МӘШҺҮр-жүсіп шығармаларының этномәдени аспектісі 5 Том



бет13/19
Дата09.06.2016
өлшемі1.59 Mb.
#124255
түріМонография
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   19

«Жүсіп мырза» – Құнанбай Алшынбайдың Жүсіп дейтұғын баласының қызын тұңғышы Ыбырайға алып берген. Жүсіп мырзаға қатысты мына бір деректің де тарихи маңызы бар. Жүсіптің бәйбішесі пәуескеге мініп, Құнанбай аулына қызының амандығын білуге шығады. Бұлармен бірге Модашбай деген ақсақ, Қалдыбай қожа өзі ақсақ, Жүсіптің бәйбішесі ақсақ, тағы бір ит пен ат оларда ақсақ ере шығыпты. Сонда Қалдыбай қожа:
Бес ақсақтың біреуі – Қалдыбай-ды,

Молдашбайдың басқаны маңдымайды.

Байы болыс бір қатын арбада отыр,

Ақсақ-сауын ше адам аңдамайды


– деген екен. Бұл сөз күні бүгінге дейін ел аузында сақталған. Шаншардың асында Шөже Тәттімбетпен келіп, Жолшарамен айтысады. Алшынбай Әйтеке, Шаншар елінің басты адамы. Арғын ішінде Қаракесек. Қаз дауысты Қазыбектің шөбересі. Алшынбайдан-Қақабай, Бану, Бәпи, Шәпи, Қосық, Жанығұлы, Жүсіп тарайды. Шөженің өлеңге қосқан мырза Жүсіп осы – Алшынбайдың ең кенже ұлы Жүсіп. Абайдың бәйбішесі Ділдә осы Жүсіптің қызы. Шөже ақын Қаржаубайұлы тегі қырғыз екен, Арғын ішіндегі Қуандық ішінде өсіп-өнген екен. Екі баласы шешектен өліп қалған уақыты екен. Шаншардың асына тобықты Құнанбайда Қарқаралыда аға сұлтандық уақытында келген екен. Шөже Алшынбайға өлердей тиісіпті содан болмаған соң Жолшара бұған қайыр беру жарамайды деп қайыр бергізбей қойған екен.

Шөже өзінің сөзінде:


Алшекем туған ұл мырза Жүсіп,

Шөже келді алдыңа құстай ұшып.

Асаубайдың баласы Әбен болыс,

Қара шұға шекпенін берді шешіп


– деген екен. Алшынбайдың ұлы Жүсіп ел ішінде жақсы атанған, мырза жігіт болса керек. Қолы ашық, елге жайлы мырза Жүсіп туралы қалың ел де құлақтанған болуы керек, Шөже соны айтып, қайтсе де бір ат мініп кетпекке бел байлайды. Тіпті, Тәттімбеттің өзі бір ат берген еді дегенді де өлеңге қосады. Құнанбайдың құдасы Алшынбай осал адам болмаса керек, ақылымен, парасатымен ел билеген кемел адам екен. 1826 жылы 46 жасында Айбике – Шаншар болсын басқарған. Патша үкіметінің старшина, поручик шенін алған. Анна лентасына тағылған алтын медаль алған.

Шөже:
Шөгіп жатқан Алшекем нар сықылды,

Жүсіп жанның ақылы бар сықылды.

Тоқсанбайдың баласы өңшең шобыр,

Жаңбыр жауып құлаған жар сықылды
– депті. Мәшһүр-Жүсіп: Баласына қызын алып берді. Құнанбай-Алшынбаймен замандас болды. Құнанбай әкесі – Өскенбай-Тіленшімен замандас болды. Кеңгірбай-Өскенбай әкесі болса, Тіленшімен замандас деуге сыяды. Болмаса, Дадан Тобықты-Қараменде бимен замандас болған Қабекеңіз-Тіленшімен бас қосуға тіріліп келген болады – деп жазды [37, б.258-261, 53, б.132-133, 31, б. 241-242].

«Мұқыш Жұпарұлы» – Мәшһүр-Жүсіптің 1921 жылы, 63 жасында шығарған ұзақ өлеңі. 4 тармақты, 115 шумақтан тұратын, лирикалық жанрға жатады. Айшықтау тәсілімен, оның ішінде арнау түріне (жарлай арнау) үлгісінде жазылған. Көбіне 3 бунақты, егіз ұйқас, аралас ұйқас түрінде келіп отырады. Қазақ елінің маңдай алды азаматтарын суреттеу. Алаш азаматы Боштаев Жұпарұлы Мұқыш арқылы сол уақыттың ауыр кезеңін көрсету. 1917-1921 жылдар аралығындағы тарихи уақиғаны өлеңіне арқау еткен. С. Торайғыровтың «Таныстыру» поэмасымен үндес. Мұқыштың арғы атасы, шыққан тегін Мәшһүр-Жүсіп Арғын-Қуандық-Сүйіндік руынан тараған Төлеубай-Едіге-Еламан-Тұрсынбай-Бәзіл-Боштай-Жұпар-Мұқыш – деп айқындайды. Боштай дуанбасы болған 37 жасында өмірден өткен. Әкесі Жұпар ерте қаза болған. Мұқыш Хұсайынның немересі. Павлодарға 13-14 жасында оқуға берген. Одан Семейде оқып, Петербургте заң білімін алған. Семейде алаш азаматтары Шәкәрім, Ақаев, Нармамбет, Торайғыров, Есмахан Бөкейханов, Жанахмет Сарсенов, Ғаббас Халел, Теміржан Субеков т.б. бәрі бірге жүрген Колчактың келтірген залалын да, құқайын да бірге көрген. Семейдегі кеңес өкіметінің келеңсіз істеріне іштей қарсы болған. Жалпы, кеңес дәуірі кезеңіндегі қазақ елінің ауыр халін де суреттеген. Сол уақыттағы Мұқыштың ерліктерін, еліне жасаған жақсылықтарын жан-жақты ашқан. Мәшһүр-Жүсіптің осы өлеңінің идеясына қарап, ақынның саясатқа жүйрік болғанын алаш азамттарымен байланыс жасап тұрғанының куәсі боламыз. Сөз соңында ақын:
Мұқыштың өлгеніне Алаш күйді,

Мақал бар: «Халық сүйгенді Құдай сүйді!».

Шуларсың, күңіренерсің, күнелтерсің:

Бір жазда Жанқозыға екі оқ тиді


– дейді [29, б.61-74, 350].

«Елетан» – Өскенбайдың шешесі. Тарихи-эпикалық әңгіме. Ауызша тарих арқылы жеткен дүниелерді қағаз бетіне түсірген Мәшһүр-Жүсіп. Шежіренің негізгі арқауы Өскенбайдың шешесі Елетан бәйбіше туралы. Шежіре Өскенбайдың шешесінің тарихымен құнды. Тобықты Құнанбайдың бір шешелері «Елетан (Елти) қатын» – атанған. Ақындылық, өлеңшілік – сонан үзілмейді деседі. Бұл Елетан (Елти) қатын – Өскенбайдың шешесі. Ақын Мәшһүрдің әкесі Көпей, оның әкесі Сермұхаммедтің әкесі – Ақжігіт абыз. Ақжігітті тапқан қатын Бөктік бәйбіше Қыпшақ: Қатықұлақ мергеннің қызы. Бұл бәйбішеде «Елти қатын» – атанған. Сексенбайдың шешесі, Елти қатын – Ырғызбайдың қатыны. Ырғызбай, Жігітек, Боқкөт үшеуі – Олжабайдың балалары! Сондықтан, оны «Үш Олжай» дейді. Бірі – Өскенбай, тұқымы-Құнанбайлар. Бұл Ырғызбайдан. Бірі – Жігітек тұқымы. Мұнан он бір жыл бұрын Құнанбаймен қағаздасқан Бөжей шыққан, Базаралы, Бағаналы, Қарымсақ, Шопандар шыққан. Бірі – Боқкөт тұқымы, мұнан: «Соқыр» Оразбай шыққан. Біз естіп едік: «Ырғызбайдың қатыны «Елти қатын» атанған. Ол қатын – Өскенбайдың шешесі екен», – деп. Бұл сөздің қайдан шыққандығы Қаракесек-Балта ақын Құнанбаймен құрдас екен. Сонда Елти қатын жөнінде сөз айтылып қалыпты. Балта ақын отын шауып жатқан Өскенбайдың басын шауып тастайын деп барған Құнанбайдың әркетін сынға алып, Құнанбайға:
Әуеде ұшып жүрген қара құрлар,

Бұрынғы хақиқаттан сөзін жырлар.

Баласы әкесіне балта жұмсап,

Жынды қатын тұқымы бәдік мұндар!


– депті. Ш. Уәлиханов: «Елті – өзінің сиқырлық өнерімен адамдарды еліту, ұйыту, бар сана-сезімін билеп алушы, өзіне бағындырушы. Елті сөзінің тегі қазіргі тіліміздегі еліту» – дейді. Балта ақынның айтқанымен азда болса байланыс бар сияқты. Мәшһүр-Жүсіп Тобықтының аты – таупықты (тауфиқты) екен – дегені өтірік. «Тафиқ» – араб тілі. Қазақ оны білмейтін күні балаларының атын «Боқбасар», «Итаяқ», «Құтаяқ» – қойып жүрген күндері деп, Шәкәрімге дау айтады [34, б.59-60, 31, б.241-242, 32, б.36, 160, 191, 294, 53, б.73-75, 47, б.158, 30, б.10-11, 44-45].

«Жолшара», қазы аты. Жолшара өзі қазы болған. Әкесі Анай. Шаншардың асы болып, бұл асқа соқыр Шөжені Тәттімбет ертіп әкеледі. Тәттімбет Шөжеге Алшынбай мен қазы Жолшараға өлең айт дейді. Ат-тон айып бергенше орнынан тұрғызба, тіліңді тартпа, өзіңді сабағанша айта бер өліп қалмассың депті. Өлең айтқанда алатыныңды мен-ақ қайтарайын депті. Сол уақытта Алшынбай сені сабап, әлі құрып ақыры болмаған соң Балта ақынмен екеуін айтыстырып тыналық дейді. Алшынбай Құсбек пен Жаманай дуанбасына таласқанда, Алшынбай Құсбекті сайлаймын деп, параға төрт ат алып, өтірік айтып сайламай кетіпті. Шөже соның бәрін өлеңге қосып, Алшынбайды тұқыртыпты. Шыдамай кеткен қазы Жолшара: «Соқырға берген қайыр тимейді, бұған беру жарамайды» – депті. Шөже:
Өзің қазы Жолшара, әкең Анай,

Қазылықпен параны жедің талай.

Өлең айтқан күнә деп кемітесің,

Ат пен түйе парадан алған қалай?


– деген екен. Жолшараның садақа бермеңдер дегеніне намыстанып Шөже өлеңін үдете түсіп былай деген екен:
Өзің қазы, Жолшара, әкең Анай,

Қазылықпен параны жедің талай.

Сегіз ұжмақ алдында, жеті тамұқ,

Қайсысына кірерің екі талай.

«Аят хадис» дейтұғын шар кітапта,

Мұндай сөзді айтады әр кітапта.


Мұны естіген сол астағы жақсы мен жайсаңдар «Балта ақынмен айтыстыралық егер жеңіп кетсе, Алшынбай мен Жолшараға ат-тон айып төлетелік» – деп келісіпті. Бұл айтыста Балта жеңіледі, Шөже жеңеді [37, б.258-266, 53, б.131-134, 36, б.44].

«Жангел» – қарақалпақ ақыны. Жангел Қарақалпақтан шыққан ақын, қарақасқа кедей, ел көшкенде мінер аты жоқ. Әкесі – Дуа өзі де жаяу-жалпы жүреді екен. Бір күні Жанкелдінің аулы көшіп келе жатса, Көкөзек деген жерде Ұлбикенің де аулы көшіп, түйеге жүк қомдап артып жатыр екен. Жангел жаяу көшінен бұрылып: «Ұлбикемен айтысып кетейін!» – деп, жүк артып жатқанда, өлеңді қоя берді дейді:
Сайқамыс, сай-сайқамыс сайда болар,

Көп жылқы көк алалы байда болар.

Жүк артқан ауыл көшіп, қыз бен қатын,

Кешуі Көкөзектің қайда болар?


– депті. Айтыста қыз жеңіп, Жангел жеңіліп қалыпты. Енді бірде Жангелді екі бұзаулы сиырын арбаға салып, жаяу айдап келе жатыр екен.

Ұлбике:
Қорқыт пен су аяғы теңіз қалды,

Байлардың арығы өлді, семіз қалды.

Биыл қыс талай жанды ұлытты ғой,

Жангелжан, неңіз өлді, неңіз қалды?
– деген екен.

Жангел:
Өлді де Байтөбетім, Басра қалды,

Байлар өкшіп құтылды, нашар қалды.

Бар еді төрт сиырым, түгел өлді,

Жалғыз-ақ қызылала қашар қалды
– деп жауап беріпті. Сөйтіп, Жангелді Ұлбике бастырмалатып жеңе береді екен [37, б.255-258, 53, б.122-123].

«Жұмабай» – ақын. Мәшһүр-Жүсіптің қазақ фольклорынан жинаған үлгі сөздері – қазақтың ежелгі өнері болған. Діни айтыс. Оның ішінде жұмбақ айтысқа ұқсайды. Жұмабай ақын Мұстафамен айтысады. Негізгі тақырыптары ислам мәдениеті туралы. Жұмабай қойсары ұрпағынан. Жұмабай Мұстафадан жасы үлкен аға есебінде келеді. Мұстафа:
Бес намаз күнінде бес оқылады,

Ораза жылды бір ай тұтылады.

Құранда неше аят бар, неше тыныс,

Неше аят мансұм сәжде оқылады?


– дегенде, Жұмабай қолма-қол жауап береді:
Алты жүз мың және де

Алпыс алты мың Құранда аят.

Жүз төрт сүре, он төрт сәжделі аят.

Білетін тыныс жарып мағыналарын

Ғалымдар білер оны бүн заһаят.
Айтыста Жұмабай үнемі тапқырлық танытады. Себебі, сұрақты үнемі Мұстафа қояды. Жұмабайдың да жауабы өте дұрыс. Соңында Мұстафа: Жұмеке, сол Құранның әріпі нешеу? – дегенде Жұмабай: Ақша емес шотқа қағып есептейтін, Есептеп Құран әрпін не қыламыз? – дейді. Мұстафа сөзі түсініксіз болып қалды. Мысалы ол: Тақ-жұпсыз, есеп-сансыз нәрсе бар ма, Есеп білмес, Жұмеке, болдың есек – деп өзі жауабын айтады. Негізінде егер Құранда неше әріп барын Мұстафа өзі айтып берген болса, Мұстафаның жеңгені айқын еді. Ал, былай екеуі де шешендік, тапқырлық жағынан тең түскен сияқты [37, б.215-216].

«Боштай» – Ақжігіт. Атақты алаш азаматына Мәшһүр-Жүсіп «Мұқыш Жұпарұлы» – деген өлеңін арнағаны тегіннен тегін емес болар. Мұқыш осы – Боштайдың ұрпақтары. Мұқыштың арғы атасы, шыққан тегін Мәшһүр-Жүсіп Арғын-Қуандық-Сүйіндік руынан тараған Төлеубай-Едіге-Еламан-Тұрсынбай-Бәзіл-Боштай-Жұпар-Мұқыш – деп айқындайды. Боштай дуанбасы болған, 37 жасында өмірден өткен. Әкесі Жұпар ерте қаза болған. Мұқыш Хұсайынның немересі. Павлодарға 13-14 жасында оқуға берген. Өлең шумағында Боштай туралы былай:
Бабасы Төлебай бақ қараған,

Туыпты Едіге, Елеман бір анадан.

Тұрсынбай: онан –Бәзіл, Боштай туып,

Уақытында асып өткен хан қарадан


– дейді. Аға сұлтан дуан күнінде Боштай туралы әңгіме ел ішінде көп тараған. Соның бірі – «Ізден абыз бен Боштай әңгімелері». Боштай сөзге шешен, аузы дуалы адам болған көрінеді. Мысалы, «Боштай өлді!» – дегенде, «Дау өлді десейші» – деген жұрт. Сірә, Боштай тірісінде жұртқа ауызын ашытқан бұрыштай тисе керек. Бұрынғы заманда Боштай туралы айтылған бір сөз қалыпты:
Қырда Боштай он үй болмайды,

Шорман он үй болмайды,

Ойда Қазанғап он үй болмайды
– деген. Бір Қалдыбай деген бірде қатты төбелесте Боштайды отта жатқан шаламен басқа періп жіберіпті, қан бұрқ ете түсіпті. Өзінің істеген қылығына Қалдыбай қатты өкініпті. Көп ұзамай қыршын жас кезінде өмірден өткен екен. Сонда: «Боштайға қолы тигендер бір де – бірі оңбады», – деп аңыз қылысады екен деген сөз қалыпты. Боштай Тұрсынбайұлы туралы: «Орта жүз қазақтары үшін қабылданған 1822 жарғыда үй салып, егін еккен қазақтарға несие берілетіні мен салық салынбайтынын естісімен Боштай бірнеше ру басшыларының Жаманаула, Егіндібұлақ, Атанбұлақ деген жерлерінде дихандықпен шұғылданатынын айтып, Баянауылда мешіт пен медресе салуды да сұрап, хат жазып, облыс бастығының Төртұлы билерінің жайлауына жақын Петропавл қамалына келген сәтті пайдаланып, тапсырған екен» – деп жазды Қалмұқан Исабаев [9, б.212-214, 250, 29, б.61-74, 31, б.267-274, 63].

«Боштай» – балалары. Боштай дуанбасы болып тұрған уақытта еліне сыйлы азамат болған екен. Бар жоғы 37 жеті жасында мүшелінде өмірден кетіпті. Одан кейін Хұсайын деген баласы 17 жасында болыстыққа түскен. Мәшһүр-Жүсіп оны өлеңінде:
Баласы Хұсайынға кезек келген,

Болыс боп он жетіде кеңеске енген.

Аяғы өмірінде бір таймаған,

Тигізген атқан оғын – болған мерген!


– дейді. Хұсайын өмір бойы болыс болып ел басқарған. 70 жастан асып қаза тапқан. Мұқыштың әкесі Жұпар да ерте уақытта өлген екен. Содан Хұсайынның тәрбиесін көп көрген. Мысалы,
Асылдың жұрнағындай кенересі,

Көп болған аталас пен енелесі.

Әкесі Жұпар ерте жастай өлген:

Бұл Мұқыш – Хұсайынның немересі!


– дейді Мәшһүр-Жүсіп. Және де «Хұсайын Боштайұлы» – деген өлеңін де арнаған. Мына бір ауыз шумақта Хұсайының қандай адам болғанын көре аламыз:
Хұсекең онан туған бала емес пе,

Данышпан, дария көлдей дана емес пе?!

«Жалғыз-ақ қожа тумас бұлардан!» – деп,

Айтқаны Мұса мырза бар емес пе?!


Ал, Мұқыш Жұпарұлы Боштаев Алаштың маңдай алды азаматы болды. Ол жөнінде Мәшһүр-Жүсіп былай:
Еді ғой есіл Мұқыш ердің ері!

Қазақтың қасқа жайсаң кемеңгері?

Бір жүрген жанына ерген жолдастарға

Бар еді көкейкесті талай жері!


– деп асыл ерді жоқтайды [9, б.212-214, 250, 29, б.61-74, 350, 37, б. 190, 31, б.267-274].

«Жаңабатыр» – би. Күлік Шобалайдан – Жаңабатыр би шыққан екен. Жаңабатыр бәйбішесінің тұңғышы Таңсыққожа мен бір Шөкек деген баласын қосып, Найман төресі Досан төреге ел бітіміне жіберген екен. Сонда Досан төре: – Би баласы сөйле дегенде Таңсыққожа: «Өсетін елге с..іс кіреді, өспейтін елге сыбыс кіреді» – депті. Досан Жаңабатыр ұрпағы Татан-Шөкектің Шөкегіне сен сөйле десе ол: «Медеттің шешесі, Хангелдінің қатынының өлгенін жасырамыз, көмгенін қайтеміз?» – деген екен. Сонда Күнту баласы Жанайдар келелі жауап қайтарыпты. Бірде Жаңабатыр бидің бес көкала бас атаны жоғалыпты. Содан Айдаболдан шыққан Олжабай батыр Жаңабатырға келіп, мен жоқшы болайын деп келісімін алыпты. Қаракесек: Қарсұн-Кернейден Жылқысын қуып әкетіпті. Сөйтсе олардың ортасында атақты бай Жарылқап, би Жарылқап, батыр Жарылқап бар екен. Екеуі де Едіге бидің бітіміне тоқтапты. Ақбура Есен тентек, әкесінің аты – Жетібай, шешесі ақ маңдай Жаңабатыр бидің қойынына кіріп барыпты. Жаңабатыр сонда: «Ат туатұғын бие айғыры келіспеген соң немене?» – деп, бердім саған бір тентекті атын Есен қой деген екен. Сол сотқар Есен осы Жаңабатырдың өзін сабаған екен [37, б.137, 155, 200].

«Жанайдар» – Биғаш батырдың немересі. Күлік баласы – Тілеуімбет, мұнан туған Күнту, мұнан туған Жанайдар. Бұл Жанайдар Абылай заманында жас бала, бар жоғы 14 жаста жұрт аузына ілігіп «Жақсы Жанайдар» атанған. Со заманда Инжарәй Шәріп ханы арқадағы Абылай ханға елші жіберіп: – Май қатығын тауып бергін – деп қолқа салыпты. Сонда, Абылай ел ішінде жөні түзу сөз сөйлейтін кісі тауып бер деп Жәнке батырға сөз салған екен. Жәнке батыр он төрт жастағы Жанайдарды жіберіпті. Өзінің тапқырлығы мен ақылдылығы, даналығы арқасында жалпақ елге танылыпты. «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер» – деген сөз содан қалыпты дейді. Жақсы Жанайдардың баласының аты Өтеміс екен. Бір де Қуандықтан шыққан Байдалы би Жанайдардан мін таба алмаған соң кемітіп: Осы неменің әкесінің аты – Күнту ма еді, Қиту ма еді – депті. Сонда Жанайдар:
Ерім бар-ды ыңыршақ,

Атым бар-ды тобышақ.

Әкем аты Күнту болсын,

Қиту болсын,

Оның маған не керегі бар?

Ақылым бар бір құшақ


– деген екен [37, б.155, 31, б.107-109, 30, б.63-65].

«Боштай» – хан, ақылды би. Әңгіме. Негізгі тақырыбы Боштайдың билігі туралы. Әңгіме ауызша жеткен тарихи оқиғаға құрылған. Бүгінгі күні маңызы аса зор. Әңгіменің қысқаша мәні мен мазмұны мынадай: Шоң би мен Боштай араз болғанда, Шоң би Жанаққа: «– Маған қастық қылды Боштайды ат!» – депті. –Боштайдың оққағары бар екен, бір баласын аттым – депті. Баласы мұрттай ұшыпты. Шоң өлген соң, Боштайдың әкесі Тұрсынбай батыр: Итемгенді дуанбасы сайлаймын десе, Боштай Шорманды сайлаймын деп отырып алыпты. Әкелі-балалы ұзақ тартысып, ақыры Боштайдың сөзі өтіп, Шорман би дуанбасы сайланыпты. Тұрсынбай ыза болып Жанаққа тисіпті, сен Құлболдыға қас қылғанды атам деуші едің. Сөзің рас болса, өзің атқыш болсаң, Құлболдыға қас қылып Шорманды дуанбасы сайлатқан Шорман мен Боштайды атшы депті. Сонда, Жанақ, Боштайдың өзінің де өмірі қысқа, оның обалы менен болмасын. Шорманды аттым, – депті. Шорман 49 жасында өліпті. Боштайдың үзеңгісіне у жағып, Баянауылдың қазақ-орысы қас қылыпты дейді. Боштай бар жоғы 37 жасында мүшелінде қыршын кетіпті. Мәшһүр-Жүсіп Боштайдың батырлығы, билігі туралы айта келіп:
Бабасы Төлебайға бақ қараған,

Туыпты Едіге, Елеман бір анадан.

Тұрсынбай: онан – Бәзіл, Боштай туып,

Уақытында асып өткен хан, қарадан


– дейді [9, б.212-214, 250, 29, б.61-74, 350, 37, б.190, 31, б.267-274].

«Жолдыбай» – құл. Жолдыбай туралы дерек өте аз. Тек қана «Есеннің тентектік салыстырғаны» деген Мәшһүр-Жүсіптің жазып алған әңгімесінен ұшыратамыз. Қаракесек Қожан тентек, Ақбура: Есен тентекпен тентектігін салыстырмақшы болыпты. Қожан тентек Есен тентекке: «– Қонаққа бала соймаған соң, тентектік қылып нең бар?» – депті. Сонда Есен тентек ұшып тұрып 12 жасар баласын тізесімен басып, отыра қалып қынынан пышағын суырып алып, расында да бауыздап тастай жаздапты. Мұны көріп шыдамаған Қожан тентек Есен тентектің қолынан шап беріп ұстай алыпты. «– Мен сені Жын тентек деп жүрсем, шын тентек екенсің! Сен сойдың деп есепте, мен жедім деп санайын», – депті. Қожан тентек енді мұның құны менің мойнымда деп, Есен тентекті үйіне ертіп келіп, 110 бие беріпті. Есен тентек Қожанға сен менің сойылмай қалған балама құн бердің. Жүр менің үйіме деп, Қожан тентекті үйіне алып келіп, Жолдыбай құлды «жетім» қылып жетектетіп жіберіпті. Жолдыбай құлдың қысқаша баяны осындай [37, б.205].

«Елтай» – ақын. Қаржас ішінде Елтай деген ақын болыпты. Аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермейді екен. Екі жақты да, бір тілді де жеңіліп көрген жан емес. Бірде Елтай ақын Қанжығалы: Қоскелді Досан ақынмен айтысып қалыпты. Досан ақын бірден тиісе сөйлеп:
Ұры Қаржас деген соң, ұры Қаржас,

Жан торсығың, жаның да сірі, Қаржас.

Жаз жіберген көбеңді күз қоймайсың,

Тұқымың мұнан жаман құры, Қаржас!


– деп, Қаржас руының ұрлығын бетіне басқан екен дейді. Сонда, Елтай ақын да қарап тұрмай, менің байлаулы бұзауыммен тең емес пе едіңдер, кешегі жеті еріңді құнсыз қылған мен емеспін бе, ұмыттыңдар деп былай өлеңге қосады:
Керей мен Қанжығалы сен емес пе ең?

Байлаулы бұзауыммен тең емес пе ең?

Кешегі жеті еріңді құнсыз қылған,

Балам-ау, әкең Қаржас мен емес пе ем?!


Мінекей, Елтай ақынның қолма-қол сурып салып, сөз тапқаны осылай ел есінде қалған көрінеді [37, б.183].

«Еламан» – өлең кейіпкері. Мәшһүр-Жүсіптің «Мұқаш Жұпарұлы» өлеңінің бас кейіпкерлерінің бірі. Тарихта болған адам. Боштаев Жұпарұлы Мұқаштың аталары. Айдабол-Төлубай-Едіге және Еламан екеуі туады. Еламан жасынан алғыр, батыр болып өседі. Ешкімге есесін жібермейді екен. Мәшһүр-Жүсіп Еламанның ел қамын ойлаған, би, батыр болғаны туралы айта келіп:
Бабасы Төлебайға бақ қараған,

Туыпты Едіге, Еламан бір анадан.

Тұрсынбай, онан: Бәзіл, Боштай туып,

Уақытында асып өткен хан, қарадан


– деп суреттейді. Еламан көбіне Боштай туралы мәліметтерге қатысты айтылады. Ал, былай жеке деректер өте аз кездеседі [9, б.212-214, 29, б.61-74, 350, 37, б.190, 31, б.267-274].

«Зәнбіл» – араб сөзі: «корзина, себет» мағынасын береді. Мәшһүр-Жүсіптің «Сүлеймен мен Ібіліс» дастанында ұшырасады:
Базарға тоқып зәнбіл сатады екен,

Ас қылып сонан қорек татады екен.

Өзінен онан басқа жемей тағам,

Сабыр қып аш та болса, жатады екен.


Зәмбіл п. ذنبل [зембәр: корзина; сумка из древесных волокон с двумя ручками; носилки]. – приспособление для переноски тяжестей, обычно состоящее из двух параллельных палок, скрепленных плетеным или деревянным настилом; носилки. Кен қазушылардың жұмысын жеңілдету мақсатымен зембіл орнына тәшенкені қолданады (Ә. Нұрш.). Зәмбіл – нәселке (носилки) Кур. ЖО. (С.А, 382 ) [29, б.4, 20, б.121, 64, б.382].

«Жаңа низам» – құжат аты. Мәшһүр-Жүсіп: «Қылғаны хакімдердің бізге зорлық, Низамы тура келмес ісі сиып» немесе «Мың сегіз кеше алпыс тоғыздан соң, Халайық көрмеп пе едің неше түрді» – деп «Сарыарқаның кімдікі екендігін» (1907) жазды. Қазақстан 1867-1868 жылдары реформаға даярланды. «Уақытша ереже» «Дала низамы» немесе «Жаңа низам» – деп аталды. Незам араб тілінде نظام [порядок, упрядочение; устройство, регламент, система] – указ, закон, порядок, правило. «Дала низамына Екінші Александр патша 1869 жылы 21 октябрьде қол қойып бекітті. Комиссияның қырға шығуы, олардың «Уақытша ережені» күшпен енгізбек болуы баскөтерістің басталуына себепкер болды. Көтерілісті сұлтан Ханғали Арыстанов, молда Дәуіт Асауов, би Азберген Мұңайтпасов, молда Ықылас Досов және т.б. басқарды. «1868 жылғы «Дала Низамына» қарсы көтерілген халықты патша өкіметі күшпен көндірмекші болғаннан кейін, ел «Тескен тау» өтіп кетеміз деп, ата қонысты тастай үдере көшеді» – деп жазды Х. Есенжанов. Реформа діни мұсылмандар құқығын тежеді. Бұл туралы Мәшһүр-Жүсіп «Жаңа низам» шығарғанда өзінің ұсынысын жазды. Бірінші – партия қылу. Екінші – ұрылықты тыю. Үшінші – байлардың өзіне тоқтау жасау. Төртінші – ишан, қажы, қожа, молдалардың адасулығын жібермеу керек. Мәшһүр-Жүсіптің сол уақыттағы ел ішінде, сыртта болып жатқан істен хабардар болып отырғанына саяси қырағылығына тағы да таң қаласың. Мысалы, төртінші мәселені қозғап отырғаны «Уақытша реформа» кезінде мұсылман дінбасылары орысқа қарсы үгітті күшейтті. Молдалар мен ишандар қазақ жерін вакумға беру керек деп шешті. Ел басқаруды бір ғана эмирге (Бұхар үлгісі бойынша) беру керек деп үгіттеді т.б. Бұл істерін Мәшһүр-Жүсіп сынады. Бесінші – «усул жадид» оқуын енгізу. Алтыншы – көшіп-қонуға рұқсат ету. Жетінші – далада от жағуды тоқтату (өрт болмасын дегендік – А.Қ.). Сегізінші – өлікті бұрынғыдағыдай кебінге орап шығару, жаназасын оқу. Тоғызыншы – қазақ өзінің Абылай заманындағы жақсы дәстүрін сақтау. Мінекей, Мәшһүр-Жүсіп «Жаңа низамға» осындай ұсыныспен шыққан [20, б.218, 34, б.275, 11, б.189, 54, б.407-424, 43, б.30-31].

«Байжан», қазірет. Мәшһүр-Жүсіп Байжан хазірет туралы 1928 жылы, 70 жасында жазып алған. Оны өзі: «Осы сөзді жазып отырған Мәшһүр-Жүсіп – дәл сол жылы туған бала осы күнде жетпіс жаста [1928] отыр» – дейді. Меккеге қажылыққа ең әуелі барған уақ Нүркен бай барған екен. Тоқалымен ол бес жыл Меккеде жүрген. Нүркеннен кейін екінші Меккеге барушылар Күлік Самай сопы мен Баянаула дуан болып ашылғанда ноғай Байжан хазірет екеуі барған екен. Екеуі де сол жақта өлген. Қажылыққа қой жылы, 1858 жылы барған. «Мәшһүр» атты қалай алғандығы туралы өлеңінде:

Байжан қазірет көшесі – қуған көше,

Қамшымен шықпыртқандай әлденеше.

Енесінен түңілген жас қозыдай,

Кім ойлапты бар ғой деп әке-шеше


– деп, Байжан қазіреттің бір қырын суреттеп, өлеңге қосады. Мәшһүр-Жүсіп бұлардан бұрын қажыға барған Құнанбай 1874-інші жылы барды, өзінің өлгені 1885 жылы, 81 жасында тауық жылы дейді. «Байжан хазірет Бұхарай Шәріптен білім алған дамолда деген атағы бар үлкен оқымысты болған. Енді бірде Иван Семенович деген бөкебай келіп, Баянаулада қала салдырып, дуан алғаш ашылғанда дуанбасы, қапыз, болыс сайлаған. Шоң би дуанбасы, Тайжан қазы болған» – дейді ақын өзінің бір жазғанында [34, б.60, 68, 73, 43, б.115, 30, б.9, 10, 49].

«Бәзіл», балалары. Керейдің шежіресіне жатады. Жанарыс-Қасымқожа-Керей-Ашамайлы Керей-Тарышы-Құрсары. Осы Құрсарыдан: Есбол, Есенәлі; Есенәліден: Құдайқұл, Қодас, Жібек. Құдайқұлдан – Құдайберді; Жібектен: Жаңбыршы, Жәнібек. Мұнан: Жанғабыл, Досай. «Соқыр Жанғабалыдан» алтау туады. Бірі – Сүйінбай, Сүйінбайдан – Ақыл бес ағайынды болған. Тау – Көтібақ баласы: Қызылтауда тұрғандықтан, атын «Тау» қойған. Ақыл-Күлік: Ақыл Сексен ішінде туғандықтан, атын: «Ақыл» қойған. Өз заманында: Ақыл – «Тау» атанған. Ақылдан тоғыз: бәйбішеден төртеу, тұңғышы – Асаубай. Асаубайдың кенжесі «Бәзіл қажы» атанған, қыстауы – Сілетіде: Ешкіөлместе. Бәзіл қажыдан: Ғұбайдолла (Ғұбайдолда), Бопкен. Бопкеннің екі баласы болған олар: Жиыпала (Жепла) бірде - Жиіпалла, Нұрхамит. Бұл екеуінің «қара орманы» болған Ғұбайдолланы – Омбыға, Бопкенді – Семейге жер аударған. Бұл – Бопкен Семейге барам деп атын ұрлатып алып, Ескелдіде отырған Мәшһүр-Жүсіппен кездескен, үйінде қонақ болған. Бәзілдің ұлы Бопкенге ақын бір шабдар атты мінгізіп қоя берген. Бір шежіреде Бәзіл (Фазыл, Базыл) болып жүр [32, б.45, 67, 110, 192, 300, 30, б.55-56].


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   19




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет