М.Горький ауыз әдебиеті туралы
Еңбекші халықтың ауыз әдебиетіне айрықша көңіл бөлген, ол жөнінде ғылымдық мәні зор пікірлер айтып, еңбектер жазған адам Алексей Максимович Горький болды. Оның ауыз әдебиеті жайындағы көзқарасы орыс халқының революцияшыл ұлы демократтары Белинский, Чернышевский, Добролюбовтың және марксизм-ленинизм классиктерінің пікірлерімен ұштасып жатады.
Революцияшыл ұлы демократтар еңбекші халық тудырған ауыз әдебиеті – қоғамдық, таптық сананың жемісі, онда еңбекші бұқараның тұрмыс-тіршілігі, дүниеге көзқарасы, таптық күресі суреттеледі деп қарады. Халықтың ауыз әдебиеті әлеуметтік теңсіздікке, құлдық өмірге қарсы күресу жөнінде еңбекші бұқараның сана-сезімін оятуға жәрдемдеседі, соны бейнелейді деп дәлелдеді. Мұнымен қатар олар ауыз әдебиетінің көркемдік қасиетін жоғары бағалады. Және де ауыз әдебиеті арқылы халықтың өткендегі өмірін, тарихын елестетуге болады деді. Сондықтан да олар халықтың ауыз әдебиетін таптық тұрғыдан, қанаушы тапқа қарсы күресу тұрғысынан бағалауға айрықша мән берді.
Марксизм-ленинизм классиктері мен революцияшыл ұлы демократтардың халық творчествосы және әдебиет жайында айтқан пікірлеріне сүйене отырып, М.Горький ауыз әдебиетін бағалау, жинау, зерттеу жөнінде көп жұмыстар жүргізеді. Жас кезінде-ақ халық өмірін және оның ауыз әдебиетін сүйсіне тыңдап, жетік білген, одан нәр алған Горький еңбекші халықтың ауыз әдебиетін жоғары бағалайды. Ол дүниедегі барлық материалдық және рухани байлықты жасаушы – еңбекші халық деп түсінеді, ауыз әдебиетінің ең тамаша үлгілерін тудырушы да халық екендігін айтады. Бұл ретте ол, Октябрь революциясынан бұрынғы кезде, буржуазияшыл ғалымдардың ауыз әдебиеті жайында айтқан пікірлеріне қарсы шығады. «Даралықтың күйреуі» деген еңбегінде буржуазияшыл ғалымдардың ауыз әдебиетін теріс бағалауын және олардың «еңбекші халық ауыз әдебиетін тудыра алмайды, оны тек үстем тап адамдары ғана шығарады» деген пікірлерін әшкерелейді, соған қарсы күреседі. Ауыз әдебиетінің ең асылдарын туғызушы халық екендігін дәлелдейді. Ауыз әдебиеті туралы жазған еңбектерінде, айтқан пікірлерінде М.Горький ауыз әдебиетінің ең ескі түрлерінің өзі шаруа адамының күн көрісіне, еңбек ету процестеріне байланысты туғандығын анықтайды. Және де бертін келе, қоғам өмірінің, экономиканың ілгерілеп дамуына сәйкес ауыз әдебиетінің де өсіп отырғандығын, жаңа мазмұн, тақырып, түр алатындығын көрсетеді. Ауыз әдебиетінің халықтық, таптық сипатын ашады. М.Горький ауыз әдебиетін еңбекші халықтың коллективтік шығармасы деп қарайды. «Коллектив әр уақытта өзінің шығармасын идеялық және көркемдік жағынан жетілдіріп отырады, мәнерлейді, шырайландыра түседі»,-дейді. Бұған ол ауыз әдебиетінде жасалған неше түрлі тамаша образдарды мысал етеді. «Қаһармандардың көркемдік жағынан жетілген, ең терең, ең айқын кейіптері – еңбекші халықтың ауыз әдебиетінде жасалды»15, – дейді ол. Мұны ол коллективтің творчестволық күшін көрсететін факті ретінде келтіреді.
Горький сол әдебиетті жинау және зерттеу керектігіне де көңіл аударады, қамқорлық жасайды. Ол «социалистік реализм» туралы жазған мақаласында және Жазушылардың Бүкілодақтық бірінші съезінде жасаған баяндамасында ауыз әдебиетін жинау, зерттеу аса басты жұмыстың бірі екендігін ескертеді. «Тағы да айтам: сөз өнері ауыз әдебиетінен басталады. Ауыз әдебиетін жинаңдар, одан үйреніңдер, зерттеңдер. Ауыз әдебиеті Совет Одағының жазушыларына көп материал береді», – дейді. Ол қандай материал деген сұрауға Горький мынадай жауап қайырады: «Еңбекші халықтың ауыз әдебиетінен өткендегі тарихты, қанаушыларға қарсы еңбекшілердің жүргізген таптық күресін, өткендегі улы өмірдің жиіркенішті сиқын, халықтың арман-мүддесі қандай болғанын білеміз. Сондықтан да өткен заманды неғұрлым жақсы білсек, қазіргі заман ісінің ұлы маңызын солғұрлым терең түсінеміз», – дейді де, халықтың өткендегі ауыз әдебиетін бүгінгі күннің тілегінен, ертеңгі ұлы істеріміздің тұрғысынан қарастырып, сол тұрғыдан жинап, зерттеу қажеттігін көрсетеді. Екіншіден, ауыз әдебиеті халықтың тіл байлығын пайдалануда жазушыларға орасан көп материал екендігін айтады, сол байлықты жинап пайдалана білуге нұсқайды.
М.Горький Совет Одағындағы барлық халықтардың ауыз әдебиетін аса жоғары бағалаған адам. Ол Совет жазушыларының бүкілодақтық бірінші съезінде ұлт әдебиеттеріне айрықша көңіл бөле келіп, дағыстан халқының көрнекті жыршысы Сүлеймен Стальскийді ХХ ғасырдың Гомері деп бағалады. Сүлеймен секілді ақын, жыршыларға қамқорлық жасау, олардың шығармасын жинау, бастырып шығару, бір тілден екінші тілге аудару қажеттігін айтады. Горький қазақ халқының ауыз әдебиетімен де жетік таныс болған. Ол жазушы Сәбит Мұқановпен әңгімелескенде қазақ халқының ауыз әдебиеті өте көп, алтын қазына екенін ескерте отырып, сол мұраның асылдарын іріктеп алу, халықтың керегіне жарату қажет деп ақыл береді16.
Достарыңызбен бөлісу: |