Мәлік Ғабдуллин Қазақ халқының ауыз әдебиеті


«ҚОЗЫ КӨРПЕШ-БАЯН СҰЛУ» ЖЫРЫ



бет76/89
Дата23.12.2023
өлшемі0.68 Mb.
#487655
1   ...   72   73   74   75   76   77   78   79   ...   89
1ТОМ. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ-2014. т

«ҚОЗЫ КӨРПЕШ-БАЯН СҰЛУ» ЖЫРЫ
Лиро-эпос жырларының ішінде тақырыбы, оқиғасы, құрылысы жағынан айрықша орын алатыны және халық арасына көп тарағаны – Қозы Көрпеш пен Баян сұлу жайындағы жыр. Бұл жыр бір-біріне ғашық болған екі жастың өмірін ғана баяндаған дастан емес. Ол, сонымен қатар, қоғамдық мәні бар әңгімелерді қамтыған, халықтың өткендегі тұрмыс-салтын суреттеген жыр.


Жырдың варианттары
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры тек қазақ арасында туып, қазақ еліне ғана тараған жыр емес. Ол ерте кезде бір-бірімен қарым-қатынас жасаған, көшіп-қонып көршілес болған, тұрмыс-салты, тіршілігі ұқсас қазақ, башқұрт, барабын татарлары, ұйғыр, алтай елдерінде айтылып жүрген жыр. Аталған халықтардың қайсысы болса да бұл жырды өзінің төл шығармасы деп таниды.
Соңғы кезде «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры жайында біраз еңбектер жазылды. М.Әуезов, Х.Жұмалиев, Ы.Дүйсенбаев сияқты ғалымдар бұл жырды арнайы зерттеп, бұл жырдың қазақта он алты варианты барлығын анықтады. Және де олар жырдың қазақтағы варианттарын башқұрт, ұйғыр, барабын татарлары арасында, алтай елдерінде айтылатын әңгімелерімен салыстыра зерттеді, қандай ұқсастықтары, айырмашылықтары барлығын көрсетті.
Қазақ арасында айтылып, ауызша тараған «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының он алты варианты бар дедік. Оларды зерттеген ғалымдардың мәліметтеріне қарағанда195, бұл жыр ел арасынан өткен ғасырдың бас кезінде-ақ жинала бастаған. Бұл ретте игілікті жұмыстар жүргізген орыс ғалымдары болған. Мәселен, шығыс әдебиеті мен араб тілін зерттеуші орыс ғалымы Саблуков жырдың бір вариантын 1830 жылы бұрынғы Семей губерниясына қарасты Көкпектілік бір жыраудан жазып алған. Омбыда, губернатордың кеңсесінде іс жүргізуші болып істеген Ғ.Дербісәлин деген кісі 1834 жылы «Қозы Көрпеш-Баян сұлудың» бір үлгісін хатқа түсірген. Бұрынғы Аягөз сыртқы округтік приказының тілмашы Андрей Фролов деген кісі 1841 жылы қазақ ақындарының айтуынан, жырдың бір нұсқасын жазып алған.
1856 жылы Шоқан Уәлиханов «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын атақты Жанақ ақыннан естігенін және жазып алғанын айтады196. Бірақ жырдың Шоқан жазып алған бұл варианты өз кезінде баспа жүзін көрмегендіктен әлі күнге дейін жұртшылыққа мәлім болмай келеді.
Орыс халқының ұлы ақыны А.С.Пушкин Пугачев қозғалысы туралы материал жинау мақсатымен Орынбор жағына келіп, сол маңдағы қазақ ауылдарында да болады. Осы сапарында ол ел арасынан «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» әңгімесін естіп, негізгі мазмұнын жазып алады, кейіннен оны өзі поэма етіп жазуды ойлайды197.
М.Путинцев деген кісі 1865 жылы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының бір вариантын жазып алып, оның мазмұнын орыс тіліне аударып бастырған198. Академик В.Радлов жырдың бір нұсқасын қазақ арасынан жазып алады да, оны өзінің үшінші томына (1870 ж.) енгізеді.
Петербург университетінің профессоры И.Н.Березин өзінің «Түрік хрестоматиясы» дейтін кітабында (1876 ж.) «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының бір вариантын жариялайды. Түркістан өлкесінің археологиясын зерттеген ғалым Н.Пантусов 1898 жылы Қозы мен Баянның моласы дейтін ескерткішті зерттейді, ол осы жолда ел арасынан «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының бір нұсқасын жазып алады да, оны әуелі Ташкентте, кейіннен қазанда шыққан «Орта Азияның ескі заманы» дейтін кітабында бастырған. Оренбург музейінің басқарушысы болған орыс тарихшысы И.А.Кастанье өзінің «Қазақ даласы мен Оренбург өлкесінің ескі белгілері» (1910) дейтін кітабында «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының он шақты нұсқасынан дерек береді және сол кітабында жырдың бір үлгісін орысша аударып жариялайды. Кастанье бастырған бұл нұсқа жайында мынадай бір мәлімет келтіреді: бұрынғы Жетісу облысының губернаторы Колпаковский Семейден Капалға бара жатып, жолда Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың моласы дейтін моланы көреді, осы екі ғашық жайындағы аңыз әңгімелерді жинастыруды Лепсі уезінің начальнигіне тапсырады. Лепсі уезі начальнигінің айтуы бойынша, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының бір үлгісін орман қарауылшысы Салағаев деген кісі ел арасынан жинап тапсырады, ол орысшаға аударылады да, Кастаньенің қолына түседі. Бұл кейіннен Кастаньенің бастырған варианты болып кетеді.
Бұлармен қатар, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының кейбір үлгілері, үзінділері 1877 жылы «Ақмола облыстық ведомосында» (1, 3), «Нива» журналында (№2, 1899 ж., Е.З.Баранов нұсқасы), «Дала уалаяты» газетінде (1894 және 1899 жылдар), «Торғай газетінде» (А.Васильев нұсқасы, 1900ж., №6) басылған. Жырдың бір варианты 1916 жылы Сейітовтың қолжазбасы бойынша, «Орыс география қоғамының батыс-сибирьлік бөлімінің еңбектерінде» жарияланған.
1878 жылы жырдың бір варианты «Хисса Қозы Көрпеш» деген атпен Қазанда Ш.Хұсаиновтар бастырып, оны 1890, 1894, 1896, 1905 жылдары қайта шығарған.
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры советтік дәуірде бірнеше рет басылып шықты. 1925 жылы Москвада басылды. 1936 жылы жырдың Жанақ айтуындағы нұсқасын М.Әуезов Алматыда шығарды. Кейіннен ол 1939 жылы шыққан «Батырлар жыры» жинағына енді. Бұл жырдан алынған үзінділер оқу орындарына арналған хрестоматияларда жарияланып келеді. А.Тверитин дейтін ақын жырдың бір вариантын өзінше жырлап, орысшаға аударып (1928,1941,1949) бастырды және «Песни степей» атты жинақта жарияланды. 1959 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы жырдың алты вариантынан құралған (құрастырушы Ы.Дүйсенбаев) жинақ шығарды. Мұнымен қатар, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының сюжетін пайдалана отырып, жазушы Ғабит Мүсірепов пьеса жазды, кино-фильм де шығарылды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   72   73   74   75   76   77   78   79   ...   89




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет