Мендегі өмір сен деп өмір сүреді, Менің елім жыр елі



Дата10.06.2016
өлшемі259.63 Kb.
#126337
Алғы сөз

Мендегі өмір сен деп өмір сүреді,

Менің елім, менің елім – жыр елі.

Жұмекен Нәжімеденов

Қазақтың әдебиеті өзінің арғы-бергі ұлы кезеңдерінде ұлт мерейін үстем етер, халқымыздың ойлау, пайымдау қабілетінің орасан кеңдігі мен ересен тереңдігін танытар жалпы адамзаттық биікке көтерілген көркем туындылар мен кемел тұлғаларға бай.

Аты шартарапқа таралған, ақындық әлемі нұрлы, лирикалық өлеңдердің өршіл жүйрігі Жұмекен Нәжімеденов қайраткерлігімен де, адамгершілігімен де аңызға айналған абыз аталардың бірі.

Осыған орай мемлекеттік сыйлықтың иегері, сан қырлы талант иесі, көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденовтың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында Жамбыл атындағы мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы -«Арқалы жырдың тұғыры» - атты әдістемелік құралын ұсынып отыр. Әдістемелік құралымыз жазушы шығармашылығына арналады.

Әдістемелік құралда «Жүрегі жыр Жұмекен» - атты кітап көрмесі, «Ақбоз атпен ақ бұлтты аралаған» - атты әдеби - портрет кеші, «Шындық жыршысы» -естелік – эссе, өмірбаяндық деректемелермен әдебиеттер тізімі беріледі.



« Жүрегі жыр Жұмекен

( кітап көрмесінің үлгісі)


1 бөлім: «Ақбоз атпен ақ бұлтты аралаған»

(Бұл бөлімде жазушы өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар қойылады)


Дәйекті сөз: «Ол әсемдікпен келісімді, жақсылық пен қуанышты

оңайдан таппайды. Оған өмірдің тұтас қимылы – уақыт пен

адам, жаратылыс үшеуінің бірге қозғалуы, бірге ілгерілесуі

ғана қызықты. Ақын уақыт өтіп жатқанда өзгермей қалған

кейбір шындықтар үшін де қамыға біледі»

Ә.Тәжібаев



2 бөлім: « Арқалы жырдың тұғыры»

( Жазушы шығармалары, аудармалары қойылады)


Дәйекті сөз: Жұмекен Нәжімеденовтің әдебиет сарайының қасиетті

табалдырығын аттарда таптаурын жолға түспей, өзіндік

соқпақ салған, пәлсапалық ойлары мен терең толғаныстары,

адам мен табиғат арасындағы диалектикалық байланысты

оқушысына иін қандыра жеткізген терең де мазмұнды,

өрнекті де ойшыл жырлары халық қазынасынан мәңгілік

орын алды.

Х.Хабдешов


3 бөлім: « Қалтқысыз сыр, қайсар жан »

(Бұл бөлімде жазушы туралы айтылған қанатты сөздер қойылады)


Дәйекті сөз: Жұмекен Нәжімеденов- қазақ поэзиясында табиғатты аса

шебер жырлаған ақындардың бірі. Бұл, әрине кәдімгі қағида

сөз. Жұмекеңнің табиғатты жырлауы бөлекше. Оның әрбір

өлеңінде табиғат адам тағдырымен үзілмес байланыста, үнемі

қабаттасып отырады, онда адамсыз табиғат жоқ.

Ғ.Қайырбеков




«Ақбоз атпен ақ бұлтты аралаған»

(әдеби - портрет кеші )


Безендірілуі:

Шара өтетін жер тақырыпқа сай безендіріліп, кітап көрмесі ұйымдастырылады. Сахна төріне Жұмекен Нәжімеденовтің портреті ілініп, слайд фильмдер көрсетіліп, гүл шоқтарымен, түрлі-түсті шарлармен безендіріледі.



«Ақбоз атпен ақ бұлтты аралаған» - атты тақырыптағы әдеби-портрет кеші кітапханалардың оқырман залында, мектептерде, мәдениет орындарында өткізуге болады. Алдын ала хабарландыру ілініп, өлең – жырларын, сахналық қойылымдары таспаға жазылған болса, шара барысында қажетті жерлерде беріліп отырылады.

« Жүрегі жыр Жұмекен » - атты кітап көрмесіне шолу жасалынады.

Қатысушылар:

Әдеби-портрет кеші өте үлкен дайындықты талап етеді. Алдымен тақырыбы белгіленіп, хабарландыру ілінеді. Шақырылған оқырмандар поэзия сүйетін қауым, әдебиетшілер, өлең жазатын жастар, өлең – жырға әуес оқырмандарды, жергілікті басылым тілшілерін, радио - тележурналистер шақырылып, бейне таспаға түсіріліп, әнші-күйші, жыршылар қатысады.



Кешті: Кітапханшылар және 2 жүргізуші (оқушылар) жүргізеді.

Кітапханашы: Армысыздар қадірлі қонақтар, кітапхана оқырмандары!
Қазақ әдебиетінің классигі, ХХ ғасырдың ұлы ақыны, жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының жаңа әнұраны авторларының бірі, Қазақстанның халық жазушысы, ақын Жұмекен Нәжімеденовтың 80 жылдық мерейтойына орай «Ақбоз атпен ақ бұлтты аралаған» -атты әдеби-портрет кешімізге қош келіпсіздер! Әдеби шығармалардың қай саласының болсын болмысын, рух жарасылымдығын таразылайтын - алдымен сол шығарманың иесі қаламгер. Әдебиет әлемінде көркем өрнектерімен, ғұмырлы жырларымен, азаматтық бітімімен соңында із қалдыратын да шынайы ақындар мен жазушылар.

60-шы жылдары әдебиетімізге келген ақын –жазушыларымыздың көпшілігі-1932 жылғы ашаршылыққа, 1937 жылғы жаппай қырғынға, Ұлы Отан соғысына әкесін беріп, өздері сол жылдары дүниеге келіп, әкесіз өскен жетімектер екені белгілі. Балалық шағын соғыс қорлап, ерте есейген лирикалық кейіпкерлердің өмір жолы кешегі сан мыңдаған қазақстандық қандастарымызбен тағдырлас. Ақын өлеңдері сол бір ауыр күндерден сыр шертеді. «Шегініс» өлеңіндегі «Төрт жаста біз жетім болдық аяулы, Сегіз жаста колхозшы боп, Күннен бұрын ояндық» деген екі тармақтың ішіне сол жылдардың бүкіл тыныс-тіршілігі сыйып тұр.


Ғұлама ақын Жұмекен Нәжімеденовтің жырларын оқи отырып, оның отызға толар-толмаста, қырыққа жетер-жетпесте қыруар дүниені тындырып кеткендігін көреміз. Өз уақытында халықтың көкейтесті мұңдарымен өмір сүріп, өлеңге соны қапысыз түсіріп, көп жәйттерді кезінде жырлап өткен.

Жұмекен Нәжімеденов артына көп мұра – жыр мұрасын қалдыра отырып, азғантай өмірінде әлеуметтік көзқарасын да, қоғамдық пікірін де қалыптастырып үлгерді.

Ақын мұрасы философиялық терең түйіндерімен, табиғи құбылыстарды шебер бойлауымен, таңқалдырарлық интуициясымен бағалы. Ақиық ақынның әр парағынан азаматтық үні айқын аңғарылады. Өмірдің әрбір штрих-сызығына үңілген Жұмекеннің жағрапиялық кеңістігі де –шексіз әлем.

Жұмекен Нәжімеденов әр көрністі ой, сезім елегінен өткізе, іштей тебірене жырлайды. Бір тамшы суда да мәніс, көрік бар, өмірге керек нәр бар («Ең әуелі жырлау үшін теңізді, білсем деймін, қасиетін тамшының») - деп ақын табиғатқа жабырқай да, таңырқай да қарайды. Кейде көп ойдың түбіне жете алмай малтыққан адамның сезімі де бой көрсетіп қалады.

Ақын поэзиясында үлкен орын алатын бір топ өлеңдері негізі табиғат жайында болып келеді. Ол қазақ поэзиясының арғы-бергі тарихында бар табиғат суреттеріне өзінше үн қосып, жаңа өрнек сала білді. Осы саладағы «Құм жырлары» атты шоғырлы өлеңдерінің өзіндік ерекшелігі бар.
І- жүргізуші: Дымқыл жапырақ майыстырып талды иіп,

Жасыл бұта бір-бірінен сәл биік,

Бөбектері секілді осы көктемнің,

Көктем, көктем...тал басына қалды ұйып.

Көктем әкеп гүл букетін салды үйіп,

Қаңсып қалған тамырларға қан құйып.

Байғұс ара шырын іздеп шарқ ұрды,

Тіршіліктің таңдайы үшін бал жиып.


Кітапханашы: Ұлы Сағдидің «Бустан» дастанын, түрік ақындарының өлеңдерін, А.Блоктың «Зауал» дастанын, М.Лермонтов пен В.Маяковскийдің өлеңдерін, А.Вознесенскийдің өлеңдерін және Хафиз, Незваль, Хикмет шығармалар жинағын қазақ тіліне аударған.


ІІ- жүргізуші: Мен кетер ем өлеңнен,

үмітіммен, мынау шөкім-денеммен,

бүкіл осы тірлігіммен кетер ем.

Кетер едім, айыптар ем ішімнен

адамдарды – мені ақын деп түсінген.

өз - өзімді келеке етер едім мен.

Тілегім де болмас еді басқа онша-

Тек бір адам мені шындап жоқтаса...



Кітапханашы: Жұмекен Нәжімеденовтің жыр әлемі - қазақ өлеңінің ХХ ғасырдың қуаты мен нұры, салмағы мен сыры. Ақынның өлең құрылымы, поэзиясындағы жанрлық түрлер, тілдік қабат, сөз ұнасымы жайлы қазақ өлеңтану ғылымы айтар сөзін әлі айтқан жоқ. Ақын өлеңдерінде қайталаудың, ұйқастың, сөз айшықтау мен ырғақтың, суреттеудің, тұспалдау мен астастырудың, шендестірудің жаңа үлгілері мол.

Ақын Жұмекен Нәжімеденов адам өмірін үш-ақ күнге балап, үш кезеңімен саралаған. Жарық дүниеге келуі, жан махаббатын кешуі, яғни бүкіл ғұмырыңның игілік-ізгілігі және артында қалдырар ізің, ұрпақтар жадында сақталар мәңгілік сапарың. Өзің кеткенде соңыңнан жалғасар ғибрат жолың қалмаса, бүкіл кешкен ғұмырың да баянсыз тұл ғұмыр, жартыкеш ғұмыр осы адам несібесінің шарапат-шапағатын таратар негізгі тірлік-тынысында да ол ар күзетіндей егіз қылыштың жүзі ешқашан мұқалмауын қалаған. Бірі - сұқ көзден, сырт жаудан ел мұратын, намысын қорғайтын құдірет, бірі - әділетке, ар-ожданға, қиянатқа қарсы қаһар.

Өлеңді өлең дегізер бір шарт - өлеңнің өзегі. Ақын жырларында өзексіз өлең жоқ. Жұмекен Нәжімеденовтің «Жаңғырық» (2003) поэмасы - қазақ өлеңінде қосылған жаңа жыр бағыты, жаңа түр. Қорғасындай ауыр көңіл мұңы Махамбеттің тағдырын уақыт пен кеңістік өлшемінде мейлінше поэтикалық қуатпен толғау. Махамбет - қазақтың ары, ожданы. Ақын тарих ақиқатын алыстан барлап отырып, кезең шындығына ұрпақ жүрегімен жүгінеді.

І- жүргізуші: «...-Су да ағатын арындап

Исатайдың барында,

Мына сорлы Жайықта –(«адыра

қалған Нарында»).

Соңғы ұрыста Батырдың аты оққа

ұшып мақтаған,

Көз алдында қорқырап бара

жатты Ақтабан.

Нақ сол сәтте Махамбет-әй, о

да бір ер кісі -

Ойнақтаған астынан түсіпті де

жерге ұшып:



  • Сіз мініңіз мұны, - деп тоса

берген өз атын...

ІІ- жүргізуші: Ақ шел жапқан жанардай

көрмейді ақ аспан,

Түк көрмейді ақ аспан – тағдыр да

сол о бастан....

Жаңқа құсап жонғанда борап ұшар

ағаштан


Қиыршық қар борайды:

ақ толқынды ат ұлып,

Ақ Жайық пен ақ аспан,

бір-біріңді сапырып-

Ақбоз мініп шықты, әне жалғыз

батыр ақырып:

Ақыртып бір жырласаң

міне саған тақырып!



Кітапханашы: Үш томдық өлеңдер мен дастандар жинағы 1996-1997 жылдары, екі томдық өлеңдер жинағы 2005 ж. жарық көрді. 2002 жылы Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы сериясымен «Жұмекен» атты жинақ басылып шықты. 2005 жылы «Менің Қазақстаным» атты кітап қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрді. Қаламгер проза жанрында да қажырлы еңбек етті. Оның қаламынан «Ақ шағыл» (1973), «Кішкентай» (1975), «Даңқ пен дақпырт» (1977) атты романдар туды. Ақынның әңгімелері мен повестері, хикаяттары мен сын мақалалары топтастырылып, 2005 жылы «Аспан шақырады» деген атпен басылып шықты. Жұмекен Нәжімеденов асқан күйші болатын. Оның «Күй кітабы» атты шығармасының негізінде 2006 жылы аудио-кітап жарыққа шықты. Аудио-кітапта ақынның күй құдыретін түсіндірген өлеңдері және өнер қайраткерлерінің орындаған туындылары қатар өріліп, тыңдарманына тарту етілген. Сонымен бірге 2005 жылы ақынның сөзіне жазылған әндер топтастырылған «Жұмекен – Менің Қазақстаным» деген әндер жинағы басылды.

Жұмекен Нәжімеденов – тіршіліктің бар сәтін, бар бояуын, бар құбылысын жеке мәнінде де, жалпы мазмұнында да тынымсыз, тоқтаусыз, қалт жібермей қармап қалып, өлең сөзге ұластырып, өзінен кейін ұланғайыр, өзгеше жыр мұрасын, жұмбақ жаратылысты поэзиясын қалдырған ХХ ғасырдың аса ірі ақыны. Ойымыздың ізін суытпай, ақынның жыр жолдарымен жалғай түссек -



І- жүргізуші: ... Ал кей күні қыран құстың қанатын

Қиып алып, бір байғызға жапсырдық...

Таудың даңқын көтерем деп байқаған

Төбе бірақ қақты бір күн қайқалаң.

Бұлбұлдардың әнін шырқап байқаған

Қызыл әтеш - әтеш болды қайтадан...



ІІ-жүргізуші: Заманымыздың әлем таныған кемеңгер жазушысы Әбіш Кекілбаев Жұмекен жайлы естелік жаза отырып «Жұмекен шындықты өз творчествосының әрі басты тақырыбы, әрі басты қаһарманы қылып алады», «Өмірдің өзіндегідей бояу, өмірдің өзендегідей әуез, ырғақ-ақынның көркемдік мұраттары. Ол үшін - шындыққа қиянат жасайтын әсіре бояу, әсіре желпіністің бәрі жат» деп жазады. Онда құмда туған ұлы ақынның алғашқы қаламгерлік қадамын бастаудағы өмір көріністерінен де көп адам біле бермейтін жағдайларды жеткізеді, туған жердің ғаламат көне тарихынан да мол мағлұмат ұсынады. Өзіміз күнде айтып жүретін Ақжонас атауының қашан, қалай аталғанынан да оқырманды хабардар қылады.

Алдымен Әбіш Кекілбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінің 2005 жылғы он бірінші қарашадағы санында жарияланған «Қайсарлық» деген көлемді жазбасының басындағы үзіндісін оқып шығайық.


«Бір жоқты бір жоқ іздеп табады деген. Оған бірер жыл бұрын Нарынға барғанда көзіміз анық жетті. Ең алдымен, қырық хан, қырық мешіті бар Қырымға кісі өлтіріп, қырғыздан қашып келетін ер Тарғын еске түседі. Ақша ханның еркетотайы Ақжүніс сұлу оған: «Әкем мені қайдағы бір ханзадасымаққа жөнелткелі жатыр. Алып қаш!» – деп қиғылық салады. Батырлық тақсіретіне ғашықтық тауқыметі қосылады. Жүз жасаған Сыпыра жырау екі ғашыққа «Жанарыс жақтағы Үш Тарғын тауы» деген жерді бергізеді. Олар қыстап-жайлап, «мысыр еткен» қоныс содан «Ақжонас» атанады.


Кітапханашы: 1986 жылы желтоқсанның қара бұлтты, қаһарлы күндерінде Алматы көшелерінде лек-легімен шеру тартқан қазақ жастары бір асқақ әнді аспандата шырқады. Ол қай ән, қандай ән екені естеріңізде ме? Естеріңізде болмаса, еске сала кетейік. Ол – «Менің Қазақстаным» қазіргі Әнұран. Мәтінінің авторы - Жұмекен Нәжімеденов. «Менің Қазақстаным» әні оның шығармашылық жолының басында, ақынның 21 жасында жазылған. Өлең бір қарағанда Қазақстанның миллиард пұт астық жинағанына арналған сияқты болып көрінгенімен, негізінен «ел, жер менікі» деген отаршыл саясатқа қарсылықтан туған шығарма. Өн бойындағы рухтың, күш-жігердің молдығынан бұл өлең тәуелсіз еліміздің ресми Әнұранына айналды.

«Мен түгілі табиғат та, асылын тереңірек, тереңірек көнбей ме?» деп жырлаған ақын қаламынан туған «Менің Қазақстаным» өлеңінің тәуелсіз қазақ елінің ән ұранына айналуы –ақын жырларының күн өткен сайын жарқырай түсуіне мысал.

2006 жылдың 11 қаңтарында «Менің Қазақстаным» әні елдің мемлекеттік әнұраны сипатында алғаш рет астаналық «Ақорда» резиденциясының шаңырағы астында, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Президенті лауазымына салтанатты түрде кірісу сәтінде орындалды.

Еліміздің жаңа әнұраны арқылы Елбасының арқасында Жұмекен Нәжімеденов әлем танитын тарихи тұлғаға айналып отыр. «Ердің атын елі шығаратыны» тағы да айшықты көрінісін жасауда.

( «Менің Қазақстаным» - әніне түсірілген слайд көрсетіледі)

І-жүргізуші: Жұмекен – мәңгілік, Жұмекен қашан да халқының ортасында. Жұмекеннің Қызылоба ауылындағы «Жасқайрат» орталау мектебіне Жұмекен Нәжімеденовтің есімі берілді, кейінірек аудан орталығының кіші Ганюшкин аталатын бөлегіндегі Колхозная көшесі Жұмекен Нәжімеденовтің есімімен аталады. Ақынның туған ауданында бір ауыл және орта мектеп оның есімімен аталады. Қазақстан Республикасының астанасында "Жұмекен Нәжімеденов" атында көше бар. Жұмекен Нәжімеденов туралы «Жұмекен» атты деректі фильм және М. Азбанбаевтың «Менің Қазақстаным – Жұмекен» атты зерттеу кітабы жарық көрді. Ақын шығармашылығы туралы Қ.Юсуповтың «Ж. Нәжімеденовтің ақындығы» деген монографиясы басылды. 2006 жылы ақынның өмірі және шығармашылық жолы туралы «Жұмекеннің жүрегі» деген естелік кітап жарық көрді. 2010 жылы «Менің Қазақстаным» атты жыр жинағы үшін Жұмекен Нәжімеденовке Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы (қайтыс болғаннан кейін) берілді. Ж. Нәжімеденовтың жанұясы: зайыбы Мұстахқызы Нәсіп – зейнеткер. Жалғыз ұлы – Мағжан, қыздары – Әйкен, Қарлығаш, Тоғжан, Саида. 

(«Менің Қазақстаным» - әні орындалады)

(Бойжеткен қыз бен Бозбала Нәсіп апай образына еніп оқырмандар алдында қойылым көрсетеді).

– Алғаш сіз Жұмекен ағайды көрген кезіңіз?

Ол кезде Гурьев облысы, Теңіз ауданында Нұржау деген ауыл бар-тын. Бастауыш класты өз ауылымызда оқимыз да, жоғары класты Қошалақ деген жерге әр ауылдан оқушылар жиналады. Ел арасында жоғарғы, төменгі ауыл деп аталып кеткен кішігірім ауылдар көп-ақ. Жұмекен қыр балаларымен бізден бір жыл бұрын келіп, осы мектепте оқып жүр екен. Алғашқы қоңырау деген атымен жоқ, оқушыларды аулаға жиып алып, тізім бойынша түгендейді де, кім түске дейін, кім түстен кейін оқиды, соны айтады. Осы жиында қап-қара қалың шашты, ол кезде солдаттардың киетін матадан костюм киюі – сәнге айналған, жылтыр түймеден омырауы көрінбейтін, жуан галстук байлаған ақын жігітті тұңғыш көрдім. Бірақ ауыл арасы жақын болғандықтан, оның үстіне көрші тұрған Жібек деген құрбым Жұмекеннің немере қарындасы болып келеді. Сырттай бір-бірімізге мақтап жүреді екен, сондықтан атына қанықпын.

Оқушылар саны қазіргідей көп емес. Сондықтан ба, әйтеуір өте татумыз. Көркемөнерпаздар үйірмесінен, әдеби кештердің белсенді мүшесіміз, радиоузелден оқушылардың концерттері беріліп тұрады үзіліс сайын.

Жұмекен – өте өнерпаз еді. Өлең оқитын, домбырамен ән салатын, күй тартқанда ерекше боп кететін. Әсіресе, скрипкамен «Бұлбұл» күйін тартқанда оқушылар түгіл, мұғалімдеріміз ұйып тыңдаушы еді. Мен мәнермен өлең оқитынмын. Бақыт, Назым деген сырлас құрбыларым болды. Бірде Нәбидолла деген бала Бақыттың құлағына сыбырлап, маған қарағыштай береді. Ол Жұмекеннің класында оқиды. Сөйтсем Жұмекеннің хаты екен, алғашқы ғашықтық хаты. Бұрын-соңды ондай хат алмағам, оның үстіне өзі өлең жазатын ақын жігіттен алғаным...

Қайта-қайта оқимын, біреу көріп қалатын сияқты. Содан бастап небір жырға, сырға толы хаттар ағылды. Үшеуміз жарысып оқимыз, Назымның қара сырмен сырланған кішкентай сандығы бар, хаттарды соған жасырамыз.



  • Қай жылдары?


  • Бұл 1953-54 оқу жылдары. Мына суретке сол жылы түскенбіз.


– Қай жылы үйлендіңіздер?

– 1957 жылы қосылдық. Құдайға шүкір, жаман ғұмыр кешпедік. Ұлдары мен қыздары, немерелері өсіп келеді. Өзі өлердей жақсы көретін қазақ халқына мұра - өлеңдері қалды артында. Ертерек кетіп қалғаны болмаса...

– Ақын жары сүйген жарға деген махаббаты, сағынышын көз жасы арқылы шығарып, босаңсып алды.

- Кейде күнделікті тірліктен шаршаңқырап қажыңқыраған сәттерде осы ғұмырнамаға уақыт бөлемін.

- Ғашық-намаға деген дұрысырақ болар, - дедік біз ол кісіні көңілдендіре түскіміз келіп.

- Иә, - деді ол кісі болмас жымиған күйі. – Мына бір хатын оқып, өткенде ағыл-тегіл жылап алдым. Махаббаттан есіміз шығып жүріп, ол кезде нендей жауап жазғаным, әрине, есте жоқ. Дегенмен, бір хатымда «жазысқан хаттарды сақтауға тырысайық, керек болады, ойлан» деп жазған болуым керек.

Мүмкін, ағаларыңның ертерек кететінін, аз ғана ғұмырында осындай бағасыз байлығын - өлеңдерін, жырларының, хаттарының ғана ғұмыры ұзақ болатынын құрғыр жүрек сезді ме екен... Маған онсыз өмір сүру өте қиын болды. Үлкен жүректі, сыршыл жүректі ақын-жарды жоғалту жеңіл болған жоқ. Ал балаларыма, оқырмандарына, яғни іздеушілеріне қарап шүкіршілік етемін.

– «Қыз бен Жігітке» алғысөз, тілегіңіз болсын, бұйымтайымыз – ақынның бір жыры мен хатын жариялауға рұқсат берсеңіз?

- Қайдам, бір жағынан ыңғайсыздау сияқты, мейлі, жастарға пәлендей ой түйгізіп жатса, қажетіне жарар болса берейін.

Сүйерім!


Аруым! Сізге деген махаббат жалыны күннен күнге өршуде... Абай айтады: «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» - дейді. Қысқасы махаббатсыз, сүйіспеншілігі жоқ және ешқандай жылы жүректілік жоқ адамды, адам деп қараудан көрі айуан қатарына қосу – орындырақ екенін қазақ халқының кемеңгері Абай көре білді, өсиет етіп айта білді. Олай болса, біздің жүректерге кінә артуға болмайды. Аздап ертерек тыпырлағаны үшін шамалап өкпелеуге болар да еді...

«Игіліктің ерте кеші жоқ» - дейді қазақ. Бұған қарағанда жақсылыққа, бақытқа, өмірге талпынған адамды ешкім айыптамайтын тәрізді. Оқушылық тұрғыдан қарағанда: «Сүйіспеншілікті оқып жүрген кезден бастап қамдауға болады» - деп айтпайды.


Сүйіктім!

Сіздің көрген түстеріңіз мен туралы өзіңіздің ой қорытындыңыздан шұғыл ғажап емес. Өйткені түс – адамның көңіл-күйінен аулақ кетпек емес. Мысалы: біз қайғыланып жатқанда жаман түс, ал шаттанып жатсаң жақсы түс көріп, оны келешегімізге жорып оңып қаламыз. Бірақ Сіздің түсіңізге мән бермеуге «Әншейін ой ғой» деп қарауға болмайды. Мүмкін, менің бақытты, қызғылықты өмір сүруіме кім шек қоя алады?!

Бұдан былай кейбір туысқандарыңа, шын дос құрбы, құрдас жеңгелеріңе білдіре беруіңе менің қарсылығым жоқ. (Менің алдамшы емес екенімді таныған шығарсың).

Қашықтан хабарласу туралы не ойлайсыз?

Сіздің хаттарыңызды мен алғашында сақтықпен жыртып жүр едім, соңғы кезде өзім сақтауға ұйғардым.

ІІ жүргізуші: Құрманғазы ауданының бір-екі елді мекенінде шағын кездесулер ұйымдастырылды. Жұмекен осы аудандағы Ленин атындағы (қазіргі Нұржау) орта мектебінде оқыған. Нәсіп апай да осы мектептің түлегі. Балалық, шәкірттік шақтың сағынышы осында жетелесе керек, ақын жары алғашқы кездесуді сол білім ошағында бастауды қалады.
Жұмекен Нәжімеденовтің ақындық қуаты, дарындылығы тым ерекше келеді. Оның жырларын бір оқып шығу мүлде жеткіліксіз, қайталап оқыған сайын ғаламат ой дариясын шарлай түскендей сезімде боласыз. Түрлі атақтар мен марапаттау шараларын сығымдап, әбден саралап отыратын кеңестік заманда Жұмекен Нәжімеденовтің жыр жұлдызы атанып, Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атануы көп қаламгердің қолы жетпеген шың басындағы шырақтай еді.



І- жүргізуші: «..Әкем мені әппағым деуші еді... деп Саида Жұмекенқызы еске алады. Өз ұғымымда әкем үлкен қасиетті кісі болатын. Өзіне тән қарапайымдылығымен, әзіл-қалжыңмен ерекше боп көрінетін. Көп ақынға тән мақтану, көлгірсу, менмендік әкеме жат қасиеттер еді. Ол үнемі қарапайым боп жүретін. Жаны адал, ақ көңіл, сезімі пәк. Мені әкем әппағым, ақ қызым деуші еді. Қайда барса да қасынан тастамай алып жүретін. Кейін, мектепте оқып жүрген кезімде, қонаққа баруға ұялып, өзім бас тартсам да: «Баламды ұнатпаған адам мені қонаққа шақырмай-ақ қойсын!» - деп ертіп кететін.

Әкемнің маған арнаған

Бәлкім, ертең де еркелетер?

Сенемін!


Төбесіне тік көтерер сені елің,

жалауындай алыс жүрер кеменің –

деген еді. Әттең, мектеп бітіргенімді де көрмей кететінін қайдан білейін Тағдырға дау айту қиын ғой...

Әкеміздің «Бес бұтақ» деген өлеңінде балаларына деген махаббаты айқын көрінеді:

...Мен егер де бір жұма уақыт үйде болсам,

бес тентегім - бейне бес жұмыс күнім:

көңілімді көтерсе бірі менің,

шаршатарда- барлығы бірігеді...

Бес бөбегім бесеуі де асыл маған,

асыл оймен жаңарам, жасылданам.

Бірін сүйсем масайып қаламын да,

екіншісін иіскеп - басым жазам...


Кітапханшы: Әкемнің әкесі – Сабыр (азан шақырып қойған аты Сабыреден) жасынан арабша оқыған, көзі ашық жан. Мінезі қарапайым-дылығына қоса өз есесін жібермейтін, тілге шешен, өткір, парасатты, ақылды адам болған көрінеді. Ән айтатын, жүйрік тазы ұстайтын аңшылық өнерлері де болған көрінеді.

Әкем анамызды өмір бойы құрметтеп өтті. Анам екеуінің махаббаты жайлы жыр қылып айтады. Ол әкемнің өмірлік серігі ғана емес, қамқоршысы, күтушісі, адал досы болды. Анам Нәсіп әкеміздің алғашқы өлеңдері мен маған жазған хаттары түгел сақтаулы, бірақ оны жариялауға бере бермеймін, өзім де естелік-сыр жазсам ба деген ойым бар, денсаулық көтеріп шамам келсе, - деп еске ала отырып ақынның «Ақ сүт» атты аңызға құрылған жыр шумағы аналар жайындағы поэзиясының жиынтығындай әсер береді. Ол ананың ақ сүтін «меккеге» үш рет арқалап барғанда да өтей алмайды екенсің деген аңыз-әңгімесінде


Бүгінгі ана –көңілшек

бата берер күн сайын.

Кесірленбей келіңдер

құйып берсе бір шайын.

Ардың арыстандары,

жолбарысы ұяттың

бізді ұйқысыз түндерде талайтұғын сияқты... деген түйіннің астарында үлкен ой жатыр. Анасын меккеден екі рет аман есен алып келген азаматтың, үшінші рет алып бара жатқанда жыртқыштың талауына түсіп мерт болғанын көрген ана балам «Қарыздар болып өлді» деп, зар еңіресе ал біздер аналарымыздың алдында мәңгілік қарыздармыз деген ой тастайды.
І жүргізуші: Ия, әкемнің шығармашылық табиғаты ешкімге ұқсамайды. Әрбір өлеңінің жолында терең мағына, жұмбақ сыр тұнып жатыр. Оның:

Бұтақтарым – биікте,

Тамырларым – тереңде - деп сездіруі тегін емес.

Мен тамырмын, тараймын топыраққа,

Тамыр өссе тек қана тереңдейді - деуінде де үлкен мән бар.
Әкем – Абай, Мағжан, Қасымды өзіне пір тұтып, кітаптарын көп оқитын, үстелінің үстінде үнемі жататын кітабы –Стефан Цвейгтің «Бальзак» атты шығармасы еді. Әкемнің достары Әбіш Кекілбаевты, Оразбек Сәрсенбаевты, Асқар Сүлейменовты, Қалихан Ысқақовты, Зейнолла Серікқалиевті, Мәткәрім Әкімжановты ерекше атап өтуге болады. Бұл кісілер үнемі ақын жанынан табылатын.

Қазақ поэзиясының арғы-бергі тарихындағы дәстүр мен жаңашылдық мәселесін жете зерттеген ғалым Мүсілім Базарбаев алпысыншы жылдардағы қазақ поэзиясы жөнінде айта келіп: «Олжас Сүлейменов, Тұманбай Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов сияқты ақындар іздену, ойлану, жаңаға ұмтылу, сол жаңаны көре, таба да білетіндей қалыптарымен сүйсіндіреді», -деген болатын. Жұмекен Нәжімеденов –қазақ поэзиясында өз белсенділігімен, жаңашылдығымен танылған ақын.


П жүргізуші: Ақын отбасында тоғыз жан деп тұрғаны ата-анасы, зайыбы, Жұмекен, сол кезде тұрмысқа шықпаған екі қарындасы, жиені Нәсіпхан, өзінің екі қызы. Сабыржан хабарсыз кеткен соң Нәжімеден қарт баласына арнау дастан шығарып, ол елге тарап кеткен. Хабар-ошар кешіккен сайын, елдің жүрегіне зілдей күдік салатыны тағы ақиқат. Сондай шерлі жұрт бұл дастанды жаттап алып, зармен өлеңге қосып, өз қайғыларын осы өлеңмен шығарған деседі. Бұл дастан әуелден 40 шумақ болды.

Жұмекеннің философиялық тұрғыда ойы терең ақындығына қоса домбырашылығы да бар еді. Оның құйма құлақ, аса дарындылық қасиеті бала кезінен байқалған-ды. Әкемнің домбырасына, тартқан күйлеріне мұрагер болып, жалғыз ұлы Мағжан қалды. Ал әкемді ақын, суреткер ретінде зерттеу – менің парызым. Кезінде ол маған үлкен үміт артып еді, сол үмітін ақтасам – арманым жоқ – дейді Саида Жұмекенқызы

Ақын жұбайы Нәсіп апаймен отбасын құрмастан бұрын-ақ екі құда – Нәжімеден мен Дүйсен қариялар бір-бірімен жиі араласатын.

Дүйсен қарт өзінің өмір сүрген жерінде аймаққа танымал домбырашы болған. Домбыраны солақай тартатын. Өзі атақты солақай домбырашы Жолдығұл қарттың шәкірті екен. Бұл туралы жергілікті газеттерде сан рет жазылды да. Дүйсекеңнің сол домбырадан әруағы асып тұрған кезінде Жұмекен 4-5 жастағы бала. Дүйсекең дарынды ұлды бірден танып, алдына алып отырып, домбыра үйреткен. «Ол кісі күй үйретуге келгенде ерінбеуші еді» - дейді Жұмекен Нәжімеденов.


І-жүргізуші: Қалды артыңда күндерің сыр етер көп,

Той болушы ед қалса егер Жұмекен кеп.

Ойлап па едім жанында табытыңның

Күйге қосып азалы жыр етем деп.


Тағдыр салды басыма амал қанша,

Жыр –жорығың осымен тамамдалса.

Қанша жылдар өтерін кім біледі

Жүрегімнің жыртығы жамалғанша.



« Жұмекенге» М.Ысқақ


Кітапханашы: Құрметті қонақтар, оқырмандар!
«Сәл шыдай тұр, ағайын, мен өнерде енші алам, ұқсамайтын ешкімге жаңадан бір жол салам» деп, өзі айтқандай, ол-ұлттық поэзиямызда ерекше із қалдырған, жасөспірім оқырмандарымызды табиғаты, болмыс бітімі бөлекше, ой мәнері мәйекті акын Жұмекен Нәжімеденовтің қаламынан туған жыр жауһарының тереңде жатқан асылын іздеп табу, оны насихаттау- бүгінгі ұрпақтың міндеті болып саналады, сонымен қатар, поэзиядағы қолтаңбасы да көзге ұрып тұратын салмақты ой мен философиялық иірімдерге толы ақын өлеңдері оқырмандарды парасат биігіне жетелейді.

Қазақтың «Ақбоз атпен ақ бұлтты аралаған» - атты әдеби-портрет кешімізде Жұмекен Нәжімеденовтың шығармашылығында

Бұтақтарым биікте,

Тамырларым тереңде, - деп жырлаған ақын оқушысының сезімін адамгершіліктің биік мұраттарына сілтеп, санасын өмірдің терең сырларымен сусындатады. «Мұндай тереңнен нәр, биіктен нұр емген жыр бәйтерегі ешқашан солмақшы емес...»,- деген көрегенді сөзімен қортындылауды жөн көрдік.

Осымен әдеби-портрет кешімізді аяқтаймыз!
(Кештің соңы « Менің Қазақстаным» -әнімен аяқталады).
« Шындық жыршысы»

( естелік – эссе)

...Шындық деген көк аспандай тым биік,

Мұхит сынды әрі терең тұңғиық.


Жазушылар одағының поэзия секциясын басқаратын кезім 1956 жылдар болса керек, орта бойлы талдырмаш жігіт есіктен сүрініңкірей кіре берді де, әуелі артына қарады да жаныма таянды. Біздер жөн сұрасып үлгермей, екі-үш жас ақын кірді. «Аға кешіріңіз. Мынау Жұмекен деген дүр ақын. Теңіз ауданының «Құрманғазы» кеңшарынан. Алдап ертіп келдік те есіктен итеріп кіргіздік. Осы ұлыңыздың өлеңдерін тыңдап, батагөй болыңызшы. Тіпті секция мүшелерінің бәрі осында жүр. Біз шақырып берелік деп шығып кетті».

Таныстығымыз содан басталды. Балауса ақынның өлеңдеріне біздің құлағымыз дағдылана бастады.

Әдебиетіміздің абызы Әбділда Тәжібаев: «Жұмекен, сөз жоқ, ешкімге ұқсамайтын, өзіндік ақындық жаратылысы, өзіндік бейнесі бар, көп ойлап, көп оқитын, көп ізденетін жас, жұртшылығымызды қатты үміттендіретін ақын.


Жұмекен поэзиясы – біздің ұлттық мақтанышымыз, біздің енді ашылар

алтын сандығымыздың бірі. Ешкімге ұқсамайтын ақынның әрбір шумағы –тың қазыналар».

Қадыр Мырзалиевтің «әзірше бір нәрсені ғана батыл айтуға болады. Жұмекен бұрын қандай ақын болса, қазір де сондай ақын. Бұрын қандай бейнелі болса, қазір де сондай бейнелі. Бұрын қандай күрделі болса, қазір де сондай күрделі. Сақалдарына ақ кіргенше поэзияны сәбидің санамағы көретін жәй сөз құмарларларға Жұмекен Нәжімеденовтің өлеңдерін оқымаса да болады. Оның жыры, әдеби мәдениеті өте жоғары, түсініктері терең, ұғымпаз оқырмандарға арналған»- деген пікірінде көп шындық жатыр.


«Міне, біздің Алматы осы алма төсі бұлтиып, Алма төске жас бұтаның саусақтары тұр тиіп»- дейді ақын, қандай әсем теңеу. Жас ақынның жанын тебіренткен жайшылық емес, жанып келген таланттың мөлдірлігі болатын. Жұмекен ақын - суретші ақын. Жай суретші ғана емес - үлкен суретші. Тапқыр да танымал қасиеті мол ақын.

Ақын түгілі адамның өсіп-жетілу, одан егде тартып, ең ақыры қартайып кәутеңдегенге дейінгі аралық та қаншама бір-біріне ұқсамайтын өмір бөлшектері бар. Оның әрқайсысының өзіндік сұлулығы, өзіндік мән-мағынасы, өзіндік ой түйіндері, өзіндік отты өзегі бар. «Күрмеуі мол күрделі ақын - ол Жұмекен Нәжімеденов » - дейді Сейфолла Оспанов.

Қамшының бүлдіргісіндей ғана қысқа ғұмырында осынша өндіріп жазған, жанымен жазған Жұмекеңдей ақын, Жұмекеңдей жазушы кемде-кем шығар. 2006 жылы «Күй кітабы» шығармасының негізінде аудио кітап жарыққа шықты. 2005 жылы ақынның сөзіне жазылған әндер топтастырылған «Жұмекен – Менің Қазақстаным» деген әндер жинағы басылған. 2002 жылы «Атырау кітапханасы» сериясымен «Жұмекен» атты жинақ басылып шыққан. Жұмекең Нәжімеденовтің әдебиет майданында алған асулары, шыққан шыңдары көп. Сол шыңның бірі –Ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың әніне жазған «Менің Қазақстаным» атты өлеңі.


2005 жылы «Менің Қазақстаным» атты кітап қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрді. Ол жайында «Жұмекен» атты деректі фильм түсіріліп, М.Азбанбаевтың «Менің Қазақстаным – Жұмекен» атты зерттеу кітабы шыққан.

2006 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Әнұраны авторларының бірі.

Жұмекен Нәжімеденов артына 5 томдық өлеңдер мен дастандар жинағын, 3 романын, көптеген повестер мен әңгімелерін, аудармаларын қалдырды.

Қазақ әдебиетінің классигі, ХХ ғасырдың ұлы ақыны, жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасы жаңа әнұранымыздың авторы Жұмекен Нәжімеденов 1983 жылы 22 қарашада жүрек сырқатынан қайтыс

болды


Өмірбаяндық деректеме

Нәжімеденов Жұмекен Сабырұлы 28 қараша 1935 жылы қазіргі Атырау облысы, Құрманғазы ауданының Қошалақ құмының Ашық ауылында туған. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының ұлт аспаптары факультетінде (1956-1959) оқыған.

М. Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары курсты (1971-1973) бітірген. Еңбек жолын 1955 жылы Қарағанды шахтасында қарапайым жұмыс істеуден бастаған.

1956-1965 жылдары «Жазушы» баспасында кіші редактор, 1965-1966 жылдары республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болған. 1966-1971 жж. Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші қызметін атқарған. 1974-1978 жылдары Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде редактор, 1978-1983 жж. «Мектеп» баспасында редакция меңгерушісі болды.

Алғашқы өлеңі «Лениншіл жас» газетінде 1955 жылы жарияланған.

Тұңғыш кітабы «Балауса» деген атпен 1961 жылы жарық көрді. Осыдан кейін-ақ қаламы жүйрік, ойы ұтқыр ақиық ақын жыр нөсерін төкті. Оның өлеңдері қазақтың қара өлеңіне сонғы серпін, тың тыныс әкелді. Ешкімге ұқсамайтын жаңа түр қосты. Ақын 1963 жылы Мәскеуде өткен Жас жазушылардың ІУ конференциясына делегат болып қатысты.

Ақынның қаламынан туған «Сыбызғы сыры» (1962), «Өз көзіммен» (1964), «Жоқ, ұмытуға болмайды» (1965), «Жарық пен жылу» (1966),
«Күй кітабы» (1967), «Мезгіл әуендері» (1968), «Ұлым саған айтам» (1970), «Қызғалдақ жайлы баллада» (1971), «Мен туған күн» (1972), «Ақ шағыл» (1973), «Кішкентай» (1975), «Даңқ пен дақпырт» (1977), «Жеті бояу» (1979), «Шуақ» (1980), «Ашық аспан» (1981), «Темірқазық» (1982), «Қыран қия» (1984), «Менің топырағым» (1985), «Жаңғырық» (2003), « Я есть » (2003), « Менің Қазақстаным » (2005), екі томдық өлеңдер жинағы (2005), « Аспан шақырады » (2005) сынды жыр-дастан кітаптары жарық көрді.

1967 жылы «Жоқ, ұмытуға болмайды!» атты дастандар жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды.

Ұлы Сағдидің «Бустан» дастанын, түрік ақындарының өлеңдерін, А.Блоктың «Зауал» дастанын, М.Лермонтов пен В.Маяковскийдің өлеңдерін, А.Вознесенскийдің өлеңдерін және Хафиз, Незваль, Хикмет шығармалар жинағын қазақ тіліне аударған.

Әдебиеттер тізімі


Нәжімеденов Ж Темірқазық: Өлеңдер мен поэмалар.-2-ші бас.-Алматы: Жазушы, 1962. - 343 б.
Нәжімеденов Ж. Гүл туралы баллада. Лирика. Баллада: Алматы: Жазушы, 1971.-86 б.
Нәжімеденов Ж Кішкентай.-Алматы: Жазушы, 1975.-248 б.

Нәжімеденов Ж. Даңқ пен дақпырт: Роман, повестер.-Алматы, Жазушы, 1977.-284 б.


Нәжімеденов Ж Жеті бояу: Өлең баллада, мысал, пародия.-Алматы: Жалын, 1979.-159 б.
Нәжімеденов Ж. Ашық аспан: Өлеңдер.- Алматы: Жалын, 1982.-128 б.
Нәжімеденов Ж. Ұрпағым саған айтам: Өлеңдер мен поэмалар.- Алматы: Жазушы, 1988.-312 б.
Нәжімеденов Ж. Қасірет пен қайсарлық: Таңдамалы. Өлеңдер.-Астана: Елорда, 2001.-384 б.
Нәжімеденов Ж Жаңғырық: Өлеңдер мен поэмалар.-Алматы: Атамұра, 2003.-280б
Нәжімеденов Ж Менің Қазақстаным. Мой Казахстан. Мy Kazakstan. - Алматы: Арыс, 2005-112 б. Үш кітапты комплект. (Қаз., орыс., ағылшын тілдерінде)
Нәжімеденов Ж. Екі томдық шығармалар жинағы.-Алматы: Жазушы, 2005.-296 б.портр.- (Қазіргі қазақ поэзиясы )

1 том : Өлеңдер.


Нәжімеденов Ж. Екі томдық шығармалар жинағы: 2 том.- Алматы: Жазушы, 2005.- 312 б.

2 том : Өлеңдер.


Нәжімеденов Ж. Үш томдық шығармалар жинағы.- Алматы: Қазығұрт, 2005.-410 б

Т.3. Өлеңдер мен поэмалар.


Нәжімеденов Ж. Аспан шақырады: Әңгімелер, хикаяттар, мақалалар.-Алматы: Жазушы, 2005.-208 б.
Қазақстан жазушылары: Анықтамалық- 2009. – 480 б
Нәжімеденов Ж Өлеңдер мен поэмалар.– Алматы: Ан Арыс, 2010.-

288 б. - (Алтын қалам).


Х Х Х
Дарынды ақынның даналық поэзиясы: Жұмекен Нәжімеденов //Ана тілі.-2010.-16-22 қыркүйек.-6-7б.
Есдәулет Ұ. Жыры жұмбақ Жұмекен: (Ж.Нәжімеденов) / Ұ.Есдәулет //Қазақ әдебиеті.-2010.-31 желтоқсан -10б.
Жолдасбек Ш. Елім деп соққан жүрегі: әнұран авторларының бірі, Мемлекттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ж.Нәжімеденовтың туғанына 75 жыл толуы салтанаты аталып өтті / Ш.Жолдасбек // Егемен Қазақстан.-2010.-10 қараша.-7б.

Жұмабек С. Қасірет пен қайсарлық жырлары: (Жұмабек Нәжімеденов) // Жұмабек С. Сын әуені.- Астана, 2001.-129-155б.


Жүсіп Қ. Жұмекеңнің екі дастаны хақында: (Ж.Нәжімеденов) /Қ.Жүсіп //Таң-шолпан.-2008.- №2.-120 б.
Қазақ көркем сөзінің шеберлері: Анықтамалық.- Қарағанды: Экожан, 2010.-512 б
Кәрібаева Б. Қазіргі қазақ лирикасы: 60-80 ж. -Алматы, 2001.-106-171 б.
Кекілбаев Ә. Қалтқысыз сыр, қайсар жан: (Ж.Нәжімеденов) //Кекілбаев Ә. Заман мен сұхбат: Ой-толғамдар.-Алматы: Жазушы, 1996.-592 б.

Қирабаев С.Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті:Қысқаша очерк:жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арналған оқу құралы.-Алматы:Білім, 2003.-224 б


Серікқалиев З. Темірқазық: (Жұмекен Нәжімеденов //Серікқалиев З. Жандауа.-Астана.-2004.-78-92 б.
Орда Г. Жаңашыл ақын.( Орда Г ) // Орда Г. Көркем ойдың құдіреті. Зерттеулер мен мақалалар.-Алматы:КИЕ, 2007.-62-68 б
Х Х Х
Жұманова З. «Сырымды саған айтам ел сенбеген...»: (Ақын Ж.Нәжімеденовтың аяулы жары Нәсіп Мұстаханқызымен сұхбат /З.Жұманов //Қазақ әдебиеті.-2013.-8 қараша.- 7б.
Кенжеғалиқызы Қ. Жұмекен ақынның көршілері /Қ.Кенжеғалиқызы // Алматы ақшамы.- 2013 .-7 қараша.-28-31 б.
Кеңшілікұлы А. Жұмекеңнің жұмбақ жаны: Ақын Жұмекен Нәжімеденов /А. Кеңшілікұлы // Егемен Қазақстан.- 2013.-6 наурыз.- 8б.
Көркембек С. Жұмекеңнің дауысын соңғы рет естіген Асқар еді: (Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр): (Ж.Нәжімеденов пен А.Сүлейменов туралы) // Алматы ақшамы.-2012.-25 ақпан.-7б.
Құрман Қ. Жұмекен неге үнсіз?: Ақын Жұмекен Нәжімеденов /Қ.Құрман // Ақ желкен.-2013.-№1.-26-28б.

Мәдібаева Қ. Жүрегі жыр Жұмекен: (Ж.Нәжімеденов) / Қ.Мәдібаева // Қазақ әдебиеті.-2008.-21 наурыз.-11б.


Мұстаханқызы Н. Ақбоз атпен ақ бұлтты аралаған: (Ақын Ж. Нәжімеденовтің жарымен сұхбаттасқан Р.Сейілхан) //Қазақ әдебиеті.-2006.-12 мамыр
Нәжімеденов Н. Арқалы жырдың тұғыры: тірі болғанда 75 жасқа толар еді-ау /С.Бекмұрат //Алматы ақшамы.-2011.-26 қараша.-18б.
Нұрымқызы Г. Жұмекеннің өлеңіндегі ұлттық идея: (Жұмекеннің «Ғұмыр ертегісі» өлеңі туралы) / Г.Нұрымқызы // Ақиқат.- 2013.-№ 4.-

104-106 б.


Хабдешев Х. Талантты іні, тамаша дос: (Ж.Нәжімеденовтің өмірбаяны) // Қазақ әдебиеті.-2009.-20-26 қараша - 5б.

Шыныбеков Ж. Елім деп жерім деп жырлап өткен ақын: Жұмекен Нәжімеденов // Алматы ақшамы.-2010.-21 қыркүйек.-10-11 б.

Мазмұны
1.Алғы сөз 1 б
2. « Жүрегі жыр Жұмекен - ( кітап көрмесі) 2
3. «Ақбоз атпен ақ бұлтты аралаған» - ( портрет кеші ) 3

4. «Шындық жыршысы»- ( естелік – эссе) 16


5. Өмірбаяндық деректеме 18

6. Әдебиеттер тізімі 22

Құрастырушы: Шарымбаева Ф.Қ – кітапхананы дамыту және

әдістемелік жұмыс бөлімінің меңгерушісі

Редакторлары: Құмарова Ш.Ф –абонемент бөлімінің

меңгерушісі

Масимғазиева Ж.Т- жоғары дәрежелі І категориялы

маман







Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет