Мәлік Ғабдуллин Қазақ халқының ауыз әдебиеті



бет6/89
Дата23.12.2023
өлшемі0.68 Mb.
#487655
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   89
1ТОМ. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ-2014. т

Ауыз әдебиетінің мәні
Халықтық ортада туған ауыз әдебиетінің мәні өте зор. Ең алдымен ол халықтың өткендегі өмірі, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, дүние танудағы көзқарасы, арман-мүддесі, таптық күресі т.б. жайлары қандай болғанымен таныстырады, бұл жөнінде көптеген мәліметтер береді. Бұларды ол әдебиеттік суреттеу арқылы елестетеді.
М.Горький Совет жазушыларының бүкілодақтық бірінші съезінде жасаған баяндамасында: «Халықтың ауыз әдебиетін білмейінше, еңбекші халықтың нағыз тарихын білу мүмкін емес»8 – дейді. Халықтың өткендегі тарихын түсінуіміз үшін ауыз әдебиетінің мәні зор екендігін атап көрсетеді. Демек, ауыз әдебиеті өткен өмірді, «халықтың психологиясын», оның «арман-мүддесін» білуімізге аса керекті материалдың бірі болып табылады.
Халықтың ауыз әдебиетінің өз кезінде, жастарға идеялық тәрбие беру ісінде, айрықша мәні болған еді. Халықтың ертегілері, аңыз-әңгімелері, мақал-мәтелдері, басқыншы жаудан ел қорғау жолында ерлік жасаған батырлар жайында шығарған жырлары т.б. адал еңбекті, халыққа қызмет етуді, халықтың жауларына қарсы күресуді, езілген еңбекшіге болысып, жәрдемдесуді жырлайды. Бұл жолда халыққа адал ниетімен қызмет атқарған адамдарды ардақтайды, олардың ісін кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге етеді. Осы идеясын жүзеге асыру үшін ауыз әдебиетін аса зор мәні бар құрал ретінде пайдаланады. Мұнымен қатар жағымсыз мінез-құлық, іс-әрекеттерді халықтың ауыз әдебиеті жиренішті түрде суреттей отырып, олардан безуді, жек көре білуді үйретеді.
Ауыз әдебиеті жалпы әдебиет тарихынан да елеулі орын алады. Ол өзінен кейін туған көркем әдебиетке көп әсер етті. Сюжет құру, образ жасау, тіл байлығын пайдалана білу т.б. жөнінде ауыз әдебиеті көркем әдебиетке негіз салды. Бұл ретте де ауыз әдебиетінің мәні зор болды.


Ауыз әдебиеті туралы К.Маркс пен
Ф.Энгельстің пікірі
Еңбекші халықтың көп ғасыр бойы жасаған ауыз әдебиетін Маркс пен Энгельс аса жоғары бағалады. Олар ауыз әдебиеті халықтың қоғамдық өміріне, тұрмысына, тарихи жағдайларына, таптық күресіне байланысты туатындығы жөнінде тамаша пікірлер айтты. Олар ауыз әдебиеті де белгілі бір таптың құралы, таптық сананы білдіретіндігін және таптық тілектен тысқары ауыз әдебиеті болмайтындығын дәлелдеп берді.
Карл Маркс халықтың ауыз әдебиетін қызыға тыңдаған, терең оқып танысқан, сонымен қатар, ол жөнінде құнды пікірлер айтқан. Жалпы көркемөнердің, соның ішінде ауыз әдебиетінің, қоғам өмірінде алатын орны, даму кезеңдері қандай деген мәселелерге К.Маркс айрықша көңіл бөледі, көркемөнер экономикалық және қоғамдық дамудың жемісі, соның нәтижесі деп қарайды. Ол ауыз әдебиетінің қалыптасуына, өркендеп өсуіне экономиканың, қоғамның дамуы аса көп әсер етеді деп көрсетеді. Сонымен қатар, қоғамның дамуына, алға басуына кей кезде көркемөнердің де ықпалы болатындығын айтады.
«Саяси экономияның сынына кіріспе» деп жазған еңбегінде К.Маркс ауыз әдебиетіне қатысы бар күрделі үш мәселеге көңіл аударады. Оның айтуынша, қоғамның дамуы төменгі сатыда тұрған кездің өзінде де көркемөнердің жоғарғы дәрежеге көтерілген кезеңі болады. Көркемөнердің белгілі бір кезеңдегі өркендеуі қоғам дамуының дәрежесіне сай келмейді, қайта одан озық болады деп көрсетеді. Бұған ол гректердің ертедегі көркемөнері қоғам дамуына әлдеқайда ілгері болғандығын мысал етеді9
Екіншіден, Маркстің айтуынша, көркемөнердің барлық түрі бірден қалыптасып ұлғайып кетпейді. Көркемөнердің «аса күрделі маңызы бар кейбір түрлері жалпы көркемөнер дамуының дәрежесі төменгі сатыда тұрған кезінде де болуы мүмкін», – дейді. Бұған ол гректердің эпосын мысалға алады. Грек эпосы сол кездегі көркемөнердің тамаша бір үлгісі екендігін айта келіп, бұл эпос мифологияға байланысты туғандығын көрсетеді. Ал мифологияны Маркс «мифтік теорияны» шығарған идеалистерше түсіндірмейді, оған материалистік анықтама береді. «Мифтік ұғымдардың қандайы болса да адамның қиялынан туады, табиғат сырын түсінбеген адамдар сол сырды әр түрлі мифтер арқылы ұғынбақ болады, бертін келе, адам баласы табиғатты өзіне бағындырып алған кезде, оның сырына түсінген шақта ескі мифтік ұғымдар жойылады», – дейді.
Үшіншіден, Маркс ескі грек көркемөнерін, грек эпосын жоғары бағалай отырып, ертеде туған көркемөнер үлгілерінің мәні зор екендігін, көркемдік әсер беретінін айтады. «Ересек кісі қайтадан бала бола алмайды, бірақ ол жас баланың адал, аңқау қылығына қуанып, сүйсініп отырады», – дейді. Мұны айтумен ол ертеде жасалған көркемөнердің кейбір түрлеріне бергі кезде, яғни қоғам өмірі алға басқан, дамыған кезде де, қызығып қараушылық болатындығын білдіреді. Көркемөнердің өркендеп, жоғары дәрежеге жетуі ескі мәдениетті бағаламауға, оны жоққа шығаруға әкеп соқпайды деп қарайды.
Халықтың ауыз әдебиетіне Ф.Энгельс те айрықша көңіл аударып, оған өте зор мән береді. Маркс сияқты, Ф.Энгельс те ауыз әдебиетінің халықтың тұрмысына, қоғам өміріне, экономиканың дамуына байланысты туғандығын айтады. «Ертедегі адамдардың табиғат сырын, айнала қоршаған жаратылыс дүниесін түсіне алмай, олар жайында неше түрлі мифтік ұғымдар тудыруы және олардың ауыз әдебиетінен орын алуы – экономикалық дамудың төменгі сатыда болғандығынан» деп дәлелдейді10.
Ф.Энгельс ауыз әдебиеті үлгілерінен құралған «Немістің халық кітаптары» туралы жазған мақаласында ауыз әдебиетінің мәдени, тарихи, көркемдік мәнін айта келіп, оны саяси-әлеуметтік тұрғыдан қарастырады. Халық кітаптарының міндеті «күні бойы ауыр жұмыс істеп, арып-талып қайтқан шаруаның көңілін көтеру, ойын ояту, ауыр азабын ұмыттыру, оған өзінің тастақ даласын иісі жұпар аңқыған гүл бақшасы етіп көрсету»11 ғана емес, оның міндеті халықтың сана-сезімін, ықылас-жігерін, отанға деген махаббатын ояту, өзінің күш-қуатын, правосын, бостандығын аңғарту екендігін айтады. Осыған байланысты, ол халық арасында айтылып, пайдаланылып жүрген шығармалардың барлығы халықтық емес, оның бәріне сын көзімен қарау керектігін ескертеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   89




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет