Қаражан
Жырдағы жағымды кейіпкердің бірі – Қаражан. Ол
ел-жұртын сүйген, дәреже және адамгершілік жағынан
ешкімнен де кем түспейтін батыр. Қазақтағы батырлар
жырының көпшілігінде қалмақ батырлары жағымсыз
кейіпкер болып суреттелетін. Олар көрші елдерге ойран
салушы, соғыс ашып, жорық жасаушы, қанқұмар
басқыншылар болып келетін. Ал «Алпамыстағы» Қаражан
ондай адам емес. Қаражан қалмақ батыры бола тұрса да,
ұнамды бейнеде суреттеледі. Өйткені Қаражан – ел қамын
ойлаған, жаттан жау тілемеген және жорық жасауды
мақсат етпеген батыр. Сонысы үшін халық жыры
Қаражанды жағымды кейіпкердің қатарына қосады.
Қаражан – күшті батыр. Гүлбаршын үшін Тайша
ханмен тайсалмай таласқа түсуі, бақ салыстыруы, ханнан
именіп тізе бүкпеуі – сол күштіліктің белгісі. Ел алдында
батырдың қадыры ханнан артық болмаса, кем еместігін
аңғартады. Қаражанның батырлығы ханмен таласқа
түсуінен ғана көрінбейді. Оның нағыз айтулы батыр
екендігі ел қамын ойлауымен көзге түседі. Хан мен
Қаражанның әскері айқасып тұрған шақта: «Қырық мың
қол келе жатыр, иә болмаса, қырық мың қолға татитын
біреу келе жатыр»,-деп, Қаражан екі жаққа тоқтау салады.
«Келе жатқан қолдың» кім екенін білмесе де, әзірлік
жасайды. Егер ол келе жатқан жау болса, одан ел-жұртын
қорғап алуды қарастырады.
Ақ сауытым киейін,
Ат құйрығын түйейін,
Кім де болса осы жау,
Қаражан атым құрымаса,
Бір шетінен қиғаштап
Аш бөрідей тиейін
(сонда, 170-бет), –
деп, Қаражан жол тосуға жалғыз аттанады.
Алпамыспен кездесіп, алысқа түскен Қаражан
жеңіліс табады. Оны жырда Алпамыстың діні күшті
болғандығынан деп дәлелдейді. Бұл бергі заманның
қоспасы болуға тиіс. Жырдың идеялық сарынына
қарағанда Қаражанның Алпамыстан жеңілуі дін әңгімесіне
байланысты емес. Оның басқаша мәні бар деуге болады.
Өз елінің аман-саулығын ойлаған Қаражан Алпамыстың
жау еместігін біледі де, онымен достыққа келеді. Алпамыс
қалмақ еліне жаулық жолымен шапқыншылық жасау үшін
келген батыр емес. Ол қалыңдығын іздеп келеді.
Алпамыстың бұл мақсатына жетпей қоймайтындығын
және қалыңдығы үшін қандай іске болса да бара
алатындығын аңғарған Қаражан адамгершілік жасайды;
Гүлбаршынды теңіне қосып абырой алуды, екі елдің
арасын жауластырмауды көздейді. Ал бұлай етпесе
Алпамыспен алысқа түссе, оның ақыры қырғын соғыс,
қантөгіске айналып, ел-жұртқа ауыр тиетіндігін Қаражан
жақсы түсінеді. Сондықтан да ол Алпамыспен төс түйіскен
дос болып, серт байласады; қолынан келген қызметін
аямайды.
Ел-жұртының
тыныштығын
ойлаған
Қаражан
Алпамысқа берген достық сертін бұлжытпай орындап
отырады. Ол бұл ретте, қаншама ауыр болса да, жалғыз
баласы Досмағамбетті өлтіруге шейін барады. Бір
жағынан, жұрт алдында Алпамыстай досының абыройлы
болуын көздесе; екіншіден, өзінің де батырлық сертке
берік екендігін білдіреді. Осы секілді әңгімелерді айта
отырып, жыр Қаражанды ел қамын қарастырған,
қарабастың мүддесінен де көпшілік мүддесін жоғары
ұстаған батыр етіп суреттейді. Екі елдің арасында татулық,
достық болуын мақсат еткен адам деп сипаттайды.
Сондықтан да оның образы жырда жағымды етіліп
жасалған болады.
Мыстан
«Алпамыс» қазақтағы батырлар жырының ең ескісі,
оған кейбір әңгімелерінің ертегі түрінде айтылуы дәлел
десек, оны жырдағы мыстан кемпір образынан көруге
болады. Жалпы халық әдебиетінде, мыстан кемпір
көбінесе жауыздықтың, қиянатшылдық пен қастықтың
бейнесін елестетеді. Мыстан кемпірлер қалың көпшілікке
немесе сол көпшілік қамы үшін күресетін адамдарға
қастық жасап жүреді және олар хандар мен уәзірлердің,
халықты езушілердің қызметінде болады, соларға
болысады. «Құламерген», «Аламан мен Жоламан» т.б.
сияқты халық ертегілерінде суреттелетін мыстандар еңбек
адамына, халықтың сүйікті ұл-қыздарына неше түрлі
қастық жасайды, олар бұл жөнінде хандардың жауыздық
тілегін
орындаушы,
соған
көмектесуші
болады.
«Алпамыс» жырында суреттелетін мыстан кемпір де
сондай.
Алпамысқа қастық жасайтын мыстан осал жау емес.
Ол мол жауыздықтың, зор қастықтың иесі болып келеді.
Оны жыр: «Қабағы тырысқан, көрінгенмен ұрысқан,
тізесіне шекпені жетпеген, басынан жаманшылық
кетпеген, бір кез ширек бойы бар, адам таппас ойы бар», –
деп сипаттайды. Ол өзінің қастыққа толы іс-әрекеттерін
асқан айла-амалмен іске асырып отырады. Тайшық хан
Алпамыстың келе жатқанын біліп абыржып, барарға жер
таба алмай сасқан кезде, оған көмекке мыстан келеді де,
жәрдем-көмегін ұсынады. Бұл еңбегі үшін өзінің таз
баласына қалыңдыққа ханның қызын сұрайды. Зәре-құты
қалмай, үрейі ұшып отырған хан мыстанның тілегін береді.
Содан кейін мыстан іске кіріседі, қырық қыз бен қырық
отау алып, Алпамыстың алдынан шығады. Әр түрлі әдіс-
айла жасап, аңғал батырды қолға түсіреді. Мыстан кемпір
қаншама айлалы болса да, халық жазасынан құтылмайды.
Сол қаскүнемдік істері үшін ол қорлық өлімге душар
болады. Халыққа және оның ардақты ұл-қыздарына
жасаған жауыздықтары, ақырында мыстанның өз басына
ажал оғы болып тиеді. Мыстанды халық жыры
жауыздықтың, қастық пен қиянаттың бейнесінде ала
отырып, оны халықтың және көпшілік ісі үшін
күресушілердің жеңетінін аңғартады.
Жырдың композициялық құрылысында, жырдағы
тартыстарды шиеленістіруде мыстан образының алатын
айрықша орны бар. Әсіресе, жырдың екінші бөліміндегі
оқиға, тартыстардың бір-біріне ұштасуы және дамуы
мыстанға байланысып жатады. Егер мыстан кемпір
болмаса, Алпамыс Тайшық ханға тура барып, оны жеңіп
қайтар еді жеті жыл бойына зынданда жатпас еді.
Сондықтан да жырдың бұл бөліміне мыстан образы
көптеген оқиғаларды бірінен-бірін тудыра, шиеленістіріп
баяндау үшін енгізілген секілді. Мұны ертедегі батырлар
жырының сюжет құрудағы ерекше бір әдісі деп қарау
керек.
Достарыңызбен бөлісу: |