Бесік жыры
Қазақ халқының ерте заманнан келе жатқан әдет-ғұрып салтының бәрі де оның ауыз әдебиетінен орын алған. Мұны ол ескі кездің елесі есебінде кейінгі жас ұрпаққа өлең арқылы жеткізген. Қазақтың ескі әдет-ғұрып, салтында елеулі орын алған нәрселердің ішінен аңыз-әңгіме, өлең-жырға қосылмағаны жоқ деуге болады. Адамның тууынан бастап, қартайғанға дейінгі өмірі, тұрмысында кездескен, басынан өткен жайларының бәрі де ауыз әдебиетінде суреттелген. Жаңа туған жас балаға арнап «шілдехана», алғаш рет жолға шықса, «тоқым қағар» деген секілді ырымдар жасалған. Осының бәрі ойын-сауық, өлең түрінде өткен және олар қазақтың жалпыға бірдей салтына айналған. Осындай салттан туған өлеңнің бір түрі – бесік жыры.
Жас баланы бесікке салуды қазақтар қуаныш етіп, тойлап өткізген. Мұны да ойын-сауыққа айналдырған. Онда айтылған өлеңдерден жас баланың дені сау, ер-азамат болып өсуін халықтың тілейтіндігі де көрініп отырады. Кейіннен, бесіктегі жас баласын тербете отырып, аяулы ана көңіліндегі ой-арманын, жақсы тілегін білдіреді. Мұны халық «бесік жыры» деп атайды.
«Бесік жырында» ананың балаға деген мейірімі, махаббаты беріледі. Мәселен:
Көзімнің ағы, қарасы,
Жүрегімнің парасы,
Уайым, қайғы ойлатпас,
Көңілімнің санасы.
Айналайын, шырағым,
Көлге біткен құрағым,
Маңдайдағы құндызым,
Аспандағы жұлдызым
Әлди, балам, ақ балам,
Айналайын, балам-ай,
Айналсын сенен анаң-ай,
Әлдилеп сені сүйгенде,
Анаңның көңілі болар жай43. –
Бесік жыры ауыз әдебиетінде ертеден келе жатыр. Оны әуел баста ақындар шығарған, соңынан оны жұрт жаттап алып айтып жүретін болған. Бесік жырында айтылатын тілек, ақыл-өсиеттерден халықтың нені аңсап, нені көксегендігі көрінеді. Бесік жыры «Әлди, әлди, ақ бөпем» деп басталады да, халық жас баланың болашақта кім болып өсуін, қандай қызмет атқаруын қалайтындығын ана сөзімен баяндайды. Сонда:
Құрығыңды майырып,
Ақырып жауға тиісіп,
Түнде жылқы қайырып,
Батыр болар ма екенсің?
Жаудан жылқы айырып,
Бармақтарың майысып,
Жігіт болар ма екенсің?
Түрлі ою ойысып,
Айыр қалпақ киісіп,
Ұста болар ма екенсің.44 –
дейді. Осы бір үзіндіден халықтың бала тәрбиелеудегі ой-арманы айқын көрінеді. Халықтың ойынша, жас бала өсе келе, ер жеткен соң еліне қызмет етуге тиісті. Мал бақ, кәсіп ет, ел-жұртыңды жаудан қорға деген ойын халық бесікте жатқан жас балаға ақыл, тілек етіп білдіреді және кімді ардақтайтынын да аңғартады. Халық шығарған бесік жырларында жас балаға жорық жасап ел талауға, барымта алуға аттан деген әңгімелер кездеспейді. Өйткені мұндай нәрсе халықтың мүддесіне қиғаш келеді, халық ұғымымен үйлеспейді. Сондықтан да халық адал еңбекті ардақтайды. Мұны ол жырларына қосып, жастарға үлгі етеді. Осы тұрғыдан қарағанда, халық шығарған «бесік жырларының» мәні зор деп айтуға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |