н. Зарубежная школа: современное состояние и тенденции развития./ А.Н. Джуринский. – М.: 1993. – С.45-48.

22. Воспитание в современной образовательной среде: Материалы региональной научно-практической конференции / отв. ред. И.В. Васютенкова. – СПб.: ЛОИРО. – 2011. – 448 с.

23. Концепция модернизации российского образования на период до


2012 года// Бюллетень МО РФ. – М., 2012. – № 2. – С. 2-31.

24. Сухомлинська, О.В. Ідеі громадянськості й школа в Украіні /


О.В Сухомлинська. – Шлях освіти, 1999. – № 4. – С. 21-25.

25. Мектеп педагогикалық ұжымының оқушы отбасымен байланыс орнатудың психологиялық-педагогикалық негіздері. / www.diplomkaz.kz. /




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет