Мәлік Ғабдуллин Қазақ халқының ауыз әдебиеті



бет79/89
Дата23.12.2023
өлшемі0.68 Mb.
#487655
1   ...   75   76   77   78   79   80   81   82   ...   89
1ТОМ. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ-2014. т

ҚЫЗ ЖІБЕК
Лиро-эпос жырларынан ел арасына ауызша да, баспа арқылы да ертерек тарағаны – «Қыз Жібек». М.Әуезовтың айтуына қарағанда, «Қыз Жібек» жырының бір варианты өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында Қазанда басылған211. Бірақ ол күні бүгінге дейін қолға түскен емес. Ы.Дүйсенбаевтың зерттеуінде былай делінеді: ХІХ ғасырдың екінші жартысында Зайсан жағында Валиолла Тухватуллин деген мұғалім болыпты. Ол ел арасынан «Қыз Жібек» жырын жинайды да, 1894 жылы Қазанда бастырады212. Кейіннен бұл вариант 1896, 1897, 1905, 1909, 1911 жылдары қайта шығарылады. Жырдың осы варианты 1925, 1933, 1939 жылдары да басылды, 1958 жылы «Қазақ эпосы» деп аталатын жинаққа енді.
«Қыз Жібек» жыры қазақ еліне көптен таныс және оны бірнеше ақындар жырлаған. Мәселен, орыс ғалымы В.Карлсон осы ғасырдың бас кезінде жазған бір мақаласында «Қыз Жібек» жырын Қазақбай және Көшелек деген ақындардың айтып бергенін хабарлайды213. Қазақтың халық ақындары Нұрпейіс, Мұрын жырау, Айса да жас шағында бұл жырды айтып жүрген. Бірақ олардың қай көлемде және қандай мазмұнда жырлағанын айту қиын. Өйткені олардың айтуындағы «Қыз Жібек» жазып алынбаған. Мұны халық ақыны Омар Шипин де жырлаған. Бұл жөнінде Ы.Дүйсенбаев жоғарыда аталған еңбегінде мынадай бір дерек келтіреді. «Қыз Жібекті», – дейді ол, – жас кезінде Омар Шипин ұзақ жыр етіп айтқан екен. Кейіннен ақын ол жырын ұмытқан көрінеді. Тек болғаны:
Жақсыға бір сөз айтсаң, шам алмайды,
Сөз бабын жаман адам таба алмайды.
Жайықтың екі жағын бірдей жайлап,
Өтіпті он мың үйлі Жағалбайлы.

Әр қойды жетім қозы емеген-ді,


Екі айғыр қасаң байтал тебеген-ді.
Жамағат, құлақ салып тыңдасаңыз,
Айтайын өлең қылып Төлегенді, -
деген шумақтары есінде қалыпты214.
Бұл деректерге қарағанда, «Қыз Жібек» жыры ел арасына бірнеше вариантта тараған. Солардан баспа жүзіне шыққаны (1894 жылы) Валиолла жинаған варианты. «Қыз Жібек» жырының Валиолла варианты орыс тіліне де аударылып басылған болатын («Песни степей», 1940) және жазушы Ғабит Мүсіреповтың либреттосы бойынша, композитор Е.Г.Брусиловский «Қыз Жібек» атты опера жазып, сахнаға шығарды.
Октябрь революциясына дейін «Қыз Жібек» жыры туралы жазылған зерттеу еңбектер де, айтылған пікірлер де болған емес. Мұндай еңбектер де, пікірлер де советтік дәуірде туа бастады. Бұл жөнінде Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Хажым Жұмалиев, Есмағамбет Исмайылов, Мұсатай Ақынжанов, Бейсенбай Кенжебаев, Ысқақ Дүйсенбаев т.б. бірсыпыра пікірлер айтты. Олар жырдың қай дәуірді суреттейтіндігін, халықтық сипатын, қайшылықтары мен кемшіліктерін, көркемдік ерекшеліктерін қарастырды.
Сәкен Сейфуллин: «Қыз Жібек» жыры ноғайлы рулары ыдырап, бөлініп кеткен заманды суреттейді»215, – дейді. Мұхтар мен Сәбиттің айтуына қарағанда, бұл жыр он жетінші ғасырдың шамасында туған секілді216. Өйткені жырда аталатын рулар сол кезде Жайық, Қара теңіз (онысы Каспий теңізі яғни Атырау теңізі болуға керек) бойларын мекендеп, сол маңда көшіп жүрген. Атыраудан бастап, бүгінгі Магнитогорскіге дейін созылған жерлерді жағалбайлылардың қоныс еткені аз емес дейді. Ал тарихшы Мұсатай Ақынжанов бұл пікірге қосылмайды. Оның айтуынша, «Қыз Жібек» жыры Кіші жүздің Россияға қосылуынан кейін туған. Оған дәлел, – дейді М.Ақынжанов, – жырда аталатын жерлерді қазақтар Кіші жүздің Россияға қосылғанына дейін мекен еткен емес. Екіншіден, жырдағы кісі аттары, Базарбай, Төлеген, Қорен қалмақ, Шеге т.б. дегендер, бертінде пайда болған. Мұнымен қатар, жырдың тілі бүгінгі тілімізге жақын, ескі сөздер жоқтың қасы дейді217.
Әдебиетшілер мен тарихшылардың екінші бір көтерген мәселесі «Қыз Жібек» жырының халықтық немесе халыққа жат шығарма екендігін анықтау айналасында болады. Сәкеннің айтуынша, «Қыз Жібек» байлардың ұлдары мен қыздарын ардақтаған, соларды мадақтап суреттеген жыр болып табылады. Бұл пікірді Мұсатай да қостайды. «Жырдың жұртқа таныс вариантында, – дейді М.Ақынжанов, – халықтық элементтер өте аз. Жырдың идеялық мазмұны және көркемдік түрі халықтық емес. Поэманың мақсаты – көшпелі тұрмысты, жерді жеке меншік етіп пайдалануға және адамды адам қанауға негізделген патриархалдық-феодалдық қарым-қатынастарды мадақтау; ескі өмірді, қыздарды қалың малға сату, сатып алуды және әмеңгерлікті уағыздау. Сөз жоқ, бұл идея феодалдардың мүддесін көрсетеді. Поэмада озық ой-пікір жоқ, еңбекші бұқараның езушілерге қарсы күресі суреттелмейді, поэма ілгері ұмтылуға шақырмайды», – дейді218.
«Қыз Жібек» жайында пікір айтқан (жоғарыда аталған) әдебиетші, ғалымдардың екінші тобы бұл жырдың халықтық негізінде шыққандығын дәлелдейді. Мұхтар, Сәбит, Хажым, Ғабит т.б. жырдың халықтық сипаты барлығын, халық тілегіне үйлесетіндігін айта келіп, жырға көптеген өзгерістер енгендігін, жырды үстем тап өз мақсатына пайдаланбақ болып өңдегенін, халықтық әңгімелерді феодалдардың мүддесіне қарай бұрмалағандығын айтады.
Жоғарыда келтірілген пікірлердің дұрыс жағы да, қисынға келмейтін теріс жағы да бар деуге болады. Жырдың шығуы, онда суреттелетін оқиғалардың болған кезі жайында Сәкен, Мұхтар, Сәбит пікірлері бір-бірінен алшақ кетпейді және дұрысқа үйлесетін секілді. Өйткені тарихтың айтуынша, XVI ғасырдың орта кезінде ноғайлы ыдырайды. Сол кезде қазіргі Қазақстан жерінде құрылған үш жүздің бірі Кіші жүз болады. Кіші жүздің қарамағына: жеті ру (табын, тама, жағалбайлы, кердері т.б.), Әлімұлы (шөмекей, кете, төртқара, қарасақал т.б.), Байұлы (адай, тана, шекті, алшын, шеркеш, т.б.) сияқты рулар енеді және олар Жайық, Орал бойларын мекендеп, сол маңдарда көшіп-қонып жүреді219. Он алтыншы ғасырдың аяғынан бері қарай кіші жүз нығая бастайды.
Бұл тарихи деректерге сүйенсек, «Қыз Жібек» жырының әңгімесі XVII ғасырда туған секілді деген пікірді қостауға болады. Мұның үстіне жырда қалмақтардың қазақ еліне шабуыл жасауын көрсетуі де кездейсоқ нәрсе емес. Тарихтың айтуынша, қалмақ басқыншылары сол XVII ғасырда қазақ елдеріне көбірек шабуыл жасаған. Ал жырдағы кісі аттары кіші жүздің Россияға қосылғанынан соңғы уақытта пайда болды деушілердің еске алатыны мынадай: Базарбай, Төлеген, Сырлыбай, Шеге деген аттар Россиямен қарым-қатынас жасаудың нәтижесінде туған, базар, сыр, шеге сияқты ұғымдар осы кезде пайда болған дейді. Осыған қарап, жыр әңгімесінің шығуын қазақ елінің Россияға қосылуымен байланыстырады. Бұл – әрине, бал ашып болжау жасағандай, жаңсақ айтылған пікір. Ерте кездің өзінде-ақ, қазақ әдебиетіне әсері тиген шығыс әдебиетін былай қойғанда, орта Азия халықтары тудырған шығармаларды, тіпті Қожа-Ахмет Яссауиға байланысты аңыз-әңгімелерді алайық. Осыларда сыр, шеге, базар, қала, сауда-саттық деген ұғымдар, атаулар өте көп кездеседі. Қожа-Ахметтің мешіті қандай сырмен боялғаны, қандай шегелер қағылғаны, шеберлердің еңбегіне қандай төлем берілгені айтылады. Демек, жырдағы кісі аттарын бергі заманда пайда болды деу, соған қарап жыр әңгімелері соңғы кезде туды деу шындыққа жанаспайды.
«Қыз Жібек» жырының идеялық негіздері жайында Мұхтар, Хажым, Сәбит айтқан пікірлерді дұрыстыққа келеді деуге болады. Жырдың жұртқа таныс болған және талдау бергелі отырған вариантында, әсіресе оның бірінші бөлімінде, халықтық сипат бар екендігі, жырдың бұл бөлімі халықтық ортада туғандығы байқалады. Ескі рушылдық, феодалдық әдет-салтқа наразы болған Төлеген жастардың бас бостандығын аңсайды, қалыңдықты өзі таңдауды, сүйген адамына өз еркімен үйленуді көздейді. Бірақ ол мақсатына жете алмай өлімге душар болады. Бәлкім, жырдың халықтық ортада туған варианты осымен, яғни Төлегеннің өлімімен, аяқталуы да мүмкін. Бұлай болғанда жырдың халықтық сипаты айқын көрінеді. Онда жыр жастардың бас бостандығы болса екен деген халықтық идеяны білдірген болып шығады. Және де ескі әдет-ғұрып, рушылдық-феодалдық құрылыс тудырып белгілі заң-жобаға айналдырған салт жүріп тұрған кезде бостандыққа ұмтылған жастардың көптеген бөгеттерге жолығатындығын, мақсаттарына жете алмайтындығын реалистік тұрғыдан бейнелеген болады. Қозы Көрпеш пен Баян сияқты трагедияға ұшырайтындығын және жастарды осындай күйге түсірген ескі салтқа, оны қолдаушыларға халықтың наразы екендігін білдірген болады. «Қыз Жібек» жырының бірінші бөлімі халықтық ортада туған, алғашқы кезде өз алдына жеке түрде айтылған жыр болуы мүмкін десек, ол әлгі айтылған халықтық идеяны жыр етіп таратқан болып шығады.
Бірақ жырдың халықтық ортада туған және жеке вариант болып тараған бірінші бөлімін кейінен үстем тап өз мүддесіне сәйкес пайдаланған. Оған жаңа бөлім қосып, Сансызбайды мақтай әңгіме еткен, феодалдық ортаның идеясын білдіретін жыр етіп қайта жырлаған. Жырдың осылай өңделгені айқын көрінеді. Онда жыр Төлегенді ескі салтты, ата жолын бұзды деп бейнелейді, Төлеген сияқты жастардың бостандыққа ұмтылуын қуаттамайды, қайта ондайларды жек көретіндігін білдіреді. Ал ата жолын, ескі салтты заң етіп ұстаған Сансызбайға батырлық тұлға беріп көтере жырлайды, Төлегенге қарсы қойып жолын болғызады, мұратына жеткізеді. Және де ескі салттың халыққа жат бір түрі әмеңгерлікті, «аға өлсе, іні мұра» деушілікті дәріптейді. Сөйтіп, әуелде халықтық ортада туған «Қыз Жібек» жыры кейіннен қатты өңдеуге ұшырап, феодалдық-кертартпалық сипат алған.
«Қыз Жібек» жырын осы сияқты аз-кем қайшылықтарына қарап, оның қалай өңделгенін, үстем таптың қандай түрде редакциялағанын ескермей тұрып, бірден халыққа жат жыр, халықтық мәні жоқ шығарма деу қиянат секілді. Мұнымен қатар, жырдың халықтық еместігін дәлелдеу үшін жырда еңбекші бұқараның езушілерге қарсы жүргізген таптық күресі суреттелмейді деп бағалаушылық құрғақ социология болып табылады. «Қыз Жібекті» былай қоғанда, халықтық жыр деп танылған «Қамбар батырдың» өзінде тап күресі айқын көрінбейді. Сондықтан «Қыз Жібек» жырын қайшылық-кемшіліктерімен ала отырып қарауға тиістіміз.
Біз талдауға алғалы отырған және көпке таныс болған «Қыз Жібек» жыры екі бөлімнен құралған. Біріншісінде Төлеген мен Жібек жайы суреттеледі. Жыр әңгімесі Төлегеннің өлімімен аяқталады. Екінші бөлімі Сансызбайға арналады да, оның істерін суреттейді. Екі бөлімнен тұрған бұл жырдың әңгімесі халықтың әдет-ғұрып салтынан туады. Жырдың алғашқы бөлімінің негізгі идеясы – жастардың бас еркі болуын көксегендіктен шығады, ескі мен жаңаның тартысын бейнелейді. Екінші бөлімінде, яғни жырдың халықтық сипаты жоқ бөлімінде, ескі әдет-ғұрып, салтты дәріптеушілік идеясы беріледі, соны дәріптеп негізгі заң деп қараушылық жырланады. Жырдағы бұл идеялар басты кейіпкерлердің мінез-құлқы, іс-әрекеттері арқылы суреттеледі.
Жырдағы басты кейіпкердің бірі – Төлеген. Ол өзіне тең жар-жолдасқа ескі салт бойынша, ата-ананың айттыруымен, қосылуды көздемейді. Сүйген жарын өзі таңдап алуды мақсат етеді. Бұл ойын ол Жайыққа алғаш аттанып бара жатып, шешесіне білдіреді.
Бір сұлу алмай, шешеке-ау,
Сірә да, көңілім, тынар ма.
Талап қылған ісінен
Ат басын ерлер бұрар ма220, –
деп, өзінің еркін махаббат іздеген, бір асыл жарға қосылу жолында қандай іске болса да шыдауға бел байлаған адам екендігін айтады.
Ойына алған асыл жарды өз елінен таба алмаған Төлеген саудагерден Қыз Жібек жайын естіп, оған сырттай ғашық болады, «іздегенім сол» дегендей ойға келеді. Осыдан былай оның Жібекке деген махаббаты арта түседі, жас жүрегін ғашықтық сезімі билейді. Төлегеннің осы халін, көңіл-күйін жыршы ақын әсірелей суреттеп, үдетіп жібереді. Қыз Жібекке тез жетіп көрісуді, ұғысып білісуді асыға аңсаған Төлеген:
Атына қамшы басады,
Тұлпардан туған көк жорға ат
Аузынан көбік шашады.
Жер тарпынып, жануар,
Ауыздықты басады.
Алдындағы белестен
Орғытып келіп асады (Сонда, 582 бет). –
Сырттай ғашық болып, алыстан аңсап келген Төлеген Қыз Жібекті көріп көңілі толады. Екі жас бір-бірін ұнатып қосылады да, аз уақыт қызық дәурен сүреді. Бірақ олардың өміріндегі бұл бір тәтті кез ұзаққа созылмайды. Төлеген қазаға, Жібек қайғыға ұшырайды.
Төлегеннің ізгі мақсатына жете алмай, арманда кетуіне жырдың алғашқы бөлімінде бірнеше себептер келтіріледі. Рушылдық-феодалдық құрылыс заманында, ескі әдет-ғұрып дәуірлеп тұрған шақта, жастардың еркін махаббат іздеуі, бас бостандығы болуын көздеуі жүзеге аспайтын қиял екендігін көрсетеді. Ондай жастардың өмірі ұзаққа бармайтынын, қайғы-қасіретке душар болатындығын, қаншама әрекет жасаса да, ескі салтты жеңіп шыға алмайтындығын суреттейді. Сол жастардың өкілі ретінде алынған Төлеген аңсаған арманына жету жолында Қозы Көрпеш сияқты көптеген кедергі, бөгеттерге кездеседі. Қабағын қарс жапқан қатал әке, ескі салттың күзетшісі болған Бекежан, өзінің жалғыздығы, шөл дала, алыс жол – барлығы Төлегенге кездескен кедергі, мол бөгет болып шығады. Оларға қарсы алысарлық күші жетпей Төлеген қаза табады. Осындай ауыр халге душар болған Төлегенге жыршы көпшіліктің аяушылық сезімін білдіре:
Айтып айтпай немене,
Сол секілді асылдар
Кебіні жоқ, көрі жоқ,
Ит пен құсқа жем болып,
Мұратына жете алмай,
Арманда болып кетіпті
(Сонда, 620 бет), –
деп, жас жігіттің өліміне өкінеді.
Жырдың халықтық негізі кейінен феодалдық қауым тілегіне сәйкес өзгертілген де, Төлеген ата жолын аттап, теріс бата алғандығынан өлімге ұшыраған адам болып көрінеді. Ескі діни ұғымдарды дәлел етеді. Теріс бата алған адамның жолы болмайды, оған ешкім де көмектеспейді, қайта қалың қырсыққа жолығады дейді. Бұған бірнеше мысалдар келтіреді. Соның бірі көк жорғаның Төлегенге жәрдем беруге жарай алмауы болады. Батырлар жырының қайсысын алсақ та, батырға серік болған тұлпарлар айрықша қызмет істейтін, батырмен бірге жауға қарсы баратын, жау қоршауынан батырды құтқарып әкететін. Кейде ондай тұлпарларға тіл бітіп, батырға ақылшы, жаудың қайда екендігін айтушы болатын.ал Төлегеннің көк жорғасы ондай емес. Жау қамап келгенде көк жорға басын жерге салып, Төлегенді құтқарысуға жарамай қалады. Мұнымен жыршы теріс бата алған Төлегеннің неліктен жолы болмағандығын көрсеткісі келеді.
Басында еркін махаббат іздеп, сүйген адамына қосылуды арман еткен және белгілі мөлшерде ескі салтқа қарсылық білдіре шыққан Төлеген кейіннен өзінің әлсіздігін сезіне бастайды, ескі салтқа мойын ұсынып, оны құптағандай болады. Осы тұста жыршы ақын рушылдық, феодалдық салттың бір түрі әмеңгерлік, жесірлік дегенді әңгімелеп, оған Төлеген мен Жібекті көндіріп те шығады. Төлеген еліне қайтар алдында: «Олай-бұлай болып кетсем, артымнан іздеп шығар інім Сансызбай бар, ол сені жылатпас, мұратына жеткізер, сені әмеңгер етіп алар», – дегенді Жібекке ескертіп кетеді. Және бұл ойын ол Сансызбайға да айтады:
Олай-бұлай боп кетсем,
Асыл туған Жібекті
Еш жаманға қор қылмай,
Өзің бір алып сүйгейсің
(Сонда, 612 бет), –
дейді. Сөйтіп, жыршы ақын Төлегенді де ескі салтты құптаған адам етіп бейнелейді. Мұнысы феодалдық сананы дәріптеген ақынның «Қыз Жібек» жырының халықтық нұсқасын бұза отырып, үстем тап тілегіне қарай пайдаланғандығын аңғартады.
Жырдағы ең басты кейіпкердің бірі – Қыз Жібек. Төлеген сияқты, Жібектің де – ерекше мінезі бар. Талай байдың мырзасы айттырмақ болғанда, Жібек оның бірде-біріне көңіл бөлмейді, сүйген жігітіне өз еркімен қосылуды арман етеді. Жібектің осындай мінез-сипатын әсірелеп көрсету үшін жыршы ақын әр түрлі әдіс қолданады. Сырттай ғашық болып, алыстан іздеп келген Төлегенге жыршы ақын Жібекті бірден жолықтырмайды, біраз уақыт қызды көрсетпей, жігітті қызықтыра түседі. Жібектің басқа қыздардан артық екендігін байқатпақ болып, Төлегенді қалың көшке кездестіреді. Әр көшті бастап бара жатқан сұлу қыздар бірінен-бірі өтеді.
Көш алдына қараса,
Бір қыз кетіп барады.
Таң мезгілі болғанда
Шолпанның туған жұлдызы,
Кигені атлас қырмызы,
Бейіштен шығып келмесе,
Бұл жалғанда хор қызы.
Сондай-ақ болып туар да
Адамзаттың бір қызы
(Сонда, 581-бет), –
деп суреттесе, келесі қыздар одан да әдемі, сұлу көрінеді. Оларды көргенде Төлеген «Жібек осы болар» деп қалады. Бірақ ол Жібек болмай шығады. Көш соңында Жібектің шешесі келе жатады, оның сұлулығы алдыңғы қыздардан да асып түседі. Бұларды көрген Төлеген: «Жолдас қыздары мен шешесі мынадай сұлу болғанда, Жібектің өзі қандай екен», - деп таңданады, Жібекті көруге асығады, оның осы сәттегі барлық арман-мүддесі Қыз Жібек болады.
Төлеген мен Қаршыға Қыз Жібектің күймелі арбасына кездеседі. Қаршыға Жібекке: «Өзіңе тең ер жігіт ертіп келдім», дейді. Бұл сөзге Жібек қатты ашуланып, менмендік білдіреді, паңдық көрсетеді. «Бай тауып әкел дегенім жоқ», - деп Қаршығаға тосын жауап қайырады. Бірақ Қаршығаның жақсылықтан басқа жамандық ниеті жоқтығын білетін Жібек қадірлі ағаның көңілін қалдырмайын деген оймен күймесінен шығып амандасады да, қайтадан күймесіне еніп кетеді. Жібектің сұлулығына көзі түскен Төлеген таңдана қарайды, тұла бойын махаббат сезімі билеп кетеді. Жыршы ақын Төлеген сияқты жігіттерді көрмей жатып өзіне ғашық еткен Қыз Жібектің сұлулығын суреттей келіп:
Қыз Жібектің ақтығы
Наурыздың ақша қарындай,
Ақ бетінің қызылы
Ақ тауықтың қанындай,
Екі беттің ажары
Жазғы түскен сағымдай,
Білегінің мүсіні
Айбалтаның сабындай…
(Сонда, 590-591 бет), –
дейді.
Жібек Төлегенмен жүздесіп сөйлескен кезде де ірілік білдіріп, тәкаппар мінез көрсетеді. Жас жігітті сынау мақсатымен оған біраз әзіл-оспақ ащы сөздер де айтады, өзін жоғары ұстап: «мен де сенен кем емеспін, асылмын, танысаң, кел, танымасаң, жолың әне, жүре бер», – дейді. Ақындар айтысында қолданылатын, бірақ кешірім етілетін тұрпайы сөздерді айтуға дейін барады. Жібектің сынау түрінде айтқандарын көңіліне алмастан Төлеген қыз сөзіне орай жауап қайырады. Сөзбен қағыса отырып, екі жас бір-бірін ұғыса бастайды, сүйіспеншік сезім, ұғысу пайда болады. Мұның арты махаббат, ғашықтыққа ауысады.
Бір кездегі тәкаппар, паң Жібек енді Төлегенді көрмесе тұра алмайтын болады. Басында қызға жігіт ғашық болса, енді жігітке қыз ғашық:
Үйден шықты Қыз Жібек.
Атқан оқтай жылысып,
Ор қояндай ығысып,
Қылаң етіп, қылт етіп,
Сылаң етіп, сылт етіп.
Буындары былқылдап,
Отауға қарап жөнелді,
Ғашық жарын көрмекке
(Сонда, 600-601 беттер),
– дейді. Ескі дәстүр бойынша қызды іздеп баратын жігіт болатын. Ал Қыз Жібек бұл салтты бұзады да, оңаша отауда жатқан Төлегенге өзі барады. Мұнымен жыршы Жібектің де Төлегенге ғашық екендігін, асыл жарын көре алмаса, тұра алмайтындығын аңғартпақ.
Жібек Төлегеннен бұрын дәмелі болған талай жігіттерді естіген де, көрген де еді. Бірақ олардың бірде-біріне Жібек сөз беріп, көңіл аудармаған-ды, қайсысын болса да өзіне тең есептемейтін, менсінбейтін-ді. Ал Төлегенге кездесіп, алғаш рет қағыса сынағанда-ақ, оның қандай жігіт екендігін байқайды, оған көңілі толады, «аңсаған адамым осы» дегендей болады. Төлегеннің ақыл, көркіне ғана емес, адамгершілігіне, ерлік өр мінезіне сүйсінеді. Және де менсінбеген жігіттерінің кектеніп жаманшылық істеу қаупін түсінген Жібек сол қауіп-қатерден құтқарып алатын, қорған болатын тек Төлеген деп біледі. Сондықтан да ол Төлегенді өзіне тең жар-жолдас деп қол береді, ендігі өмір қызығы Төлегенге байланысты деп ақ көңіл, адал ниетімен, таза махаббатымен қосылады. Төлегенге айнымас жар екендігін сегіз жылдай күтумен де көрсетеді.
Жібектің Төлегенмен өткізген аз күндері аса бір қызық дәурен еді, бір-біріне сүйісіп қосылған екі жастың өміріндегі ең әдемі кезі болған еді. Бірақ бұл дәурен ұзаққа созылмай, ақыры ауыр қайғыға әкеп соғады. Жау қолынан қаза тауып, Төлеген өлгеннен кейін Жібектің басына бір қайғыдан соң екіншісі орнай бастайды. Сүйген жары Төлегеннің қаза болуы Жібекке қатты батса, Бекежанның жауыздығы одан кем соқпайды. Бекежаннан құтыла бергенде, қылышынан қан тамған Қорен келеді, ол шаңыраққа қобыз тарта, айбынды ызғарын білдіре, күш көрсете келеді. Осындай жағдайда азалы Жібек қиын халге килігеді. Есіне Төлегенді және оның қоштасарда айтқан сөзін түсіреді. Төлегенді жоқтай отырып:
Тағы да бас қосқаным Жағалбайлы,
Жылқысын көптігінен баға алмайды.
Сол елде сірә жігіт жоқ па, тәңірі-ай,
Жесірін іздеп келіп, неге алмайды
(Сонда, 632-бет), –
деп зарланады. Бір кезде ескі салтқа қарсылық білдірген, сүйген адамына өз еркімен қосылуды көздеген Жібек енді сол салтқа бас иеді, құптаушысы болады. Меңіреу дүниенің мейірімсіз заңына бойсұна отырып, жас қайыны Сансызбайдың әмеңгері болып баруға ризалық білдіреді: «Тағдырдың жазуы осы шығар», - деп көндіккен пейіл көрсетеді. Бұдан жалғыз Қыз Жібек емес, қытымыр заманда талай жібектердің осындай азалы ауыр халге душар болғандығы елестейді. Олар қаншама қарманып талпынса да, барар жер басар тауы болмай, әділет таба алмай, ескілік салтқа бағынады. Соның бірі Қыз Жібек еді.
Ескі салтқа бас иген Жібек енді Сансызбайдың іздеп келуін, оған әмеңгері болып баруын арман етеді. Осыдан былай жыр әңгімесінің екінші бөлімі басталады. Мұнда жыршы ақын рушылдық, феодалдық салтты дәріптей отырып, соны идеялық нысанаға айналдырады. Бұл ретте Ы.Дүйсенбаевтың жоғарыда аталған еңбегінде айтқан: «Қыз Жібек пен Сансызбай жайы жырдың бөлек варианты болуы керек» деген пікірі дұрыстыққа келетін сияқты. Жібектің әмеңгерлік салтты құптауын жыршы мадақтап, көтере жырлайды. Және бұл ретте Жібекке өжеттілік, ерлік мінез, қысылған жерде жол тапқыштық сипат береді. Басында жан-тәнімен Төлегенді сүйген Жібек кейіннен:
Тұлпардың қалған тұяғы,
Сансызбай іздеп келіпті;
Тілекті берсе құдайым,
Қосылайын деп тұрмын
Басында қосқан теңіме
(Сонда, 645 бет), –
дейді. Ескі әдет-ғұрыптан туған әмеңгерлікті жыршы шенемейді, оны белгілі заң, ата жолы деп қарайды, Жібекті соған бағындыра сөйлейді. Жібекті бұл салтқа қарсылық білдірмеген, қайта оны қостаған адам етіп бейнелейді. Сансызбай келген кезде Жібек әрі ақылды-айлалы, әрі өр мінезді сипатта көрінеді. Ол Сансызбайға әмеңгер болып қосылу үшін алдымен жолда тұрған күшті жаудың бірі қалмақ ханы Қореннен құтылу жайын қарастырады. Ақылмен айла жасайды, жеңгесі арқылы Қореннің тұлпарын сұратады, бірақ: «Жібек маған тимеймін деп айтады ғой, атымды бермеймін», – дейді хан. Сонда оған Жібектің өзі барып, Сандалкөкті сұрап алады. Жібекке Сандалкөкті бере тұрса да, хан сезіктенеді, біреумен қашып кетер деген ойға келеді де, қыздың соңынан еріп шығады. Бұл арада Жібек қулығын да асырып жібереді: «Ей, тақсыр, неше атаңнан бері хансыз? Хан болған өзіңіз бе, иә арғы атаңнан бері хансыз ба?», – деді. Қорен: «Жеті атамнан бері ханмын», – деді. Жібек: «Сен хан болатын болсаң, мен сенің әйелің болатын болсам, құл қойшыға ұқсап, көш жөнекей менің қасыма неге келесің. Бұл жерде тұрмаңыз, ілгері барып шатырыңызды тігіп жатыңыз, біз көшпен бірге барамыз»(Сонда, 642 бет), – дейді. Хан алданып соғылады, Жібек айласын асырып, Сансызбаймен кете барады. Жібектің бұл істерін жыршы сүйсіне жырлап, мақтан етеді.
Жырдың Төлегенге қарсы қоя, жағымды кейіпкер ретінде суреттейтіні – Сансызбай. Ол рушылдық-феодалдық қауым тудырған әдет-ғұрып салтын қорғаушысы және қолдап құптаушысы болады. Сондықтан да оған батырлық тұлға беріледі. Жайық бойына екінші рет аттанып бара жатқан Төлеген:
Алтын балдақ, ақсемсер
Саған арнап соқтырып,
Салдырып қойдым қынапқа
Аш беліңе ілгейсің…
Бадана көзді кіреуке
Тоғыз қабат көк сауыт,
Саған арнап соқтырып,
Будырып кеттім кілемге
Оны үстіңе кигейсің
(Сонда, 611-612 беттер), –
дейді Сансызбайға. Оған арналған тұлпар да, қару-жарақтар да басқыншы жаудан ел-жұртын қорғауы үшін емес, ескі салтты қолдауы үшін даярланған болады.
Ескі салтты жақтаған, атадан бата алып шыққан, әмеңгерін іздеп аттанған, «аға өлсе, іні мұра» дегенді қолдаған Сансызбайдың жолы болып отырады. Ол кездескен бөгеттердің бәрін жеңеді. Қоренмен кездескенде Сансызбай батырлық қимыл көрсетеді. Қоренмен жекпе-жекке шығады, жасанған жауға қарсы барады. Өзінің кезегі келгенде «қорамсаққа қол салып, сұр жебе деген оқ алып» Қорен ханды ұшырып түсіреді. Сонда оның атқан оғы:
Зырлауменен өтеді,
Бір төбеге жетеді,
Үй орнындай бір жерді
Төңкере тастап кетеді.
Оқ тоқтаған кезінде
Қорен аттан құлады,
Туы қолдан ұшады
(Сонда, 655 бет). –
Кейіннен ол Сырлыбайдың еліне қайта оралып келеді де, жау әскерлерін қырып-жойып, қайын жұртын құтқарып алады. Сөйтіп, жыршы ақын Сансызбайға батырлық тұлға бере, көтере жырлайды. Ескі салтқа қарсы келмей, оны қолдаған, бата алған адамдар міне осындай құт жолды болады деген феодалдық керітартпалық көзқарасын білдіреді.
«Қыз Жібек» жырында ұнамсыз, жек көрінішті бейнеде алынғандар – Бекежан мен Қорен. Мұның біреуі ішкі жау, екіншісі сыртқы жау болып суреттеледі. Олар бір-біріне ғашық болған жастарды зар жылатып айыруды ғана көздеген жандар емес. Сонымен қатар, олар – ел-жұрттың мазасын алған, жауыздық-зұлымдық әрекеттер жасаған адамдар. Бұл жағынан Бекежан мен Қорен бір-біріне ұқсас та келеді. Бірақ екеуінің мінезі, ісі екі түрлі. Бекежан – іші тар қызғаншақ, пасық адам. Ол Жібекке сырттай ынтық, қызға сырттай тон пішіп өзіндік санайды, бөтен адамға бермеймін деп әрекеттенеді. Қыздың сүймесін, тимесін білген Бекежан зорлық, қиянат жасайды. Бақталас адамы Төлегенге қарсы жекпе-жек күреске бара алмайды, қарақшылық әдісін қолданады, бір қурайды тасалап келіп Төлегенді атып өлтіреді, екі жасты зар жылатады. Осындай жауыздық жасаған Бекежанды:
Атаңа нәлет, қарақшы,
Құдайым сені қарғасын,
Қатын-балаң зарласын,
Басыңа қиын іс түссе,
Қасыңа досың бармасын! –
(Сонда, 622-бет)
деп қарғайды Жібек. Осы жауыздығы үшін Бекежан өлім жазасына бұйырылады. Бұдан жауыздық, қарақшылық, қиянат пен зорлық жасаушыларды, қанаушылықты халықтың жек көретіндігі де аңғарылады.
Жау бола тұрса да қалмақ ханы Қореннің мінезі, іс-әрекеті Бекежаннан басқаша. Ол алдына қойған мақсатына жету үшін Бекежан сияқты қарақшы, қорқақ болмай, ашық күреске шығады; намысын күшпен қорғаған батыр болып суреттеледі. Жібектің Сансызбаймен кеткенін біліп, Қорен олардың соңынан қуып шығады; Сансызбайды жекпе-жек ұрысқа шақырады және батырлардың дәстүрін жасап алғашқы кезекті өзі алады. Осы тұста жыршы ақын Сансызбайдың да ер екендігін айқындай түсу үшін Қоренді күшті батыр етіп көрсетеді. Қорен мықты болғанымен де Сансызбайдан жеңіледі. Бұл арада зорлықшыл, әділетсіз жау қаншама күшті болса да жеңіледі деген халық санасы аңғарылады.
Қорен қаншама ашушаң, содыр, ожар мінезді болғанмен жол білмейтін тентек емес. Жібек келіп, Қореннің тұлпарын сұрап алады. Ертеңіне: «Тұлпарымды беріп жіберіңдер», – деп Қорен Сырлыбайға хабар салады. «Тұлпарыңды алған да, көрген де емеспіз», – деген жауапты естігенде Қорен қатты ашуланады, әскерін жинап алып, Сырлыбайдың аулын шабуға аттанады. Сонда оның алдынан Қаршыға шығып:
Тұлпардың сырын білесің,
Біле тұрып әйелге
Тұлпарды неге бересің?
Жұрттан неге көресің?
Өз мініңді ойламай,
Тентектік қылып, күйеужан,
Өзің беріп атыңды,
Алмағын елдің зәресін
(Сонда, 649 бет), –
дейді. Бұл сөзден ұтылған Қорен қаһарынан қайтады. Әйткенмен Қорен осал жау емес. Ол да – зорлықшыл, қиянат жасағыш адам. Өзін сүймеген Жібекті күшпен аламын, көнбесе көндіремін, деп әрекеттенеді. Және де Жібекті сырттай иемденіп, өзіндік етіп жүреді. Қореннің осы мінезін жырда күлкі, мазақ қылады, оны топас, ақымақ адам етіп суреттейді. Қыздың өзі келіп тұлпарды алуын жақсылыққа жорыған және Жібектің мұнысы: «Мені ұнатып, тимек болғандығының белгісі», – деп ойлаған Қорен тұлпармен сырғытып бара жатқан Жібекке қамқорлық білдіре:
Иә, пірім-ау, иә, пірім…
Көксандалды жүгіртер,
Қыз Жібек менің, қатыным,
Басы қатты Сандалкөк
Тастап кетіп жүрмесін,
Айналайын, Жібек-ау,
Ақырын шапшы, ақырын
(Сонда, 642 б), –
дейді. Бұл сөздер Жібектен дәмелі болған Қоренді кекету, мазақтау ретінде айтылады.
«Қыз Жібек» – сюжет құрылысы, көркемдік шеберлігі жағынан да көрнекті жырдың бірі. Жырдың өзіне тән ерекшеліктеріне айрықша көңіл бөліп тексерген, бірсыпыра құнды пікірлер айтқан Мұхтар мен Хажым деуге болады. «Жыр оқиғасын айтып беруде үш түрлі әдіс аралас жүреді, олар: хиқаялау, сипаттау, сөйлету», – дейді Мұхтар жоғарыда аталған еңбегінде.
Тақырыбы мен мазмұны ескі әдет-ғұрып салттан алынған «Қыз Жібек» – бір оқиғаны екіншісімен байланыстыра баяндауы, оларды көптеген тартыстар арқылы суреттеуі жағынан әрі тартымды, әрі әсерлі жыр. Және де жыр оқиғасы желісін үзбей, тізбектеле айтылады, әрбір ұсақ жайлардың өзі кеңінен жырланып кетеді. Жырда әсіресе оқиғаны сипаттау арқылы баяндау әдісі мол қолданылады. Көш картинасы, Жібектің сұлулығы, оның отауға барғандағы келбеті, Сандалкөктің шабысы т.б. сипаттау түрінде беріледі. Сипаттау арқылы әрі әдемі, әрі әсерлі картиналар жасалады. Мәселен, Жібек мінген Көксандалдың шабысын жыршы ақын:
Табан жолмен тартысып,
Ауыздықпен алысып,
Екі қолы қарысып,
Ұшқан құспен жарысып,
Маядай мойнын созады.
Тарта-тарта Жібектің
Алақаны тозады.
Томаша жерден сырғытып,
Ойпаң жерден орғытып…
Ұйтқытып, заулап келеді
(Сонда, 646-бет), –
деп суреттейді. Бұдан, М.Әуезов айтқандай, Сандалкөктің шабысы ғана емес, Жібектің қуанышы да елестеп бара жатқандай болады. Ал, Қорен мінген қаз мойын қара тұлпардың шабысы Сандалкөктен де асып түседі. Жібектің кетіп қалуына намыстанған Қорен хан Сансызбайларды қуа аттанады. Осы тұста жыршы ақын қалмақ ханының сырт пішінін, намыстан туған ашуы мен атының шабысын:
Жөнеді қалмақ, жөнеді,
Шеңбер ұрып келеді.
Көк қабыландай арсылдап,
Тебінгісі тарсылдап,
Құйысқаны сартылдап,
Сауырынан аққан ақ көбік
Омырауда балшылдап.
Қаз мойын қара тұлпарды,
Сауырға сипай қамшылап…
«Шу» десе қалмақ дауысы,
Түлек құстай шаңқылдап,
Кәпір қалмақ жөнеді,
Қаһарланып келеді
(Сонда, 650-бет), –
деп суреттейді, осы картинаны көз алдыңа елестеткендей әсер қалдырады.
Жыршы ақын оқиғаны сипаттау арқылы баяндай отырып, Хажым Жұмалиев айтқандай, күрделі образдар жасайды. Әрбір кейіпкердің мінезі, іс-әрекеттері бір-біріне ұқсастығы жоқ бояулармен безенеді, әр түстес әдемі портреттер жасалады. Бұған мысал етіп көш бастап келе жатқан қыздарды алайық. Олардың бейнесін сипаттағанда жыршы ақын бірінен-бірін асыра, әдемілей түседі. Әрбір қыз өз алдына бір портрет болып шығады. Бұл ақынның шеберлігін көрсетеді.
Жыр оқиғасын айтып беруде жыршы ақынның қолданған тағы бір әдісі – сөйлету. Оқиғаны ақын үнемі баяндау, сипаттау арқылы емес, жырдағы кейіпкерлерді сөйлету арқылы да дамытып отырады. Кейіпкерлердің ішкі ойы, сезім дүниесі, қуанышы мен күйініші, арманы мен тілегі т.б. сөйлету түрінде, яғни олардың өз сөздерімен, монолог және диалогтар ретінде, баяндалады. Сөйлету әдісін оқиғаны сезімге құра айтып берудің бір түрі деуге болады. Жібектің түсі, Төлегеннің алты қазға айтқаны, Жібектің жоқтауы жыр әңгімесін бірсыпыра дамыта түсумен қатар, олардың сезім дүниесін, арман-мұңын білдіреді, тыңдаушыны тебірентіп егілдіргендей әсер қалдырады. Мұнымен қатар, жыршы ақын сөйлету әдісін қолданғанда ертедегі халық поэзиясының әралуан үлгілерін (естірту, жоқтау, қоштасу, жалбарыну, айтыс т.б.) ретімен пайдаланып отырады. Солар арқылы да кейіпкерлерінің хал-жайын аша түседі.
«Қыз Жібек» – ақындық тіл жағынан да әдемі жырдың бірі. Неше түрлі әсірелеу, көріктеу, кейіптеулер, әдемі теңеулер, сұлу сөз саптастары жиі ұшырайды. Жыршы ақын халықтың тіл байлығын пайдалана отырып, аз сөзге көп мағына сыйғыза біледі. Жібектің сұлулығын, тұлпарлардың шабысын немесе кейіпкерлердің көңіл-күйін суреттегенде ақын тілінің әдемілігі де, байлығы да көрінеді.
Қорыта келгенде, «Қыз Жібек» жыры қазақ ауыз әдебиетінің көрнекті бір үлгісі болып табылады. Көрсетілген қайшылықтарымен қатар, халықтық жақтары да бар екендігі сөзсіз. Сондықтан да оны сын көзімен қарай отырып, пайдалануға тиістіміз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   75   76   77   78   79   80   81   82   ...   89




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет