V ТАРАУ
ЛИРО-ЭПОСТЫҚ ЖЫРЛАР
Ертедегі қазақ поэзиясында сюжетті әңгімеге құрылған жырлардың бір бөлегі лиро-эпос деп аталады.
Егер батырлар жырының басты тақырыбы, күрделі әңгімесі – ел қорғау жайы болса, лиро-эпостық жырлардың одан біраз айырмашылығы бар сияқты. Ең алдымен, бұл алуандас жырлардың оқиғасы халықтың ертедегі жалпы әдет-ғұрпына, үйлену салтына байланысты туған. Онда көбінесе бір-біріне ғашық болған жұбайлар жайы, олардың қуанышы мен арман-мұңы, қайғы-шері суреттеледі. Және де өткен заманда жастардың бас еркі болмағандығы, олардың арман-мүдделеріне жетуі, сүйгендеріне қосылуы жолында көптеген бөгеттердің кездескендігі, ол бөгеттерді жеңе алмай ауыр аза, зор қасіретке ұшырағандары жырға қосылады. Бұл ретте халықтық негізде туған лиро-эпос жырлары өткен заманның жастарға жасаған озбырлық әдет-ғұрпын әйгілеп сынға алады.
Батырлар жыры сияқты лиро-эпос жырлары да бір дәуірдің жемісі емес. Бұл да талай ғасырмен бірге жасасып, әр түрлі жағдайлардың, таптық, қоғамдық тілектердің ыңғайына қарай өзгеріп отырған. Ұрпақтан ұрпаққа ауызша айтылу түрінде, көптеген өзгерістерге ұшырау арқылы жеткен. Халықтық ортада туған және халықтың көзқарасын, тілегін білдіретін жырлардың өздері де таза күйінде халықтық сипатын толығынан сақтаған емес. Халықтық сипаты бар деп танылатын лиро-эпос жырларының қайсысынан болса да әр қилы қайшылықтар мен кемшіліктердің кездесуі осыдан. Сондай-ақ, халықтың лиро-эпос жырларын үстем тап та өз мүддесіне пайдаланған, жырдың халықтық идеясын бұрмалап, ескі әдет-ғұрыптың халыққа жат жақтарын мақтап көрсетуге тырысқан.
Қазақ ауыз әдебиетінде лиро-эпос жырларының ертеден келе жатқан бірнеше үлгілері бар. Солардың ішінде бастылары деп «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Күлше қыз-Назымбек», «Мақпал қыз», «Құл мен қыз», «Айман-Шолпан» жырларын айтуға болады. Бұл жырларда тек ғашықтық, махаббат әңгімелері ғана суреттелмейді. Солармен қатар, халықтың ертедегі тұрмысы, салты, қоғамдық мәні бар жайлары қамтылады. Жырлардың оқиғасы халықтың тұрмыс, салтынан туып дамиды, күрделі әңгімелер айтылады. Осыған орай біз лиро-эпостың кейбір үлгілерін мысалға ала талдап көрелік.
Достарыңызбен бөлісу: |