Жырдың құрылысы, тілі
«Қобыланды батыр», «Ер Тарғын» жырларымен салыстырғанда, «Қамбар батырдың» композициясындағы жырдың өзіне тән басты ерекшелігі – оқиғаны әр түрлі шегініс жасау арқылы жырлауында186.
Егер «Қобыланды батырда» оқиға басты кейіпкердің ерлік істерін баяндау арқылы үзбей дамып отырса, «Қамбар батырда» жыршы-ақын бір оқиғаны айтып келе жатады да, оны бітірместен үзіп тастап, екінші әңгімесіне көшеді. Оны аяқтамай, үшіншісіне ауысады. Жыр оқиғасын осылай баяндау белгілі бір жүйеге айналады. Мұның мәнісі жыр оқиғасын тыңдаушыға қызықты етіп жеткізу, алғашқы әңгіменің кейіннен немен аяқталғанын білуге құмарттыру ниетінен туған тәрізді. Солай бола тұрса да, жырды тыңдаушы болсын, оқушы болсын жыр оқиғасын тұтасынан көз алдына келтіріп, елестете алады.
«Қамбар батыр» – тілі жағынан аса көркем жырдың бірі. Әрбір әңгімені жеңіл тілмен түсінікті, әрі тыңдаушының есінде қалатындай етіп баяндайды, аз сөзбен көп мағына беріп отырады. Кейде азғантай суретпен үлкен картиналарды көз алдына елестетіп қояды. Мысалға, Қамбардың аң аулауға шыққан кезін сипаттауын алайық. Мұны жыр:
Күмістен тағып қарғысын,
Соңына ертіп тазысын,
Ау қылып Қамбар шығады.
Қасындағы құмайы
Таңынан тартып талайын
Тау текені жығады.
Таңы айрылып жыртылып,
Киік пен жатқан құланы,
Ат бетіне қаратпай,
Ақ бөкендей жосытып,
Айқайын салып қуады.
Ашуменен аямай,
Тұлпарға қамшы ұрады.
Найзамен өзі шабақтап,
Тазысы жетіп, тамақтап,
Қасап сойған ешкідей
Қан сасытып қырады,
(Б. ж.,304 бет.)-
деп суреттейді. Бұл картинадан қазақ халқының ерте кездегі тұрмыс-тіршілігі, күн көрісі аң аулауға байланысты болғандығы, ол үшін неше түрлі айла-амал қолданғандығы елестейді. Осы ретте, аңшылық өмірді суреттеуі, аң аулауы ерлік деп жырлауы арқылы «Қамбар батыр» қазақтың батырлар жырына өзінше бір үлкен жаңа тақырып әкеп қосты деуге болады. Жырдың көркем тілін сөз еткенде, көзге түсетін бір ерекшелігі – бейнелеу (символ), – дейді проф. Хажым Жұмалиев187.
Расында да басқа жырларда күрделі оқиғаны белгілі бір жүйеге айналдырып бейнелеу арқылы сипаттап баяндау кемдеу десек, бұл «Қамбар батыр» жырында көп кездеседі, оқиғаны ол көбінесе, бейнелеу арқылы баяндап отырады.Мәселен, Жәдігер Қараманның қалың қолмен келіп, ел-жұртты қамап жатқанын Қамбарға айтқанда:
Ойда жоқ жерде ел қашып,
Қонысымыз тарылды;
Қызуына шыдамай
Жүрегіміз жарылды.
Өртеп кетіп барады,
Өзеннің буы қалыңды,
Шарпуы жұртқа тиеді
Өшірмесең жалынды.
Жердің жүзін сел алды,
Бөгетті қайдан саласың;
Ағысы жаман теңіздің
Тоқтатып қайтып аласың.
(Б. ж., 331 бет.) –
деген бейнелеумен білдіреді. Болмаса, Келмембеттің Әзімбаймен немесе Қараманмен сөйлескен сөздерін алайық. Олар да бір-біріне айтайын деген негізгі ойын бейнелеу арқылы білдірген болады. Келмембет:
Саусағы алтын сұңқарға,
Ілдірейін деп келдім,
Көлдегі үйрек, қазыңды.
Алтайы қызыл түлкіңе
Қосайын деп ойлап ем,
Құмай жүйрік тазымды,
(Б. ж., 318 бет.) –
деп Қараманды – сұңқар, құмай тазы бейнесінде, Назымды – үйрек, қаз, қызыл түлкі бейнесінде көрсетеді. Қамбар Қараманның: «Неге кешігіп келдің?» деген сұрауына:
Сұңқардың ілген қазына
Бір қарақұс таласып,
Жатыр екен өшігіп.
Ажыратып екеуін
Онан бері жүріп ем,
Құмай тазы қуалап,
Алған екен ниетпен.
Бір төбет ит айқасып
Қылыпты зорлық есіріп.
Ажыратып соларды
Жолымнан қалдым кешігіп,
(Б.ж., 337 бет.)-
дейді. Мұнда Қамбар өзін сұңқарға, құмай тазыға, ал Қараманды қарақұсқа, төбет итке теңейді. Сөйтіп жыршы-ақын бейнелеуді образ жасаудың және оқиғаны баяндаудың басты әдісі есебінде қолданып отырады.
Жоғарыда айтылғандарды қорыта келгенде, «Қамбар батырды» халқымыздың сүйсіне тыңдап, сүйе жырлаған көркем шығармасының бірі деп білеміз.
АЛПАМЫС
«Алпамыс» деп аталатын жыр өзбекте де, қазақта да, қарақалпақта да бар. Ағайынды үш елдің айтуындағы бұл жыр мазмұны жағынан бір-біріне ұқсас келеді. Әйткенмен өзара айырмашылығы да жоқ емес. Ондай айырмашылық басты-басты екі әңгімеден көрінетін секілді. Бірінші, қазақтар мен қарақалпақтар айтатын жырда Байбөрі мен Байсарының кейде (Сарыбай деп те аталады) араздасып кетуі көкпарға байланысты делінсе, өзбекте олай емес.
Өзбектердің жырында Байбөрі ел билеген хан болады, ол қарамағындағы халықтан алым-салық, зекетті көп жинайды. Бұған наразылық ретінде Байсары қалмақ еліне көшіп кетеді. Екінші, қазақтар мен қарақалпақтар айтатын жырдың екінші бөлімі Байбөрінің малын Тайшық ханның тартып әкетуі жайын суреттеуден басталатын. Ал өзбектің «Алпамысында» Алпамыс Тайшықтың еліне өзінің малын қайыру үшін аттанбайды. Ол Баршынның айтуы бойынша, ханның қысымынан қайын атасы мен қайын енесін құтқару мақсатымен аттанған болады.
Ағайындас үш халықтың айтуындағы «Алпамыс» жырының осы секілді өзара аздаған айырмашылығы бола тұрса да, бұл – әр халықтың өз шығармасы, тума жыры. Сондықтан да әр халық бұл жырдың ертеден келе жатқан сюжет желісін сақтай отырып, оны өздерінше жырлаған және бірнеше вариантқа айналдырған. «Алпамысты» зерттеген өзбек ғалымдары Х.Т.Зарифов пен М.И.Афзаловтың айтуына қарағанда, жырдың өзбекше он бір варианты бар көрінеді. Қазақ ССР Ғылым академиясының қызметкері Т.Сыдықов: «Алпамыстың» қазақша үш үлкен түрі бар, – дейді. Қарақалпақ әдебиетшісі И.Т.Сағитов «Алпамыстың» қарақалпақша бес варианты барлығын айтады188.
Бұлармен қатар, татар, башқұрт, алтай елдерінде Алпамыс жайында шығарылған ертегілер де бар. Татарлардың ертегісі «Алпамша», башқұрттардікі «Алпамыш», алтайлықтардікі «Алып Манаш» деп аталады. Бұл ертегілердің кейбір әңгімелері өзбек, қазақ, қарақалпақ айтатын жырдың алғашқы бөліміне ұқсас келеді189.
«Алпамысты» жырлаған халықтың қайсысы болса да, оны өзінің тума шығармасы деп қараған. Сондықтан да біз бұл жырдың әр елдегі нұсқаларына тоқтамай, тек қазақшасын ғана сөз етпекпіз.
Достарыңызбен бөлісу: |