Мәлік Ғабдуллин Қазақ халқының ауыз әдебиеті


Батырлар жырының халықтық сипаты



бет47/89
Дата23.12.2023
өлшемі0.68 Mb.
#487655
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   89
1ТОМ. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ-2014. т

Батырлар жырының халықтық сипаты
Ауыз әдебиетінің, соның ішінде батырлар жырының, халықтығы деген мәселені бірінші болып көтергендер орыс халқының революцияшыл ұлы демократтары Белинский, Добролюбов, Чернышевский еді. Бұлардан кейін бұл мәселеге ғылми мән берген адам А.М.Горький болды. Ол әдебиеттің халықтығы деген мәселені қалай ұғынатынын батырлар жыры жөнінде жазған еңбектерінде де көрсетті. М.Горький ауыз әдебиетінің, соның ішінде батырлар жырының, қоғам өмірімен, халықтың тарихымен, оның дүние танудағы көзқарасымен байланысты туғандығын айта келіп, ауыз әдебиетін тудырушы еңбекші халық деп қортынды жасады. Бұл пікірін ол Ф.Энгельстің, В.И.Лениннің әдебиет туралы айтқан даналық пікірлеріне сүйене отырып дәлелдеді119.
М.Горький ауыз әдебиетінің (соның ішінде батырлар жырының) халықтығы деген мәселені XX ғасырдың бас кезінде ғылыми дәрежеде көтере бастады. Бұған сол кезде орыс әдебиетін зерттеген кейбір буржуазияшыл ғалымдардың халық әдебиетіне жала жабуы себеп болды. Мәселен, В.Миллер, Овсянико-Куликовский, В.А.Келтуяла дегендер: «Ауыз әдебиетін, батырлар жырын халық тудырған жоқ, оларды жоғарғы тап, яғни үстем тап, тудырды», – деді. Бұл жөнінде В.А.Келтуяла былай деп жазды: «Орыстың ертедегі ұлттық мәдениетін, орыстың ертедегі әдебиетін тудырған халық емес, оны сол халықтың ең жоғарғы тобы, билеуші табы тудырды»120. Сөйтіп, олар ауыз әдебиетін тудырушы үстем тап деп жариялады.
Буржуазияшыл ғалымдардың мұндай теріс пікіріне, тарихи шындықты бұрмалауына қатты соққы берген, оларды әшкерелеп сынаған, халық әдебиеті үшін күрескен адам А.М.Горький болды. 1908 жылы А.М.Горький «Даралықтың күйреуі» («Разрушение личности») дейтін тамаша еңбегін жазды. Бұл еңбегінде ол барлық материалдық және рухани байлықты жасаушы еңбекші халық екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп көрсетті. М.Горький ауыз әдебиетін тудырушы да еңбекші халық екенін айта келіп, дүние жүзілік әдебиетте жасалған Прометей, Сатана, Геракл, Святогор, Илья, Микула секілді ең күшті образдар халықтың коллективтік творчествосының жемісі екендігін дәлелдеді.
М.Горький бұл пікірін кейінгі кезде жазған еңбектерінде, әсіресе Совет жазушыларының Бүкілодақтық I съезіне жасаған баяндамасында (1934), тереңдете айтады. Ауыз әдебиетін, батырлар жырын тудырушы халық екендігін дәлелдейді; халық өзінің батырлар жырында өткендегі қоғамдық өмірін, тұрмыс-күйін, әлеуметтік көзқарасын, жақсы болашақ үшін күресін, коллективтің мол күшін, халық бұқарасының арман мүддесін көрсете білді деп қарайды. Сөйтіп, ол ауыз әдебиетінің, батырлар жырының шығарушысы халық деп ғылми дұрыс қорытынды жасайды. (Әрине бұдан батырлар жырын тек халық қана тудырады, үстем таптың оған қатысы, қабілеті болмайды деген ұғым тумайды).
Батырлар жырын тудырушы халық десек, енді сол жырлардың халықтық сипаттары қандай болмақ? Бұл сұраудың да жауабын марксизм-ленинизм классиктерінің, орыс халқының революцияшыл ұлы демократтарының және А.М.Горькийдің еңбектерінен табамыз. Олардың айтуынша, қоғам өмірінен, халық бұқарасының тұрмыс-тіршілігінен оқшау тұратын батырлар жыры болмайды. Батырлар жыры қай кезде болса да белгілі бір таптың идеясын, арман мүддесін, қоғамдық көзқарасын білдіріп отырады. Батырлар жыры халықтың тұрмысында, тарихында болған елеулі оқиғаларды көркеи образ арқылы жинақтап бейнеледі және ол оқиғаларды халық өзінше бағалайды, өзінің көзқарасын білдіреді. Қоғам өмірінде материалдық игіліктерді, рухани мәдениетті, тарихты жасаушы, оларды алға бастырушы негізгі күш – халық деп үйретеді.
Бұл айтылғандар батырлар жырының халықтық сипатын ұғынуымызға толық мүмкіндік береді. Оны мынадан байқауға болады. Біз жоғарыда қазақтың батырлар жыры өткендегі тарихи оқиғаларды жырлау негізінде туды дедік. Ол оқиғаларды халық жырының бағалауы бір басқа да, феодалдық жырдың топшылауы, бағалауы екінші түрде. Аталған оқиғаларды феодалдық жырлар үстем таптың, халықты езушілердің тұрғысынан бағалайды. Феодалдар мен хандар өздерінің халықты езуін, шапқыншылық, ел талағаштық, қанқұмарлық іс-әрекеттерін «ерлік» деп жырлайды. Сондай-ақ, феодалдық жырлар көбінесе жеке адамдардың істерін суреттеуге, даралықты, жеке меншіктілікті дәріптеуге көңіл бөледі. Жеке адамдарды дәріптегенде, олардың көпшілік үшін атқарған қызметін айтып ардақтамайды, ат төбеліндей қанаушылардың қара басының даңқын көтеру үшін дәріптейді. Осы жолда олардың ел талағыштық, қанқұмарлық, шапқыншылық жорықтарын «ерлік» деп жырлайды, сөйтіп, тарихи шындықты бұрмалайды. Бұған «Ер Сайын» жыры мысал болады.
Ал халық тудырған батырлық жыры қоғамдық мәселелерді, ең маңызды тарихи оқиғаларды көпшілік бұқарасының тұрғысынан бағалап жырлайды. Халықтық жырлар аталған мәселелерге сын көзімен қарай отырып, оған өзінің таптық көзқарасын, бағасын білдіреді. Бұл алуандас жырлар халық бұқарасының күш-қуатын, арман-мүддесін, күресін бейнелеуге мән береді, тарихи шындықты бұрмаламай, оны сақтауға тырысады. Халық жырларында жеке адамдардың мүддесінен гөрі көпшілік мүддесі, халық бұқарасының арман-тілегі баса жырланады. Және адамдар бұқара көпшіліктің арман-мүддесі үшін күресуші, соны жүзеге асырушы ретінде ғана алынады. Олар халықты езушілерге қарсы күрес жүргізеді, еңбек адамын азаптан, құлдықтан, ауыр өмірден құтқару үшін, халықты шаттық-бақытқа жеткізу үшін әрекет етеді, сол үшін алысады. Мұның мысалын «Қобыланды батыр» жырының Мергенбай, Нұрпейіс, Біржан, Есмұрат, Мұрын, Айса айтқан варианттарынан, «Қамбар батыр» жырынан айқын көруге болады.
Халықтың жырларында халық бұқарасының ел қорғаудағы арман-мүддесі айқын суреттеледі. Онда батырлардың міндеті: бөтен елді талап алуға әрекет етпеу, өз еліне басқыншылар шабуыл жасай қалса, оған қарсы аттану, адал еңбек ету, халыққа қамқор болу екендігі көрсетіледі. Халықтық жырлардағы батырлар қара басының даңқы үшін емес, көпшілік үшін, халық үшін қызмет атқарады. Халықтық жырлар ел талау, бөтен елге шабуыл жасау т.б. дегендерді жиренішті түрде сынап отырады. Мұндай әрекеттердің халық тілегіне жанаспайтындығын дәлелдейді, ел мен елдің арасында достық-қатынас орнауын, тыныштық болуын көздейді, соны аңсап арман етеді. Осы жолда еңбек еткен, сол үшін күрескен батырларын ардақтайды, ал бұған керісінше әрекет жасағандарды сынайды.
Егер феодалдық жырлар әлеуметтік теңсіздікті, тап тартысын жоққа шығаруға тырысса, тіпті оларға мән бермесе, халықтық жырлар бұл аталған мәселелерге де өзінің көзқарасын білдіріп отырады. Қанаушылардың жауыздық істерін жиренішті түрде әшкерелейді.
Бұл айтылғандардың бәрі халық тудырған батырлар жырына тән қасиеттер, олардың халықтық сипаты да осыларға байланысты.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   89




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет